2.3.Әдеби шолу:
1999 жылы италиялық Болонья қаласында арнайы конференцияға жиналған 29 еуропалық мемлекеттердің білім министрлері Болон келісімі декларациясын қабылдады. Оның негізгі мақсаты заманауй технологиялар негізінде ақпараттық-коммуникациялық жағынан дамыған қоғамның талаптарын қанағаттандыратын, либералдық принциптер негізінде жұмыс атқаратын және студенттің өз еркімен білім алу жолдарын, яғни ақпаратты жеке басымен әртүрлі тәсілдерді қолдану арқылы қабылдауын қамтамасыз ететін білім беру жүйесін құру[9,76б].Үрдіс жоғары оқу орындарына автономия беру мен академиялық тұрғыдан еркін даму және білім беруді үздіксіз үрдіс ретінде орнықтыру құндылықтарын насихаттайды. Қазіргі таңда ол келісімде 45 мемлекеттің өкілдерінің қолдары қойылған[10,3б]. Ал еуропалық жоғары білім беру аймағын қалыптастыру үрдісінің өзі болса Болон үрдісі деген атқа ие болды. Қазақстанның Болон декларациясына қол қоюы мемлекеттің міндетті қағидалар негізінде қалыптасқан тұтас еуропалық білім беру аймағына қосылуын білдіреді. 2010 жылы 63-ке жетіп, ал қазіргі уақытта Қазақстанның 139 жоғарғы оқу орындары Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойған[11,6б]. Олардың ішіне ұлттық, мемлекеттік пен жеке меншік жоғарғы оқу орындары кіреді. Сонымен қатар, Қазақстан орталық Азия мемлекеттері арасынан еуропалық білім беру аймағына бірінші болып кірген. Осыған орай, Болон үрдісі заңнамалық деңгейде еуропалық және қазақстандық білім беруді “бакалавр-магистр” байланысымен бір деңгейге қойып, мемлекетте берілетін жоғары оқу орындарының құжаттары Батыс елдеріне жол ашады деген ойлар да бұқаралық ақпарат құралдарында жиі кездеседі. Бұл мемлекет үшін тарихи маңызды қадам болып табылады, себебі елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей “Біз әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беруге бүкіл Қазақстан аймақтарында қол жеткізуіміз керек.”[12].
Болон үрдісі тақырыбы осы кезге дейін біршама талқылауларға салынып, осы саладағы ғалымдардың зерттеу жұмысына айналған. Сондықтан қазіргі зерттеу жұмысының негізінде жинақталған ақпараттар арқылы талдау жүргізіп, өзіндік қорытындыға келуден бұрын осы кезге дейінгі өзге авторлардың зерттеулерін талқылаған жөн. Бұл өз кезегінде соңғы қорытынды бөлімнің ақиқатқа қаншалықты жақын екендігіне және зерттеу жұмысын жазу барысында өзге авторларда болған қателіктерді ескеруге мүмкіндік береді.
Болон үрдісінің тиімділігі Томск мемлекеттік университетінің өкілі Гладких Борис Афанасьевичтің “Болон үрдісі жоғары білім берудің сапасы мен тиімділігі тұрғысынан” атты еңбегінде терең талданған. Ол өз жұмысында үрдістің өзіндік он жақтарын қарастырудан бөлек, Кеңес үкіметінің білім беру жүйесінен жаңа жүйеге көшуден пайда болатын артықшылықтарды көрсеткен. Зерттеу жұмысына сүйенсек, Болон үрдісіндегі икемді оқу бағдарламасы студенттің өз бетімен жұмыс атқаруына және жауапкершілігнің артуына септігін тигізеді[13,4б]. Ал Назарбаев Университетің Білім саясаты орталығының директоры Сагинтаева А.К. “ Болон үрдісінің сұраныстары” еңбегінде Болон үрдісіне қосылу 4 жыл бойы бакалавр дипломына оқығандардың толыққанды маман ретінде қарастырылмауына әкеледі деп есептейді. Өз кезегінде олардың жұмысқа тұруға деген мүмкіндіктері де төмендейді, яғни жұмыс берушілер бакалаврды бітірушілерді жоғары білімі толық емес азаматтар ретінде қарастырады[1,23б]. Бірақ, бакалавр мен магистратураға бөлуді теріс жақ деп санайтындардың пікіріне қарсы Илюшина А.А. өзінің “Болон үрдісі:оң және теріс жақтары” мақаласында оқуды бакалавр мен магистратураға бөлуді оң жақ деп қарастырған. Себебі, бұл бөлініс студенттің нарық сұраныстарына жылдам бейімделе алуына көмектеседі, яғни студент бакалаврдан кейінгі нарық сұранысына байланысты өз бағытын магистратурада бұра алады[14,2б]. Сонымен қатар, ҚазҰУ ректоры болған Қазақстанның бұрынғы Білім және ғылым министрі Б.Т. Жумагулов университет оқытушыларының 39-ыншы конференциясында мемлекеттің еуропалық білім үрдісіне интеграциялануы барысында туындайтын біршама қауіп-қатерлер бар екендігін айтқан. Оның ойынша Болон үрдісін ұлттық ерекшеліктерді ескермей іске асыру мамандардың өзге елдерге кетуі мен елдің бәсекелестік қабілетінің жоғалуына әкелуі мүмкін[2,3б]. Осындай сыни пікірлерге қоса халықаралық дәрежедегі беделді Кембридж, Париж политехникалық ғылымдар институты секілді жоғары оқу орындарының Болон үрдісіне қосылудан бас тартқандығын айта кеткен жөн[15,47б]. Сагинтаев А.К. болса жоғарыда келтірілген еңбегінде үрдістің оң жағы ретінде жоғары оқу орындарына берілетін автономияны жазған. Себебі, автономия арқылы жоғары оқу орындары нарық сұраныстарына жылдам бейімделеді және сезімтал болады. Қайтсе де 2020 жылға дейінгі білімнің даму бағдарламасында осы үрдіс негізінде 2013 жылы ұлттық зерттеу институттарына, 2014 жылы ұлттық жоғары оқу орындарына, ал 2015 жылдан бастап қалған жоғары оқу орындарына автономия беріледі деп жазылған[16,41б]. Егер өзге ұлттық жоғары оқу орындарынан салыстырмалы түрде жоғары деңгей тұрған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің бүгінгі таңдағы жағдайын қарайтын болсақ, арада үш жыл өте ол әлі де автономия алмаған. Осындай қарама-қайшы зерттеулердегі пікірлерді қарастыра отырып, бұл зерттеу жұмысында Болон үрдісінің Қазақстан жоғары оқу орындарындағы студенттер үшін тиімділігі басым, тек оны мемлекет тарапынан дұрыс іске асыру қажет деген қорытындыға келемін деп болжай аламын.
Достарыңызбен бөлісу: |