Б. С. Тантыбаева С. Аманжолов атындағы ШҚМУ, Өскемен қаласы студенттердің химиядан өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру формалары химия пәндерін оқытуда барлық оқу материалын сабақ



Дата04.08.2017
өлшемі94,07 Kb.
#22559
ӘӨЖ 378.147:54

Б.С. Тантыбаева

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Өскемен қаласы

СТУДЕНТТЕРДІҢ ХИМИЯДАН ӨЗІНДІК ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ФОРМАЛАРЫ

Химия пәндерін оқытуда барлық оқу материалын сабақ үстінде толық қамту мүмкін емес екендігін көп жылғы тәжрибе көрсетіп отыр. Сондықтан да студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру бүгінгі таңда маңызды орын алады. Қазіргі оқыту технологиясы тұрғысынан өзіндік жұмысқа көп уақыт берілетіні мәлім. Ендеше химия пәндерін оқытуда алдымен студентті өз бетімен оқуға үйрету өзекті мәселе болып отыр.

Жаратылыстану пәндері цикліне енетін химия пәндерін оқытудың өзіне тән ерекшеліктері бар. Студенттердің өзіндік жұмыстарының кейбір түрлері осы ерекшелікке байланысты құрылары сөзсіз.



Педагогикалық жүйе ретінде студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру мен басқару сыртқы және ішкі мақсаттарға сәйкес қызмет атқарады және дамытылады. Өз бетінше жұмыс істеу деңгейі білім алушының оқу қызметін ұйымдастырудың түрлі формаларында әр түрлі болатындығы дау тудырмайды және ол өзіндік жұмыстарды ұйымдастыруға, сабақты өткізу әдістемесіне, студенттің зияттылық дамуы мен академиялық дайындығына, оқытушының педагогикалық біліктілігіне және жұмыс істеу мәнеріне тәуелді болады.

Химиядан төменгі курс студенттерінің өзіндік жұмыстары келесідей құрылымдық элементтерді қамтиды:



  • дәріс кезіндегі жұмыс;

  • оқулықтармен өз бетімен жұмыс;

  • рефераттар мен курстық жұмыстар жазу;

  • зертханалық, сарамандық сабақтарға әзірлік;

  • химиялық олимпиадаға қатысу.

Дәріс сабақтары жүйесінде өзіндік жұмысты ұйымдастыруда келесідей шарттар орындалуы қажет:

– жоспарланған дәріс мазмұнын оқу барысында студенттердің өзіндік жұмысының негізгі мақсатын анықтау;

– оқу материалының мазмұнынан негізгі мәселені айқындап, оны сту­денттер алдына тартудың әдісін белгілеу және олардың оны шешуге қаншалықты деңгейде қатысты болатынын анықтау;

– жалпы мәселені көптеген ұсақ мәселелер жүйесіне жіктеп, олардың дәріс барысында шешілу реттілігін анықтап, танымдық әрекетінің деңгейін белгілеу;

– қажетті демонстрациялық материалды және мақсаттық қондырғыларды таңдап, студенттердің өзіндік жұмысын дәріс барысында ұйымдастыру кезінде қолдану;

– оқу материалының дидактикалық мақсатына орай студенттердің өзін­дік жұмысының формалары мен түрлерін тиімді жоспарлау;

– студентті белсенді шығармашылық және өзіндік әрекетке ынталандырушы әрі мазмұнын толық меңгеруге мүмкіндік туғызатын дәріс материалын берудің оңтайлы әдісін таңдау;

– студенттердің барлық өзіндік жұмыстарын бақылауды ұйымдастыру;



  • дәріс сабақтарындағы студенттердің өзіндік жұмысын семинар, сарамандық, зертханалық сабақ үстінде, дәрісханада, дәрісханадан тыс жұмыспен тығыз байланыстыру [1].

Оқулықты материалды өз бетімен меңгеруде қолдануға болады. Жұмыстың аталған түрі пән бойынша әдебиет жеткілікті болғанда ғана тиімді болатыны белгілі. Студенттерге белгілі тақырып беріліп, оны конспектілеу тапсырылады.

Дәріс сабақтары мен сарамандық сабақтардың байланысы теория мен практиканың бірлігі қағидасымен түсіндіріледі.

Зертханалық практикумды жетілдіре отырып әдістемелік нұсқауларда студенттердің танымдық дербестігі мен белсенділігін дамытуға, олардың өзіндік жұмысын іске асыруға қажетті дидактикалық жағдайларды сақтауға тырысу қажет. Осындай әрекет үстіндегі өзіндік жұмысты жандандыруды оны іске асыруға ғылыми зерттеу жұмысының элементтерін кіргізіп, жұмысты ізденгіштік немесе жартылай ізденгіштік сипатта өткізу арқылы жүзеге асыруға болады. Мысалы, «Теориялық бейорганикалық химия» пәнінде «Тотығу-тотықсыздану процестері» тақырыбына зерханалық сабақ өткізу жоспарланған. Осы зертханалық жұмысты студенттердің дербестік деңгейі жоғары болатындай етіп қалай өткізуге болады? Себебі жаңа кредиттік оқыту жүйесі бойынша зерханалық сабаққа бөлінетін сағат саны аз екендігі бәрімізге белгілі. Оқытушы ол үшін алдымен зертханалық жұмыс тапсырмаларын іріктеп, ең қажетті дегенін таңдап алып, үйден конспектілеп келуге тапсырады. Зертханаға келген соң алдымен студенттер жұмысты орындауға рұқсат алады, содан кейін жұмысты өз беттерімен орындайды. Жұмысты орындап болған соң есебін тапсырады. Зертханалық жұмысты орындау барысында студенттер тотығу-тотықсыздану реакция теңдеулерін оқу карталарын қолданып теңестіреді

Аталған жұмыстардың басты міндеті – теорияны іс жүзінде сарамандықпен байланыстыру. Ал ғылыми эксперимент – табиғат құбылыстарын зерттеуде, дүниені тануда ең басты әдіс болып табылады.

Зертханалық-сарамандық сабақтар барысында студенттер мәселені қою әдістемесін, икемділігін меңгеруге, оны эксперименттік жолмен, тұжырым шығарумен шешуге жаттығады [ 2].

Студенттердің зертханалық жұмысқа өз бетімен әзірленуі, жұмыс барысын үйден конспектілеуі, зертханалық жұмыс кезінде орындалатын химиялық эксперименттердің химизмін сипаттайтын реакция теңдеулерін жазып, теңестіруі, зертханалық жұмыстарды зертханада барлық қауіпсіздік техника­сын қолдана отырып орындауы, нәтижесін бақылап, қорытындысын шығаруы, зертханалық жұмыс есебін тапсыруы зертханалық жұмыс үстіндегі өзіндік жұмыс түрлері болып табылады.

Осымен қатар білім алушының зертханалық жұмыс тақырыбына байланысты теорияны үйден дайындап келіп, зертханалық жұмысты орындауға рұқсат алуы да өзіндік жұмыс ретінде қарастырылады. Зертханалық-сарамандық сабақтарда өзіндік жұмыстың орындалуын бақылау оның оқу еңбегін белсендіруге жағдай туғызады. Жұмыс аяқталғаннан кейін міндетті түрде зертханалық жұмыстың есебін тапсырылып, өзіндік жұмыс нәтижесі анықталады.

Ежелден өзіндік жұмысы ретінде қолданылатын жұмыстың бірі сандық есептер шығару болып табылады. Сандық есептер сарамандық сабақ үстінде немесе сабақтан тыс уақытта шығарылады.

Химиялық білім беруде оқытудың бір тәсілі ретінде сандық есептер шығару маңызды орын алады. Оларды шығару арқылы пәннің оқу материалы терең меңгеріліп, алынған білім, білік, икемділік, дағдылары дамытылады, студенттер алған білімін өз бетімен қолдануға жаттығады.

Химиялық білім нақты, тұрақты болу үшін оқушы алдымен ұсақ, соңынан ірі мәселелерді шеше алатындай болуы керек. Яғни шығармашылық ойлау қабілеті дамыған, ақыл-ой әрекеті жетілген жандар химиялық есептерді қиналмай шығарады. Бұл оның күрделі ойлау қабілетінің жоғары сатыда екенін дәлелдейді. Сабақ үстінде және одан тыс кезде бейорганикалық химияның барлық тақырыптарын қамтитын сандық есептер шығарту тиімді болады.

Химиядан эксперименттік есептерді шығару да маңызды өзіндік жұмыстың түріне жатады.

Эксперимент есептерінде сандық мәліметтер болмайды, химиялық тәжірибелер жасау арқылы шығарылады. Мысалы, сынауықтарда келесідей заттар берілген: Магний хлориді, алюминий сульфаты, күкірт қышқылы, натрий карбонаты, калий гидроксиді, күміс нитраты, мырыш сульфаты, қорғасын ацетаты. Басқа ешқандай реактив қолданбай қай сынауықта қандай зат барын анықтаңдар. Мұндай эксперименттік есепті шығару үшін студенттер алдымен есепті шығарудың ойша экспериментін құрайды. Кесте арқылы есепті шығару алгоритімі құрылады. Алгоритмге сүйене отырып қай сынауықта қандай зат бары эксперименттік жолмен анықталады.

Химиядан білім мен білікті қалыптастыруда эксперименттік есептердің маңызы зор. Эксперимент есептерін шығару арқылы оқушылар теориялық білімін баянды етеді, іс жүзінде қолдана білуге үйренеді. Олар химиялық құрал жабдықтармен және реактивтермен жұмыс істеу дағдыларын нығайтып жетілдіре түседі. Мұндай есептерді үзбей шешіп машықтанғанда студенттер өздігінен жұмыс істей білуге, ұқыптылыққа, өз ісіне сын көзбен қарауға дағдыланады. Олардың химиядан білім сапасы мен сарамандық әзірлігі эксперимент есептерін шығару үстінде айқын білінеді [3].

Осы айтылғандарға сүйене отырып біз студенттердің эксперименттік есептер шығару дағдыларының қалыптасуы олардың сарамандық білім негізін қалауда, дербестік деңгейінің жоғарылап, теориялық білімді іс барысында оңтайлы қолдануына жағдай жасайды деген тұжырым жасаймыз.



Бейорганикалық химияның «Элементтер химиясы» бөлімінің соңында студенттерге бейорганикалық қосылыстарды синтездеу өзіндік жұмыс ретінде ұсынылады. Студент өзі таңдап алған қосылысты синтездеуге қажетті реактивтерді белгілеп, оны синтездеу жоспарын құруға, синтездеуге қажетті қондырғыны құрастырып және оны синтездеуге тиісті. Мысалы титан, мыс, мырыш, қорғасын қосылыстарын синтездеуді студенттерге ұсынатын болсақ, онда олар жергілікті жер материалдарын қолдануға мүмкіндік алады.

Өзіндік жұмыстың негізінде студенттің өзінің дербес әрекетін ұйымдастыру жатқандықтан, ол өзінің уақытын ұтымды пайдалана отырып, өзіндік бақылау, өзіндік меңгеру әдістерін барынша тиімді қолдануға ұмтылуы қажет. Кредиттік технология негізінде дәріс сабақтарының санының азаюы оқу әрекетін ұйымдастыруда дәрісханадан тыс жұмыс түрлерін кең қолдану қажеттігін туғызып отыр. Сондай жұмыстардың бірі реферат жазу. Студенттердің реферат жазуы олардың берілген материалды дұрыс пайымдап, мазмұнын ашып көрсете білуіне, жоспарды дұрыс құруға икемделіп, ғылыми ізденуді ұймдастыруына, әдебиетпен жұмыс істей білуге жаттығуына, жинақтаған материалдарын өңдеуден өткізіп, қолданылған әдебиеттердің тізімін дұрыс құра білуіне мүкіндік береді. Осыдан шығаратын қорытынды өзіндік жұмыс ретінде берілген реферат, эссе жазу тәрізді жұмыстарды орындау нәтижесінде студент ізденімпаздық, шығармашылықпен жұмыс істеу сияқты іскерліктерді меңгереді. Аталған жұмыстың тиімділігі олардың білім деңгейінің жоғарлауынан көрінеді.

Өзіндік жұмысты жандандырудың тағы бір оңтайлы жолы – пәндік олимпиада жұмыстары.

Олимпиада дегеніміз – студенттердің жоғары оқу орнындарындағы және кәсіби болашақ маман әзірлеуде өтетін пәндер бойынша білім, икемділік, дағдысын шығармашылықпен қолдана білудегі жарысы. Олимпиада болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін көтеруде, олардың таңдап алған мамандықтарына қызығушылығын арттыруда, дарынды жастарды анықтауда, ғылыми зерттеу, әкімшілік, кәсіпкерлік істерге кадрлар қалыптастыруда өте маңызды.

Олимпиадаға тек студенттерді таңдап алумен ғана тоқталып қалмай оларды үнемі осындай жарыстарға әзірлеу қажет. Оларды олимпиадаға әзірлеуде химияның негізгі бөлімдерімен тығыз байланысты есептер шығартылады. Әсіресе заттардың химиялық қасиетіне орай құрамын, құрылымын анықтауға арналған «Жұмбақ есептер», «Бас қатыратын есептер», «Шығармашылық есептер», «Пән аралық байланысты қамтитын есептер», «Қоспаға », «Ерітінділер мен онда өтетін процестерге» арналған есептер болуы мүмкін.

Өзіндік жұмыстың осындай түрін жүргізу үшін бізге ең алдымен жақсы әзірленген оқытушы, екіншіден, шығармашылық қабілеті жоғары және оны дамытуға ұмтылушы студент қажет.

Өзіндік жұмыстың бір түрі олимпиаданы ұйымдастыру шарттары мен қағидаларын да қарастыра кеткеніміз жөн болар. Олимпиадаға студенттерді әзірлеуде келесідей қағидалар қолданылады:

– өте жоғары деңгейдегі дербестілік қағидасы. Ең берік білім негізі өз бетімен, студенттердің әдебиетпен жұмыс істеу процесі кезіндегі дербестілігі жоғары болуымен іске асырылады. Оқытушы тек соны тиімді ескеріп, студентті дұрыс бағдарлау қажет. Өз бетімен алынған дұрыс шешім, тіпті дұрыс логикалық негізделмеген күннің өзінде, кейіннен ұжымдық талқылау нәтижесінде айқын, сенімді тұжырымға әкеледі;

– іргелі әзірліктің негізділігі қағидасы. Студенттерді іргетасы қаланған пәндерден олимпиадаға әзірлеу қажет болғандықтан алдымен олардың бойында математика, физика, химия сияқты пәндерден білім, білік, икемділік дағдыны қалыптастыру міндетті болмақ;

– пәнаралық байланыс пен пәндер арасындағы сабақтастық қағидасы. Аталған қағиданың орындалуы тек олимпиадаға әзірлік кезінде ғана емес, оларды оқыту кезінде де маңызды. Мысалы, химия олимпиадасында студенттің білімін көрсетуі математика, физика, биология пәндерінен алған біліміне байланысты болады;

– білімнің белсенділігі. Олимпиадаға қатысушы студенттің білімі үнемі белсенді күйде болатындықтан, олимпиада тапсырмалары олардың бастапқы білімдерін ескере отырып құрылады. Сондықтан олимпиадаға әзірлік кезінде өткен жылдардың тапсырмаларын қолдану тиімді болмақ;

– оқу бағдарламасы бойынша толық қарастырылмайтын кейбір тақырыптарды тереңірек қарастыру. [4]

Оқу жоспары бойынша әр мамандық студенттеріне курстық жұмыс жоспарланады. Бір курста студент тек бір жұмыс орындайды, егер оқу жоспары бойынша екі жұмыс жоспарланса, онда студент таңдауы бойынша бір жұмысты орындауға құқылы. Оқу жылы басында оқытушы студенттерге курстық жұмыстың тақырыптарын береді.

Курстық жұмысты орындау барысында студенттер әдебиетпен жұмыс, материалдарды өңдеу икемділігі, интернетпен, ақпараттық материалдармен жұмыс түрлерін меңгеруді әрі қарай жалғастырды.

Курстық жұмысты бағалауда эксперимент нәтижесі, студенттің жұмыстың мақсаты мен нәтижесін баяндауы, студенттің курстық жұмысты орындаудағы дербестілік дәрежесі ескерілді. Курстық жұмыстың бағасы әдістемелік комиссия мүшелерінің шешіміне орай қойылды.

Сонымен қорыта келгенде студенттердің өзіндік жұмысының формасы алуан түрлі, бірақ оның тиімді болуы студент білімді өздігінен алуға шынайы талаптанғанда ғана мүмкін болады.



Қолданылған әдебиеттер:

  1. Мақанов У., Сорокин В.В. Самостоятельная работа по общей химии в вузе. – Алматы, 1991. – 114 с.

  2. Павлюченко А.С. Организация самостоятельной работы студентов: Виртуалный семинар [Электронный ресурс] /НГПУ. – Электрон. дан. – Новосибирск, 2004. – http://www.nspu.net/index1.html

  3. Елеусинова А.У. Мусатаева А.Т. Выбор заданий для эффективной организаций СРС. – С. 97-100.

  4. Демеуов А. Роль и методы организации самостоятельной работы студента в современных условиях


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет