7
ҚАЗАҚ-МАДИЯР ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСЫ ТАРИХЫНДАҒЫ
ЖАЗУШЫ ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ ОРНЫ
Мандоки О.М.
Мажарстандағы қазақ мәдени орталығының төрайымы,
Лакителек халық университетінің ұстазы, «Барыс» қорының төралқа мүшесі,
Будапешт, Мажарстан
Аңдатпа.
Мақалада автор мадияр-қазақ әдеби байланыстарына қысқаша шолу жасай
отырып, ондағы жазушы Әбіш Кекілбаевтың орнын сөз еткен. Жазушының мадияр тіліне
аударылған «Бәйгеторы» повесінің көркемдік, эстетикалық, танымдық сипаты талданған.
Түйінді сөздер:
мадияр-қазақ әдеби байланысы, мадиярша басылым, құман-
қыпшақтар, қазақтармен байланыс, көшпелілер эстетикасы, табиғат пен адам.
Қазақ пен мадиярлар арасындағы байланыс тарихының сан салалы екендігінің, оның
тым ертеден бастау алатындығы айтылып та, зерттеліп жатыр. Оның жаңа қырлары да күн
өткен сайын ашыла түсуде. Мадияр авторларының қазақтарға қатысты жанама деректері ХІІІ
ғасырдан бастау алады. Қазақ ауыз әдебиеті мен фольклоры туралы толыққанды
мәліметтерге қарт құрлық жұрттары атақты түрколог В.В. Радлов (әуелгі ныспысы -
Фридрих неміс екені аян) еңбектері арқылы ХІХ ғасырдың 70-жылдары ғана қол
жеткізгендігі мәлім [1]. Ал, мажарстандық шығыстанушы атақты Вамбери Арминнің Орта
Азияға жасаған ұзақ жылға жалғасқан сапарларының нәтижелерінің арқасында тіптен етене
таныс бола бастады. Ал, 1900 жылы Жетісу бойына 9 ай бойы зерттеу жүргізген Алмаши
Дьөрдь еңбектерінде де қазақтарға қатысты, соның ішінде біз сөз еткелі отырған мәселе
туралы аз-кем мәліметтер мадияр тілінде жарияланған еді [2].
Мадияр мен қазақ көркем әдебиет байланысындағы өзіндік ерекше мәнге ие болған
кемеңгер Әбіш ағаның орнын сөз етерден бұрын аталмыш екі халықтың әдеби байланысы
мәселесіне аз-кем тоқталып, шолып өтсек қисынға келетін сияқты. Ал, бауырлас екі
халықтың бір-бірінің классикалық үлгідегі көркем әдебиет үлгілерімен дендеп жақын
танысуы ІІ жиһангерлік соғыстан соң Мажарстан елінің коммунистік лагерьге енуге мәжбүр
болуымен тікелей байланыста дамыды. Өкініштісі, алғашында совет жазушыларының
коммунистік идеология мен соғыстағы жеңімпаздықты паш еткен бірлі-жарым шығармалары
мадияр тіліне аударылып, жарыққа шықты. Араларында бірлі-екілі қазақ қаламгерлері де
болды. Мұндайда тәржіма жасалатын автор мен шығармаға қатысты мәселе орталық қана
шешетіні белгілі еді.
Мадияр тілінде шығармалары алғаш жарыққа шыққан қазақ авторы - Жамбыл жырау
болды. Треченьи Имренің құрастыруымен 1955 жылы басылып шыққан дербес жинаққа
жыраудың бірқатар туындылары енді [3]. Іле-шала ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезовтің әйгілі
эпопеясы айтулы мадияр әдебиетшісі Рав Жужа мен Роган Миклоштың аудармасымен «Egy
költő utja» - Ақынның жолы» деген атпен 1956-58 жылдары жарық көрді [4]. Іле-шала
«Көксерек» туындысы 1961 жылы Фехер Яноштың аудармасымен шықты. Кейініректе
дүниеге келген туындылардан «жаңа қоғамдық құрылымның жасампаздығы, жұмысшы тап
келбеті, колхозшылар өмірі сияқты қасаң туындалардан «сталинизм» дәуірінің сызы анық
байқалады», - деп жазды Көрменди Лайош [10, 110].
Алайда, мадиярлар қанша қаласа да, олардың қалауынан шығып, қолайына жағатын,
ең бастысы олардың санасындағы шығыстағы туыс халықтардың шынайы әдеби
шығармаларына қол жеткізу екіталай болды. Айталық, қазақ рухани қазынасының - арысы
халық әдебиеті өкілдерінің, берісі Алаш арыстары мен оның замандастары тудырған әдеби
құндылықтар репрессисивтік идеологиялық саясаттың сүзгісінен өтпей, шетел түгілі қазақ
қауымы үшін де қол жетпес мұра болғандығы өкінішті. Осыны мадияр зиялылары сезді,
білді. Себебі, заманында большевиктерден қағажау көріп, шетелге эмиграцияға кетуге
мәжбүр болған, Алашордашылармен байланыста болған башқұрт оқымыстығы Таған
8
Ғалымжан Мажарстан жерінен пана тапқан, онда ұзақ жыл тұрған, көптеген мақала
жариялаған еді. Осы тақылеттес жайттар мен коммунизмге деген наразылықтан советтік
саясат пен оның құралы әдебиетті мадияр жұрты өзгеше қырынан сыни көзқараспен
пайымдауға жақын тұрғаны аян. Ал, мажарстандық шығыстанушылар өз зерттеулерінде
туысқан түркі халықтарының әдебиет үлгілерін кеңінен арқау етіп, насихаттап келгендігін
айтып өтуіміз парыз. Мұндай құлшыныстардан көзі ашық, қырағы мамандардың туыс
халықтардың әдебиетінің үлгілерін ішінара болса да, мадияр оқырмандарына таныстыруға
деген ынтасы байқалады. Бір ғана мысал келтірсек, Мажарстан тарихындағы қиын
кезеңдерде, яғни 1958 жылы қазақ ертегілері мадияр тілінде «А fako lovacska», яғни «Құла
тай» деген атпен жарық көргенін айтып өтсек жеткілікті [5]. Бұл ауыз әдебиетіне қатысты
алғашқы қадам ретінде әдеби байланыстар тарихына енді.
Қазақ көркем әдебиетінің мадияр тіліндегі арнайы жеке жинағы 1969 жылы жарық
көрді. «Kazah irodalmi szemelvenyek», яғни «Қазақ әдебиетінен үзінділер» деген атпен
шыққан жинақ Венгр-совет достық қоғамының мұрындық болуымен жүзеге асырылды [6].
Жинаққа қазақ ертегілерінен бастап, «Ерсайын» жыры, Махамбет, Абай, Жамбыл жырлары,
С.Дөнентаев, Ғ.Орманов, Қ.Бекқожин, Ж.Саин, Ғ.Мүсірепов, М. Әуезов шығармалары
енгізілген екен.
Оқырмандарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында мадияр әдебиетшілері
«Világirodalmi lexikon» - Әлем әдебиетінің энциклопедиясы атты көптомдықта Азиялық және
советтік республикалардағы әдеби ахуалға, оның көрнекті тұлғаларын молынан қамтуға ден
қойды. Бұл іске сол халықтардың тілдерін еркін меңгерген, әрі зерттеумен айналысатын
мамандарды тартты. Мәселен, менің жолдасым Мандоки Қоңыр аталмыш энциклопедияның
VII томына (ол екі кітаптан тұрады) түркі жұрттарының әдебиетіндегі отызға тарта тұлға мен
әдеби жанрлар мен кесек туындылар туралы мақала жариялады [7; 8].
Академик Рымғали Нұрғалиев «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» деп бағалаған ХХ
ғасырдағы қазақ кәсіби әдебиеті 1960-жылдардан бастап көркемдік өресі жоғары кесек
туындылармен толығып, дами түскендігі белгілі. Әдеби жауһарларымен шетелдік
оқырмандардың етене жақын танысуға 1950-60 жылдарға дейін мүмкіндік болмады. Тек,
жылымық лебі ескен кезеңнен бастап, жағдай өзгере бастады. Абай, Мұхтар сынды
алыптардың жолын пір тұтқан 1960-жылдары қазақ әдебиетінде қаулап бой көтерген қазақ
әдебиетіндегі жас жазушылар мен ақындардың туындылары Совет одағы халықтарының
тіліне һәм сол кезде социалистік лагерь елдерінің тіліне аударылып, көптеп жарық көре
бастады. Мадияр тілінде алғашқылардың бірі болып совет ақындарының антологиясында
Олжас Сүлейменовтың өлеңдері жарық көрді. Қазақ фольклоры, ауыз әдебиеті үлгілері мен
жаңа заман әдебиеті өкілдерінің туындылары, кейбір үзінділері Мажарстанның алуан түрлі
жинақ, журналдарында жарық көріп тұрды.
Қазақ жазушыларының толыққанды жинағы 1977 жылы Будапештте «Еуропа»
баспасында жарық көрді. Жинақ «A díjnyertes ló: Mai kazah elbeszélők», қазақшаласақ
«Бәйгелі сәйгүлік. Бүгінгі қазақ (жазушыларының) повестері» деген атпен жарық көрді. [9].
Жинақта он екі қазақ авторының повестерінің орысша нұсқасынан он білікті тәржімашы
мадияр тіліне аударған. Авторлар Ә.Әлімжанов, Д.Досжанов, Д.Исабеков, Ә.Кекілбаев,
Б.Момышұлы, С.Мұратбеков, Ш.Мұртазаев, С.Санбаев, Ә.Сәрсенбаев, О.Сәрсенбаев,
М.Сүндетов, Ә. Тарази фамилиялары бойынша алфавиттік ретпен берілген. Шынтуайтында
жинақтың атауы Әбіш Кекілбаевтың «Бәйгеторы» әңгімесімен аталған еді. Жанына балаған
түлікке ат қоюдан алдына жан салмайтын қазақы ұғымды өзге тілге аударудың оңай емес
екендігі түсінікті. Көшпелі мәдениеттің һәм жауынгерліктің атрибутына саналған жылқы
түлігін мадиярлар да ерекше қастерлейді. Бірақ, қазақы ұғымдағы атау олардың санасында
жазушының айтайын деген ойын, оқиғаның жүлгесін дөп жеткізе алмайтындығын ескерген
аудармашы Антал Миклош «A dijnyertes ló», яғни «Бәйгелі сәйгүлік» деп алуды жөн санаған
(ол сондай-ақ, Әкім Таразидың әңгімесін де аударған). Ол осы мәселеде зерттеуші
Қоңырмен ақылдасқан. Дегенмен, басты себеп Әбекеңнің «Бәйгеторысының» көркемдік
9
және эстетикалық өресіне тікелей байланысты болды десек қателеспейміз. Оны мадияр
әдебиетшілерінің білдірген пікірі қуаттап отыр (ол туралы төменіректе арнайы тоқталамыз).
Көлемі 336 беттен тұратын жинақтың 64-111 беттері аралығында орын алған Әбіш
ағаның «Бәйгеторысы» мадияр оқырмандарын ерекше баурағаны көптеген мәселеге қатысты
жарияланымдарда айтылды. Осы орайда қазақ әдебиетімен етене айналысқан қыпшақтекті
ақын, жазушы Көрменди Лайоштың пікіріне ден қойсақ жеткілікті. Ол мадияр
қыпшақтарының рухани орталығына айналған Карцаг қаласындағы «Сент форраш – Әулие
бұлақ» деп аталатын тәржіма шеберханасы (Műforditó műhely) шығарып тұрған
альманағының бір санында (1988) «Üzenet a jurtakból» – Киіз үйден келген хабар атты
жазбасында аталмыш жинаққа қатысты пікірін жариялаған [10]. Мұнда ден қойғызатын
тұсына тоқталсақ, Әбіш Кекілбаев туындысына мадиярлардың берген ортақ бағасы деуге
әбден лайық. Көрменди Лайош былай деп толғанады: «Қазақ жазушыларының табиғатпен
етене жақын байланысына ерекше ден қоятындығы, оның адамдардың ту сыртында тұрған
тамаша бір фон ретінде қабылдауға болады. ... Солай адамдарға қорған болып тұрған заңғар
таулар, шексіз шетсіз дала оларға бар қажетті нәпақасын да аямай төгеді. Әсіресе, Әбіш
шығармасында сол аялы табиғаттың шексіз тылсымының суреттеуінен, әсіресе жылқы мен
адам арасындағы байланыс суретінен атақты Лев Толстой мен Шыңғыс Айтматов
туындыларымен шендесетін тұстары байқалады» [10, 112]. Бұл - Әбіш ағаның мадияр тілінде
жарық көрген әңгімесіне мадияр әдебиетшінің берген бағасы. Көрменди қазақ
жазушыларының шығармаларынан байқалатын басты қасиет - оларға асқақ эстетикалық
сұңғылалық пен сезімталдық тән [10, 110]. Сонымен қатар, оның пікірінше «повестерде адам
мен табиғат симбиозы, көшпелі дәстүрді бойына жасырған кең сақара мен заманауи
техникалық өркениетке құлшынған қала, ислам мен марксизм» тайталасы мен шынайы
суреті көп нәрсені аңғартады»,- деген толғанысын жасырмайды. Көшпелілердің бүгінгі заман
қаламгерлерінің туындылары социология мен этнографияға бай қызықты баяндаулармен
ғана емес, эстетикаға толы, ең бастысы «қазақ халқының бойында шексіз жасампаз күш-қуат,
өмірге кұштар, тіршілікке икемді қасиет бар» екендігін тартымды, әрі шынайы суреттеу
арқылы өз оқырмандарын иландыра алады [10, 113].
Қазақ қаламгерлерінің мадияр тілінде жарық көрген жинақтың 317-327 беттерінде
менің жолдасым Мандоки Қоңыр жинақтағы қазақи ұғымдар мен атауларға арнайы жазған
түсініктемесі берілген (Сөз орайында айта кетуім парыз, мадияр тілінде жарық көрген түркі
фольклоры мен әдебиетіне қатысты басылымды дайындағанда көбі Қоңырға жүгінетін.
Аудармашылар мен баспагерлер онан акыл-кеңес алатын, редакция жасауды,
комментарийлер дайындауды сұрайтын. Айталық, атақты Шыңғыс Айтматовтың мадиярша
жарық көрген романдарындағы ұғымдар мен атауларға түсініктемелерді Қоңыр дайындаған-
тұғын).
Әбіш Кекілбаев шығармасын жылы қабылдаған мадияр оқырмандары екінші мәрте
оның «Аңыздың ақыры» туындысымен қауышудың сәті түсті. Герольд Бельгердің орысшаға
аударған нұсқасынан (Жалын баспасы, 1977) атақты мадияр әдебиетшісі Катона Ержебет
ханым мадияршаға тәржімаладыі. Сөйтіп роман 1998 жылы екі бірдей кәсіпорынның
(Агрометалл және Хунгаро-кабель) демеушілігімен жарық көрді (соңғысының жетекшісі Гал
Андраш «Барыс» атты қор құрған, қазақ-мадияр қатынастарына арналған жиырмадай
кітапты жарыққа шығарған) [11]. Тәржімашы Катона Ержебет автор туралы толғанысында
«Қазақстанның ерекше экзотикаға толы, тылсымды өңірінде дүниеге келген Әбіш Кекілбаев
... шығармаларының тілі - шығыс әдебиетіне тән қою, әрі шиырлы. Жазушы туындыларының
негізгі идеясы билік пен адам арасындағы шексіз, жойқын тайталасты арқау етеді.
Билеушілердің пәлсапасын жасырын қырының ішкі мәнін шым-шымдап аша түседі. Оның
біртіндеп жаныштай отырып, адам абыройын аяққа таптайтындығын, сөйтіп
индивидуалистік қасиетті быт-шытын шығаратындығына мән береді. Ал биліктің иелерінің
өзі де құлға айналып, өзінің шексіз билігінің құрбанына айналады, Басқаның мойнына
ілінген құрық біртіндеп тырп еткізбей оның да аяқ-қолын матап тастайды» [11, 253].
10
Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы мадияр оқырмандарын айырықша баураған,
ерекше әсер қалдырған қыры оқиғалардың суреті, ортасының көшпелі болмысқа сай
суреттері ғана емес, кейіпкерлерінің тіршілік ырғағы мен салт-санасының мадиярлардың
бағзыдағы тарихымен үндес болуында жатса керек. Автордың шынайы суреті, көркем
образдарды сәтті сомдауында өзіндік қолтаңбасымен даралана түсуі мадияр оқырмандарын
еріксіз мойындатты. Мұнан «Азиядан барып, Карпат қойнауына қоныс тепкен мадиярлардың
тарихы мен мәдениетінің бір кездегі картинасымен танысқандай боламыз», - деп жазды
Катона Ержебет. Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы суреттеулер Мажарстандағы
қыпшақтар қоныстанған Куншагта, яғни Құманияда бертінге дейін болған еді. «Бәйгеторы»,
мадиярша «Бәйгелі сәйгүлік» повесінің картинкасының ерекшелігі көшпелі өркениеттің
соңғы жұқанасы іспетті әсер қалдыруымен мадияр оқырмандарының жүрегіне жол таба
білуінде жатса керек.
Сайып келгенде, Әбіш Кекілбаев шығармалары мадияр оқырмандары үшін көшпелі
ортаның сән-салтанаты, гүлденуі мен күйреуі, адам мен табиғаттың егіздесе үндесуі,
тарихтан алған тағлымы мол, жеңісі мен опырыла күйреуі сияқты алмағайып кезеңнің
тамаша бір бейнесін нанымды, тартымды етіп түзген тамаша әдеби туынды, жауһар шығарма
ретінде қазақ тарихы мен мәдениетіне ден қойған мадияр оқырмандарына және кәсіби
мамандарға жан-жақты мәлімет беретін кемел дүние ретінде бағаланып отырғаны біз үшін
зор мақтаныш! Алдағы уақытта да ұлы суреткердің еңбектері мадияр оқырмандарына жол
тартады деген үмітіміз бар. Лайым солай болғай!
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Die Sprachen der türkischen Stämme Süd-Sibiriens und der Dsungarischen Steppe von
Dr.W.Radloff. I. Abtheilung. Proben der Volkslitteratur der türkischen Stämme Süd-Sibiriens,
gesammelt und übersetzt von Dr.W.Radloff, T. III. Kirgisische Mundarten. – St.-Pbg., 1870.–
XXVII. - 856 с.
2. Álmásy György. Vándorutom Ázsia szivébe (Азия жүрегіне саяхатым). - Budapest,
1903. - 768 о.
3. Dzsambul Dzsabajev. Osszeáll. Trencsinyi-Watdapfel Imre. - Budapest, 1955.
4. Auezov Muhtar. Egy költő utja (Abaj Kunanbajev.) Regényes életrajz. Ford. Ráb
Zsuzsa. I1l. Rogán Miklоs. - Budapest, 1956, 1958.
5. A fako lovacska. Kazah népmesek. Vdl., utószó és jegyz. Kovács Zoltán lll. Loránt
Péterné. - Budapest, 1958.
6, Kazah irodalmi szemelvenyek (Қазақ әдебиетінен үзінділер) Válogatott. Neszmélyiné
Laszkovszky Márta. - Budapest, 1969, MSzBT. 108.
7. Világirodalmi lexikon (Әлем әдебиеті энциклопедиясы). – Budapest, 1970. – VII (1). –
1971. – VII (2).
8. «Ұлы даланың біртуар ұланы». Алты Алаштың ардақтысы, көрнекті түркітанушы,
мәдениет қайраткері, Мажарстан ғалымы Мандоки Қоңыр мұраларының аудармасы, ғылыми
комментарий, библиографиялық көрсеткіші. «Ұлы тұлғалар» сериясы. Алматы: Орталық
Ғылыми кітапхана, 2009. - 328 б.
9. A díjnyertes ló: Mai kazah elbeszélők. - Budapest: Europa,1977. - 336 о. (Бәйгелі
сәйгүлік (Бәйгеторы) Қазақ жазушыларының мадияр тілінде шыққан повестер жинағы).
10. Körmendi Lajos. Üzenet a jurtakból // Szent Forras. Műforditások a türk népek
irodalmaból. - Karcag, 1988. - 109-116 о.
11. Kekilbayev Ebis. A legenda vége. Magyarra forditotta Katona Erzsebet. - Budapest,
1998. - 254 o.
Достарыңызбен бөлісу: |