ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ
Қазақстан тарихы
ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ
10-11 сыныптар
жаратылыстану-математикалық бағыт
Астана 2010
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ
Қазақстан тарихы
жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математикалық
бағыттағы 10-11 сыныптарына арналған
ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ
Астана 2010
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 09.07.2010 жылғы №367 бұйрығымен бекітілген
Бағдарлама авторлары: Тұрлығұл Т.Т., Омарбеков Т. О., Жусанбаева Г.М.
Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11 сыныптарына арналған «Қазақстан тарихы» оқу бағдарламасы.– Астана, 2010. – 18 б.
© Ы.Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім беру академиясы, 2010
І. ТҮСІНІК ХАТ
Қазақстан тарихы - мектептегі оқу пәні ретінде жалпы негізгі білім беретін мектептегі барлық гуманитарлық және қоғамтанушылық курстардың өзегін құрайды. Тарих ұлттық өзіндік сана-сезімді қалыптастырады
Қазақстан тарихы оқу пәнінің негізі — адамзаттың жүріп өткен табиғи және әлеуметтік даму жолы (адам — табиғат — қоғам). Ол оқушыларды адамзат тарихының ең ежелгі дәуірінен қазіргі кезге дейінгі кезеңдерімен таныстырады. Бірақ мектептік пән бүкіл тарих ғылымын тұтас та, толық қамти алмайды. Оқушылардың жас ерекшеліктері мен дайындық дәрежесі ескеріле отырып, білім беру, тәрбиелеу, дамытушылық жағынан ең маңызды деректер, оқиғалар, құбылыстар, тарихи үрдістер, тарихи-ғылыми ұғымдар іріктеліп алынады. Бұл тарихи объектілер адамзаттың кез келген қоғамының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдениет сияқты маңызды салаларын қамтитын болғандықтан оқушыларға адамзат қоғамының тарихын толық түсінуге мүмкіндік береді.
Мектепте Қазақстан тарихын оқытуға біртұтас көзқарас қалыптастыру, бұл тарихты оқып – үйренуге формациялық және өркениеттік тұрғыдан қарауды ұштастыруға негізделуге тиісті. Формациялық тұрғыдан қарау тарихи даму кезеңдерінің сабақтастығы мен ішкі байланыстарын бейнелейді, әлеуметтік- экономикалық процестердің логикасын түсінуге мүмкіндік береді. Өркениеттік тұрғыдан қарау, әр түрлі халықтар мәдениетінің өзара байланысы мен өзара ықпалын көрсетеді, салыстырмалы-типологиялық әдісті кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
«Қазақстан тарихы» пәнінің мақсаты - оқушыларының дүниетанымының негізі болатын тарихи сананы, тарихи білімді құрметтеу мен сыйлау сезімін қалыптастыру
Оқу пәні бойынша төмендегідей міндеттерді жүзеге асыру көзделеді:
оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыру; оларға адамзат жинаған әлеуметтік, рухани, адамгершілік тәжірибесін меңгерту;
оқушылардың басты назарын қоғам тарихына; адамдардың өмір тіршілігі мен қызметіне, салт-дәстүр тарихына аудару, тарихи оқиғаларды, құбылыстарды талдай отырып, олардың біртұтас тарихи қозғалысқа жататынын түсінуге көмектесу;
гуманизм мен адам құқықтарын құрметтеудің озық дәстүрлерін меңгерген құнды бағдарланған жеке тұлғаны тәрбиелеу;
оқушыларда тарихты оқып- үйренудегі көпөлшемділігі және тарихи процестің дамуының баламалы екендігі туралы түсінік қалыптастыру;
оқушылардың тарихи білімді шығармашылықпен қолдану, тарихи деректермен жұмыс істеу, тарихи оқиғалар мен құбылыстарды салыстырамалы талдау негізінде ой елегінен өткізе білу дағдыларын қалыптастыру;
Отаны мен халқы алдындағы жаупкершілігін сезінетін жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыру.
«Қазақстан тарихы» пәні бойынша оқу жүктемесі:
Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының типтік оқу жоспарына сәйкес «Қазақстан тарихы» оқу пәні бойынша оқу жүктемесі:
10 сыныпта аптасына – 1сағат оқу жылында –34 сағатты;
11 сыныпта аптасына -1 сағат оқу жылында - 34 сағатты құрайды.
«Қазақстан тарихы оқу» пәні мазмұнының вариативті бөлігі.
«Қазақстан тарихы оқу» пәні мазмұнын толықтыруға, оқушының пән бойынша білімін көтеруге, танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталуы тиіс. Пәнді тереңірек білу үшін оқушыларға қосымша вариативті курстар ұсынуға болады. Мәселен: «Қазақ елінің тарихы» « Түркілер мәдениеті», « Тарихи тұлғалар», «Қазақстанның сыртқы саясаты», «Қазақ дипломатиясының тарихы», «Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті», «Тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауымдастықта», «Атақты қазақ хандары», «Батырлар- қазақ хандығының жерін қорғаушылар» және т.б.
ІІ. ОҚУ ПӘНІНІҢ БАЗАЛЫҚ БІЛІМ МАЗМҰНЫ
Білім мазмұнының сыныптар бойынша бөлінуі
10-сынып
(аптасына 1 сағат, барлығы 34 сағат)
Кiрiспе
Қазақстан тас ғасырында
Тас ғасырын дәуiрлерге бөлу. Адамның пайда болуы және оның даму эволюциясы. Төменгi, орта кейiнгi палеолит. Құралды пайдалану. Әлеуметтiк ұйымдардың формалары және олардың қалыптасуы.
Ертедегi тұрақтар. Мезолит дәуiрi. Неолит мәдениетi. Неолит дәуiрi адамдарының кәсiбi. Рулық құрылыстың дамуы. Энеолит. Ботай мәдениетi.
2. Қазақстан қола дәуiрiнде
Б.з.б. екiншi мыңжылдықтың бас кезiнде қола қорытуға көшу. Орталық Қазақстан ертедегi металлургия орталығы. Андроновтық мәдениет - дамыған қола дәуiрiне ортақ мәдениет. Петров, Алакөл, Федоров мәдениеттерi. Мал шаруашылығы мен егiншiлiк.
Қоныстар. Обалар және жерлеу дәстүрi. Кейiнгi қола дәуiрiндегi Дәндiбай-Беғазы мәдениетi. Мал бағу шаруашылығы. Әлеуметтiк дифференциация типi.
Бiздiң өлке Ежелгi Қазақстан дәуiрiнде.
3. Қазақстан территориясындағы тайпа одақтары мен ертедегi мемлекеттер
Тайпа одақтары мен ежелгi мемлекеттiк бiрлестiктер туралы деректемелiк негiздер. Археологиялық деректемелер. Қытай, ертедегi парсы, грек, Рим деректемелерi. Тарихтың атасы Геродот Қазақстанды мекендеген тайпалар туралы. Сақ философы Анахарсистiң әлемдiк философиялық ой кешу үрдiсiндегi орны.
Осы кезеңнiң тарихи әдебиеттердегi зерттелу дәрежесi. Мұсылман авторлары. Революцияға дейiнгi дәуiрдi зерттеген орыс ғалымдары. Қазақстан тарихшыларының ғылыми зерттеулерi. Бұл дәуiрдi зерттеудегi қазiргi ғылымның жетiстiктерi, кездесiп отырған қиындықтар.
Қазақстан ерте темiр дәуiрiнде
Ерте темiр ғасыры. Көшпендi шаруашылыққа ауысу және темiр металлургиясы. Қазақстан территориясын ерте темiр дәуiрiнде мекендеген тайпалар. Халықтың шаруашылық өмiрi. Археологиялық ескерткiштер.
Сақ-сармат дәуiрiндегi Қазақстан
Скиф-сақ әлемiндегi тайпалар тағдыры. Теңiздiң аржағындағы сақтар, хаомавар сақтары, тиграхауда сақтары, соғдылардың аржағындағы сақтар деп аталған сақ тайпалары. Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстандағы археологиялық ескерткiштер. Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетiнiң обалары. Қоғамдық ұйымдары мен идеологиясы. Антропологиялық бейнесi.
6. Қазақстан территориясындағы ертедегi мемлекеттер
Үйсiн мемлекетi. Орналасуы. Этногенез және этникалық тарихы. Әлеуметтiк-саяси ұйымдар. Үйсiндердiң алыс-жақын елдермен қарым-қатынасы.
Қаңлылар. Территориясы, орналасуы. Олардың көршiлермен қарым-қатынасы. Шаруашылығы. Сырдария бойындағы археологиялық ескерткiштер.
Ғұндар туралы ертедегi Қытай деректерi. Б. з. б. III-I ғасырлардағы ғұндардың этникалық территориясы. Көршiлермен қарым-қатынасы. Ғұндардың Мөде тұсында өрлеуi. Ғұндардың оңтүстiк, солтүстiк болып бөлiнуi. Ғұндар Жетiсуда. Б. з. бас кезiнде ғұндардың Қазақстанға қоныс аударуы. Көшпендi мал шаруашылығы - ғұн қоғамының экономикалық негiзi. Ғұндардың қалалары. Егiн шаруашылығы. Әлеуметтiк құрылысы. Материалдық мәдениетi. Әскери iсi. Ғұндардың батысқа қарай қозғалуы. Ғұндар Еуропада. Ғұндар және халықтардың ұлы қоныс аударуы.
Бiздiң өлке б. з. I - V ғасырларында.
7. Қазақ халқының қалыптасуы /этногенезi/
Мәселенiң зерттелу жайы. Негiзгi деректер. Қазақ халқының қалыптасу кезеңi. Негiзгi кезеңдерi. Түркi халықтарының түп төркiнi. Көне түркiлер. Қазақстан аумағындағы Батыс-түрiк, түркеш, қарлұқ, оғыз, қимақ мемлекеттерi. Қыпшақтардың шығу тегi және әуелгi тарихы. Түрiк, түрiк-оғыз тайпаларымен қарым-қатынасы. Дештi-Қыпшақ. Қазақ халқының қалыптасуының басталуы. Қазақ халкының негiзiн құраған тайпалар қыпшақ мемлекеттiк бiрлестiгiнiң құрамында.
Қазақ хандығының құрылуы - қазақ халқының халық болып қалыптасуының аяқталуы. "Этнос" терминi туралы. Ру-тайпалық құрамы. Қазақ жүздерi. "Қазақ" этнонимiнiң шығуы. Қазақ халқының антропологиялық типi. Тiлдiк сипаты.
8. Көшпелiлер немесе Дала өркениетi /Көшпелi қоғам эволюциясы/
Проблеманың зерттелу жайы. Көшпелiлер - дала өркениетi туралы ғылымдағы соңғы көзқарас. Қазақстан тарихында номадизмнiң алатын орны мен рөлi. Көшпелi өмiр салтының қазақ халқының генезисiне тигiзген әсерi. Көшпелi қоғамның өзiне тән шаруашылық жүргiзу әдiстерi, әскери өнерi, басшы беделi, далалық әскери-демократиялық ерекше ел билеу жүйесi. Материалдық және рухани мәдени мұралары. Зорастризм мен ислам сияқты әлем дiндерiнiң өмiрге келуi. Дүние-болмыс жөнiнде өзiндiк ұғым түсiнiктерi. Көшпелi және отырықшы өркениеттер арасындағы байланыс. Қалалар мен қала мәдениетi — көшпелi және отырықшы өркениеттердi жалғастыратын, жақындастыратын көпiр. Көшпелiлердiң әлемдiк өркениетке қосқан үлесi.
9. Қазақстан территориясында мемлекеттiлiктiң пайда болуы, дамуы, қалыптасуы
Мәселенiң зерттелу тарихынан. Проблеманы зерттеп қорытындылаудағы бұрмалаушылықтар. Көшпелi қоғамдағы мемлекеттiлiктiң пайда болуы, дамуы, құрылымы. Қазақ мемлекеттiгiнiң туу тарихынан. Қазақстан жерiндегi алғашқы мемлекеттiк бiрлестiктер. Әуелгi ортағасырлық көшпелi империялар: құрылуы, дамуы, ыдырауы. XIV-XV ғасырлардағы жеке хандықтардың дамуы, ерекшелiгi және олардың саяси-әлеуметтiк құрылымына моңғол феноменiнiң тигiзген әсерi.
Қазақ хандығының құрылуы - қазақ мемлекеттiлiгiнiң қалыптасу тарихының заңды нәтижесi. Саяси тарихы. Қазақ хандары ұстаған саясаттың негiзгi бағыттары. Хандық мемлекеттегi басқару жүйесi. Хандық билiк. "Ұлыстық" құрылым. Әлеуметтiк құрылымы. "Ақ сүйек" және "Қара сүйек" институттары. Құқық және сот жүйесi. Жетi Жарғы. Меншiк мәселесi. Салықтар мен мiндеткерлiктер түрлерi.
10. Көшпелiлердiң рухани мәдениетi. Қазақ даласының даналары
Рухани мәдениеттiң даму ерекшелiгi. Негiзгi бағыттары. Тiл мен жазу. Ежелгi жазба ескерткiштерi /түрiк, соғда, араб/. Ғылым мен әдебиет. Әл-Фараби, Жүсiп Баласағұн, Махмұд Қашғари, Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри. Ауызша шығармашылық. Ақындар мен жыраулар. Асан-қайғы, Қазтуған, Сыпыра, Доспамбет жыраулар. Эпикалық аңыздар. Музыка өнерi. Қолданбалы өнер. Ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар. Ұлттық ойындар. Дiн. Наным-сенiмдер. Ұлы Жiбек жолының мәдениет дамуындағы алатын орыны.
11. Қазақстан Ресей империясының қол астында
Ғылыми проблеманың зерттелу жайы. Қазақстанның Ресейге қосылуының басталуы. Қазақ хандығының iшкi және сыртқы саяси жағдайы. Әбiлқайыр хан жоспары және оны жүзеге асыру. 1731 жылғы жарлық. Тевкелев елшiлiгi. Ресейге қосылуды жақтаушылар мен қарсыласушылар. Кiшi жүз бен Орта жүздiң Ресейге қосылуы. Қазақ жерлерiн бiрiктiру мақсатындағы Абылай хан күресi. Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуы. Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстанды Ресейдiң жаулап алуы.
Қазақстан - Ресей империясының шикiзат базасы. Металлогендi провинциясы. Қазақстанның табиғат байлықтарын игеруi және елден тыс жерлерге шығару. Қазақстанға капиталистiк қатынастардың енуi. Жәрмеңкелер. Қазақстандағы патша өкiметiнiң реформаторлық саясатының эволюциясы. Қазақстанға Ресейдiң әкiмшiлiк-саяси басқару жүйесiнiң енгiзiлуi. 1822, 1824 жылдардағы "Жарғылар." 1867-68 жылдардағы, 1884, 1891 жылдардағы "Ережелер".
Патшалық Ресейдiң Қазақстанда жүргiзген көшiп-қондыру саясаты. Казак әскерi мен орыс шаруаларын қоныстандыру. Қазақтардың шұрайлы жерлерiн тартып алу. Қазақстан халқының этникалық құрамындағы өзгерiстер. Ұйғырлар мен дүнгендердiң Жетiсуға қоныс аударуы. Патшалық Ресейдiң орыстандыру саясаты. Орыс мектептерiнiң ашылуы, орыс миссионерлерiнiң қызметi. Орыс демократиялық өкiлдерi Қазақстанда.
11 СЫНЫП
(аптасына 1сағат, барлығы 34 сағат)
12. Қазақ халқының ХҮII-ХХ ғғ. азаттық, тәуелсiздiк жолындағы қаһармандық күресi
Тақырыпқа кiрiспе.
ХҮII-ХҮIII ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күрес
Жоңғар хандығының құрылуы, оның басқыншылық саясаты. Қазақ-жоңғар қатынастары. Жоңғарлардың қазақ жерiне басып кiруi, Орбұлақ шайқасы. Қарақұмдағы құрылтай. “Ақтабан шұбырынды...”. Жоңғар шапқыншылығына қарсы бүкiлхалықтық Отан соғысы. Бұланты, Аңырақай шайқастары. Отан соғысының жеңiсiн ұйымдастырушылар: хандар – Тәуке, Әбiлқайыр, Абылай, батырлар - Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Наурызбай Құтпанбетұлы; билер – Төле Әлiбекұлы, Қазыбек Келдiбекұлы, Әйтеке Бәйбекұлы. Жоңғар шапқыншылығын жеңiспен аяқтаудың тарихи маңызы.
Қазақ халқының Ресейдiң отаршылдық үстемдiгiне қарсы ұлт-азаттық қозғалысы (ХҮIII-ХХ ғасырлар)
Ұлт-азаттық қозғалыстардың ерекшелiктерi мен негiзге кезеңдерi.
Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс. Көтерiлiстiң басталуы, оның себептерi. Сырым Датұлы көрнектi қайраткер, көтерiлiс басшысы, әрi белгiлi би. Көтерiлiстiң негiзгi оқиғалары, жеңiлу себептерi. Тарихи маңызы.
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемiсұлының басшылығымен болған көтерiлiс
Көтерiлiстiң алғышарттары, себептерi. Көтерiлiстiң басталуы және барысы. Исатай мен Махамбет көтерiлiс басшылары. Көтерiлiстiң жеңiлу себептерi, тарихи маңызы.
Кенесары Қасымұлының басшылығымен болған халық-азаттық қозғалыс
Халық-азаттық қозғалыстың алғышарттары және себептерi. Азаттық қозғалысының мақсаты, сипаты және қозғаушы күштерi. Кенесары Қасымұлы азаттық қозғалысының қолбасшысы, әрi батыр, саясатшы-мәмiлегер. Көтерiлiстiң басталуы, етек алуы. Кенесары хандығы, оның мемлекет ретiндегi ерекшелiктерi. Көтерiлiстiң негiзгi оқиғалары. Патша өкiметiнiң көтерiлiстi тұншықтыруға жасаған әрекетi. Азаттық жолындағы қозғалыстың жеңiлу себептерi. К. Қасымұлы бастаған халық-азаттық қозғалысының тарихи маңызы.
ХIХ ғасырдың 50-70 жылдарындағы және ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстар
Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Сырдария қазақтарының көтерiлiсi.
1867-1868 жылдардағы Орал және Торғай облыстарындағы көтерiлiстер.
1870 жылғы Маңғыстаудағы көтерiлiс.
ХХ ғасыр басында ұлт-азаттық қозғалыстың жалғасуы. 1905-1907 жылдардағы революция кезiндегi шаруалар, жұмысшылар қозғалыстары.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс
1916 жылғы көтерiлiстiң алғышарттары, себептерi. Көтерiлiстiң қозғаушы күштерi, сипаты, басталуының сылтауы. Көтерiлiстiң басталуы, оның көрнектi басшылары мен батырлары. Жанбосынов Әбдiғафар, Амангелдi Иманов, Мәмбетов Жәмеңке, Саурықов Ұзақ, Әшекеев Бекболат, Көкiмбайұлы Кейкi т.б. Қарулы көтерiлiс туралы түрлi пiкiр-көзқарастар.
Көтерiлiстiң барысы, оның негiзгi ошақтары. Көршi елдерге әсерi, оларда 1916 жылы болған көтерiлiс оқиғалары. Көтерiлiстiң жеңiлу себептерi, жеңiлiстiң зардаптары. Патша өкiметiнiң жазалаушы әскерiнiң бейбiт халыққа көрсеткен зорлық-зомбылықтары. Мыңдаған бейбiт тұрғын халықтың алыс-жақын шетелдерге қоныс аударуы. Көтерiлiстiң тарихи маңызы.
1929-1931 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыс
Қазақстандағы 1929-1931 жылдардағы азаттық қозғалысының алғышарттары, қозғалыстң сипаты. Қозғалыстың негiзгi ошақтары. 1929 жылғы көтерiлiстер, негiзгi оқиғалары, олардың басшылары. 1930 жылғы көтерiлiстер, олардың iрi орталықтары, басшылары. 1931 жылғы көтерiлiстер, олардың қамтыған аймақтары, басшылары. Кеңес өкiметiнiң жазалаушы әскерлерiнiң 1929-1931 жылдардағы азаттық жолындағы халық-азаттық қозғалысты қатыгездiкпен басып-жаншуы. Қарапайым халықты қырғынға ұшыратуы. Мыңдаған жергiлiктi халықтың шетелдерге қоныс аударуы.
ХХ ғасырдың 20-80 жылдарындағы наразылықтар, көтерiлiстер, қозғалыстар
ХХ ғасырдың 20-80 жылдары аралығында болған әртүрлi толқулар мен көтерiлiстердiң негiзгi себептерi, алғышарттары, сипаты, қозғаушы күштерi.
1940-1941-жылдардағы “Қазақ халқын қорғаушылар одағы”. 1959 жылғы Темiртау қаласында болған оқиғалар. Кеңес Одағы Коммунистiк партиясының Қазақстанда “Немiс автономиясын” құрмақ болған әрекетiне қарсы 1979 жылы Ақмола т.б. қалаларда болған ереуiлдер мен толқулар.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары. Алматы қаласындағы басталған Желтоқсан оқиғаларының себептерi, басталуға түрткi болған сылтау. Оқиғалардың сипаты, қозғаушы күштерi. 17-18 желтоқсанда Алматыда болған оқиғалар, олардың басқа қалаларға әсерi. Кеңес Одағы Коммунистiк партиясы мен Үкiметiнiң жастардың бейбiт шеруiн қарудың күшiмен басып-жаншуы. Желтоқсан оқиғаларының салдары. Желтоқсан оқиғаларының Қайрат Рысқұлбеков және басқа да жас батырлары. Желтоқсан оқиғаларының тарихи маңызы.
1989 жылғы Жаңаөзен қаласындағы көтерiлiс
13. ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы Қазақстанның әлеуметтiк
-экономикалық және қоғамдық-саяси, мәдени жағдайы
Қазақстанның ауыл шаруашылығы жаңа экономикалық саясат (ЖЭС) жылдарында
20-жылдардың бас кезiндегi ауыл шаруашылығының жағдайы. Халықтың хал-ахуалы, әлеуметтiк тұрмысы. Жаңа экономикалық саясатқа көшу қажеттiгi, оның ерекшелiктерi және қиындықтары. Жер-су реформалары. Жаңа экономикалық саясаттың нәтижесi.
Қазақстанның ауыл шаруашылығын ұжымдастыру
Ұжымдастыру қарсаңындағы қазақ ауылының жағдайы. Шаруаларды жаппай ұжымдастыру және отырықшыландыру. Ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезiнде кеткен асыра сiлтеушiлiктер, зорлық-зомбылықтар. 1931-1932 жылдардағы қуаңшылық және ашаршылық. Жергiлiктi тұрғын халықтың мыңдаған отбасыларының республикадан тыс жерлерге қоныс аударуы. Ауылдық жерлерде жасалған зорлық-зомбылықтарға қарсы наразылықтар, көтерiлiстер. Ұжымдастыру қорытындылары.
Қазақстан өнеркәсiбiнiң даму сипаты
Өнеркәсiп саласында орын алған алғашқы қиындықтар. Өнеркәсiптi қалпына келтiру шаралары, олардың саланы жақсартуға тигiзген ықпалы. Қазақстан өнеркәсiбiн дамытудың жаңа кезеңi. Қазақстан жұмысшы табының қалыптасуы. Өнеркәсiп саласының озаттары мен жаңашылдары. Өнеркәсiптi дамытудағы сыңаржақтылық саясаттың салдары.
Қазақстанның қоғамдық-саяси өмiрi
20 жылдардағы қоғамдық-саяси өмiрдiң сипаты. Республикада партия мен комсомолдың орталық органдарының құрылуы. Ғани Мұратбаев. Ауылдық жерлерде мәдени-көпшiлiк жұмыстарының өрiстеуi. Республика партия ұйымының бiрiншi басшылығына Ф.И.Голощекиннiң келуi және ұлт саясаты бұрмалануының зардаптары.
Қазақ АКСР-iнiң одақтас республика болып құрылуы.
20-30 жылдардағы Қазақстан мәдениетi
Осы кезеңдегi Қазақстан мәдениетiнiң жалпы сипаттамасы. Ересек адамдардың сауатсыздығын жою. Халыққа бiлiм беру iсiнiң дамуы. Кәсiптiк бiлiм берудiң жайы. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының дамуы. Әдебиеттiң дамуы. Қазақ өнерiнiң гүлденуi. Мәдениеттi дамытуда кездескен қиындықтар мен нәубеттер.
Осы кезеңде мәдениеттi дамытуға үлес қосқан көрнектi қайраткерлер.
14. Қазақстан Коммунистiк партиясы мен Комсомолы тарихынан
Кеңес Одағы Коммунистiк партиясының құрылуы, оның мақсаты мен мiндеттерi. Бағдарламасы, уставы. Қазақстан Коммунистiк партиясының құрылуы. Қазақстан Коммунистiк партиясында әкiмшiл-әмiршiл басқару жүйесiнiң басталуы. Голощекиннiң “Кiшi Октябрь” саясатының зардаптары. Қазақстанның зиялы қауым басшыларының Голощекин идеясына қарсы саяси күресi. Бүкiлодақтық Коммунистiк партияның солақай саясатының Қазақстан Компартиясына әсерi. Қазақстан Коммунистiк партиясының басқару жүйесiндегi тоқырау. Қазақстан Компартиясы саяси дағдарыс жылдарында. Қазақстан Компартиясының таратылуы.
Қазақстан Коммунистiк Жастар Одағы ұйымының құрылуы, оның мақсаты мен мiндеттерi, атқарған қызметi. Қазақстандағы В.И. Ленин атындағы пионер ұйымы және оның қызметi. Қазақстан Компартиясы мен комсомолының қызметi туралы қортынды және оларды бағалау.
15. Қазақ диаспорасы
Диаспора, ирредент, оралман, маргинал ұғымдары. Қазақ диаспорасының зерттелу жайы. Қазақ диаспорасының пайда болу тарихы. ХХ ғасыр басындағы патша үкiметi аграрлық реформасының қазақ диаспорасының ұлғаюына әсерi. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың қазақ диаспорасын одан әрi кеңейтуi. Қазан төңкерiсi мен азамат соғысы кезiндегi Қазақ диаспорасы. Қазақстан ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезiнде пайда болған диаспора. Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы кезiнде пайда болған қазақ диаспорасы.
ТМД елдерiндегi қазақтар, олардың Тәуелсiз Қазақстан Республикасымен қарым-қатынасы. Дүние жүзi қазақтарының I, II Құрылтайлары. Шетелдегi қазақтардың өз отанына оралу проблемасы.
ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы саяси партиялар мен ағымдар
Қазан революциясы қарсаңындағы Қазақстандағы саяси партиялар
Ресейде әртүрлi партиялардың пайда болуы. Қазақстандағы бұқаралық ұйымдар. Жастар қозғалыстары және жастар ұйымдары, олардың қызметi. Алаш партиясының құрылуы, оның стратегиясы мен тактикасы. “Қазақ” газетiнiң қызметi. Алашорда автономиясы. “Үш жүз” партиясының құрылуы, оның бағдарламасы.
17. Қазақстан халқының этнографиясы
"Этнография" ғылымы. Этнос тiлiнiң орны. Мәдениет. Тұрғын үй. Ұлттық киiм. Ұлттық тағам. Ыдыс-аяқ. Қару-жарақ. Қолданбалы өнер және оның салалары. Қолөнер. Сәулет ескерткiштерi. Халық күнтiзбесi.
18. Кеңес дәуiрiнiң алғашқы кезiндегi этно-демографиялық ахуал
20-30 жылдардағы этно-демографиялық ахуал. Қоныстандыру саясаты. Отарлау саясатының этно-демографиялық жағдайға әсерi.
Кеңес өкiметiнiң көш - қон саясаты. Жер мәселесi. Кеңес өкiметiнiң Қазақстанға қоныс аударуға кең жол ашуы. Бiрiншi жалпыхалықтық санақ. Қазақстан лагерлер өлкесi.
Саяси қуғын-сүргiн және халықтар депортациясы
Депортацияның басталуы. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жер аудару саясаты. Тың және тыңайған жерлердi игерудiң демографиялық жағдайға әсерi. Қазақстандағы тiл саясаты. Мемлекеттiк тiлдiң өз дәрежесiнде болмауының себептерi. Қазақстан халықтары Ассамблеясы.
19.Тәуелсiз Қазақстан Республикасы (1991-2009жылдар)
Тәуелсiз Қазақстанның қоғамдық-саяси саласындағы өзгерiстер
Тәуелсiз Қазақстанның саяси жүйесi. Мемлекеттiк құрылымы. Мемлекеттiк символдары. Астана-Қазақстанның жаңа астанасы. Мемлекеттiк тiл. Бұқаралық ақпарат құралдары. Елдегi саяси тұрақтылық негiздерi. Саяси партиялар мен қозғалыстар.
Тәуелсiз Қазақстанның экономикасы (1991-2009)
Экономикалық тоқырау және оның зардаптары. Нарықтық экономиканың Қазақстандық моделi. Жекешелендiру - экономикалық реформаның маңызды бағыттарының бiрi. Шағын және орта бизнес. Өнеркәсiптiң сипаты және оның даму болашағы. Республика экономикасын дамытудағы мұнай мен газдың рөлi және даму келешегi. Ауыл шаруашылығын реформалаудың нәтижесi мен болашағы. Инвестициялық саясат. 2000 жылдан басталған Қазақстан экономикасындағы жетiстiктер
Қазақстанның дүниежүзiлiк ұйымдармен, шетелдермен экономикалық қарым-қатынасы
Қазақстан - дүниежүзiлiк беделдi ұйымдардың мүшесi. Қазақстанның шетке шығаратын және шетелдерден әкелетiн тауарлары. Шетелдермен экономикалық және басқа салалардағы қарым-қатынас. Қазақстанмен экономикалық байланыстарды барынша дамытып отырған белгiлi шет елдер мен компаниялар. Сыртқы экономикалық байланыстың келешегi.
Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты және халықаралық жағдайы
Кеңес өкiметi тұсындағы Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының сипаты. Қазақстанның геосаяси жағдайы және дүниежүзiлiк халықаралық саясаттағы орны. Тәуелсiз Қазақстанды дүние жүзiнiң тануы. Қазiргi Қазақстан ұстанған сыртқы саясаттың негiзгi сипатты белгiлерi. Тәуелсiз Қазақстанның дүниежүзiлiк халықаралық саясаттағы орны.
Қазақстан болашақ жолында. Президент Н.Ә.Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясаты. Қазақстан – бүкіл әлемдік қоғамдастыққа төрағалық етуде.
Тақырып бойынша қортынды.
Курс бойынша қорытынды.
ІІІ. ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҚ ДЕҢГЕЙІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
10 –сынып оқушылары:
Қазақстан тарихының аса маңызды кезеңдерiн, ғылыми мәселелерiн атау. Негiзгi тарихи кезеңдерiнiң хронологиялық шегiн бiлу. Қазақстан тарихының негiзгi ғылыми мәселелерiнiң зерттелу жайы, ондағы түрлi көзқарастар туралы түсiнiгi болу. Екi курста кездесетiн ұқсас тарихи оқиғаларды салыстыра алу, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын табу, олардың себептерiн анықтау, ұқсас оқиғалар мен фактiлердiң хронологиялық, синхрондық кестелерiн жасау.
Қазақ халқының шығу тегiн, этникалық тарихын, даму, қалыптасу үрдiсiн ашып көрсете алу.
Көшпелiлер өркениетiнiң тарихтағы орнын, дүниежүзiлiк өркениетке қосқан үлесiн бiлу. Қазақтың көшпелi өркениетi туралы толық түсiнiгi болу.
Қазақстанда мемлекеттiлiктiң тууы, дамуы, қалыптасу ерекшелiктерi туралы толық түсiнiгi болу.
Қазақ қоғамының материалдық, рухани жетiстiктерi, оның өзiндiк ерекшелiктерi туралы толық түсiнiгi болу, басты-басты сәулет өнер ескерткiштерiнiң тарихын бiлу, оларға сипаттама беру. Мәдениет қайраткерлерi: ғалымдар, ойшылдар, ақын-жыраулар, сазгерлер қызметiн айтып бере алу. Халықтың салт-дәстүрi, әдет-ғұрпы, наным-сенiмдерi туралы толық түсiнiгi болу. Исламның қазақ қоғамындағы орынын айтып бере алу. Ұлы Жiбек жолының тарихи маңызын ашып көрсете алу.
Қазақстанның Ресей империясына қосылуын, жаулап алуын, отаршылдық саясатын толық ашып көрсету.
11сынып оқушылары:
Қазақ халқының тәуелсiздiк жолындағы ұлт-азаттық күрестерi мен қозғалыстарының тарихын, әсiресе XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ-жоңғар қатынастары мен XVIII-XX ғасырлардағы басты-басты ұлт-азаттық қозғалыстарды, олардың себептерiн, негiзгi оқиғаларын, нәтижелерi мен салдарын толық бiлу. Оларға басшылық еткен тарихи қайраткерлердiң қызметiне баға беру.
XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезiндегi қазақтың ұлттық интеллигенциясына, оның көрнектi қайраткерлерiнiң қызметiне сипаттама беру. Қазақстандағы саяси партиялар мен ағымдардың, олардың бағдарламаларының мәнiн ашып көрсету. “Алаш” партиясының қызметiне, оның бағдарламасына баға беру.
1917 жылғы Ресейдегi саяси, революциялық оқиғалардың Қазақстанға әсерi туралы толық түсiнiгi болу.
20-30 жылдардағы ауыл шаруашылығының, 1931-32 жылдары болған ашаршылықтың себептерiн түсiндiрiп беру. Олардың зардаптарын анықтай бiлу.
30-жылдардағы болған жаппай қуғын-сүргiннiң мақсатын, оның зардаптарын ашып көрсету. Оларға өз көзқарасын бiлдiру.
20-30-жылдардағы мәдениет саласындағы негiзгi өзгерiстердi айтып бере алу, олардың маңызын түсiну. Осы саладағы пiкiр таластарына өз көзқарасын бiлдiру.
Қазақстандағы көпұлттылықтың себептерiн, түрлi тарихи кезеңдердегi ұлтаралық қатынас саясатының және демографиялық жағдайлардың мәнiн ашып көрсету. Патша өкiметiнiң қоныс аудару, Кеңес мемлекетiнiң жаңа аймақтарды, тың жерлердi игеру, Тәуелсiз Қазақстан Республикасының көшiп-қону саясатының мәнiн толық түсiну.
Қазақстан Коммунистiк партиясы мен комсомолының тарихы мен қызметi туралы түсiнiгi болу.
Қазақ тiлiнiң - мемлекеттiк тiл ретiндегi маңызын ашып көрсете алу.
Қазақ халқының этнографиясы туралы толық түсiнiгi болу.
Қазақ диаспорасының бұрынғы, қазiргi тарихын айтып бере алу.
Тәуелсiз Қазақстан Республикасында болған басты-басты қоғамдық-саяси, әлеуметтiк-экономикалық, мәдени, сыртқы саясаттағы өзгерiстердi, олардың себептерi мен салдарын ашып көрсете алу. Елде орын алған қиындықтар мен проблемаларға өз пiкiрiн бiлдiру.
Жоғарыдағылармен қатар оқушыларда төмендегiдей бiлiктер қалыптасады.
Тарихи картадан түрлi тарихи кезеңдердегi Қазақстан территориясында болған өзгерiстердi, онымен шектесетiн мемлекеттер шекараларын, тарихи-жағырафиялық орындарды көрсетiп бередi.
Өзiне берiлген тапсырма бойынша архив орындарында тарихи құжаттармен, кiтапханалардағы каталог-карточкалармен, мұражайлардағы мұрағаттармен өздiгiнше жұмыс iстеп, оның нәтижесiн күнделiктi сабақтарында пайдалана алады.
Мерзiмдi баспасөз материалымен үнемi, әр жүйелi жұмыс iстейдi, онан жинақталған мәлiметтердi күнделiктi оқу үрдiсiнде пайдаланады. Өздiгiнше конспект, тезис, реферат дайындап, ата-аналар, оқушылар алдында сөйлейдi. Тарихи оқиғалар туралы түрлi көзқарастарға өз пiкiрiн бiлдiредi, оны дәлелдейдi, осындай пiкiрталасқа қатысады.
Қазiргi қоғамдағы саяси, әлеуметтiк-экономикалық, экологиялық т.б. проблемаларды талдауға тарихи бiлiмдерiн еркiн қолдана алады.
ІV. ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҮЙЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
« Қазақстан тарихы» пәннің тарихи материалын оқып, танып білу және оны меңгеру үшін көптеген тәсілдер мен құралдар қолданылады. Оқушылардың іс-әрекетін, ойлау, таным қызметін дамытуға бағытталған бұл әдістер белгілі жоспармен, жүйемен жүргізіледі.
Иллюстрациялап түсіндіру әдісі – бұл мұғалімнің ауызша баяндауын және әңгімелеп тұрып, пайдаланатын басқа құралдарды (оқулықпен, интерактивті тақтаны, түрлі суреттер мен кестелерді, буклетерді және көркем әдебиетті) қамтиды. Бұл әдісті қолдану барысында мұғалімде, оқушыларда қызмет жасайды. Соның нәтижесінде оқушылар өздігінше жұмыс жасауға үйренеді.
Ақпаратты – рецептивті әдісі – әңгіме, әңгімелесу, экскурсия түрінде, ауызша және жазбаша жүзеге асырылады. Білімді әңгімелеу негізінде оқулық бойынша жүргізіледі. Бұл әдіс мұғалімнің басшылығымен, оқулық, құжат, сурет, әңгіме экскурсия барысында ұштастырыла пайдаланылады.
Оқушылардың сабақтағы ұжымдық іс-әрекетін ұйымдастыруға бағытталған ойын әдісі – бұл әдісте оқушылардың белгілі бір ұжымдық бөлігі түрлі театрландырылған көріністер көрсету арқылы жүзеге асырылады. Ежелгі дүние тарихы курсы бойынша әсіресе мәдениет тақырыптарын өту барысында кеңінен қолдануға болады. Осы әдісті пайдалану нәтижесінде оқулықтан оқыған материалдарын театр көріністері арқылы нақтылы түсінуіне мүмкіндік береді.
Тарихи құжаттарды пайдалануда осы циклды оқытудағы маңызды әдістердің бірі.Тарихи құжаттар өткен дәуірдің ескерткіші. Олар оқушыларға оқытып жатқан материалды нақтылай түсуге, өткен оқиғалардың бейнесін айқынырақ елестетуге, сол дәуірдің ерекшелігін дәл көрсетуге көмектеседі. Заңдардың, бұйрықтардың, хаттардың, естеліктердің, мемуарлардың үзінділерімен таныса отырып оқушылар белгілі оқиға, құбылыс туралы жан-жақты мәлімет алады. Тарихи құжаттарды оқу және талдау оқушылардың білімін кеңейтеді, олардың ойлауын дамытады, деректермен өздігінше жұмыс жасау шеберлігін ұштай түседі. Мұғалімнің тапсырмасы бойынша оқушылар үйде шағын шығарма, тарихи құжаттар бойынша конспект, хабар жасап келеді.
Біліктерді қалыптастыру әдісі – біліктерді қалыптастырудың білімдік, тәрбиелік және дамытушылық маңызы зор. Оқушы белгілі бір білікті меңгеруге байланысты өздігінше жұмыс жасайды. Оқушылар синхрондық кестелер сызады, тарихи текстің кеңейтілген жоспары, тарихи қайраткерлердің, құбылыстардың салыстырмалы сипаттамасы, бірыңғай тарихи оқиғалар мен құбылыстарды салыстырып ұқсастықтары мен айырмашылықтарын табу, тарихи карталар мен сызбалардың мазмұнын өз әңгімесіне пайдалану, оқулықтағы кейбір мәселелерді өздігінше оқып, меңгереді.
Оқу-танымдық іс-әрекетін дамыту үшін ақпараттық материалдармен жұмыс кең қолданылады. Осы арқылы білім алушылар мәтінмен жұмыс жасауға үйренеді, яғни көпшілікке арналған ақпараттық нысандармен қалыпты жұмыс жасау құралдарын меңгереді. Олар ақпаратты материалдарды жинаудың жаңа тәсілдерін игеріп, пайдаланады. Хрестоматиялық материалдар негізінде электронды карталарды тақырыптар бойынша пайдалануға болады. Қорытынды сабақтарда кешендік тестілеуді компьютерлік тестілеу әдісі арқылы өткізуге болады.
Зерттеу әдісі – Шығармашылықпен жұмыс жасау тәсілін және білім мен біліктерді толық үйретіп, меңгертуді мақсат етеді. Зерттеу әдісі – ғылыми тұрғыда танып білудің тәсілдерін меңгеруге көмектеседі; шығармашылықпен жұмыс жасаудың белгілерін қалыптастырады; өздігінше зерттеу жұмысын жүргізуге оқушылардың ынтасын ұштайды; оқушылар білімді толық әрі саналы іздену арқылы меңгереді.
Проблемалық зерттеу әдісі – оқушылардың ойлауын, қиялын дамытуға, эмоция туғызуға, бұрын алған білімдерін қайта еске түсіруге мүмкіндік береді. Демек жаңа білімдерді меңгеруге оқушылар белсене қатыстырылады, сөйтіп білімді берік меңгереді, ойлау қызметі одан әрі дамиды.
Тарихтан жаңа тақырыпты үйреткенде проблемалық баяндау әдісін қолдану барысында материалдық мәдениет ескерткіштері, бейнелеу өнерінің шығармаларымен жұмыс жасау арқылы да болады.
Тарихи - көркем шығармаларды пайдалану әдісі – Тарихи- көркем шығармамен сабақ барысында өзіндік жұмысын ұйымдастыруға болады. Мұндай тәсілдер дамытуға пайдасы көбірек тиеді. Оқушылар көбіне тарих оқулығындағы текспен және көркем әдебиет үзіндісімен қатар жұмыс жасайды. Оқушылар тарихи құжаттарды, басқа да әдебиеттер мен деректерді пайдалана отырып, өздігінше конспект, реферат, тезис, баяндама дайындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |