§ 1. Әмбебаптығы басқалардан ерек математика тілі
Математика тілінің ерекше әмбебаптығы әу бастан белгілі болған. Эллиндік ғұлама математик Евклид (Эуклид) өзінің 13 трактаттан тұратын «Математика негіздері» атты еңбегін жазғанда негізінен Мысыр перғауындары мен әлемнің жеті ғажабынан саналатын ұлы пирамидалар тізбегін тұрғызған ежелгі құрылысшылар, жер өлшеушілер, су арналары мен арықтарын өлшеп-текшеушілер, бір сөзбен айтқанда сол заманның абыздары, т.т. қолданған математикалық нәтижелерге сүйенгенін мойындайды. Осы сөзіміздің шындығын қуаттайтын бір мысал келтірейік. Птолемейдің математикалық нәтижелерге, кестелерге толы астрономиялық еңбектерін Аристотельдің зор ыждаһаттылықпен зерттеулері. Әсіресе Птолемейдің «Алмагест» деген еңбегінің кейінгілерге танымал шығарма болуына гректердің өңдеулері ерекше үлес болып қосылғаны анықталып отыр
Евклидтен біреуі ерте, біреуі кеш өмір кешкен Пифагор, Архимедтер грек математикасын кейінгі ұрпақтары мен Эллиндік өркениеттің ізін ала дами бастаған басқа да өркениет ошақтарына үлгі болатындай етіп дамытты.
Келесі ғасырларда мұсылман өркениетінің қарыштап дамыған уақыты келді. Оның математикасының дамуында жарық жұлдыз боп IX ғасырда Орта Азиядан шыққан Мұхаммед әл-Хорезми есімі жарқырады. Әл-Хорезмидің ғылыми дәстүрін және оның мектебін Таяу және Орта Шығыс елдерінің ірі ғалымдары Сәбит Ибн Корра (836-901), Әбу Кәмил (Каир), Әбу-л-Вафа, Ибн әл-Хайсам (965-1039), әл-Беруни (973-1048), Әбуәли Ибн Сина (980-1037), әл-Қараджи (1030 ж. шамасында қайтыс болған), Омар Хайям (1048-1131), Нәсір (Насыр) ад-Дин ат-Туси (1201-1274), әл-Кәши (1430 ж. шамасында қайтыс болған), Аббас әл-Жаухари (Гауһартөбе, қазіргі ОҚО) және басқалары лайықты жалғастырған болатын. Осы ғалымдардың шоқ-жұлдызында көрнекті орынды Әбунәсір әл-Фараби (870-950) алады. Мінеки, осы математиктер өмір сүріп, математиканы әрі қарай дамытқан кезде грек тілі еш кедергі болмаған. Әл-Фараби математикалық шығармашылығына қосымша ғылымдардың тағы да оншақтысымен тікелей айналысқан. Гректердің бай ғылыми мұрасын емін-еркін араб тіліне аударып, өзі де осы тілде ғұлама еңбектерін жарыққа шығарған. Аристотельден кейін екінші боп әл-Фараби ғылымдар сыныбын жасақтап, өзінің «Ғылымдар тізбесі» атты еңбегін жазып, Аристотель «Адамзаттың Бірінші Ұстазы» болса, әл-Фараби «Адамзаттың Екінші Ұстазы» деген мәртебелі атаққа ие болған.
Осылайша, ұлы бабамыздың жатпай-тұрмай еңбектенуі арқасында Эллиндік өркениет жәдігерлері мұсылман өркениеті мұралары арқылы енді-енді оянып келе жатқан Еуропа өркениеті игілігіне айналды. Содан, мысалға, К.Ф. Гаусс, Я. Бояи және Н.И. Лобачевский Жаңа заманда грек математигі Евклидтің бесінші постулатын нәтижелі жаңғырма шешімдерге жеткізіп, олардың есімдері математика тарихына алтын әріптермен жазылып қалды. Осы Жаңа заманда Ежелгі Мысыр математикалық жәдігерлеріне бергісіз Ежелгі Қытай һәм Ежелгі Үнді математикасы өз кезектерінде заманауи дамығанына адамзат қанық болды, яки математика тілінің адамдар қатынасы тілдеріне қарағанда әмбебаптығы жоғары екендігі, осылайша, толық мойындалып, «Математика – барша ғылымның падишасы!» деген тұжырым етек ала бастады...
Енді осы математикамен байланысты төл тіліміздің бүгінгі жай-күйін қайта саралайық. Ол үшін бір-екі мысал келтірейік.
Достарыңызбен бөлісу: |