Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа



Pdf көрінісі
бет18/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

 
ӘОЖ 82.09 
 
ҚАЗАҚ ҚАРА СӨЗІНІҢ ҚАРА НАРЫ 
(Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев туралы бірер сөз) 
 
Тілепов Ж. 
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, филология ғылымдарының 
докторы, профессор, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты 
 
Аңдатпа. 
Мақалада  әдебиетке  әу  баста  ақын,  әдебиет  сыншысы  ретінде  келген 
Ә.Кекілбаев  туралы  толғаныстар  баяндалады.  Ә.Кекілбаев  қаламгерлігі  туралы  әдеби 
құбылыстың  тамырын  тап  басатын  алыс-жақындағы  замандастарының  ой-пікірлері  де 
мақалаға  арқау  болған.  Сондай-ақ  қарымды  қаламгердің  әдебиеттегі  орнының  биіктігі, 
қайраткер тұлға екендігі айтылған.
 
Түйінді сөздер: 
Әбіш Кекілбаев, қайталанбас  тұлға, қарымды қаламгер, ақын, әдебиет 
сыншысы, замандастар ілтипаты, өшпес із. 
 


67 
 
Әбіш  Кекілбайұлы  –  әдебиетке  келген  уақытынан  бастап  елінің  назарында  болған 
 
қаламгер. Әдебиеттің барлық жанрында қажымай-талмай еңбек етіп өткен ол әуелі өзі мекен 
ететін  Маңғыстау  аймағының  тұрғындарына  частушка  аталатын  ән-өлеңінің  авторы  болып 
көзге  ілінді.  «Ей,  жігіттер,  дәмеленбең,  Ақеркеге  қол  созып,  Шопан  болып  келді  бізге, 
жарысқа түс, көрші озып» деп басталатын сол бір жігерлі жырды кезінде тек мектептің ғана 
емес,  бүкіл  мәдениет  үйлерінің  сахнасынан  ауылдар  мен  ауданның  әншілері  бірімен-бірі 
жарыса  талмай  шырқайтын.  Бұл  сонау  өткен  ғасырдың  елуінші  жылдары  жастарының 
мектеп қабырғасынан мал отарларына шопан, бақташы болып бару  туралы жоғары жақтың 
пәрменіне  үн  қосқандығын  әйгілейтін  өз  уақытындағы  замана  тудырған  туынды  болатын. 
Сол  кезде  Әбекең  әлде  тоғызыншы,  әлде  оныншы  сынып  оқушысы  еді.  Ән-өлеңінің 
кейіпкері – өздерінің қатар оқып жүрген құрбысы болатын. Автордың өзі де, Ақерке сияқты 
бүкіл сыныбы мен мал отарларына комсомолдық жолдамамен баруға тілек білдіріп қойған-
ды.  Бірақ,  сол  кездегі  облыстық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы,  көрнекті  мемлекет 
қайраткері  Нұртас  Дәндібайұлы  Оңдасынов  маңғыстаулықтар  қазіргі  таңда  малшы 
жастардан  гөрі,  жоғары  білімді  маман  жастарға  ділгер  деп,  Әбекеңдер  мектеп  бітіретін 
жылдың  жастарын  мал  ауылдарына  жаппай  аттану  сапарынан  тежеп  қалған  еді.  Сөйтіп, 
қазіргі  қазақтың  қабырғалы  қалам  иесі,  мемлекет  қайраткері  Әбіш  Кекілбайұлына  1957 
жылы шопан таяғын ұстауға сәті түспеді. Мұнан кейін жалындап тұрған жас қаламгер бағын 
сынап  көрмекке  Алматыға  аттанды.  Сол  кездегі  республиканың  маңдайына  біткен  жалғыз 
университетіне келіп студент болды. Күллі адамзат баласы өмір кешіп жатқан бес материкке 
қазақ  сөзімен  туындаған  шығармалары  мәлім  Мұхтар  Омарханұлы  Әуезов  сынды  ғұлама 
бастаған  данагөйлердің  дәрісін  тыңдады.  Озат  студент  атанды.  Қазақ  баласының,  тіптен 
қазақ  емес,  еңбегінен  хабардар  әрбір  республика  тұрғынының  дидарлы  өңдерін  бір  көрсек 
деп  армандайтын  Қаныш  Сәтбаев,  Сәбит  Мұқанов,  Ғабит  Мүсірепов,  Ғабиден  Мұстафин, 
Бауыржан  Момышұлы,  Ахмет  Жұбанов,  Мұқан  Төлебаев  сынды  ұлтымыздың  біртуар 
перзенттерінің жүздерін көріп қана қоймай, сөйлеген сөздерін тыңдап, дағуалы ойларының 
тұңғиығына  шомуға  мүмкіндік  алды.  Сөйтіп  жүріп  есейді.    Сол  студент  шағының  өзінде 
ақын, сыншы ретінде қазақ әдебиетінің көш басшыларының назарына ілінді. Университтетің 
әдебиет  бірлестігінің  жетекшісі  ретінде,  ұлы  ұстаз  М.  Әуезовті  бірлестіктің  жиынына 
шақырып,  алдын-ала  дайындалған  сұрақтарға  деген  жауабын  алып,  өз  тұрғысында  шағын 
интервью  ұйымдастырды.  Сол  жиынға  ғұлама  М.Әуезов  қазіргі  қазақ  поэзиясы,  оның  жас  
күштері турасында ағыл-тегіл сөйлеп, ел әдебиетшілерін бір серпілтіп тастаған-ды.  Ал, бұл 
дарабоз қаламгер М. Әуезовтің әдебиеттің жас күштері туралы соңғы рет сөйлеген сөзі еді. 
Әдебиетке әу баста ақын, әдебиет сыншысы ретінде келген Ә.Кекілбаев – сөз өнерінің 
қай жанрында да оза шауып, бәйге алып келе жатқан қалам иесі еді. 1963 жылы «Жұлдыз» 
журналының  бір  саны  сол  кездегі  Қазақстандағы  жас  қаламгерлер  туындыларына  арналып 
шығарылғаны көпшіліктің есінде.  Сонда өз замандастарына арнап әзіл  сөз арнаған Қайрат 
Жұмағалиев  Әбекеңе  арнап:  «Ерте  тұрдың,  шулаттың  дабыл  қақтың,  өнердің  өзің  білген 
арқасында  әртүрлі  жанрлардың  дәмін  таттың»  деп,  лебіз  білдіріп  еді.  Сол  Әбіш,  Сол 
Әбекеңнің шындығында да  қалам тербемеген бірде бір жанры жоқ. Оның үстіне бұл әлемдік 
әдебиеттің  небір  майталмандарын,  классикалық  туындыға  лайық  дәрежеде  сөйлеткен 
тәржімашы.  
Қазақ оқырманы көп жағдайда қаламгер Кекілбаевты қай жанрда шығарма жазса да, 
оны  ең  алдымен  тарихи  тақырыпты  толық  меңгерген  туындыгер  деп  біледі.  Тегінде,  Әбіш 
Кекілбаев  жайындағы  оқырманның  бұл  пікірін  түгелімен  ешкімде  мансұқтай  алмаса  керек. 
Өйткені,  сонау  студент  шағында  жазған  Махамбет  туралы  поэмасы  да,  есейген  шағындағы 
«Абылай  хан»  драмасы  да,  алпысыншы  жылдардың  ақыры  мен  сексенінші  жылдардың 
басында  өмірге  келген  «Үркер»,  «Елең-алаң»,  «Аңыздың  ақыры»  романдары,  «Күй», 
«Ханша-дария  хикаясы»  повестері  де,  «Ұйқыдағы  арудың  оянуы»  мен  бес  томдық  «Сыр 
десте»  атты  көркем  публицистикалық  танымдық  еңбектерінің  қай-қайсысы  да  қазақ 
жұртының тарихынан қандай мөлшерде, қандай дәреже де болса да сыр бөлісетін еңбектер. 


68 
 
Әбекең  өз  халқының  тарихының  бүге-шігесіне  дейін  білу  үшін,  қазаққа  қатынасы 
болуы  мүмкін-ау  деген  әрі-берідегі  Ислам  елдерінің,  моңғол  ұлысының,  славян  елдері 
қауымдастығының,  батыс-шығыс  еуропа  жұртының,  тибет  діндарлары,  қытай  жұрты, 
жоңғар-қалмақ  одақтастығы,  Алтынорда,  Әмір  Темір  ұлысының    өмірінен  хабардар  ететін 
мағұлматтарды  зерттеп,  зерделеуге  талай  жылдарын  жұмсады.  Мұның  өзі  оған,  түптеп 
келгенде тек қазақтар мен қазақтарға кіндіктес, тағдырлас жұрттардың ғана жеткен жетістігі 
мен  шеккен  мехнатын  бажайлауға  ғана  емес,  бүкіл  әлем  елдерінің  өскелең  өркениеті  мен 
өткен  өмірінен  айтарлықтай  хабардар  болуға  қол  жеткізді.  Ал,  осы  білімдарлық  оған  тек 
көркем  шығармалар  жазуда  ғана  емес,  кейін  еліміздің  тізгіні  өз  қолымызға  тиер  тұстағы, 
одан  берідегі  өміріміздегі  мемлекеттік,  қоғамдық  қайраткерлік  істерінде  оң-терісті  дұрыс 
пайымдай  білуде  айтарлықтай  көмегін  тигізді.  Бұны  Әбекеңнің  қатардағы  қалам  иесінен, 
бүкіл  адамзаттық  деңгей  ауқымында  ойлай  алатын  кемеңгерлікке  жету  жолындағы  ізденіс 
іздері деп түсінуге болады.  
Асылы,  белгілі  бір  халықтың  өзге  жұрттардан  қор  еместігін  біліп  жүруі  үшін  оның 
елдік санасын қалыптастыратын ғылыми тұғыры мықты төл тарихы жазылуы шарт. Тарихи 
дәуірлерінің  беденін  қапысыз  түсірген  көркем  шығармалары  болуы  қажет.  Ол  үшін  XIX 
ғасырда орыс елінің тарихын жазған Н.Карамзинге көрсетілгендей, бейнетқорлардың қолын 
қақпайтын қамқорлық керек. Ондай қамқорлықты кешегі қызыл империяның заманында да, 
онан  ілгеріде  де  қолына  қалам  ұстаған  қазақ  азаматының  көруі  мүмкін  еместігі  өзінен  өзі 
түсінікті.  Жақыннан  дүрбімен,  алыстан  «телескоппен»  көз  алмай  сығырайып  отырған 
сығырлар  өз  тарихыңды  өзіңе  жамандатуға  күштеп  отырған  кезде  жөні  түзу  тарих  қалай 
жазыла  қойсын,  міне,  осы  жағдайлардың  барлығы  тек  Кекілбаев  –  қаламгерді  ғана  емес, 
отызыншы жылдардың жұтынан аман қалған М. Әуезов бастаған ағалары мен кейінгі өзінен 
бір-жар  мүшел  ересектерді  де,  өзі  тұстастарында  елдегі  ахуалдың  қабағына  қарай  отырып, 
халыққа  ой  салатын  шығармалар  беруге  мүдделі  етті.  Бұл  тарапта  Әбекең  өзі  айтатын: 
«Әлемдік  әдебиеттің  әзелден  бергі  өзегі  –  эгоизм  мен  әділет  арасындағы  қайшылық» 
мәселесін  Шыңғыс  хан,  Әмір  Темірден  бастайды.  Дүниеқоңыздық,  ашкөздік  секілді  адам 
бойындағы дерттерге таңқалып, сонымен күресіп жүрмін деп, ойлайтын Шыңғыс ханның өзі 
әйел  намысы,  ел  намысы,  жар  намысы  үшін  өзін  құрбандыққа  шалған  төмен  етекті 
Гүрбелжіннен сазайын тартады. Сөйтіп, осы кезге дейін өзі күресіп жүрмін деп ойлап келген 
ынсапсыздық  бір  сәтсіз  күні  өзін  баураған  тұста  соның  қақпанына  түсіп,  ақыры  содан  көз 
жұмады. «Аңыздың ақырындағы» әмірші де солай, даңқ жолындағы өзінің күрескерлігі ақыр 
аяғында өзінің түбіне жетеді.  
Халқына жаңа тарихи сана қалыптастыруға аянбай қайрат етіп өткен кемеңгер бүгінде 
«саяси  тәуелсіздікке  қол  жеткіздік,  енді  рухани  тәуелсіздікке  қол  жеткізуіміз  керек.  Тарих 
ездікке  емес,  теңдікке  бастайды.  Ескілікке  емес,  жаңалыққа  ұмтылдырады,»  -дей  келіп, 
қазіргі жағдайда әлем елдерінің барлығының бір-бірінің сұраныстарына (бірі шикізатқа, бірі 
озық  технологияға, бірі  қаражатқа, бірі  жұмыс күшіне мұқтаж) назар аудармай  тірлік кеше 
алмайтынын, сондықтан біздің отандастарымыздың : «аңғал сана, шолақ көзқарастан» аулақ 
болуы елдіктің тұғырлылығына қызмет етеді деп білген еді.  
Жазушыға роман жанры мен әдеби сын тағдыры, жалпы ұлттық әдебиеттің келешегі, 
соның  ішінде  автордың  келешекте  қандай  көркем  шығарма  жазғысы  келетіндігі  туралы 
баспасөз  бетінде  бірсыпыра  сұрақтар  қойылып,  оған  Әбекең  орнықты  да  айқын  жауаптар 
беріп  келді.  Мәселен,  ол  «жазушы  ретінде  ұстанған  принципіңіз  қандай»  деген  сұраққа: 
«қаламдастарыңның жазғандары көңіліңнен шығып жатса –айтқың келсе, айт. Шықпай жатса 
–ауызыңды ауыртпа. Өзгені жамандаған өз қадірін түсіреді» деп жауап береді. Шындығында, 
автордың М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Ш. Айтматов, Ә. Тәжібаев, Ә. Сәрсенбаев, 
Қ. Мұхамеджанов, З. Қабдолов, Ә. Нұрпейісов, С. Қирабаев, М. Мақатаев,  Ш. Мұртаза, Т. 
Айбергенов, Ф. Оңғарсынова, М. Сатыбалдиев, С. Оразалин, Н.Оразалин,Қ. Жұмағалиев, Т. 
Медетбеков,  Д.  Исабеков,  Т.  Әбдіков,  А.  Сейдімбеков  сынды  қаламгерлер  туралы,  А. 
Жұбанов,  Е.  Рахмадиев,  С.  Шәкіратов,  Н.  Үлкенбаев  секілді  өнер  адамдары  жайлы 
толғаныстары мен Б. Әшімов, Ө. Жәнібеков, Қ. Тұрысов, И. Тасмағамбетов, Қ. Сұлтанов, Т. 


69 
 
Қағазов,  Н.  Марабаев,  Б.  Жұмалиев  секілді  мемлекет  пен  қоғам,  ғылым  қайраткерлеріне 
арналған тебіреністері соның дәлелі.  
Қарымды  қаламгер  Әбіш  Кекілбайұлының  бүкіл  шығармашылық  өнерін  шағын  ғана 
бір  мақаланың  көлемінде  түгелдеп  шығу  мүмкін  де  емес,  және  оны  жазып  отырған  автор 
өзіне ондай мақсатта қоймайды. 1982 жылы Германияның «Фолк унд вест» баспасының Луй 
Арогон,  Тагор,  Стейнбек,  Пастернак,  Блок,  Айтматов,  Ғамзатов  сияқты  жиырмасыншы 
ғасырдың үздік жүз қаламгерінің қатарында оның есімін атауының өзі көп жайларға көзіңізді 
жеткізеді. Демек, ол  – әлемнің небір кірпияз оқырманының талғамына толық  жауап берген 
саңлақ қаламгер, нағыз дәуір суреткері. Олай болса, оның көпке беймағұлым атамзамандағы 
жазба деректермен сәйкес кеп, ел аузындағы аңыз әңгімелермен шебер астасатын тек тарихи 
тақырыпқа  жазылған  туындылары  ғана  емес,  бүгінгі  күннің  өзекті  мәселелерін  көтерген 
«Автомобиль»,  «Тасбақаның  шөбі»,  «Бір  шөкім  бұлт»,  «Құс  қанаты»,  «Шеткері  үй»,  «Бір 
шоқ  жиде»  секілді  шығармаларының  да  адам  жанының  қалтарыстарын  қапысыз  өрнектей 
білген суреткерлік қасиетін айна-қатесіз көрсететіндігіне күмәнданбайсыз.   
Ә.Кекілбаев қаламгерлігі туралы әр кезде де әдеби құбылыстың тамырын тап басатын 
алыс-жақындағы  белгілі-белгілі  замандастары  үзбей  пікір  білдіріп  келеді.  «Адамзаттың 
Айтматовы»  атанған  Шыңғыс  аға  мен  «Қазақтың  Қабдоловы»  атанған  Зейнолла  ағадан 
бастап,  өзімен  ұзақ  жылдардан  бермен  қарайғы  үзеңгілес  әріптесі  Герольд  Бельгер  мен 
мектептес  досы  Сайын  Назарбековке  дейінгі  авторлар  есімдерін  тізер  болсақ,  біраз  тізімді 
құраған болар еді. Солардың ішінде әсіресе кейінгі Әбекеңнің 70 жасқа келіп жатқан мерей 
тойы үстіндегі академик Серік Қирабаев ағасынан бастап, замандас тұрғыластары Мырзатай 
Жолдасбеков,  Рымғали  Нұрғалиев,  Нұрлан  Оразалин,  Темірхан  Медетбеков,  Қансейіт 
Әбдезұлы, Өмірзақ Озғанбаев, Әбілқайыр Спанов, Есенбай Дүйсенбаев, Қадыр Жүсіп, Боқай 
Қожыров,  Бектұр  Төлеуғалиев,  Жанбибі  Дүйсенбаева,    Ғалым  Әріпов,  т.т  ондаған 
авторлардың  риясыз  көңілден  айтылып  жатқан  лебіздері  өркені  өскен  елдің  өз  жүйрігіне 
деген сүйсіністері мен мақтаныштарын паш ететін-ді.  
Ә.  Кекілбайұлы  –  халық  жазушысы,  академик,  мемлекеттік  һәм  Республика 
Президенті  сыйлықтарының  иегері.  Абыз  қаламгер  70  жасқа  толғанда  оған 
Республикамыздың  тұңғыш  президенті  Н.Ә.  Назарбаевтың  жарлығымен    «Қазақстанның 
еңбек  ері»  аталатын
 
мемлекетіміздің  ең  жоғарғы  атағы  берілді.  Сол  атақты  халыққа  жария 
еткен  салтанатты  жиында  Елбасымыз  Әбекеңе  жүрек  жарды  лебізін  төмендегіше  білдірген 
еді:  «Бүгін  еліміздің  мәдени-рухани  өміріндегі  жарқын  да  жарасымды,  абзал  да  ардақты, 
мерекелі  күннің  бірі.  Көрнекті  мемлекет  және  қоғам  қайраткері,  қазақ  әдебиетінің  саңлағы 
Әбіш Кекілбайұлы 70 жасқа толып отыр. Әбекең қай қиырға салсам да қиядан көрінді, қай 
тереңге салсам да бойлап та, ойлап та шыға білді. Қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ саяси 
ойлау  жүйесінің  жаңа  белестерін  қамтитын  сындарлы  толғаулар  мен  салдарлы  мақалалар 
жазды.  Тіл  тағдырын,  діл  тағдырын,  дін  тағдырын  ұштастырған  ұлағатты  пікірлері  мен 
ұрымтал  ойлары  жұртының  жүрегіне  жетті.  Мемлекеттік  кеңесшім,  ұлттық  саясаттың 
ұраншысы  болды.  Кәсіби  парламенттің  тұңғыш  төрағасы  болды,  ел  парламентаризмнің 
қалыптасуына  үлес  қосты.  Мемлекеттік  хатшы  болды.  Қай  қызметтің  тізгінін  ұстаса  да 
жоғары  жауапкершілік,  өз  халқына  деген  перзенттік  парыздан  айныған  жоқ.  Шіркін-ай, 
осындай  қазақ  көп  болса  екен  деп  тілеймін!  Сондықтан  да  бүгінгі  той  тек  Әбіш 
Кекілбайұлының емес, күллі қазақ мәдениеті мен өнерінің, қазақ руханиятының тойы». Осы 
сөздерде  Әбекеңнің  мемлекет  пен  халқы  алдындағы  абыроймен  атқарған  істерінің  барша 
көрінісі айна қатесіз бейнеленген. Елбасымыз сол жиында Әбекеңе ел көкірегіндегі  сезімді 
ел атынан тебірене отырып, кеңінен толғаған-ды.  
Кез    келген  алқалы  жиынның  төрінде  отырып  елді  ұйытар,бір  елдің  ғана  емес,бүкіл 
ғаламның  адамгершілік  жолындағы  күрескер  қаламгерлерін  тапқыр  ой  толғақты  лебізімен 
тебіренте  алар  -  қазақ  қара  сөзінің  қара  нары,  сол  Әбекеңнің  биылғы  мерей  тойын 
елі,қабырғалы  халқы  өзінсіз  атап  өтуде.  Бұл-бір  жағынан  өкінішті.  Бір  жағынан  ел 
перзенті,ел ағасы бола білген,абыз қаламгерлікке жеткен ұлт мақтанышын өмірге келтірген 
халқы үшін, бұл да- шүкір етер жағдай... 


70 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет