ТОҒЫЗЫНШЫ ДИАЛОГ І Автор. Ал, Бауке, Серебряков ақсақалдың Сіз туралы жазған тағы бір жауынгерлік мінездемесін таптым. Соны оқып шықсам қайтеді?
Бауыржан. Оқығын.
Автор. Бұл полковник Серебряковтың өткен жолы өзіңізге көрсеткен жоғарыға жолдаған хатынан екі жыл бұрын жазылған екен. Мұнда былай делініпті:
«Совет Одағының Батыры И.В. Панфилов атындағы Ленин және Қызыл Ту ордені 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 1073 гвардиялық атқыштар полкының командирі — майор Момышұлы Бауыржанға»
ЖАУЫНГЕРЛІК МІНЕЗДЕМЕ 1910 ж. туған, 1942 жылдан ВКП (б) мүшесі, ұлты қазақ, әлеуметтік жағдайы қызметші, жалпы білімі орта, әскери білімі – бір жылдық, Қызыл Армияда 1932 жылдан 1934 жылға дейін, одан соң 1936 жылдан күні бүгінге дейін қызмет етіп келеді, 1941 жылдың сентябрінен бері майдандағы армия қатарында. Момышұлы жолдас 8-ші гвардиялық дивизияда ол алғаш құрылған күннен бастап қызмет істейді. Осы дивизияның құрамында ол жауынгерлік даңқты жолдан өтті. Советтік Отан үшін ұрыстарда Момышұлы жолдас өзін Лениннің ұлы ісіне берілген қайтпас қайсар әрі батыр командир ретінде танытты. Момышұлы жолдас тактикалық жағынан жақсы әзірленген, оның үстіне неміс фашистерімен кескілескен қанды ұрыстарда, нақты істе өз білімін одан әрі көтеріп, санқилы ұрыстарда оны ойдағыдай қолдана білді. 1941 жылдың июль-сентябрінде атқыштар батальонының командирі болған кезінде аға лейтенант (қазір майор) Момышұлы жауынгерлер мен командирлерді Отанды шексіз сүюшілікке тәрбиелеп, өз батальонының адам құрамының жауынгерлік әзірлігі жақсы дәрежеге көтерілуіне жетісті. 1941 жылы октябрьде Москва үшін болған ұрыстарда Момышұлы жолдас басқарған батальон жаумен арыстанша алысып, оған ойсырата соққы берді. 1941 жылы ноябрьден бастап Момышұлы жолдас 1073-ші полктың командирі. Бұл полктың құрамы Батыс майданда дұшпанның алға ұмтылған екпінін тежеп, оның адамдары мен техникасын ойсырата жойды. Дивизияның басқа бөлімдерімен қол ұстаса отырып, Момышұлының полкы неміс басқыншыларын Москва түбінде талқандауды бастаған (Волоколамск бағытында) бөлімдердің бірі болды. 1942 жылдың қысы мен көктемінде Калинин майданында, қалың қар, қатты аяздарда, одан кейін батпақты жердің көктемгі лайсаңында 1073-ші гвардиялық атқыштар полкы шабуыл ұрыстарын жүргізе отырып, мыңдаған неміс солдаттары мен офицерлерін, дұшпанның көптеген танк пен автомашинасын және басқа әскери техникасын жойды ондаған селолар мен деревняларды азат етті. Дивизиямыздың ел алдындағы жалпақ жұртқа мәлім ерлігі, оның гвардиялық дивизия болуы және Қызыл Ту, Ленин ордендарымен наградталуы майор Момышұлы басқаратын 1073-ші атқыштар полкының жауынгерлік табыстарымен тығыз байланысты. Майор Момышұлы Совет елінің намысы мен тәуелсіздігін қолына қару алып қорғап жүрген қазақ халқының адал ұлы. Осы халықтың ең таңдаулы өкілдерінің бірі ретінде біз оны наградаға ұсынамыз. Дивизия командирі Дивизия военкомы полковник Серебряков, полктық комиссар Лобов, Дивизия штабының бастығы подполковник Гофман. ...июнь 1942 жыл». Июннің қай күні екені өшіп қалыпты, мен айқындап ажырата алмадым. Осыған байланысты бір сұрағым бар, Бауке.
ІІ Бауыржан. Қойғын сұрағыңды.
Автор. Сізге 1942 жылы 6 июньде Қызыл Ту ордені берілген. Бұл мінездеме Сізге осы орденге жазылған ба? Әлде Қызыл Ту ордені Сізді Панфилов ұсынған Ленин орденінің кешігіп, кішірейіп келіп төсіңізге қадалған белгісі ме? Немесе бұл мінездеме 1942 жылы августа Серебряков Сізді Совет Одағының Батыры атағына ұсынғанда жазылған ба? Осыны білесіз бе?
Бауыржан. Білмеймін. Мен награда қуғаным жоқ. Ешкімнен награда сұрағаным жоқ. Совет халқының неміс фашистеріне қарсы Ұлы Отан соғысында мен өзімнің солдаттық, азаматтық борышымды адал атқардым. Мен награда үшін емес, еліміздің тәуелсіздігі, халқымыздың намысы үшін соғыстым. Маған жаңағы өзің оқыған полковниктің жоғарыға жазған хаты награда. Ең жоғары награда. Серебряковтың өзінің, оны дүниеге келтірген ата-анасының әділдігінен айналдым мен. Түсінікті ме саған?
Автор. Түсінікті, Бауке. Сонымен біз 1942 жылдың күзінде Калинин майданында қорғаныс шебінде тұрмыз ғой. Генерал Чистяков 27 сентябрьде Москваға жүріп кеткен болатын.
Бауыржан. Иә.
Автор. Сөзіміздің осы жерін тағы да бір рет документпен растай қойсақ қайтеді?
Бауыржан. Растағын.
Автор. Растасам генерал Галицкий өзінің «1941-1944 сұрапыл сын жылдары» деген кітабында 1942 жылы 26 сентябрьде өзінің қайда болып, не істегенін былай деп баяндапты:
«26 сентябрьде армия әскерлерімен танысуға кірістім...
Ең алдымен 2-ші гвардиялық атқыштар корпусының командирі И. М. Чистяковтың КП-сына бардым. Қамқорды қасыма алып, одан генерал И. В. Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына келдім. Москва түбіндегі ұрыстарда қаһармандықпен шайқасқан бұл даңқты құрама бүгінде Холм қаласының солтүстігінде қанатын кең созып, қорғаныс шебін ұстап тұр екен. 19-шы гвардиялық атқыштар полкында бізді оның командирі, Отанымыздың астанасын қорғаған ерлердің бірі майор Бауыржан Момышұлы қарсы алды. Менің сұрағыма жауап бер тұрып ол 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясында өткен жылы Волоколамск бағытында ажалмен бетпе-бет айқасқан жауынгерлердің көп екендігін айтты.
— Бүкіл дивизия сияқты, біздің бөліміміз де ұлы Москва шайқасының даңқты жауынгерлік дәстүрлерін көздің қарашығындай сақтап келеді, — деді оның сөзін толықтырып полк комиссары Ф. Д. Толстунов.
Жауынгерлермен әңгімелесіп, полктың қорғанысы және оның дұшпанға оқ ату жүйесінің қалай ұйымдастырылғанымен танысқаннан кейін менің бұл сөздердің шындығына әбден көзім жетті. Полк жауынгерлері өз рубеждеріне көп еңбек сіңірген екен. Бұл жердің жағдайы қорғаныс жұмысына көп қиындық келтірерлік болатын, орманы мен батпағы өте көп еді. Бірақ гвардияшылар бұл қиыншылықтардың барлығын да ойдағыдай жеңіпті...
19-шы гвардиялық атқыштар полкының қорғаныс шебіндегі бекініс тіректері де, пулемет-артиллерия күшінің екі қанатқа бірдей өзара жымдаса жайғастырылуы да — жақсы ойластырылған екен. Әрине, оның кей жерлерін одан сайын жақсарта түсуге болатын еді. Мәселен, орман шетіне орналастырылған дзоттар анадайдан «мен мұндалап» білініп тұрды. Ал орман ішіні салынған дзоттардың бақылау және атыс аясы тар екен. Соңғы кемшілікті түзеу үшін орман ішінен биік пулемет мұнарасын орнатып, сол арқылы жерден көрінбейтін нысананы атқылауға болатын еді. Менің бұл кеңесім майор Момышұлына қатты ұнады».
Бауыржан. Дұрыс. Ол шақ Галицкийдің 3-ші екпінді армияға командашы боп келіп, қызметін жаңа қабылдап, енді кірісіп жатқан кезі болатын. Галицкий мен Чистяков біздің полкта болып кеткен күннен кейін іле-шала біздің 2-ші гвардиялық корпусқа генерал-майор М.П. Кутузов деген кісі командир боп келді. Бұл кездегі біздің 3-ші екпінді армияның мойнына жүктелген міндет Холмды қолдан шығармау, біздің қарсымызға келіп шоғырланып жатқан жау әскерінің шабуылына төтеп беру, шама келсе олардан Великие Луки — Невель — Новосокольники үш бұрышын тартып алу екенін жаңа айттым ғой. Бұл үшін еңбек қорғанысымызды нығайтып, шебімізді мықтап ұстау бірінші міндет еді. Майдан, армия командашылары мен корпус командирлерінің бізге жиі келіп, жағдайды өз көздерімен көріп, кемшілігімізді көрсетіп, ақыл, кеңестерін айтып жүргендері сондықтан болатын. Біз күні-түні тынбастан жұмыс істеп, қорғанысымызды одан сайын нығайта бердік. Жаңадан толып жатқан окоптар, орлар қаздық. Ұрымтал жерлердің бәріне доттар, дзоттар орнаттық. Бір сөзбен айтқанда солдаттың шебер қолы Холмның айналасын өнерлі қыз кестелеген орамалдың өрнегіндей етіп әшекелейді. Солдат қанды аз төгу үшін терді көп төгеді. 3-ші екпінді армия солдаттарының ол кезде төгілген тері анау Арыс, Бадам сияқты кішігірім өзендердің суынан кем болмаған шығар деп ойлаймын. Полк комиссары Толстунов, штаб бастығы Курганский үшеуміз жау шабуыл жасаған күнде, өзіміз шабуылға шыққанда істеуге тиісті мүмкін деген жобаларымыздың бәрін де жасадық. Осы қызу қорғаныс кезінде, 1942-жылы екінші октябрьде маған кезекті әскери лауазым — подполковник атағы берілді. Мынау сол кезге қатысты документ, мә, оқып шық, керек десең көшіріп ал.
ІІІ Баукең қасында жатқан қызыл папкадан алып, табақтай фото көшірмені қолыма ұстатты. Онда былай деп жазылыпты: 3-ші екпінді армия командашысының