Түйінді сөздер:
мәтін, құрылымдық талдау, бинарлық оппозиция, мифтік таным, сөз
өнері.
Әлемдік деңгейдегі прозаик, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Әбіш
Кекілбай шығармашылығы – ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына айналған дүние.
Қаламгердің әңгіме, повесть, роман жанрындағы туындылары ұлтымыздың тарихы мен
тағдырын көркем бейнелеген құнды мұра екені талассыз ақиқат.
Әбіш Кекілбай шығармаларының ішінде «Аңыздың ақыры» романы мен «Ханша
дария хикаясы» повесі – әлемге әйгілі билеушілер болмысын психологиялық тереңдік,
философиялық асқақтықпен көркем кеңістікте түлеткен кесек дүниелер. Аталған
шығармаларды мәтіндік тұрғыда қарап, құрылымдық бағытта байыптау жазушы талантының
қырларын таныта түспек. Ю.Лотман тілімен қисындасақ, мәтін мен көркем туындыны бір
ұғым демесек керек. Мәтін дегеніміз – бар болғаны, көркем туындының бір ғана компоненті.
Мәтіннің бойына сіңірілген өмірлік және идеялық-эстетикалық күрделі ұғымдардан
көркемдік әсер туындайды.
Мәтінді құрылымдық талдау концепциясы ХХ ғасырда Ф.Соссюр есімімен
байланысты болды. Кез келген туындының құрылыммен түзілетіні структурализм
теориясының негізі. Ф.Соссюрдің ұстанымын жалғастырған К.Леви-Стросс мәтіндік
құрылымдағы бинарлық оппозиция туралы ойға ерекше назар аударады.
«The initial human outlook is based on the knowledge and understanding of the nature
ofсontradictions» («Адам баласының әуелгі дүниетанымы қарама-қайшылықтардың
табиғатын тануға және түсінуге негізделгенін») [1, 12] ескерсек, қарама-қарсылықты
құрылымдағы барлық тәсілдерінің жаратылыс негізіндегі бинарлық оппозиция
тектоникасынан бастау алғанын көруге болады. Ал, бұл бинарлық оппозициялық құрылым
көркем әдебиеттегі тартыс табиғатына, сонымен бірге диадалық бейнелердің айқындалуына
қызмет етті. Протагонист – антогонист тұлғалардың қақтығысынан, тартысынан бастап,
кейіпкер болмысының екіге жарылуына дейін жалғасқан бинарлық оппозиция оксюморон,
антитеза, антоним, амфитеза, актортеза тәсілдері арқылы көркем туындының «тұла бойына
сіңіп», диада-кейіпкерлердің тұлғалануына әкелді. Ұлттық әдебиетімізде кейіпкердің жан-
дүниесіндегі тартыс М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Ж.Аймауытұлының «Елес»,
М.Әуезовтың «Қаралы сұлу» әңгімелерінде психологиялық талдаулар қалтарысында тұрса,
О.Бөкейдің «Сайтан көпір», Т.Әбдіктің «Оң қол», «Парасат майданы», «Тұғыр мен ғұмыр»,
М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы», «Жармақ» әңгіме, романдарда және заманымыздың заңғар
34
жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», «Ханша-Дария хикаясы», т.б.
туындыларында түрлі қалыпты көрініс тапқан.
Даму заңдылығының қозғаушы күші болатын қарама-қарсылықтың бірлігі мен күрес
заңы Ә.Кекілбайдың қай шығармасында болсын алдыңғы шепте көрінеді. «Аңыздың ақыры»
романы мен «Ханша дария хикаясы» повесінде ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, кеше
мен бүгін, адалдық пен арамдық, махаббат пен ғадауат, бейбітшілік пен соғыс, қанағат пен
тойымсыздық, ізгілік пен зұлымдық қатар өрбіп отырады. Бұл мәңгілік тақырыптар
қаламгердің ой-көркінен тіпті түрленіп, аса шебер өрілген.
Әбіш Кекілбайдың көркем прозасында бағзы мифтік танымның жаңғыруы, мифтік
құрылымның игерілуі арқылы бүгінгі күннің маңызды мәселелері қозғалады. Жазушы
шығармаларының мәтіндік компонентінде архетиптік негіздер көркемдік жүйенің қайнар
көзіне айналып, аңыз мотивтері мен сюжеттері маңызды орын алады. Өткен шақ пен бүгінгі
күннің тұтасып, өзекті өмірлік мәселені танытуы, адам атты күрделі, қат-қабат қайшылыққа
толы саналы тіршілік иесінің болмысын бейнелеу арқылы ізгілік ұғымының түп-тамырына
үңілту автор талантының кемелдігін танытады. Әбіш Кекілбай прозасының көкемдік-
бейнелілік құрылымы туралы сөз әуелі жазушының тілінен басталуы заңды.
Көркем мәтіннің құрылымын зерттеген Ю.М. Лотман шығарманың негізгі тірегі
ретіндегі тілдің қызметін айқындай келе, оларды «табиғи тіл, жасанды тіл, қосалқы, яғни
екінші сатыдағы тіл» деп топтастырады да, өнер туындылары тілін «екінші сатыдағы жүйе»
деп көрсетеді [2, 17]. Көркем әдебиеттің бұқаралық коммуникацияның бір түрі ретінде
«өзіндік тілі» болу керектігін айта отырып, әуелі оның табиғи тілге тікелей қатысы бар
екенін ескертеді [2, 31]. Көркем әдебиет тілі ұлттық тілдің функциональды-стилистикалық
қабаты екенін ескерсек, кез келген көркем туындыда бұл қабаттың қызметі ерекше.
Сөз өнерінде ойды, негізгі идеяны берудің басты құралы ретінде тіл өз бойына жаңа
бояу, тың мағынаны үстейді. Басқаша айтсақ, көркем туынды тілден осыны талап етеді.
Тілдік түзілімнен бастау алған сөз табиғи сипатынан бейнелеу қызметіне ауысады. Таланты
кемел суреткердің қолына түскенде тіптен түрленіп, өзінің шексіз мүмкіндігін танытады.
Әбіш Кекілбай прозасында тартыс оппозициялық ұғымдардың кейіпкер
болмысындағы жаңғыруымен айқындалады. Бұл жаңғырудың өзі құрылымдық сипатымен
танылады. «Ханша-Дария хикаясы» хикаятының эпиграфына алынған Е.Ібітанов өлеңінің
үзіндісінде «Бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік...» деген жолдар бар. Шығармаға арқау болар
тартыс табиғатына осы жолдар мегзеп тұрғандай. «Шындықты» айқындайтын «өтірік»
ұғымы ары қарай жауыздық пен ізгілік арпалысына ұласып, тереңдей түседі.
«Аңыздың ақыры» романы мен «Ханша дария хикаясындағы» бас қаһармандарды
протагонист тұлға деген бір ұғымға сыйдыра алмаймыз. Егер бұл ұғыммен тұрғысынан қарар
болсақ, сол протагонист тұлғаға тән мінез-құлық, әрекет аталмыш туындылардың бас
кейіпкерлеріне тән емес екендігін аңғарамыз. Өйткені протагонист тұлға тек күштілік,
асқақтық емес, оған қоса ізгілік, жақсылық ұғымдарымен шендесуі керек. Осы тұрғыдан
келгенде, екі туындыдағы протагонист тұлға ұғымына Әмірші мен Ұлы билеуші емес, Кіші
ханым мен Гүрбелжін ханым сай келеді.
Әбіш Кекілбайдың шығармашылық жолы қазақ қаламгерлерінің халықтың өткені
мен тарихи оқиғаларды өз туындыларына арқау ете бастаған кезеңге тән, яғни ХХ ғасырдың
60-жылдарынан бастау алады. Қақтығысы, тартысы көп уақыт тереңіне үңіле отырып,
туындаған роман-повестерді тақырыптық, жанрлық тұрғыдан іріктегенде тарихи-
хроникалық, тарихи-этнографиялық деп қарастыру басым. Ал, Әбіш Кекілбай тарихи
тақырыпты көркем меңгеруге басқадай тәсілмен барды. «Күй», «Ханша- Дария хикаясы»,
«Шыңырау» хикаяттарында және «Аңыздың ақыры» романында бағзы дәуірлерден мұра
болып жеткен аңыз оқиғаларын жаңғырта отырып, өткен күннің психологиялық-моральдық
қырына назар аудара отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін еске салады.
Әбіш Кекілбайдың Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан шыққан «Дала
балладалары» (1975) атты прозалық кітабына жазған алғы сөзінде Әбдіжәміл Нұрпейісов
былай дейді: «Жазушы өзінің шығармаларында белгілі тарихи тұлғалар есімін саудаға
35
салудан аулақ... Оләуелі адам өмірінің әлеуметтік қалпына назар аудара отырып, уақыт
тынысы мен кейіпкер болмысын философиялық-психологиялық тұрғыдан терең көрсетге
ұмтылады. бұл повестердің шыншылдық қасиетін ерекше көтере түскен» [3, 5].
Әбіш Кекілбай сынды биік деңгейдегі қаламгердің көркемдік кеңістігінің басты
даралығы – жазушы ежелгі аңыз мотивтерін бүгінгі уақыттың таразысына салып, тарихи-
философиялық тұрғыда мүлде тың сипатта түлетіп, жаңғыртады. Аңыз тереңіндегі жалпы
адам баласына ортақ мәңгілік мұраттарды тауып отырады. Баяғы заманның ақиқатына
бүгінгі дәуірдің сәулесін түсіріп, өмірлік мұраттарды, ізгілік идеяларын уағыздайды.
Кекілбайдың суреткерлік шеберлігінің негізін осы тараптан іздеуіміз керек. Көрнекті
қаламгерлер мен сыншылардың Әбіш Кекілбай қаламгерлігі туралы пікірлері де осы бағытта.
Мәселен, әйгілі қаламгер Шыңғыс Айтматов жазушының «тарих пен бүгінгі күннің маңызды
мәселелерін» ұтқыр қозғайтынын айтса, қазақтың классик қаламгері Әбдіжәмил Нұрпейісов
«әлеуметтік ірі идеяларды өзек ететініне» назар аударады. Жазушы шығармаларының
құрылымына үңілгенде, оның адам баласының күрделі табиғаты мен сан алуан іс-әрекетінің
себеп-салдарын танытуды мақсат ететінін айқын аңғарамыз. Жазушы хикаяттарындағы
көркемдік-эстетикалық қуат, әлеуметтік-философиялық тереңдік «Аңыздың ақыры» атты
тарихи-психологиялық романында әрі қарай арнасын кеңейте түседі. Әбіш Кекілбайдың
мәтіндік құрылымға аңыз оқиғасын сіңірудегі шеберлігі аталмыш романда барынша
кемелденіп, эстетикалық тұрғыда жаңа биікке құлаш ұрған. Романда автор қолданған аңыз
мотиві психологиялық детальдармен айшықталып, бас қаһарман, ежелгі теория тілімен
айтсақ, протагонист тұлға – Әміршінің
өзекті пенденің бірі ретіндегі мықтылығы мен
әлсіздігін, іштей ширығуы мен рухани күйзеліске түсу себептерін бейнелеуге қызмет еткен.
«Аңыздың ақыры» романында аңыз сюжеті мәтінмен жымдасып, кейіпкерлер
психологиясына кірігіп кеткен [4]. Әмірші, Жас шебер, Кіші ханым желісіндегі сана
ағымымен берілетін күрделі психологиялық иірімде нысан, яки деталь ретінде Ұлы ханым
әміршіге жіберетін өзегіне құрт түскен қызыл алма және аспанға қарай асқақтай көтерілген
мұнара назарға ілігеді. Адам баласына тән сүйіспеншілік сезімін өз бойына өрген
мұнараның салынуын автор психологиялық тінге лирикалық сазды шендестіре отырып
бейнелеп жеткізеді. Сүйіспеншілік тілге тиек болғанда, лиризмнің туындауы заңды. Күллі
әлемді қаһарымен тітірентіп, қаталдығымен үрейлендірген Әміршінің бойынан қылаң
беретін мейірімділік пен қайырымдылық, асқақтығына тұсау салатын күйзеліс, іштей үгілуі
арқылы кейіпкердің күрделі болмысы танылады. Ал, албырт сезімге бой алдырған Жас
шебердің басынан кешкен халі ше? Кіші ханымның балаң да нәзік кіршіксіз сезіміне не кінә
қоя аламыз? Міне, автор осындай қат-қабат оқиғалар желісін шебер үйлесіммен бір арнаға
тоғыстырып, аңыз астарынан адам тағдырын іздейді.
Осы тұста Ш.Айтматовтың фольклорлық мұраның бірегейі ретіндегі аңызды тілге
тиек ете отырып, мифологиялық құрылымды бүгінгі көркем шығарма өзегіне айналдырудағы
суреткерлік шеберлік туралы «Талантты қазақ прозаигі Ә.Кекілбаев мифологиялық жүйе мен
құрылымды игеру арқылы өткен мен бүгінгінің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл
кітап - ойшылдықтың жоғарғы сатысынан қарағанда да, аңыз бен шындықтың, өткен мен
бүгінгі күндер тәжірибесінің қорытпасы, осы компоненттердің барлығы (әрине, мұның
ішінде прозаиктің таланты да бар) қосыла келе, біздің пікірімізше, бұл шығармалардың
мазмұнын ғана байытып қоймай, оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен», [5, 81] - деген
пікіріне ден қоямыз.
Аңыз оқиғасы «Ханша Дария хикаясының» кейіпкерлерінің мінезі-құлқын, мақсат-
мұратын, өмірлік ұстанымдарын іс-әрекет пен оқиғалар арқылы таныту мақсатында мәтін
құрылымының астарлы қабатынан орын алған. Дүниенің билігін қолына ұстаған Ұлы
билеушінің пенделік осалдығы ақыры өзін ажалға бастап әкеледі. Суреткер кейіпкерлерін
асқақтық пе төмендік арасындағы көзге көрінбейтін баспалдаққа тәуелді етеді. Ол
баспалдақтың жоғарысында әуелгіде Ұлы билеуші, төмен жағында Шидүрге-Гүрбелджін
тұрғанымен, соңында керісінше болады. Әриен, сырт көзде таңғұт елін түгелімен қырып,
әміршісін өлтіріп, ханымын бауырына баспақ болған Ұлы билеуші асқақ. Бұл алдамшы
36
көрініс. Шын мәнісінде Шидүрге-Гүрбелжін жұбы ситуациялар нәтижесінде баспалдақ
бойымен жоғары өрлеп кетсе, Ұлы билеуші төменге түскен. Мәтін құрылымына үңілсек,
тартыс нәтижесін осылай танимыз.
Хикаят кіріспесіне назар аударайық:
Достарыңызбен бөлісу: |