2-секция
Ә.КЕКІЛБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТІЛДІК ТАНЫМ
ӘОЖ 811.512.122
Ә.КЕКІЛБАЕВ ТІЛІ: ДҮНИЕТАНЫМ, МЕНТАЛИТЕТ, ҰЛТТЫҚ ӘЛЕМ
Абдрахманова Ж.М.
Филология ғылымдарының кандидаты
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
Аңдатпа.
Мақалада кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларындағы ұлттық
тіл мен халық дүниетанымының бірлігі мен сабақтастығы лингвомәдениеттанымдық зерттеу
тұрғысынан қаралады. Жазушының шығармалары ұлттың менталитетін, ұлттың мәдени,
тұрмыстық әлемін бейнелейтін лексика қолданысымен ерекшеленеді. Мақалада ұлттық
дүниетанымдық лексиканың жазушы шығармаларындағы түрлері, қолданыс ерекшеліктері,
тілдік қоры талданған. Ә.Кекілбаевтың публицистикалық еңбектеріндегі саяси-әлеуметтік
лексиканың дүниетанымдық сипатына шолу жасалған.
Түйінді сөздер:
Ұлттық дүниетаным, дүниетанымдық лексика, менталитет, «дүние»
ұғымы қолданысы, тіл мен дүние тұтастығы.
Тіл – ұлт дүниетанымның, тарихының, барлық бітім-болмысының көрінісі екені
айқын. Сондықтан ұлттық үрдіс пен ұлт тілінде жазылған кез келген шығарманың негізінде
аталған дүниетаным, тарих, бітім-болмыс ұғымдарымен қатар сол ұлттың өмірі, өмір сүру
сипаты, ұлт қоғамында болған оқиғалардың ізі, ерекшеліктері жатады. Сол өмір сүру
сипатына, басынан кешкен оқиғаларына байланысты ұлт тілінде көптеген ұғымдардың да
қалыптасатыны негізді. Бұл ұлт тілінің сол ұлттың дүниетанымынан хабардар ететіндігін
дәлелдей алады. Демек, ұлт дүниетанымының негізгі көрінісі – тіл. «В языке народ
выражает себя полене и многосторонее, чем в чем-либо другом … . Все, что есть у народа в
его быте и понятиях, и все, что народ хочет сохранить в своей памяти, выражается и
сохраняется язиком» деген орыс зерттеушісінің сөзі осы ойымызды дәлелдейді [1,573].
Кез келген халықтың этномәдени тұрмысын ұлттық тілдің жетегінде, әлеуметтік
мәдениеттің ауқымында, дүниетанымын қоғамдық ғылымдар аясында сөз ету мәселесі
этнолингвистика ғылымында қарастырылғанымен, осы құбылыстың қоғамдағы әлеуметтік-
мәдени өрісі – лингвомәдениеттанудың еншісіне тиіп отыр. Бұған дәлел ұлттық танымның
қыр-сырын барынша толық жеткізуге ұмтылған, ұлттың тыныс-тіршілігіне тарихи тұрғыдан
келіп, оны өз шығармаларында жан-жақты тарихпен байланыстыра отырып жеткізуге
тырысқан қазақтың кемеңгер ойшылы, классик жазушысы Әбіш Кекілбаев шығармалары
тілінен кездестіруге болады. Сондықтан да жазушы Ә.Кекілбаев шығармаларының тілі
бүгінде этнолингвистика мен лингвомәдениеттану салалары тұрғысынан құнды зерттеу
объектісі болып табылады.
Осы мақаланың зерттеу объектісі болып отырған ұлттық дүниетанымның тілдегі
көрінісін ойшыл жазушы Ә.Кекілбаев шығармаларынан мысалдар келтіру арқылы
дәлелдеуге болады. Бір ғана «дүние» сөзін жазушы «дүдамал дүние», «күдік-күмән дүние»,
«күмілжіген дүние», «дүние әлі дүрбелең», «қырық құбылған дүние» сияқты «дүние» туралы
толғаныстарды, дүниені қабылдаудың, ұғынудың сан қилы тарихи, адами ситуациядағы
көріністері бейнеленген концептілік жүйені байқаймыз. Осы ситуациядағы адамдардың
көңіл-күйі, яғни психологиялық жағдайы, сенімдері мен күйініштері, қуаныштары жан-
жақты көрсетілген. Дүниенің адами-мәдениленген бөлшегі ретінде социумдағы адам өмірі,
қоғамның тарихи дамуындағы өзгерістерді, құбылыстарды суреттеуде Ә.Кекілбаевтің
жазушылық шеберлігі, тілдік құрал арқылы молынан жіктеліп көрінетін тұстары оның
шығармашылығындағы дүниетанымдық лексиканың топтарын құрайды.
71
Жазушы Ә.Кекілбаев өз шығармаларында «дүние» ұғымын кең көлемді аспектіде
пайдаланған. Соның ішінде жеке адамның субъектілік ішкі көңіл-күйін объектілікке
айналдыратын тұстары да аз емес. Жазушының «Аңыздың ақыры» шығармасында «опасыз
дүние», «жарық жалған», «жалған дүние» сияқты тіркестер бір жағынан жалпы ұлттық
қабылдаудың тілдік формалары болса, екіншіден, бұл жерде олар нақты контекске ие. Мысал
келтірсек, “Опасыздық” – сенімсіздік, сатқындық, яғни бұл дүниеге нық сенімді болуға
болмайды, сақтық керек. Әйтпесе, “опасыз дүниенің” тағы бір пұшпағынан өзіңнен гөрі
мықтырақ басқа біреудің сыпаң етіп шыға келуі оңай [2.10]. Осы сөйлемде өзі опасыздықты
көп жасаған күдікшіл Әміршінің барлық адамдарға көзқарасы, мүмкін өзінің де соның бір
бөлшегі екенін мойындауы болар.
«Жарық жалған» – қарама-қарсы мағынадағы тіркес. Ұлттық дүниетанымда жарық
тек қараңғылықтың антонимі емес, абстрактілік, философиялық мағынаға ие сөз. Бұл жерде
«жалған» - тек шындықтың қарама-қарсы мәні емес, өткінші, тұрақсыз дүниенің сипаты.
Демек, «жарық жалған» – өткінші дүние.
Ал, «Автомобиль» хикаясында махаббаттан жолы болмаған жігіт дүниені кінәлап:
«көлгір дүние» – дейді. Өзінің сол сәттегі көңіл-күйін түсінбеген немқұрай адамдар «...
Елемесі бар, Өтемағанбеті бар, Оразымбеті бар – көлгір дүниені енді қайтып көргісі
келмейді» [2.368 б.]
Кейіпкер өзінің екі-үш адамға деген ренішін (тіпті олар тікелей кінәлі болмаса да)
бүкіл әлемге деген ренішке айналдырады, одан безгісі келеді. Сондықтан « ... мынау бейшара
дәрменсіз дүниені сол талтаңбайлар-ақ табанына салып таптай берсін»,- деп
шешеді[2.369]. Біріншіден, осы сияқты психолингвистикалық иірімдер этномәдени
контексте іске асырылады. Екіншіден, Ә.Кекілбаевке тән ұлттық дүниентанымның
ерекшеліктері көрініп тұр.
Ә.Кекілбаев өз шығармаларында мифтік танымды бейнелейтін сюжеттерді жиі
қолданады. Ә.Кекілбаев шығармаларындағы қазақ дүниетанымының тұрақты элементі
болып жиі кездесетін құбылыстың бірі – түс. Түстің қазақ менталитетінде танымдық сипаты
ерекше. Сондықтан да ол ауыз әдебиетінде жиі кездесіп, қазіргі жазушылардың
шығармаларында да үлкен сюжеттік роль атқарады. Түс – шындық дүниесімен параллель
құбылыс десек, Ә.Кекілбаев шығармасында оның кейіпкерлер тағдырындағы атқаратын ролі
зор.
Мысалы, «Әбілхайыр ханның түс көруі», «Шыңырау» әңгімесіндегі «Еңсептің түсі»
немесе «ант беру дәстүрі» сияқты көріністер этностық болмысты айқындайтын
мифологиялық танымның әсерінен туындаған деп ойлаймын.
Түске байланысты іс-әрекет, әдетте, екі кезеңнен құралады: а) түсті көру; ә) түстің
сырын аштыру ( жору) (курсив біз - А.Ж.).
Ә.Кекілбаев – түсті көруші мен оны жорушының көңіл-күйін, психологиясын ұлттық
таным тұрғысынан жан-жақты аша білген философ жазушы. Соның ішінде дәстүрлі
дүниетанымда түс жорушылардың құдіреттеріне байланысты «құмалақ шашу, жауырын
қарау, бал ашу» сияқты ұғымдарды қолданады.
Жазушы шығармашылығында ол былай суреттеледі: Әбілхайыр ханның келу себебін
Тайлан өзінше жорамалдайды: “Шамасы, мұның құмалақ шашып, жауырын қарайтын
шайқы-бұрқылынан дәметіп келген шығар. Кешелі-берлі арқасы құрыстап жүргізбей жүр еді.
Біреу-міреу бал аштыра келеді-ау деп, таң атқалы бері, жан-жаққа көзі боталап көп қарап еді.
Осыған көрінген ғой.
Бал аштырғалы келдің бе, жоқ түс жорытқалы келдің бе? – деді Тайлан» [3. 235 б.].
Түс
көру,
түс
жору
сияқты
дүниетанымдық
ұғымдар
Ә.Кекілбаевтің
шығармаларындағы жиі қолданатын көркемдік-мазмұндық әдісі деуге болады. Олай
дейтініміз, жазушының шығармаларында екі дүние: шындық, тәндік дүние мен түстік,
символдық дүние қатар жүреді
Ә.Кекілбаев шығармасының тілдік қолданысы, ондағы өзіндік ерекшеліктер ғана
емес, жалпы ана тілін қолданушы ретіндегі Ә.Кекілбаев тұлғасы тіл мен дүниетаным
72
тұтастығы тұрғысынан айқындала түспек. Бұл қазіргі орыс тіл білімінде зерттеліп, айтылып
жүрген тілдік тұлға ұғымымен тікелей байланысты. Бұл әрі кең мағынасында жалпы тілдің
тіл ретіндегі жеке тұлғалық ерекшелігін, тіл ретіндегі мүмкіндігін анықтауға, тілдің ұлт тілі
ретіндегі өзіндік сипатын нақтылау, әрі жеке тілді қолданушының тілдік байлығын, тілдік
қолданысындағы шеберлікті дәлелдеу үшін қажетті тілдік зерттеу бағыты болып табылады.
Ұлт дүниетанымы тек ойлау сияқты жалпылау ұғыммен қатып қалмайтындығын айта
отырып, осы бағыттағы дүниетанымдық лексиканың сипатын, қазақ тіліндегі
дүниетанымдық лексикалық қабаттың аталған талаптарға жауап беру сипатын нақтырақ
мысалдармен көрсетіп көрейік.
Мысалы, Ертең қылыш болса, төбесінен аузын арандай ашып тажал төніп тұрған
бүгіннің не қажеті бар? Бірақ бүгін мәңгілік болса, ажалсыз болса, кешегілер қайда? Кеше
бұнымен тіке тіресіп арыстандай арпалысып жүргендердің көздеріне қалай құм құйылды?
Оларды омақастырған тек бұның аяу білмес алмас қылышы ғана ма? Жоқ. Ең алдымен,
өздері, өздерінің әлсіздігі. Кеше деген әлсіздіктің екінші аты. Бүгін әлсірей-әлсірей кешеге
айналады. Ал бет қаратпас алапат күш бүгін түгілі ертеңнің өзімен белдеседі. Күштіліктің
шын аты - Мәңгілік...
Мәңгілікпен сол бетқаратпас алапат күш қана тіл табыса алады. атасын танымас алып
күштің Мәңгіліктің дәл өзіндей ажалы жоқ. [3, 8 б.].
Осы мәтінде ертең, бүгін, кеше, мәңгілік сияқты сөз қолданыстары біріншіден,
ауыспалы мағынада беріліп тұр. Екіншіден, бұл сөздер мәтінге этнопсихологиялық мазмұн
үстейді. Үшіншіден «уақыт» сияқты философиялық категорияны ұлттық дүниетаным мен
ұлттық тілдің ерекшелігі тұрғысынан әсірелей, метафоралық тұрғыдан суреттейді.
Ә.Кекілбаев
шығармаларының көркемдік ерекшелігін ашып тұрған сөз
қолданыстарының бірі – ұлттық-дүниетанымдық лексика. Бұл лексикалық құрылым тарихи
шығарма ретінде Ә.Кекілбаев шығармаларының көркемдігі мен мазмұнын, ондағы тарихи
дәуірдің болмыс-бітімін, тіршілік-тұрмыс қалпын ашып беруде үлкен қызмет атқарады. Бұл
ойға қатысты мифтік дүниетанымның қазақ тіліндегі көрінісін зерттеген Б.Ақбердиеваның
мына пікірін де келтіре кетуге болады: «Сөз дегеніміздің өзі тек қана дыбыстардың тіркесуі
емес, белгілі бір мағынаның көрсеткіші, ал мағына болса, қатып қалған нәрсе емес, ол да
кеңістік пен уақыт аралығында өзгеріп, дамып отырады. Демек, сөз және оның мағынасының
дамуы әрбір қоғамдық даму кезеңдеріндегі дүниетанымдық көзқарастарға тікелей
байланысты» [4,12 б.]. Яғни, кез келген көркем шығарма тілінде кездесетін көне немесе
тарихи сөздердің, архаизмдердің халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен
байланысты пайда болған өзіндік себептері бар. Ә.Кекілбаев шығармаларындағы ұлттық-
дүниетанымдық лексика деп отырған сөздер жиынтығын пайда болу, шығу, қарым-қатынас
жасау барысындағы қолданысқа ену себептеріне байланысты бірнеше топқа бөліп
қарастыруға болады. Атап айтқанда, тарихи дүниетанымдық лексика, тұрмыс-тіршілік
негізінде пайда болған дүниетанымдық лексика, діни дүниетанымдық лексика,
психологиялық ерекшеліктерге байланысты пайда болған психологиялық дүниетанымдық
лексика. Аталған топтармен қатар жазушының шығармаларында кездесетін ұлттық
сипаттағы диалекті сөздердің кездесуіне байланысты диалектілік дүниетанымдық сөздерді де
бөлек бір топ етіп қарастырған орынды сияқты. Яғни, бірі тарихи дәуірге байланысты
қалыптасса, екіншісі күнделікті тұрмыс-тіршілік қажеттілігінен, үшіншілері ұлт
дүниетанымындағы адам психологиясына қатысты сөздер ретінде және т.б. себептер
нәтижесінде сөздік қорымызға енген ұлттық-дүниетанымдық лексика қабаттары болып
келеді.
Бұл ойдан шығатын пікір – Ә.Кекілбаев шығармаларының да, ондағы ұлттық-мәдени,
ұлттық-дүниетанымдық мақсатта қолданылған сөздердің халық тарихын, салт-санасын
танып-білудегі рөлі ерекше.
Ұлттық дүниетанымдық сөздік қорының күрделі-күрделі дегендеріне жазушы өзінің
публицистикалық шығармаларында да мұқият мазмұн береді. Мысалы, «Заманамен сұхбат»
жинағында ол: «Рухани жансебілдіктің тұяқ серпер шекарасы – тіл», - дейді. Немесе, өзінің
73
С. Торайғыровқа арналған мақаласында: «Ақын көңіл маңайынан арзымсыз мінез, аяр
қылық, бәтуасыз шындық көрді...», «Көріп жүргені-көңілге азар болмаса, ләззәт дарыта
алмас дозақы құлық, тозақы тірлік ед»”. Автор С.Торайғыров заманы болсын, қазіргі
заманды суреттесін таза қазақы ұғымдарды немесе теңдеулерді шеберлікпен қолданады.
Қазақ тілінің мүшкіл халін, оның қазақтың рухани өміріндегі маңызын афоризммен
суреттейді. «Рухани өлудің ақыры – «тұяқ серпері» - тілдің жойылуы». Ә.Кекілбаев осыны
бауыздалған малдың жаны шығардағы соңғы әрекетпен теңестіреді. «Жансебілділік» -
төзімділік, сірі жандылық. Демек, рухани шыдамның бітер жері-тілдің жойылуы. Міне, осы
сияқты сөздік қолданыстарды
Ә.Кекілбаев белгілі қайраткерлер заманы туралы сөйлегенде шебер тілін, теңеулерін
аямайды. Ұлы күйші Құрманғазыға арналған «Күй тәңірі» атты сөйлеген сөзінде қоғам,
адам, әлем туралы көркемдік мәнге толы сөздер айтады: «дүние әлі дүрбелең; сезім әлі
сергелдең; адам абыржулы; қоғам қобалжулы»[ 5, 486].
Осылайша жазушы заманның өтпелі кезеңіндегі жағдайды әлемдегі түсініксіз,
тұрақсыздық, көңіл-күйдің бір тоқтамға келмеуі, адамның тосылуы, қоғамның толқуы
мағынасында түсіндіреді.
Осы баяндамадан тағы бір үзінді келтірер болсақ, «… қырық құбылған дүниенің
ауанымен кетіп, қырық құйқылжи берсе, құрдымның түбінен шығуы мүмкін» [5,486].
Дәстүрлі қазақ мәдениетінде жиі кездесетін «қырық» өлшемін бұл жерде Ә.Кекілбаев
саяси-әлеуметтік тұрақсыздық мағынасында қолданады және соған еріп кетудің қауіптілігін
ескертеді.
Қырық, ауан, құйқылжу, құрдым сияқты қазақы ұғымдағы бірліктер жаңа заманды
суреттеуде жазушы қаламынан туындаған ұлттық дүниетанымды беретін концептілер
қатарынан саналады.
Тағы бір жерде жазушы: «Заманғайым болғанмен, заманғайып әлі болмағаны» [6, 99
б.] деген сөйлем келтіреді. Осы сөйлемдегі «ғайып» сөзінің «жоқ болу, тылсымдық» сияқты
мағынасы түсінікті болғанымен, «ғайым» сөзінің мағынасы бізге күңгірттеу.
Сондай-ақ, жағымсыз, арам саяси пиғылдағы іс-әрекетті жазушы былайша береді:
«Бұл салада оңды-солды мінез шығарып жүрген аймақтарға» әдейі тиіспей, айтқанынан
шыға қоймайтындай, қалпақпен басып ала қоятындай, қойдан қоңыр можантопай
жерлерді қарастырады» [6,150 б.].
Немесе, «Алматы, Сумгайт, Қарабах, Ферғана, Жаңаөзен, Рига оқиғалары – бәрі бір
көгеннің қозылары» [6,197 б.].
Ұқсас саяси-әлеуметтік жағдайда қақтығыстар болған жерлерді қазақ этноұғымдарын
жете меңгерген жазушы байланған қозыларға теңейді. Ортақ тағдырды билеуші орталық
кінәсін бір ауыз малшы қазақтың ұғымымен жеткізеді.
Ә.Кекілбаев қаламынан туындаған қоғамдық ой бағытындағы сөз қолданысы
зерттеуші Б.Момынованың еңбегінде жан-жақты талданған. Ғалым Ә.Кекілбаев еңбектерінде
қоғамдық-саяси лексиканың молдығымен қоса, оның шебер қолданысын айта келе,
«қайраткер ретіндегі Ә.Кекілбаев тілі - аса көркем, публицистикалық стиль жанрларының
аясына симай, газет тілі заңдылықтарынан шығып, кейбір ресми қасаңдықты ысырып
тастайды», - деп, [7,74 б.] өзіндік баға береді.
Бұл ғалым көзқарасымен дұрыс берілген баға десек, оны жазушының тәуелсіздіктің
қадірін білуге шақырған мына сөздерінен көруге болады: «бағалай білмегенге бақ тұрмайды,
қуана білмегенге құт қонбайды; табына білмеген қауымға пайғамбар бітпейді, бағына
білмеген қауымға басшы бітпейді; бірлік содан азып, береке содан тозады. Ол екеуі жоқ
жерде тәуелсіздіктің тасы өрге домаламайды. Ал егер тәуелсіздігімізді тәрк етер болсақ, онда
бізді кешегілердің киесі ұрып, ертеңгілердің қарғысы атады» [6, 499 б.].
Қазақтың классикалық шешендік өнері стилімен айтылған бұл сөздер «тілдік
тұлғаның», Б.Момынова жан-жақты зерттеген кең тынысты жазушының ғана қаламынан
шығуы мүмкін.
74
Қорыта келгенде, ұлттық тіл мен ұлттық дүниетаным тұтастығы идеясы этно-
лингвомәдениеттану позициясынан Әбіш Кекілбаев шығармашылығына байланысты
мынандай тұжырымдар жасауға болады:
– ұлттық дүниетанымдық сөздер көркем шығарма мәтінінің көркемдік мәнін ашып
тұратын тілдік бірліктер ретінде кездеседі, яғни, Ә.Кекілбаев шығармаларында көркемдік
мән мен ұлттық дүниетаным сабақтас болып келеді;
– Ә.Кекілбаевтың публицистикалық ой-толғамдарының көркемдік сипатын
айшықтайтын – дүниетанымдық сөз қолданыстар қазақ тілінің тарихи уақыт пен кеңістіктегі
мол қорынан хабар береді және заманауи оқиғаларды, тарихи-әлеуметтік, саяси жағдайларды
суреттеудегі ұлттық дүниетанымдық лексикалардың өміршеңдігін, мол тілдік әлеуетін
көрсетеді;
– Ә.Кекілбаев шығармаларында кездесетін дүниетанымдық лексиканы тарихи
дүниетанымдық лексика, тұрмыс-тіршілік негізінде пайда болған дүниетанымдық лексика,
діни дүниетанымдық лексика, психологиялық дүниетанымдық лексика, диалектілік
дүниетанымдық сөздер сияқты бірнеше топтарға айыруға болады. Оның өзі ұлттық тіл мен
дүниетанымды келер ұрпақ үшін сақтау және дамыту үлкен мәселе болып отырған қазіргі
жаһандану жағдайында жазушы шығармаларының ұлттық тіл тұрғысынан әрі этномәдени
жағынан маңызын, құндылығын арттыра түсері сөзсіз.
Ұлттың айнасы – тіл десек, сол ұлт тілі көркем әдеби шығармаларда көрініс тауып,
сол көркем шығармалар арқылы ұлттың табиғатын беруге ұмтылады. Белгілі классик
жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбаевтың шығармалары осындай құнды дүниелерге толы.
Ә.Кекілбаев шығармаларының тілдік әлемі, дүниетанымдық әлемі оны ешкімге ұқсамайтын
тілдік тұлға ретінде қалыптастырады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Толстой Н.Н. И.И.Срезневский – диалектолог. Учен.Записи Тартуский
гос.университет., 1981. – 573 с.
2. Кекілбаев Ә.Он екі томдық шығармалар жинағы.-Алматы. «Өлке»,1999. 1-12 т.т.
1.Т.
3. Сонда, 4-том.
4. Сонда, 3-том.
5. Ақбердиева Б. Лексика-фразеологиялық жүйедегі мифтік-танымдық құрылымдар.
(Қазақ тілі материалдары бойынша) // Фил. ѓыл. канд. дисс. – Алматы, 2000. – 114 б.
6. Кекілбаев Ә. Заманмен сұхбат. – Алматы, 1996. – 592 б.
7. Момынова Б. Газет лексикасы (Жүйесі мен құрылымы). –Алматы: «Арыс», 2003. –
228 б.
Достарыңызбен бөлісу: |