14.1. Мәдени саясат ұстанымдары: «ҚР Мәдениет туралы заңы».
14.2. Мәдени саясат модельде рі мен қоғамның басты құндылықтар жүйесінің байланысы
14.3. Қоғамдық сананы жаңғырудың негізгі бағыттары: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімнің ашықтығы, білімді құрметтеу (культ).
Мәдени саясат – қоғамның негізгі құндылықты бағыттары мен тұлғаның жасампаз бастамасын қалыптастыратын әрбір дамыған мемлекеттің басты идеологиялық тұғырнамасы. Мәдени саясатты жаңғыртудың қажеттілігін түсіне отырып, Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған елдің мәдени саясаты дамуының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту» туралы нақты міндет қойды. Бұл міндетті жүзеге асыру – 2050 жылға дейін Қазақстанның әлемдік мәдениет пен өнердің даму орталықтарының біріне айналуына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда мәдениет – әлемдегі барлық мемлекеттер дамуының маңызды басымдықтарының қатарына кіреді. Ұлттық және әлемдік мәдени мұраны сақтау мен байытуды, сапалы мәдени құндылықтарды құруды, трансляциялау мен қолдануды қамтамасыз ететін мәдени институттар мен механизмддің тиімді жұмыс жасайтын инфрақұрылымдарының болуы дамыған мемлекеттің өлшемін көрсетеді.
Сала дамуының жаңа концептуалды пайымындағы аса қажеттілікті ескере отырып, мәдени саясат тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге елдің жетекші мәдениеттанушылары мен өнертанушылары, мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, шығармашылық одақтар, яғни барлық мүдделі және саланың нағыз жанашыр адамдары тартылды. Алдымызға жауапты міндет қойылды – 2050 жылға дейін Қазақстанның мәдени саясат пайымын жай ғана ұсыну емес, сондай-ақ, оның дамуына жаңа импульстер, қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыру механизмдерін көрсету қажеттілігі туды. Сондықтан, әрбір тұлғаның пікірі маңызды болды. Біз әлемдік үздік тәжірибені зерттедік, халықтың проблемалары мен қажеттіліктеріне кешенді-әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Әзірлеудің әрбір сатысында Тұжырымдама жобасы ауқымды талқылаудан өтті. Бұл нағыз шығармашылық ізденіс болды. Барлығы үлкен қайтарыммен және ықыласпен жұмыс жасады.
Елбасы 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында көпұлтты мемлекетімізді нығайтудың «Мәңгілік Ел» берік идеясын ұсынды және ол мәдени саясат тұжырымдамасы жобасының негізгі құрамдасы болды.
Жалпы, құжат – жаһандық әлемде отандық мәдениеттің өзіндік болмысын және ұлттық сәйкестігін айқындайтын ұлттық мәдени мұраның басымдығы, мәдениетті өсу факторы және әлеуметтік дамудың қуатты ресурсы ретінде тану, елдің мәдени сан алуандығын құрметтеу, полиэтностық Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерін қолдау және дамыту, шығармашыл тұлға мен мәдени өзін өзі көрсету нысандарының еркіндігі, жаңа институттық бірлестіктер, қазіргі заманғы мәдени кластерлер мен озық технологиялар базасында мәдени орта бірлігі қағидаттарымен негізделген. Бұл қағидалар қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті жаңа мәдени ментальдігін қалыптастырудың өзегі болатын құндылықтар жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Мәдениет өз алдына күрделі сала, себебі, мұнда қандай да бір есеп жасау, дамудың нақты болжамын анықтау немесе белгілі бір формуланы жасау мүмкін емес. Әлемнің қай мемлекетінде болсын, мәдениеттің нақты стандарттары мен нормативтері жоқ деп сенімді түрде айта аламыз. Қазіргі таңда мәдениетті адамды оқитын кітабы, көретін фильмдері, тыңдайтын әндері, өмір сүріп жатқан айналасы тәрбиелеуде. Сондықтан, мәдениеттің сапалы өнімін әзірлеу, дұрыс құндылықтарды қалыптастыру өте маңызды.
Жаңа мәдени саясаттың басымдылықтарының бірі – әлемдегі қазақстандық мәдениеттің мәртебесін нығайту. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда отандық мәдениет пен өнерді әлемнің мәдениет процесінде біріктіру әлеуеті жеткілікті іске асырылмауда. Халықаралық байланыстарды ұлғайтудың қажеттілігі туып отыр, оның ішінде ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ, ИКОМОС және тағы да басқа беделді ұйымдармен ынтымақтастықты арттыру қажет. Келешекте елімізде гуманитарлық-ынтымақтастық саласында өңірлік зерттеу және ғылыми-білім беру орталығы – ЮНЕСКО халықаралық институтын құру жоспарлануда. Сондай-ақ, Астанада мәдениет саласындағы жаңа халықаралық ұйым – «Silk Road» мәдени даму жөніндегі Еуразиялық кеңесінің штаб-пәтерін ашу жөнінде ұсыныс бар. Әрине, саланың алдында жауапты міндеттер тұр. Жаңа мәдени саясаттың әрбір белгіленген бағыты бірқатар жұмыстарды атқаруды талап етеді, ал олардың сәтті іске асырылуы дамудың жоғары мәдени деңгейі бар дамыған мемлекетті қалыптастыруға тағы да бір қадам деуге болады.