Компьютерлік графика
Курстың бағдарламасы
(аптасына 3 сағаттан, барлығы 102 сағат) Түсінік хат
Компьютерлік графика – әр түрлі кескіндерді (суреттерді, сызбаларды, мультипликацияларды) компьютердің көмегімен алуды қарастыратын информатиканың маңызды саласы.
Дербес компьютерді пайдаланушылардың қатарында компьютерлік графикамен айналысатындардың саны күн санап артып келеді. Қазіргі кез-келген мекемеде кей уақытта газеттер мен журналдарға жарнамаларға тапсырыс беру немесе жарнамалық парақшалар мен буклеттер басып шығару қажеттілігі туындайды. Олардың кейбіреулері осындай жұмыстарды арнайы дизайнерлік бюролар мен жарнамалық агенттіктерге тапсырса, кейбіреулері қолда бар программалық құралдарын пайдаланып, өз күштерімен жасауға тырысады.
Қазіргі танымал программалардың ешқайсысы компьютерлік графикасыз жұмыс істемейді. Статистикаға сүйенсек, жаппай қолданыста жүрген программаларды жасап шығарушы программистік ұжымның қызметкерлері өз жұмыстарының 90 % уақытын осы графикамен шұғылдануға жұмсайды екен.
Графикалық программаларды кең көлемде қолдану қажеттілігі Интернеттің және бірінші кезекте миллиондаған интернет парақтарын бір «өрмекпен» байланыстырған World Wide Web қызметінің пайда болуынан туындады. Өйткені компьютерлік графикасыз безендірілген web-парақтың бүкіләлемдік желіде басқалардың көзіне түсіп, танымал болуы екіталай.
Бұл бағдарлама Photoshop, CorelDraw, Macromedia Flash программаларын оқытуға арналған курс негізінде жасалған. Оқулық кіріспеден, тақырыптан және өткен тақырыпты қайталауға арналған сұрақтар мен тапсырмалардан, лабораториялық жұмыстардан тұрады. Бұл әдістеме оқушылардың назарын курстың негізгі идеялары мен әдістеріне аудара отырып, мұғалімнің оқытуды жақсырақ ұйымдастыруына көмектеседі. Мұнда мұғалім барлық оқушылар игеруіне тиісті білімнің кепілдік деңгейіне берілген міндетті сұрақтар мен жаттығулар тізімін де басшылыққа алады. Әдістемелік нұсқауда тақырыпты оқытудың мақсаты, жаңа оқу материалын түсіндіру әдістемесінің элементтері, оқушының назарын неге аудару керектігі жөнінде кеңестер, тақырыпты түсіндіру процесінің нақты жағдайлары көрсетілген.
Оқушылардың білімі терендеп, өрістері кеңейген сайын олар одан кейінгі оқуын жалғастыру мен еңбек етуге жақсы даярланып шығатын болады.
Қазіргі маманға қойылатын талаптар:
Қазіргі маман үзіліссіз білім алу керек;
Білімді қашықтықтан алу мүмкіндігі бар;
Әртүрлі курстарды, білім облыстарын өзі таңдап ала алады;
Осы курс оқушылардың жан-жақты дамуына және информатика пәнін жетік меңгеруіне септігін тигізеді деп сенеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |