Азилхан Нуршайыков. Акикат пен аныз



бет29/29
Дата24.10.2022
өлшемі396,82 Kb.
#154730
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29
Байланысты:
Ақиқат пен аңыз. Әзілхан Нұршайықов

1970 ж. сентябрь. 1974 ж. декабрь. 1977 ж. сентябрь. Алматы.
Эпилог
(Оқырманға хат)
І
Құрметті оқушым!
Тағы да сәлем жолдаймын саған. Сәлемім осы кітабым ғой қолыңдағы. Бұл кітап 1976 жылы бірінші рет басылып шыққаны өзіңе мәлім. Кітап шыққаннан кейін оған республикамыздың барлық газет-журналдары пікір білдірді. Оқырмандар телефон соғып, авторға, баспаға және баспа, полиграфия, кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетке үсті-үстіне хаттар жолдады. Республикамыздың көптеген жоғары оқу орындарында, орта мектептерде, кітапханаларда бұл кітапқа арналған бірнеше оқырмандар конференциялары болып өтті. Оның хабарлары «Социалисты Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» және басқа газеттерде жарияланды.
Осындай тілектерді ескере отырып баспа бұл кітапты қайта шығаруды жоспарлады. Оқырмандардың өтінішіне сәйкес кітаптың кей жерлерін кеңейту үшін тағы да көлем берді. Осыған орай мен бұл кітапқа Совет Одағының маршалы И. X. Баграмян, генерал И. В. Панфилов, генерал А. И. Лизюков, Совет Одағының Батыры атағын екі рет алған атақты ұшқыш Т. Бигелдинов, Ұлы Отан соғысының даңқты партизаны Қ. Қайсенов, подполковник Ә. Баймолдин туралы жаңа тараулар қостым. Алғашқы үшеуі Момышұлының әскери ұстаздары, соңғылары Баукеңнің Ұлы Отан соғысында ерекше ерлік көрсеткен тетелес бауырлары. Бұл жаңа тараулар арқылы кітаптың мәнін айқындай түсуге тырыстым. Оқырмандардың тілегі бойынша кейбір артық деген жерлерді алып тастадым.
ІІ
Қадірлі оқушым!
Енді, кітап алғаш басылып шыққаннан кейінгі бірер жыл ішінде оның орталық қаһарманы Бауыржанның басында қандай жаңалықтар болды дейсің ғой сен. Соны айтайын саған.
Сенен жасыратын не сырым бар менің: бұрын Бауыржанды сырттай сыйлағаным болмаса, ол туралы ешқандай іштей күйзелісім болмаушы еді. Бұл кітап басылып шыққаннан кейін бір бүйрегіме Баукең кіріп алды. Ол ауырып-сырқап қалмаса екен, деп ойлайтын болдым. «Ақиқат пен аңыз» романы басылып жұртқа тараған кезде Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Баукеңе тілектестігім одан сайын күшейе түсті.
ІІІ
Қымбатты оқушым!
Сол жетпіс алтыншы жылы жиырма бесінші ноябрьде Жазушылар одағының конференц-залында Қызылтулы Орта Азия әскери округы мен Қызылтулы Шығыс шекара округы өкілдерінің қатысуымен Қазақстан әскери жазушыларының кеңесі өтті. Залда екі округтың тақырбас жас солдаттары шүпірлеп отырды. Сақа жазушылар мен генералдар президиумге жайғасты.
Залда отырған мен жан-жағыма көп қарадым. Баукеңді іздедім, оқушым. Бірақ залда да, президиумде де Баукең болмады. Бұл жиналыста қазақ әскери әдебиетінің атасы Бауыржан Момышұлы болуы керек еді ғой. Ол кісі неге келмеген, әлде ауырып қалды ма екен деп мазасыздандым. Баукең кіріп келе жатқан жоқ па екен деп, қайта-қайта есікке қарап, алабұртып, алаңдап отырдым. Дмитрий Снегиннің кіріспе сөзін де зейін қойып тыңдай алмадым. Бір кезде президиумдегілер қозғалысып, араларынан әлдекімге орын аша бастағандай болды. Басымды оңға бұрсам, президиум сахнасына үстіне полковник формасын киген, қолында әдемі кавказ таяғы бар, қарағайдай тіп-тік болып Бауыржан көтеріліп келе жатыр екен. Оған генералдар орталарынан орын берді. Зал толы жас солдаттар бұл полковник кім еді дегендей, көздері бақырая қарасып қалды. Сол кезде менің жүрегім дүрсілдей соғып, екі көзім жасаурап кетті. Оны сен түсінуге тисін, қымбатты оқушым.
Содан кейін Қызылтулы Орта Азия әскери округы саяси бөлімнің бастығы генерал-лейтенант Попков жолдас «Әскери көркем әдебиет және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу» деген тақырыпта қызықты баяндама жасады. Баяндамасының бір жерінде ол Ұлы Отан соғысында өзі рота командирі боп жүрген кезде әдебиеттен аға лейтенант Момышұлының атын естігенін, Момышұлы бүгінде өзі жазушы болып, қазақ әскери әдебиетінің атасына айналғанын ілтипатпен атап өтті. Кеңестің президиумы бастап, жұрт дуылдата қол соқты. Қол соқпаған Баукеңнің өзі ғана болды.
Бұдан кейін мінбеге Ұлы Отан соғысынын ардагері ақын Сырбай Мәуленов көтерілді. Ол соғыста өз басынан өткен оқиғаларды айта келіп, соғыс кезінде Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының қаһарманы болған Бауыржан Момышұлы содан отыз жыл өткеннен кейін қазақ романы «Ақиқат пен аңыздың» және қаһарманы болды деп президиумды иегімен нұсқады. Біз мұны мақтаныш етеміз деді. Тағы да қол соғылды.
Залдағы жас солдаттар «Ол кім?», «Ол қайсысы?» деп бір-бірінен сұрап, күбірлесіп қалды. Соны аңғарған Баукең президиумда отырып оң қолын көтерді. Жиналысқа сәл кешігіп кіріп, генералдардың ортасын қақ жарып келіп отырған қолында таяғы бар қарт полковник өздерінің сүйіп оқитын кітабы Александр Бектің «Волоколамск тас жолының» қаһарманы екенін білгенде залдағы жас командирлер мен жас солдаттар ешқандай командасыз орындарынан атып тұрып, шатырлата келіп қол соқты. Президиумдағылар да тегіс орындарынан көтерілді. Бұл сол кеңеске қатысқандардың өмірі есінен қалмайтын ғажайып сәт болды, құрметті оқушым. Оны саған арнаған бұл қысқаша хатымда толық етіп жеткізіп айтуым мүмкін емес. Осы кеңесте атақты Момышұлының өзі мінбеге көтеріліп, советтік патриотизм, халықтар достығы, жастардың әскери қаруды бес саусағындай білуі жайында жалынды сөз сөйледі. Мінбедегі қарт солдат пен залдағы жас солдаттардың жаны жарастық тапқандай, қайта-қайта қол шапалақталды. Маған Бауыржанның аузынан шыққан әр сөз жастардың жүрегінен жарқ-жарқ еткен ұшқын туғызып, зал іші сансыз жарық-жарқылға толып кеткен сияқты боп көрінді. Ол сөзін бітіргенде зал тағы да командасыз орнынан атып тұрып, ұзақ қол шапалақтады. Қаһарман Совет Армиясының бүгінгі жас ұрпағының сүйсіне соққан алақандары ұшып келе жатқан көп қарлығашты көз алдыма елестетті. Ол маған алысқа самғап бара жатқан Бауыржан деген алып қыранның лыпып тұрған сансыз қанаты сияқты боп көрінді. Бұл Баукеңнің болашақпен ұштасуының замандастары өз көзімен көрген тағы бір тамаша көрінісі, жанды бейнесі болды-ау деп ойладым.
Сол мәжілісте біздің екі генералымыз: ДОСААФ Орталық Комитетінің председателі Байтасов пен республиканың Ішкі істер министрі Есболатов жолдастар «Ақиқат пен аңыз» кітабының жас ұрпаққа берер тәрбиелік маңызын айта келіп, бұл кітаптың тағы да қайтадан шығарылуы қажет екенін ескертті.
Бұл жиналыстан мен төбем көкке жеткендей боп қуанып қайттым, аяулы оқушым, Баукеңнің атағына, алғырлығына, шешендігіне қуандым. Баукең сияқты сирек туатын тұлғаның өз кітабымның қаһарманы болғанына масаттандым. Генералдардың аузынан менің де атым аталып жатса, ол тек қана Баукеңнің арқасы деп білдім.
IV
Ардақты оқушым!
Өстіп жүргенде жетпіс алтыншы жыл толып, декабрьдің отыз бірінші таңы атты. Радио мен сол күнгі газеттерде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Советінің «Әдебиет, өнер және архитектура саласындағы 1976 жылғы Қазақ ССР-інің Мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы» қаулысы жарияланды. Қаулыда әдебиет саласындағы Абай атындағы сыйлық «Ұшқан ұя» кітабы үшін жазушы Бауыржан Момышұлына берілгендігі көрсетілді. Әрине, мұны өзің де білесің, оқушым.
Радиодан бұл хабарды естігеннен кейін мен дереу Баукеңнің үйіне телефон соқтым. Бірақ көп уақытқа дейін телефон босамады. Жұрт бірінен соң бірі Баукеңді құттықтап жатты. Бір кезде менің де қолым жетті. Трубканы Бауыржанның өзі алды.
Автор. Бауке, шын жүректен қуана құттықтаймын!
Бауыржан. Ә, авторсың ба? Рақмет, қарағым.
Автор. Қалай ризасыз ба?
Бауыржан. Бұл менің мемлекетімнің сыйлығы ғой және Абай атындағы сыйлық. Дән ризамын, қарағым.
Осыдан бірнеше күннен кейін менің қолыма «Простор» журналының тілдей конверті келіп тиді. Ішін ашып қарасам, Баукеңнің 1977 жылдың январы күні кешке, «Қаламгер» кафесіне Абай атындағы сыйлық алуға байланысты шайға шақырған қағазы жатыр екен.
Бұл кешке жетпіс шақты адам жиналды. Олардың бәрі де Баукеңнің жақын достары, туыстары, жазушылар мен өнер қайраткерлері еді. Кешті Жазушылар одағының секретары, ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Кештің барлық мазмұны ақын Тұманбай Молдағалиевтың Баукеңнің Абай атындағы сыйлық алуына арнап шығарып, сонда оқыған мына өлеңімен түйінделді:
...Арманға тұрсың қол артып,
Сені елдің қартсың дейтіні-ай!
Көзіңді бізге алартып,
Қорқытпақ болған кейпін-ай!
Бәрі де саған жарасты,
Жап-жарық жаның үшін-ақ,
Азаматы болдың алаштың
Еңбегің адал, ісің ақ.
Шаттанып тұрмын, жанарым
Толып бір нұрлы сезімге.
Соғыста өлген ағаның
Айтарсың соңғы сөзін де.
Махаббатыңды мен бердім,
Жақсы ағам менің осы деп.
Оралмай кеткен ерлердің,
Ең жақсы Отандасы деп.
Бақыт боп алыс, жақынға,
Атандық халық батыры.
Бәйгеден сенің атын да
Келді-ау бір, келді-ау, ақыры.
Мадақтаушы еді сыртыңнан,
Масайрап қалды бұл шақта ел.
Құшақтап тұрып мұртыңнан,
Сүйейін, аға, мұрсат бер!
V
Сүйікті оқушым!
Осы кеше ғана Бауыржанды тағы да көрдім. Қолтығына қалың папка қысып, Коммунистік проспектімен аяңдап, жоғары, Алатауға қарай өрлеп келеді екен. Оң қолындағы кавказ таяғын сүйену үшін емес, сән үшін сілтейтін тәрізді. Әскери қалыптан шыққан құрыш денесін тік ұстап, маңғаз адымдайды. Алыстан қарағанда адамдардың шынары сияқтанып көрінеді. Жанына жақындап, сәлем бердім. Әңгімелесіп, Жазушылар одағына дейін бірге келдік.
Автор. Халіңіз қалай, Бауке?
Бауыржан. Жақсы, қарағым.
Автор. Көңіл күйіңіз?
Бауыржан тротуарда тоқтай қалып, оң қолындағы таяғымен сол жақ қолтығындағы қалың папканы нұсқады.
Бауыржан. Мінеки көңіл күйі! «Солдаттың соңғы күнінің» соңғы нұсқасын аяқтап, одаққа әкеле жатырмын. Роман бітірген жазушының көңіл күйі қандай болатынын білесін ғой, қарағым!
Автор. Құттықтаймын, Бауке!
Бауыржан. Рақмет.
Автор. Енді қандай ойларыңыз бар?
Бауыржан. Мен тек солдаттардың ортасында ғана емес, ағалардың да арасында өмір сүрдім. Ойлап қарасам, оларға да шаш-етектен қарыздар екенмін, Енді соларға арнап, ардагер елу азамат туралы естелік-эсселер жазып жүрмін. Олардың ішінде өзім алғаш көрген сонау Нығмет Сырғабеков, Ораз Жандосов, Қайсар Тәштитов, одан кейінгі Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, тағы басқалары бар. Ілияс Омаров, Мәлік Ғабдуллин, Дмитрий Снегин, Күләш Байсейітова сияқты іні, қарындастарымды да ұмытпақ емеспін. Қазір соның отыз шақтысын жазып қойдым. Осы менің әзірге бітіріп жатқаным. Өзің ше?
Автор. Мен міне «Ақиқат пен аңыздың» екінші басылымын әзірлеп, баспаға әкеле жатырмын.
Бауыржан. Құтты болсын. Маған қоятын сұрақтарың жоқ па?
Автор. Жоқ, Бауке.
Бауыржан. Ендеше cay бол, шырағым. Мені жігіттер күтіп отыр.
Баукең екеуміз Жазушылар одағының кең сарайына кірдік.
Ол жоғарғы қабатқа көтеріліп кетті де, мен төменде қалып қойдым, баспаға қарай бұрылдым.
«Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» деп Абай айтқандай, енді хатымды аяқтағаным абзал. Сөзімнің соңында бұл кітапты басып шығарған, пікір білдірген, жан тебірентерлік сәлемдер жолдаған баспа, баспасөз қызметкерлеріне, барлық оқырмандарға шын жүректен алғыс айтамын. Соның ішінде сен де барсың, сүйікті оқушым!
Автор.
14 сентябрь 1977 ж. Алматы,

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет