Азилхан Нуршайыков. Акикат пен аныз



бет24/29
Дата24.10.2022
өлшемі396,82 Kb.
#154730
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29
Байланысты:
Ақиқат пен аңыз. Әзілхан Нұршайықов

ОНЫНШЫ ДИАЛОГ
І
Автор. Енді 1943 жылдың Сіздің өміріңізге қатысты жағын әңгіме етейік, Бауке.
Бауыржан. Мақұл. Сөйтіп біздің 3-ші екпінді армияның екпінді тобы жаумен Великие Луки, Невель шайқастарын жүргізді. Бұл кезде армияның үш дивизиясы — біреуі біздің 8-ші гвардиялық дивизия, — үш бригадасы, екі танк батальоны Холм түбінде қорғаныста қалды дедім ғой. Қорғаныстағы бұл топқа Ловать өзенін бойлай тартылған бекініс шебінен Торопецке қарай дұшпанды өткізбеу, сөйтіп оларды алдымен Великие Лукиге, одан кейін Невельге шабуыл жасап жатқан әскерлердің желкесіне шығармау міндеті жүктелді. Бұл міндетті біз де айтарлықтай етіп орындадық. Немістер шебімізді бұзбақ болып, бірнеше рет әрекет етті. Әсіресе, Великие Лукиден айрылғаннан кейін, ауылға күнде шауып маза бермейтін күшігін алдырған қасқырдай боп, аласұрды. Бірақ біз қасқырды тұмсықтан соғып, тілін салақтатып кейін қайтарып отырдық.
1943 жылдың апрелінде біздің 2-гвардиялық атқыштар корпусы Калинин майданынан Солтүстік-батыс майданының қарамағына ауыстырылды. Енді біз 3-ші екпінді армияның құрамынан шығып, генерал-лейтенант В. А. Юшкевич басқаратын 22-ші армияның қол астына қарадық. Бірақ басқа майданға ауысып, басқа армияның құрамына кіргенімізбен корпусқа, дивизияға жүктелетін міндет бұрынғы күйінде қалды.
Автор. Сіздің өмірбаяныңызға байланысты барлық документтермен танысқаннан кейін, Бауке, мен мынадай қорытындыға келдім. Қазақтардың тіршілігінде ең ауыр жыл қоян жылы деп есептелсе, сіздің тағдырыңыздағы бір қоян 1943 жыл ма деп қалдым.
Бауыржан. Ол не деген сөз?
Автор. Төрт жыл соғыста күн сайын, сағат сайын, тіпті минут сайын төбеңізден төніп тұрған қауіп пен қатерді айтпаймын, Бауке. 1943 жылы бір генерал қолына жарық алып Сіздің соңыңызға түскен екен.
Бауыржан. Кімді айтасың?
Автор. 8-ші гвардиялық дивизияның Серебряковтан кейінгі командирі генерал-майор Ч-ны айтамын.
Бауыржан. Ым-м-м!..
Автор. Бір жеріңіз ауырып отыр ма?
Бауыржан. Жоқ, айта бер.
Автор. Панфилов дивизиясы жайында «Красная звезда» газетінде ең алдымен хабар жазған,артынан 28 батырдың ізіне түсіп, олардың кім екенін анықтап очерк жариялаған, содан кейін де өмір бойы сол дивизиямен байланысын үзбеген Александр Кривицкийдің «Не забуду вовек» деген кітабында «Генерал Ч-мен әңгіме» деген тарау бар екенін өзіңіз білесіз. Ол тарауда жазушы Москва түбіндегі шайқастан кейін бірсыпыра уақыт өткен соң Калинин облысының жерінде, «батпақ пен орманның ортасында» тұрған 8-ші гвардиялық дивизияны іздеп барып, оның соңғы командирлерінің бірі генерал Ч-мен қалай кездескенін былай баяндайды:
«Генерал Ч-мен кездесу көңілсіз болды. Жол бойы Панфилов туралы босқа ойлап, Корнейчуктың «Майдан» пьесасын тектен-текке есіме алмаппын. Генерал Ч. (атын айтпай отырған себебім ол дивизияға ұзақ командир бола алған жоқ және оның армиядан кетіп қалғанына да талай жыл болды) барып тұрған горловшылдың өзі болып шықты. Өзінің қандай дивизияға басшы болғанын, қолына таяқ емес, қылшылдаған әскери қару ұстап отырғанын түсінбейтін болса керек. Ол дивизияның ұлттық ерекшелігін де ұғынбапты. Адамдардың бұрынғы жауынгерлік еңбектерін қадірлеуді қойыпты. Дивизияның дәстүрін бағаламайтын болыпты. Сөз арасында мен Панфиловты аузыма алып едім, оның түсі біржолата бұзылып кетті».
Кривицкий кітабындағы, генерал Ч-ның кім екеніне бұрын мен мән бермеген едім. Жақында генерал Ч-ның Сіздің үстіңізден жазған қағаздарын оқыдым. Әрине, ол жоғарыға жолдаған жауынгерлік мінездеме түрінде болып келеді. Сондықтан ол алдымен Момышұлының партия мен Отанға адал берілген азамат екендігін, саяси-моральдық жағынан беріктігін, тәртіптілігін тәптіштеп айтып алады. Содан кейін бір-екі ауыр кінәні оның мойнына арта салады да, ең соңында Момышұлы полк командирі болуға лайық адам деп шыға келеді.
Әрине, бұл Капров пен Мұхамедияровтың, Панфилов пен Егоровтың, Чистяков пен Егоровтың, Серебряков пен Лобовтың, Галицкий мен Литвиновтың Сізге берген бұрынғы, соңғы мінездемелеріне мүлде қарама-қайшы.
Бауыржан. Ер шекіспей бекіспейді, есер шетінеспей кетіспейді. Ер басқа, есер басқа. Екеуіміздің қайсымыз ер, қайсымыз есер екенімізді кім білсін. Әйтеуір бір жолы аттай тебісіп, айғырдай шайнасып қалғанымыз рас.
Автор. Әйтеуір, бір жақсысы сегіз айдың ішінде Сіздің үстіңізден Ч. жазған бесінші мінездемені, 22-ші армияның командашасы Юшкевич пен соғыс советінің мүшесі Катков екеуі бекітпей тастапты.
Бауыржан. Рас, солай болды. 1943 жылдың 15 ноябріндегі ұрыста мен тағы да жараландым. Сен маған қалай соғысқаныңды, ұрыс картиналарын айтпа. Оны Александр Бек пен Бауыржан Момышұлы жазды, мен оларға тоқталмаймын деп едің ғой.
Автор. Иә, Бауке. Менің мақсатым Сіздің өміріңіздің ұзын-ұрғасын қағазға түсіру. Соғыс суреттерін сіздерден, Бек екеуіңізден артық етіп жеткізе алмайтын болғандықтан, оған соқпау.
Бауыржан. Бір жарым айдай госпитальда жаттым.
Автор. Сөйтіп Сіздің қоян жылыңыз жаралануыңызбен аяқталды ғой ақыры.
Бауыржан. Иә. Госпитальдан шыққаннан кейін маған екі айлық демалыс берілді. Декабрьдің соңғы күндерінде мен Алматыға келдім.
Автор. Мен Сіздің ол келгеніңізді архивтен алдырып, «Советтік Қазақстан» киножурналының 1944 жылғы бірінші номерінің лентасынан көрдім, Бауке. Журнал басталғанда Сіз бір жұпыны бөлмеде, қалың дәптердің бетіне сыпылдатып орысша жазып жаттыңыз. Мен ол бөлме өзіңіз документтеріңізде үй әдірісім: Алматы қаласы, Фурманов көшесі, 94, квартира 22, деп көрсететін пәтеріңіз болар деп ойладым. Бір кезде Сіз басыңызды көтеріп, көрермендерге тіке қарап, 1944 жана жылмен құттықтап сөз сөйледіңіз. Көзіңіз шүңірейген, жағыңыз суалыңқы, арық екенсіз. Бірақ дауысыңыз жігерлі, қимылыңыз өте ширақ екен. Сөзіңіздің басында 28 гвардияшы панфиловшылар жайында айта келіп, генерал Панфилов туралы тебірене толғанып сыр шерттіңіз. Егер мен өзіміздің генерал туралы жаза қалсам, онда бұл шығармамды мынадай тарауларға бөлер едім: парасатты генерал, логикалы генерал, кең толғамды генерал, әдіс-айлалы генерал, қажырлы генерал, саспайтын салқын қанды генерал, кішіпейіл генерал, дегеніне жетпей тынбайтын генерал дер едім дедіңіз. 1941 жылы Москва түбінде бір гвардияшының гитлершіл алты қарақшыға қарсы тұрғанын айттыңыз. Соғыстағы солдаттың баласын, әйелін, әке-шешесін сағынатынын, жолдастары қаза болғанда көзінен жас шығып жылайтынын айта келіп сөзіңізді былай деп бітірдіңіз:
— Жаңа жыл құтты болсын! Жаңа жылда жаңа бақытқа жетейік, майдандағы қымбатты жолдастар! Мен қазір әзірше сіздердің араңызда емеспін, мен Қиырдағы туған елім Қазақстандамын. Мен жерлестерім — қазақстандықтарды сіздердің атыңыздан жаңа жылмен — 1944 жылда құттықтаймын.
Сіздің сол құттықтау сөзіңіз «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правданың» сол 1944 жылғы 1 январь күнгі номерлерінде басылыпты.
ІІІ
Бауыржан. Сол келген жолымда мені Екінші Алматының теміржол вокзалында Қазақстан Жазушылар одағының председателі Сәбит Мұқанов бастаған бір топ жазушылар және басқа да беделді, белгілі деген өнер қайраткерлері қарсы алды. Аты аңызға айналған үлкен жазушымен тұңғыш дидарласуым осылай басталды.
Сол жолы Сәбең үйіне шақырды. Бұл қонақасыда қазақ әдебиеті мен өнерінің, мәдениетінің белгілі қайраткерлері де бірге болды. Тап сол күні Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсрепов, өзімнің кластас досым, сонау 1928 жылдары Шымкентте бірге оқыған жолдасым Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев сияқты қазақтың қадірлі қалам қайраткерлерімен, Күләш пен Қанабек Байсейітовтар сияқты өнер ардагерлерімен тұнғыш рет Сәбең дастарқанының басында дидарластым. (Әбділда, Әлжаппар, Ғабиден үшеуі майданға келіп қайтқан болатын.) Осы сапарымда Сәбең қазақтың жақсылары мен жайсаңдардың танып-білуіме, сыйлас болуыма көп себін тигізді. Сәбеңнің арқасында сол жолы ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевпен де мәжілістес, пікірлес болып қайттым. Сол екеуінің ұйымдастыруымен Ғылым академиясында отыз алты сағат лекция оқуыма да тура келді.
Автор. Жаңағы журналда өзіңіз айтқан адамдардың барлығы да түсіпті. Айтылмағандардан генералдың жұбайы Мария Ивановна Панфилова мен ақын Иса Байзақовты да көзім шалып қалды.
Одан кейінгі бір кадрда өз қол астыңызда болған саяси жетекші, ержүрек азамат Жолтай Бозжановтың үйіне барғаныңыз бейнеленіпті. Жолтайдың туған ағасы Нұрмұхамед Бозжановтың балалы-шағалы үлкен семьясының ортасында әңгіме шертіп отырсыз. Тегі Жолтай жайында баяндап отырған боларсыз деп ойладым.
Енді бір кадрда Сіз «Эмка» қара машинасымен 28 панфиловшылар атындағы парктің алдына келіп тоқтадыңыз да, парк ішінде сапқа тізіліп тұрған қалың әскермен сәлемдестіңіз. Әскерлерді аралап көріп, оларға арнап сөз сөйледіңіз. Журнал осымен аяқталады екен.
Сол жолы Сізбен жүздескен адамдардың ішінен Қазақ ССР-інің халық артисі Серке Қожамқұловпен сөйлесіп, сол кісінің естелігін жазып алып едім, Бауке. Соны оқып берсем қайтеді Сізге?
Бауыржан. Оқығын.
Автор. Сераған былай деді: «1943 жылдың аяғында Бауыржан майданнан келді. Март айына дейін Алматыда болды. Екі жерде — Академияда және театрда лекция оқыды. Волоколамда болғанын, қоршауда қалғанын айтты. Панфилов туралы көп айтты. Генералдың адамгершілігі туралы айтқанда бүкіл зал тебіреніп отырды. Оны туған әке, ағамыздай көрдік деді. Ол біздің бойымыздағы ерлікті жанып отыратын еді деді. Мынау менің қойын дәптерім, соғыс басталғаннан бергі көрген-білгенімді осыған жазып келемін. Осыны аманат етіп Сізге тапсырамын, Қанеке, — деп дәптерін Қаныш Сәтбаевқа берді...»
Бауыржан. Рас. Соғыста жазғандарымның бәрін Сәтбаевтың сейфына тастап кеттім деп бұрын саған айтқан болатынмын.
Автор. Айтқансыз, Бауке.
Бауыржан . Ары қарай оқи бергін.
Автор. Бұрын жұрт лекция үстінде кіріп-шыға беруші еді. Бауыржан өйттірмеді. Лекцияға бір минут қалғанда ешкімді кіргізбейді екен. Үлкен-кішіңе қарамайды, есікті жаптырып тастайды. Сондықтан оның әр лекциясына 15—20 минут ерте барып отыратын болдық.
Біздің театрдан Бауыржан «Ақан сері», «Еңлік — Кебек», «Намыс гвардиясын» көрді. Бірақ спектакльден кейін ешқандай талдау, әңгіме болған жоқ. Жұрт оны кезектесіп, театрдан кейін қолма-қол үйіне қонаққа әкетіп отырды. Кешкі, түнгі уақыттары шақырылудан босаған жоқ.
Лекция оқығанда, кейбір қонақтарда болғанда айтқан сөздері, ойлары, ерлік тұлғасы есімде қалды. Қазір Бауыржан туралы сөз бола қалса, мен алдымен қырық үш-қырық төртінші жылғы Бауыржанды көз алдыма елестетемін. Бауыржан сөзді өте тауып сөйлейді екен. Әттен арасына «встаты» мен «молчаты» кіріп кетеді.
Өз басым сонысын сөлекеттеу көрдім. Бауыржанды ең алғаш көргенім жайында есімдегілер осы ғана.
Бауыржан. Ым-м-м...
Автор. Екі ай демалысыңыз біткеннен кейін Алматыдан бірден майданға қайттыңыз ба, Бауке?
Бауыржан. Екі айдан асыңқырап қайттым. Жолда Жуалыға соқтым. Одан бұрын, енді бірер күнде қайтамын деп әзірленіп жүргенімде бір күні Сәбит:
— Әй, Бауыржан, мен бір білместік істеп алыппын, кешір, ұятай, ұят болды, — деді сол үйден түстік ішіп отырғанымызда.
— Не боп қалды, Сәке?
— Біз бүгін кешке қарай Жамбыл қарттың ауылына барып келейік. Жәкеңнің алдын көріп, сәлем беріп қайтқаның орынды болады.
— Жарайды.
Сол күні кешке Ұзынағашқа бардық. Жамбылдың үйіне кіріп, бір бөлмесінде жантайып жатқан жұдырықтай ақсақалға сәлем бердік.
— Тәте, баяғы Ғазіреті Ғали сияқты, майданда жауды жайпап жүрген Бауыржан деген батыр балаңыз осы, — деді Сәбит Жамбылдың құлағына дауыстап. — Талай немісті қырып салған нағыз ердің ері.
Соғыстан келіп еді, енді соғысына қайта кеткелі жатыр. Сізге сәлем беріп, батаңызды алып кетемін деп келді.
Жамбыл менің бетіме сығырая қарады. Оның сынап отырғанын байқап, мен де қабағымды түйіп, оған ежірейе қалдым. Содан соң Жамбыл Сәбитке қарай мойнын бұрды да:
— Мына қызыңды... түсі тым суық екен, батыр болса болар! — деді.
Сәбит оған қарқ болып күліп жатыр. Менде үн жоқ. Жамбыл күлместен маған қайта қарады.
— Батыр болсаң сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны айтшы, — деді.
Мен ойланбастан жауап бердім.
— Өтеген қаптап келе жатқан өрт сияқты да, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын. Дүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына да пар келе алмаймын. Мен — оттың ұшқыны, судың тамшысы ғанамын, Жәке, — дедім.
Жәкеңнің өлеңінде өзі айтатын «борға малған» сақалы шошаң-шошаң етіп қалды. Ол атамыздың күлгені екен. Енді көзі шырадай жайнап, жылы ұшқын шашып, тағы да Сәбитке қарады.
— Әй, Балуан, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар екен, қоныңдар, — деді. Жәкең Сәбитті мол денесіне байланысты ылғи осылай, Балуан Шолақ деп атайды екен. Жамбыл «Балуан Шолақ!» десе, Сәбит: «Ау, тәте» деп жауап береді.
Біз жайғаса бастадық. Сырт киімдерімізді шешініп жатқанымызда шалдың сақалы, су бетіне секірген ақ қайрандай болып, бір жарқ ете қалған еді. Енді жайланып отыра бергенімізде ай мүйізді ақ қошқардың үстіне салт мінген біреу, шабуылға шығатын кавалеристей екпіндетіп келіп, табалдырық алдына тоқтай қалды да:
— Әумин, — деп алақанын жайды.
Малдас құрып отырған Жәкең мойнын бұрды да:
— Әй, Балуан Шолақ, өзің жасаушы ма едің, әлде батырың беруші ме еді батаны? — деді.
— Ойбай, тәте, өзіңіз жасаңыз, — деді Сәбит.
Жамбыл алақанын жайды да:
Батырдың жолы болсын!
Самсаған қолы болсын!
Түсі де суық екен,
Ісі де долы болсын, аллаәкпар! —
деп бетін сипады.
Ақ қошқар ауыз үйде сойылып жатты. Бір кезде ішек-қарын аршыған әйелдердің де дыбысы естіле бастады. Олардың үстіне сырт жақтан мұрнынан міңгірлей сөйлеп тағы біреу келді.
— Екіндіде елге сүйкімді қонақ келеді деуші еді. Бір кәдірлі қонақ келген-ау тегі... Ойбай-ай, шарбысын-ай ақтарылып жатқан. Тура бір тегене май түсіпті ғой... Өй, мыналарын Жәкемнің ең сыйлы қонаққа соямын деп жүрген ай мүйізді ақ қошқары ғой, қарақтарым-ау. Кім келгенін айтсаңдаршы өздерің!..
Осылай деп есіктен төртбақ денелі жалпақ бет біреу кіріп келді. Келді де:
— Ой, айналайын, жүрген жері құт Сәбитімнің өзі екен ғой. Әйтпесе Жәкем ай мүйізді ақ қошқарды кімге союшы еді? Өзім де біліп едім-ау! — деп қос қолдап келіп Сәбиттің алақанын алды. Содан соң бұрылып маған қарады да:
— Мына литенант жігіт кім? — деді Сәбитке. «Лейтенанттың» да бір әрпін қымқырып жіберді деп ойладым ішімнен.
— Ой, Ғали, қара бассын сені, — деді Сәбит. — Лейтенант емес, полковник Бауыржан Момышұлы ғой.
— Ойбай, қалқам, атыңа қанықпын. Тек мынау жұлдызға ғана шорқақпын. Келші бері бетіңнен сүйейін, — деп бетімнен сүйді. Сөйтсем ол Жамбылдың сол кездегі әдеби хатшысы атақты ақын Ғали Орманов екен.
Ауыл адамдары жиналып, солармен әңгімелесіп, Жәкеңнің соғыс, майдан жайындағы әртүрлі сұрақтарына жауап беріп, ұзақ отырдық. Түннің бір кезінде алдымызға ет келді.
— Ал, балуан, ал ,батыр, сыбағаларыңа қол созыңдар, — деді Жамбыл табақты нұсқап.
Сәбит пен Ғали етті шеңгелдеп асай бастады. Мен табаққа қол созбай отырып қалдым.
— Делбе болған жылқыдай, мына қыз табағын неғып отыр ет жемей, — деді Жамбыл Сәбитке, сақалын шошаң еткізе, мені иегімен нұсқап.
— Әй, Бауыржан, неге жемейсің, бөгіп қалғанбысың! — деп Сәбит табаққа қайтадан қол соза бастады.
— Жемеймін! — дедім мен қатаң үнмен.
Сәбит табақтан қолын тартып алып, менің бетіме қарады.
— Әй, Бауыржан, саған не болды? — деді ол үні одан сайын қарлыға шығып.
— Мен мұнда сыбаға жеу үшін келгенім жоқ, — дедім Сәбитке дауысымды қаттырақ шығарып. — Сыбағаны немістерді жеңгеннен кейін жеймін. Ал мұнда ұлы Жамбылдың, соғыстағы бар солдаттың ұлы әкесінің сарқытын ішуге келдім. Ол үшін Жәкең анау тұздыққа сақалын батырып ұрттасын да, қалғанын табақтың үстіне құйсын...
Мен етті сонда ғана жеймін. Және барлық солдаттарға Жәкеңнің сарқытын ішкенімді айтып барамын!
— Әй, мынауың дұрыс екен! — деп Сәбит қарқылдап кеп күлді. Содан кейін Жамбылдың құлағына еңкейіп, менің сөздерімнің бірін қалдырмай айтып берді.
— Бұл қызталақтың мұнысы да жөн екен, — деп Жамбыл басын изеп, анадай тұрған тұздыққа қарай қолын созды. — Бірақ сақалымды батыратын мен суға еңкейген теке емеспін, мұртымды тигізейін. Мына батырыңа түсіндіріп айт.
Жәкең осылай деп Сәбитке қарап, құтыңдап иек қақты. Қарт ақынның бұл тапқырлығына біз қыран күлкіге баттық.
Сөйтіп Жәкеңнің жүзін көріп, қолынан дәм татып, төрінде жатып, қонақ болып аттандым. Ертеңінде поезға мініп, майданға қарай бет түзедім.
Автор. Сіз Ұзынағаштан аттанып кеткен күні Ғали ақын өзіңізге арнап «Полковник» деген өлең шығарды. Әрине, оны майданға аттанарда Сіз ести алған жоқсыз. Бәлкім, кейін де оқымаған боларсыз.
Бауыржан. Жоқ,
Автор. Онда мен ол өлеңді оқып берейін.
Бауыржан. Оқығын.
Автор.
Кеңесіп көп отырдым полковникпен.
Бұлдырап еске түсті өткен-кеткен.
Қадалып қабағына көп қарадым,
Тұрғандай тұрпатында қазақ біткен.
Бірде тік, бірде сынық, бірде қатты,
Жайдары көңілі түссе махаббатты.
Жалғанның жазы, қысы қабағында,
Батырын кім сүймесін бұл сымбатты!
Тарынса табиғаты бір-ақ уыс,
Еткендей тал бойынан аңғардым күш.
Тік өскен туған жерге қара емендей.
Халқымның қалағаны сондай туыс!
Қоштастым құрмет етіп полковникпен,
Қазақтың бір ұлысың үміт еткен.
«Бауыржан!» десе барлық үлкен-кіші,
Елеңдеп құлақ түріп, көзін тіккен.
Бауыржан. Рақмет. Алматыдан қайттым дедім ғой. Жолда Жуалыға соғып, Момынқұл көкемнің орнына құран оқытып аттандым.
IV
Автор. Сіздің туған жеріңізді көріп қайту үшін жетпіс үшінші жылдың январында мен де Жуалыға бардым, Бауке. Момынқұл көкеңіздің баласы Әбділда ауылда жоқ екен. Бурныйдың басынан Әтін, Рақымжан Орынбаевтар деген туыстарыңызды таптырып алдым. Әтінді Сіз ертіп апарып, отыз төртінші жылы Шымкенттегі өзіңіз оқыған қазіргі Сыпатаев атындағы мектепке түсірген екенсіз. Әтін мен Рақымжан екеуі кезектесіп отырып, маған Сіз туралы есте қалғандарын айтып берді.
Бауыржан. Қандай?
Автор. Қырық төртінші жылдың басында, Алматыдан соғысқа қайтып бара жатқан жолында Бауыржан көкем ауылға келді, — деді Рақымжан. — Бауыржан көкем келер алдында ауданнан атты кісілер келіп, көкемнің келетінін хабарлады. Қайтыс болған Момынқұл атамның үйінде қой сойылып, бауырсақ пісіріліп жатты. Көкемдер Бурныйдан шығардың алдында ауылдағы еркек кіндікті дегендердің бәрін Момынқұл атамның үйінің қасына шақырды. Соғыстан келген 3 - 4 мүгедек, он-он үш жастағы он шақты ауыл балалары — барлығымыз он бес шақты еркек жиналдық. Балалардың қолына бір-бір таяқ ұстатып, Момынқұл атамның үйін жағалай сыртқа қойғызды да, соғыстан келген ағалар келген кісілердің аттарын ұстайтын болып, соған әзірленіп тұрды. Әйелдер жиналып іште отырды. Бір кезде 5 - 6 салт атты шығып, «Ой, бауырымдап!» ауылға қарай шапты. Алдымен Бауыржан көкем келді. Сыртта тұрған бәрімізбен көрісіп ішке кірді.
Бауыржан көкем не істесе, басқалар да соны істеп жатты. Іштерінде бір орыс кісі бар екен. Ол да бізбен құшақтасып жатқанда мен күліп жібердім.
Біраздан кейін Бауыржан көкем сыртқа шығып, таяққа сүйеніп тұрған бізге келді де:
— Қарақтарым, таяқтарыңды тастап, енді ойнай беріңдер, — деді.
Біз қуанып кеттік. Таяқтарымызды тастай сала, бірімізді біріміз итере топырлап үйге кірдік. Келген кісілер төр алдында, қаптаған ауыл әйелдерінің ортасында отыр екен. Есіктен кіре бере Бауыржан көкемнің сөйлеп отырғанын естіп, жым бола қалдық. Бауыржан көкем үй ішіндегілермен көрісіп болып, енді майданнан келгендерге көңіл айтып отыр екен.
— Аюбай, — деді ол солардың біріне қарай бұрылып, — Отан соғысында сен де бір аяғыңнан айрылыпсың. Аяғыңның арт жақсылығын берсін, бауырым. Ауылдың нардай тракторист азаматы едің. Енді міне ақсақ боп шоқаңдап қалғаныңды көргенде ішім удай ашыды. Жарайды, мойыма. Біріміз аяғымызды, біріміз қолымызды берсек те, біріміз жанымызды қисақ та, Отанды аман сақтап қалсақ болды ғой. Сақталады Отан! Бәріңнің де жақындарың жауды жеңіп келеді. Бірақ кімнің қандай күйде келетінін білмеймін.
— Рас.
— Рас.
— Айтқаның келсін!
— Қандай боп келсе де кеудесінде құр жаны болса болды, — десіп әйелдер дабырласып кетті.
Бауыржан. Ал, Әтін не айтты?
Автор. Әтін Сізден сегіз жас кіші екен. Ол кісі ертерек кезден бір деталь айтып берді. Сіз ауаткомде секретарь боп жүрген уақытта сатушы боп жүрген Ыстықұлов Оспан деген ағайындарыңыз істі болып, сасқанынан Сізге барыпты.
— Мені соттайтын болды, көмектес, — депті Оспан Сізге.
— Неге соттайды? — деп сұрапсыз Сіз.
— Ақша кем дейді.
— Қайда кетті?
— Бірсыпырасын жаратып қойып едім.
— Онда маған ақылдастың ба?
— Жоқ.
— Ендеше менің саған беретін көмегім жоқ, — деп Сіз туысыңызды кабинеттен қуып жіберген екенсіз.
Әтін осыны айтты.
Бауыржан. Ә, ол оқиға менің есімнен шығып кеткен екен.
Автор. Содан кейін мен шана жектіріп, Сіздің ескі ауылдың жұртына бардым. Қар қалың боп түседі екен. Пар ат омбылап, әрең жеттік. Әр жерлерден бұрқыраған бу шығып жатты. Ол Мыңбұлақ, Кеңбұлақ, Әділбұлақ, Момышбұлақ деген қыста қатпайтын жылы бұлақтар екен. Сол бұлақтардан басталатын кең жазық Ақсай, Көксай, Тобышақты сайы дейтін сайлармен ұштасып қырғыз Алатауына тіреледі екен. Қырғыз Алатауының Манас шоқысы үнемі мен мұндалап, көз алдында тұрады. Ежелден Манас шоқысының ар жағын қырғыздар, бер жағын қазақтар жайлайтын болса керек. Соғыстың ауыр жылдарында бұл екі ел осы сайлар арқылы жалғасып, бір-біріне азық-түлік жағынан үзбей көмектесіп отырыпты.
Осы үлкен жазықта соғыстан бұрын «Талапты», «Қайрат», «Орақ-Балға» деген шағын-шағын колхоздар болыпты. Қазір ол колхоздардың орны үлкен қорыққа айналдырылып, Карл Маркс атындағы совхозға қарайтын болыпты.
Біз Момышбұлақтың басына келдік. Әтін мен Рақымжан қатар салынған Момыш пен Момынқұл үйлерінің орнын көрсетті. Мен оларға:
— Баукең отыз үшінші жылы алғаш әскерден қайтқанда боранды күні кеште осы үйдің терезесіне келген. Қарт әке баласын танып, қоңылтаяқ етікті аяғына сұға салып, қораға жүгіріп шығып есік ашқан. Қарт әке қақаған аязға қарамастан баласын бауырына басып, емірене құшақтап тұрып қалған. Сол кезде мына үйге хабар жетіп, Баукеңнің Момынқұл көкесі мен Сарагүл жеңгесі бірін-бірі жетектей жүгіріп, осы үйге келген, — дедім.
— Рас. Сіз солай деп жаздыңыз. Біз оны «Жұлдыз» бен «Жалыннан» оқыдық, — деді Әтін мен Рақымжан қабаттаса сөйлеп. — Міне, бұл сол үйлердің орны.
— Момыш атам бұлағының басы жайқалған тал болушы еді, — деді Рақымжан содан соң. — Соның бәрін, жарықтық, ерінбей-жалықпай жалғыз өзі отырғызған екен. Біз, кішкентай балалар жүгіріп келіп:
— Ата, ат берші, — деуші едік.
— Қандайы керек: жорғасы ма, жүйрігі ме? — деуші еді атам күліп.
Біріміз «жорғасын», біріміз «жүйрігін» сұрайтынбыз. Атам бізге бір-бір шыбық кесіп беретін. Момыш атам менің тоғыз жасымда дүниеден қайтты. Ол кісінің бізге ұрыспай, бір-бір ат мінгізіп жіберетінін осы күнге дейін ұмытпаймын. Сол талдың бәрін жұрт соғыс кезінде күрекке сапқа, отынға кесіп әкетті...
Сіздің туып, өскен, балалық шағыңызды өткерген жерді көріп, мен қатты қуанып едім, Бауке. Бірақ сол күні бойыма суық тигізіп алыппын. Қатты ауырып, ертеңінде Шымкент ауруханасына түстім. Онда он бес күн жатып, Алматыға келдім. Үйге келген соң дәрігер тағыда бір ай қозғалтпастан және жатқызып қойды.
Бауыржан. Өй, сен өзің менің ауылыма барамын деп бейнет көріп, қиналып қалған екенсің ғой. Неге айтпадың бұрын?
Автор. Оның несін айтамын. Жалғыз бір жолғы ауырған ғана емес, Сізбен сөйлесемін деп, ауырғаннан кем қиналмаған күндер де болды ғой, Бауке. Қиналмасаң — кітап туа ма?
Бауыржан. Ол сенін жұмысың.
Автор. Ал, Бауке, енді Жуалыдан шығып, соғысқа қарай бет қоймайсыз ба?
Бауыржан. Қойдым. Жолда Москваға соғып, Отан Қорғау Комиссариатына кірсем, менің К. Е. Ворошилов атындағы Жоғары әскери академияның жанындағы «Выстрел» деп аталатын білім жетілдіру курсына қабылданғаным туралы бұйрық шыққан екен. Бейбіт кезде мерзімі бір жылдық бұл курстың оқуы соғыс кезінде алты айға қысқартылған болатын. Оқу 3 майда басталады екен. Оған дейін мен ГУК-тың қарамағында қалып, сонда бір ай қызмет істедім.
Автор. ГУК дегеніңіз не, Бауке?
Бауыржан. Кадрлар бас басқармасы, Қорғаныс министрлігіне қарайды. Майдың 3-нен октябрьдің 23-іне дейін сол курста оқыдым. Онда қалай оқып, не бітіргенімді мына документтен оқып, керек болса көшіріп ал. Сен ылғи мені сөйлете бергенше, документтерге сөз берсеңші. Документтер де мен ғой.
V
Баукең осылай деп темекі тартуға кетті. Мен асықпай отырып, ол кісі берген документті түгелдей көшіріп алдым.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет