Қазіргі әлемде барлық мемлекеттер үшін де, бүкіл адамзат үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайы бірінші орында тұрған мәселе болып табылатыны сөзсіз



Дата16.01.2022
өлшемі30,7 Kb.
#112398
Байланысты:
семинар тарих арсен


Қазіргі әлемде барлық мемлекеттер үшін де, бүкіл адамзат үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайы бірінші орында тұрған мәселе болып табылатыны сөзсіз. Әсіресе бұрынғы КСРО елдері үшін, оның ішінде бір жағында саяси жағдайы тұрақсыз Ауғанстан, екінші жағында террорлық әрекеттер мен соғыстардың ортасы болған Таяу Шығыс елдері, үшінші жағында ұйғыр сепаратистерінің қозғалыс қаупі бар Қытай, төртінші жағында территориялық даулары бар Кавказ елдері, солтүстігінде түртіп қалсаң сепаратистік қозғалыстар туып қалу қаупі бар Ресей орналасқан Орталық Азия аймағы үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіндегі бірінші орында тұрғаны анық.

Одан бөлек жахандық деңгейге көтерілген қауіптердің легі өз алдына. Қазіргі кезде халықаралық терроризм, сеператизм және экстремизм мәселелері жаппай көрініс алып отыр. Әсіресе аймаққа іргелес орналасқан Таяу Шығыс аймағындағы болып жатқан төңкерістер, соғыстар, террористік әрекеттер толас таппай отырған жағдайда аймақ елдерінің бір емес, бірнеше ұйымдарға мүше болып отырғаны түсінікті. Сонымен бірге әлемде толастамай отырған есірткі сату, заңсыз көш-қон легі, заңсыз қару сату, қылмыстық топтардың әрекеттері де үлкен қауіп екені айтпаса да түсінікті.

Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа ұсынған «Қазақстан-2050» ұлттық стратегиясында былай деп баса көрсеткен болатын: «Екіншіден, аймақтық қауіпсіздік бойынша жауапкершілікті ұғынудың маңыздылығы және Орталық Азиядағы тұрақтылыққа өз септігін тигізу, аймақтағы шиеленісті жағдайлардың алғы шарттарын жоюға көмектесу» [1].

Осыған байланысты Орталық Азия және ТМД кеңістігіндегі мемлекеттер өз елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аймақта бірқатар ұйымдар құрып, соның аясында бірлесе отырып осындай қауіптерге қарсы ұжымдық негізде бірлесе қарсы тұруды мақсат етуі орынды.

Орталық Азия мемлекетері мен ТМД елдері ең алдымен 1992 жылы Ұжымдық қауіпсіздік Шарты Ұйымын (ҰҚШҰ) құра отырып бірікті. Одан соң Қытайдың ұсынысымен аймақ елдері алғашында 1996 жылы «Шанхай бестігі» деп, кейін 2001 жылы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы деп аталған ұйымға бірікті. Кейін Қазақстанның президенті Н.Назарбаевтың Ұсынысымен Азиядағы өзара көмек және сенім Кеңесі (АӨСШК) құрылды. Сонымен қатар аймақ елдері Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымына (ЕҚЫҰ) да мүше болды.

Осының бәрі қазіргі кезде қауіпсіздік мәселесінің барлық мемлекеттер үшін ең басты жағдай екенін көрсетеді және қауіпсіздікті қамтамсыз ету ұлттық мемлекеттердің сыртқы және ішкі саясаттағы көздеген басты мақсаты екенін де аңғартады.

Осы ретте қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат етіп құрылған аймақтық, халықаралық ұйымдардың атқарып жатқан қызметтері мен оған мүше мемлекеттердің әрекеттері қаншалықты тиімді және мүше мемлекеттердің көздеген мақсаттары орындалып жатыр ма деген сұрақ туады. Осыған байланысты аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырған ұйымдардың жұмыстарын, қызметтерін талдап, саралап, олардың қызметтерінің бірін бірі қайталай ма, жоқ па соны анықтап, қажетті қорытындылар мен ұсыныстар жасау бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігі сөзсіз.

Осыдан келіп құрылған кезде батыс елдері НАТО-ға қарсы құрылды деп сескенген ШЫҰ мен ТМД елдерінің қауіпсіздігін көздеген ҰҚШҰ-ның қызметтері мен атқарып жатқан шараларын талдай отырып, осы екі ұйымның бірін-бірі қайталамай, қаншалықты тиімді қызмет жасап отырғанын анықтау халықаралық қатынастар мамандары үшін өзекті, әрі қажетті шара екендігі анық. Сонымен бірге екі ұйымның қазіргі кезге дейін атқарып келген қызметтерін талдай отырып, олардың жұмыстарын үйлестіріп, ортақ мақсат, міндеттерді бірігіп атқару үшін бағыт, бағдар беретін ұтымды ұсыныстар айтудың қажеттілігі де орынды.

Тақырыптың өзекті болатын себебінің тағы бір көрінісі екі Ұйымға да еліміз Қазақстан мүше болып отырғандығы, мүше болып қана емес сол ұйымдар шеңберінде белсенді саясат жүргізіп отыруы да бұл ұйымдардың біздің еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өсіп-өркендеуіне қажетті аймақтық бірлестіктер екенін көрсетеді.

Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда өз территориясындағы ядролық қарудан бас тарта отырып, Қазақстан бұдан былайғы жерде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде белсенді саясат жүргізіп келеді. Осы әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі де ескеріліп, БҰҰ-ның Қауіпсізідік Кеңесінің тұрақсыз мүшелігіне сайланып отырғанымыз да осындай батыл саясаттың арқасы. Сондықтан Қазақстан үшін қазіргі әлемдегі жахандық қауіптерден елді, аймақты қорғау, сол үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат еткен ұйымдарға мүше болу басты мақсат.

Осы тұрғыдан алғанда ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға мүше бола отырған Қазақстан үшін екі Ұйымның қандай пайдасы бар, осы уақытқа дейін қандай көмегін тигізді деген сұрақтар да өзекті екендігі сөзсіз. Сондықтан зерттеу жұмысында осы сұрақтарға жауап ізделінеді.

Негізінен анықтап алып қарасақ екі ұйымның бір-біріне ұқсастықтары көп. Екі ұйымның да құрамына мүше болып бірыңғай мемлекеттер кіреді, яғни Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан екі ұйымға да мүше. Екіншіден екі ұйымның да мақсаттары аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атап айтқанда терроризммен, діни және саяси экстремизммен күрес, есірткі сатуға және заңсыз миграцияға қарсы тұру т.б. сондықтан екі ұйымның мақсат, міндеттерін бөле қарастыру мәселесінде біраз ерекшеліктер бар екендігін аңғаруға болады.

Бұлардың арасындағы айырмашылықтардың біріншісі ҰҚШҰ-да негізгі рөлді Ресей және оның әскери күштері атқарса, ШЫҰ-да кейінгі кезде Қытай және оның экономикалық мүддесі басты орынға шықты десе болады. Дегенмен, Ресей осы мәселеде өзінің бастапқы ұстанымында қалып отырғанының өзі екі белді державаның арасында бірқатар түсінбеушілікке алып келуі мүмкін. Өзінің ШЫҰ экономикалық мақсатта пайдаланғысы келетін ниетін білдірсе де, кейінгі кезде Қытай әскери потенциалы мен әскерлерінің дайындығы жағынан Ресейге пара-пар келетінін көрсетіп жүр. ШЫҰ-ның аясында Өңірлік антитеррорлық құрылымның (ӨАТҚ) құрылуының өзі Қытайдың әлі де болса зұлымдықтың үш түріне ұйым аясында қарсылық жасау мүмкіндігін қадағалайтынын көрсетеді.

Сонымен бірге екі ұйымның бір-бірінен ерекшелігі құрамына байланысты екенін атап өтуге болады. Бұл екі ұйымның құрамына келсек ШЫҰ-да Орталық Азия елдері Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан басқа еуразия кеңістігінде беделді державалар Ресейдің және азиялық Қытайдың мүше болуымен ерекшеленеді, ал ҰҚШҰ-ға тек қана ТМД кеңістігі елдері Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения және Белорусь кіреді. Осының өзі екі ұйымның қауіпсіздікті қамтамасыз ету кеңістігінің бір бірінен алшақ болуын да, жақын болуын да көрсетеді. Себебі екі ұйымның да құрамында тұрақты мүше болып отырған Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдері үшін еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті сақтау бірінші кезектегі мәселе. Бұл елдердің экономикалық, әскери-саяси дамуында алшақтық болғанмен, бәрінің көздеген мақсаты аймақтағы қауіптің алдын алу, қауіптерге қарсы бірігіп күресу. Осыған байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі екі ұйымның да күн тәртібінде тұратыны анық. Мұнда аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне толық қатыспауы мүмкін мемлекет Қытай.

Екінші жағынан алсақ, екі ұйым да қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған бірлестіктер. Осы кезеңге дейінгі екі ұйымның қызметтерін талдай отырып, екі ұйымның да қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспегенін көруге болады. Алайда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қаншалықты үлес қосып отырғандығы екі ұйымның да шынайы табиғатын анықтауға мүмкіндік берері сөзсіз.

Зерттеп қарасақ екі ұйымның да мақсаты мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін қорғау. ҰҚШҰ осы мақсатты нақты ұстап келеді және оның қызметінде мүше мемлекеттердің қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери жағынан ынтымақтаса әрекет ету жағы басым тұр. Ал ШЫҰ алып қарасақ, қазіргі кезде оның аясындағы ынтымақтастық бастапқы кезде көзделген қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қоса, анағұрлым экономикалық және тіпті мәдени-гуманитарлық салада ынтымақтасу жағы басым рөл атқарып келе жатқандығын көруге болады. ҰҚШҰ- ға Өзбекстанның бір кіріп бір шығуы да осыған байланысты. Кезінде Өзбекстанның Президенті И.Каримов екі ұйымның да қызметінің ұқсастығын айта отырып, өз мемлекетінің мүддесі бірдей екі ұйымға мүше бола алмайтындығын алға тартқан болатын. Дегенмен, ШЫҰ-на белді державалардың бірі Қытайдың мүше болуы және әсіресе Қытайдың бұл ұйым аясында экономикалық қатынастарды өркендетуге ұмтылуы, ұйымның қазіргі қызметінің ҰҚШҰ-дан айырмашылығы бар екенін көрсетеді.

Екі ұйым да аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздегенмен, шын мәнінде өз қызметтерін осы бағытта жүзеге асыруда төтенше оқиғаларға тез, әрі шұғыл араласпауында болып отыр. Оны 2010 жылы көктем-жаз айларында Қырғызстандағы революциялық оқиғалардан көруге болады. Қырғызстанда төңкеріс басталғанда елдің көмек сұрағанына қарамастан екі ұйымда да ондай әрекеттерге бармады. Олар өздерінің бұл ұстанымдарын бұл оқиға Қырғызстанның өзінің ішкі жағдайы, ал ұйым құқықтық тұрғыда елдің ішкі істеріне араласа алмайды деп түсіндірді. Шын мәнінде ШЫҰ 2010 жылы 10-11 маусым аралығында Ташкентте өткізген саммитінде осы оқиғаға байланысты мынадай шешім қабылдаған еді: «Қырғызстан Республикасындағы оқиғаларға байланысты мүше мемлекеттер елдің егемендігін, тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын қуаттайды. Олар егеменді мемлекеттердің ішкі істеріне араласуға қарсы, сонымен бірге аймақта қандай да бір шиеленісті жағдай тудыратын әрекеттерге де қарсы, кез-келген шиеленісті саяси-дипломатиялық жолмен өзара диалог және келіссөздер арқылы шешуді қолдайды» [2].

2005 жылы ҰҚШҰ Қырғызстанда болған осындай оқиғаларды басуға әзір болып, өзінің көмегін ұсынғанда сол кездегі елдің президенті А.Ақаев мұндай көмектен бас тартқан болатын. ҰҚШҰ-ның шарты бойынша Ұйым тек сол елдің өтінішімен ғана ішкі қақтығыстарды басуға, реттеуге араласа алады. Себебі ҰҚШҰ негізінен аймаққа сырттан төнетін қауіп қатерлерді болдырмауға, алдын алуға, қауіпті жағдай туа қалған жағдайда оны тоқтатуға міндетті. Ал 2010 жылғы Қырғызстандағы оқиғаларға ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер 8-мамырда Мәскеуде өткен ресми емес саммитте Декларация қабылдап, елге техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуге ғана шешім қабылдағаны белгілі.

Дегенмен Қырғызстандағы оқиғалар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерді ойландырып тастады. Қанша дегенмен Ұйым тек қана сыртқы қауіптерге қарсы күресуді белгілегенмен, осындай мүше мемлекеттердің өз ішіндегі дағдарысты жағдайда, көмек сұраған мемлекетке қалай көмектесу керектігін ойластыру керек болды. Өйткені мұндай жағдай әрбір мемлекетте орын алуы мүмкін. Осындай жағдайда бір-біріне көмек берудің механизмін ойластыру керек болды. Осыған байланысты сол 2010 жылы тамыз айында Ереванда мүше мемлекеттердің саммиті өткізіліп, онда болашақта осындай оқиғалар орын алса бірігіп әрекет ету үшін Ұйымның уставтық құжаттарына өзгерістер енгізу туралы келісілді.

Келісім бойынша құжаттарға өзгеріс енгізу мәселесі жан-жақты қарастырылып, 2010 жылы 10-желтоқсанда Ұйымның Мәскеуде өткізілген сессиясында Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шартқа және ұйымның Жарғысына өзгерістер енгізілді. ҰҚШҰ-ның Шартының 8-тарауына енгізілген өзгерістер бойынша «мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне, территориялық тұтастығына, тұрақтылығына және егеменділігіне төнген қауіптерге қарсы Ұйымның шеңберінде арнайы дағдарысты жағдайларды реттеуге қатысатын жүйені құру шараларын жүзеге асырады» деп белгіленген. Осыдан келіп бұдан былай ҰҚШҰ тек қана сыртқы қауіптерге ғана емес, ішкі қауіптерді реттеу мәселесіне араласа алатындығы түсінікті болды [3].

Осының өзі ШЫҰ-на қарағанда ҰҚШҰ-ның қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мүмкіндігі анағұрлым жоғары екенін аңғаруға болады.
ШЫҰ мүше мемлекеттер арасында «Бейбіт миссия» атты антитеррорлық жаттығуды үнемі өткізілгенімен, 2009 жылғы саммитте ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша нақты жоспар қабылдап, бұл істі қолға алғанмен, шын мәнінде бақылап қарасақ, ұйымның қызметі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытынан бүгінгі күні жалпы саяси, экономикалық, тіпті гуманитарлық салаларды дамытуға басымдық беріп отырғанын көреміз.

Осыған қарағанда өзінің қызметін жаңа қауіп- қатерлерді болдырмау, алдын алу мәселесіне бағыттап жатқан ҰҚШҰ-ның қызметі ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді нақты жүзеге асыруда алда болатыны анық.

Ресей және Орталық Азия елдері шын мәнінде Қытай қатысып отырғандықтан ШЫҰ-ның роліне басымдық берсе де, қауіпсіздік саласындағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту ҰҚШҰ-ның қызметіне шоғырланғанын көруге болады. ШЫҰ аясында мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы көбіне ақпарат алмасу, жалпы ұстанымдарын келісумен шектелсе, ҰҚШҰ-ның аясында бірлескен операциялар жүзеге асырылып, ұжымдық әскери күштер тұрақты жұмыс жасауымен ұйымның әскери, саяси саладағы маңызы ерекшеленеді десе болады. Осының өзі ҰҚШҰ-ны посткеңестік кеңістікте қауіпсіздікті нақты қамтамасыз ете алатын ұйымға айналдырып отырғаны сөзсіз.

Қазіргі кезде ҰҚШҰ-ның Қырғызстанда орналасқан «Кант» әскери әуе күштері аймақтағы жағдайды бақылап, қандай да бір қауіптерге қарсы пайдалануға дайын. Бұл әскери базаның болуының өзі бірқатар экстремистік топтардың белсенді әрекетке шығуына кедергі болғаны сөзсіз. ҰҚШҰ-ның маңызды және басым бағыттарының бірі халықаралық ұйымдармен және үшінші елдермен бейбітшілікті нығайту және тұрақтандыру үшін ынтымақтасуы.

ШЫҰ-ғы Қытайдың ұстанымдары қандай деген мәселені қарастырсақ, мынадай тұжырымдарға келуге болады, біріншіден, Қытай Орталық Азия аймағын сауда-экономикалық мақсатқа пайдалануға тырысып келеді. Екіншіден, Қытайдың территориясынада шекаралық өңірде қазақтар, қырғыздар, ұйғырлар және өзбектер тығыз қоныстанған. Орталық Азияның тәуелсіз елдерінде болып жатқан жағдайлар бұларға да әсер етіп, әсіресе ұйғырлардың сепаратистік пиғылдарын оятуы мүмкін, сондықтан бұл елдермен ынтымақтастықты өрбіте отырып, Қытай өз территоориясындағы этникалық топтарды да қатаң бақылауда ұстағысы келеді, үшіншіден, Орталық Азия елдеріндегі көмірсутегі шикізатының бай қоры Қытайдың осы ресурстарды арзан әрі тиімді бағада және тиімді жағдайда иелену мақсатын қанағаттандыруға ұмтылдырады.

Бұл ретте оның ең басты қарсыласы Ресей болып табылады. Ресей Қытаймен аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде ынтымақтасуға дайын. Бірақ Қытайдың Орталық Азияда ықпалының да, беделінің де күшеюіне қарсы. Қытай жылдан бастап «Жібек жолы экономикалық белдеуі» атты бағдарламасын ұсына отырып, Орталық Азия елдерінің табиғи ресурсына тезірек қол жеткізуді және Орталық Азия территориясы арқылы көлік дәлізінің үздіксіз желісін қамтамсыз ете отырып, Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығуды көздеп келеді.

Қытайдың бұл саясатына АҚШ-та қарсы. АҚШ Қытайдың Ираннан мұнайды құбыры арқылы тасымалдау ниетін болдырмауға тырысып отыр. Бұл жағдайға Ресей де қарсы, ол Орталық Азия елдерінің көмірсутегі шикізатын Иран арқылы, Парсы шығанағы арқылы әлемдік нарыққа шығаруға әуел бастан қарсылығын білдірген болатын.

Қазақстан ШЫҰ-ның да, ҰҚШҰ-ның да белсенді мүшесі. Себебі өзінің тәуелсіздігін алған кезден бастап еліміз ұлттық қауіпсіздікпен қоса, аймақтық және әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында өзіндік бастамаларымен, белсенді әрі нақты әрекеттерімен үлес қосып келеді.

Қазақстан үшін ШЫҰ-на мүше болу оның ұлттық мүдделеріне сай келеді. Алғашқы кезде Қазақстан ШЫҰ кеңістігін өзінің мемлекеттік шекараларын заңды түрде бекітіп алу үшін пайдалануға тырысты және ол әрекеті нәтижелі болып 2000 жылдардың ортасына қарай барлық шекараларын екі жақты келісімдер арқылы бекітіп алуға мүмкіндік туды. Сонымен бірге аймақтағы жаңадан туып келе жатқан қауіптерге қарсы күресу, әсіресе Орталық Азияға шекаралас жатқан Ауғанстан тарапынан туындайтын қауіптерге қарсы бірігіп күресу механизмін қалыптастыру Қазақстанның ұлттық мүддесінен туындап отырған мәселе, осы себепті еліміз ШЫҰ шеңберінде барлық мүмкіндіктерді қарастырып, Ұйымның барлық мүмкіндіктерін осы бағыттағы ынтымақтастыққа жұмсауға ат салысып келеді.

Орталық Азия елдері үшін Ресей мен Қытайдың әскери-саяси күштерін орын алатын қауіптерге қарсы, әсіресе терроризм мен экстремизмге қарсы пайдаланудың маңызы зор. Сонымен қатар Қазақстанның және Орталық Азияның басқа да елдерінің ШЫҰ-на қатысуы Ресей мен Қытай арасындағы күштерді теңестіріп, екеуінің де аймақта басым түсуін болдырмауға әкеледі. Ең бастысы ШЫҰ мүше мемлекеттердің тек қауіпсіздік саласында ғана емес, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалалардағы қатынастарының бір жүйеге келуіне және жоғарғы қарқынмен дамуына мүмкіндік беретіні сөзсіз. Себебі экономикалық жағынан өте қарқынды дамып келе жатқан Қытайдың Ұйымға мүше болуы бір жағынан, Қазақстан және Орталық Азия елдері үшін экономикалық өсудің тәжірибесі болып отыр, екінші жағынан Қытайдың инвестициялары бұл елдердің экономикалық өсіп-өркендеуіне жағдай жасап отыр. Орталық Азия елдері үшін Қытайдың экономикалық даму тәжірибесі, атап айтқанда, жеңіл әрі оңтайлы салық салудың тәртібі, ашық экономикалық аймақтарды құруы, жемқорлыққа қарсы аяусыз қатаң заңдары елге инвестициялардың көптеп еніп, экономиканың даму қарқынын жеделдетіп жатқанының айғағы. Осының бәрі Қазақстанның экономикалық дамуына әсер ететіні сөзсіз.

Қазақстан және Орталық Азия елдері үшін көлік-коммуникация жүйесінің дамуы да маңызды. Осы ретте Қытайдың ұсынған «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағдарламасының да болашақта көлік қатынастарын бір жүйеге келтіріп, әлемдік нарыққа шығуды жеңілдетері анық.
Сонымен бірге ендігі жерде ШЫҰ Қазақстан трансшекаралық өзендер мәселесін шешуде пайдалы алаң ретінде пайдалануға тырысуда.

Қазақстан ҰҚШҰ-ның алдына белгіліген үш бағытын да қолдайды: саяси ынтымақтастық, әскери ынтымақтастық және жаңа қауіптерге қарсы тұру. ҰҚШҰ-ның аясында құрылған Ұжымдық жедел ден қою күштерінің құрамындағы он дивизияның екеуі қазақстандыкі. Сонымен бірге Қазақстанның әскери күштері ҰҚШҰ тарапынан өткізіліп жатқан операцияларға тұрақты түрде қатысады. Атап айтқанда Ауғанстан тарапынан орын алып отырған есірткіні заңсыз сату және тасымалдауына қарсы үйымдастырылған «Канал» операциясына, заңсыз мигранттарды тоқтатумен айналысатын «Нелегал» және ақпараттық технологияларды заңсыз пайдалануды тиым салумен айналысатын «Прокси» операциялары.

Осы уақытқа дейін Қазақстан ҰҚШҰ-да екі рет төрағалық жасаған, ШЫҰ-да үш рет төрағалық еткен.

Екі Ұйымның арасында ынтымақтастықты қалыптастыру мәселесі де қолға алынуда. ҰҚШҰ мен ШЫҰ арасындағы ынтымақтастық қалыптасып, дамуына екі ұйымның арасында 2007 қазан айында Душанбе қаласында қол қойылған екі ұйымның арасындағы Хатшылықтардың «өзара түсіністік» Меморандумның маңызы зор. Бұл әрине екі ұйымның өздерінің жауапкершіліктерін түсініп, көп жағдайда мақсат мүдделерінің ортақтығын білгендіктен туындаған жағдай. Меморандумда екі Ұйым трансұлттық қылмысқа қарсы және есірткі саудасының заңсыз айналымына қарсы бірігіп күрес мәселесі келісілді.

Орталық Азия аймағында әлі де болса терроризм, экстремизм, сепаратизм, есірткі саудасы, киберқауіптер және заңсыз миграцияның орын алу қаупі бар. Осы себепті ШЫҰ мен ҰҚШҰ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мүше мемлекеттердің ортақ мүддесі екенінде сөз жоқ.

Зерттеушілер ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ның ынтымақтасу болашағы туралы әр түрлі пікірерін ортаға салуда. Белгілі қытай танушы ғалымдардың бірі К.Сыроежкин «ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ның қызметтерін үйлестірудің шынайы механизмі ол алдымен ҰҚШҰ-на мүше мемлекеттер осы ұйымның аясында өздерінің әрекеттерін келісіп алып, одан соң ШЫҰ аясында Қытаймен келісуі керек»- дейді [4].

Әрине мұндай жағдайда мүше мемлекеттердің дағдарысты жағдайда әскерлерін пайдалану мәселесі де келісілуі керек. ҰҚШҰ-на мүше мемлекеттер үшін Қытайдың әскерлерінің төтенше жағдайда өзара келісім негізінде бұл мемлекеттердің территориясына енгізілуі ешкімге де ұнамайтыны анық.

Дегенмен, зерттеушілердің көбі ҰҚШҰ мен ШЫҰ әсіресе Ауғанстан тарапынан орын алып отырған есірткі саудасы мен заңсыз миграцияға қарсы күштерін біріктіргені дұрыс деп есептейді. Ол үшін екі ұйымның өзара келісімімен осы қауіптерге қарсы бірігіп күресетін арнайы құрылымдар болуы керек. Алайда Ауғанстан тарапынан төнетін қауіптерге қарсы Ресей де, Қытай да белсенді әрекет етуді қаламайды. Қытай мұндай мәселелерге аса басымдық бермей, бұл мәселелерді экономикалық жағынан астарлап, айналып өткісі келеді. Ал Ресейдің Ауғанстан тарапынан болатын қауіптерді тоқтатуға тікелей араласуы Ауғанстан тарапынан әр түрлі саяси топтардың тікелей Ресейге қарсы соғыс ашу қаупін тудыруы мүмкін. Өйткені 80-ші жылдардағы ауған- кеңес соғысының салдары әлі өз ізін жойған жоқ.

Қорыта келгенде, ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ның жұмыстарында ортақ мақсаттар да, және өзіндік ерекшеліктер бар екенін көреміз. Қазіргі кезде ҰҚШҰ-ның Ресейдің қатаң ұстанымы негізінде әскери, саяси мүддесі басым екендігі, ал ШЫҰ-ның аясында Қытайдың «жұмсақ» саясатының негізінде сауда-экономикалық мүдделердің басым түсіп тұрғанын көруге болады. Қайткенде де ұйымға мүше мемлекеттер екі ұйымды да қауіпсіздіктерін қамтамасыз етіп, өсіп-өркендеуде пайдалануға ынталы ендігі анық.

Екі Ұйымның қызметтерін салыстыра отырып, зерделегенде мынадай ұсыныстар туындайды:

· Есірткі саудасына қарсы күресуді күшейту және екі ұйымның да осы қауіпке қарсы күрес әрекетін ортақ құрылымдар құру арқылы үйлестіру;

· Орталық Азия елдеріндегі саяси жағдайға әсер ететін Ауғанстан тарапынан енетін экстремистік ислам топтарының әрекеттеріне біріге отырып тосқауыл қою;

· Ауғанстан мен екі ортадағы шекараны күзету ісін шекаралық мемлекеттермен келісе отырып, жоғары әскери-техникалық негізде жүзеге асыруды біріге отырып ұйымдастыру;

· Екі ұйым біріге отырып осындай заңсыз әрекеттерді Ауғанстанмен шекаралық өңірде болдырмау үшін, Ауғанстан тарапына техникалық көмек көрсету, олардың қызметкерлерін үйрету, тәжірибе алмасу т.б. көмектерді ұйымдастыру.

Осы әрекеттердің бәрін екі ұйым біріге отырып жүзеге асырса анағұрлым тиімді, әрі қауіпсіз болары сөзсіз.

Сонымен бірге ең алдымен ШЫҰ-на қарағанда ҰҚШҰ аясында арнайы дағдарысты жағдайды бақылап отыратын мобильді және стационарлық мониторингтік тобы бар Орталық ашу қажет. Бұл Орталық үнемі аймақтағы жағдайды бақылап, талдау жасап, әр түрлі дағдарысты жағдайлардың алдын алып, ондай жағдайға ұйымды дайын етіп отыруға міндеттенуі керек. Әскери потенциалы ШЫҰ-на қарағанда күшті ҰҚШҰ аймақтағы дағдарысты жағдайдың асқынып кетпеуі үшін күрделі, шиеленісті деген жағдайладың алдын алып, болдырмауға тырысуы керек және осы әрекет оның басты бағыты болуы қажет.

ШЫҰ болса аймақ елдерінің экономикалық жағынан нығаюы үшін мүше мемлекеттердің арасындағы экономикалық қатынастарды өзара күшейте отырып, экономикалық қауіпсіздіктің барлық жағдайларын жасауға міндетті. Сонымен бірге ШЫҰ-ның мүмкіндігін, күшін мүше мемлекеттер өздерінің экономикалық өсіп өркендеуіне, көлік коммуникациялық жағдайларын жақсартып алуға пайдаланғаны дұрыс.

Аймақ елдері үшін Таяу Шығыстағы, атап айтқанда Сириядағы соғыс, Иран, Ирактағы террористік әрекеттер қауіп төндіріп отырғаны сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат еткен екі ұйым да осы бағытта бірігіп әрекет еткені қажет.

Қорыта келгенде, аймақтық деңгейдегі және жахандық деңгейдегі беделді державалардың қатысуымен қалыптасып қалған аймақтық қауіпсіздік жүйесі қазіргі талаптарға сай. Қазіргі қауіптерге қарсы бірігіп күреспейінше аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін еместігі белгілі. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі кезде де, болашақта да ҰҚШҰ мен ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың жүйелі түрде жүзеге асырылуы аймақтағы қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні анық.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан-2050 стратегиясы// www.akorda.kz

2. Никитина Ю. ОДКБ и ШОС как модели взаимодействия в сфере региональной безопасности//http:// www.pircenter.org/ media/ content/ files/0/13406397580.pdf

3. Договор коллективной безопасности с изменениями//http://www.odkb-csto. org/documents/detail.php?ELEMENT_ID=126



4. Сыроежкин К. ШОС и ОДКБ: проблемы взаимодействия//http:// www. centrasia.ru/newsA.php?st=1163500380/14/06/2015

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет