Азилхан Нуршайыков. Акикат пен аныз



бет28/29
Дата24.10.2022
өлшемі396,82 Kb.
#154730
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29
Байланысты:
Ақиқат пен аңыз. Әзілхан Нұршайықов

«Аса құрметті жолдас армия генералы!
Осы айда Ұлттық Халық армиясының барлық қызметкерлері саяси сабақ ретінде Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабын міндетті түрде оқып тауысуға тиіс еді.
Империалистік агрессорлар қару жұмсай қалған жағдайда біздің солдаттарымыз өз міндеттерін осы тамаша кітапта суреттелген Ұлы Отан соғысы кезіндегі жағдайдай нақты білуі үшін бұл кітап жайында барлық топтарда семинарлар мен әңгімелер өткізіледі.
Осыған байланысты мен Сізден Александр Бек жолдасқа, Бауыржан Момышұлы жолдасқа, осы кітаптың тірі қалған тағы бірер қаһарманына бізге келіп, Ұлттық Халық армиясы қызметкерлерінің Ұлы Отан соғысының сабақтары жайында әңгімелеріне қатысуға менің шын жүректен шақыруымды жеткізуіңізді өтінемін.
Социалистік сәлеммен адмирал Фернер».
Берлинге Бек кетті де, Бауыржан бармай қалды. Оның есесіне ол ешбір нөкерсіз, шақырусыз, ешкімге хабар салмастан мұхиттың ар жағындағы алыс Кубаға жападан-жалғыз тартты да кетті. Шетел тұрғай, шеткері ауданға баруға да жүрексінесің. Өзіңді тани ма, танымай ма, қалай қарсы алады деп қауіптенесің. Ал, алшаңдап Алматыда жүрген Баукең аяқ астынан аспанға самғай көтеріліп, 1963 жылғы ноябрьдің бесінде сонау Гавана аэропортынан бір-ақ шығады. Орны самолеттің алдыңғы жағында болғандықтан, ол ең соңда шығушылардың бірі болады. Гавананың шілдедей шыжып тұрған шағы болса керек. Костюмінің ішінен түйе жүн жемпір, сыртынан макинтош киген, басында жылы сусар бөркі бар Баукең самолет есігіне қарай аяңдайды. Сонда серіктерінің бірі:
— Қап, бағана самолет ішінде шешініп, жеңіл киініп алмаған екенсіз. Мына жер жанып тұр ғой, — дейді.
— Оқасы жоқ, ата-бабам жазғы шілдеде қабат-қабат тон киген қазақ емеспін бе, — деп жауап берді Баукең.
Трапқа табаны тиісімен Баукең оң қолын жоғары көтеріп, аэропорт басына жиналған жұртқа ізет білдіреді. Содан кейін:
— Сәлем саған, қаһарман Куба! — деп қазақ тілінде саңқ етіп үн қатып, қолын қылыштай бір сермеп тастайды.
Киген киімі, келбет-бейнесі, саңқ еткен үні аэродром басына жиналған жұрттың назарын бірден аударады. Аэровокзалда Совет Одағынан келген туристердің документтерін тексеріп отырған үш әскери адам Момышұлын танып, орындарынан тұрып, ізет білдіреді.
— Компаньеро Коронел — жолдас полковник Момышұлы, біз Сіздің жайыңызды кітаптан оқып білгенбіз, жауынгерлік істеріңізге әбден қанықпыз, — дейді.
Сөйтіп, Кубаға келген көп туристер ішінен жалғыз Момышұлы ғана танымал болып шығады.
Міне, әскери тактика тәріздес осы қылық, жүріс-тұрыстан мен мұндалап тұрған Бауыржан характері танылады. Ол характер Кубаның ол кездегі Қарулы күштер министрі Рауль Кастро Руспен кездесу кезіндегі әзіл-қалжың түріндегі сайыстарда одан сайын айқындала түседі. Ол тұстарда оқушы: апырай, Баукең бірдеңені бүлдіріп алмаса жарар еді деп іштей сасқалақтап та отырады. Бірақ санасы биік, саясатта салиқалы Баукеңнің өршеленген сайын өрісі кеңейе береді.
Газеттерде Момышұлының интервьюі жарияланып, оның Кубаға келгені жалпақ жұртқа мәлім болады. Сол кезде Баукең Бас штабқа шақырылады. Оның басшыларының бірі коменданте Кауссе Қарулы күштер министрі Рауль Кастроның басқа қаладан телефон соғып, Момышұлынан Куба мемлекетінің қонағы болып, бірнеше күн қала тұруды өтінген сәлемін жеткізе отырып:
— Хабардар болмағандықтан аэродромда өзін ешкім қарсы алмағанына полковник ренжіген жоқ па екен? — деп сұрайды.
— Мен мұнда өз бетіммен келген адаммын. Турист ретінде бізді халық қарсы алды. Өте разымын. Ешбір өкпем жоқ, — дейді Баукең.
— Полковник тым кішіпейіл, жуас екен, — дейді коменданте Кауссе.
— «Жуастан жуан шығады» деген қазақ мақалы бар. Коменданте мені ерте мақтамасын, артынан опық жеп жүрер, — деді Бауыржан.
Ал екі-үш сағат Рауль Кастроның қабылдауында болғанда Момышұлының характері одан сайын айқындала түседі. Баукеңдер министр кабинетінің қабылдау бөлмесіне келіп кіргенде іштен есік жаққа қарай дауыстап испанша айтылған бірер сөз естіледі. Аудармашы Баукеңе министр Сізге кірсін деп жатыр дейді. Баукең ол сөзді естімеген болып тұра береді. Бұлар қабылдау бөлмесінде тұрып қалғаннан кейін іштен 33-34 жастағы жігіт шығып, Баукеңе қолын беріп, ішке кіріңіз деп кабинеттің есігін өзі ашады. Бұл министр Рауль Кастроның өзі еді. Баукең сонда ғана кабинетке кіреді.
— Сіздің осында сөйлеген сөздеріңіздің тезистері жөнінде маған хабарлаған еді, — дейді министр кабинетке кіріп жайғасқаннан кейін Баукеңе. — Бізге, әсіресе, Сіздің достық туралы айтқан пікіріңіз ұнады.
— Команданте, ол менің сөзім емес, менің халқымның сөзі, — дейді Бауыржан.
Бір сөздің ретінде Рауль Кастро:
— Біздің заманымызда дүние пиғылсыз болып отыр емес пе? — дейді Бауыржанға.
— Мен Сізбен келіспеймін, команданте, — дейді Бауыржан министрге. — Дүние пиғылды-ақ. Пиғылсыздық жеке адамдардың қыңырлығынан, оларды шешелері солай қатеден тапқан.
— Иә, Хауананың өзі де күнәкар ғой, — дейді Рауль күрсініп.
— Өзіміздің барлық күнәларымызды Хауанаға жаба бермейік, коменданте, — дейді тағы да Бауыржан. — Ол — қасиетті. Ол бізді өмірге әкелді.
— Сіздің Момышұлы екеніңіз көрініп-ақ тұр, — дейді министр күліп. — Сізге рақмет, коронел. Біз Сізбен оңашада біраз сайысып көрдік. Енді, рұқсат етсеңіз, жұрт алдында сайысайық. Үкімет қабылдауына келген адамдарды шақырайық. Біздің әңгімелерімізді олар да тыңдасын.
— Солай болсын, — дейді Баукең міз бақпастан. — Мен ешқашан да құпия соғысып көрген емеспін.
— Сіз сайысқа шеберсіз ғой, мені аяйтын боларсыз, — дейді Рауль күліп.
— Жоқ. «Күш атасын танымайды», — дейді Баукең түсін суытып...
— Сіз мені өлтіріп кеттіңіз, — дейді министр Момышұлынан жеңілгенін мойындап.
— Мен өзімнің жауларымды ғана өлтіретін едім, — дейді тағы да Баукең міз бақпастан.
— Сіз әдебиетке қалай келдіңіз, коронел?
— Мен әдебиетке соғыстың буксирінде отырып келдім, команданте.
Министр енді Баукеңнің өзінің творчествосы туралы. Александр Бекпен ара қатынасы, Қазақстан хақында айтуды және әскери мәселелер жайында кеңес беруді өтінеді.
Баукең мұндай өте көп мәселелер жайында сөйлеуге әзірленбегенін айтады.
Сонда басқа генералдар да Баукеңе тілек білдіреді, Сізге арнайы әзірліктің керегі жоқ көрінеді, қолма-қол айтқан сөздеріңіздің өзіне-ақ разы болар едік деседі. Сонда Баукең:
— Жарайды, мен жауға ешқашан берілген жоқ едім, достарыма берілдім міне, — деп екі қолын көтереді.
Мұны бәрі Баукеңнің характеріне байланысты сөз. Менің ойлап отырғаным оның әскери тарихқа қажет пікірлері.
Ал осы пікірлерді Баукең Кубаның әскери-саяси училищесінде, әскери академияда сөйлеген сөздерінде айтқан.
— Менің мамандығым әскери қызмет, — деп бастаған ол академиядағы сөзін, — Біздің Конституциямызда: Отанды қорғау СССР-дің әрбір азаматтарының борышы деп жазылған. Менің ұлтым қазақ мен Совет Одағының азаматымын. Қазір елудің ішіндемін. Соның жиырма бес жылын армия қатарындағы қызметке бердім. Армияда қызмет ету оңай емес, онымен ажырасу да оңай емес. Ұзақ жылдық әскери еңбегімнің есесіне мен запастағы полковник ретінде қайғысыз-қамсыз жата беруіме болар еді. Бірақ запастағы азамат ретінде тып-тыныш жата беруіме арым төзбеді.
Менің шығармаларым өз басымның естеліктеріне, ерекше эпизодтардың ең елеулі көріністеріне негізделген. Оларда ойдан шығарылған оқиғалар да, ойдан шығарылған адамдар да жоқ. Менің тақырыптарымның түйіні мынадай:
1) СССР азаматы тұлғасындағы қазақтардың қалыптасу процесі.
2) Жауынгердің қалыптасуы және жауынгерлік характердің қалыптасуы. Барлық кітаптарымда өз басымнан кешкен қателерімді де әңгімелеп отырамын. Ондағы мақсатым менің қателерімді кейінгі толқын жастар қайталамасын дегендік.
Өлім деген сөзсіз нәрсе, бұлтару жоқ! Ол біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Өлімнен қорқуға болмайды. Енбекке қабілеттіліктен айрылудан қорқу керек. Өмірден қайткенде көп алу дегеніміз — тоғышарлық, ал қоғамға қайткенде көп беру — бұл күрескердің ісі. Өмірдің қуанышы да көп алуыңда емес, басқаларға көп беруіңде, білім мен тәжірибеңді халыққа таратуыңда.
Мінеки, сөзін осылай бастаған Баукең енді әскери адамдардың әскери тақырыпқа қойған сан алуан сұрақтарына жүйелеп жауап береді. Әскери трактат түріндегі ол жауаптар мынадай:
Мен қайткенде де қоғамға пайдамды тигізсем, Совет Одағына ақырғы демім біткенше еңбек етсем деп арман еттім.
Армия — азаматтық зор мектеп.
Менің армияда алға қойған міндетім Отанды жаудан қорғау еді, қорғадым; жазушылық ісінде алға қойған мақсатым аға буынның ерлік істерінің үлгісін дәріптеу, жастарды советтік патриотизм рухында тәрбиелеп, ерлікке үйрету еді, оны да орындап келемін.
Жеке солдаттың тәжірибесі — жақсы мектеп. Ал бүтін взводтың тәжрибесі — университет.
Менің өз кітабымның шекесіне жазатын эпиграфым мынадай: «Бұл жазбаларымда мен тек жақсы тәжірибемді ғана ортаға салмақ емеспін, өзімнің басымнан кешкен қателерімді де әңгіме етпекпін. Бауыржан Момышұлы».
Егер менің кітабымның елге берер жемісі болса, онда еңбегімнің өтелгені.
Кездесулерде менен Панфилов туралы көп сұрайды, қандай адам еді? — дейді. Генерал Панфилов жауынгерлік еңбегі үлкен, әскери атағы жоғары бола тұра кішіпейіл, ақжарқын, талап қойғыш та қамқор жан еді, нағыз орыстық, интернационалдық мінездің адамы болатын.
Өзіне өзі сынмен қарау — оңай іс емес.
Өзінің қателерінен сабақ алу әркімнің қолынан келе бермейді.
Үлкен бастықтың оңдырмай сөккенінен адамды өз арының сөккені әлде қайда күшті.
Москва түбіндегі ұрыстардың бірінен соң өзімнің онша сәтті болмаған бір шешімімді генерал Панфиловқа баян еттім. Уставтың кейбір тармақтарына негіздеп қабылдаған ол шешімнің ойдағыдай боп шықпағанын айттым.
— Бірінші Петр алдымен былай деп жазған екен, — деді генерал маған ойлана жауап қатып. — «Соқырдың қабырғаны сипалағаны сияқты, уставқа жабысып қалма. Өйткені онда тәртіп жөні тізілген, ал мезет пен мезгіл, болар оқиға жазылмаған». Содан кейін Бірінші Петр сәл ойланыпты да, артынша мына сөздерді қосыпты: «Кімде-кім уставты орындамаса, қамшымен орындаттыру керек».
— Бірінші Петр жақсы айтқан, жолдас генерал, — дедім мен. Панфиловтың сөзін бөліп.
— Жақсы айтуын жақсы айтқан, — деді Панфилов, — Оған дау жоқ. Алайда, ол Сізді қамшымен осқылар еді, ал менің өйтуіме Совет өкіметі рұқсат етпейді. Уставты біледі екенсіз, оны қолданба демеймін. Бірақ оның тармақтарын орнымен қолданған жөн, нақты жағдай не айтады, соны есепке алып, ретіне қарай қайрат жасау керек. Уставты жаттанды қолдануға, әрпіне жабысып қалуға тыйым саламын.
Генерал Панфиловтың осы сөзін өмір бойы жадымда сақтап келемін. Соғыс уақытындағы қиын-қыстау кездерде, одан кейін де сан рет генералды есіме алып, оның маған ақыл айтқан сол сәтін көз алдыма келтірдім. Тіпті қазір, өзім қартайып, генералдың жасынан асып кеткен шақта да, оны көз алдыма әкеліп, «ақылдасып» аламын, содан кейін сабама түсемін. (Қарт кісілер ашушаң келеді ғой.)
Устав — бейбіт күнде заң, соғыста творчество. Ал творчество тек ақылмен, терең оймен ғана жүзеге асады.
Бұйрық халық, Отан атынан беріледі, берілген соң оны орындаушы адамның тағдырына айналады.
Әскерлер командир үшін емес, командирлер әскер үшін керек.
Командирлік өнердің басты міндеті — көптің көңілін ашар кілтті табу.
Соғысатын — адам, ал техника дегеніміз — оның қолындағы күрес құралы. Өзінің қолындағы техниканы, дастархан үстінде қасықты жұмсағанындай, жақсы игеріп, жұмсай алатын саналы, намыскер, инициативты, белсенді жауынгер — міне нағыз жауынгер тұлға осы.
Бейбіт күнде де, соғыста да әскерлердің саяси-моральдық факторының шешуші маңызы бар.
Саяси бөлім — әскерлердің рухани штабы.
Ерлік істелмесе — ешкім де қалам тербемейді.
Армияда саяси жұмысты ұйымдастыру жауынгерлік әзірлікті ұйымдастырудан әлдеқайда күрделі.
Ұрыста саяси жұмысты ұйымдастырудың жай-күйі командир шешімінің белгілі бір буынын жасап алудан бір де кем емес.
Ұрыста командир шешімін саяси жағынан қамтамасыз ету — ұрысты материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуден бір де кем емес.
Қарулы күштер дегеніміз Отанның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауды, революцияның жеңістерін сақтап қалуды, мемлекеттік мүдделерді сақтауды және халықтың жемісті бейбіт еңбегін қамтамасыз етуді көздейді, сол үшін жасақталады.
Әскери қызмет дегеніміз — дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы.
Кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес.
Армия өмірінің басты негізі — қатаң әскери тәртіп. Қатаң әскери тәртіп саяси биік саналылыққа, патриоттық сезімге, әр жауынгердің өзінің әскери борышын терең түсінуіне негізделеді.
Әрбір жауынгер тәртіпті болуға, өз қолындағы қарудың тетігін әбден игеріп, сақтай білуге, өз білімін үнемі көтеруге, өзінің әскери коллективін құрмет тұтуға, барлық істе өз жолдастарына көмектесуге, өз жолдастарын лайықсыз қадамдардан сақтандыруға және өз командиріне сөзсіз бағынуға міндетті.
Әскери тәртіпті нығайтудың негізгі әдісі — сендіру, қосалқы әдісі — көндіру. Командир көндіру әдісін тәртіпсізді тәрбиелеудің ең соңғы шарасы ретінде ғана қолданады.
Командир өз бағыныштыларын ашумен емес, ақылмен тәрбиелеп үйретуі тиіс.
Командир қара қылды қақ жарған әділ болуға, біреуді шектен тыс мақтауға да немесе біреуді жазықсыз жазғыруға да бармауы керек.
Талап қою дегеніміз — заң, қаталдық дегеніміз — заңсыздық.
Қаталдық, басқа да заңсыздықтар сияқты, жауынгерді қорлайды, езеді, ызасын қоздырады.
Саяси саналылықтың, жауынгерлік дәстүр мен озат тәжрибенің тәртіпсіздікке төзбеушілік көзқарастың негізінде жауынгер намыскер адам болып тәрбиеленіп, үйренуі керек.
Намыскер емес адам — ерлік жасауға қабілетсіз.
Ерлік — табиғат сыйы емес, ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі.
Ешкім де генерал болып тумайды. Генералдар солдаттардан өсіп шығады.
Ауыстыруға болмайтын адамдар жоқ.
Еш нәрсе нормадан не кем, не артық болмауы керек.
Соғыс жорығы — саяхат емес, ұрыс даласы — курорт емес.
Командирдің қасына оны үнемі қолдай беретін пір еріп жүрмейді. Оның ойына, аспаннан сап етіп, ақыл түспейді. Ол мойнына өзінің барлық істерін сәттілікке сая беретін бойтұмар тағып жүрмейді. Тіпті командирді устав ережелері де, оны қаншама жатқа білгенмен, қолдай бермейді. Командир творчество адамы. Әр жағдай командирді әртүрлі ойлатады, әртүрлі толқытады, әр арнадан, әр саладан оны іздендіреді. Бір жағдайдағы келісімді нәрсе екінші жағдайда сәтсіздікке ұшырауы мүмкін... «Уставта былай делінген екен, мен де солай істейін» деп устав әріптерін талисман ретінде ұстаушылар шаблонистер. Уставты оқи білу өз алдына, оны ұғына, астарына түсіне білу өз алдына.
Мінеки, Баукеңнің Кубада айтқан әскери ойларының ұзын ырғасы осындай. Революциялық Куба армиясының солдаттары мен командирлері бұл сөздерді разылықпен, ілтипатпен тыңдады. Өзіміз үйренер өнеге деп қабылдады. Куба Үкіметі мен Қарулы күштері генералитетінің совет полковнигі Бауыржан Момышұлының құрметіне арналған қабылдау мәжілісінде сол кездегі Қарулы күштер министрі коменданте Рауль Кастро былай деді:
— Құрметті коронел Момышұлы! Біз бұрын Сізді Александр Бектің кітабы және өз кітаптарыңыз бойынша білуші едік. Енді өзіңізді көріп, өз аузыңыздан сөзіңізді естіп отырмыз. Сіздің көп бейнет кешкен тәжірибеңіз біздер үшін, жас жауынгерлер үшін (Сіз, әрине, біздің жастығымызды мойындамай, жаспыз деп айтып қалғанымыз үшін сөксеңіз де) айнымас қағида болды және бола да береді. Біз Сізбен өз жерімізде, Американың азат аралында кездескенімізге қуаныштымыз. Сіз әскери адам, жазушы, ғалым ретінде біздің ортақ ісімізге көп пайдаңызды тигізе аласыз. Сіздің біздің елге келуіңіз біз үшін ерекше көрініс болып табылады. Сіз өзіңіздің халықтардың патриоттық және достық әдебиетінің әлемінде істеп жатқан игілікті еңбектеріңізбен қолыңыздың бос еместігіне қарамай, біздің елге келуге мүмкіндік таптыңыз... Елімізде болған аз уақыттың ішінде. Сіз үлкен саяси жұмыс жүргізіп, бізге өз тәжрибеңізді айтып беруіңіз, өзіңіздің жіберген қателеріңіз болса, оны да алға салдыңыз. Мұның бәрі біз үшін өте бағалы, коронел! Біздің республикамыздың ішкі және сыртқы жағдайы қазіргі уақытта өте күрделі болып отыр. Сіз, әрине, көре білетін адам, әскери және қоғамдық қайраткер болғандықтан мұны өзіңіз де аңғармай өткен жоқсыз. Біз жалпыға бірдей міндетті әскери тәртіп туралы заңның жобасын бүкіл халықтың талқылауына беріп отырмыз. Мен Фидельдің тапсырмасы бойынша Москвада болғанымда, біздің елші арқылы, Сіз жөнінде анықтама алып та көрген едім. Кейіннен біздің елші хабар етті: Сіз аман-есен, Алматыда тұрады, кітап жазады дегенді айтты. Содан кейін тиісті каналдар арқылы, Сіздің бізге келуіңізді өтінген едік... Сіз өзіңіздің келетініңізді күнілгері білдірмегеннен кейін, біз, тиісті түрде, лайықты қарсы алуды ұйымдастыра алмадық. Бұл үшін мен Сізден ғапу өтінемін... Сіз риза болсаңыз, коронел, біз ризамыз. Бұл қабылдаудың өзі де біздің премьер-министрдің — Фидель Кастроның — арнайы нұсқауы бойынша өткізіліп отыр. Өзіңіз көріп отырғандай мұнда министрлер және біздің қарулы күштердің әскер түрлерінің бас командашылары отыр. Фидельдің өзі шұғыл жұмыспен тездетіп Ориентаға кетті. Маған Сіздің алдыңызда ғапу өтінуді сұрап еді... .
Құрметті ұстазымыз коронелдің денсаулығына, бұл кісі, бұдан былай да ойымызға ой қоса беруіне, бұл кісінің семьясының бақытты болуына, бұл кісінің балалары жақсы ата мұрагерлері болуына тілектестік білдіріп, осы тосты түрегеп тұрып ішейік.
Рауль Кастроның бұл сөзінен кейін рюмкаларын көтеріп, табандарынан тік тұрады.
Осылай, бөтен жерге жалғыз өзі барып, бүкіл бір елді аузына қаратып дүрілдетіп қайту Баукең сияқты ердің ерінің ғана қолынан келер. Бөтен елдің министрлері мен генералдарына өзіңді танытып, сөзіңе бас шұлғытып, олардың құрметі мен сүйіспеншілігіне ие болу үшін қаншама күш, қайрат, ақыл, шешендік, даналық керек десеңші. Бауыржанның бойында Исатайдың ақкөздігі, Махамбеттің ақындығы, Аманкелдінің өрлігі, Чапаевтың ерлігі, Қажмұқанның қайраты бар. Баукең осы бес батырдың тоғысқан нүктесі. Ұлтымыздағы әскери, әдеби, саяси даналық бір басына тоғысқан тұлға осы!
Мен осылай деп ойладым.
— Немене, ұйықтап кеткен жоқсың ба? — деді Баукең мен ұзақ үнсіз қалғаннан кейін еңсесін көтеріп.
— Жоқ, Бауке, ұйықтағаным жоқ.
Х
Баукең әңгімесін қайтадан жалғады.
— Сонымен мен Москва — Алматы поезының халықаралық вагонында келе жатырмын. Поезд вагон ішіндегі мені тербетеді, мен өз ішімдегі ойды тербеймін. Москвадан Алматыға қарай тартылып келе жатқан жаңа өмірімнің жағдайын ойлаймын.
Алматыға келдім.
— Шынымен келдің бе? — деп әйелім бетіме ұзақ қарады.
Содан кейін қасыма Бақытжанды алып, елге кеттім. Мен тек бәйбішемнен ғана екі перзент көрген кісімін ғой. Шолпан деген қызым ертерек қайтыс боп кетті. Жанымның жалғыз қабығы болып Бақытжан ғана қалған. Оның ер жетіп, қазір жұрт білетін-жазушы болғаны өзіңе белгілі.
Баламды қасыма ертіп, балалық шағым өткен жерлерді аралап, Жамбыл мен Шымкентте үш-төрт айдай жүрдім. Елмен, ағайын-туыстармен кездесіп, мауқымды бастым.
Сөйтіп Алматыға қайтып келсем военкомат мені іздеп, шала бүлініп жатыр екен. Ол кезде Маршал Жуков Қорғаныс министрі болатын. Ол кісі өзі Алматыға телефон соғып, полковник Момышұлы денсаулығына байланысты әскерден босап, Алматыға кетті. Сол кісіні қызметке орналастырып, пәтер бергізіп, артынан маған хабарлаңдар депті. Военкоматтағылар Алматыдан мені сұрастырып таба алмайды. Министрге жауап беру керек. Олар соған сасқалақтап отыр екен.
— Министрге полковник Момышұлына қызметтің керегі жоқ. Ол әдеби енбекпен шұғылданатын болады. Пәтерге орналастырудың да қажеті жоқ. Оның өз пәтері бар деп айтыңыздар, — дедім.
Маршал Жуков аса әділетті кісі еді. Тіпті күні кешеге дейін мен оның есінде екенмін. Былтыр Москвада өткен Отан соғысы ардагерлерінің жиналысында ол Қазақстан делегациясына келіп. Момышұлы қайда деп сұрапты. «Ол ауырып жатыр» дедік деп Снегин айтып келді. Өз басым маршал Жуковқа өте разымын. Жұрт Жуковты қатал болды деседі. Дей берсін. Қаһармандық қаталдықтан туады. Жұмсақтан жолбарыс шықпайды. Понятно тебе?
Москвадан Алматыға келіп екінші өмірімді бастағанда мен қазақ әдебиетінің Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты генералдары бола алмайтынымды білдім: Енді мен баяғыдай банк қызметкері де бола алмаймын. Партия, совет қызметкері болу қолымнан келмейді. Мен ол кезде жалпақ жайлауда жағалай отырған ауылдарға ат аздырып, тон тоздырып шеттен көшіп келген кірме сияқты едім. Қай ауыл қоңсыға жайлы болар екен, қай үйдің іргесіне арбамның дертесін тіресем екен деп ойладым. Келгенді кет демейтін кең қолтық жазушылар ауылы жаққа жалтақтап көп қарадым. Көкорай шалғынның төріне қонған ол ауылдың ордалары көзіме жылы ұшырай берді. Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабит үйлерін қоршалай қонған ақ отаулардың түндіктері тынымсыз желпілдеп жатты.
Мен сол ауылдың шетіне тоқтап, әскери лашығымды тігетін орын іздедім. Кездестіре алмадым. Тау жақ қиядан, үлкендігі шөккен атандай кедір-бұдыр тасы көп бос орын таптым. Ол ешкімге керегі жоқ, ақ орда сыймайтын, ақ отаула ешкім қажет қылмайтын, бос бұрыш екен. Мен сол жерге, құз жартастың басына әскери шатырымды орнатып, әдебиет аулына қоңсы қондым.
Әскерден босаған соң, Жамбыл, Шымкенттен оралып, үйге тізе бүгіп жайғасқаннан кейін, ендігі генералдарыма сәлем берейін деп, жаңа мундирлерімді киіп, қылыш, маузерімді асынып, Пролетар көшесі, 11-ші үйдегі Жазушылар одағына бардым. Барсам басшылардан ешкім жоқ. Бір кабинетте көзәйнегі жарқырап жас секретарь отыр екен. Полковник Момышұлы әскерден босап, әдебиет полкының қарамағына келді. Енді осы одақтың әскери жазушысы боламын деген рапортымды соған беруіме тура келді. Осылай деп Бауыржан кеңкілдеп күліп алды.
Автор. Неге күлдіңіз, Бауке?
Бауыржан. Рапорт берердегі менің қылышымнан қорқып жас секретарьдың сонда стол астына кіріп кеткені ойыма түсіп, соған күліп отырмын.
Сөйтіп мен қазақ әдебиетінде ең алғаш әскери тақырыпты бастадым. Менің бұрын азын-аулақ соғыс тақырыбына қалам тартқан жазушылардан өзгешелігім өзімнің соғысқа қатысып келгендігім еді. Менің екінші өмірімнің бақыты әшейін жазушы емес, әскери жазушы болғандығым. Содан бері не жазып, не қойғанымды жоғарыда айттым. Жұрт біледі. Мен әскерде де, әдебиетте де полковник дәрежесінде қалдым. Генерал болу менің пешенеме жазылмаған. Бірақ, қырық алты жасымда басталған екінші өмірімді алғашқы өмірімнің дәрежесіне жеткізгенімді мен өз басыма қонған өзгеше бақыт деп білемін. Бұл сұрағыңның жауабы осы, қарағым.
ХІ
Автор. Енді ең соңғы сұрағымды қоюға рұқсат етіңіз, Бауке.
Бауыржан. Қойғын.
Автор. Бұрынғы мен бүгінгіні, онымен болашақты салыстыра отырып, арт пен алға көз жібере келіп, жас ұрпаққа қандай ақыл айтар едіңіз?
Бауыржан. Алдымен Россияның адамзат алдындағы баға жетпес еңбегін әрқашан еске алып отыру қажет дер едім. Ол ең алдымен татар-монғол шапқыншыларын талқандап, Шығыс Европа, Орта Азия, Кавказ елдеріне азаттық әперді, ал Батыс Европаның қалаларын біздің Отырар, Құмкент сияқты жермен-жексен етілуден сақтап қалды. Содан үш жүз жылдан кейін бүкіл Орталық және Шығыс Европаны басып алмақ болған швед королі Карл ХІІ-ні Россия Полтава шайқасында және қиратып шықты. Содан жүз жыл кейін бүкіл Батыс Европаны табанының астына салып алып, «Европаның бар халқынан тұтас бір халық жасап, Парижді барша дүниенің кіндігі жасаймын» деп әлемге жар салған әйгілі Наполеонды да Россия талқандады. Сол сияқты Батыс Европаны түгел басып алып, «Барбарос» жоспарын төбесіне ту етіп көтеріп, шығысқа қарай өрттей қаулап келе жатқан Гитлерді де Россия құртты. Осылайша ол Орталық және Оңтүстік шығыс Европаның халықтарына және азаттық әперді. Соңғы бес ғасырдың ішінде Европа мен Азияның халқын және қалаларын Россия төрт рет қырғын мен күйреуден сақтап қалды.
Міне осыны ұмытпау керек. Бұл бір.
Европаның Англия, Франция және Германия сияқты ірі мемлекеттерінің бірде-бірі адамзат үшін орыс мемлекетіндей еңбек еткен емес. Ендеше оны да ойдан шығармау керек. Орыстар өздігінен өзгеге тимейтін ең ұстамды халық. Егер өзіне жау тисе жеңбей тынбайтын ең ер халық. Ер халықпен еншілес болу ерекше бақыт.
1812 жылғы Отан соғысына қазақ халқы елеулі үлес қоса алмады. Ол соғысқа украиндар 60 мың адам, Дон қазақтары 26 полк, башқұрттар — 20, қалмақтар 2 полк берсе, қазақтардың қосындары бір көпе шөптің ішіне түскен инедей ғана болды. Ал 1941—1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қазақтар белсене ат салысты. Бұдан жүз отыз жыл бұрын Наполеонға қарсы тұтас бір батальон қоса алмаған Қазақстан бұл соғысқа өз қолымен жасақтап бірнеше дивизия мен бригада аттандырды. Сөйтіп, Совет Армиясының берік жауынгерлік сапында қазақ солдаттары Европа мен Азиядай екі материкті азаттық сапарымен еркін шарлады.
Оларды Отан лайықты наградтады. Бес жүзге жуық қазақстандық солдаттар мен офицерлерге, олардың ішінде тоқсан сегіз қазаққа Совет Одағының Батыры атағы берілді. Қазір қазақтан шыққан он шақты генералымыз бар. Олар: Шәкір Жексенбаев, Бердіғали Игіліков, Нұрлы Байкенов, Сағадат Нұрмағамбетов, Камал Бошаев, Есет Әлібеков, Баһадұрбек Байтасов, Самұрат Сыртанов және Жансам Кереев. Бұлар әскери генералдар. Ал Шырақбек Қабылбаев пен Әбдіманап Тілеулиев бастатқан Ішкі істер қызметі мен мемлекет қауіпсіздігі қызметінің генералдары өз алдына бір төбе. Бұлар біздің халқымыздың тарихындағы түңғыш генералдарымыз. Сол себептен де мен оларды санамалап толық атап отырмын. Мұны білудің оқырмандарға да артықтығы жоқ. Түсінікті ме саған?
Мінеки, орыстар өзінің жалпы адамзаттық төртінші ұлы миссиясын атқарғанда — Европаны Гитлердің қанды шынжырынан құтқарып қалғанда, барлық басқа да совет халықтары сияқты, қазақтардың онымен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге болуы — біздің мәңгілік ұлттық мақтанышымыз. Міне бұл — екі.
Одан кейінгі айтатын сөз мынау.
— Ей, бүгінгі жас қауым, бейтаныс арғы ұрпақ!
Әр әке балам бақытты болса екен, үрім-бұтағым үзілмесе екен, өшпесе екен деп тілейді. Осы мақсатпен жиырмасыншы ғасырдың басында әкелеріміз бізге қаралы жексенбілерде қан кешіп жүріп, коммунистік қоғам орнатып, кең байтақ социалистік Отан жасап берді. Олар бізге: құрылыс жақсы болса — тұрмыс жақсы, бірлік мықты болса — тірлік күшті. Осы құрылыс пен бірлікті көздің қарашығындай сақтаңдар деп өсиет етті. Біз бұл өсиетті абыроймен орындап, социалистік Отанымызды Гитлер сияқты ең жауыз жаудан сақтап қалдық. Туысқандық бірлігімізге титтей де дақ түсірмедік.
Сөйтіп, Ұлы Отан соғысында қабырғадан қан кешіп жүріп, біз де сендерге бақыт әпердік, жас ұрпақ. Ол — қазіргі кең жазира Отаның сенің. Өйткені — Отансыз өмір, онсыз қуаныш жоқ. Соны көздің қарашығындай сақтаңдар. Соңғы үш ғасырда дүниеге үш жалмауыз берген адамзат жауыз ұлға қысыр боп қалмас.
Бір ғасырда бір Наполеон, екі жүз жылда есуас Гитлер тумай қоймас. Ондай жауыздардан елді, жерді, социалисты қоғамды сақтап қалу — сенің борышың, алғы ұрпақ.
Ұзын бой қысқарады, үлкен дене кішірейеді, адам ақыры өледі. Ол — табиғат заңы. Адам өлгенімен оның еңбегі өлмейді, ерлігі өлмейді, ол атқарған ұлы іс өлмейді. Ұлы іс Отанға деген сүйіспеншіліктен, халыққа деген құрметтен, осы екеуі үшін аяусыз еткен еңбек пен ерліктен туады. Өткен Отан соғысында он тоғыз — жиырма жасар азаматтар ерекше ерлік көрсетті. Жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашан да әзір болу керек.
Жастарымыз отаншыл болсын. Отаншылдық — әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе сол адам отаншыл болады. Өйткені өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын құрметтемейді. Үйде бауырмал болмаған, түзде интернационалист болмайды. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек. Екеуі аспан мен жердей екенін жастар ажырата білуі шарт.
Намыс — азаматтың алтын туы. Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады. Оларды ұялтпайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін,.. бірақ ата-анамды, ағайын-жұртымды жерге қаратпайын дейді. Ер жігіттің елі — ата-анасы, Отаны — өз үйі.
Патриотизм — «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуғa әзірмін» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол — формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан басталады.
Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы — адамгершіліктің ең асыл парызы. Ал еңбекшілдік, білімділік, тәртіптілік, тәлімділік, шыдамдылық — армия үшін ең қажетті қасиет. Әскерде басбұзарлыққа орын жоқ! Өйткені оның қолында елдің тағдыры — қуатты техника бар. Ал жауынгердің ол техниканы тастап қыдырып, қыз қуалап, арақ аңдып, қаңғып кетуіне болмайды.
Жастар араққа үйір болмауы керек. Арақ адамгершіліктің, азаматтықтың, ақылдың жауы. Арақ азғындыққа жетелейді. Араққа бір үйреніп алсаң одан қашып құтыла алмайсың. Ең алдымен осыдан сақтану керек. Арақ — адамның ішкі жауы. Сыртқы жауды техниканың күшімен құртуға болады. Ал ішкі жауды ешқандай ракетамен атып түсіре алмайсың. Нәпсіқұмарлыққа бір салынып алсаң, оны тоқтатуға ғылымның да, білімнің де шамасы жетпейді.
Ей, жүз жылдан кейінгі, мың жылдың ар жағындағы үрім-бұтақ, жұрағат, жас ұрпақ! Естисің бе менің үнімді, жете ме саған менің дауысым. Жетсе, бүгінгі баламыздан бастап, көп ұлтты социалистік Отанымыздың барлық, болашақ ұрпақтарына айтар екі ауыз сөзім бар. Ол — Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! —деген сөз. Ол — халықтар достығын қадірлеңдер, қасиеттеп ұстаңдар! — деген сөз.
Ұлы Октябрь революциясы салып берген даңғыл жолымда маған тамаша орыс адамдары, орыс қолбасылары кездесті. Егер менің сонау Николай Рединнен бастап, Панфилов, Чистяков, Серебряков, Рокоссовский, Жуков сияқты ұстаздарым болмаса, онда мен дүние жүзіне әйгілі полковник Момышұлы болмас едім. Егер орыс халқы болмаса, оның Толстой мен Тургенев, Чехов пен Горький сияқты қаламгерлерінің еңбектерінен үлгі алып өспесем, онда мен жазушы Момышұлы болмас едім.
Анада, Азия-Африка жазушыларының Алматыда өткен бесінші конференциясының соңында біздің республикамызды аралап көрген бір топ шетел жазушыларының алдында мен былай деп сөз сөйледім.
Қадірлі қонақтар!
Қымбатты москвалықтар!
Ардақты жерлестерім менің!
Бұл жерде менің ағалы-інілі адамдар жайында екі-ақ ауыз сөз айтқым келеді.
Егер сен шамасы аз, шағын денелі бала болсаң, онда саған арқа тұтарлық әлуетті аға керек. Сонда ғана саған ешкім бата алмайды; біреу-міреу көзін алартқанымен, қолын жұмсай алмайды...
Дәл осындай алып аға кішкентай халықтарға да қажет. Өйткені халықтар да жер шарының сәбиі, бала болғандықтан оларға да қорған керек.
Біз, Советтер елін мекендейтін аз халықтар, өзіміздің үлкен ағамыз орыс халқын мақтан тұтамыз. Мақтан тұтатын себебіміз ол шын мәніндегі ұлы халық. Мен оны дүние жүзіндегі көп санды халықтардың бірі болғандықтан ұлы деп атап тұрғаным жоқ. Тек сан жағынан ғана басым халықтарды шетінен ұлы деп атай беруге болмайды. Адамдарға азаттық, бейбітшілік, теңдік, туысқандық, достық әкелуші көп санды халықтың ғана ұлы деп аталуға қақысы бар. Өзімен отандас аз халықтарға қалтқысыз көмек беріп, оның экономикасы мен мәдениетінің, ана тілі мен әдебиетінің, ғылымы мен өнерінің өркендеуіне үнемі қамқор болып отыратын көп санды халықты ғана ұлы деп атай аламыз. Ал орыс халқы дәл сондай халық. Орыс халқын біз осы үшін шексіз сүйеміз.
Біз орыс халқын дүние жүзіне тамаша революционерлер, халық бақыты үшін көптеген табанды күрескерлер бергені үшін сүйеміз. Идеясы дүние жүзінің барлық езілген халықтарының компасы болған Лениндей данышпан орыс халқының көкірегін жарып шыққандықтан да біз оны одан сайын жақсы көреміз.
Орыс халқын шексіз сүйіп, жақсы көретін себебіміз ол — туыс халық, ол — дос халық, ол — әке халық. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, дүние жүзіндегі көп санды халықтардың орыстан басқа қайсысы аз халықтардың Шыңғыс Айтматов, Расул Гамзатов, Юрий Рытхэу, Юван Шесталов, Әнуар Әлімжанов сияқты талантты өкілдерін алақандарына салып, әкедей әлпештеп, зор мақтанышпен дүние жүзіне танытып отыр?!
Мен бұл тосты рақымды, мейірбан, әділ, адал, турашыл, еңбекшіл, интернационалдық, коммунисты ұлы орыс халқы үшін көтеремін.
Біздің орыс халқын осылай ақ пейілмен, адал көңілмен шексіз сүйетінімізге дүние жүзінін басқа халықтарының қызығуына да, қызғануына да болады.
Ал кімде-кім қызығатын болса, онда ол бұл халықтың адал досы болсын да, біздің мызғымас достық берік саптан орын алсын. Ұлы орыс халқының үлкен жүрегінен дүние жүзіндегі барлық халықтарға мекен табылады.
Бұл ой, бұл сөздер — менің жан жырым, менің халқымның жүрек жыры. Бұл жырды мен бар дауыспен барлық жерде айта аламын, қонақтардың достардың, менің халқымның жауларының алдында да шырқаймын!..
Міне, мен Азия мен Африка елдері жазушыларының алдында осылай дедім. Өлсем — өсиетім осы. Өле-өлгенше аузымнан тастамай алыс, жақын ағайынға айта жүрер сырым мен шыным осы, қарағым. Мұның жастарға да қатысы бар.
Автор. Сіз бен біз ұзақ әңгімелестік, Бауке. Көп рақмет.
Бауыржан. Кәдеңе жараса сол айтылғанның бәрі сенікі.
Автор. Жарата алсаң деңіз.
Бауыржан. Оны өзің білесің. Менің шаруам жоқ.
Автор. Біз бұл әңгімемізді Жеңістің отыз жылдығы қарсаңында аяқтағалы отырмыз-ау, Бауке.
Бауыржан. Оның рас. Жеңіске жеткен қуанышқа кенелді, жетпеген арманда кетті. Отан соғысында өлгендерді ұмытпайық. Өзіміз өлгенше олардың аттарын аузымыздан түсірмей, жазғанымызда қағаздан қалдырмай халыққа айта берейік. Оларға біздің дұғамыз осы болсын! Өлгенді ардақтай білген ғана тіріні құрметтей алады. Өлгенге бақыт керек емес. Өлінің бақыты тірінің тірілігінде. Ал тірілер бір-бірімізді шын жүректен құттықтайық, сыйлайық, қадірлейік.
Осылай деп әңгімесін аяқтап, Баукең үн-түнсіз отырып қалды. Баукең туралы жазылған жаңа өлеңдердің бірі есіме түсті.
Біреуді асау дейді, тентек дейді,
Біреуді қыз мінезді еркек дейді.
Әркімді өз орнына әділ қойып,
Бәрібір уақыт әжем жетектейді.
Жаманды біржолата құлыптайды,
Жақсыны ел әлпештеп ұмытпайды,
Кеудесін кейбіреулер көтергенмен
Ақымақты ардагерге жуытпайды.
Туған ел: бүгінгі салт-сәні жақсы,
Қуанам — айналамның бәрі жақсы!
Көрсетер шаңырақты шартарапқа
Батыр ұл — Бауыржандар бары жақсы.
Терең ой, меруерт сөз табындырар,
Солардай болғай-ақ бір ағындылар.
Жүргенде ортамызда ардақтайық,
Бір күні бәрімізді сағындырар.
Қазақ ақындарының кейінгі буынының бір өкілі Кәкімбек Салықов жақында шыққан жинағына кірген бір өлеңінде осылай деген екен.
Осы ғасырдың басынан бергі ақындарымыздың жеті толқыны сені тегіс жыр етті. Сонау Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтан бастап, бүгінгі ұрпаққа дейінгі қазақтың жүзге тарта ақын, жазушы, журналист, ғалымдары саған өлең очерк, мақала, зерттеулер арнап, сүйіспеншілік лебіз білдіріпті, Бауке. Халық өлмейді. Отан тағдырының әрқилы тарихи кезеңінде ел үшін жан аямай қызмет еткен ардагер ұлдар мен асыл қыздар халықпен бірге мәңгі өмір сүреді. Халықпен қоса жасайтын адал перзенттердің бірі сенсің, Бауыржан!
Ерен ерлігімен есіміңді елге жайып, айдай әлемге паш еткен Бауыржандай батыр ұлың бар сен қандай бақытты едің туған халқым. Көзіңнің тірісінде атыңды аңызға айналдыра ардақтап, аузынан түсірмей жыр етіп келе жатқан абзал халқың бар сен де бақытты екенсің, есіл ер. Сенімен замандас, сыйлас, сырлас болған біз де бақытты екенбіз, асыл аға.
Сенен айналайын! Сенің халқыңнан айналайын!
дедім мен оған іштей.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет