Тең құқықты қатынастар – қатынас мүшелерінің құқықтары мен міндеттері теңгерілген жерде, ал тәуелді қатынастар құқықтары мен міндеттері бірдей болмаған жағдайларда қалыптасады.
Адамдар арасында қарама-қарсылық болмай, өзара терең сыйластық жайлаған ортада үйлесімді қатынастар нышан береді. Топ ішінде кейбір тұлғалардың ұнамды ниеттері екінші біреулердің келеңсіз ниеттерімен тоғысқан шақтарда қарама – қарсылықты қатынастар бой тіктейді. Адамдардың бір-біріне деген өшпенділігі болған жерде дайдамайлы, жанжалды қатынастар өрбиді. Адамдар арасындағы, тіпті кейде бір тұлғаның да бойынан көрінетін адамдық қатынастар түрі міне осындай. Бұл қатынастардың бәрі өмірде адамдардың бір-біріне беретін бағалары мен мінездемелерінде, әр адамның басқаға бағытталған іс-әрекет, қылығында, өзара байланысқан ойы мен сезімінде көрініс береді.
Тұрақты да келелі қатынастар жүйесі қалыптаспаған ортада адамның өрелі өмір сүруі өте қиын, себебі әрбір жеке адамның да, топ пен ұжымның да қоғамдағы болмысын осы қатынастар айқындайды. Балалық шақта орныққан адам аралық қатнастарға орай адам азаматтық қасиеттерін тіктейді. Ересектердің төңірегіндегілермен қатынасынан сол ортаның көңіл-күйі айқындалып, алға қойылған мұрат-мақсаттардың сәтті орындалуы не кедергіге ұшырауы мүмкін.
Адам аралық қатынастардан туындайтын ең қиын да қолайсыз құбылыс-бұл остракизм, қоғамнан аласталу, яғни кейбір адамдардың көпшілік арасында сыйымсыздығынан ұжымдық қатынастан шеткерілеп қалуы. Мұндай адамдар көпшіліктің жек көрушілігіне тап болып, назардан тыс қалады, еленбейді. Осыдан өзі қатарларынан оң қатынас таба алмай, ақырында адамгершілік қасиеттерінен айырылып, қауымдық өмір тіршілігінен айрылғандар да кездеседі.
Адам аралық қатынастардың ерекшелігі олардың эмоционалды болуында. Адам өзі тектеспен араласа отырып, бір-біріне болған айрықша сезімдер мен ықыластарға кезігеді. Жеке аралық қатынастар, әдетте, субъектив сипатта болып, әр адамның шын мәніндегі тұлғалық оң не теріс қасиеттеріне сай келе бермейді. Олар әрқашан адамның көңіл-күйіне байланысты, бір адамның екіншісіне деген сезім толғанысының ауысуымен өзгеріске келіп тұрады. Көңіл-күйдің бір сәттік болуынан, жеке қатынастар құбылмалы келеді: бүгінгі тәп-тәуір сыйлы қатынас күн өтпей-ақ кері сипатқа енуі баршаға аян құбылыс.
Қызметтік қатынастар жеке қатынастарға қарағанда біршама тұрақты, олар, әдетте, көңіл-күйге байланысты өзгере бермейді. Мұндай қатынастардың әрбір тұлғаның көңіл-күйіне бағына бермейтіндігінен, оларды ресмиқатынастар деп атайды, яғни мұндай өзара байланыстар қатынасқа түскен адамдардың әрқайсысының жеке ерекшеліктері мен психологиялық кейпіне тәуелді болмауы қажет.
Бірақ өмірде және қызметтік қатынастар өзара кіріге байланысқан, сондықтан оларды нақты айырып, таза күйінде қарастыру мүмкін емес. Біріншіден, әр адам өзінің даралығымен қызметтік қатынастарға әрқашан ерекше мән мен сән беріп отырады; екіншіден, әрқандай тұлға нақты қатынастарға өзінің жеке ниет, ой, толғаныс және сезімдерімен кіріседі, ал бұлардың бәрі адамның басқалармен болған қызметтік қатынасына әсерін тигізбей қоймайды.