Жанұзақова Құралай Темірбекқызы
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университетінің проф.м.а.,
филология ғылымдарының докторы
ҚАЗІРГІ ЖАСТАРДЫҢ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕСІ МЕН ДІНИ УАҒЫЗДАРДЫҢ ӘСЕРІ
Қазір интернеттің, әлеуметтік желілердің, ақпарат тасқынының кеңінен, жаңа қарқынмен таралуына байланысты оның қоғамға ықпалы, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне әсері де сан қилы және күшті. Бұл факторлардың тұлғаның қалыптасуына тұғыр болатын пайдалы жағы да, тигізетін зияны да бар. Жекелеген топтар мен саяси күштер уағыз арқылы өздерінің тұғырнамаларын негіздеуді, мейілінше көптеген жанды, әсіресе, жастарды өздеріне тартуды дәстүрге айналдырды. Діни уағыздардың астарында саяси, экономикалық мүдделердің жатқандығы айқын аңғарылады. Сөз арқылы түрлі діни ағымдарды уағыздаушылар ондаған жылдар бойы қалыптасқан адамдардың дүниетанымын аз ғана уақыт ішінде өзгертіп, тыңдаушыларын өзінің ортасына, отбасына ашықтан-ашық қарсы шығатын жағдайға жеткізеді. Шетелдік экстремистік және террористік ұйымдардың қазақ жастарын да қатарына тарта бастауы бүгінгі қоғамды қатты алаңдатып отыр. «Сөздің құдіреті арқылы тыңдаушыны сендіру, иландыру, тіпті ұйытып тастау секілді қасиеттерді тіл білімінде суггестиялық лингвистика (суггестия – қатты сендіру) қарастырады» [1] десек, арнайы дайындығы бар уағызшылар сөйлеу барысында психологиялық әсер ету тәсілдерін қолдану арқылы ақыл-есі түзу бола тұра сараптау, қорытынды жасау деңгейіне жетпеген адамдардан фанатиктерді, беті ашық терроршыларды дайындап шығарады. Әлеуметтік желілердің жетілуіне байланысты жердің кез-келген нүктесінен қоғам үшін өте қауіпті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туып отыр. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінгі таңда тек мемлекеттік шекаралармен ғана шектелмейтін болды. Әлемдік ақпарат кеңістігіндегі асыл мен жасықты тамыршыдай тап басып танып, соған қатысты жұмыстар жүргізуге білікті де білімді мамандардың қажеттілігі айқын сезіле бастады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде көптеген діни ағымдар мен секталар өз жұмыстарын жаңа қарқынмен қолға алды. Жетпіс жылдан аса атеистік дүниетаным дәріптеліп келген қоғамда қалыптасқан рухани вакуумды әрбір діни ағым өз мүдделеріне пайдалануға ниеттенді. «Аңқау елге – арамза молда» дейтін қазақ мәтелі ақиқатқа айнала бастады. Ұждан, ар бостандықтарын тілге тиек еткен шетелдік миссионерлер іргесі бекіп үлгермеген жас мемлекеттен өз үлестерін алып қалуға ұмтылды. ХХ ғасырдың 90-шы жылдары түрлі ғылыми-ағартушылық орталықтардың, тіл үйрету курстарының атын жамылған секталар өз уағыздарын жүйелі жүргізе бастады. Мұсылман дінінің атын жамылған экстремистік саяси топтар, саентологтар, «Иегова куәлары», мунистер, кришнаиттер, т.б. көптеген діни ағымдар қазақ тілінде баспа өнімдерін көптеп таратып, қазақша уағыз айтуды дәстүрге айналдырды.
Жер шарының түкпір-түкпіріндегі әралуан діни оқу орындарынан, әрқилы ұстаздардан тәлім алып келген қазақ жастары да өз оқып-білгендерін ақиқаттың ақырғы нүктесіндей көріп, насихаттауға кірісті. «Жылтырағанның бәрі алтын емес» дегендей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары талғаусыз алған білімдеріміздің көпшілігі мемлекеттің ішкі саясатымен үйлеспей, жекелеген діни бірлестіктердің жұмыстарына тиым салынды. Осы кезеңде елімізде қалыптасқан рухани ахуал турасында белгілі ғалым А.Айталы былай дейді: «Шындығында бүгін бізде ерекше жағдай қалыптасқан. Интеллигенция негізінен зайырлы білім алған. Ал дін теориясын білетін жаңа қалыптасып келе жатқан интеллигенцияға зайырлы білім жетіспейді, ал зайырлы интеллигент дін саласынан хабардар емес. Әзірге жан-жақты білімді алаш зиялылары сияқты діни білім мен зайырлы білімді бойында жинақтаған, дінді, имандылықты, ұлтшылдықты дүниетанымының түп қазығына айналдырған интеллигент бізде бірен-саран. Бұл біздің айыбымыз емес, сорымыз, атеизмнің санада қалдырған ізі» [2].
Уағыз айту – қоғам тарапынан үнемі назарда болатын аса жауапты үдеріс. Өмірінің едәуір бөлігін еңсерген егде кісінің дүниауи әңгімелер айтып айналасын мезі етіп отыруы қашалықты жарасымсыз болса, өмірлік тәжірибесі жоқ, көріп-білгені шектеулі жап-жас баланың жаттап алған азын-аулақ діни қағидаларымен көпшілікті еркінен тыс иіріп қойып, уағыз айтып отыруы да ақылға қонымсыз. Көбіне максималистік мінез құлқы басым жас адамдар өзгелердің ой-пікіріне төзімсіз болып келеді, бір мезетте барша жанның дәл өзі секілді ойлағанын қалайтын өзімшіл мінездерімен ерекшеленеді. Барлығы бірдей осындай деуге де келмес, дегенмен бұл жастардың деніне тән құбылыс. Сол себепті де жергілікті діни орындар тарапынан уағызды айтушы жанның мұқият сұрыпталғаны, жас ерекшеліктерінің де ескерілгені жөн. Негізінен, ақыл тоқтатқан, діни канондарға жетік, жергілікті халықтың салт-дәстүрін, тарихын, өнері мен мәдениетін білетін, нақтылы ғылымдардан хабары бар, тосын сауалдарға жауап бере алатындай аналитикалық ойлау жүйесі қалыптасқан ұстамды жан болғаны жөн. Шырт етпе төзімсіз мінез, жеңіл-желпі артық-ауыс сөз, шектен тыс сәнқойлық немесе олпы-солпы киім діни қызметкердің аудитория алдында беделін түсіреді. Тек өзінің атынан емес, тұтас бір діннің өкілі ретінде сөйлеуші жанның киімі, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы – барлығы да жұртқа жағымды, үйлесімді болуы шарт.
Ел ішінде өздерінің жүріс-тұрысымен, сыртқы кейпімен ерекшеленетін, өздерін қоғамның өзге мүшелеріне ашықтан-ашық қарсы қоятын топтар пайда бола бастады. Жекелеген жағдайда террористік акцияларға ұласып, қоғамның алаңдаушылығын туғызды. Осыған орай дін істері жөніндегі агенттік құрылып, өңірлерде басқармалар ашылды. Ендігі жерде уағыз айту қоғамдық өмірдің қажеттілігіне айналды. Салиқалы уағызшыларды, діни қайраткерлерді дайындау мәселесі баспасөзде ашық айтыла бастады. Бұл, әрине, бүгінгі қоғамның сұранысынан туындайды.
Бүгінгі таңда Қазақстан жастарының жердің түкпір-түкпірінде ең беделді деген жоғарғы оқу орындарынан білім алып келіп жатқанын ескерсек, олардың рухани сұраныстарының да жоғары болары анық. Сол себепті де, имамдар, діни қайраткерлер белгілі бір діни дүниетаным аясында білімдар болумен қатар, осы күнгі ғылым жетістіктерін, дамудың басты қағидаларын, түрлі ақпараттарды терең меңгеруі аса маңызды. Себебі, уақыттың өзі көрсетіп отырғандай, мешіттерде дінге ден қойған халықтың басым көпшілігі - жастар. Бұл уағызшылардан үлкен жауапкершілікті, терең білім мен парасатты талап етеді. Көкейіндегі рухани сауалдарға жауап іздеп келген жандарға діни қызметкердің айтар ақылы мен беретін кеңесі дайын болуы қажет. Сондай-ақ, берілген жауап тыңдаушының көңілінен шығып, оны қанағаттандыруы шарт.
Алматыда Имамдардың білімін жетілдіру ислам институты жұмыс істейді. Осы институтта Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз дәрісінде былай дейді: «Біздің қаруымыз – білімде. Біздің күшіміз – уағызда. Қазақтың жақсы мақалы бар емес пе. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дейді дана халқымыз. Діни басқарма имамдардың біліміне жоғары талап қойғанын жақсы білесіздер. Бәріміз жоғары талап деңгейінен көріне білуіміз керек. Шариғат ілімдерімен қоса өзге де салаларды мықты меңгеруіміз қажет. Өйткені қазір заман талабы жоғары» [3].
Уағыз нағыз өнер иелерінің шығармаларын, халыққа мейілінше жақын, осы кезеңде өзекті де түсінікті туындыларды пайдаланғанда әсері мол болмақ. 2009-2012 жылдар аралығында «Қазақ радиосы» арқылы Асылхан Әуезханұлы «Даналық ойдан дән ізде» деген айдармен әр жұма сайын және рамазан айында өз уағызын айтуды дәстүрге айналдырды. 2013 жылы «Көкжиек» баспасынан жеке кітап етіп шығарды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда діни тақырыпқа қалам тартқан белгілі жазушылардың еңбектері де жарық көре бастады. Мұның барлығы біздің жастарымызға адамгершілік, рухани тәрбие берудің құралы деп білеміз.
Әдебиеттер:
Смағұлова Г. Көркем мәтін лингвистикасы. – Алматы, 2010. 119б. – 146 б.
Айталы А. Дін және ұлттық дәстүр. – Ақиқат. 2014.№ 3. – 53 б.
Қонарбайұлы А. - Дінбасының дәрісі. – Алматы ақшамы. 13.03.2014
Достарыңызбен бөлісу: |