Бүгінгі педагогикадағы ең үлкен кемшіндік – дұрыс əдіснама жоқ. Біз əдіснамаға ұсынып отырған жеті түрлі жүйе жалпы педагогикада жоқ.
Отбасы құруға дайындық, немесе ұрық тазалығы.
Ана құрсағындағы тəрбие.
Нəресте кезеңі.
Балбөбек кезеңі.
Сəбилік кезеңі.
Балиғат.
Жасөспірім кезеңі. Осы кезеңдердің əрқайсының өз тəрбие-тəсілдері бар» [2].
«Жансыздан жандының сипатын танитын Шығыстың философиясының» ұлылығын мойындаған ғалымдар қазақ педагогика ғылымының өзіндік əдіснамасы болу керектігін тұжырымдауы өте құптарлық жайт.
Педагогика ғылымының жеткілікті жоғары деңгейде дамуы білім берудің дамуы мен болашағын болжауға мүмкіндік береді. Білім берудің қазіргі кездегі теориясы мен тəжірибесі əлеуметтік дамудың, қазақстандық білім беру жүйесін ізгілендірудің шынайы талаптарына толық жауап бермейтіні анық. Бұл, біз жоғарыда айтып өткеніміздей, педагогика ғылымының гуманитарлық ғылымдар саласы ретінде əміршілдік-əкімшілік жүйенің жағымсыз ықпалында болуы, мұның өзі оның дамуын тежеді. Кеңестік дəуірде педагогиканың дағдарысқа ұшырауының бірден-бір себебі оның əдіснамалық негіздерінің идеологиялануы болып табылады, оның негізін тəрбиеге таптық тұрғыдан қарау қағидасы құрады. Мұның өзі əрбір ұлттың педагогикасының дамуын əлемдік педагогикалық тəжірибеден жəне жалпыадамзаттық гуманитарлық мəдениеттен аластатты. Қазақстанның тəуелсіздік алуы, мемлекетiмiздiң ұлттық мəдени тұрғыдын кемелденуi жас ұрпақты өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық мəдениетiмен, игi дəстүрлерiмен тереңiрек таныстырып, солардың негiзiнде тəрбие мен бiлiм беруге жол ашты. Соның нəтижесінде халықтық педагогика жəне қазақ этнопедагогикасы саласында тың ғылыми зерттеулер жүргізілді.
Ғылыми айналымға «этнопедагогика» терминін тұңғыш рет ендірген чуваш ғалымы, профессор Г.Н.Волков екені XX ғасырдың 60-жылдары ортасында белгілі болды [3]. Ал Қазақстанда этнопедагогика» терминін тұңғыш рет 1978 жылы профессор Қ.Жарықбаев өзінің «Революцияға дейінгі Қазақстанда педагогикалық ой-пікірдің даму тарихынан» атты əдістемелік ұсынысында берген еді. Ол «халықтық педагогиканы халықтың тəрбиелеу жəне оқыту туралы білімдерінің қосындысы; тəлім-тəрбиелік ой-пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы», ал «этнопедагогиканы халықтық тəлім-тəрбиені, оның тəжірибесін қорытындылап, жүйелейтін теориялық сипаттағы ғылым саласы; ұлттар мен ұлыстардың атадан балаға мирас болған тəлім- тəрбиелік тəжірибесінің (дəстүр, салт-сана, əдет-ғұрып, т.б.) қыры мен сыры туралы ғылым» [4] деп анықтамалар беріп, қазақ этнопедагогикасының мазмұнын ашты.
Халықтық педагогика жəне қазақ этнопедагогикасы саласында тың зерттеулер жүргізіп, Қазақстанда өзінің дара ғылыми мектебінің қалыптасқанымен, биік тұғырдан орын алатын көрнекті ғалым С.А.Ұзақбаева «Қазақтың халықтық педагогикасындағы эстетикалық тəрбие» атты докторлық диссертациясында тарихи-педагогикалық зерттеулерде халықтық педагогикаға берілген анықтамаларды сараптай отырып, бұл ұғымның мəнін былай ашып көрсетеді: «Халықтық педагогика тəрбие мен оқыту саласындағы халық бұқарасы білімдерінің, іскерліктерінің, дағдыларының жиынтығы, солардың негізінде ұрпақтан ұрпаққа халық шығармашылығы арқылы (поэтикалық, музыкалық, сəндік-қолданбалы өнер) беріліп отыратын əдет-ғұрыптар мен дəстүрлер қалыптасқан. Халықтық педагогиканың мақсаты – жас ұрпақты ата-бабалар тəжірибесінің ең жақсы мұраттарына тəрбиелеу» [5]. Ғалымның жетекшілігімен орындалған кандидаттық жəне докторлық диссертацияларда қазақ этнопедагогикасы материалдарын жоғары, арнайы орта оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердің оқу-тəрбие процесінде пайдалану мəселелері қарастырылады. Бұл зерттеулерде қазақ этнопедагогикасы материалдары халықтың бала тəрбиесінде пайдаланған құралдары (тəрбие құралдары), яки салт-дəстүрлері мен əдет-ғұрыптары, халық шығармашылығы (поэтикалық, музыкалық, сəндік-қолданбалы өнер), ата-тек шежіресі, діни ілімдер, философиялық, этикалық, педагогикалық озық ой-пікірлер мен идеялар ретінде пайдаланылады.
Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тəрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасы мəселесімен айналысқан белгілі ғалым Қ.Бөлеев «халықтық педагогиканы халық бұқарасының тəрбиелеу мен оқыту туралы ғасырлар бойы жинақталған тəжірибелері мен білімдері, өйткені қазақ халқы «ғылым негізі – тəжірибе, даналық негізі — білім» деп, ал «этнопедагогиканы халықтық педагогиканы зерттейтін ғылым саласы» ретінде анықтайды [6]. Докторлық диссертация көлемінде жасалынған «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тəрбие беруге дайындау» тұжырымдамасында жоғары оқу орындарында студенттерге этнопедагогикалық білім беру мақсатында «Қазақ этнопедагогикасы» жəне «Қазақ этнопедагогикасының тарихы» пəндерін оқыту көзделеді.
Қазақ этнопедагогикасының теориялық-əдiснамалық негiздерiн зерттеушi К.Ж.Қожахметова өзiнiң еңбегiнде «қазақ этнопедагогикасы» ұғымын былай анықтады: «Қазақ этнопедагогикасы — педагогика ғылымымен қазақ философиясы, этнопсихология, этнос теориясы, педагогика тарихы, қазақ тарихы, этнография, фольклористика нысанасы қазақ этностық тəрбие жүйесi болып табылатын мəдениеттану түйiсер тұста қалыптасқан бiртұтас жүйелi бiлiм беру болатын, адам өмiрiнiң өн бойында, отбасында жəне бiлiм беру мекемелерiнде жүзеге асырылатын дербес педагогикалық оқу пəнi» [7; 149].
Автор, басқа зерттеушiлер секiлдi, этнопедагогиканы педагогика ғылымдары жүйесiнiң табиғи бiр бөлiгi ретiнде қарастырып, өзiнiң таным объектiсiн зерттеуге педагогиканың қазiргi заманғы бүкiл жетiстiгiн пайдаланатындығын көрсетедi.
К.Д.Ушинскийдiң «ғылым тəрбиемен араластырылмауға тиiс. Ол барлық халыққа ортақ...» [8] деген қағидасына сүйене отырып, қазақ этнопедагогикасын зерттеуге деген өзiнiң бастапқы көзқарасын былай негiздейдi: 1) жалпы – педагогика ғылымы; 2) ерекше – этнопедагогика; 3) жеке – қазақ этнопедагогикасы.
Автордың пайымдауынша, ғылым, шынында да, ұлттық бола алмайды, ол зерттеу объектiсi, қолданылатын əдiстер, заңдар, заңдылықтар жəне т.б. тұрғысынан жалпыға ортақ. Бiрақ ғылым нысанасының өз ерекшелiгi, яғни əрбiр ғылымның өз нысанасы бар сияқты, бiр ұлттың этнопедагогикасы екiншi ұлттың этнопедагогикасынан өз нысанасымен жəне осыдан туындайтын өз салдарларымен ерекшеленедi, яғни қазақ этнопедагогикасының нысанасы қазақ этностық тəрбие ерекшелiктерi бола алады [7; 54].
Бiз автордың ой-тұжырымымен келiсемiз. Өйткенi К.Д.Ушинский айтқандай, əрбiр халықтың тəрбиелiк идеялары рухқа қаныққаны соншалық, оларды бөтен топыраққа, яғни басқа халықтың өзiндiк ерекшелiктерiн ескермей көшiре салу əсте мүмкiн емес. Бұл жеткiншiктердiң рухани қорын (бiлiмiн, ана тiлiн жеткiлiктi дəрежеде бiлуiн, мəдени деңгейiн, адамгершiлiк парасаттылығын, жеке танымдық ой-өрiсiн) шектейдi. Ал «рухани қордың негiздерi болса, ең алдымен өз халқының ұлттық əдет-ғұрыптары мен дəстүрлерiн игеру жəне оларға тiкелей iс жүзiнде қатысу процесiнде қалыптасуға тиiс. Ұлттық əдет-ғұрып ұлттық намыспен, патриотизм жəне интернационализммен байланысты ұлттық сезiмдердi дамытуға да, жəрдемдесуге тиiс [8; 21]. Демек əрбiр жас ұрпақ жалпыадамзаттық, əлемдiк деңгейге тек өз халқының асыл байлығын меңгергенде ғана көтерiле алады.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы, бiзге этнопедагогика əлеуметтiк жəне қоғамдық жағдайлардың ықпалымен қалыптасқан ұлттың өзiне тəн тарихи жолын, сол жолда тəрбие саласында қалыптасып, жүзеге асқан өзiндiк ерекшелiктерiн зерттейдi, атап айтқанда, дiни iлiмдерде, халық шығармашылығында (поэтикалық, музыкалық, сəндiк-қолданбалы), отбасы өмiрiнде, тұрмыста, салт- дəстүрлерде орын алған халықтың балаларды тəрбиелеу мен үйрету (оқыту) туралы бiлiмiн, халықтың бүкiл даналығын, сондай-ақ жеке адамның əлеуметтiк жəне тарихи-мəдени тұрғыда қалыптасуына ықпал ететiн философиялық, этикалық, педагогикалық ой-пiкiрлерi мен көзқарастарын, яғни тəрбие барысында қалыптасқан педагогикалық қағидаларын, ережелерiн, заңдылықтары мен принциптерiн, құралдарын, əдiс-тəсiлдерi мен амал-жолдарын жинақтап, жүйеге келтiредi деп түйiндеуiмiзге себепшi болды. Мұның өзі күні бүгінге дейін біз тəрбие саласындағы барлық ұлттық құндылықтарымызды тек педагогика ғылымының бір саласы — этнопедагогика тұрғысынан алып қарастырып келе жатқанымыздың дəлелі болып табылады.
Қазақ педагогикасының өзіндік төл ерекшелігі оның ізгілендіру мен парасаттылықты, адамгершілік пен адами құндылықтарды жоғары қоятын бай халықтық педагогика мұраларымен айрықша орын алады. Егер де біз қазақ педагогика ғылымын дамыту барысында тағы да батыстық үлгімен кетсек, қателесетініміз анық. Біз түркілік төл дəстүрімізді сақтай отырып, ұлттық ойлау, ұлттық болмыс өзгешелік-ерекшеліктерімізді нығайта түсіп, қазақ педагогикасын шығыс педагогикасының үлкен бір саласы ретінде қалыптастыру деңгейіне қол жеткізуіміз керек.
Қазақтың болмысы түрлі мəдениеттің тоғысында қалыптасқан, ал қазақ педагогикасы рухани мəдениет дамуының қалыптасқан белгілі бір бағдары, деңгейі болып табылады. Қазақ педагогика ғылымының қалыптасуын зерттеу барысында мынадай екі талапты басшылыққа алу керек:
тарихи-педагогикалық танымның əдіснамасы;
тарихи-педагогикалық ілімнің құрылымы.
Осы уақытқа дейін қазақ педагогикасының əдіснамасының жасалмауы мен оның теориялық деңгейде толық зерделенбеуі қазақ этнопедагогикасы мен қазақ педагогикасын бір мағынада қабылдауға алып келгені ақиқат. Олай деуге қазақ педагогикасының объектісінің, мазмұндық құрылымы мен мақсатының анықталмауы себеп болып отыр. Қазақ этнопедагогикасы өзіндік ұлттық сипаты бар педагогиканың бір саласы болып табылса, қазақ педагогикасы адам тəрбиелеудің жалпыадамзаттық құндылықтарын қамтитын əлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі болып саналады. Бүгінгі таңда қазақ педагогикасын бірден ұлттық тарихтың немесе ұлттық сананың, тəжірибенің үлгісі ретінде қараушылық айқын. Мұның өзі оның өз алдына дербес ғылым ретінде қалыптасуына, əрі дамуына кедергі жасап отыр. Сондықтан қазақ педагогика ғылымының əдіснамасын жасауда мынадай мəселелер өз шешімін табу керек деп есептейміз:
Қазақ педагогика ғылымы қалыптасуының тарихи кезеңдерін, əлеуметтік тегін талдау, оның басқа ғылымдармен өзара ықпалдастығы мен байланысын ашып көрсету.
Қазақ педагогикасының негізгі идеялары мен рухани бастауларын көркемдік-философиялық жəне əлеуметтік-психологиялық тұрғыдан талдау.
Қазақ педагогикасының қайнар көздері көшпелілер мəдениеті мен түркі өркениетінен нəр алатынын ғылыми тұрғыдан негіздеу.
Қазақ педагогикасы қазақ халқының тарихы мен мəдениетінің ұлттық деңгейі мен көрінісін қамти отырып, жалпыадамзаттың рухани мұқтажын өтеуге қызмет ететіндігін дəлелдеу.
Қазақ педагогикасы ғылымының əдіснамасы мен оның мазмұндық құрылымын жасау.
Қазақ педагогикасының келешегін айқындау, яғни болашаққа қызмет етуін қамтамасыз ету. Қазақ педагогикасы тарих пен мəдениеттің өткен кезеңдерінің мəселелерімен ғана шектелінбейді, ол халқымыздың ұрпақ тəрбиелеудегі бүгінгі тəжірибесін, тіпті оның болашаққа жету бағдарын да қамтып тұжырымдауға бейім болуы, тіпті соған қызмет етуі шарт. Жасыратыны жоқ, қазақ педагогикасы дегенде өткен тарихқа көңіл аудару, оның мəселелерін зерттеу айқын басым. Қазақ педагогикасы əзірге болашаққа қызмет ететін күйде емес екені рас. Сондықтан да қазіргі кезде қазақ педагогика ғылымын мойындамаушылар, оның табиғатына күмəндана қараушылар аз емес екені шындық. Ұлттық ұстаным – халқымыздың ұрпақ тəрбиелеудегі мол тəжірибесін, педагогикалық ілімін пайдалануға, оның өсіп-өркендеп дамуына еліміздің тəуелсіздігі мүмкіндік беретіні айдан анық. Мұның өзі қазақ педагогика ғылымын өз деңгейіне көтеру, оның əлемдік педагогикадағы өлшемін айқындау жəне ұлттық тұжырымдамасын жасауға күш салу міндеттерін алға қояды.
Қазақ педагогикасы, ең алдымен, түркі өркениетінен бастау алатын қазақ халқының ұрпақты тəрбиелеу, білім беру, оқыту мəселелерімен айналысады, қазақ ағартушыларының педагогикалық идеялары мен тұжырымдамалары негізінде педагогика ғылымының заңдары мен заңдылықтарын,бағыттары мен ағымдарын, іргелі педагогикалық теориялары мен қағидаларын айқындайды, сонымен бірге қазақ халқының ұлттық болмысына сай педагогика ғылымындағы барлық ғылыми жетістіктер мен педагогикалық мұраларды басқа қоғамдық құбылыстармен, ғылымдармен, идеологиямен, т.с.с. байланыста зерттейді. Басқа кез келген ғылымдар сияқты, қазақ педагогика ғылымы да фактілерді тек ашып қана қоймайды, оларды түсінуге мүмкіндік жасайды. Ғылымға да тəн нағыз шынайы ерекшелік оның табиғаттың, қоғамның жəне ойлаудың даму заңдарына қатысты болуы, оларды ашу жəне танып-білу болып табылады. Философияда заң, заңдылықтар деп объективті, мəнді, берік (тұрақты) жəне қайталанатын себеп-салдар байланысты айтатыны белгілі. Осыдан қазақ педагогикасы көшпелі мəдениет пен түркі өркениетінен рухани бастау алатын қазақ халқының ұлттық болмысына, халықтық тəжірибесіне сай балалар мен ересектерді тəрбиелеу, білім беру жəне оқыту заңдары мен заңдылықтарын зерттейтін ғылым деген қорытынды жасауға болады.
Қазақ педагогика ғылымының заңдары мен заңдылықтары əлемдік педагогикамен тығыз байланысты, мұнда тек ұлттық сана-сезім мен ұлттық ерекшеліктерге байланысты тəрбиенің болмысында өзіндік сипат болады. Əрбір заңдылықтардың арасында өзара мəнді байланыстар айқын көрінеді. Атап айтсақ:
мектеп пен педагогиканың арасындағы, бір жағынан, қоғамның экономикалық деңгейі, екінші жағынан, саяси даму деңгейі тұрғысынан;
қоғамның саяси жағдайы мен қоғамдық-педагогикалық қозғалыстар, педагогикалық теорияның даму қарқыны мен тəжірибе арасындағы;
қазақ педагогикасы мен басқа ғылымдар (əсіресе қазақ философиясы, қазақ психологиясы) арасындағы;
қоғамның əлеуметтік құрылымы мен қазақ халқының тəрбие жүйесі арасындағы;
мектеп, білім беру мен тəрбие мазмұны жəне қоғамдық сананың басқа формалары (мəдениеті,
дін жəне т.с.с.) арасындағы;
қазақ педагогика ғылымының жетістіктері мен білім беру міндеттері жəне мазмұнының арасындағы;
тұлғаны қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін факторлар арасындағы жəне т.с.с.
Осы заңдылықтардың барлығы өзара тығыз байланыста не себеп, не салдар, не байланыстырушы дəнекер ретінде əрекет етеді, жалпы алғанда, олар қазақ педагогика ғылымының тұтас бірлігін құрайды.
Қазақ педагогика ғылымы педагогика тарихымен тығыз байланысты, қазақ педагогикасының тарихы оның құрамдас бөлігі болып табылады. Себебі екеуінің де қарастыратын мəселесі — тəрбиенің теориясы мен тəжірибесі, олар өзара ықпалдастықта, бірін-бірі толықтырып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |