Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа


ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ  СУРЕТКЕРЛІК ФЕНОМЕНІ: ПАРАСАТ ПЕН



Pdf көрінісі
бет7/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

 
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ  СУРЕТКЕРЛІК ФЕНОМЕНІ: ПАРАСАТ ПЕН 
ПАЙЫМ 
 
Қабылов Ә. 
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг 
университеті 
 
Аңдатпа.
  Мақалада  Ә.Кекілбаевтың  көркем  прозасының  идеялық-көркемдік  сипаты 
қарастырылып,  автордың  сыншылдық  позициясы  тұрғысынан  авторлық  баяндау  мен 
кейіпкер  сөзіңдегі,  көптоғысты  толғаныстардағы  көркем  пайымдау  арналары  талданады. 
Қазақтың  ұлттық  танымы,  менталитеті  мен  психологиялық  ерекшеліктеріне  орай  толғам-
түсініктері мен олардың сана мен тілдегі көріністерінің жазушы шеберлігі арқасында көркем 
бейнеленуінің сыр-сипаттары пайымдалған.         
Түйінді  сөздер:
  көркем  проза,  сыншылдық  позиция,  ирония,  суреткерлік,  әдеби 
шығарма, көркем пайымдау, авторлық позиция. 
 
Ә.Кекілбаев  –  өмірді  терең  зерттеген,  қоғам  шындығы  мен  адам  болмысының  сан 
қатпар  қалтарыстарын  қаламгер  һәм  қайраткер  ретінде  жете  зерделеген  тұлға.  Ол  туған 
халқының  тарихы  мен  салт-дәстүріне,  рухани  ділі  мен  жан  дүниесіне  терең  үңіліп,  оны 
әлемдік  мәдениет  пен  жаһандық  тарих  тұрғысынан  пайымдаудың  арқасында  адам 
тіршілігінің  түрлі  ньюанстарын  өзіндік  көркем  өрнекпен,  философиялық  пайыммен, 
азаматтық  зердемен  суреттеді.  Жазушының  парасатты  прозасының  көркемдік-идеялық 
бітіміндегі  ойшылдық  пен  сыршылдық,  асқақтық  пен  сыншылдық,  қарапайымдылық  пен 
тереңдік, турашылдық пен астарлылық секілді кең арналы тоғыстар ордалы ойлардың асыл 
қорытпасындай жарқырап көзге түседі. 


27 
 
Кекілбаев  феномені  тарих  пен  бүгінгі  заманды  сәтімен  сабақтастырып,  тіршіліктің 
күрделі  мәселелерін  философиялық  тұрғыдан  терең  талдауымен,  өзіндік  көркемдікпен 
суреттеп, өткеннің сабағын алға тарта отырып пайымдауымен ерекшеленеді. Жазушы өткен 
дәуір  жаңғырығы  мен  қазіргі  заман  тынысын  көркемдік  қисынмен  үйлестіріп,  суреткерлік 
қуатпен  тіршіліктің  терең  философиясына  үңілтеді.  Оның  шығармаларында  уақыт  сырын, 
адамдар  тіршілігін  суреттеудегі  талдаушылық,  зерттеушілік  сипат  өзіндік  поэтикалық 
өрнекпен  келісті  шырай  алып  отырады.  Қаламгер  адам  өмірінің  қайсыбір  жақтарын  жалаң 
көрсетіп  қана  қоймай,  оның  ішкі  механизмдеріне  барлау  жасайды,  жақсылық  пен 
жамандықтың  тылсым  сырларын  бейнелей  отырып,  оқырманды  олардың  туу  себептерін, 
тамыр тартар бастаулары мен даму өрісін анықтауға ұмтылдырады.  
Суреткер әдеби шығармадағы өмірді бейнелегенде, ерекше бір көркемдік шындықты 
дүниеге  әкеледі  және  өзі  де,  оқырман  да    белгілі  бір  уақыт  аралығында  сол  шындықтың 
ауқымында  өмір  сүреді.  Бұл  көркем  шындық  сөздер  мен  образдар  арқылы  жасалатын 
жасанды  әлем  болатындықтан,  мұндағы  сюжеттер  мен  қарым-қатынастар  белгілі  бір 
қисынға, әсемдік заңына, сөз сиқырына, жазушының суреткерлік мақсаты мен оқырманның 
қабылдау ырқына бағынатын ерекше сипат алады. Көркемдік шындықты сомдауда автордың 
өмірлік  тәжірибесі,  суреткерлік  позициясы,  танымы  мен  білігі,  өмірлік  құбылыстарды 
тәпсірлеу  машығы  көмекке  келеді  десек,  солардың  негізіне  белгілі  бір  тілдік,  мағыналық, 
психологиялық,  философиялық  жүйе  тірек  болмақ.  Жазушының  әлеуметтанушылық, 
психологтық, философтық, ділмарлық, т.б. дарынының ең бір көрінетін тұсы да осы және ол 
көркем шығарманың тағдырын белгілеп отырады.  
Ә.Кекілбаев шығармаларында өмір құбылыстарын пайымдаудың терең ағыстары, ішкі 
сыршылдық пен сыртқы сыншылдық  арнаның тоғысып жататын құйылыстары, адам мінезі 
мен  тағдырының  сан  алуан  даңғыл-соқпақтары  мен  шың-шатқалдарын,  ағыс-өзектерін 
көркем  бейнелей  отырып  ой  толғайтын,  оқырманын  бейжай  қалдырмай,  кейіпкерлер 
тағдырына  етене  жақындастыра  түсетін  психологиялық  һәм  философиялық  дегдар  ойлар 
иірімдері молынан ұшырасады. 
Нағыз  суреткер  –  ғаламдық  масштабтағы  адамзаттық  проблемаларды  көтеріп, 
азаматтық ой-сана мен көркемдік-эстетикалық танымды толықтыруымен қатар, өз ұлтының 
болмыс-бітімін,  арман-мұраты  мен  мұң-наласын  көркем  кестелеп,  жалпыадамзаттық 
проблемалар тұрғысынан талдайды, адамдық құндылықтардың идеальды мінсіз келбеті мен 
орын  алып  отырған  жағдайларды  салыстыра  қарап,  адамдық  мәселелерді  сарабдалдықпен 
саралап отырады. Өйткені, жазушы – ең алдымен өз ұлтының өкілі, өз дәуірінің перзенті.  
Шынайы  жазушы  адамдар  әлемін  зерттей  отырып,  көркем  суреткерлік  шеңберінде 
қоғамның беталыс-болмысын, ұлттың бет-бейнесін, мінез-құлқы мен ар-ожданын кестелейді. 
Әдебиеттің  даралық  және  жинақтаушылық  қасиеті  тоғыса  келіп,  көркем  полотнодағы  сан 
алуан  бояулардың  үйлесімімен  қаныққан,  көркемдік  кеңістіктегі  өз  орнын  айқындаған 
көркемдік  компоненттердің  жиынтығы  жазушының  жалпы  қоғам  мен  жеке  адам,  өмір  мен 
тағдыр,  уақыт  пен  мінез  туралы  ордалы  ойларының  тұтас  галереясын  құрайды.  Осы 
суреттердің  ішінде  ұлт  тағдыры,  оның  кешегісі  мен  бүгіні,  қасиеті  мен  қасіреті,  даналығы 
мен  шалалығы  туралы  келелі  ойлардың  түзілісі  оқырмандарды  ойға  жетеп,  толғандырары 
даусыз.  Жазушы  әсте  жекелеген  жайлардан  немесе  тұтас  болмыс  бейнелерінен  қорытынды 
шығарып, ақыл айтып, тұжырымдама ұсынып жатпайды. Әдебиеттің басты міндеті – санаға 
сәуле  түсіру,  өзіңе-өзіңді  таныту,  өмірдің  сан  түйткілдерін  жайып  салып,  жақсылық  пен 
жамандықтың  төркінін  пайымдату,  ал  жазылған  жайлардан    қорытынды  шығару, 
толыққандылық  пен  кемелділікке  ұмтылу  –  ойлы  оқырманның  патша  көңіліне  жүктелетін 
шаруа. 
Суреткерлік  парыз,  азаматтық  позиция,  әлеуметшілдік-ұлтшылдық  жауапкершілік 
жазушының  өз  ұлтының  мінез-болмысына  да  сын  көзімен  қарау  арқылы  қазақтың  аяғына 
тұсау  болып  келе  жатқан  кемшіліктер  мен  кесапаттарды  да  аямай  шенеп  отырады.  Ұлтты 
сүю  оның  кемшілігіне  көз  жұма  қарау  еместігін  осылайша  өз  шығармашылығының 
мазмұнымен  дәлелдеп  берді.  Өз-өзіне  сын  көзімен  қарап,  кемшілігіне  күле  білу  –  болам 


28 
 
деген  жұрттың  айнымас    қағидасы  болмақ.  Сондықтан  қаламгер  Ә.Кекілбаев  та  ұлт 
болмысының  көлеңкелі  жағына  қабырғасы  қайыса  отырып  көз  жібереді.  Бүкіл 
шығармашылығының тұл бойында қазақтың дарқан көңілін, жомарт мінезін, кеңпейілділігін 
қасиет тұтып көкке көтерсе, сонысымен қатар кейбір аяқтан шалып, кежегесін кейін тартқан 
кесір мінездерін де жасырмайды. Біздің қазақы мінезімізді көрсететін алауыздық, іштарлық, 
жалқаулық, күншілдік, сияқты жағымсыз қылықтарды жасырмай көрсетіп отырады. Халқын 
қапысыз  сүйген  суреткер  мұның  бәрін  нақты  оқиға,  жекелеген  жөн-жосық  арнасында 
көрсетсе,  кейде  ой  орамында,  сөз  арасында  кейіпкер  көзімен  де,  автор  сөзімен  де  бірде 
мысыл-кекесінмен  іліп-шалып,  енді  бірде  әзіл  әуенімен  қағытып,  кейде  қатаң  екпін  түсіре, 
сақтандыра сөйлейді.  
Автордың  сыншылдық  позициясы  реалистікпен  түзілген  көркем  суреттердің 
пайымдаушылық  қисынынан,  автор-кейіпкер-оқырман  сұхбаттастығының  ортақ  репликасы 
іспетті  мөлтек  түйінінен  көрініп  отырады.  Таратып  айтар  болсақ,  мұндай  мысқылдық  іліп-
шалу,  кекесіндік  лебіздер  кейіпкер  ойымен  берілсе  де,  оның  түпкі  астарында  авторлық 
қоштау  жатады  және  бұл  оқырман  тарапынан  да  оң  қабылданады,  өйткені  ол  нақты 
психологиялық-әлеуметтік  жағдай  шығарманың  контекстік  қисынымен  көркем  дәлелденіп 
отырады.  
Қазақ  қоғамындағы  келеңсіз  психологиялық  қатынастар,  ұлттық  мінездегі  кесірлік 
көріністері,  әсіресе,  кең  тынысты  әлеуметтік-психологиялық  шығармалар  «Үркер»  мен 
«Елең-алаң»  романдарында  жеріне  жеткізіле  кестеленеді.  Негізінен  орталық  кейіпкер 
Әбілқайырдың  ойынан  туындап  жататын  мұндай  ұлттық  мінездің  бұлтарыс-қалтарыстары 
шығарманың сюжеттік желісінің, концептуальдық түйінінің арналарынан туындап отырады. 
Мұндайда  қазақ  психологиясының,  ұлттық  мінез-құлқының  сипаттары,  негізінен,  өзіндік 
сын,  сайқымазақ  күлкі  –самоиронияның  нысанасы  болып  келеді.  Олардың  көркемдік-
поэтикалық өрнегі мен стильдік-ділмарлық қисыны да әр түрлі қалыпта сомдалады.  
Мысалы: 
-  Жекелеген  мінез  қырларын  жеңіл  іліп-шалатын  риторикалық  сұрау  ыңғайындағы 
жеңіл  мысқыл:  «Тәйірі,  қазақ  қазақ  болар  да,  ырду-дырдуға  елікпей  тұра  алушы  ма  еді! 
Жүйрігін  жетелеп,  палуанын  ертіп  арсалаңдап  жетті  ғой  жан-жақтан...»  [1,269]; 
«Қотанындағы  малды  құдай  айдап  келе  қалған  кезбе  қонақтың  аузына  ұстауға  жиятын, 
кейінгі  ұрпаққа  сол  қонақтың  ел  арасына  жайып  кеткен  әңгімесін  мирасқа  қалдыратын 
қазекемде  ат  шығарғаннан  артық  мұрат  болушы  ма  еді»  [2,56];  «Бір  нәрсені  әуелі  жақтары 
жыртылғанша кергілесіп, дауласып алып барып мақұлдамаса, қазақтың ішіне ас жаққан ба?» 
[1,264];  «Бір  дәндеп  алса,  қанағатты  білетін  қазақ  бар  ма!»  [2,150];  «...Жаудан  түсер  мол 
олжаның  шеті  көрініп  тұрғанда  керіліп-созылып  үйде  тыныш  жататын  қазақ  бар  ма? 
Қалғандар  кенеліп  жатқанда  ол  қайтып  қалыс  қала  алады?!  Өзіндей  екінші  бөрік  кигеннің 
қолы неге жетсе, мен де қолымды соған жеткізем деп тыраштанып бақпай ма?..» [1,319]. 
-  Контексте  бейнеленетін  жекелеген  іс-әрекет,  құбылысты  тұрақты  жағдай  ретінде 
кекесінмен  шалып  өтетін  пародиялық  эффектілі  тұжырымдық-бекітушілік  сипаттағы  зәрсіз 
кекесін:  «Қазекеңнің  ең  аяғы  белін  босатып алу  үшін  де  биік  жер  іздейтін  әдеті  ғой»  [2,9]; 
«Бұл  қазақ  әуелі  басқа  біреуден  бірдеңені  көріп,  соған  іші  қыз-қыз  қайнамай  тұрып  іс 
қылмайды»  [1,320];  «Қымызға  өкпелеген  қазақтың  өзі  жыл  он  екі  ай  тоңторыс  жүрмей 
қабағын жылытпайды» [2,360]. 
-  Ілкіде  қоштаумен  бастап,  келеңсіз  көріністерге  шүкіршілікпен  қарайтындай 
көрінетін  зілсіз  ирония:  «Құдайға  шүкір,  дақпырта  сөйлемесе  басы  ауыратын  даңғойларға, 
түймедейді  түйедей  қып  көкитін  желбуаздарға  қазақ  арасы  қашан  да  кенде  болып  көрген 
емес» [1,288]. 
-  Ұлт  өкілдерінің  бойындағы  жақсылы-жаманды  қасиеттерді  контрасты  түрде  алып, 
оларды  инверсиялық  екпінмен  дамыта  отырып,  алогизмдік  тұрғыдан  қарастыратын  кекті 
кекесін:  «Қазақтан  шапағат  көргің  келсе,  мүсәпір  бол!  Сәл  сәулет,  сәл  қасиет,  сәл  абырой, 
сәл бағыңды көре алмай қыржаңдап қалғыш жұрт, мүсәпірлерге дегенде қандай кешірімпаз, 
қандай кеңпейіл, қандай шапағатшыл!» [2,548]. 


29 
 
-  Бұқараның  жағымсыз  қылықтарына  жатсына  қарап,  ашынудан  туған  жинақтаушы 
мәндегі  қатаң  тұжырым:  «Бұл  қазақ  ел  болып,  еткен  еңбегіңді  біліп,  мәртебеңді  асырады 
деген мәңгінің қиялы!» [1,332]. 
Жазушы  қолтаңбасындағы  осындай  келеңсіздіктерді  суреттеудің  күлкілі  өрнектегі 
қызықты  көріністерін  оқығанда  шымыңа  тисе  де,  туралығына  тәнті  боласың,  жинақтық 
характер  жасаудағы  автордың  комизм  құралдарына  жүгінуінің  астарлы  мәні  кім-кімді  де 
иландырады:  «Он  қазақты  бір  дастарқанға  жинасаң,  бәрі  де  бір-бір  бас,  бір-бір  жамбас 
ұстайтындай он басты, он жамбасты, қырық аяқты, жиырма көз, жиырма құлақты қой тауып 
союың  керек.  Ондай  қой  қандай  таптырмайтын  болса,  қазақтың  бабы  да  сондай 
таптырмайды. Бас-басына шалқаюды, бет-бетіне шіренуді еркіндік көреді» [2,76]. 
Ал  осындай  жат  мінездер  қайдан  туындап  жатыр?  Бұл  қазақтың      басына  бақ  бітсе, 
бас-басына  шалқайып,  басы  бірікпейтін  керенау  кердеңдігі,  өз-өзінен  өрекпіп,  бас  бермес 
мақтанқұмарлығы, көрпесіне қарай көсілмейтін дарақылығы мен шашпалығы қайдан шығып 
отыр? Әбілқайыр секілді елге тұтқа болатын тұлғаның ой орамдары арқылы бұл мәселеге де 
қоғамдық-әлеуметтік  сатираның  уытымен  қанықтырып,  салмақты  сөз  орамдарымен  назар 
аудартады:    «...Біздің  қазақта  он қараның  басын  түзесе  бай,  он  баланың  басын қарайтса  би 
болып  шалқайып  алады  да,  ортақтасып  қам  жасайтын  шаруада  ешкімге  дес  бермей 
қасарысып отырғаны. Сөйтіп жүріп кім көрінгенге ол көз түрткі болмағанда, кім көз түрткі 
болады?!»  [2,77].  «Қай  халықтың  да  қасіретке  батқаны  бірдей  болғанмен,  мақтанып-
масаттанғаны  әр  қилы.  Қазақтың  бағы  жүрсе  –  кеукілдеген  мақтан  әңгімесі,  гулеген  өсегі, 
кеңірдегін  күнге,  кіндігін  айға  ілген  кердең  жүрісі  көбейіп,  қараптан-қарап  іші  жарылып, 
бұтқа  толып  болады»  [2,77].  «Аз  жетіліп  қатарға  қосылсын  десең  –  ұзын  арқау,  кең  тұсау 
тіршілікке  жібермей,  белін  бекем  будырып  сара  жолға  сал.  Көп  көбейіп,  дені  жайылсын 
десең – тар қамауға тығып тұмшалай бермей кеңге шығар! Біздің қазақ осыны да білмейді. 
Аяғын көрпесіне қарай көсілмейді» [2,76]. 
Кейіпкер  сөзі  мен  ой-пікірінен  авторлық  позиция  анық  көрініп  отырады, 
пайымшылдықпен  тәпсірленіп,  ойлы  тұжырымдар  түзетін  тапқырлықпен  жазылған 
жайлардың  қазіргі  күн  үшін  де  өзекті  болып  табылатыны  сөзсіз,  олардағы  полемикалық 
назар  автордың  тақырыпты  бірегей  түрде  бере  білуінің  де  (трактовкасының)  амалы  ретінді 
көрінеді.  Аз  сөзге  көп  мағына  сыйғызу  шеберлігі,  автор  тіліндегі  комизмдер  көкейтесті 
тақырыптың  өзін  жалпы  баяндау  фонында  ойлы  өрнекпен,  сыншылдық  пафоспен  оңтайлы 
жеткізеді. 
Қазақ арасының сөз бен ісі орайласпай жататын рухани тиянақсыздығы, ағайын ішін 
алалап,  жақ-жақ  боп  жаға  жыртысып,  ел  бастауға  лайық  деген  «көсемін»  өзекке  теуіп, 
жақынын ғана жақтауға бейім тұратын жікшілдігі,  сөйтіп елдің асылын  бағалауына жалған 
намыс,  әсіре  рушылдықтың  тигізетін  кесірі  секілді  мерездерді  ашына  отырып  баяндаса  да, 
оның өзін сын-сықақтың шоғына қақтап отырады, осылайша әлеуметтік-этикалық тұрғыдағы 
пайымдауларға  ұластырады:  «...Үш  арыс  үш  жаққа  тартып,  арыс  басы  екі-үштен  хан 
ұстағылары келеді. Екі ұдай жұрттың өзі  мынандай болып жатқанда, үш ұдай жұрт  қайдан 
оңсын! Соны жеке-жеке тілдессең, бәрі де ұғатын сияқты. Қай-қайсысы да: «Бір жағадан бас, 
бір жеңнен қол шығармай тұрып біз қайдан оңайық?» – деп сарнап қоя береді. Ал сондай үш 
ауыз жұрттың пиғылын түзейтін дуалы ауызды қайдан табар екенбіз деп қармана бастасаң, 
баяғы  пәтуаның  барлығы  ұмыт  қалып,  әр  қайсысы  әр  жаққа  тартып  шыға  келеді.  Бәрі  де 
ондай  ортақ  тізгінді  өзінің  ауылының  белдеуіне  қарай  сүйрей  жөнелгісі  келеді  де  тұрады. 
Біреуді:  «Осы  лайық-ау!»  –  деп  атай  қалсаңыз,  байғұстың  баяғыдан  бері  байқалмай  келе 
жатқан барлық міні бір күннің ішінде баттиып-баттиып көзге түсіп шыға келеді. Біреуі өзін, 
біреуі  көзін  ұнатпайды.  Біреуі  қайын  жұртын,  біреу  нағашы  жұртын  жақтырмайды.  Ең 
құрығанда, астындағы атының аяқ басқаны көңілден шықпайды. Әйтеуір мін табады. Ондай 
тал бойында бір міні жоқ пайғамбарлар мен періштелерді сорлатқанда қай қазақтың қатыны 
күнді топырлатып туып жатыр. Талай пайғамбар мен талай періштенің абыройларының асып 
жүргендері  де  біздің  керауыз  далада  тумағандығында  шығар.  Біздің  даладағы  көп  тал 
шаңырақтың  біреуінің  астында  туса,  солардың  көбінің  абыройы  әрқашан-ақ  айрандай 


30 
 
төгілген  болар  ма  еді,  қайтер  еді...  Құдайдың  құдайлығы  да  сонда  ғой...  Ешкімнің  көзіне 
көрінбейтіндігінде  ғой...  Әйтпесе,  біздің  қазақ  оның  бойынан  да  бір  кемшілік  тауып 
шықылықтап күліп ала қайқаяр еді.» [1,343]. 
Кемелденуге  кесірін  тигізетін  ақымақтық  пен  аярлық  қашан  да,  қай  ортада  да 
кездеседі,  олардың  сыртқы  көрінісі  де,  ішкі  мән-мағынасы  да  баршаға  таныс.  Сондықтан, 
жазушы  оқырманның  өзіне  таныс,  өз  ортасына,  қазақ  табиғатына  етене  жақын  адамдардың 
бойында  жиі  кездесетін  жағымсыз  жағдайларға  екпін  түсіре  жинақтап,  алдыңғы  планда 
көрсетуге  тырысады.  Жазушы  шығармаларында  оқиғаның  бір  ғана  жағына  мән  беріп 
қоймайды, соған қатысты мұң мен күлкі астасып жататын барлық комикалық және драмалық 
жақтарына сәуле түсіреді, сөйтіп оқырманын ойға жетелейді. Жазушы мәнерінің ең маңызды 
сипатын  өмірден  байқағандарын  кемел  суреткерлік  талғаммен  пайдалануы  құрайды.  Кең 
көлемді  көркем  жинақтауға  талпыныс  нақты  жағдайларды  типтендіру  арқылы  ұлттық 
мінездің кең ауқымды портретін жасайды. Бұл туралы әдебиет сыншысы С.Жұмабек былай 
деп жазады: «Тәуелсіздігімізге дейін жарық көрген тарихи дүниелер арасында «Үркер» мен 
«Елең-алаң» 
роман-дилогиясына 
дейін 
халқымыздың 
ұлттық 
мінез-құлық 
психологиясындағы небір тамаша қасиеттер мен небір жиіркенішті кемшіліктер жайында әрі 
сүйсіне,  әрі  ашына  айтылған  ойлар  мен  көркемдік  тың  жинақтаулар  мүлдем  сирек 
ұшырасатын.  Мәселен,  әрбір  фактіні  не  деректі,  әрбір  іс-әрекетке  негізделген  оқиғаны 
келтіру  бар  да,  оны  көркемдік  тәпсірлеу  жағы,  сондай-ақ  дүниетаным  көзқарастарымен 
таразылап,  іріктеп-сұрыптап  алу  жағы  және  бар.  Бұл  орайда  Әбіш  шығармаларындағы 
тарихи  фактілердің,  іс-әрекетке  негізделген  оқиғалардың    қай-қайсысы  болмасын  әрқашан 
белгілі бір көркемдік мақсатқа жұмыла қызмет етеді, соған жұмыла қол жеткізеді» [3,54]. 
Жоғарыда талданған жарқылды жолдар – халықтың рухын оятуда, намысын қайрауда, 
өзі мінін өзіне көрсете отырып ұятын шақыруда, қоғамды жат қылықтардан арылтуда ерекше 
орны бар ерекше пафосты сыншылдық сарын деп ұққан жөн. Тіке айтқанның тұрпайы, ашық 
айтқанның анайы  болып шықпауы үшін оның әзілмен әдіптеліп, айтқыштықпен астарланып, 
тұспалдап айтылуының елді иландыратындай қасиеті мол, әрі құлаққа естілуі жағымды, әрі 
шымбайыңа батып, жүрегіңді дір еткізер уыттылығымен құнды. 
Әдебиет  пен  өнер  шығармаларындағы  көркем  пайымдау  –  суреткердің  өмір 
құбылыстарының,  жаратылыс  заңдарының  мазмұн-мәнін  адами  тұрғыдан  бағалауының, 
оларды 
адам 
қатынастарымен, 
қайғы-мұң, 
қуаныш-сүйінішімен 
байланыстыра 
қарастыруының  нәтижесі.  Ой  мен  сезім  тоғысынан  туындайтын  көркемдік  таным 
суреткерлік  пайымдаулар  негізінде  кейіпкер  көзімен  танылып,  ой-пікірінен  беріледі.  Көп 
жағдайда  олар  автор  көзқарасымен  орайласып  отырады,  өйткені  жазушы  кейіпкері  арқылы 
өзінің  замана-қоғам,  адам  мен  табиғат  туралы  көзқарасын,  қызықты  топшылау  –түйіндерін 
жарыққа шығарады.  
Көркемдік  пайым  –  өмір-тіршілік,  болмыстың  сан  алуан  мәселелері  туралы  айқын 
түсінік,  анық  тұжырым  ғана  емес,  оларға  адами  қатынастардың  түрлі  түйткілді  тұстарын 
алуан  бейнелік-астарлық  қалыпта  бедерлейтін,  жазушылық  шеберлікпен  сомдалатын 
әлеуметтік-психологиялық 
әрі 
қисындық-философиялық 
сипаттағы 
ойлы-суретті 
пайымдаулар да. Көркем қисынға иек артқан тартымды талдау мен тәпсірлеу, орайын тауып, 
жүйесін келтіріп, шындық пен әзілді, туралық пен тұспалды әдемі астастырып өтімді ой айту 
–  көркем  пайымдаудың  қашаннан  келе  жатқан  тиімді  құралдары.  Тауып  айтқан  тапқырлық 
пен  уәжді  дәлелдерге  арқа  сүйеген  аталы  сөз  –  шындық  пен  әзілдің  шекарасын  шайып, 
ауқымын  астастырып  отырады.  Олардағы  әлеуметтік  астардың  басымдылығы,  қуатты 
көркемдік пен ұтымды ой – кез келген айқын тұжырымдар мен дидактикалық сарыннан гөрі 
оқырмандарға жұғымды әрі тәрбиелік пәрменділігі жоғары болмақ.  
Ә.Кекілбаев шығармашылығы адам табиғатының жұмбақ тылсымдарына бойлататын, 
мінез-құлық  пен  ішкі  психологиялық  иірімдерге  назар  салдырып,  оңаша  ойлантып-
толғантып отыратын сәулелі суреттерге, парасатты пайым-толғаныстарға бай. Өмір-тіршілік 
сырлары,  бақыт,  қызғаныш,  қуаныш  пен  қайғы,  алданыш  пен  мақтан  секілді  сан  арналы 
сезімдік толғаныстар оқырманын ойға жетелейді, көңілге түйткілді ойлар жүктейді, автормен 


31 
 
ілесе отырып, оқырман да осы ой сілемдерінен өзінше түйін ұстауға тырысады.  Прозадағы 
оқиға  мен  тартыс  арналарынан  туындап,  диалогтер  мен  баяндау  сипаттарында  ой  тудырып 
отыратын жәйттер өзінің терең пәлсапасымен, жұғымды ырғағымен, айшықты бояуларымен 
мәнді  болып  келеді.  Мысалы:  «...Асылы,  адам  көңілі  өмірдің  көп  өткіншісі  шұбырып 
жататын айдау қара жолының үстіндегі қайыршының кетік тостағаны сияқты; өткіншілердің 
біреуі  у  тамызады,  біреуі  бал  тамызады;  өңшең  у  болса,  әлдеқашан  жер  қабар  едің,  аз  да 
болса, анда-санда бір тамса да, жер үсті тіршіліктің тәттілігін сездіріп, таңдайыңды татытып 
кететін балы бар ғой тағы да. Адамның есінен қанша танғанымен, есірік дәмеден қол үзбей, 
ылғи  әлденеге  тырмысып,  арам  тер  болып  жүретіні  де  сондықтан  шығар»  [4,368],  немесе: 
«Бақыт...  Адам  байғұстың  қиялы  жеткен  жердегі  жақсы  мен  тәттіні  бір  бойына  сыйғызған 
осы  бір  сөз  қашан  кісінің  көңіліне  шемен  боп  байланған  сәтінен  бастап,  бастапқы  мән-
мағынасының бәрінен түгел айрылып, онсыз да кем қанағат, онсыз да өлермен пендені онан 
сайын жан алқымға түсіретін  қайыс қамшыға айналатын көрінеді. Ондай қайыс қамшының 
саныңнан қан саулатып сабылтып жеткізетін жері  – бақ шығар, дәулет шығар, даңқ шығар, 
әйтеуір бақыт емес...» [4,371];  «Адам мен аңның жалғыз айырмасы да сол кісінің өн бойын 
өртеп бара жатқан қызғанышты аяусыз баса біліп, әділетке жүгіне алатындығында емес пе?! 
Қызғаныштың  дегеніне  көнген  қай  мықтың  да  ақыры  қабаған  төбеттің  кебін киіп,  азуынан 
айырылып  тынатын.  Қызғанышты  жеңіп,  өзіңді-өзің  қайрап  өрге  бастасаң,  кім  біліпті, 
күндердің күнінде сенің де айдарыңнан жел есер? Жел еспеген күнде де, ешкімге қиянатың 
тимей, бетіңе шіркеу түспей өтесің ғой!» 
Мұндай  пайымдаулардағы  терең  ой,  тегеурінді  дәлелдер  адами  түсінікпен,  ұлттық 
тұрмыс  суреттерімен  жымдасып  келіп,  өзінің  өтімділігін  арттырып  отырады  әрі  керемет 
әсерлілігімен жүрекке жол тауып, қисындылығына ден қойдырады: «...Сонда өмір сүру деген 
енесіне  жамырап  кетпесін  деп,  күні  бойы  темір  қазықты  шырқ  айналып  шыға  алмайтын 
арқандаулы  қараша  ботадай  не  қорлықты  көрсең  де,  не  сұмдықты  бастан  кешсең  де,  жан-
жүйкеңді жадыратқан тәтті қиял, аңсар арманның  бәрінен адыра қалып, маңдайыңды тауға 
ұрып,  тасқа  соқсаң  да  өзінің  тіленіп  келмеген,  келгесін  еш  тілегіңді  қабыл  қылмайтын  кер 
тағдырдың тастақ тар қойнауына қызыл өңешіңнен қылғына байлану ма?..» [4,376].  
Болмаса,  «Бір  шөкім  бұлт»  повесіндегі  Аққаймақтың:  «...Мола  екеш  моланы  да 
иемденіп, еміренудің не жөні бар деп ойлаушы еді. Сөйтсе кісі мола екеш молаға да бауыр 
басып,  оны  да  өзімсінеді  екен.  Ата-мекен,  ата-су  болатыны  сияқты,  ата  қауым  да  болады 
екен. Күні кеше соғыста өлгендер жарық дүниемен қоштасып жатқанда, кімнің көз алдына не 
елестеп,  әркім  өзі  үшін  ең  аяулы  нәрсені  еске  алғанда,  біздің  ауылдың  талай  жігітінің  көз 
алдына  тап  осы  жермен-жексен  ескі  мола  көрініп,  «Дүние-ай,  соның  кебір  топырағына 
жеткізбедің-ау», – деп налымағанына кім кепіл. Тірі адам ет жақын, ниет жақынынан жылы 
сөз  дәметсе,  өлген  адам  ыстық  көз  жасын  дәмететін  шығар»  [5,271],  –  деген  ойының 
өзегіндегі  адам-пенденің  өмірімен  ғана  өлшенбейтін  арман-аңсары,  фәнилік  мақсатты 
бақилық арманмен жалғастырып жататын жүрекжарды пәлсапасы жатқан жоқ па!? 
Әдетте, адам жалғандық, өтірік, алданыш, алдамшылық секілді ұғым-түсініктерге бір 
жақты,  жағымсыз  әсермен  қарап,  намысқа  бой  алдырып,  ақиқат  жолын  шындықтан, 
әділдіктен, реальды болмыстан іздеуге жетелесе де, автордың  – пайымдаушы қаһарманның 
алданыш туралы мына секілді топшылаулары ешкімді бейтарап қалдырмасы анық: «...Адам 
алдана  білмесе,  кеп-келте  ғұмырында  басынан  кешетін  сан-сипат  тауқымет  пен  азапқа  бір 
күн  де  төзе  алмас  еді.  Көңілдің  қорғанышы  –  алданыш.  Адам  армандаймын  деп  жүріп 
алданумен  болады,  алданып  жүріп-ақ  талайды  бітіреді»  (1,377).  «Жалған  дүниенің»  бір 
сырын  мақал-нақыл  түріндегі  шағын  ғана  сырлы  өрнекпен  орап  алып,  оптимизммен 
түйіндейтін  мұндай  ойлы  орамдардың  ойшыл  автордың  жазушылық  лабораториясының 
концепциялық-идеялық  негіздемесін,  поэтикалық  репертуарын  толықтырып  отыратын  сәтті 
өрнек, қуатты пайымдаулар екендігіне шүбә жоқ! 
 
 
 


32 
 
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1.
 
Кекілбаев Ә. Елең-алаң. Роман. Алматы. Жазушы, 1984. 
2.
 
Кекілбаев Ә. Үркер. Роман. Алматы. Жазушы, 1981. 
3.
 
Жұмабек С. Халық тағдырының тамыршысы // Жұлдыз, №1, 2007. 
4.
 
Кекілбаев Ә. Таңдамалы. І том. Роман. Повестер. Алматы. Жазушы, 1989. 
5.
 
Кекілбаев Ә. Таңдамалы. ІІ том. Повестер. Әңгімелер. Алматы. Жазушы, 1989. 
 
 
 
 
 
 
 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет