Қазіргі қазақ педагогика ғылымын дамытудың əдіснамалық негіздері
Тəуелсіз Қазақстандағы жаһандану үдерісі əлеуметтік жəне гуманитарлық ғылымдар алдына түбегейлі реформалау міндетін қойып отыр. Əлемдік өркениетке ену жағдайында түбірлі əлеуметтік- экономикалық жəне саяси өзгерістердің негізінде ұлттық мəдениет пен руханиятты жаңғыртудың мүмкіндіктерін толық жүзеге асыру қажеттілігі туындап, педагогика ғылымын əрбір халықтың ұлттық ерекшелігіне сай жетілдіру мəселесін қарастыру көзделуде.
Кеңес дəуірінде педагогика ғылымы шектен шыққан идеологиялану нəтижесінде үлкен дағдарысқа ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды. Педагогиканың идеологиямен етене теңестіріліп, түгелінен мемлекеттік бола түсуі əлеуметтік шындықтың нақты қайшылықтарын сыни жəне объективті түрде талдау мүмкіндігін шектеді. Педагогика ғылымының тұжырымдамаларын қоғамдық өмірдің ағымын өзгертуге болатын əлеуметтік технология ретінде қолдану бұрынғы кеңес заманындағы педагогикалық білімнің тиісті деңгейде дами алмауына себепші болды.
Педагогика ғылымы саласындағы дағдарыстың себебі болатын тағы бір құбылыс рухани мəдениеттің бедерсізденуі болып табылады. Бұл үрдістер қазақ халқының ұлттық дүниетанымының өзіндік қайнар көздері мен түп-тамырларын елемеуге əкеліп соқтырды. Педагогикалық ілімдер тəрбиенің абстрактылы, қайшылықсыз сызбалары ретінде қарастырылды. Мұндай жағдайлар ресми мəдениеттің идеологияланған кеңістігінде ғана қалыптасуы мүмкін еді. Ал нақты өмірде, əсіресе қазақ халқының бай рухани əлемімен жəне ұлттық психологиясымен түйіскенде бұл теориялар əр түрлі қайшылыққа толы қорытындылар жасайтыны айғақталды. Сырт көзге дұрыс болып көрінетін абстрактылы қағидаттар халықтың тіршілік əлемінен, тəрбие ортасынан оқшау тұрғандықтан, өзінің дүниетанымдық маңыздылығы мен əлеуметтік құндылығын жоғалта бастады.
Педагогикалық теорияның мемлекеттік идеологияның ықпалында болуы, ұлттық рухани мəдениеттің ерекшеліктерін елемеушілігі отандық педагогикалық ілімнің əлемдік педагогикалық бірлестіктен оқшаулануын туындата бастады. Əлемдік педагогикалық мектептердің негізгі бағыттарымен идеялық текетірестік жағдайында болу өзара тиімді дүниетанымдық жəне əдіснамалық үнқатысуды жүргізу мүмкіндігін шектей түскен болатын. Біздің педагогиканың томаға-тұйықтығы тəрбие мен білім беру мəселелерінің практикалық шешімін іздеуде догматизм мен əдіснамалық əлсіздікке əкеліп соқтырды. Екінші жағынан, педагогика ғылымындағы осындай қайшылықтардың тамырлары əлеуметтік жаттану үдерістерімен астасады. Бұл адамның меншіктен жаттануы, өзінің ұлттық тарихы мен халықтық педагогикасынан жаттануы, тіпті адамның өз мəнін, тарихы мен мəдениетін, тілі мен дінін жатсынуы болып табылады. Соның салдарынан адамдар əлеуметтік үдерістердің қарапайым құралы мен объектісіне айналды. Сондықтан қазіргі тəуелсіз Қазақстан жағдайында халқымыздың рухани ахуалына сəйкес педагогика ғылымы өз мазмұнын əлеуметтік жаттануды еңсеру жолдары мен ерекшеліктерін анықтауға бағыттауы тиіс. Мұның өзі біздің ұлттық болмысымызға сай қазақ педагогикасының əдіснамасын жасауды қажет етеді. Қазақ педагогика ғылымы əлемдік педагогика тұрғысынан қазақтың ұлттық рухы, менталитеті мен тəрбие ерекшеліктерінің қалыптасуы мен даму тарихын тұжырымдай отырып, өз бойында əлемдік мəдениеттің жетістіктерін жинақтап, жалпыадамзаттық тəрбие тəжірибесін танытатын ғылым болуы тиіс.
Еліміз тəуелсіздік алып, өз алдына мəдениеті мен тарихын жаңғыртып жатса да, күні бүгінге дейін Қазақстанда педагогика ғылымы еуропоцентризмнің ықпалынан шыға алмай отырғанын жасыра алмаймыз. Ұлттың болашағын ойлаған ғалымдарымыз бұл мəселені жан айқайымен көтеріп жүрсе де, ол əлі шешімін таппай отыр. Сөзіміз дəлелді болуы үшін белгілі ғалым М.Мырзахметовтың мына пікірін келтіруді жөн көрдік: «Айрықша мəн беретiн мəселенiң бiрi – қазiргi еуропалықтардың мiнез-құлқы мен рухани болмысына елiктеу мен солықтау жағынан бiздiң қазақ жастары бəйгенiң алдын берер емес. Əсiресе ұлы Абай «Арсыз болмай мал қайда, айлакер болмай бақ қайда?» – деп таңбалап айтқанындай, ада қазақтар мен шала қазақтардың қоғам байлығын «заңды жолмен» талап алып, бойына сiңiрiп қалу үшiн азаматтық қоғам деген модельге бас ұрып, насихаттап жатуы жай нəрсе емес. Бұл танымға ұлтсызданған тоғышар пиғылдағы ұлттық буржуазия мен осы пиғылды iштей жақтаушы кейбiр саяси билiктегiлердiң мүддесi жақын тұрғандай сезiледi. Бiздегi ұлтсызданған буржуазияның американдық азаматтық қоғам үлгiсiне құлша табынып армандауына – бiздегi мəңгүрттенген көнбiс тобыр ғана көнедi. Бұл ниеттегiлердiң жəне олардың қолтығына су бүркейтiн сыртқы идеологтардың бəрi де ұлттық мемлекет дегеннен зəре-құты қалмайды. Осы құбылысты сырттан бақылап отырған ойшыл жазушы Ш.Айтматовтың Мұхтар Шахановқа жазған пiкiрiнде: «...В.В.Путин орыс тiлiн бiлмеген адамның Ресей азаматы бола алмайтынын кесiп айтты... Өздерiңде қойылып отырған «қазақстандық ұлт» идеясы, негiзiнен, американдық бағытқа жақындау, қателеспесем, тiкелей ұлтсыздануға бастайтын жол сияқты» деп қауiптенуiнiң негiзi бар жанды пiкiр. АҚШ-тың қоғамдық болмысы бiзге мүлде жат құбылыс. Еуропадан байлық көзiн iздеушiлер 12 млн. үндiстердiң көзiн жойып, солардың сүйегiнiң үстiне орнатқан азаматтық мемлекет – ұлтсызданған мемлекетке айналып, американдықпыз деген танымды орнықтырды. Бiздегi «қазақстандық ұлт» деген идея осы американдықпыз дегеннiң қазақстандық баламасы болып жүрмесiне кiм кепiлдiк бере алады. АҚШ мемлекетiнiң болмысы мүлде басқа космополиттiк қалыптағы өзгеше қоғам. Ал, бiздiң болмысымыз көшпелi өркениет негiзiнде рухани құндылықты ар тұтқан, өзiндiк қайталанбас ерекшелiгi бар мүлдем басқа қоғам.
Еуропоцентристiк қалыптан шыға алмау Қазақстандағы педагогика ғылымы саласында анық байқалады. Бiздер оқытып, тəрбие құралына айналған педагогика ғылымының моделi еуропалық халықтардың тұрмысы мен қоғамдық болмысы негiзiнде жасалған. Қазiргi барлық оқу орындарындағы тəлiм-тəрбие осы ғылымның негiзiнде жүргiзiлiп келедi. Ал, түрiк халықтарының көшпелi болмысы өзiне сай қайталанбас ерекшелiгi бар өркениеттi тудырды. Бiздiң халықтық педагогикалық танымымыз осы өркениет негiзiнде жасалып, ғасырлар бойы қолданыста болып толысқан едi» [1].
Қазақстанда педагогика ғылымының еуропоцентристік қалыптың шырмауында отырғанын педагог-ғалымдарымыз да мойындайды. Белгілі жазушы, педагогика ғылымдарының докторы С.Ғаббасов халық педагогикасының теориялық жəне əдіснамалық негіздерін зерттей отырып, ұрпақ тəрбиелеудің негізі болатын екі сатыдағы əдіснаманы жəне тəрбиенің жеті жүйесін ұсынады. Ғалымның пайымдауынша, ұсынып отырған əдіснамасының «еуропоцентристік əдіснамадан бір ерекшелігі, А.С.Макаренко секілді əйгілі педагогтардың «баланы туғаннан бастап тəрбиелеу керек» деген ұстанымына қарсы «баланы туғаннан бастап тəрбиелеу кеш» деген ұстаным болып табылады.. Туғаннан бастап тəрбиелесек – ол қисық біткен бұтақ. Осы қисық бұтақты түзеймін деумен не ата-ана сынады, не бала сынады. Бүгінгі трагедияның үлкені – осы. Жəне осы еуропоцентристік əдіснама баланы туа салып «тұлға» деп таныды. Қызылшақа шарана қайтіп тұлға болады? Міне, осыны əдіснаманың ең үлкен қателігі деп есептейміз. Сондықтан адам тəрбиесі əдіснамасын екіге бөлуге болады. Біріншісі – биологиялық индивид, екіншісі – сананы жетілдіру сатысы. Биологиялық индивид сатысынан өз-өзінен жүрек тəрбиесі жүйесі шығады. Сананы жетілдіру сатысынан ақыл тəрбиесі шығады. Бұл екі жүйе не береді? Екеуі де тəрбие тəсілін береді. Биологиялық индивид – ана құрсағындағы жүрек тəрбиесі арқылы жанның он екі арнасы ашылады. Жан жетіле түседі. Мысалы, біз сəбиді қырқынан шығарамыз. Ол не деген сөз? Бала қырық күнде ақ пен қараны ажыратып, жан- жағына таң-тамаша болып таңырқап қарайды. Санаға себезгіленіп сəуле түседі. Сана жетіле бастайды. Жүрек тəрбиесі мен сананың жетілуі қатар жүре бастайды. Осы екеуін үндестіру арқылы рух қуатын аламыз. Ол қалай? Оны біздің бесігіміз, бесік жыры үндестіреді. Бұл – əдіснамадағы жаңа сипат. Жан дегеннің не екенін түсіндік пе? Жан – бүкіл тіршіліктің формасы екенін білеміз де, оның үш түрлі сипатын түсіне бермейміз. Адам жанының он екі арнасы – түйсік, ұят, сүю, мінез, зерде, жігер, табиғи қабілет жəне ішкі бес сезім. Міне, осы он екі арна қазір түгелімен жабық. «Тіліңді сүй», «Отаныңды сүй» дейміз, бала тыңдап отырғанда сүйетін сияқты, сыртқа шыға бере ұмытылады. Неге? Арна жабық. Үгіт, насихат тыңдап отырғанда сүйетін сияқты, нақты жағдайға келгенде арнаның жабықтығы сүйгізе алмайды. Егер адам арналары ашық болмаса, адамзаттық, ұлттық санаға жете алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |