Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Қалдыбаев Ә. Қ- 24 Мен апамның баласымын / Роман. Астана: Фолиант, 2002. 288 бет



бет2/3
Дата06.02.2022
өлшемі0,59 Mb.
#48570
түріБағдарламасы
1   2   3
Қ 05(05)-02 02ББК 84 Крз 7-44
ISBN 9965-612-43-9 © Қалдыбаев Ә., 2002
© Фолиант, 2002
Әдеби-көркем басылым


Әлдихан Қалдыбаев


МЕН – АПАМНЫҢ БАЛАСЫМЫН


Р о м а н


Редакторы Айт Н., суретшісі Жапаров Б., корректоры Сагындықова Э.
Компьютерде беттеуші Ниязалиева Г.


Теруге 20.11.02 жіберілді. Басуға 16.12.02 қол қойылды.
Пішімі 84х108'/32. Қағазы офсеттік. Офсеттік басылыс.
Физ. баспа табағы 9,0. Шартты баспа табағы 15,12.
Есептік баспа табағы 14,54. Тапсырыс № 176.
Таралымы 2000 дана.


"Фолиант" баспасы
473000 Астана қаласы, Қазақ кошесі, 87/1


"Регис Ст-Полиграф" ЖШС баспаханасында басылды.
Үлкен жазушы болу үшіп та-
лант, біліммен қоса бақытсыз бала-
лық керек.
Э. Хемингуэй

Келдің бе Әлдеш. Жылқың кайда екен?


–Тұр төменгі құрақта.
–Тұрсын. Көлеңке ұзарғанша шықпайды енді құрақтан. Кейінірек, кешке қарай бір барып қоғамдап, бетін Сөрелісайға қарай бұрып салып қайтарсың. Атыңды байла да үйге жүр, тамақ дайын болды.
–Қазір.
Әпкем тысқа алып шыққан леген толы кірдің суын күлге лақ еткізіп төге салып, тез-тез басып барып үйге кіріп кетті.
Әпкемнің бүгінгі тірлігінің бәрі асығыс: ертең мен оқуға жүремін, соған менің кір-қоңымды жуып, киім-кешегімнің кем-кетігін түгелдеп, кеткен-сетінеген жерін бастырып, жыртылғанын жамап дамыл таппай жүр.
Мені Шоқпарға, апам айтқандай, қарағайдай қылып жібермек.
Мама ағашқа шылбырды іле беріп көзім шалды, мұрыннан Вова шыға келді, мен бұрын-соңды көрмеген сұр құнан мініп алыпты. Өзі Вова болыпты да тақымына тиген атты аян па, басын бір-екі рет жіберіп алса керек, жарау құнан жер-су баспай желігіп, ауыздықпен алысып келеді.
Вова, сұр құнан құдды бір өзінің бәсіресі кұсап, жағасы жайлауда, екі иығынан дем алып, болып-толып отыр.
–Дыр-р-р, жануар!
Вова тізгінді кере тартып, тақымын қысты.
Сұр құнан аспанға шапшып, шашасынан шыр айналды.
–Мынау қайтеді-ей, жамбас торыны жалпасынан түсірер ме екен, жоқ, үстінен аттап кетер ме екен?
–Жамбас торыға бәрібір, Вова мақтасын, даттасын, қозғалмай тұра береді.
Астындағы атын біреу жамандағанды кім жақсы көрсін, мен шап ете қалдым:
–Көкисің-ей! Батыр екеніңді білейін, жақындап көрші, жамбас торы сазайыңды берсін!
Сөзден тосылып көрген бе, Вова сылдырай жөнелді:
Қыршаңқы, қотыр пәлеге жолап не болыпты маған?! Қотыры жұқсын, дейсің ғой, ә. Тапқан екенсің, жаман қатты, талқан жемес ақымақты. Біліп қой, ондай дымбілмес кещең мен емес.
–Жамбас торының шаңын ала жаздай жұтқаның есіңнен шыққан екен, ә.
– Бұл қашырдан шаң көтерілер жаман қатты.
– Тым тез ұмытқан екенсің, бала. Ештеңе етпейді, казір-ақ түсіреміз есіңе.
–Жүр, кеттік онда. Көреміз шаңның астында кімнің қалғанын, жоқ, қорқамысың?
–Кімнен қорқамын?
–Сұр құнаннан қорқасың. Батыр екеніңді білейін, мін андағы өгізіңе, шық ана мұрынға!
Вова жер бетіндегі жалғыз бақытты адам дәл өзі болып шіренеді.
Жүзіктің көзінен өткендей сұлу сұр кұнан тізгін керіп, шабыс тілейді.
Жамбас торы қаперінде түк жоқ, мүлгіп тұр. Осы салбырап жүдеп-жадап тұрған кейпімен-ақ бұл жануар алты ай жазға менімен жарысқан бір де бір баланың атының аяғын аттатқан емес. Вова өздерінің күпшек сан, мес қарын, арба сүйреуден басқаға жоқ қара атын ауызға алуды әлдеқашан ұмытқан. Ал, диірменге келіп-кетіп жататындардың Вованың тақымына тие қалған аттары да жамбас торының екпініне шыдай алмаған. Вова талай рет кәдімгі бір сыбағасын біреу жеп қойғандай қамыққан.
Сөйткен Вова, міне, енді сүліктей сұр құнанды тыпыр қақтырып құтырынады. Тілі қандай удай ащы!
– Әй, қу-ай! Әбиіріңнің айрандай төгілетінін білесің, ә. Айранды айтам, шалап болып шашылады.
Өз сөзіне өзі мәз Вова күлкінің тиегін ағытты. Күлкісін қарқылдап-табалап бастап еді, қиқылдап-шиқылдап-келемеждеп кетті. Қандай усойқы күлкі!

  • Вова, сен не жындандың ба?! Көреміз қазір кімнің озып, кімнің қалғанын.

Вова қуанып кетті.

  • Е, бәсе, сөйдемейсің бе бағанадан бері. Міне, жігіт! Әйда, кеттік.

  • Кетсек, кеттік.

Шылбырды шешіп, тізгіннен ұстап, үзеңгіге аяқ салдым.
Ешкімге көрінбей-ақ кетейін деп едім, үйден әпкем тағы шықты. Қолында — тағы леген толы кірдің суы.
Әпкем атқа мініп алған мені, екі езуі екі құлағында мәз Вованы көрді де кілт тоқтады. Әлбетте, біздің неменеге бекініп тұрғанымызды білді.
– Қарақтарым-ау, қайда барасындар?
Мұнысы маған: "Жарысайын деп тұрсыңдар ғой, қойыңдар!" —дегені.
Вованың да іші қылп ете қалды.
– Қайда барайық жай, әшейін...
Әпкем қайдан сенсін. Басқа-басқа, ал, әпкеме біздің жарысқалы тұрғанымыз әбден жақсы мәлім.
– Әй, қайдам, астарыңа ат тисе, жатып жарысатындарың бар еді, сөйтейін деп тұрсыңдар ғой тағы да. Бүгін қойыңдаршы соларыңды, бай болғырлар. Тіл алыңдар. Ала жаздай жарысқандарың аз болған жоқ, жетер. Енді ертең оқуға жүрейін деп отырғанда бірдеңеге ұрынып қалып жүрерсіңдер түге. Одан да үйге жүріндер, тамақ ішіңдер.
– Қазір, әпке.
– Қоймадың, ә, балам. Абайлаңдар, әйтеуір!
Әпкемнің тілін алмағаным әбден ақымақтық болды. Енді “әттеген-ай!" деп бармақ шайнағаннан басқа амал қайсы?!
Ана жүрегі бір пәленің боларын күнілгері сезді ме екен, біз көзден таса болысымен, әпкем өз-өзінен елегізіп, үйге кірген-шыққан сайын төменгі мұрын жаққа жалтақ-жалтақ қарай беріпті.
Менің әпкем — керемет адам. Біз, балалары, көретін жақсылықты да, жамандықты да күнілгері сезіп отырады.
Құрметті оқушым!
Осы жерде жаңа басталып келе жатқан әңгіме желісін сәл үзіп, бір адамды біресе "ана", біресе "әпке" деуімнің мәнісін айтып қоймасам, болмас.
Мен шешемді "әпке", әкемді "жезде" деймін.
Оның мәнісі — мені нағашы апам мен жарық дүниеге келмей тұрып өзіне меншіктепті.
Менің шешем — Әміржан — апамның үлкен қызы. Мен шешемнің інісі Әлдижан ағам ержетіп, сіңлісі — Бүбісара әпкем бойжеткен кезде туыппын. Ағамды әскерге қызмет етуге шақырған, әпкемді болашақ жездемнің әкесі Әжіке атам айттырып келген жылы, яғни 1939 жылдың наурыз айында туғанмын мен. Баласы мен қызының алысқа аттанып кетіп, жалғыз қалатынын білген апам: "Әміржан аман-есен босанса, ұл болсын, қыз болсын, өз пешенемнен, асырап аламын", — дейді екен. Үлкеннің айтқанына кім қарсы келсін, апамның ұйғарғаны болыпты. Маған апама алданыш болсын деп, Алданыш деген есім беріліпті. Сөйтіп, мен емшектен шығысымен қоржын тамның шығыс жақ басындағы өз жұртымнан батыс жақ басындағы нағашы жұртыма қоныс аударып, «Айшаның баласы» атаныппын. Ізінше Әлдижан ағам әскерге шақырылып, Бүбісара әпкем тұрмысқа шығып кетіпті.
Содан бері мен — апамның бар арманын артқан баласымын. Біз, есебі екі түтін болғанымен, бір үйміз. Апам біздің бәрімізді де — ағам Шәкенді де, қарындастарым Ізбала мен Бағдагүлді де, інім Бекежанды да жақсы көреді. Сөйте тұра апам мені туған баласы санап, ерекшелеп, бөлектеп отырады. Мен сөйтіп кішкентайымнан апама тән болып, тілім әкемді ''жезде", шешемді "әпке" деп шыққан. Енді түсінікті шығар, солай, мен- апамның баласымын.
Жә, негізгі әңгімеге көшейін.
Біз мұрынды айнала беріп, ауылдың қарасы көзден таса болар-болмастан аттың басын қоя бердік.
Сұр құнан шүу дегеннен суырылып алға шығып, ұзай берді. Вова қара үзіп кеткісі келмей тізгінді шірене тартып келеді, бірақадымы кең, басы қатты сұр құнан өрши түседі.
Жамбас торының сыры өзіме жақсы мәлім, бірден бауырын жазып көсіліп кете алмайды. Мына сұр құнан сияқты желік, едірең мінез бір кезде мұнда да болған шығар. Бұл құнан болғалы қашан, атам заман. Жылқы болып қылт етпе,сылт етпесі жоқ шабан торы еш құлықсыз, төрт аяғын жамырата тастап шоқып келеді. Өстіп біраз төпеп отырып барып, мен басын тартпай, қaйта тебіне түскен соң, еті қыза келе титтей де бір бәсеңсімей, қайта үдейтін ұзақ жайлы шабысқа басады бұл. Асық, асықпа, торы атқа бәрібір.Ол өз шаруасын жақсы біледі, жарысқан атқа алдымен жетуі, содан соң озуы керек.
Осы шабысыңнан танбай тарта бер, торым!
Сұр құнанды тыз етпе шығар, екпіні көпке бармас деп едім, жоқ, олай емес, түбі жүйрік болатын желтабанның өзі екен, жуық арада шендетер болмады. Ауылдың аяқ жағындағы ұзын сазды, Атабайдың тамының алдындағы кең қарынды көктеп өтіп, Екі ашаға іліккенде барып зорға сыр берді-ау сұр құнан. Әбиірбай сайының аузындағы асты қара батпақ жайпақ судан сүрініп-қабынып аман-есен өтіп, шабысты қайта түзегенде тебініп едім, торы ат үдеп берді. Сиыр қораның тұсына жеткенде жамбас торы жасамыстығын жасап, сұр құнанға құрық тастам тақады. Сұр құнанның алғашқы алақаш екпіні басылыпты. Бірақ бұл әбден өкпе тесті мінгі көріп, колтығы сөгілген әккі құнан болып шықты, қасарысып, өліспей беріспес бірқалыпты салпаққа салды. Бір-екі рет торыға қамшы басын, жанаспақ болып едім, қайран менің кәрі қақсалымда киіп-жарып өте шығарлық екпін болмады.
Осылай біраз жер құйысқан тістесіп сілтескен соң барып сақа торы сұр құнанға анық жетті-ау. Бұл кезде біз Өмірбектің қыстауының алдындағы сазға іліккенбіз. Арба ауғаны, жоқ, былай түсіп қалғаны белгісіз, әйтеуір жол табанында алты қанат үйдің орнындай жерді алып аппақ ұнтақ болып кеткен шөп жатыр екен, соған торы аттың аяғы тайып, тапырақтап қалды.
Қайтсін-ай, жануар! Торы аттың төрт тұяғы бедер жоқ беріш болып қалған бірдеңе. Тастақ жерде бетімен басқандай етбеттеп, қуаң шөпті жерде тұяғы сыр-сыр тая беретін болған соң кейінгі кезде жездем мұны жүгенін сыпырып алып, жылқыға жіберген. Шуға жүрерінде жуас деп маған ұстап берген.
– Ердің құны болса да Шудан таға тауып келемін. Сөйтіп мұның төрт аяғын түгел тас қылып тағалап тастаймын. Мініске бұдан мықты жылқы жоқ. Мына бойымен мұны қарыс жерге міну — обал, тіптен қауіпті. Амал қанша, саған лайықты бұдан басқа сыралғы жылқы жоқ шаппай, аяңдап жүрсең болды, жетеді. Балалармен жарысушы болма, жазым қылады, — деген жездем жамбас торыны ерттеп жатып.
Күндегі тірлігім жездем айтып тапсырғандай еді, Вованың мазағына қалғым келмей, сақтықты ұмытыппын.
Торының тұяғы — қайрақ тағы тайғанайды. Тізгінді тартқым келіп бір оқталдым, онда Воваға күлкі болғаным. Жоқ Вовадан озбай тоқтаман!
Торы шабысын қайта түзегенше сұр құнан арқан бойы узап қалған, тебініп едім, адымын аштырмай қуып жетті. Еті қызған екен, торы ат жеңілдеп кетіпті, екпіндетіп келіп Вовамен үзеңгі қағыстыра бердім. Сол сәт жол үстінде әжептәуір жерді алып жатқан жып-жылтыр тықыр ажырыққа көзім түсті. Торы ат таяды-ау! Мұндай жерден тайғанақтай-тайғанақтай әбден зәрезап болған есті жануар да ажырықты байқаған екен, екпінін бәсеңдете берді. Сұр құнан түкті де елең қылған жоқ ажырықтың үстінен төрт аяғын дік-дік тастаған күйі өте шықты.
Жамбас торының алдыңғы екі аяғы ажырыққа іліге бере сыр етіп тайды. Ат сүріне бергенде-ақ дүлей бір үрей жүрегімді бүре түскен, сол күйі ес жиғызбай, әуе шыр айналғандай, жер дөңгелегендей бір елестер зу-зу етті. Домалап бара жаттым. Есімнен тандым ба, жоқ па, білмеймін, тікемнен отырып қалыппын. Тұрайын десем, жүрегім дауаламайды. Қандай да бір қауіппен сол аяғыма қараппын, бұралып, сүйретіліп жатыр.
Мен домалап әжептеуір жер озып кетіппін, торы ат анандай жерде мәңгіріп тұр. Оның да бір жері үзіліп кеткен шығар деп едім, жоқ аман екен, басын шайқап-шайқап алды да Вованың соңынан шауып кете барды. Енді ол сұр құнаннан озбай тоқтамайды.
Жамбас торы – тұлпар. Еті қызып көсіле шапқан тұлпар тұмсығы тасқа тимей тоқтамайды деседі. Торы ат та сөйтеді, еті қызды, тоқтай алмайды. Толыбай сыншының баласы құсап тауып аламын мен сенің басыңды, тұлпар торы. Дәу жартас түбінде жатқан қу басыңды құшақтап жылаймын еңіреп.
Жүйкем босап, жылап жібердім.
Мөлт ете қалған көз жасымды қолымның сыртымен сүртіп, мұрнымды бір тартып, сол аяғыма қарадым. Ортан жілік шорт сынып, қақ бөлінген. Қап-қап!
Мен торы атты емес, аяғымды аяп жылап отырмын.
Бір ғажабы еш жерім ауырмайды. Тіптен сынған аяғымның өзі сыр бермейді, тек жинауға келмей сұлқ жатыр. Тіземнен қос қолдап ұстап, аяғымды бері тартып жинап алдым.
Вова өң жоқ-түс жоқаттан домалап түсіп жатты.
– Алданыш, не болды? Не болды, а, не болды?
Вованың аузына осыдан басқа сөз түсер емес.
– Не болсын, аяғым сынып қалды.
– Қой, қойшы, ағатай! Сынған жоқшығар.
– Сынды.
– Рас па?
– Рас. Сындырып тындың.
– Өй, қой! Өзің ғой аттан жығылған.
– Сенімен жарыспағанда жығылмайтын едім. Намысыма тиіп жарыстырдың да құртып тындың.
– Сен өйтіп пәлеқор болма! Сені құртқан мен емес, жамбас торы.
– Не десең, о де, кінәлі сенсің.
– Мен қайттім онда? Әкем өлтіреді мені. Мен қазір мына сұр құнанды иесіне бере саламын да Шоқпарға тартып отырамын. Сөйтемін де әкемнің ашуы басылғанда бір-ақ келемін.
–Жоқ сен өйтпейсің. Алдымен, біздің үйге барып, болған жайды айтасың, содан соң, Тескентау асып кет, мейлің.
– Қалай айтамын? Қайтіп көрінемін мен апаларыңның көзіне?
– Ештеңе жоқ барасың, көрінесің, айтасың. Алданыш аттан жығылып, аяғы сынып қалды, дейсің.
– Қайттім енді, ә? Бұдан да менің аяғымның сынғаны жақсы еді ғой, саған бұйрық беріп шіреніп отыратын. О, құдай, Исус-Христос, неге Алданыштың емес, менің аяғымды сындырмадың?!
– Қой, әрі! Аяғың сынса, көрер ем қалай қақсағаныңды.
– Мейлі, тәуекел, айтамын қазір барып апаларыңа. Мейлі, екеуі ұрсын мені. Мені өз әкем де, сенің әкең де, апаларың да ұрсын, өлтірсін! Маған – сауап.
– Қой, сен, Вова! Сен түк те кінәлі емессің. Жер тайғақ жамбас торының тұяғы – қайрақ Пәле сонда.
– Құрысын бәрі. Мен кеттім, Алданыш.
Вова демде жүдеп қалыпты: мойны салбырап, ермен ер болып жабысып, екі иығы құнысып, бір уыс болып бара жатыр.
Сұр құнанның желігі әлі басыла қоймапты: басын аспандатып, қақшаңдап барады. Адам қайғысына мал ортақтаса алмайды. Вова бұган күйіп кетті білем, қамшымен сұр құнанның басынан тартып жіберді. Сұр құнан мұндай қорлықты көрмеген мал екен, шапшып кетіп, ала жөнелді.
Вова ауып түсіп қала жаздады.
Мен күліп жібердім.
Вова ұзай бере осы бір кішкентай сергуім сейіліп, зіл қаратас ойлар еңсемді езе берді.
Бар маңайда тылсым тыныштық орнады. Сонау биік басаттан құлаған көлеңке бергі бөктердің сай-саласын біртіндеп көмкеріп жылжып, маған жақындап келеді. Көлеңке басын ұзартқан сайын шыбын-шіркей қара құрым құсап қаптап ұшып, көзге кірермен болып анталайды. Бармақ басындай бір көк шыбын әңілдеп ұшып, жасқап қуғаныма қарамай, қайта-қайта аяғымның дәл сынған жеріне қонады. Мына оңбаған бірдеңені сезіп жүр ме, немене? Қорқып кеттім. Қан шығып қалды ма деп қара саныма үңілдім, ақырын-ақырын ұстап көрдім, ондай ешнәрсе байқалмайды. Үрей-күдік жарысып, жүрегімді әлейім-жәлейім етеді.
Өзім өстіп пұшайман болып отырып апаларымды аяп езіліп, егіліп кетемін.
Вова ендігі барып айтты. Апам мен әпкем жаңа ғана біз аттарды ағызып шауып өткен жолмен екі әкпесін қолына ұстап ұшып келе жатқан шығар. Айналайындар-ай, азапқа салдым-ау мен сендерді! Өкпелерің өшіп, дымдарың құрыды-ау!
Отырған жерімнен атып тұрғым келді, оған зіл батпан болып жатқан аяқ қайдан жіберсін. Апамдар келгенше түрегеп кетсем, шіркін! Олар сиыр қораның желкесіндегі кезеңнен көріне бергенде түк болмағандай арсалаңдап алдарынан жүгіріп шықсам. Бірақ ондай атты күн қайда-а?!
Ойлағанымдай-ақ апамдар көп күттірген жоқ: мен көз алмай отырған кезеңнен қаралары көрініп еді, демнің арасында ентелей басып келіп қалды. Олар жақындаған сайын өксікті өкініш өзегімді өртеп, өңмеңдеп, алқымымнан алып буындырып, демімді тарылтты. Амал жоқ, тістеніп шыдау керек. Менің мына мүшкіл халіме енді көз жасым қосылса, апам мен әпкем мүлде шерменде болып өксіп өкірер.
Апам бәрібір шыдай алмады:
– Қарағым-ау, не болды? Қайттік енді, күнім-ау?! - деп дауыс шығарды.
Екеуінде де өң-түс жоқ, бет-ауыздары пора-пора тер.
– Қой, жаман ырымды бастағаны несі?! Жөндеп көрейік те әуелі. Жәй еті кеткен шығар, - деп әпкем байсалдылық танытпақ болды. Даусы дірілдеп шығып, жүрегімді шымырлатгы. Әр сөзінде зіл батпан қайғы, емешейі езілер- мен мейірім тұнып тұрды.
Байқап қалдым, әпкемнің де екі көзі білеуленіп қызарып кетіпті. Екеуі де Вовадан менің аяғымның сынғанын естіген сәттен бастап көз жастарына ерік берген. Содан жол-женекей бір жылап, бір жұбанып отырған.
Әпкем өзін-өзі қаншама тоқтатып, көз жасын көрсетпейін-ақ дегенімен, ол құрғыры демнің арасында мөлт егігі кірпігіне қонақтай қалды. Әпкем теріс бұрыла беріп көзін асығыс сүртіп, маған қайта қараған сәтте бір тал кірпігі бетінің ұшында жабысып тұрды. Соған көзім түсіп кетіп, самай шашымды біреу талдап тартқандай құйқам шымырлады. Әй, осы қорлықты көргенше өле қалғаным артық еді-ау! Бұлар қайтпек онда? Өздерін-өздері күлпарша етер! Аяғым сынса, сынсын, өлмейін, аналарым аман болсын.
Екеуі сүріне-қабына келіп екі жағыма отыра кетгі.
– Қане, қай жерің? Құдайым-ау, не жаздық? Бүйтетін не жөнің бар еді?
– Алла-ай, еті кетсе екен, өзіңнен бір жәрдем бола көр!
–Еті кеткен жоқ сынып қалды, апа. Аяғым бұралып, созылып жатыр екен, жинап алдым.
Апам шошып кетті:
– Ой, тоба, не дейді мына бала, Әміржан-ау?! Күнім- ау, күнім, енді қайттік? - Апам жер тоқпақтап аспанға қарады. –Қу құдай, шұнақ құдай, мұның неткенің? Не жазды саған бұл қаршадай бала?!
– Қой, баланы шошытпай! Байғұс балам-ай, жаңа тіл алып қоя қойсаң ғой, бұл пәленің бірі де жоқ. Енді қайттік? Балаларда да үрей қалмады, үрпиіп қалды бәрі. Сені үйге жеткізін те ала алмаймыз ғой бүгін енді айта берсең.
Шарасыздық үшеуміздің де шарадай басымызды шапшақтай етті. Иесіз үңірейген қора, қойнынан көлеңке өріп түнерген төбелер, ит тұмсығы өтпейтін қалың қамыс-бәрі-бәрі біздің мына мүшкіл халімізге аяныш білдіріп тына қалған. Кербұлақ өзенінің бұл тұстан сан өтіп жүріп естіп көрмеген сылдыры келіп тұрды құлаққа.
Апам мен әкпем сынған аяғымды абайлап ұстап көрген болды. Қолдары қайдан батсын, ештеңенің анық-қанығына жете алмады. Көңілдері аяғымды сындыға қимайды, үміт жібін үзе алмайды. Құдай біледі, екеуі аяғымның сынығы білініп тұрса да сенбес. Ана баласын қия алмайды жамандыққа!
– Ал, мен кетейін енді. Балалар не болып жатыр екен үйде? Соларды бір байқап, кешкі тамақтарын беріп, сендерге де бірдеңе әкеліп бермесем, болмас. Апа, сен мына қорадан көң-қи әкеліп, қурай жинап қой. Түні түскір суытып қалды ғой, от жағып қойып отырыңдар, — деп әпкем орнынан тұрды.
– Дұрыс, қайтқын. Келетін болсаң, Лашынды ертіп ал, — деді апам.
Әпкем жалғыз өзі ауылды бетке алды.
Бұл кезде күн әлдеқашан басаттан асып, арғы Жайсаң жотасы болмаса, бергі бөктерге, өзен бойына қараңғылық үйіріле бастаған. Ауылға дейінгі аралық - дәл қазіргідей зауал шақта әйел тұрмақ ер адам жалғыз жаяу жүруге жүрексінетін жер. Сол жақта аңқиған аузы тура жолға келіп тірелетін ұрымтал жыралар бірінен соң бірі алмасып отырады, ал, оң жақта өзен жағасына өскен құрақ қамыс, шоқ-шоқ қурай ілесіп қалмайды. Екі жерде өзен иірімімен етегі жол шетіне келіп тірелетін ну қамыс бар. Оның арасында не жоқ дейсіз.
Әкпем мұның бәрінен тайсақтаған жоқ, ауыл қайдасың деп ұшып барады.
Апамдардың жан қалтасынан сіріңке үзілген бе, қорадан барып дайын көңнен бір етегін әкеліп от жақты. Сөйтті де:
Көңнің қызуы болғанымен, жалыны, жарығы жоқ Біраз жалпылдақ отын жинайын, - деп жан-жағына қарады.
Төңіректің бәрі тұнып тұрған отын: қызыл мия, ала бота, қара сора, шеңгел, торсылдақ қурай.
Отын теруге менің апамнан шебер адам жоқ шығар, сірә, бұл дүниеде. Мен ес білгелі апамның тезек тергенін де, ақтаспа, тобылғы шапқанын да, қурай жинағанын да аз көрген жоқпын. Бұл тау елінің қысы-жазы жағатын отыны жерде. Жекеменшікте болатын бес-алты бас уақ жанның көңі мен жалғыз сиырдың жапасы алысқа апармайды. Ал, сексеуіл, көмір дегеніңіз атымен жоқ, тау елінің тұрмысына енбеген. Содан да апамдар күзге қарай отынды құлатып шауып, тау-тау қылып жинап қояды. Жыл он екі ай күнделікті жағатын отын апам мен әпкемнің мойнында. Жыл мезгіліне қарай жағылар отын да өзгеріп отырады: жазда шөп-шалам, күзде - қурай, қыста - көң, тезек, көктемде - кәшек.
Апам демнің арасында алысқа ұзамай-ақ айналамыздан құшақ-құшақ қурай жинап үйіп тастады. Мен таңданып қарап отырмын.
Жалыны мені қабады деп апам жалпылдақ отынды аулағырақ жақты.
Біз өң от ортасында отырмыз. Бірақ осыншама отқа, менің сыртым да, ішім де жылыр емес. Өн бойымды өкініш қысып дірдектетіп өтеді.
– Әлдеш, не, жаурап отырсың ба?
– Жоқ.
– Қорқып қалғансың ғой, күнім!
Мен үндемедім. Мейлі аяғым, тіптен башпайым ауырмасын, менен гөрі ол апамдарға қатты батады. Аяғымнан көрген азабымды мен оларға айта алмаймын.
Апам мен әпкемді менің азапқа салып отырғаным жалғыз бұл емес. Былтыр да естерін шығарғанмын. Шәкен екеуміз Қарабеттің ауыл жақ бетінде тас домалатып жарыстырып ойнап жүргенбіз.
Бір кезде Шәкен домалатқан тас тым алысқа кетті, домалағаннан домалап отырып барып өзенге бір-ақ күмп етті.
Мен қанша тас домалатсам да бірде-біреуі өзеннің өзі тұрмақ маңайына да жолай алмады. Ызам келіп, жан-жақтан жақсы домалайтын тас іздей бастадым. Үлкендігі үйдей қой тастың дәл ернеуінде жатқан бір әдемі домалақ тасқа көзім түсті. Дереу қой тастың үстіне шығып, отыра қалып, аяғымды созып ернеудегі тасты итеріп едім, қозғалмады. Қу намыс сақтықты ұмыттырыпты, бар есілдертім мына дөп-дөңгелек тасты домалатып, Шәкендікінен оздыру болыпты. Еңкейіп тасты екі қолыммен мықтап ұстап, қатты итеріп кеп қалдым. Аяғыммен итергенде жылжымай қойған тас лып етіп домалап кетті, екпінімді тоқтата алмай мен де ұштым тас басынан. Ылдиға төмен тас та, мен де домалай жөнелдік. Неге екенін, мен тастың алдына шығып кеттім. Тас қуып жетіп соғып, бір жерімді майып қылады-ау дегенімше болған жоқ мен бір түп ақтаспаға ілініп қалдым, тас тимей, дәл құлақ-шекемнің түбінен зу деп өте шықты. Бетімді қан жауып кетті. Қимылдауға қорқып тып-тыныш жатырмын. Қимылдасам, ылдиға қарай домалап кете баруым мүмкін.
Шәкен қалбалақтап келіп бас салды.
– Алданыш, тоқта-тоқта, қимылдама!
Шәкен мені ақтаспадан ажыратып, тас қып құшақтапалды.
Менің аңыраған даусым шықты.
Шәкен еңіреп жылап жіберді.
– Алданыш, жылама! Жыламашы, апамдар келе жатыр!
Осы сәт көзімді жапқан қан арасынан етекте ұшып келе жатқан апам мен әпкемді көрдім.
Екеуі Шәкен екеуміз тұрған қияға сүрініп-қабынып зорға жетті.
Қызыл-жоса қан болып тұрған мені көргенде екеуінің естері шығып кетті.
– Ойбай-ау, бұл не сұмдық?! Сүйегің аман ба? Бір жерің кеткен жоқ па?
– Апыр-ай, құдай сақтаған екен!
– Апа, мен домалағанда тастан озып кеттім! Тастан адам жылдам домалайды екен.
– Қойшы, құрысын!
–Ия, сөйтті. Артында домалап бара жатқан тас бір тасқа тиіп секіріп, Алданыштың басына тиер-тимес болып өтті. Тигенде... Құрысын...
– Тіпә-тіпә! Жеті күлше құдайы!
– Айналайын құдайым-ау, не,жазығымыз бар еді?
– Бұл бала – бетіне қараған бес тасым менің. Пәленің бетін аулақ қыла көр, ақ құдай!
Әпкем мен апам өстіп зар қақты.
Сол сәт мен өзімнің мүшкіл халімді ұмытып, екеуін қатты аяп кеттім. Мен үшін бұлар өлімге дайын!
Мұндай пәлеге ендігәрі ұрынбаспын деп едім сонда, міне, енді мынау болды.
Жазым, әрине. Дегенмен, шығасысына - иесі басшы. Маған екі жағдайда да шамшылдығым зиянын тигізді. Бірінде Шәкеннің тасы, екіншісінде Вованың аты озғанына төзгім келмеді. Жоқ бұл болмайды екен. Асылы, аспаған-саспаған жөн шығар.
Апам мен әпкеме қайғы жұтқыза бергенім жетер. Тегі, үлкеннің тілін алу керек.
Түннің бір уағында дәл жанымыздан Лашынның ырылдағаны естілді.
– Тәйт әрі, қара басқан ба? - деп зекіді әпкем.
– Әміржан келді ғой, - деді апам.
– Қалайсыңдар, тоңған жоқсыңдар ма?
– Жоқ. Өзің ше, қорыққан жоқсың ба? Қасыңдағы кім?
– Қайдан қорыққан Лашын барда. Сонда да абай болсын деп, Базаркүлді ертіп алдым.
Базаркүлдің есімін естісімен жүрегім бір аунап түскендей болды. Қыз алдында шоңқиып отыру қандай бақытсыздық еді десеңші!
Базаркүл – ерекше қыз!
Әттең!..
Әпкем бір көмбеш нан, бір кесе кілегей, бір шәугім шай, бір көрпе алып келіпті.
Лашын бізді танымай, айбат қылып ырылдағанына ыңғайсызданды білем, арсалаңдап еркелеп, менің сұлқ жатқан аяғымды басарман болып өңмеңдеп жақындай берген, апам:
– Мынау қайтеді-ей, баланың аяғын ауыртар ма екен? Бар, жоғал! - деп ұрсып тастады.
Қарауыз өзіне қайта-қайта дауыс көтергенге ренжіп, дүрдиіп тұрып қалды.
Әй, Лашын-ай, түсінбейсің ғой, түсінсең, менің аяғымның сынып қалғанын білсең, біреу оны басып ауыртпақ болып жатса, сен де ашуланар едің. Білемін, сен әуелі мені ренжітпек болған адамды аямайсың, қауып аласың. Сен енді сіркесі су көтере алмай тұрған адамдарға ренжімегін. Менің аяғым жазылмай, шыбын жандарын қоярға жер таппайды бұл екі мұңлық енді. Азапқа салдым мен біздің үйдің ішінің бәрін.
Апам шәугімді шоққа қойып, әпкем орамал жайып, нан турай бастады.
Екеуі осындай тірлікпен алаң болып жатқанда Базаркүл оң құлағыма:
– Аяғың ауыра ма, Алданыш? -деп сыбырлады.
– Ия, сынып қалды.
– Қап, оқудан қалатын болдың-ау!
– Қайдам, жазылатын шығар.
–Жазылады, әрине. Жазылған соң келесің оқуға. Сен қашан келсең де үлгересің.
– Кім біледі?
– Мен білемін. Сен біздің кластағы ең жақсы оқу... оқушы... баласың!
– Базаркүл, рас айтасың ба?

  • Рас айтам.

– Ал, сен-дүниедегі ең жақсы қызсың!
– Алданыш!..
– Базаркүл!..
Біз енді не айтарымызды білмей қалдық
Құдай жарылқап сөзге апам араласты:
– Алданыштың аяғы, құдай қаласа, бас-аяғы бір айдың ар жақ-бер жағында жазылады. Сынық жыл санайды. Әлдеш (біздің үйдің адамдары, мені осылай атайды. Шіркін, біздің қазақ жанама ат қоюға қандай шебер! Қараңдаршы Шәкеннің шын аты Шаһарбек, Ізбаланы Здән, Бағдагүлді Бағдаш, Бекежанды Бекен дейміз бәріміз) он төртте. Сынған сүйегі он төрт күнде ілігеді. Ар жағында, немене, бала тұрып кетеді. Жарайды, бұл әңгімені қоя тұрайық шай ішейік.
Әпкем шай жасап жіберіпті.
– Ал, екеулерің шай ішіңдер, біз қайтайық - деп орнынан тұрды.
– Қайтыңдар.
– Тоңып қалмаңдар, отты аямай жағыңдар.
– Жағамыз. Алаң болма, бара бер.
– Базаркүл, жүр. Лашын, кә!
– Алданыш, тез кел, ертең кел, - деді Базаркүл.
– Қайтіп келем, аяғым сынық
– Келесің, әкеледі.
– Ия, сөйтеді, барамын.
Әпкемдер кеткен соң қоңылтақсып қорқа бастадым.
Бұл маң – шүйкедей кемпір мен шоңқиып отырып қалған бала тұрмақ ер адам қорқарлық жер. Дәл іргемізде ішіне қараңғылық тұнған қой қора, есік-терезесі жоқ орны үңірейген Өмірбек қойшының үйі тұр. Аяқ жағымыз қалың қорыс. Одан әрідегі арсиған-арсиған адыр басындағы басаттар етегіндегі бөктерді баса-көктеп төне түседі. Желке тұсымыз – күнгей бет – тас атаулысы түгел қап- қара болып күйіп кеткен ұзын-ұзын жыра. Биік төбелердің басындағы обалар, үлкен-үлкен тастар құбыжық болып сүлбеленеді, үрей, ызғырық шашып құйқаны шымырлатады.
Апам отты өшірмей, маздатып жағып отыр.
Саршатамыз аяқталып, түн суыта бастаған кез емес пе, от жаққан жағымыз жылып, тыс жағымыз тоңазып отырмыз. Апам әпкем әкелген шапанды маған жауып, етегін қымтап қойды, өзін ұмытқан.
Бір қауым уақыт өткен соң апам:
– Ұйықта, балам. Көзің кішкене ілінсе, жақсы болады, таң да атып қалады, — деп менің оң тіземе басын қойып қисайды.
Көз ілу қайда-а-а!
Сонау жоғарғы Шатыртөбе үстінен қып-қызыл жалқық жайпақ табақ көтеріле берді. Сөйтті де жалқық сөніп, ай бейнеленіп, сүттей болып ағарып шыға келді. Ай бетінен төгілген ақ сәуле түн түнегін тіліп, төңірек қылаң тартты.
Аспанда шүпірлеген майда моншақ – жұлдыз таққан алып белбеу – Құсжолы созылып жатыр. Мың сан жұлдыз жымың қағады.
Дәл осы түнгідей сәулелі ай, жарық жұлдыз бұдан бұрын да болмаған шығар бұл дүниеде, кейін де болмас.
Дүние қандай ғажап едің!
Қимас сезім қылаң бергені несі?
Е-е, пәле аяқта екен ғой. Аяқ жазылса, жақсы, жазылмаса, мына тәтті түн, әдемі әлем ғайып болады. Жоқ олар емес, мен ғайып боламын. Бұл дүниеге адамдар келеді, кетеді, аспан мен жер тұра береді. Кербұлақтың тау-тасын кердеңдеп басқан қара бала жалғыз мен емес, олар бұрын да болған, алдағы уақытта да болады.
Мен – көптің бірімін, ал, мына әлем – жалғыз әрі мәңгі. Адам – бұл дүниеге қонақ, мен — сол қонақтың бірімін. Ендеше мен бұл дүниеге көбірек қонақ болуым – өмір сүруім керек. Оған мына сынып жатқан аяқ қырсық қылмай ма? Бұл жазылар ма екен өзі?.. Қой, жазылады... Кім біледі, қара саннан сынған оңай ма? Жағдай қиын, мына дүниеге қонақ болуым тоқтауы-өмірім үзілуі мүмкін.
Тілім - тасқа!
Мен өлмейін, өлсем, көрге менен бұрын мына бүрісіп жатқан анам, жаңағы артына жалтақ-жалтақ қарай-қарай кеткен әпкем түседі. Айналайын а құдай, көмектесе көр! Мен баламын ғой. Маған аяқ ауадай қажет. Мен жүгіріп ойнауым, қадалып оқуым керек. Өстіп шоқиып отырып қалсам, не шойнаңдаған ақсақ болсам, апам мен жездемнің үміті үзіліп, арманы кесіледі. Әрине, әпкем де, ағам да, іні-қарындастарым да менің жақсы адам болғанымды қалайды, алайда, апам мен жездемнің жөні бөлек, олардың менен күтері – көп.
Мен өмір сүруім керек!
Мен — апамның арманымын. Апамның есіл-дерті – мен жігіт болсам, әйел алсам, үй болсам, сөйтіп Ыдырыс ағамның түтінін қайта түтетсем.
Нағашы ағам Әлдижан үйленіп, апам арманына жеткен. Бірақ соғыс құрғыр әбден титықтатып жіберген екен, ағам көпке бармай қайтыс болып, апам сорлап қалды. Бір апам емес, бәріміз қайғы жұтып, қан құстық.
Әлдижан ағамның өлімі маған жан шошырлық қорқынышты түстей елестейді. Ағамның анасын қимай, оң емшегін оң қолының уысына қысып жатып көз жұмғанын, саусақтары бүріскен күйі тас болып қатып қалып, оны әпкемдердің зорға жазғанын мен "Шаншар атай" хикаятымда жазғанмын.
Содан кейінгі менің есімде қалғаны — жеңгемнің қан сорғалаған беті. Байы өліп, шерменде болып қалған жас қатынның бетіне қол салғанын, бұл алғаш рет көруім еді, қазаға қайғырудың мына сұмдық көрінісі төбе шашымды тік тұрғызды.
Кім қалай жібергенін қайдам, Шәкен екеуміз көр басына барыппыз.
Оралған ақ киізден ақым аузына сырғып түсіп бара жатқан ақ кебін киген Әлдижан ағамның мәйітіне көзім түсіп кетіп, еңіреп жылап жібердім. Шәкен: "Қой. Әлдеш! Жаман болады", — деп құшақтай алды. Өзі де жылап тұр. Үлкендер шу ете қалды: "Балаларды әрі тартыңдар! Кім жолатып жүр бұларды мұнда?!"
Біреу Шәкен екеумізді дереу топтан жетектеп алып шығып, көрден алыстатып тастады.
Өлік шыққан үй жетіскен бе, бәріміз көпке дейін еңсеміз түсіп, езіліп жүрдік. Сынық көңіл, жарымжан болып қалдық. Жылап-сықтауда есеп жоқ. Апам, әпкем, жеңгем келгенге де, кеткенге де көз жасын төгеді. Бұл адамдар қызық көбісі жылаған болып дауыс шығарады, көздері құрғақ. Өтірік. Құры әшейін апамдарды жылату үшін келетін сияқты біздің үйге. Шын жаны күйіп, қабырғасы қайыспаған соң өлікке барып, емешейі езілген болып өтірік азан-қазан қылудың қажеті қанша екен?!
Бәріміз енді-енді ес жиып, ертеңгі шайды ішіп отырмыз.
Алдымыз дастарханнан шеттей бастағанбыз.
– Әлдижанның түбіне жеткен Тасқайнардың суы, - деді әпкем көкірегі қарс айырылып.
– Қалайша? — деп елең ете қалды апам.
– Әлдижан ес-түсін білмей жығылды ғой. Содан келесі күні ертеңгілік басын сәл көтеріп, маған біртүрлі қимай қарады да ақырын былай деді: "Әпке, маған пәле Тасқайнардан жабысты. Шөлдеп келіп ішіп едім, суы тастай екен, шекемнен өтіп, қара табаныма жетті. Соғыстан өзі құрып келген денсаулықты бүлдірді". Айтқаны рас болды. Суалып қалғыр, Тасқайнар, сорлатып тынды.
– Ол пәленің суы сондай суық екенін қалай байқамады екен байғұс бала. Қап-қап! —деді апам аһ ұрып.
Әңгіме бұдан әрі өрбіген жоқ
Ауыл алдындағы саздың ортан беліндегі аумағы бір қора қойдың орнындай ойдым жерді алып жатқан Тасқайнар бір ғажап. Жан-жағы шылқылдаған саз батпақ ортасында үлкендігі төрт қанат үйдей тас жатыр. Кәдімгі бір біреу мына әдемі сазға әдейі тіккен үй тас болып қатып калған дерсің. Үй тастың дәл төбесінде кішкене астаудай шұңқыр бар. Шұңқырдың дәл ортасындағы көзден мөлдір су қайнап шығып жатады. Қой тастың бір бүйірі адам шығарлық жайпақтау. Жұрт сонымен астауға жақындап, мөлдір суды ожаумен ыдысқа құйып алады. Мойныңды созып еңкейіп суық суды қылқылдатып жұтуға да болады.
Талай-талай қой тастың төбесіне шығып, суын қаншама рет қанып ішкен Тасқайнар Әлдижан ағамның ажалына себепші болыпты.
Шәкен екеуміз үн-түнсіз Тасқайнар қайдасың, деп тартып отырдық. Алда Шәкен, соңында мен саз батпаққа тасталған тастарды секектеп басып, Тасқайнардың ернеуіне жақындадық. Көзден шымырлап шыққан су астау бетін сәл-пәл дірілдетіп, мөлдір моншақтар ернеуден асып, төмен қарай домалап жатыр.
Неге екенін қайдам, мен Тасқайнарға етбеттей үңілдім. Астау ішіндегі мөлдір су түбінде Әлдижан ағамның сұлбасы тербетіліп, маған қадала қарап жақындап келеді.
Зәрем кетті.
Құлындағы дауысым құраққа ұшты.
– Аға-а!
Қой тастан сырғып түсіп безе жөнелдім. Былайырақ шығып артыма қарадым.
Шәкен тұр қой тастың үстінде серейіп.
– Әлдеш, не болды? Неден қорықтың?
– Қайнардың түбінде Әлдижан ағам жатыр.
Шәкен қарқылдап күлді.
– Ол-суға түскен өз бейнең ғой. Міне, кел, қара. Еңкейіп, үңілсем, менің бейнем де көрінеді.
– Жоқ бармаймын. Тасқайнарға мен енді қайтып өмір бақи жоламаймын.
– Неге?
– Әлдижан ағамды өлтірген — Тасқайнар.
– Ой, қой!
– Неге қоямын, солай. Жаңа әпкем айтты ғой.
– Апам жаны қиналған соң айтып отыр.
– Мейлі. Айттым ғой, Тасқайнардың ішінде Әлдижан ағам жатыр. Сен қала бер, мен кеттім.
Шәкен Тасқайнарға төніп, ішіне түсермен болып еңкейе берді де бері қарай тұра жүгірді.
– Алданыш, шынында, анда ағам жатыр.
Екеуміз жарыса жөнелдік.
Былайырақ ұзап шыға таңданыстық:
– Шәкен, шынымен көрдің бе?
– Шынымен көрдім.
– Апамдарға айтамыз ба?
– Қой. Апамдарды жылатып қайтеміз?
– Жарайды, айтпасақ айтпайық.
Шәкен екеуміз біраз уақыт ала бұртып жүрдік.
Мен Тасқайнарды шындап жек көріп кеттім, алыстан айналып жүретін болдым.
Сөйтіп жүргенде біз жоғарғы Барлыбай ауылына көшіп кеттік те Тасқайнар алыста қалды. Мейлі, Әлдижан ағамның ажалына себепші болған, Тасқайнар, мен сені қайтейін?!
Тірі адам тірлігін істейді. Бірте-бірте келімді-кетімді кісі азайды. Бәрімізді еңсе езер ауыр ойлар басқан, бір-бірімізді аяйтын жасқаншақ өмір басталған. Әр адам қайғыны әртүрлі көтереді екен. Өйткені, өліктің адамдарға салар салмағы әртүрлі.
Әлдижан ағамның өлімі, сөз бар ма, алдымен, апама, одан соң әпкеме қатты батты. "Атамды атсаң, ат, құдай, ботамды атпа!" — деп бұрынғылар тегін айтты дейсің бе?! Апамның жалғыз ұлы жер жастанып, әпкемнің жалғыз бауыры жалпасынан түсті ғой. Екеуінің еңірегенде етегі жасқа толды.
Әлдижан ағамның өлімі тағы бір адамды керемет есеңгіретеді екен. Ол кісі — ағамның жесірі. Қазір ол жеңгемнің түрі-түсі есімде жоқ Шудың Ақсу деп аталатын алыс ауылынан болатын ол. Қойшы әкесі Жайсаң жайлауына келгенде ағаммен кезігіп, келін болып түскен.
Алғаны өлген әйелдің күні құрысын! Қазақ ұғымында ол — жаңа босағаға құт болып емес, жұт болып келген. Байының басын жұтқан жалмауыз. Бұл ауыр сөз оған айтылар-айтылмас, қаралы қатын мұны өзі-ақ өзегі өртене сезінеді, беті күйіп жүреді. Шыдағандары байының жылын күтеді, шыдамағандары төркінін табады. Күйеу інің жылын күткен әйел — құдайға қараған, айналайын, күтпегені — имансыз, жүзі қара. Менің жеңгем осы екеуінің қайсысы, мен оны білмеймін. Ол кезде мен оны түсінерлік жасқа жетпегенмін.
Бар болғаны мына бір жай есімде қалып қойыпты.
Шілде айы. Біздің есіктің алдындағы жездемнің есімімен аталатын, яғни Қалқабайдың құйына шомылып, әбден шаршап келсем, үйде жеңгемнен басқа ешкім жоқ екен. Терезе тұмшаланған, үй іші тастай қараңғы. Есікті ашқан заматта жеңгемнің:
– Келдің бе, тетелес, — деген даусы шықты төсек жақтан.
– Келдім. Апам қайда?
– Әпкемдікінде.
Жеңгемнің даусында діріл бар ма, қалай?!
– Тетелес, бері келші.
Мен шырттай қараңғы үйде түк көре алмай, бірдеңеге соғысып қалармын деп жасқаншақтап, екі қолымды алға созып, жеңгемнің төсегіне жақындай бердім.
Жеңгем де екі қолын созған екен, алақанымыз айқасып қалды. Жеңгем мені жерден жұлып алып, түкпір жаққа бір-ақ атып ұрды.
Бұл — мен емес, Әлдижан ағам жататын жер. Ағам жоқ өлген. Жүрегім зу етіп тас төбеме шықты. Тұрып кетпек болып бұлқындым, жеңгем тас қылып құшақтап алған, жібермейді. Лезде тұла бойым от боп күйіп өртеніп барамын. Жеңгемнің ыстық жұмсақ алақаны тиген жерін тітіркендіріп, төмен қарай жылжи берді. Зәрем зәр түбіне кетіп, жаным атқақтап аузымнан шығып барады.
– Уһ... Қарағым-ай, бала екенсің ғой! Мен — қарабет!.. Сен мені кешір! —Жеңгем ә дегенде егіліп жылап еді, енді өксіп солқылдап жатыр. — Сен неге сонша кеш тудың екенсің?! Ат тұяғын тай басардың ауылы алыс екен. Мен Жібек, сен Сансызбай емес екенбіз. Айналайын, сен әлі-ақ үлкен жігіт боласың. Әлдижан ағаң сияқты жақсы жігіт боласың. Мен ол күнді көре алмаймын, басқалық боламын. Мен апамды да, әпкемді де, басқаларды да сағынармын, бірақ сенің жөнің бөлек. Мен сені ерекше сағынатын боламын. Ағаң өліп, қара жамылып жүргенде қарайлаған, қарағым! Алданыш болғаныңа рахмет! Ойбүй, атыңды атап қойғанымды қара! Мейлі енді. Ағаң өліп, бетім бір күйіп еді, міне, енді екі күйді. Бұдан да өлгенім жақсы!
Мен төсектен секіріп түстім, есікті бетке алдым.
– Тетелес!..
Жеңгемнің бұдан әрі не дегенін естігенім жоқ үйден атқып шығып, құйыға қарай жүгіре жөнелдім.
Жеңгемнің қолы тиген жер от боп күйіп тұр.
Жеңеше, сіздің ғана емес, менің де өлгенім артық.
Жүгіріп аққан бойы келіп, құйыға қойдым да кеттім.
Ағасы өлген адамға өмір сүріп керегі жоқ су түбінде шіриін!
Малту білген пәле екен, тұншығып бара жатқан соң сопаң етіп су бетіне шыға келдім.
Қашан келіп қалғанын, жағада балалар шешініп жатыр. Бәрі шу ете қалды:
– Өй, мынау су перісі ме, немене?
– Пері де емес, жын да емес, Әлдеш қой!
– Бағанадан бері бұл қалайша тұншықпай жатқан су түбінде?
– Мен не дерімді білмедім: есім шығып, есеңгіреген күйдемін.
Менің адам қызығарлығы жоқ бұл халім ешкімнің ойына кіріп-шыққан жоқ бәрі лап беріп, суға қойып-қойып кетті. Демнің арасында құйы беті опыр-топыр болып, кәдімгі суға шомылу деп аталатын кәнігі тірлігіміз басталды.
Бесін әлетінде үйге келсем, апам көңілсіз екен. Түсіне қойдым: жеңгем кетіп қалған. Апам да, мен де ләм-мим дегеніміз жоқ. Нәтижесі осындай болуға тиіс, еске түссе, есеңгіретер бір тірлік еді. Кінәлі-ағамның өлімі. Алла басқа салды, пендесі көнді. Басқа лаж жоқ. Содан ғой, біздің үйдің адамдарының ешқайсысының сол кезде де, кейін де жеңгемді кінәлап сөйлегенін естіген емеспін. Өйткені ол ағамнан бұйырмаған бақытын өзгеден іздеп кетті ғой...
Мен — жездемнің үмітімін.
Менің жездем, жо-жоқ әкем — ұзын бойлы, аққұба адам. Өмірі ұсталық жасаумен келе жатқан оның бітім болмысы — елден ерек. Салалы саусақтарының әрқайсысы анау-мынау адамның білегіндей жуан, алақаны — бұжыр-бұжыр мүйіз. Аяғы онша-мұнша етік шақ келмейтін үлкен. Екі иығына екі кісі мінгендей еңселі, мойны ұзын, шықшыты жұдырықтай, селдір мұртты, қой көзді кісі. Өңінде қандай да бір сұс тұрады. Біз, соғысқа кетіп оралмаған Бекет ағамды санамағанда, бір отбасында үйелмелі-сүйелмелі үш ұл, бес қыз өстік. Бала болған соң бір нәрсені бүлдірмей тұрмайсың, сондайда жездемнің бір қарағаны-ақ жетіп жататын. Біздің қылығымызға сай жаза боларлық сол қарасқа төтеп беру өте қиын еді! Оның қасында әпкемнің жер-жебірімізге жетіп ұрысканы айналайын болатын.
Қазақ — сыншы халық. Адамдардың, әсіресе, балалардың болмыс-бітімін бір жүйеге түсіріп суреттеп, бейнелеп қойғаны ғажап-ақ! Маған, анығырақ айтсам, мен тәрізді балаларға арналған сөзі мынау: басы бақырдай, маңдайы кере қарыс, балпанақтай қара бала.
Мұндай баладан елдің күтері — көп. Содан да мен әркез жақсы болуға тырысар едім.
Осы тұрғыда маған мына бір жай ерекше әсер етіп еді.
Жотадағы қырманнан бидай әкеле жатқанда болды бұл әңгіме.
Мен қара бураға артқан үш қап бидайдың үстінде шоқиып отырмын.
Жездем жаңа ғана қара бураны жолға салып жіберіп, қырман басында қалып қойған.
Қара бура енді асықпайды, бірсыдырғы жүрісінен танбай тартады да отырады.
Оны тоқтату, жолдан шығару — қиын, тіптен мүмкін емес. Барар жерін, соған жетпей үстіндегі зіл батпан жүктен құтыла алмайтынын жақсы білетін есті жануар аял қылуды қаламайды. Қара бураның мұрны мұрындық жыра-жыра кеңсірігінен түк қалдырмаған кетік. Мұрындық бұйда дегеннің не екенін әлдеқашан ұмытқан әбден бас білгі қара бураны қара жолға салып, қамшымен қара борбайдан бір тартсаң болғаны, бір бақырып алып, төрт аяғын ақырын маң-маң басып жүріп береді. Енді оны жылдам, не ақырын жүргіземін деп әуре болмай-ақ қой, үф, тоқпақта, еститінің — бақыру, мейлің таусылып ұрысқын, мейлің, ішқұса болып езіліп біткін, оған бәрібір, жүрісінен айну жоқ. Мұны бәріміз білеміз, білеміз де анда-санда "Айт, шу, жануар!" — деп қойып үстінде екі аяқты салбыратып отыра береміз.
Қара бура — үстіне артылған жүк аумайтын белді жануар. "Кербұлақта" үш түйе бар: қара бура, сары атан, қара атан. Үшеуінің ең қарулысы, үлкені — осы қара бура. Екі атан — жуас, ал, қара бура ашушаң, анау-мынау адамды маңына жолатпайды. Бізді үлкендер үстіне мінгізіп қойған соң қара бурада амал қайсы, жұлып тастайын десе, аузы жетпейді, ашуланып бақыруын көбейткеннен басқа шарасы жоқ "пенде" болады.
Менің қара бураның үстінде жалғыз өзім келе жатқаным бір бұл емес, егін орағы басталғалы бергі тірлігім — осы. Араға екі күн салып, жотаға барып үш қап бидай әкеліп, соны ұн қылып тартып, егіншілерге азыққа жеткізіп береміз. Қырманға жездем боз байталға, мен қара бурага мініп, бірге барамыз. Қайтарда жездеме әйтеуір бір шаруа табылып, мен жалғыз қайтамын. Жотада, жазық жерде ештеңе емес, қара бураның изеңіне әбден көнгенмін, қайта қайдағы- жайдағыны ойлап қиял құсын қалықтатып, рахат күй кешемін. Ал, қайтарда басатқа жақындағанда мазам кетеді.
Көпбай сайының басына іліккенде сонау төменде көкпеңбек болып Кербұлақ өзені жатады. Кербұлақты ел бір-ақ сөзбен "өзен" дейді. Сол "өзен" деген сөзге көктемде қар ерігенде, күзде жаңбыр жауғанда жөңкіп ағатын, ал, жаздай үнсіз жылжып жататын кішкентай тау өзенін ғана емес, соның екі жағындағы қысы-жазы көкпеңбек реңінен бір айнымайтын кең қарын саздарды да, самсаған қалың қамысты қорыстарды да сыйғызып айтар еді. Тіпті өзен дегенде ел суды ғана емес, өзен бойындағы бар тіршілікті сезінер еді.
Жайсаң жотасынан диірменге үш жолмен келуге болады. Төменгісі — жотадан өзенге Сабалақ сайымен түседі, жоғарғысы — Шатыртөбе айналады, ең төтесі — біздің ауыл тұсындағы Көпбай сайымен құлдилайды. Сабалақ және Көпбай сайларындағы жолдарды ел қолмен шапқан. Ешқандай қопарғыш затсыз, тау-тасты қашап, қазып, қия жерлеріне тас қалап тегістеп арба жүретін жол салған. Сабалақ сайындағы жол тегістеу де, Көпбай сайындағы жолдың қиясы, тік өр, ылдиы кеп. Шатыртөбе айналатын жол тегіс, бірақ алыс. Содан да арбалы жолаушы жота мен өзен арасына көбіне Сабалақ сайымен қатынайды, ауыр жүк артқандар Шатыртөбе айналады, атты-түйелілер Көпбай сайымен төтелейді. Рас, Көпбай сайындағы жолмен арба жүре алады, бірақ жотаға шыққанда болмаса, өзенге түсетіндер шанда бір болмаса, бұлай қарай көлік басын бұрмайды.
Міне, мен сол Көпбай сайының басындағы біраз жер қиялап барып құлайтын қасқа жолға таяп келемін. Түйенің өзі биік, оның үстіне теңкиген қап үстінде шоқиып отырған, төмен қарасаң, табаны сонау тереңде жатқан қиямен құл- дайын деп келе жатқан балаға үрейден басқа не жолдас болсын. Зәрем зәр түбіне кете бастады. Үнемі осылай, сай аузына шыққанша қауып-қатер көп. Түйеден түсе қаша алмайсың, тапсырылған шаруа бар. Ылдиға қарай өр ады- мын сақтықпен санап басып келе жатқан қара бураны тоқтату мүмкін емес, жаныңды шүберекке түйіп, екі көзің бақырайып отырудан басқа амал жоқ. Шіркін, осындайда жаныңда адам болғаны қандай жақсы, қара тартып, қорқыныш сейілер еді. Жездем қуып жетсе... Жезде, әке, көрінші көзіме!
Басат басына жете бере қара бура тоқтап, төмен қарап өңкиіп тұрып басын шайқап, мұрнын шуылдатты. Білемін, есті жануар ес алып, күш жиып тұр. Тағы бір білетінім: қара бураға Көпбай сайын өрлеп жотаға шыққаннан гөрі төмен қарай құлдилап түскен ауыр. Бұл түйе деген жануардың тірсегі ұзын, табаны тайпақ Үш қап бидай төмен қарай лықсып дедектетіп тірсегін қияды, жол табанындағы ірілі-ұсақты тас, қып-қызыл құм табанын теседі.
– Айт, шу, жануар!
Қара бура орнынан қозғала берген, жездем сап ете қалды.
– Әлдеш, не, қорқып тұрсың ба? Кел, мінгес!
– Жоқ, қорыққаным жоқ қара бура өзі тоқтады.
– Қара бура біледі қалай түсуді бұл сайдан. Кел, келші, балам.
Жездем екі қолын созып мені түйенің үстінен көтеріп алып, артына бір-ақ отырғызды. Жездемнің қарулы қолы, корқынышты ылдиды қалқалаған кең жауырыны, боз байталдың жерге жақын, жайлы, жаялықтай сауыры көңілімді орнына түсірді.
Қара бура аяғын еппен санап басып кетіп барады.
Жездем, неге екенін қайдам, боз байталды көлденең тартып, қара бурадан көз алмай қадалып қарап тұр. Мен де бір нәрсені күткендей тесіле қалдым. Сол сәт қара бура солтаң етіп алдыңғы оң аяғын көтере беріп сүрініп кетті. Құлақ тесетін ащы даусы шықты. Іле қарулы жануар етбеттеп шөгіп барып тұрып кетті.
– Балам-ай, мен сені қалай аямағанмын?! Қуып жетпесем ғой, қазір қара бураның үстінен ұшып кетпек екенсің. Құрысын, сен ендігәрі бұл басаттан түскенде қара бураның үстінде отырма, түсіп жаяу жүр.
– Қара бура түсірмейді.
– Иә, бұл пәленің сонысы бар. Баланы үстінен жұлып алудан да тайынбайды бұл жаны қиналса. Енді есте болсын. Түйе де, адам да - бәрі де сенен аулақ! Сенен басқа баланы оқытуға жағдай жоқ сен оқы. Оқуың жақсы, қатарыңның алдысың. Осыңнан танба. Сен — менің үміт артқан баламсың.
Мен жорта бұртаң еттім:
– Мен — апамның баласымын.
Жездем кәдімгідей ыңғайсызданып қалды:
– Иә-иә... Сен — апаңның баласысың...
– Жезде, мен бәрін білемін...
– Білсең, жақсы жігіт бол!
Иә, мен білемін, жездем менің келешегіме үлкен үмітпен қарайды.
Шәкен — момын, нағыз қой аузынан шөп алмастың өзі, басына оқу қонбаған, бастауыш мектепті зорға бітірді. Сонымен оқуды тәмамдап, колхоздың қара жұмысына жетілген. Оқыған оза бастаған мына заманда жездем ең болмаса, бір балам оқысыншы деп бар жағдайды маған жасаған.Здән мен Бағдаш оқу жасынан асқанымен, мектеп есігін аша алмай, үйде жүр. Бекежан әлі жас. Сонда біздің отбасымыздағы бес баланың ішіндегі озып тұрғаны — мен. Оның үстіне мен — оқу озатымын. Үлкендер жақсы оқуды кейін жақсы азамат болатын баланың белгісі деп біледі. Жездем де сөйтеді, әрине, іштей тәубасын айтып жүреді. Мұнысын мен қалай да сезетінмін. Жездемнің сенімі үдесінен шықсам-ау деген ой маған әлдеқашан жолдас болған, соған ұмтылумен келемін.
Қара енді, аяғымды сындырып алып апамның арманын, жездемнің үмітін дүдәмал етіп жатқанымды.
Апам үнсіз жатыр жанымда. Мұнысы — мен ұйықтасын дегені. Әйтпесе, қайдан, ол да мен құсап ой түңғиығына батып жатыр, әрине.
Адамның ойынан жүйрік не болсын?! "Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?" Көңіл — бұл мәтел шыққан кездің жүйрігі — көк дөнен тұрмақ қазіргі күннің ұшқыры - көк самолеттен де жүйрік. Ал, сынып қалған аяғына жәудіреп шоқиып отырып қалған ойын баласының көңілі нағыз жүйрік, әне, сол. Қайдағы-жайдағы еске түсіп, бөрі соншама тез ауысады, соған қарамай, бәрі жанды, әсерлі елестейді. Әншейінде елең қылмайтын өмірдің кішігірім үзігінің өзі қимас қалып танытады.
– Әлдеш, ұйықтап жатырсың ба, балам?
– Иә... Апа, ән айтыңызшы!
– Қой! Күнім-ау, ән менің не теңім? Ән қалғалы қаша-ан!
– Апа, мен сіздің әніңізді сағындым, естігім келеді.
– Оны қашан естіп жүрсің?
– Бұ-ұ-ры-ы-ын естігем. Мен кішкентай кезде ауылдың артындағы ұзын сайда отын жинап жүріп талай айтқансыз. Әлдижан ағамды әнге қосып айтқансыз.
– Солай ма, Әлдижан ағаңды мен әнге қосыппын ба? Ол ән емес, жоқтау еді ғой. Қан жұтып зарлау болатын.
Мен абайламай сөйлеп, апамның жазылмас жарасының аузын тырнап алдым.
– Әлдеш, сонда ағаңды не деп жоқтағаным сенің есіңде қалмап па, мен мүлде ұмытыппын.
– Көп емес, аз ғана бірдеңе бар есімде.
– Айтшы соны!
– Айтайын, міне, былай дегенсіз:
Белімді үзіп көтерген, шырағым-ау,
Қайтып қана қайғыңа шыдармын-ау?
Бұрын кетсем өзіңнен, деп тілеп ем,
Болмады ол, көз жасын шыладым-ау!
Әкең кеткен артта бар тұяғым, деп,
Мен жүр едім арманым, қиялым көп.
Тіріліп кеп сорлы әкең сұрар болса,
Қайтіп айтам: "Үзілді қияғың", — деп.
Кеттің, балам, әкеңнің аты өше ме,
Бұл жалғызға қу кұдай болды өш неге?
Жеткізе алмай артыңда қалдым зарлап,
Құптамайды мұны әкең, ал, кеше ме?
Тұлдыр қалдым, тұл қалдым мен қанатсыз,
Жүрермін енді аһ ұрып ел санатсыз.
Құдайым-ау, ажалың қайда сенің,
Құбылаға басымды тез қаратқыз.
– Түу, балам-ай, бұл қайдан қалып жүр есіңде! — Апамның даусы дірілдеп шықты. Бетін тарам-тарам жас жуған. — Тоба-тоба, айналайын ақ құдай, өзің оңда! Осы жарығымды аман қыл, жығылған орнынан тез тұрғыза көр!
– Апа, мен өлсем де өстіп жылайсыз ба?
– Қой, айтпа ондай сұмдықты! Тіпә-тіпә, деп түкіріп таста. Тіпә-тіпә, деші, пәлекет кетеді! Бала деген айта бере ме екен аузына келген сөзді. Жаман сөз құрысын, жақсы сөзді айт. “Жақсы сөз — жарым ырыс".
Мен: 'Тіпә-тіпә!" — деп түкіріп тастадым.
Пәлекет кетті.
Апам да, мен де үнсіз қалдық.
Мен білемін, апамның жаны түршігіп жатыр.
Апам Әлдижан ағама жоқтау айтып көп жылаған. Енді-енді кішкене еңсе көтеріп келе жатқаны — бұл кез. Әсіресе, баласы өлген жылы апамның мұң-шері көз жасы боп көп төгілген. Үйде қайта-қайта дауыс шығару— әбестік, содан да апам отынға көп баратын болған. Әлбетте, жанында мен боламын.
Ауыл артындағы ұзын сайға тобылғы шабуға келгенбіз. Апам түп-түп болып тұнып тұрған қып-қызыл тобылғыны жамсатып шаба бастады. Дәу қара кетпенді басынан асыра көтеріп тұрып сілтеп ұрғанда тобылғы түбінен порт-порт қиылып түседі. Апам маңдайынан шып-шып шыққан терді екі алақанымен кезек-кезек сыпырып тастап, тобылғыны баудай түсіріп жатыр.
Мен де өз ермегімді таптым. Сай қолтығындағы тобылғының, қойнаудағы түп-түп шидің арасынан, одан әрі ұзап, күнгей беттегі қой тастардың астынан жұмыртқа іздеп дамыл таппай жүрмін. Қазір — барлық құс атаулы жұмырт-қалаған шақ, бірақ жұмыртқаның таптыруы қиын. Қалың шөп те, қаптаған тас та торғай мен кекілікті жақсы жасырады. Сонда да қоймай шарқ ұрдым. Көбелек, торғай ұшса, бәрін жерден көтерілгенінен бастап қонғанына дейін көз алмаймын. Соның өзі — ермек.
Апамның аңыраған дауысы шықты:
Тұңғышбай — әкем аты, шешем — Шекер,
Өмірге әкелдіңдер мені бекер.
Жалғыз ұлдан айырылдым, жер жастанды,
Осылай жылауменен күндер өтер.
Ән салдым он жасымда тойды жарып,
Үніме бір дүйім ел болды қанық.
Әсем әнім зар болды, Әлдижан жоқ
Қалай ғана шыдармын жалғыз қалып?!
Менің көзімнен ыстық жас ыршып-ыршып кетті. Жүгірген бойы келіп апамды құшақтай алдым.
Апам кетпенін төбесіне көтерген күйі қалт тұрып қалды.
Бет-әлпетім өзгеріп кетсе керек, апам кетпенін лақтырып жіберіп, мені құшақтай алды.
– Не болды, айналайын?! Бірдеңеден қорқып қалдың ба? Ештеңе жоқ қорқатын.
– Апа!..
Лоқсып кеттім, тамағыма тығылып тұрған өксік лақ ете қалды. Еңіреп жылап жібердім.
Апам бірдеңені бүлдіріп алған адамша ыңғайсызданды:
– О, күнім-күнім! Ендігі өрі жыламаймын.
– Жыламаңыз. Әлдижан ағамды айтып жыламаңыз. Құдайға шүкір, мен бармын ғой...
– Айналайын сенен, қоңыр қозым! Тура айнымаған Әлдижан ағасы! Әкесін жоқтап жылағанымда ол да осылай деп еді. Қойшы сол Әлдижанды, құрысын! Құрымағанда не ол?! Соны аузыма алмай-ақ қойдым ендігі әрі.
– Жоқ апа, жылаңыз! Әлдижан ағамды айтып жылаңыз. Сіз оны ұмыта алмайсыз!
– Ақылыңнан айналайын сенің. Қалай ғана ұмытайын мен Әлдижанды! — Апамның екі бетінің ұшындағы шүпірлеп тұрған майда тер-моншақтарды екі тамшы сызып өтті.
– Сол өзі білген тегі өлетінін. Бүбісара екеуінің сені емшектен шығар-шықпаста әкеліп менің бауырыма салғанында осындай бір сыр болған,сірә. Соғыста өлгенде сөз басқа еді. "Көппен көрген — ұлы той". "Еркек тоқты — құрбандық" дейтін едік. Қырғын соғыстан аман-есен келіп тұрып өлгені қатты батты қарағымның. Лағынет атқыр сұм соғыс әбден өлімші етіп жіберген екен, содан оңала алмай кетті ғой ағаң. Амал бар ма, көнемін де. Айналайын құдайым сені аман қылсын!
Апам мені құшақтап алып, айналып-толғанып, бет-аузымнан түк қалдырмай сүйіп жатыр.
Менің апам — шүйкедей ғана ақ сары кемпір. Кезінде ай жүзі алаулап нұр шашып тұратын сұлу, әнші, ақын қыз болған деседі. Атқа шабады екен. Біздің нағашы атамыз Ыдырыспен апам ат үстінде, қыз қуу кезінде танысқан. Жігіттің жүйрік кер дөнені қыздың ақбоз атына еркін жеткен. Нағашы атамның қылшылдап тұрған жігіт кезі екен, аты басым болған соң қоя ма, тал шыбықтай бұралған сұлу қыздың аш белінен құшақтап та, алаулаған бетінен сүйіп те, тіл қатып та үлгереді.
Ат басымен алысып келе жатқан қыздың құлағына жігіттің: "Мен сені аламын!" — деген сөзі жетті ме, жетпеді ме, белгісіз.
Қыз жауап қатқан жоқ, Көңілді, мәз күліп бара жатты.
Ауылға келген соң сылқым жігіт: “Ақшаның Айша қызына ғашық болдым. Соны аламын, алмасам өлемін!" — деп, басқа тілден де, тірліктен де қалып, теріс қарап жатып алады. Алған бетінен қайтпайтын қайсар ұлы бірдеңені бүлдіріп жүрер деп әкесі Есболат Ақшаларға құда түсуге аттанады.
Ыдырыс атам сүйгеніне қосылып, арманына жеткен, бірақ ғұмыры қысқа болған. Нағашы атамды кәмпеске кезінде Пішпектің Крешке (Григорий) деген көпесі атып кеткен. Крешке жылда жаз бойы Теректіге бір табын сиыр айдап әкеліп бағып семіртеді екен. Ауылда белсенділер көбейе бастаған, айқай-шу естіле берген заман келген жылы жазда Крешке бір түнде сиырын айдап қашыпты. Атам досы Мақат екеуі көпесті малымен жібергісі келмей, қуып шығып, Қордай асып бара жатқан жерінде жетеді. Атам кер тұлпарын ағызып келген бойы көпесті қара шекпенінің етегінен алып аттан аударып тастайды. Сөйтсе, көпестің қойнына тығып жүрген бесатары бар екен, сонысымен атамды атып, қашып кетеді. Мал халыққа бұйырады, атам жазылмас болып жараланады.
Атамды әкесі арбамен Шудың мына Жайсаң жотасы сонау Ташкентке апарыпты.
Жараны көрген доктор басын шайқап тұрып айтыпты.
– Әй, қараңғылық! Осы оқ о баста дененің сыртқы қабатында болған. Сол кезде пышақтың ұшымен шұқып алып тастауға болатын еді. Енді кеш. Бұл – бұрандалы оқ, адам қозғалған сайые жылжып, денеге бойлап кіре береді. Сөйтіпті, оқ тереңдеп кеткен, талай тамырды қиған. Қайтыңыз, балаңызды ертерек үйіңізге жеткізіңіз.
Ауылға әкелген соң атам көп ұзамай көз жұмады.
Сүбеден тиген оқ па еді,
Суырып алар жоқ па еді? — деп басталатын ұзақ жоқтау айтып аңырапты апам.
Апам үш жетімді арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп жұрт қатарына қостым дегенде Әлдижан ағам да о дүниелік болып сорлатты ғой. Арты мынау — апам қайғы жұтып, зар қағады. Жоқтау сөз, шерлі үн ақтарылады кеудесінен.
– Апа — мен сіздің балаңызбын. Мен Әлдижан ағамды жоқтатпаймын сізге. Ат тұяғын тай басар. Мен өсемін, сетілген көңіл жетіледі.
– Балам-ау, мынауың — үлкеннің сөзі ғой. Мұны кім айтып жүр саған?
– Сіз айтқансыз.
– Ә-ә, солай екен ғой. Сөйтесің, күнім, өсесің. Әлдижан ағаңның орнын
басасың.
– Сөйтемін.
– Әлдеш, Әлдижан ағаң неліктен ерте өлетінін біле алмай кетті. Жан тәсілім етерінің алдында менің емшегімді ұстап жатып осыны ойлап дал болды. "Апа, бұл құдайға не жаздым? Қайдам, жан адамға қылдай қиянат жасаған жоқ едім", — деп біраз үнсіз қалды. "Апа, — деді содан соң, қиналып әрең айтты. — Мен Серікбай атамды ренжіткен екенмін ғой. Құдай мені сол үшін жазалап отыр". "Сонда не істеп едің?". "Салығыңызды төлеңіз, әйтпесе, жаман болады, — дегем. — Осы сөзім Серікбай атама емес өзіме жаман болды. Өмірімде кісіні ренжітіп көргенім сол ғана. Атамның назасы өтті маған". Ағаң пинагент (финагент) еді ғой. Серікбай атасына "Салығыңызды төлеңіз" — дегені қызметін орындағаны емес пе?! Соның өзін әбестік көрді-ау, күнім! Аспандағыны алмап, жердегіні жалмап жүрген ана Әшірлерге құдай да, адам да жоламайды.
Жамандық — жақсыға жау. Мейлі енді, амал қайсы? Сен де Әлдижан ағаң сияқты жақсы бол!
– Боламын, апа! Ешкімнің ала жібін аттамаймын, қиянат жасамаймын.
– Ағаңнан айнымаған қалпыңнан айналайын сенің!
Әлдижан ағам сияқты бола алар ма екенмін мен? Өмірінде бір ғана адамның бетіне жел сипаған ғұрлы қауқары жоқ сөз айтқан екен, сол үшін өзін кереметтей жазғырып аттаныпты бүл дүниеден. Ондай адамдар бар ма өзі бұл күнде, бұл дүниеде?! Ондай ғазиз жан көп өмір сүре алмайды. Мейлі, мен Әлдижан ағам сияқты боламын.
Апам кәдімгідей қанаттанып, бекіп, бел алып, тобылғы шабуға қайта кірісті. Кетпенін құлаштап көтере бергенде бір кекілік пар етіп көтерілді де анадай жерге барып қона кетті. Мен тұра жүгіріп кекілік қонған жерге жетіп келіп едім, ол қытқыттап шөп-шөптің арасымен жорғалай жөнелді. Қуып кеп бердім, кекілік безектеп қашып мені әжептеуір жерге дейін ілестіріп барып, ұшты да кетті.
Мен кекілік әуелгі ұшқан жердегі тобылғылардың түбіне үңіліп, ұясын іздей бастадым.
– Мен білсем, бұл жерде ұя жоқ, Кекілік — өте сақ құс, қудың қуы. Ол жаңа біз осында келгеннен бастап алдау қамына кіріскен, сонысын жүзеге асырды. Әрине, оның ұясы осы маңда, бірақ табылуы қиын.
Апам тобылғыны жамсатып жатыр.Ал, мен кекіліктің ұясын іздеп әлекке түстім. Кіп-кішкентай құстан алданғанымызға намысым келді. Тобылғылы сайды қанша шиырлағаныммен ұя табылмады. Сосын жалықтым да шоқ-шоқ болып жатқан тобылғыны құшақтап апамның желеткесі, жібіміз жатқан жерге әкеліп үйе бастадым. Тобылғы үлкен бір арқа болыпты. Апам тобылғыны әдемілеп тұрып буып, тырмыштап көтеріп тұра берді де отыра кетті. Мен ауыр пәле апамның бір жерін үзіп жіберді ме деп қорқып қалдым.
– Әлдеш, кекіліктің ұясы!
– Қане?
– Әне, аяғыңның астында.
Аяғымның астына қарадым, ештеңе жоқ.
Апам тырмыштаған жіпті босатып, орнынан тұрып келіп, сұқ саусағымен нұсқап: "Міне!" — деп көрсетті.
Біз жанына оны-мұнымызды тастаған тырбақ қотыр тобылғының түбінде, жерді шұқырлап салған тостағандай ұяда шұбар жұмыртқалар тұнып жатыр.
– Жұмыртқа!
Мен жұмыртқаға оң қолымды соза бердім, апам білегімнен шап беріп ұстай алды.
– Қой, Әлдеш, тиме, балапан болып қалыпты.
– Оны қайдан білдіңіз?
– Жаңағы кекіліктің ұшқанын естімедің бе, күрік. Бауыр жүні түскен, парылдап зорға ұшты.
Амалсыз қолымды кері тарттым.
Ұяда жайнап жатқан өңкей секпіл жұмыртқа ауылға жеткенше көкейімнен бір кетпей қойды. Ертерек жетсем, балаларға айтсам, деп тағатым таусылып келемін. Мен қанша шыдамсызданғаныммен, апам асықпады. Зіл қара тас су тобылғы аяғын аттап басқан сайын еңсесін езсе, қалай қатты жүрсін. Анда-санда арқасындағы тобылғыға шалқалап сүйеніп отыра кетіп, тырмышты босатып, иығына жіп астына салған орамалды алып, шүмектеп ақкан терін сүртеді.
Менде апама көмектесер қауқар жоқ өзімнен-өзім шаршап, есінеп отыра кетемін.
– Балам, босқа шаршадың-ау. Ендігі әрі сені ертпеспін, деді апам.
Қайда-ан, апама қара керек.
– Әлдеш, жүр, екеуміз біраз тобылғы шауып келейік, деп өзі қолқа салады отынға жиналғанда.
"Екеуміз" дегендегі менің бітіретінім осы — апамның қасында салақтап босқа жүру, шаршау, жалығу.
Бүгін — көңілдімін. Кекіліктің қулығын, оның ұя толы жұмыртқасының аяғымыздың астында жатқанын көрмей, іздеп әлекке түскенімізді айтып, балалардың аузының суын құртамын.
Бірінші болып кім кезігер екен?
Біз үйге жақындап қалғанда Әлібек шықты алдымыздан. Апамнан оңашалай бере Әлібекке бәрін айттым. Әлібек сенбеді:
– Ой, қой, сықпыртпа өтірікті!
– Рас.
– Қайдағы, торғайдың жұмыртқасы шығар.
– Құдай бар, рас.
– Құдайыңа кім сенеді сенің?
– Шесни пионерски.
– Пионерді де сөз деп.
– Шесни Ленински.
– Бәрібір, өтірік.
– Не, Аенинге де сенбейсің бе сен?!
– Ленинге сенем, саған сенбеймін.
– Мен Ленинді кепілдікке тартып тұрмын, ал, сен сенбейсің. Бұл дегенің...
Әлібек шошып кетті, сөзімді аяқтатпады. Мейлі, сонысы дұрыс болды, өзім де не айтарымды білмей қалып едім.
– Жоқ ағатай, сенемін!
Ленин — біздің атамыз,
Саясына жатамыз.
Қарсы келген жауларды,
Қақ жүректен атамыз.
– Жар-р-райсың, жігітім!
– Енді қалай деп едің? Жүр, кеттік ұяға.
– Қой, не бар, жұмыртқа балапан болып қалыпты.
– Мейлі. Менің атам балапан болған жұмыртқаны жей береді, әкеліп береміз.
– Жүр онда.
Біз демімізді ішке тартып, аяғымызды еппен басып тырбақ тобылғыға жақындадық. Шынымен білдіртпедік пе, қайдам, кекілік ұшпады. Төніп келгенде бір-ақ көрдік, кекілік ұя басқан күйі қыбыр етпей жатыр. Бүрісіп жағал басы кіп-кішкентай болып кеткен, екі көзі қып-қызыл.
– Мынау қайтеді-ей?!
Әлібек жерден тас алмақ болып еңкейе берген, кекілік жан шошырлық дыбыс шығарып ұша жөнелді.
Қарап тұратын Әлібек пе, дереу ұяға қол салды. Бір жұмыртқаны ұядан шапшаң ала салып, әй-шәй жоқ, тасқа қойып қалды. Жұмыртқа бырш етіп парша-паршасы шығып, қызыл шақа балапан жыбырлап жатты тас үстінде. Лоқсып, теріс айналып кеттім. Қайта қарағанымда Әлібек жейдесінің етегіне жұмыртқаны толтырып салып алыпты.
– Әлібек, қой, қайта сал андағы жұмыртқаларды ұясына!
– Неге?
– Обал.
– Ештеңе етпейді. Табиғаттың байлығы — адамның азығы. Көр де тұр, атам осылай дейді де бұлардың бірін қалдырмай жеп қояды.
Әлібектің үйіне жақындаған сайын жүрегім дауаламай, алабұрта берді. Бір жайсыздықтың боларын күнілгері сезетін сияқтымын.
– Қазір атам қатты куанады. Жүр, кір үйге.
Әлібек аңқылдап түпкі үйге кіріп кетті де мен ауызғы үйде қалып қойдым.
Іштен Оңғарбай атамның қарлығыңқы даусы шықты:
– Мынау не етегіңдегі?
– Кекіліктің жұмыртқасы.
– Не дейді? Сен ақымақ бұл уақытта кекілік балапан шығаратынын білмейтін бе едің?
– Білем.
– Білсең, не қыл деп әкелдің бұларды?
– Сіз жесін деп әкелдім.
– Жегені несі? Есің дұрыс па өзіңнің?
– Бұрын жедім дегеніңіз қайда?
– Қап, мынаны-ай, а! Не деп тұрсың сен өзі?! Мен оны жесем, отыз екінші жылғы ашаршылықта жегем. Онда бұл тауда кекілік тұрмақ торғай қалып па еді. Мен айтсам, сол қиямет жылғы тартқан тауқыметті айтқанмын. Сендейлерге сабақ болсын дегенмін. Біздікі — жансақтаудың далбасасы болатын, сендердікі — мейірімсіздік. Көрсетейін мен саған жаны ашымасты!
Апыр-топыр болып қалды.
– Ойба-а-ай, өлдім! Апа-а!
Зытып кеп жөнелдім.
– Әй, оңбағандар, тоқтаңдар! Жандарыңның барында апарып тастаңдар андағы жұмыртқаларды ұясына. Қанша қашқандарыңмен, құтыла алмайсыңдар менен.
Артыма қарасам, Әлібек өрі қарай қашыпты, етегінде жұмыртқа, адымын жаза алмай, жорғалап безіп барады.
Есіктің алдында әппақ жейде-дамбал киген Оңғарбай атам тұр.
Атам дұрыс айтады, одан қайда қашып құтыламыз? Осы қазір тілін алып тоқтасаң, жақсы, тоқтамасаң, ерінбей- жалықпай торы биесіне міне салып қуады.
Мен кілт тоқтадым.
Әлібек, әлбетте, әкесінің сырын жақсы біледі, бері бұрылды. Мен де атама қарай жүрдім.
Әлібек те, мен де лажсыз, басымыз салбырап, Оңғарбай атама жақындап келеміз. Екеумізде де үрей қалмаған, атам оқыс қимыл жасаса, қашуға дайынбыз.
– Ой, бұларың нелерің? Атам қолындағы жалғыз жұмыртқаны салмақтап қойды. — Қараңдар, міне, жұмыртқа ауыр тартқан. Бұл — балапан шығуға жақын деген сөз. Адамда аяу деген болмайтын ба еді былай бір. Барыңдар, ұясына апарып салыңдар жұмыртқаларды. Ол кекілік сорлы бұларды енді баспай, жеріп те кететін шығар. Сонда да барыңдар, апарыңдар. Бұл жұмыртқалардан шыққан балапандар өріп, кекілік болып, ертелі-кеш беткейде қақылықтап жүрсе, жаман ба еді? Қап, Тобылғылы сай қаңырап бос жататын болды енді! Ал, жөнеліңдер!
Біз Оңғарбай атамнан қорқып біраз жер ілбіп басып бардық та, қайтадан мәмірежай қалыпқа ендік.
– Алданыш, түсінсем, бұйырмасын, атам неге сонша бүлінді?
– Ой, өтірікші, "Атам балапан болып қалған жұмыртқаны жей береді" — дегенің қайда?
– Қайдан білейін, өзі айтқан, сөйтсем, бұрын-ашаршылықта жепті ғой.
– Қай сөздің қай заманға арналып айтылғанын ажырата білу керек, бала.
– Ой, данышпаным-ай! Алданыш, ағатай-ай, қояйықшы осы әңгімені! Ешкімге де айтпайық мә, ұстап көрші құлақ-шекем әлі жанып тұр.
– Сол керек саған! Өтірікшіге бұл — аз. Өтірікшіні өлтірсе болады. Өтірік айту -өліммен тең.
– Рас айтасың. Данышпансың сен. Өтірік айту — өліммен тең. Өте дәл айтылған сөз, жоқ мақал. Өзің шығардың- ау, деймін?
– Шығарса, несі бар?
– Алданыш, бұдан былай мен сені ''Данышпан", — деймін. Сөйтемін де әр ақылды сөзің үшін данышпандығыңа бір дәреже қосып отырамын. Мен мұны басқа балаларға да айтамын. Сөйтіп бәріміз сенің данышпандығыңның дәре- жесін санап жүретін боламыз. Міне, енді есеп ашылды. Кіріс, өсір дәрежеңді, данышпан!
– Сөзің құрысын!
– Неге?
– Мен ешкім де емеспін, Алданышпын, апамдарға — Әлдешпін.
– Рас, Алданышсың, Әлдешсің. Алданыш - атың, Әлдеш-еркелеткен атауың, данышпан - атағың.
– Әй, қойшы, адамға өз атынан басқаның бәрі артық.
– Міне, бұл да ақылды сөз. Тағы бір дәреже қосып қою керек. Демнің арасында данышпан үш дәрежелі болдың. Дәрежең өстіп өсе береді енді.
– Қойшы соныңды, бай болғыр, өспей-ақ қойсын.
– Жоқ өссін. Өседі. Сен — ақылды баласың. Тек сенің әр ақылды сөзіңді есепке алып отыру керек.
Бұл Әлібек енді айтқанынан қайтпайды. Оның үстіне өзіңді біреу мақтап жатса, қыңырайып неге керек. Мен жеңілдім:
– Әлібек, мақұл, сенікі жөн.
– Мақұл болмай қайда бармақсың, шындық солай болса. Қой, одан да мына жұмыртқаларды салайық ұясына.
– Сөйтейік, әкел.
– Әлібек етегіндегі жұмыртқаларды біртіндеп маған бере бастады. Мен сәндеп жұмыртқаның сүйір жағын жоғары қаратып қойып жатырмын.
– Неге өйтіп сөндеп жатырсың, тездет!
–Асықпа. Осылай салу керек. Сен білмейсің бе, балапан жұмыртқаның сүйір жағын тесіп шығады. Балапанның басы осы жағында, тұмсығын жоғары қаратып қою керек.
– Бәсе, данышпан демеп пе едім, данышпансың сен. Төрт дәрежелі болдың.
Жұмыртқа ұяға салынып болды.
Әлібек күрсінді.
– Кекілік келер ме екен ұясына?
– Келмейді.
– Келеді. Келетін шығар. Келеді, деші, Әлдеш, ағатай.
– Қайдан келсін?! Келді ол бағана біз кете салысымен, суық ұяны көріп бауыры суып кетті. Күдер үзді, енді жоламайды.
– Әй, данышпаным-ай! Бір жолға данышпан болмай-ақ ақымақ болсаң қайтеді?
– Осы кекілік ұясын қайта басар болса, ақымақ тұрмақ одан арғысы да болар едім, келмейді ғой.
Кекілік шынымен келмеді.
Біз ұяны араға күн салмай көріп кетіп жүрдік. Тырбақ тобылғы түбінде он жұмыртқа еш өзгеріссіз жата берді. Біздің ақымақтығымыздың айғағындай болып бедірейген пәлелерден жерге қар түскенде барып бір-ақ құтылдық- ау! Қалың қар он жұмыртқа тұрмақ одан зорды да басып қалды.
Он жұмыртқа! Он жұмыртқаны жарып шыға алмай қалған он балапан! Оларға қиянат қылып, өмірін қиған — бізбіз. Обалына қалдық!
Аяғым сынып, бейшара болып жатқаным сол он балапанның наласы болар!
Он балапан! Кербұлақтың Тобылғылы сайының сәні бола алмай қалған он кекілік!
– Уһ, жаным!
– О не, қарағым, аяғың ауырып жатыр ма?
– Жоқ жаным ауырып жатыр.
Апам шошып кетті:
– Не дейді?! Жаны ауырғаны несі?!
– Апа, ана жылғы кекіліктің он, жоқ, он бір жұмыртқасы бар еді ғой, сол есіме түсіп, аяныш өзегімді өртеп барады.
– Сен емес, Әлібек түйнек еді ғой олардың обалына қалған. Сынса, соның аяғы сынуы керек еді, құдай сені жазалаған екен ғой. Қиянаттың арты осы қапа. Айналайын ақ құдай, бір жәрдем ете көр пендеңе!
– Апа, әнді қашан айтасыз енді?
– Әлі күтіп жатыр ма едің ән айтқанымды?
– Иә. Сіз ән айтсаңыз, аяғымның ауырғаны қояды.
– Онда айтайын.
Апам:
– Әу! — деп ән бастады. Онысы ән емес, шерлі үн еді.
–Мұнысы несі, даусы құрғыр қайда кеткен?
Апам тамағын кенеп жөткірініп алды.
Қайдасың, қайран даусым, хал қалайсың-ау,
“Ән айт!"— деп Әлдеш балам — қолқалайсың-ау.
Жазылар болсаң, жаным, осы әнімнен,
Демедім мен мұныңды "Бұл қалай сын-ау?"
Апам ақтарылды дейсің бір.
Сынған аяқ та, жарты көңіл де, маздап жанған от та, төніп тұрған қорқыныш та — бәрі-бәрі де жайына қалды.
Қып-қызыл жалын алауынан ба, жоқ жан тебіренісінен бе, апам ерекше нұрланып кеткен. Күндізгі шүйкедей ақсары кемпір ай жүзді аруға айналған. Маңдайын, екі бетін тарам-тарам сызған әжімдер тегістеліп, ақтоқаш болған.
Апам маған арнап айтқан өлеңіне түгелдей өз өмірін арқау етіп ұзақ жырлады. Сондағы айтқаны: өмірім менің өң өзек өртер өксік. Дегенмен, өткенге өкініш жоқ Ұзақ жар болу бұйырмаған Ыдырыс та, әкесіне баруға асыққан Әлдижан да өле берсін, мейлі. Тәуба, Әлдеш бар! Құдайдан енді осы шырағымның тілеуін тілеймін. Осы аман болсын, аяғы тезірек жазылсын. Қатарының алды болады Әлдеш әлі-ақ Кім болса, ол болсын, тірі болсын, кұлыным! Айналайын ақ құдай, Ыдырыс пен Әлдижанға бермеген өміріңді Алданышқа бере көр! Алданыш тірі болса, ана екі сормаңдайдын әруақтары аяқ асты болмай, түтіндері түтейді. Алданыш барда менің төрт құбылам түгел, табалдырығым тапталмайды. Өмір жасың ұзақ болып, өркенің өссін, Әлдеш балам!
Мен апамның бұл үмітінің үдесінен шыға аламын ба?
Апамның көрген азабы көп қой, көп! Қайғысы қаншама!
Қалай ғана азабына арашашы, қайғысына қалқан бола аламын?!
Апа, мен — сенің балаңмын!
– Әлдеш, жетті-ау деймін, қояйын ба?
– Қойыңыз.
– Аяғың ауырғанын қойды ма?
– Қойды.
– Онда ұйықта, мен де дамылдайын.
Шалқамнан түсіп жатырмын.
Апам менің оң тіземе басын сүйеп жантайған, бір уыс болып бүрісіп жатыр. Кешке дейін көрген қорлығы, менің жағдайымды ойлап бір тыным таппағаны титықтатып тастаған ғой, демде қор ете түсті. Өз қорылынан өзі оянып, қимылдап қойды. Қайта корылдады, қайта оянды. Әрине, өз қорылын өзі естіген жоқ.
–Көзім ілініп кетті ме, немене? Қорылдадым-ау деймін,-деді апам ұйқылы-ояу.
– Сөйттіңіз. Ұйықтаңыз.
– Мені қойшы, өзің ұйықта.
Апам қайта ұйықтап кетті.
Мен ояумын.
Кербұлақ аспаны-ай, шіркін!
Аппақ сүттей ай, сансыз жұлдыз жерге ақ шілтер — нұр сәуле төгеді. Сол алып шілтердің сансыз шашақтары саулап түсіп, Кербұлақ тауларына ілініп тұр. Өзім жақсы білетін Жетіқарақшы, Темірқазық жұлдыздарын тауып алып, әлсін-әлсін қарап қоямын. Жетіқарақшының алып шөмішінің бұрыш-бұрышындағы жұлдыздар кезек-кезек көз қысады. "Балақай, аяғың сынып қалды ма?" — деп аяушылық білдіргендей болады. Айналайын-ай, жұлдыздар, көмектесе көріңдер! "Жараны, сынған сүйекті айға, жұлдызға көрсетсе, жазылып кетеді", — дейді үлкендер. Рас айтады. Міне, көріңдер, жарық ай, сәулелі жұлдыздар, мен сендерге сенемін. Сендер жаза аласыңдар менің аяғымды". "Мақұл, Жазамыз. Әлі-ақ екі аяғыңды алшаңдап басып окуға барасың. Әне, біздің көмегімізді ана жұлдыз алып бара жатыр".
Ай мен жүлдыздың ем-домын ақ жебесінің басына іліп алып, маған қарай бір жұлдыз ағып келе жатты. Жүрегім су ете түсті. Мына жұлдыз аққан күйі келіп менің аяғыма жабысады, сөйтіп тесіп өтер. Жоқ жұлдыз артына тез өшіп жатқан ақ жолақ қалдырып барып, өзенге шолп етіп түсті. Кербұлақ та қорқып қалған-ау, сірә, күр-күр еткен дыбысы келіп жетті құлағыма. Енді сол күріл үзілмей, талмай естіліп тұрды.
... Күр-күр...
Екі аяғымды суға салып қойып жағада отырмын. Оң аяғымның табаны жыбыр-жыбыр ете қалды. Аяғымның басына қарадым, бір шортан зулап келіп табаныма жабыса кетті. Аяғымды судан жұлып алдым.
Қара саным зірк етіп, екі бөлінді. Миыма біреу ине сұғып алғандай тыз етіп, құйқам шымырлады.
– Апа-а!.. »
Басымды жерден жұлып алып, екі қолыммен аяғымның сынған жерін қатып ұстап бүрісіп отырып қалдым. Екі көзімнен екі тамшы ыршып түсті.
Апам да менімен бірге оянған екен, не болып, не қойғанын білмей, маған үрейлене қарады.
– Не болды, балам? Жат, жата ғой, күнім!
– Жатпаймын. Жаман түс көрдім.
– Жата ғой. Түсті түнде айтпайды. Ертеңгілік айтасың, жақсылап жорып беремін.
Мен қандай да бір түйсікпен жатсам, көзім ілініп кететінін, сол заматта жаман түс көріп, аяғым шоршып кетіп, зірк етіп қатты ауырып қалатынын сеземін. Ұйықтаудан қорқамын. Қанша тырысқаныммен, қалғып кетемін ғой, сонда қандай түс көрер екенмін? Жақсы түс көрсем екен. Бәрібір мен қандай түс көрсем де апам жақсылыққа жориды.
Түс ертеңгілік аспанда қалқып тұрады, қалай жорыса, солай қарай ағып түседі екен. Түсті жақсы жорысаң, жақсылыкқа, жаманға жорысаң, жамандыққа кез боласың.
Апам айтады:
– Бір бай, батыр кісінің жас келіні түс көріпті. Түсінде екі емшегін екі бөлтірік еміп жатыр екен.
Келін түсінен шошыпты. Ертемен бір қырдың арғы жағындағы атасының ауылына қарай екі өкпесін қолына алып ұшыпты.
Келсе, атасы ауыл сыртындағы төбеде отыр екен.
Келін біраз күтеді, атасы келе қоймайды.
Келіннің қайын сіңлісі оянып, жеңгесінің неғып ертелетіп жүргенін сұрайды. Келін атасына түс жорытқалы келгенін айтады.
– Маған айт, жоримын, — дейді қыз.
– Жоқ атама жорытамын, — деп келін түсін айтқысы келмепті.
Сөйтсе, ерке тотай қыз айтпасқа жанын қоймапты.
Келін айтуға мәжбүр болыпты.
– Түс көрдім. Түсімде екі емшегімді екі бөлтірік еміп жатыр екен, — депті келін.
– Ойбүй, сені екі қасқыр жейді екен! — депті қыз.
Келіннің үрейі ұшып, ауылына қарай тұра жүгіріпті.
Келіннің келгенін, асығыс кеткенін атасы төбе басында көріп отырыпты.
Қария есіктен кірісімен:
– Келін неғып жүр, асығыс қой,— деп сұрапты қызынан.
– Сізге түс жорытайын деп келіпті. Түсін мен жорып бердім, — дейді қыз.
– Иә, қандай түс екен?
– Түсінде екі емшегін екі бөлтірік еміп жатыр екен.
– Қалай жорыдың?
– Сені екі қасқыр жейді екен, — дедім.
– Қап, әттеген-ай! Тез шабыңдар, қуып жетіңдер! Келін елін қорғайтын ер болатын егіз ұл туады екен! — деп қария келіннің артынан адам шаптырыпты.
Шабарман атын ағызып белге шықса, сай табанында келінді екі қасқыр жайратып жеп жатыр дейді.
Келіннің құрсағында, шынында да, егіз ұл бар екен.
Сонда қария өңі бұзылып отырып айтыпты:
– Түс ертеңгілік аспанда, адамның дәл үстінде қалқып тұрады, қалай жорыса, солай қарай ағып түседі. Түсті түсініп, жақсыға жору керек.
Қандай аянышты. Түс жори білмейтін еркетотай қыздың кесірінен ел жақсы келіннен, ер болатын егіз ұлдан айырылып қалыпты.
Менің апам керемет түс жорығыш, ылғи жақсыға жориды.
Ұйқы — дұшпан. Қанша ұйықтағым келмегенімен, қалғып кетіппін.
– Әлібек екеуміз жарысып келеміз. Диірменге баратын жолдағы арықтан секіріп-секіріп кеттік. Арғы жағаға топ-топ ете қалдық. Үшкір тасты тап басыппын, кірш етіп табаныма кіріп кетті. Көзімнің алды жарқ ете қалды. Қара саным шорт үзіліп, бүгіліп отыра кеттім.
– Ойбай, аяғы-ым!
– Не-не?.. Қатты шошыдың ғой, тегі. Тіпә-тіпә...
– Апа, тағы жаман түс көрдім. Қара саным шорт үзілді. Көзім ілінсе болды, жаман түс көремін.
– Түстің жаманы болмайды, бәрі жоруға байланысты. Айттым ғой, ертең ертемен түсіңнің бәрін жақсылап жорып берем. Қазір шыда. Саған енді бәріне шыдау керек.
– Шыдаймын.
Апам жалыны әлдеқашан сөніп, шоғы күлімсіген отқа тезек қалады.
... Біреу аяғымның дәл сынған жерінен түртті.
Көзімді ашып алдым, көк биесінің үстінде маған төніп Қамбабек тұр. Тұмсығымен түрткен көк бие екен. Енді аузын арандай ашып, қара санымнан тістемек болды. Мынау қайтеді-ей! Аяғымды тартып қалдым, селк етіп, көзімді ашып алдым.
Қандай да бір сәуемен түс екенін біліп жатырмын. Өң мен түс араласқан өмір үзіктері өтіп жатыр көз алдымнан.
Өлген адам неге кіреді түсіме? Адамның түсіне өлгеннің кіргені — жаман.
Ия, алла, Қамбабектен аулақ ете көр!
Қалғып бара жаттым.
Қамбабек қайта төніп тұр маған көк биесінің үстінде.
– Әлдеш, мені ұмытып қалғансың-ау деймін!
Қамбабек мұңайып үндей алмай қалды.
Аяп кеттім.
– Қамбабек, сені мен де, басқа балалар да ұмытқанымыз жоқ.
– Ұмытпасаң, есіңе түсірші менің тірі күнімді.
– Мақұл. Қазір. Қамбабек, сен біздің ауылдағы атқа ең үйір бала едің. Әкең Жетібай соғыстан қайтпай қалған, Қайыр атам мен Жұмақыз апам сені кішкентайыңнан бауырына басқан. Сені жұрт: "Қайырдың баласы", — дейтін.
– Әлдеш, сен қу екенсің-ей, мұны қайдан біліп жүрсің? Әй, қойшы, біздің ауылда ұрлық жатушы ма еді. Мейлі, айта бер.
– Қамбабек, біз сенің үйіңнің маңайында ойнауды жақсы көретінбіз. Неге? Бізді көрген сайын сенің апаң бәрімізді асты-үстімізге түсіп айналып-толғанып, қолымызға қандай да бір жейтін нәрсе ұстататын. Бірде күлше, бірде құрт, бірде ірімшік үлестіретін. Соларын әдейі дайындап қоя ма, қайдам, бізді көрді болды, үйіне кіріп кетіп, демнің арасында алып шығатын. Ең қызығы қуырған бидайды, яки жүгеріні орамалын жая салып, шашып жіберіп: "Балаларға бидай шаш, тауықтарға тары шаш. Ал, теріп жеңдер" - дейтіні еді.
Біз, шынында, тауық құсап шүпірлеп, дәнді бір-бірлеп ауызға атар едік.
– Рас, айтасың-ей, сендерге мен де қосылып кететінмін,
– Ия, сөйтетінсің.
– Әлдеш, сен айтшы, маған не болды өзі?
– Қамбабек, өзің айтшы, не болды!
– Мен айтсам, мына көк бие — кісәпір жылқы. Мұны өрісте жүрген жерінен ұстау — қиямет-қайым. Көк биені менен басқа жан адам ұстай алмайды. Менің мұны ұстайтын әдісім бар. Шылбырды беліме байлап, ұшын күрмектеп алып, оттап тұрған көк биеге ақырын-ақырын басып артынан жақындап, құйрығынан шап беріп ұстай алып, дереу күрмеуге іліп жіберемін, тас болып байланады да қалады. Енді шылбырды шірене тартып, көк биені айнала жүгіріп, алдына шығамын да басын жүгенге сүңгіте саламын. Бүгін де сөйттім, айнала жүгіріп жүргенде аяғым тайып кетіп, мұрттай ұштым. Көк бие үркіп сүйретіп ала жөнелді. Опыр-топыр басталып еді, бәрі жым-жырт болды. Арғы жағы не болды, білмеймін. Әлдеш, сен білсең, айтшы.
– Айта алмаймын, аузым бармайды.
– Айт. Мені аяйсың ә, аямай-ақ қой. Мен — өлген адаммын. Мен өлгенде атам мен апам қайтті, ең болмаса соны айтшы.
– Қайыр атам сенің денеңді сүйретіп келген көк биені кеңірдегінен орып жіберген. Апаң бізге бұрынғыдай тамақ үлестіргенді қойған. Біз сендердің үйлеріңнің маңына ойнап бармаймыз, біртүрлі ыңғайсыз. Оның үстіне біз жоғарғы Барлыбайға көшіп кеттік қой.
– Әлдеш, кел көк биеге мінгес.
– Жоқ, болмайды. Аяғым ауырады.
– Аяғыңа не болды?
– Сынып қалды.
– Ой, соны да сөз деп. Сен шыдамтал едің ғой, көтер аяқты.
Мен аяғымды көтере бердім, көк бие үркіп атып кетті.. Қара саным қақ бөлінді.
– Апа-а-а! Қамба-а-бек!
– Әлдеш-Әлдеш, не болды?
– Қамбабек түсіме кірді.
– Қайтіп?
– Кел, мінгес деп қолын соза беріп еді, көк биесі үркіп, Қамбабекті ала жөнелді де ғайып болды.
– Сен мінгескен жоқсың ба?
– Жоқ.
– Тіпә-тіпә!Жақсы бопты. Құдай сақтаған екен.
– Қалайша?
– Ертең айтамын. Ұйықта.
Бұл түстің жоруын апамсыз-ақ біліп жатырмын. Көк биеге мінгесіп, Қамбабекпен бірге кетсем ғой, менің де өлгенім. Аяғымның сынғаны қандай жақсы болған! Үзеңгіге салуға жарамады, әйтпесе ғой Қамбабектің көңілін қимай мінгесер едім. Құдай сақтады.
... Екі жағымда екі ұлы: Қаратай мен Сыпатай, әңгімені соғып Кәттай атай отыр біздің үйде.
Кәттай атай — менің әпкемнің жақын туысқаны. Бұл кісілер біз Бөкей ауылында отырғанда-ақ көшіп кеткен Қордай жаққа.
– Мен мына Алданышты сабағалы келдім, — деді Кәттай атай бір кезде.
Апам шап ете қалды:
– Неге?
– Бұл біз туралы жаман өлең шығарған.
– Әлдеш, рас па?
– Рас.
– Ол қандай өлең?
– Айтайын ба?
– Айт.
– Айтсам,
Кәттай-шоттай,
Жанған оттай.
Сылдырлаған Сыпатай,
Қатыны өлген Қаратай.
Апам күлді:
– Қызық екен.
– Айша, сен өйтіп жел берме балаңа. Менің мұны сабайын дегенімнің тағы бір себебі бар, қарашы мына Сыпатайдың маңдайына.
– Ал, қарадық несі бар?
– Қарасаң, ана ай қасқаны көрген шығарсың.
– Ештеңе жоқ кішкентай сызат қалыпты.
– І-і, ұмытпаған екенсің ғой.
– Қайтіп ұмытайық қатының екеуің шаңымызды қақпап па едіңдер.
Кәттай атай маған қадалды:
– Сен не дейсің, Алданыш?
– Мен не дейін, сонда айтып едім ғой, ойнап жүріп лақтырған тасым абайсызда Сыпатайдың басына тиіп кеткені рас.
– Рас болса, әкел бері басыңды, мен де ұрайын сенің маңдайыңнан мына таспен.
Кәттай атай оң қолындағы жұдырықтай тасты көтере берді.
Оңайшылықпен тасқа басын кім тоссын, орнымнан атып тұрдым.
Сол аяғым тіреуге келмей, тыраң астым
Көзімді ашып алдым. Бәрі зым-зия жоқ болды.
Мен енді қайтып кірпік ілгенім жоқ
Аяқтың азабы осылай басталды.
Ертеңіне әрі өткен-бері өткеннің бәрі тоқтап, көліктерінен түсіп, менің аяғымды көріп, адам аярлық халіме өз пікірлерін білдірумен болды. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай бәрінің бірден сұрайтыны: "Аяғың қимылдай ма?" Менің айтатыным: "Қимылдайды". "Қане, көрсетші". Үнсіз, құлықсыз көрсетем, аяғымның басын қимылдатам. Көреді де бір-ақ қорытындыға келеді бәрі: "Аяғың сау. Сынбапты. Сынса, қимылдамайды. Жәй еті кеткен".
Апам кәдімгідей иланып қалады, ал, мен сенбеймін. Қалай ғана сенейін, кеше аяғым қара санымнан қақ бөлініп, ет пен сіңірге ілініп, созылып сұлап жатқан жерінен тіземнен қос колдап ұстап тартып, қоғамдап қойдым ғой. Түні бойы шоршығаны да сынғанының белгісі. Сүйек ілінгенше өстіп шоршығаны шоршыған енді. Өз түйсігім осындай ой түйгізді. Сонда не істеу керек? Аяқты қозғалмайтын қылып таңу керек. Әлбетте, оны жасайтын адам дәрігер немесе оташы. Мына иесіз қалған Кербұлақта қазір оның бір де біреуі жоқ, Жалғыз мият бар, ол — жездем. Ал, жездем Шудан поезбен Шоқпарға бүгін келеді. Келісім бойынша бүгін бергі жағынан мен атпен барып, жездем сонымен ауылға қайтатын еді. Тірлігіміздің астаң-кестеңі шықты, оқу да, басқа да жайына қалды. Мен орнымнан тұрып, аяғымды қара жерге қаймықпай қадап басқанша хош, дей тұрамын бәріне.
Шәкендерден әлі хабар жок,
Әпкем жандалбаса қылып төменгі ауылға кеткен.
Төменгі ауыл — "Қарауылтөбе" колхозының жұрты. Ондағы иесіз қалған тамдардың ортасында Тоқтардың шешесі Рахия апай мен қайын енесі Тоқай апай отыр. Тоқтар әйелімен сиырда, екі кемпір ескі жұртта қалған, азынаулақ бақша бағады.
Әпкем Тоқтардың шешесі екеуі бозінгенге мінгесіп келді. Екі өркеші екі баладай семіз інген үркектеп, біздің жанымызға зорға жақындады.
Інген шөгерілді.
Үш ана ақылдасып, мені ауылға інгенге мінгізіп апармақ болды.
Мен зәрезап болдым:
– Мен бұған қалай мінемін? Сынық аяғым салбырап үзіліп түсер.
– Ештеңе етпейді, аяғың сынған жоқ, еті кеткен,— деді әпкем.
– Сөйткен, ауырып қалған, — деді апам.
– Ал, онда көтеріп мінгізейік інгенге, — деді Рахия апай.
– Апа, мен сынған дедім ғой аяғымды, сынған.
– Кім біледі, елдің бәрі: “Еті кеткен", — дейді ғой.
– Ел айта береді.
– Сонда да көрейікші былай көтеріп.
– Айтқанға нанбадыңыздар гой, мейлі онда.
Апам мен әпкем мені екі жағымнан керемет еппен ұстап көтеріп, інгенге қарай аяқ баса берген, семіз інген атып тұрды. Үркіп, тапырақтап анадай жерге барып, бізге одырая қарап тұр.
Мұның өте дұрыс, жануар!
– Қой, бұл болмайтын тірлік екен.
Апамдар мені қайтадан орныма отырғызып жатты.
Сол сәт, қайсысының абайсыздық жасағанын қайдам, әйтеуір аяғым шықыр-шықыр ете қалды.
– Әміржан, Әлдештің аяғы сынғаны рас екен! Енді қайттік? Алла-ай!..
–Сіз де естідіңіз бе, сүйегі шықырлап кетті ғой. Құдай өзің сақтай гөр!
Апамның да, әпкемнің де жүздері қарауытып шыға келді. Екеуі де менің көңілімді аулағанда, сақтықты ұмытып кеткен. Әрине, олар аяғымның сынғанын алғаш көргенде-ақ білген, бірақ көңілдері жамандыққа қимай, әрі мені қорқытпайын деп сыр бермеген. Ақыры көздері анық жетіп, естері шығып, жандарының шырқырағанын менен жасыра алмай қалды.
Есек дәме үзілді.
Түстен кейін колхоздың екі аттық арбасымен Шәкен мен Кенен келді. Ағам мен жеңгемнің, Вова барып айтқан соң, бригадирден рұқсат алып жеткені осы болыпты.
Мені шаршы киізге жатқызып, төртеуі төрт бұрышынан көтеріп әкеліп бетімен-бет қылып шөп салған ырдуанға жатқызды. Апам, әкпем, Кенен жан-жағыма қаумалап отырды.
Шәкен:
–Ал, жөндеп отырыңдар! Алданыштың аяғын абайлаңдар. Шүу,— деп божы қақты.
Аттардың ақырын аяңымен арба онша селкілдемей, жайлы жылжиды.
Мен шалқамнан түсіп аспанға қарап жатып, арба дөңгелегінің жерге тигенінен қай тұста келе жатқанымызды біліп келемін. Біз орнымыздан қозғалған соң арба дөңгелегі біраз саздың жұмсақ топырағын басып отырды. Саз біткен соң жол Атабек төренің үйінің артындағы қырға шығып, жер тастақ тартады. Одан әрі қарай сазға құлап, тағы бір қыр асып, Екіашаға келеміз. Әбиірбай сайымен ағып келген бір құлақ су Кербұлаққа құйылар жерден өткен соң Қарақайнар тұсындағы кең қарын саз басталады, одан әрі бір мұрын айналғаннан кейін біздің ауылдың аяғындағы ұзын сазды көктеп өтеміз.
Мен жолдың ұзына бойымен демнің арасында осылайша ойша жүріп өттім. Енді ырдуанда қозғалмай шалқамнан жатып арабамен жүріп өтемін.
–Апа, қалың қамыстың тұсына келдік пе?
–Ия. Оны қайдан білдің?
– Білемін.
Арбадағылар бір-біріне таңдана қарасты.
– Жер бедерінен біліп жатыр, — деді Шәкен.
Шәкен дәл тапты. Неге екенін, ешкім әңгімені әрі қарай жалғастырған жоқ.
– Апа, жалғыз талдың тұсына келдік қой,ә?
–Дәл тұсынан өтіп барамыз.
– Ой, тоба-ай, мұның бәрін қайдан біліп жатыр бұл бала?
– Жаңа айтпадым ба, жер бедерінен біледі деп. Сан рет жүрген жол, оның табанының қай жерінде не жатқанына дейін белгілі бізге. Менің де аяғым сынып, өстіп жатайыншы арбада шалқамнан түсіп, бұл құсап қамыс, тал демей, дөңгелектің неге тигеніне дейін айтайын.
–Тәйт, әрі! Әлдештің аяғының сынғаны аз болыпты да сенікі қалып па?!
Бәріміз біраз үнсіз қалдық.
Аяғымның сынғаны — біздің үйдің ішінің бәріне қайғы. Бәрінің еңсесін езген.
–Апа, біздің үй көрінді-ау деймін.
– Көрінді. Ғажап, бәрін біліп жатыр.
Ғажап түгі де жоқ. Менің екі көзімді байлап, осы жолдың кез келген жеріне аяғымды тигізсінші, қай жерге табан тірегенімді дәл тауып айтамын. Біздің үй осы Барлыбайға көшіп келген соң бір жыл төменгі Қарауылтөбедегі мектепке жаяу барып оқығанбыз. Біздің табанымызда бұл жолдың әр тұтамының табы бар. Бұл жолдың бойындағы сайсалада,кең қарын саздарда біздің небір қиялға шомған тәтті күндеріміз, қуанышымыз, қорқынышымыз қалған. Әсіресе, оқудан қарның ашып шығып, шаршап-шалдығып келе жатқанда табанға батқан тас пен тікен ұмытылар ма?! Бірінен соң бірі алдыңды орап, жолды иректетіп, ауылды алыстататын мұрындардың жүйке құртып діңкелететіні қайтіп естен шықсын. Содан бері, яғни осы Барлыбайға көшіп келгелі күніміз осы жолдың үстінде өтіп келеді. Шоқпармен, одан арғы "Кербұлақ" колхозы көшіп барған Шумен байланыс тек осы жол арқылы.
Мен жолдың әр тұтамын арба дөңгелегі арқылы аңдап жатып, ауылға жалықпай жеттім.
–Апа, есік алдында Здәндар тұрған шығар шүпірлеп?
–Тұр. Оны қайдан білдің?
– Жаны ашиды ғой бәрінің маған, содан білдім.
– Жаны ашығаны несі?!
– Бәрі мені жақсы көреді, аяйды.
– Аяйтын түк те жоқ. Аяғың көп болса, бір айда жазылып кетеді.
– Әй, қайдам?
– Қой, балам, сен өйтіп сары уайымға салынба. Жазылам деген адам жазылады.
– Жазылам.
– Бәсе, сөйдемейсің бе?
Қайтіп сөйдейін, аяқтан басқаның бәрі ұмыт болса. Қауіп көп. Басыма қандай да бір ой келмесін, бәрі аяққа келіп тіреледі. Аяғым — сынық арманым — аласа, жаным жаралы. Маған енді балалармен асыр салып ойнау жоқ ақсақ баланың адымы — қысқа. Қара енді, ертең біздің кластың балалары оқуды бастайды. Олар алға жылжиды, мен отырамын шоңқиып. Мен тіптен оқуымды қайта жалғастыра алмай да қалармын. Аяғым сау болса, достарымның ортасында жүрмеймін бе. Адамға аяқ қандай керек еді, десеңші! Аяқсыз адам - келтек ағаш. Екі аяқты қара жерге тіреп, тайсалмай басып тұрған адамда арман бар ма екен, шіркін!
Арба есіктің дәл көзіне келіп тоқтады. Екі үйдің балалары арбаға ентелеп лап қойып еді, қозғалуға дәрмен жоқ сұлап жатқан мені көріп состиып-состиып тұрып қалды. Бәрінің жүзінде — аяушылық. Әй, аяушылық-ай, сен сан түрлі екенсің ғой. Здөн, Бағдаш, Бекежан үшеуі шынымен жандары шырқырап қорқып аяйды, бірге туған деген — осы Айгүл мен Медер аяғы сынған адамды аяу керек дегеннің жоралғысын жасайды, жаны ауырмастың қасында басым ауырмастың кері — бұл. Базаркүл ше? Базаркүл де аяйды. Қалай? Білмеймін. Жоқ білемін. Тегі, Базаркүл жөнінде көп сөз айта бермегенім жөн шығар. Базаркүл — ешкімге айтылмайтын әңгіме!
Шыбын жанын шүберекке түйген төртеу: апам, әпкем, Шөкен, Кенен киіздің төрт құлағынан ұстап, мені бағанағыдан да сақтыкден көтеріп апарып, төрдің сол жақ шетіне төрт кабаттап төселген көрпе үстіне жатқызды.
Қалай болғанын білмеймін, үйде Базаркүл екеуміз-ақ қалыппыз.
– Алданыш, мен оқуға жүремін, — деді Базаркүл жай, сыбырлағандай болып.
– Дұрыс. Жолың болсын, бара ғой!
– Барамын ғой. Сенсіз барғым келмейді.
– Неге?
– Соны да білмейсің бе?
– Нені?
– Кейін білесің.
Сырттан апам кірді.
Базаркүл, не, Әлдешпен қоштасып жатырсың ба?
– Ия.
– Ешгеңе жоқ Әлдештің аяғы жазылады, бірге оқисыңдар.
– Әрине, сөйтеміз. Алданыш, жылдам жазыл, сау бол!
– Сау бол!
Базаркүл бір жерімді жұлып алып кеткендей болды.
Базаркүл! Сен біліп, мен білмеген жай жүректі тербейді. Оның аты не? Оның аты — Базаркүл, сен әлемдегі ең жақсы қызсың!.. Мұны бір сөзбен-ақ айтса, болар еді. Оған әлі ерте!.. Базаркүл, сен бойжет, мен ержетейін, сонда айтамын саған айтатынымды.
Аяғым күп болып ісіп кеткен. Шалқалап жату, шоқиып отыру, жәудіреп қарау, ой кешу, қиялға берілу — еншіме осылар тиген өмір басталды.
Жездемді, сол сөзді қойшы, әкемді ойлай бердім. Білемін, ол мені керемет жақсы көреді. Мен де оны өлердей жақсы көремін. Екеуміз де өздерімізді жезде, қайын дейтін ұғымдарға сай ұстаған боламыз, бірақ оның әкем, менің баласы екеніміз білініп тұрар еді.
Біздің үй — бұл ауылға кірме.
Біздің үйдің өң сыйқым мен төреден тұратын, азын-аулақ қапал араласқан бұл ауылға көшіп келуінің ұзақ тарихы бар. Ұқсын, кім екендерін білсін дей ме, әкем көңілінің шарты келген кезде мұны әңгімелеп айтып отырады. Әлбетте, әкемнің әңгімелері кітаптағыдай бас-аяғы жұп-жұмыр болмайтын. Алайда, әкесін есіне алғанда, майданға кетіп оралмаған ұлының бала қылықтары ойына оралғанда, олардан айырылғанымен, құдайдың бізді бергеніне шүкіршілік білдіргенде айтатын үзік-үзік әңгімелері ғажап еді. Өмір біздің әкемізді сөзге үйір қылмаған, нақты істің адамы етіп қалыптастырған. Сөйте тұра ол әлгіндей әңгімелерді айтқанда ерекше шабыттанып кетер еді. Әкемнің өмір жайлы әңгімелеріне татитын кітап оқып көрген емеспін мен өлі күнге. Бізге өмір берген, бізден өмірінің жалғасын көрген әкеміз тегі балаларына ғибрат сөзді қалай айтуды жақсы білген.
Осы ғасырдың басында Шу өңіріне орыс қоныс аударушылары келе бастаған.
Қорағаты өзені бойындағы Күнту ауылына арбасын сықырлатып жеткен бірнеше отбасы орыстарды қазақтар қырын қабақпен қарсы алады. Арада қақтығыс болып, соңы кісі өліміне апарып соғады. Мәселе ушығып, ауылға мылтығын шошайтып, зеңбірегін сүйретіп солдат келеді. Қазақтар сойылын ұстап атқа мінеді. Солдаттар сойыл ұстағандарды ғана атып қоймай, бүкіл ауылды қанға бояйды. Қашып кұтылғандар жанын олжалайды, қалғанын солдаттар түгел қырып салады.
Бұл қиямет-кайымнан біздің атамыз Смағұл он жастағы егіз ұлы — Қалқабай мен Сәлімбайды жүйрік шабдыр айғырына мінгестіре қашып, Шу өзенін жалдап өтіп, қуғыннан құтылып кетеді. Балапан — басына, тұрымтай-тұсына күн болады. Атамыз сол қашқаннан қашып отырып, Пішпектен бір-ақ шығады.
Сол сойқанда, шәк-шәлекейі шыққан ауылда: "Смағұл, қос қарашығымды алып қаш, жөнел! А, кұдай, осыларды аман қыла көр!" –деп еңіреп қалған, кейін келгенінде жатқан жерін де таба алмаған апамыздың аруағын сыйлады ма, жоқ әлде, егіз ұлын ешкімге жәутеңкөз қылғысы келмеді ме, атамыз қайтып үйленбепті. Егіз ұлына өзі әке, өзі шеше болып өсіріпті.
– Тақуа, таза адам еді жарықтық. Өле-өлгенше бес уақыт намазын үзген жоқ Күләйша екеумізді келіні емес, қызындай көріп, еркелетіп отыратын. Атамның айтқаны бәрімізге заң, екі еткізбей орындайтынбыз,- деп отырады әпкем қазір де.
Егіз ұл - Қалқабай мен Сәлімбай әкелерінің тұзын ақтаған. Әне-міне дегенше екеуі де еңбекке жарап, атамды асырай бастаған? Қалқабай мен Сәлімбай алғаш ұстаға қол-бала, одан соң балғашы, кейін өздері ұста болады. Екеуі бірге ұста дүкенін ұстайды. Жарық дүниеге шыр етіп бұрын түскен біздің әкеміз егіз ұлдың үлкені саналады екен, содан да әркез жол-соныкі. Ол алдымен үйленеді. "Алғашқы әйелім Ботбайдың Қызы болатын. Жақсы адам еді, бейшара ерте қайтыс болды. Одан Бекет қалып еді, құдай оны да көп көрді, сұм соғыс жұтты!"- дейтін кезі бар әкемнің.
Менің әкеме бір үйлі жанға бас ие болу тізгіні ерте тиеді, жұмыста да бар жауапкершілік соның мойнында болады. Әкем, тегінде, өзінің үлкендік міндетін мінсіз атқарған. Отбасында шүйіркелесіп отырғанда айтатын әңгімелерінен бұл жай жақсы аңғарылып тұрушы еді.
Бұл әңгімелер – аңдағанға шежіре.
– Жәкем көк шайды үзбей ішетін, мен оны ердің құны болса да табатынмын.
– Мен күніне алпыс кетпен жасайтынмын. Одан да көп жасауға шамам жететін, Сәлімбайды аяп өзімді-өзім тежейтінмін. Сәлімбай намысшыл болатын, менен қалыспаймын, - деп зорығар дедім.
– Қала баланы ерте бұзады екен, Бекетті сөйтті. Бірде түскі асқа келе жатсам, Бекет ала құйын болып ұшып жанымнан өте шықты. “Ұры! Ұры! Ұстаңдар!" деп бес-алты әйел зар қағып қуып келеді екен, олар менің ұры баланың әкесі екенімді білген жоқ бірақ мен ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым.
– Бекетті нанға жібергенбіз, көпке дейін келмей, жоғалып кетті. Не болды, деп барсам, балам әдеп кезекте тұрған адамдардың қалтасына түсіп жүр.
–Қой, бұл қалада тұра берсем, баладан айырылады екенмін, ауылға көшейін, - деген ойға бекіндім.
Сондағы әкемдердің көшіп келген ауылы – осы Кербұлақ
Көшуді тездеткен тағы бір жай – әкемнің өкпе ауруына шалдығуы да болады. "Қаланы, ұсталықты тастап, ауылға, таза ауаға көшу керек", - деп кеңес береді дәрігерлер. Бұзылып бара жатқан бала, кеміп келе жатқан денсаулық менің әкеме көшіп қоныс аударатын ауыл іздетеді. Сол бір әлем-тапырықта тоз-тозы шығып кеткен аталас ағайын-күнтулардың басы бірікпеген. Смағұл атамызды қара тұтып келіп, Пішпекте жүргендері жеткілікті. Пішпекке жолы түскен күнтулар ғана емес, сыйқымдар да ат басын біздің үйге тірейді екен. Күнтулар бұл кезде қолы жүріп тұрған ұста Қалқабай деп, сыйқымдар дастарханы мол Әміржан деп келеді.
Сондай қонақтың бірі - "Кербұлақ" колхозы басқармасының төрағасы Қосай Майтиев Қалқабай ұстаның жүдеу түрін көріп, сұрап, жағдайға қанығады да: “Онда сен біздің ауылға көш, қалқозға ұста бол. Ақың–айына бір пұт ұн, бір серкеш. Таза ауа, ақ жетеді. Кербұлақтың сай-саласы толған борсық майын ішіп, жазылып кетесің", - дейді. Екі жақ осыған келіседі. Сөйтіп бір мың да тоғыз жүз отыз сегізінші жылы тамыз айында Қалқабай ұста осы ауылдың қызы Әміржан екеуі кара сиырға оны-мұнысын артып, Бекетті жетектеп, Шәкенді көтеріп Кербұлақка сау ете қалады. Кербұлаққа менің де келгенімді әпкем ғана біледі екен. Мен әпкемнің құрсағында жатыр екенмін.
Кербұлақта бұл қоныс аударушыларды Айша апам, Әлдижан ағам, Бүбісара әпкем жүректері жарыла қуанып қарсы алады. Дереу бәрі жабылып қоржын там салып, бір басында апамдар, бір басында жездемдер тұра бастайды. Сөйтіп екі түтінге тән, бірақ бір дастарханнан дәм тататын үлкен отбасы пайда болады.
Айтып отырса, жездем мен әпкемнің көрмегені жоқ. Сонда екеуі, бір кездері аты-жөні жоқ көп айтылатын адамзаттың жарқын болашағы — коммунизм құрылысына лайықты үлес қосу үшін емес, атам қазақ айтқан "қара қазан, сары баланың қамы" үшін тыным таппаған. Әлі күнге сол, біздерді жеткізем деп ентелеумен келеді.
Біз әлі жаспыз. Қолдарынан бейнетін алуға жарап қалған Бекет ағам соғыста шәһит болды.
Бекет ағам майданға 1943 жылдың күзінде кеткен.
Сүйегі ірі, бойшаң, қарулы, болайын деп тұрған бала екен, майданға жасына жетпей, он алтысында кетіпті.
Біздің ауылдағы Бекетпен жасты Батырбек, Тұрар деген балалар әскер жасына жетпей, қалып қойған.
Бекет ағамның әскерге кетуі – қазір айтса, біреу нанып, біреу нанбайтын әңгіме.
Жасы елуге таяған ауру әкемізді әскерге шақырыпты.
Бекет әкесін шығарып салуға Шуға, әскери комиссариатқа барады. Әскерге шақырылғандарды фамилияларын атап сапқа тұрғызып жатады.
– Папа, сіз үйге қайтыңыз, сіздің орныңызға мен барамын, — дейді Бекет.
– Қалайша?
– Қазір көресіз. Сіздің фамилияңызды айтып шақырғанда орныңызға сапқа мен барып тұра қаламын.
– Қой, пәле болар!
– Түк те болмайды. Сіз аурусыз. Мен ауру әкемді әскерге жібере алмаймын. Папа, сіз әскерге кетсеңіз, Шәкен, Алданыш, Здән жетім қалады гой.
Осы сәт әскерге шақырылғандарды түгелдеп тұрған офицердің:
– Смағұлов! — дегені естіледі.
– Мен! — дейді Бекет.
– Сапқа тұр!
Бекет барып сапқа тұрады.
Бәрі дұрыс. Офицер келесі адамды шақырып жатыр.
Бекет ымдап: "Кете беріңіз!" — деген белгі беріпті әкесіне.
– Әскерге керегі Смағұлов екен, бара ғой, балам! — деп әкеміз қала беріпті.
Әкесі үшін жанын пида еткен, қайран қайсар ағам менің!
Біздің үйдің үлкендері сөз орайы келгенде Бекет ағамның қандай да бір жақсы қылығын айтып отырады.
Әпкем айтады:
– Осы Здәнды босанғанымда қырқұлақ болдым. Аузымнан қара қан ағып жатып қалдым. Сөйтсем Бекет барыпты да Рысбек мерген атып әкелген арқардың құлжасының басын сұрап алып келіпті. Көз майы көнектей екен, қуырып жеп, содан ауыруымнан кұлан таза айығып кеттім. Жанып тұрған от еді ғой, қайтейік, өмірі қысқа болды.
Шәкенді қайдам, мен ағамның түр-әлпетін көзіме елестете алмаймын. Дегенмен, қандай да бір көріністер көлбеңдейтіні бар. Олар менің жадымда қалған сұлба ма, жоқ апам, жездем және әпкем айтып отыратын әңгімелердің бала қиялыммен суретке айналған түрі ме, ол арасын ажырата алмаймын.
... Біздің үйдің алдындағы әкеміздің есімімен аталатын терең құйы, жаз болды балалардан бір босамайды. Бекет ағам майданға аттанар жылы жазда мені осы құйыға әкеліп малтуды үйретіпті. Ағамның мойнынан кұшақтап, арқасына жабысып алып қара суды қақ жарып келе жатқанымыз қазір де елес беріп өткендей болады.
... Ағам колхоздың жалғыз аттық арбасымен егіншілерге тамақ тасиды екен. Аспаз — біздің шешеміз. Зады, ағам мені жақсы көрген, жанынан тастамай алып жүреді екен. Егіншілердің түскі ас-суын апарып беріп қайтып келе жатқан бетіміз. Орта жолда бізге ақегіс бригадирі Батырхан ұшырасады.
Неге екенін кім білсін, Батырхан ағама дүрсе қоя береді.
– Әй, қаңғыған күнтудың баласы, неге кешігесің?
– Аға, кешіккем жоқ уақтылы апардым егіншілердің тамағын.
– Мен кешіктің, дедім бе, кешіктің. Мен саған аға емеспін. Мен — тобылғы торы барлыбаймын. Сен — қаңғыған күнтусың.
– Аға...
– Ой, мына иттің күшігі!..
Батырхан әй-шәй жоқ ағамды қамшының астына алады. Қамшының ұшы менің балтырыма тиіп, шар ете қалыппын.
Ағам мені бар денесімен бас салып, көлегейлеп, жон арқасын қамшыға біраз осқызыпты.
Бригадир шаруасы біткен кейіппен кете беріпті.
– Әлдеш, аяғың қане?!
– Аға!..
Ағам менің қамшы тіліп, қанталап білеу болып тұрған аяғымды көріп, жан даусы шығып айқайлапты:
– Әй, Батырхан, тоқта! Мен саған көрсетемін қазір жас баланы шырылдатқанды!
– Өй, мына оспадарсыз оңбаған не дейді-ей?!
Әрі қарайғысы — әлі күнге дейін ел айтып отыратын әңгіме.
Бекет ағам Батырханды аямай соққыға жығыпты.
Осы бір жаман опыр-топыр еміс-еміс есімде қалыпты.
Палуан аты шыққан, дәңкеуде Батырхан бригадирдің бетін бұрын ешкім қайтарып көрмеген. Жұрт қатты таңданыпты.
Батырхан ұрандатып, аталастарын айдап салмақ болған екен, ешкімнің сүйегі қызбапты.
Ел Батырханның өз қылығынан тапқанын түсінген.
Жездем айтады:
– Бекет өте өжет, ерекше қайратты бала еді. Сол жолы Батырханды аямай умаждапты. Деміне нан піскен өркөкірек немені арбакеш жігіттер зорға ажыратып алыпты. Өзін жан адамға басындырмай кетті Бекет бұл өмірден. Сол жалындаған күйі жаудың да жағасына аямай жармасты менің балам. Әттең, от боп жанып өте шықты.
– Жезде, ол онда неге батыр болмаған?
– Кім біледі, болған да шығар. Батыр деген темірді алмаған болар, әйтпесе Батыр — ол!
Шәкен екеуміздің барша қимыл-әрекетіміз, сөзіміз, қылығымыз, мінез-құлқымыз — бәр-бәрі Бекет ағамыздікі мен салыстырылып отырылады. Ол — тындырымды, ол — ақылды, ол — қайратты, ол — өжет, ол — жанып тұрған от. Ағасы осындай болған іні жаман бола алмайды. Аға ісі — ініге үлгі. Өзі майданда хабарсыз кетіп, үлгі ісі қалған ағамыз әркез бізбен бірге. Біз ағамыздың лайықты ізбасары болып өсуіміз керек.
Менің әкем — бөкейге күйеу. Әкемді күйеусініп ағайынды екі ата — Барлыбай, Бөкейдің үлкені де, кішісі де, ері де, әйелі де қалжындасады да жатады. Көптің қалжыңына жақсы күйеу ғана төтеп бере алған. Жұрт сөз білмейтін, қалжыңды түсінбейтін ноқай күйеуден аулақ жүреді. Қағытқанға қайыспайтын, қалжың сөзге дес бермейтін күйеу — жұрттың сүйіктісі.
Біздің әкеміз — сондай күйеу. Әкесі құрдастың баласы да құрдас. Әкесімен ойнаған ел баласымен де ойнайды.
Шәкен екеуміз салма таяқ ойнауға далаға шыққанбыз. Екеуміздің қолымызда — екі таяқ
Біздің үйдің тұсынан Серікбай шал өтіп барады екен.
Біз жамырай сәлем бердік.
– Ассалаумағалейкум, ата!
– Салаумалейкум!
– Әліксалам! Немене, әкелерің өлді ме, бір-бір таяқ таянып тұрып қапсыңдар, — деп қағытты шал.
Біз не дерімізді білмей сасып қалдық. Екеуміздің де қанымыз басымызға шауып, көзіміз жыпылықтай берді.
Қу шал одан сайын қағынды:
– Бәсе, Қалқабайға құдай қашанғы жақсы бала бере берсін! Бекет сұңқар еді, мына екеуі жапалақ екен ғой, — деп кеңкілдеп күлді.
– Біз әкемізге емес, шешемізге тартқанбыз.
– Ойбай, бұл Қалқабай — құдайдың сүйген құлы екен. Қатырды мына қызталақ мені. Әй, сендер, шынында да, құлқи Қалқабайға емес, Әміржанға, бізге, нағашыларыңа тартқан екенсіңдер,— деп жөней берді.
Бұл сөз ауылға тез тарады. Оны таратушы — Серікбай атайдың өзі. Біз, Серікбай атайдың айтуынша, өзін әбден қатырыппыз.
Біздің шешеміз — Серікбай атайдың жақын карындасы.
Атайдың бізді қомсынғаны — қарындасын қорсынғаны болып шыққан. Шәкеннің айтуынша, біз нағашымызға тартқандықтан жапалақ жаман боламыз.
Шәкенді қайдам, оны әкем: “Өзіме тартқан балам",— деп отырады, мен әпкемнен бір мысқал да айнымаймын. Жазық маңдайым, қыр мұрыным, мөп-мөлдір көзім, қараторы реңім бәр-бәрі әпкемдікіндей.
Ал, біздің әкеміз — Қалқабай, құдай кең пішіп жаратқан адам. Екі иығына екі кісі мінгендей зор тұлғасы оны елден ерекшелендіріп тұрады. Бойының ұзындығы жөнінен бұл ауылда онымен тек Қайыр, Оңғарбай атамдар ғана маңайласа алар.
Мына әңгімені естігенде Оңғарбай атам:
– Баламен ойнап нең бар еді, сол керек өзіңе, — депті.
Серікбай атай үндемепті.
Үлкендер жөн сөзге тоқтаған, тегі.
Алайда, Серікбай атай бізді кемсіткенін қойған жоқ.
Осыдан көп уақыт өтпей мынандай бір әңгіме болды.
Біздің үйдің артында жайдақ төбе бар.
Ауыл қариялары ертелі-кеш соған жиналып алып, әр нені әңгімелеп отырады.
Үлкендердің бір қызығы — балаларды күрестіру.
Сондай бір опыр-топыр болып, мен өзім қатарлы балалардың бәрін жықтым.
– Алданыш Ыдырыс атасына тартқан екен, — деді Серікбай атай.
Мен қатты куандым.
Шынында да, менің Ыдырыс атам талай-талай палуанға түсіп, жеңген адам екен. Ондай адамға тартқаныма қуанбай, қайда қуанайын!
Күресу кезегі бізден ересектеу балаларға келді.
Шәкен де Ыдырыс атасына тартқан екен, күрескенді шақ келтірмеді.
– Бұл күнтудың балалары неменеге палуан болып кеткен? Қане, қайсың барсың мынаны шаң қаптыратын?
Серікбай атайдың көзі ақшиып кетіпті, жан-жағына айбар шаша қарады.
– Мен бармын.
Ортаға Тұрғын шықгы.
Тұрғын — Шәкеннен жасы да, денесі де үлкен балаң жігіт.
Жұрттың бәрі көріп тұр бұл айырмашылықты, бірақ бір де біреуі ләм-мим демеді.
Шәкен шегіншектей бергенде жездем гүр ете қалды:
– Күрес! "Күш атасын танымас". Шық алға. Сен маған тартқансың.
Шәкен екеуміз әкеміздің сөзін екі етіп көрген емеспіз. Шәкен енді не де болса, күреседі.
Алып ұр жаман немені! — деді Серікбай атай.
– Шәкен мен Тұрғын ұстаса кетті.
Тұрғын Шәкенді шынымен алып ұрмақ болып алас ұрды.
Қайда, Шәкен тырмысып бой бермеді.
Екеуі бірін-бірі жыға алмай, біраз сілкілесті.
Сөйтіп жүргенде Шәкен Тұрғынды тобықтан қағып тыраң асырды да басынан аттап кетті.
– Бұл дұрыс емес, тобықтан қақты. Қайта күрестіру керек, — деді Серікбай атай.
– Дұрыс, — деді жездем.
– Жоқ дұрыс емес, басынан аттап кетті. Кімді басынады мына жетпегірің?
Әкеміз Серікбай атайға ала көзімен ата қарады.
Қатты ашуланған екен, сөзін үзіп-үзіп айтты:
– Әй, ақсақал-ай!.. Ауыз менікі, деп... Ауыл итінің құйрығы — қайқы... Әй, қойыңдаршы!.. Әкеміз қолын төбе басындағы топқа бір-ақ сілтеді. — Сендер өз руларыңның адамынан басқаның бәрін ит құрлы көрмейсіңдер. Шәкен, Алданыш жүріңдер!
Әкеміздің жүзі қарауытып, үн-түнсіз еңсесі езіліп, үйге қарай аяңдап бара жатты.
Мұнда бізге де қызық қалған жоқ еді, соңынан ердік.
Төбе басындағылар состиып тұрып қалды.
Біз өзді-өз ойымызбен тұнжырап келе жатырмыз.
"Жезде, біз бұл ауылға бөтен екенбіз, көшіп кетейік те".
Әкем менің бұл ойымды біліп қойды ма, қайдам, маған қарады.
– Әлдеш, сен маған: "Бұл ауылдан неге көшіп кетпейміз?" деп өкпелеп келе жатырсың-ау ә? Өкпең орынды. Мен сендерге "Барғызбасың барғызбас", — деген әңгімені айтып па едім?
– Жоқ
– Онда тындаңдар. Ертеде бір кедейдің қызы: "Мен ертең тойға барамын, апа", — депті шешесіне көрші ауылда болатын тойды мегзеп. Шешесі: "Бара алмайсың, қызым", - депті. Қызы ерегісіп болмапты. Сонда шешесі айтыпты: "Барғызбасың барғызбас",– деп. Қыз: "Барамын!" — деп көнбепті. Ертеңіне қызыл-жасыл киініп тойға кетіп бара жатқан қыз-қырқынды көріп, кедейдің қызы үйге тығылыпты. Сонда шешесі:"Сорлы қызым-ай, барғызбасың барғызбас, деп айтпап па едім", — депті. Сол айтпақшы, мені де көшірмесім көшіртпей жүр.
– Ол не сонда?
– Ол — сендер. Сендерді осы кең жер — Кербұлақта өсіріп, ержеткізсем, деп жүрмін мен мұнда. Сендердің өз қолдарың өз ауыздарыңа жетсінші, дереу ер — туған жеріне, деймін. Шудың ауасы менің денсаулығыма жақпайды. Менің тірі жүргенім — осы Кербұлақтың арқасы. Кербұлақтың таза ауасы, мөлдір суы — менің кеселіме дәру. Білдіңдер ме?
– Білдік.
– Бәсе!
Әкеміз көңілденіп сала берді:
– Сендер білсеңдер, болды.
Шәкен екеуміздің көңіліміз шайдай ашылды.
Біздің әкеміз - қай нәрсені болса да әбден ойланып алып барып істейтін адам.
Біздің әкемізді туберкулез ауруы біраз айналдырған.
Әкем Бекет ағамды әскерге шығарып салған сапарында аудан орталығындағы ауруханаға жатыпты. Жанында біздің ауылдан бұл ауруға шалдыққан Тұрапбек деген ересек бала бар екен.
Екеуін де кесел меңдеп жүдеткені сонша, аурухана ауласындағы өздері көлеңкесінде жатқан ағашта тұнып тұрған алманы қол созып алып жеуге дәрмендері болмапты.
– Қызығып аузымыздан суымыз ағып жатар едік, — деп еске алатыны бар жездемнің бұл жайды.
Доктор екеуін өлдіге санаса керек, ауылға қайтаратын болшы.
Екеуі қатынаған адамнан ауылға хабар айтады.
Тұрапбектің ағасы — Құндызбек ауруханаға бара жатқан бір кісіге сары биесін мінгізіп жіберіпті. Ол кісі ауруханаға жатып, докторлар жездем мен Тұрапбекті сары биеге көтеріп салыпты.
Содан жездем мен Тұрапбек сары биемен Ақтоғандағы ауылды бетке алып келе жатады. Екеуі де терілеріне ілінген әлсіз, әңгіме айтып жол қысқартуға шама жоқ
Бір ескі арықтың тұсына келгенде жездем:
– Тұрапбек, егер мен осы келе жатқанда жан тәсілім етіп, аттан ауып түссем, атқа қайта салып, ауылға жеткізе алар ма едің? — дейді.
– Жеткізем, — дейді Тұрапбек.
– Ал, ендеше, — дейді де жездем аттан ақырын сырғып түсіп, "өліп”, ұзынынан сұлап жата кетеді.
– Тұрапбек жездемді әуелі сүйреп апарып арықтың қырына жатқызады. Содан соң сары биені арықтың ішіне түсіреді де тырысып-тырмысып, өлдім-талдым деп жатып жездемді зорға көтеріп салады. Ендігі бір сәтте жездемді ерте көлденең жатқызып, өзі артына мініп, сары биені "Шүу!" — дейді.
– Жарайсың, Тұрапбек! Өлсем, ит пен кұсқа жем қылмайды екенсің, — депті жездем.
– Бұл, Қалекең өліммен де қалжыңдасқан! — деп таңданатын Оңғарбай атам.
Мен де таңданамын, тіптен әкеме деген мақтаныш сезімі кернейді кеудемді.
Қорықпай, өліммен ойнаған жездемнің бұл аурудан айығуы да таңданарлық Мен ол жөнінде “Шаншар атай" хикаятымда бір қыдыру жазғанмын, енді ұзын ырғасын ғана айтайын.
Туберкулез ауыруына мың да бір ем-борсықтың майы. Оны үш мезгіл үзбей бір шай қасықтан ішу керек.
Жездем:
– Ақыры ішу керек екен, ал, әйтпесе, — деп борсықтың майы толы керлен кесені басына бір-ақ төңкерген.
Күшті май әлсіз адамды мұрттай ұшырған. Содан бір түн, бір күн ес-түссіз жатып барып басын зорға көтерген. Сөйтсе май ауру өкпені кесіп түсіпті, аузынан кесек-кесек қара қан атқылапты. Сөйтіп барып есін жинапты да бұл ауруды қайтып көрмепті.
Кербұлақтың таза ауасы, мөлдір суы, сары қымызы жездемді құлан-таза айықтырып жіберген.
Жездем, қанша айтқанмен, ауыруынан әлі қаймығады. Шуға, күнтуарларға көшпей жүргені содан.
Мейлі, қайда жүрсек те, қанша кемсіту көрсек те әкеміз аман болса екен!
Біз деп ауыру өкпесін сүйретіп жүрген, әке, сенің сеніміңді ақтай алар ма екенмін мен?!
Мен - апамның баласымын.
Осымен сөз бітті емес пе, жоқ, кейбіреулер кәдімгі мен апамның баласы екенімді ұмытып қалатындай-ақ ебін тауып, есіме салып жүргені. Мені көрді болды, сарнап қоя береді:
– Мынау Айшаның баласы ма-ей! Жігіт болды деген осы. Амандық болса, әне-міне дегенше бұл әйел алады, апасына келін жұмсатады, Әлдижанның отын өшірмейді.
– Алданыш — сыйқым, өзіміздің бала.
Құдайым-ау, мені ешкім танып алып жатқан жоқ қой. Мен Айша апамның туған баласы болайыншы, мына сөздің бірі де айтылмас еді.
Менің әкем — Қалқабай, шешем — Әміржан екенін апам да, мен де, мынандай сөз айтып отырғандар да жақсы білеміз. "Айшаның баласы" — деу маған осыны еске салу сияқты еді. Осындай құйтырқы сөздерімен олар апамды сорлататынын білмей ме екен?!
Әлбетте, біледі, әдейі айтады.
Әй, адамдар-ай, бір-біріңді қажамасаңдар, жүре алмайсыңдар-ау!
Өзге-өзге, Бүбісара әпкемдікі не жорық?
Мен төртінші класты Бүбісара әпкемнің үйінде жүріп оқығанмын.
Бірде алысқа, Шу бойына ұзақ ойнап кетіп, кеш оралғанмын, әпкем бұлқан-талқан болып ұрысты. Ашуланғаны сонша өз сөзіне өзі ие бола алмай қалды.
– Әй, жүгермек, әкеңді ойын өлтіріп пе еді? Әкең өлмей-ақ тірі жүр ғой! — дегені ғой.
Бұл менің әпкемнен естиін деген сөзім бе еді?! Ұрыссын, ұрсын, жанды жеріме тимесе етті!
– Әкем тірі жүрсе, жүрсін. Сенің әкеңді өлтірген мен бе едім, оны орыс атып кеткен.
Мен еңіреп жылап жібердім. Әпкеме өкпемді білдіремін деп өзім де бүлдірдім.
– Ойпырым-ай, мына жетпегірді-ай-ей! Мұны мен інім, Ыдырыстың баласы, деп жүрсем, Қалқабайдың баласы екенсің ғой. Ия, сенің әкең-Қалқабай. Менің әкем-Ыдырыс та, жалғыз бауырым-Әлдижан да әлдеқашан өлген.
Бас сүйектері қурап қалған.
Әпкем енді ойбай салып жыласын.
Үлкенді жұбатуды мен қайдан білейін, көшенің арғы бетіндегі Кәтжан әкпемнің үйіне тартып отырдым.
Кәтжан әпкем — Ыдырыс атамның кенже қарындасы. Күйеуі Отан соғысынан оралмай, жалғыз ұлы Дабырды құшақтап қалған.
Мен – ол кісіге бауырмын. Үйіне қашан келмейін, барын алдыма тосатын. Қазір де сөйтті. Көмбеш нан турап, сары май салып, сүт қатқан шай құйды. Менің жүрегіме ас батпады.
– Нан мен майдан ал, Әлдеш. Немене, сен өзі бір нәрсеге алабұртып отырсың ғой. Жайшылық па?
Мен өксіп кеттім:
– Мен – апамның, Ыдырыс атамның баласымын. Әпкем мені Қалқабайдың баласы деді. Мен енді оның үйіне бармаймын.
Кәтжан әпкем - мінезі қатқыл, кіді адам. Бүбісара әкпеме ренжіп, барып ұрсар, деп едім, өйтпеді.
– Қап, әттеген-ай а! Онысы несі екен? Мейлі, бармай-ақ қой оның үйіне, осында жүре бер, -деді де 0ойды.
Шындықтан ешкім шығандай алмайды.
Бұл әңгіме осымен бітсе, мейлі 5ой, жоқ өйтпейді, апама жетеді. Жаманы, әне, сол.
Мен апама шағына алмаймын, әпкем де айтпайды, себебі екеуміз де бүлдірдік.
Сөз деген пәле – жүйрік. Ол – жол тапқыш, қашықтықты елең қылмайды. Ұзынқұлақ деген бар. Бәрін бүлдіретін, әне, сол Жездем айтады: ұзынқұлақ хабар-ошарды, өсек-аяңды жердің түбінен тартады. Ұзынқұлақ – бір сойқан, кәдімгі ауыздан шыққан сөзді тыңдайтын кәнігі құлақ пен естігенін дереу мың құбылтып тарататын ашық ауыздың қосындысы. Алыстан жеткен, жақыннан шықкан, иесі құпия санайтын, бірақ оның еркінен тыс улеп кететін әңгімені, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылып таратып жіберетін пәле – ол ұзынқұлақ
Бүбісара әпкем маған, мен әпкеме өкпеледік.
– Әлдеш, жүр үйге, - деп келмеді әкпем маған.
Мен де бармадым әпкемнің үйіне.
Оқу жылы аяқталып, жездем мені алып кетуге келгенде мен Кәтжан әпкемнің үйінде жүргенмін.
Жездем мұнымның себебін, әлбетте, заматта-ақ білді, бірақ маған ештеңе деген жоқ.
Есесіне ауылға келген соң әпкеме айтыпты. Әпкем апама айтқан.
Бұл өте жақсы болды. Апамның ұзынқұлақ құбылтқан әңгімеден гөрі, шындықты қаз-қалпында естігені, әрине, жақсы еді.
– Сөйттің бе, күнім? - деді апам жәй ғана.
Мен не дерімді білмей, екі көзіммен жер шұқып отырып қалдым.
– Дұрыс айтқансың. Ыдырыстың сүйегі қурап қалғалы қашан! Ол қарды ма, қап, әкесін емшектегі күнінде жұткан пәле! Сенің әкеңді тергеп несі бар екен оның?
Айналайын апам-ай, сөзді бұдан әрі созбады. Бәрі түсінікті еді, нағашы атамды, Әлдижан ағамды іштей жоқтап, егілді ғой. Әттең, Әлдижан ағам тірі болса, апам маған телміріп, мен апама телініп өстіп қор болар ма едік?
Апамды бүйтіп жабырқатқанша өлгенім артық менің.
Жоқ мен өле алмаймын. Мен өлсем, апам да өледі. Апа, апатай, мен сен үшін өмір сүруім керек. Бала ата-анасының арманы. Ата-ана баласы үшін өмір сүреді. Бала ата-анасының арманын асқақтатсын, солар үшін өмір сүрсін. Мен сөйтемін, апа, сізді арманыңызға жеткіземін, сіз үшін өмір сүремін.
Қияндағы ауылға менің аяғымның сынғандығы туралы хабар тез тарапты. Ары өткен-бері өткен біздің үйге ат басын әдейі бұра бастады, шаруалары – менің жағдайымды білу, бір ауыз медеу сөзін айту.
– Алданыш, қарағым, шыда, демде-ақ жазалып кетесің.
– Алданыш, Намаз атаң батыр болған. Жарықтық сынған аяғын қанжығасына байлап алып соғыса берген екен жаумен.
Жігеріңді жанитын жанашыр адамның, мақтан тұтатын, еліктеуге тұратын атаның болғаны қандай жақсы, аяғымның сынғанын қоя тұрып, көңіл құсы алысқа самғайды.
Бесін әлетінде біздің үйге Қайымжамал апай келді.
Кесек жүзді, келісті, қараторы реңді Қайымжамал апай-бізбен бірге оқитын Райла деген қыздың шешесі, сиыршы Асқар төренің әйелі. Сынық салатыны бар дейтін, апам атпен әдей барып алып келген.
Апайдың жанында өзінен айнымайтын, менен шамамен бес-алты жас кіші Тоқсанбай есімді баласы бар екен. Бадырақ көзі жыпылық-жыпылық етіп, аянышпен қарап қояды маған. Әрине, менің жағдайым кісі аярлық.
Қайымжамал апайдың алғашқы сұрағы мынау болды:
– Қалқабай естіді ме баланың аяғы сынғанын? Апайдың "баласының" демей, "баланың" деуі – менің апамның баласы екенімді мегзегені. Бірақ шындықты ешкім бүркемелей алмайды, "баланың” дегеннің астарында “баласының" жатқанын естігеннің бәрі білді.
Апам мұны сезбеуші ме еді, сезді. Алайда, апама қазіргі керегі мені меншіктеу емес, тірі болғаным, сынған аяғыма құдайдан, адамнан әйтеуір бір жәрдемнің тигені.
– Жездесі естіді. Ол Шоқпарға арғы жағынан, Шудан пойызбен келіп, Әлдеш бергі жағынан, ауылдан атпен баруы керек еді. Ат кетті, Вова мініп кеткен. Келіп қалатын уақыты болды Қалқабайдың.
– Әй, Алданыш-ай, әпкеңнің тілін алып жарыспасаң ғой, аяғың сынбайтын еді. Ақыры не боларын кім білген, бұл бала дегеніңіз үлкеннің тілін алуды қойып барады тіптен.
– Айтпаңыз, тегі. Үлкеннің тілін алған баладан айналады екен ғой адам.
– Апырай, десеңізші, осылардай күнімізде біз үлкеннің бетіне тіктеп қарай алушы ма едік?
– О, не дегеніңіз!
Белгілі жай, бұдан әрі осы тарапта біраз әңгіме айтылады. Тыңдар құлаққа мұндай тегін тәрбие сағатында толып жатқан тақырып қамтылып, ақырында ең көкейтестісі ерекшеленіп, басты қорытынды жасалынады. Ол-бала үлкенді тыңдап өсуі керек. Үлкеннің айтқаны кішіге заң болуы тиіс.
Айтып отырғандарының бәрі – шындық. Әпкемнің тілін алмай жарысамын деп аяғымды сындырып алып отырысым – мынау енді. Кінәлі – өзіммін. Кінәлі бала жазалануы керек. Маған жаза беретін кім, ол – әкем. Ал, әкеміз бізді ешқашан ұрып жазалап көрген адам емес. Өмір бойы темір ұстаған қолы – балаға көтеруге ауыр.
Біздің атамыз Смағұл:
– Сенікі қол емес, зіл батпан шойын. Оныңмен жан адамды ұра көрме, ұрсаң, сеспей қатады. Әсіресе, балаларға абай бол! - деп тапсырған екен.
Шынында да, біздің әкеміз – өмірі темірмен текетіреспен өтіп келе жаткан адам. Әкеміздің күрзідей жұдырығының өзіне қарай сілтенгенін ешкімнің де көрмек түгілі көзіне елестетуге жүрегі дауаламасы анық.
Біздің әкеміз — әкесінің өсиетін негізінен бұлжытпай орындаған адам.

Ал, менің негізінен деп отырғанымда бір негіз, анығырақ айтқанда бір ауытқу бар.


Ол былай болған.
Онда төменгі Бөкейдеміз. Бөкей — әпкемнің руы. Ауыл сол ру атымен аталады.
Ол жылдары жекеменшікте аяқ артар қылқұйрық жоқ айтулы мерекелер қарсаңында колхоздың барлық жылқысын ауылға айдап келетін. Айтар ауызға болмаса, колхоздың жылқысы да аз, қолы бұрын жеткендер бір-біреуін ұстап алатын да кешіккендер жүгенін үстап үйіне сүмірейіп қайтатын.
Май мерекесі күні ертеңгілік жездем күпшек күреңді жетектеп келді. Колхоздың күш көлігі — санаулы, біз олардың бәрінің сырын жақсы білеміз.
Күпшек күрең — арбаға жеккеннен басқаға жоқ мес қарын, жуан сіңір, жұмыр жон, өлердей шабан жануар. Үстіне үлкен мінсін, кіші мінсін, тебінсін, қамшыласын, оған бәрібір, өгіз аяңынан айнымайды. Анығырақ айтқанда, оның жүрісі аяңға мүлде ұқсамайды, құдды бір ауыр арбаны сүйреп келе жатқандай кесек, ыңдынсыз басар еді аяғын.
Бұл жолғы жездеме тигені осы болды ма, жоқ бізге жуас деп өзі әдейі ұстады ма, әйтеуір Шәкен екеуміз мерекеге күпшек күреңді мініп шығатын болдық. Мейлі, бұған да шүкір, күпшек күрең де болса, ат деген аты бар ғой.
Қазақтың аты жоқ болса да ер-тұрманы болады. Біздің үйде де аттың әбзелдері сай тұратын.
Жездем күпшек күреңді ерттеді де сауырынан шапалағымен бір тартты.
Күпшек күрең былқ еткен жоқ құлағын да жымбады.
– Ал, балаларым, мініңдер. Бұл сендерге жарайды, жуас. Екеуіңе сонысы жақсы. Көкпар тартып жатқан сендер жоқ қызығын көрсеңдер болды да.
Жездем сөзін аяқтап үлгермей, біз күпшек күреңге жармасып мініп жаттық
Шәкен екеумізге дәл қазір күпшек күреңнен асқан ат жоқ Көкпар тартатын жасқа екеуміз де жеткен жоқпыз, қызық көріп жүруге күпшек күрең жетіп жатыр. Солай болды да. Көкпаршылар дүрілдетіп үстімізден әрі-бері жүйткіп өтеді, біздің пырағымыз елең қытшайды, қызу дода болып жатады, күпшек күрең түкпен ісі жоқ, Шәкеннің тізгінді босатпағанына қарамай, басын жерге салып, ауызына ілінген шөпті жұлып алып, күрт-күрт шайнайды. Мейлі, қайткен күнде де күпшек күрең — ат, біз — көкпаршымыз.
Әлбетте, ат жетпей, жаяу қалғандар көп. Ат жетпеген адам — ашулы. Ондайлар әлі жеткен адамның астындағы атын тартып мінуден тайынбайды.
Сондай озбырдың бірі Бәкір екен.
Бәкірдің қармағына біз түстік.
Оқиға біздің үйдің дәл жанында болды. Көкпардың соңында жүрген бес-алты қараң-құраң біздің үйдің тұсынан өте бергенбіз, қайдан шыққанын қайдам, Бәкір сап ете қалды.
Ой, әкеңнің аузын... қаңғыған күнтудың балалары, сендер атқа мініп көкпар тартасыңдар, мен жаяу жүреді екенмін ғой. Жо-о-оқ бұл болмайды.
Бәкір шаужайымызға жармасты.
Ендігі сәтте Шәкен де, мен де шаң қауып жерде жаттық
Бәкір күпшек күреңге мініп алған, біздің үй жаққа қарады да өңі құп-қу болып, астындағы шабанды тебіне берді.
Біздің үйдің алдында әкеміз бәрін көріп тұр екен, ашулы үні шықты:
– Ей, Бәкір, түс аттан!
Бәкір не қыларын білмей состиып тұрып қалды. Сөйтті де іле, түлен түртті ме, кім білсін, қоразданып шыға келді:
– Не, сен бұл атты Пішпектен ала келіп пе едің? Бұл – сыйқымның аты. Ат керек болса, бар ана Шуға, күнтуыңа.
– Солай ма?..
Жездем Бәкірді аттан жұлып алды. Ұрмақ болып оң қолын көтере берді де қайта түсірді.
– Бар! — деп Бәкірді итеріп жіберді.
Бәкір шақар екен, жас жігіт қой, егде адамға әлім жетеді дейтін шығар, оның үстіне ол — сыйқым, жалғыз күнтуды қойшы, дер, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты.
Ауыл итінің құйрығы — қайқы, аталастарым ара түсер, жақтасар, деп желігеді-ау шамасы, Бәкір тоқтар болмады.
Бәкір енді өзіне аталас жігіттерді атын атап шақыра бастады. Сол-ақ екен Бәкір құралпы бірнеше көкпаршы жігіт аттарын танаулатып келіп, жездеме қамшыларын шошайтып, жәбір сөздер айта бастады.
Бәкірдің күткені де осы екен, жездемнің жағасына жармасты.
Әрі қарайғы әңгімені созып жатпай-ақ тоқ етерін бір-ақ айтайын, жездем әкесінің өсиетін ұмытты, бәлеқор Бәкірді де, оның желіккен жолдастарын да бір-бір ұрып сұлатты. Жалғыз күпшек күрең емес, тағы бес ат үстіндегі адамынан құтылып, опыр-топырдың арасынан сытылып шығып бара жатты.
Жездем қатты ашуланды:
– Өй, өңкей өспейтін немелер! Сендер Қалқабайдың кім екенін білмей жүр екенсіңдер әлі. Бүкіл Пішпектің жамбақылары қақ жарылып жол беретін Қалқабай деген көкелерің мен боламын. Сөйткен мені сабамақ болдыңдар ә сендер, сондағы арқаланатындарың сыйқымдықтарың, көптіктерің екен ғой. Жоқ ол болмайды. Осы жасқа келгенше мені ешкім басынып көрген емес, енді де басындырмаймын.
Жездем барды да маңқиып тұрған күпшек күреңнен ер-тоқым, жүгенді сыпырып алып, "Бар, жуас жануар, “жайыл!" — деп қоя берді.
Көкпаршылардың үлкендер жағы Бәкірлерге ұрсып жатты. Олар жездеме тоқтау айтып еді, жездем тындаған да, үндеген де жоқ бойын тік үстаған күйі барып үйге кіріп кетті.
Жұрт аяғы басылған соң Шәкен екеуміз үйге кірсек, әкем теріс қарап жатып қалыпты.
Шәкен далаға шығып кетті.
Әкеме де, Шәкен екеумізге де инедей қадалатыны — "қаңғыған күнту" деген сөз. Апам мен әпкем өз елінде отыр. Апам — сыйқымның кемпірі, әпкем — қызы, оларға бұл сөз дарымайды, ал, біздің жүрегімізді жаралайды. Бүгінгі пәле де біздің күнтулігімізден шығып отыр. Сыйқымның бозбаласы жаяу жүргенде күнтудың көктүйнектері неге атқа мініп алады? Көкпар қаңғыған күнтулардың не теңі?!
Қаңғыған күнту! Осы екі сөз берер ұғым бізді қаншама рет қынжылтып, қанжылатпады десеңізші! Әй, адамдар-ай, қандай да бір ретін тауып қаңғыған күнту екенімізді еске салып тұратындарың қандай жиіркенішті еді!
Ия, біз — күнтумыз. Онда тұрған не бар? Күнту — Шымырдың Шынқожасының Бозқызысынан тарайтын ел. Күнтудан батыр да, ақын да шыққан. Әкем айтып отырады: "Күнту Барлыбай, Намаз батырлар жауға қарсы сыйқымдармен тізе қосысып соғысқан" — деп. Ашаның алты салының — Жидебай мен Сауытбегі — біздің аталастарымыз. Күнту кемсітетін ата емес. Сыйқымдардың ішіне біздің әкеміз қаңғып келген жоқ Қосай бастық қолқалаған соң көшіп келген.
– Әлдеш, бері келші!
Мен селк ете қалдым.
Бәсе, қапа болып жатқан адамда ұйқы қайдан болсын!
Әкем бері аунап түсті.
Түсі суық алып адам демнің арасында мыж-тыж болып азып кетіпті.
Құшағын ашты.
– Келші, балам!
Мен әкемнің құшағына қойып кеттім.
Әке құшағы, қандай ыстық едің!
Әкем менің маңдайымнан иіскеді.
Иісіңнен айналайын! Тура Бекетгің иісі!
Әке иісі, қандай қуатты едің! Ұста дүкенінің ащы кермек 'түтіні, шылымның қолқа қабарысы — бәр-бәрі бар әке иісінде. Өкпе кеселін сездірер бір күлімсі иіс те себелейді.
– Балам, "қаңғыған күнту" — деген сөз саған да бата ма!
– Батады.
– Қап! Онда көшу керек екен елге. Кербұлақтың таза ауасы, мөлдір суы — менің кеселіме мың да бір ем. Сол үшін жүр едім мұнда, қой мұным болмайды екен. Өлсем де елге барып өлейін, сендерді үйірлеріңе қосайын!
Ертеңіне әкем Шуға, күнтуларға жолаушылап кетті де бір апта жүріп, ауырып қайтты. Әкемізге Шу жақпайды екен, жөтелі қайта шығып қалыпты.
Әкем келген күні үлкендер арасында күбір-күбір әңгіме болды да басылды. Содан қайтып күнтуларға көшу жөнінде әңгіме болған жоқ.
Өстіп жүргенде тау елі Шуға көшті.
Жездем диірмен ұстайтын болғандықтан біздің үй көшкен жоқ
Өзен бойындағы ауыл-ауылдың жұртында бірден-екіден ғана үй қалған. Бізді түртпектейтін сыйқымдар өстіп құдайдың, жоқ өкіметтің құдретімен ата жұртынан айырылып, Шу бойына көшірілді, яғни таудан ойға түсірілді. Бір "Кербұлақ" емес, көрші "Қарауылтөбе" колхозы да, басқа колхоздар да сөйтгі.
Жездеммен қатты қалжыңдасатын бригадир Аршабек ағай айтыпты:
– Қалеке, сен киелі адам екенсің. Мен саған басымды идім. Құдайдың құдыретін қарашы, сені "қаңғыған күнту" деп кемсітіп, Кербұлаққа сыйғызбай жүрген сыйқымдардың өзі енді қаңғып көшіп барады.
Жездем:
– Аршеке, баратын жерлеріңіз — күнтудікі. Сыйқымның елінен де, жерінен де айналайын, елінің қызын алдым, өсіп-өндім. Жері — дертіме шипа. Сендер кетсеңдер де мен кетпеймін Кербұлақтан. Жолдарың болсын, күнтулар сендерді "қаңғыған сыйқымдар" демесін! — депті.
– Қатырдың-қатырдың, Қалеке! Кербұлақ — сенің еншің, тауда қалған елді ұнсыз қылмасаң болды, — депті Аршабек ағай.
– Әлбетте, — депті жездем.
Бригадир мен диірменшінің келісімі осы болған.
Біздің үйдің жанына төменгі төре ауылының жұртында қалған Құтым апайдікі көшіп келген.
Сөйтіп екі үйлі жан өзімізше абыр-дабыр болып өмір сүріп жатырмыз.
Бәрі жақсы еді, қара енді аяғымды сындырып алып елді әбігерге түсіргенімді.
Қап, аяғым!
Даладан Здән жүгіріп кірді. Өңі бір түрлі қуарып, үрейленіп тұр.
– Атам келе жатыр!
Әдетте, біз үйдің бір адамы жолаушылап кетсе, келеді-ау деген кезде ол кеткен жақты қайта-қайта көздеп жүреміз. Ел-жұрттан алыс, өмірден қағаберіс ескі жұрттағы екі үйлі ауылға жолаушы әкелер жаңалық көп. Әркім одан өзін қызықтыратын жәйды сұрайды. Мен жездемнен, әрине, Әлібекті сұраймын. Әлібек менің аяғымның сынғанын естіді ме екен? Аяғым... Аяғым... Мен Әлібекті сұрай алмайды екенмін. Алдымен жездем сұрайды менің аяғымды қалай сындырғанымды. Не деймін? Аяғымның сынғанына мен өзім кінәлімін. Жездем сеніп кеткендегі бітіргенім осы болды ма? Жездем өмірінде бізге бірде-бір рет көтермеген қолын көтерер, ұрар. Әкпем мен апама: "Бұларың нелерің баланың аяғын сындарғандарың?" — деп ренжір, ауыр сөздер айтар.
Жалғыз мен емес, жұрттың бәрінің апшысы қуырылып, тынысы тарылған.
Жездемнің алдынан арсалаңдап ешкім шыққан жоқ.
Ит болса да үрмейді.
Жездем үйге еңсесі езіліп кірді де төрдегі өз орнына жетіңкіремей гүрс етіп отыра кетті.
Үйде отырғандардың біреуі де амандасқан жоқ.
Мен болса да кінәлімін, үн шығаруға дәрменсізбін.
Бәріміз бекер үрейленіппіз. Жездем мен ойлағандай ешкімге ұрысқан да, мені ұрған да жоқ. Қайта қатты жасып, үнсіз отыр. Отырғанының өзі анау-мынау адамның түрегеп тұрғанына пара-пар адам ғой жездем, онсыз да сықсиған кішкентай екі терезенің бірінің көзін жауып, үй ішін кәдімгідей алакеуім қараңғы қылып жіберді.
Мен ақырын көз салдым, жездемнің түксиген қасынан, кең, қасқа маңдайынан, ұзын қыр мұрнынан, селдір жирен мұртынан, шығыңқы шықшытынан — бәр-бәрінен ашудан гөрі аяныш андыздап тұрды. Ол неткен аяныш, мені аяй ма екен? Жоқ мұнысы — өзін аяу. Ия, әкем өзін аяйды. Үміт артқан баласы кем болып қалса, қайтпек? Осыны ойлап жігері құм, іші әлейім-жәлейім болады, әрине. Онысын білдірмейін деп үндемейді, бірақ бәрі — белгілі.
Әкеге қуаныштың басы да, қайғының қара тасы да бала екенін мен тұңғыш рет қатты сезіндім. Әке, қапа болмашы! Рас, мен ақымақ болдым, аяғымды сындырып алдым. Ештеңе етпейді, әлі-ақ аяғым жазылып, жүгіріп кетемін. Шоқпарға барып, оқуымды жалғастырамын. Сөйтіп Көпбай сайының басындағы басатта келе жатқанда өзің айтқан: "Жақсы оқы. Сен — менің үміт артқан баламсың!" — деген тілек—арманыңның үдесінен шығамын.
Қыбыр етіп қимылдаған, сыбыр етіп сөйлеген жан жоқ.
Далаға шықпақ болып терезенің әйнегін қос қанатымен сабалаған дәу қара шыбын пырылдап, даңылдап әлекке түсіп жатты.
– Қалқабай, баланың аяғын сындарып алдық — деді апам өлі тыныштықты бұзып.
– Аяғы қандай енді?
– Білмейміз. Ел: "Сынған жоқ" —дейді. Бала: "Сынған",– дейді.
– Алданыш: "Сынған", — десе, сынған.
Менің жездемнен қорқып, үрейім ұшып жатқаным бекер болыпты.
Қайта жездем жүдеп қалыпты, естіген сәттен бастап әуре-сарсаң болған.
Жездем Қайымжамал апайға қарады.
– Құдағи, сізді жұрт сынықты біледі, деуші еді, Алданыштың аяғын көрмедіңіз бе?
– Енді көрейін деп отырмын.
– Көріңіз.
Қайымжамал апай менің жаныма жақындап отырып, аяғымды ақырын-ақырын абайлап ұстап көрді де тайқып шыға берді.
– Аяғы ісіп кетіпті, қол батпайды. Тегі сынған, ісігі қайтпай, ештеңе біліп болмайды.
Менің алғашқы емшімнің іс-әрекеті осымен тәмам болды.
Қайымжамал апай даңғайыр оташы болмағанына өкінді ме екен, қап-қара болып түтігіп кетті.
Ал, біздің бәріміз ыңғайсызданып қалған едік.
Тоқсанбайдың екі көзі жыпылық-жыпылық етеді.
Осы сәт "Шиқ-шиқ" деген дыбыс шықты. Тауықтың балапанының үні. Отырғандардың бәрі елең ете қалды.
Балапан тағы шиқылдады. Дыбыс жездемнің қойнынан шығады.
Жездем қойнына оң қолын салып, қайта шығарды. Уысында тауықтың аппақ балапаны бұғынып, басын қылқылдатып отыр.
Бәріміз шу ете қалдық.
–Балапан!
– Әдемісін-ай!
– Ақ үрпек екен!
– Күз түсіп, күн суытқанда тауық ұя баса ма? Бұл не сұмдық?!
– Бұл — іңкібатырдың балапаны.
– Ол қандай батыр тағы?
– Іңкібатыр деген бір керемет шығыпты. Не екенін білмеймін, ол іліктрдің тоғымен күз тұрмақ қыста да жұмыртқа шайқап, балапан шығара береді екен.
– Қайтіп?
– Ит біліп пе? Осыларды әдеп іңкібатырдың балапаны деп сатып жатыр. Екеуін сатып алып едім, біреуі жолда өліп қалды, мынау итжанды екен, аман жетті.
– Бұл енді үйде өледі ғой пәле болып.
– Жылы жерде, жақсылап бақса, өлмейді.
Апам мен жездемнің әңгімесі өстіп ұзап бара жатты.
Мен ақ балапанды жерден іліп алып, қойныма тықтым.
Ақ балапан жездемнің қойнына үйренген ғой, қыбырламай жатыр.
– Бұл не жейді? — дедім жездеме.
– Тауықтың балапаны не жейді, соны жейді.
– Іңкібатыр дегенге басқа екен десем, тауықтың балапаны десеңізші мұны.
– Тауықтың балапаны. Бірақ бұл тауық болғанда күрік болмайды, жұмыртқа басып балапан шығармайды екен.
Әпкем ақ балапанды аямады:
– Темірден жаралған сорлыда сезім болмайды екен ғой.
– Ия, сатқан адамдар солай деді. Сонысын мақтап тұр. Жыл – он екі ай жазбай жұмыртқалай беретін көрінеді бұл.
Қызық әңгімені тауықтың темірден жаралған балапаны шиқылдап бұзды.
– Тамақ сұрап жатыр, — деді жездем.
– Ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі тамақ. Қай батыр еді мынаның жаратылғаны? Мейлі, батырдан, мейлі қорқақтан жаратылсын, тамақ беріңдер бұған.
– Не береміз? Жолда не жеп еді?
– Нанның қоқымын.
Әпкем дереу дастархандағы нанның қоқымын кесеге салып әкелді.
Мен ақ балапанды кайнымнан шығарып, кесеге таядым.
Ақ балапан ойында түк жоқ кесеге қарар емес.
– Қоқымды аузына қолмен салу керек, ол солай үйренген, - деді жездем.
Мен қоқымды ақ балапанның аузына бір-бірлеп сала бастадым. Ақ балапан көзін жұмып, бір тамсанып алып жұтып жатыр қоқымды.
– Жұтқан жұтамайды, деген, бұл өлмейді екен, - деді апам.
– Өлмесін, Алданышқа ермек болады, - деді әпкем.
Шынын да, ақ балапан маған ермек болды.
Екі көзім төрт болып отырғанда ақ балапанға жем, су бергеннің өзі біраз сергітіп тастайды. Жұрттың бәрі шаруа қамымен далада жүреді, үйде ақ балапан екеуміз ғана қаламыз. Ақ балапан маған әбден бауыр басып алды. Даладан үйге біреу кірсе, жүгіріп келіп маған тығылады. Өзіңді, темірден жаралған болса да, біреудің қорғаныш көргені қандай жақсы еді.
Ақ балапан, мен жалғыз саған ғана емес, осы үйдегінің бәріне керекпін. Үлкендер маған сенім артып, үміт күтеді, кішілер мият тұтады. Ол сенім мен үміт үдесінен шығу, қарындастарым мен ініме қалқан болу үшін төрт мүшем түгел, дені-қарным сау болуы керек. Оған мына аяқты көрмейсің бе?! Ақ балапан, сен ертерек өс, тауықтарға қосыл, жыл-он екі ай жазбай жұмыртқала. Айналайын аяғым, сен ертерек жазыл, адымымды ұзарт! Сонда мен өз қатарыма қосылып, жайраңдап ойнап жүремін. Біздің үйдің адамдарының көңілінен кірбің кетеді. Солай, ақ балапан, сен өс, мен жазылайын! Мен сені қайтсем де аман өсіремін. Аяғымның жазылуын сенімен сабақтастырған екенмін, барымды саламын, үлкейтіп тауықтарға қосамын. Маған аяқ керек, ақ балапан. Баланың алды — үлкен өмір. Екі аяқты тең баспаған бала алысқа бара алмайды. Кем баланың жолы кең болмайды.
Ақ балапан!..
Сол аяқ!
Ақ балапан қара қанаттанып өсіп келеді.
Мен күп болып ісіп кеткен сол аяқты сұлатып тастап шоқиып отырмын.
Ары өткен-бері өткен біздің үйге бас сұқпай өтпейтін болды.
Қонақ төрге озып жайғасқан соң амандық-есендік сұрау алмасылады да әңгіме ауаны менің аяғыма ауады.
Біздің үйдің үлкендері әбден машықтанып алды, кез келгені:
– Шыққанын да, сынағанын да білмейміз, әйтеуір аяғы барт боп ісіп кетті. Өзіңіз көріңізші, — дейді.
Сонда сол қонақ шіркіндердің біреуі тайсалуды білсе ше, бәрі кәдімгі дәрігер құсап үңілетінін қайтерсің менің аяғыма. Не білсін, іле тайқып шыға береді де ұялған тек тұрмастың кебін жасайды:
– Қимылдай ма өзі?
Бір ғажабы бейне бір бәрінің аузына біреу түкіріп қойғандай сұрайтыны – осы.
Біздің үйдің үлкендерінің бұйрығы дайын:
– Әлдеш, қимылдатшы аяғыңды!
Менің жауабым да әзір — аяғымның басын қимылдатамын.
Көргендердің бәрінің айтатыны:
Алданыштың аяғы сынған жоқ екен, жәй еті кеткен.
Сонда бұл адамдар аяқтың басын, саусақты қимылдататын күш сүйек емес, сіңір екенін білмегені ме? Сөйте тұра шетінен ем айтуға жүйрік:
– Ісікке мың да бір ем — сорботқа. Түйенің шудасын тұзды суға қайнатып алып, іскен жерді сонымен орап тастау керек. Сорботқа ісігін де, сары суын да сорып алады.
– Ісікті жұмыртқаның сарысымен сылап тастау керек, тез қайтады.
– Керосин жағу керек.
– Керосин құрысын, ойып түседі.
– Бәрінің білетіні – көрініп тұрған ісіктің жайы, сүйекте ешкімнің ісі жоқ, онда да айтатындары – өң осындай дүдәмал ем.
Айналайын адамдар-ай, жорамалға сонша жомарт болмасаңдар қайтеді!
– Біздің үйдің адамдары да пәленің бәрі ісікке тіреліп тұр дейтін сияқтанып бара жатты. Бұл дұрыс емес, әрине. Ісіктің де, басқаның да себебі — аяқтың сынғаны. Ортан жіліктің ортасынан қақ бөлінгені айдай анық бір әрекет жасау керек.
– Менің апам – кішігірім тәуіп адам. Тамыр ұстайды, анау-мынау ауруды анықгап, ем-дом жасайды. Сөйткен апам сыныққа жоқ екен. Әрине, гүп болып ісіп кеткен қалың ет арасындағы сынықка бірдеңе істеу-қиынның қиыны. Апам да, әкпем де, жездем де келген адамдардың қисынды-қисынсыз сөзін, шипа болар-болмасы белгісіз емдік кеңесін тыңдауға, содан бір медет алуға мойынсұнып бара жатты.
– Мен өйте алмадым. Қандай да бір әрекет жасау керек деп шырқырады жаным. Мен дүниедегі аяқтан басқаның бәрін ұмыттым. Барлық ойым аяққа келіп тіреледі. Кемдік деген қасірет, үрей еңсемді езіп, көп-көп көретінімді көмескілендіреді. Даладан есікті шірене ашып ішке енген адам қандай бақытты еді! Екі аяқты кере адымдап басып келіп, тізе бүгіп отырып жатса, шіркін! Мен өйте алмаймын – кеммін. Маған жонын беріп, сыртқа шығып бара жатқан адам ше? Айтпаңыз, ол адам менің ең бір аяулы арман-сезімдерімді көзге көрінбейтін әдемі жіпке байлап алып бара жатады. Жарық кең дүние аяғы барлардың еншісі екенсің, сен! Ал, мен өстіп шоқиып отыруым керек – аяғым сынып қалған. Өмірдегі қуаныш-қайғының бәрінің кілті кемсің бе, аяқ-қолың аман ба, соған келіп тіреледі екен. Төрт мүшесі түгел адам-бақытты, бір жері кем адам бейшара.
Айтыңдаршы, кімнің бақытты болғысы келмейді?!
Мен үшін бақыт-аяғымның жазылуы. Ендеше мен қалайша аяғыма телмірмейін, ем білемін дегендерге емінбейін, бірақ олардан қайран болуы мүмкіндігі азайып барады.
Білемін ғой, білемін, бұл аяқ жалғыз маған ғана емес, оқиды, үлкен азамат болады деген үміттерін аялап жүретін жездем мен әпкеме де, жігіттікке жетіп Әлдижанның орнын басады, Ыдырыстың отын өшірмейді деген арманын арқалап жүрген апама да, мені қара тұтатын аға-жеңгем – Шәкен мен Кененге де, әләзір құры жәудіреп қарағаннан басқаға жарай қоймаған қарындастарым мен ініме де керек.
– Апа, сынықты қайтып салушы еді?
– Оны қайтесің?
– Аяғымның сынған сүйегін өзім салып, өзім емдеймін.
– Қой!
– Рас. Сөйтемін.
– Балам-ай, енді...
Апам әрі қарай не айтарын білмей, аңтарылып тұрып қалды.
– Апа, ең болмаса, қалтқы жасап, соны сынықты қимылдатпайтындай етіп санымның асты-үстіне, екі жағына қойып, тас қылып таңып тастайық. Маған қалтқы жасайтын ағаш па, тақтай ма, бірдеңе әкеліп беріңізші.
– Мұның дұрыс. Оны қайдан біліп жүрсің сен?
– Білемін. Қойдың аяғы сынғанда өзіңіз талай сөйткенсіз.

  • Ақылыңнан айналайын сенің! Құдай сәтін салса, қалтқы жақсы, жазыласың.

Апам төрт таяқша әкеліп берді. Мен оларды пышақпен жақсылап тұрып жонып қырлап, әдемі-әдемі қалтқы жасадым. Енді апам екеуміз асықпай, ептеп отырып қара санды шүберекпен орап, сыртынан төрт жерден қалтқы қойып, жақсылап таңып тастадық. Аяқ зілдей болып жатыр. Апам екеуміз ертелі-кеш мейлінше сақ қимылдап, қыбыр еткізбей, сорботқа тартамыз, жұмыртқаның сарысымен сылаймыз. Бұл жұмысқа екеуміз де керемет машықтанып, епшіл болып алдық Апам қалтқыны шешіп жатса, мен сынған тұсты қимылдатпай ұстап тұрамын. Апам екеуміз бір-бірімізбен тіл қатыспай-ақ қалтқыны, оның астына салған шүберекті сорботқа мен жұмыртқа сарысын титтей де ауыртпай ауыстырамыз.
Бір ғажабы, менің аяғым ауырмайды да, қақсамайды да, не болса да ісіктің астында. Жаманы — анда-санда ұйықтайын деп көзім ілініп бара жатқанда шоршып кетеді. Шоршыр кезде міндетті түрде аяғымның қандай да бір қимылы қажет түстер кіреді. Мен әккі бола бастадым, түс кіру жаңа бастала бергенде өзімді-өзім қандай да бір белгісіз күшпен түртіп оятып, көзімді ашып аламын. Енді болмаса, шоршыр болған сүйегім шым деп барып тыншиды.
Жездем ат сабылтып құлақ естір маңдағы оташы бар деген ауылдың бәріне барып қайтты. Бұл өңірде білікті оташы жоқ екені мәлім болды. Далауыздағы жылқышы Жетпісбайдың оташылығы әжептеуір дегенді естіп, жездем сонда кеткен, жанында ешкім жоқ жалғыз оралды. Жетпісбай бірден ілеспепті, ойдан яғни Шудан мал дәрігерлері келіп, жылқыны емдеп жатыр екен, мұндай қарбаласта кім баққан малын тастап кетсін, оның үстіне жылқышының өзі болмаса, мал дәрігерлері, асауды айтасыз, жуас жылқының өзіне жолай алмайды дейді. Қызық малдың оқуын оқыған адамдар малдан қорқады. Оларға жылқышы асауды жуасытып, жуасты одан әрі мөлитіп алдына көлденең тартуы керек екен, сонда барып қожаңдайтын көрінеді.
– Барам-барам. Мына шаруа бір жайлы болсыншы, дереу жетем, — деп Жетпісбай жылқы емдеп жатқандарға қарапты. — Мүмкін, мына мал доғдырларының біреуі білер сынықтың жайын. Білсе, барсын.
Қаптап тұрған мал дәрігерлері шу ете қалыпты:
– Біз — мал дәрігеріміз. Адам дәрігері — аудан орталығында.
– Ия, Новотроицкіге апарыңыз.
Жездем шарт кетіпті:
– Адамы не, малы не, олардың ауыратын ауыруы да, сынатын сүйегі де бір емес пе. Әшейін түк білмеймін десеңдерші. Жылқышылар құлағынан басып, қозғалтпай ұстап тұрған жылқыға ине салғаннан басқа түк келе қоймас сендердің қолдарыңнан.
Мал дәрігерлерінің бастығы Гүлбаршын сөзге жүйрік екен:
– Келер-келмес, ол — біздің шаруа. Жұмысқа кедергі келтірмеңіз, барыңыз, — депті.
Жездем қатты түтігіп келді.
– Адамның басына күн түспесін де. Күн түскен екен, қарайлайтын жан адам жоқ екен, — деп түнеріп біраз отырды. — Осы біздің шолақ белсенділерге адамнан мал жақын. Колхозға хабар айттым, біреуі тырп етіп қозғалар емес. Бұл бастық деген адамға қамқор болмай ма екен? Әлі-ақ Алданыш үлкен оқу бітіріп, дәу бастық болады, осы көрген қорлығымыздың бәрінің есесін қайтарады. Құдай соған жазсын!
Жездем аңсаған күн келер ме екен?! Аяғымның сынығы қайтеді, жүргізе ме, оқыта ма, жоқ.. Жүрегім зу етіп, денем түршігіп кетті.
Доктор дейтін ақ матадан тігілген халат киген бейтаныс бір бейне елес берді. Доктор болса, шіркін!
– Мен докторды туғалы тумысымда алғаш рет Көкқайнарда, әпкемнің ауылына барғанда көргенмін.
– Оның бір қызық әңгімесі бар.
Тау елін Шуға көшіру бір машақатқа айналған.
Кербұлақтың адамдары мына тұрған Шуға көшкенді кәдімгі бір итжеккенге айдағанмен бірдей көрді. Қызық-қызық әңгіме болды.
Өлтірсеңдер де көшпейміз, — деп орнында отырып алғандар аз болған жоқ.
Оған бастықтар көнуші ме еді, “Милиция шығарамын", – деп қорқытты. Ол кездегі адамдар қорқақ еді ғой, бір де біреуі қасарысып қарсы тұра алмады.
Бір дорба топырақ салып алып, "Өлсем, көріме осы топырақты салыңдар", деп жылағандар да кездесті.
– Апырау, бұл не сұмдық! Мына тұрған Шуға көшкенді де сөз деп. Өзіміз Қырғызстаннан келіп отырмыз ғой, -деп жездем күлді.
– Біздің үй бұл әбігерге түскен жоқ.
– Жалпы жұрт көшкенімен, тауда тірлік өшкен жоқ. Колхоздың түгел тауда қалған малын баққан адамдар, жаздай оған жемшөп дайындайтын пішеншілер, жотада көктемгі егіс, жазғы жиынтерін кезінде еңбек ететін диқандар – бәр-бәрі жездем ұстайтын диірменге ділгер. Диірменнің пәрегі сол бұрынғысынша шыр айналып, тасы тынбай зыр қағады, шанаққа үн танбай саулайды. Тау елін үннан тарықтырмау жездеме жүктелген. Бұл міндетті орындауға жалғыз жездем емес, бәріміз өзімізді жауапты сезінетін едік. Біздің үйдің үлкеніміз-кішіміз демей, бәріміздің диірменнің тоқтаусыз жүруіне қандай да бір септігіміз тиетін.
Тауға диірменнің қажет екенін білген бастықтар балалардың оқуы керектігін ойламаған.
Ерте көктемде үдере көшкен ел баласын жұртқа тастаған жоқ, ала кетті.
Мектеп жабылды.
Сонда да қимаймыз, одан-бұдан жиналған төрт-бес бала мектепке күніге бір барып, маңайында біраз айналсоқтап жүріп қайтамыз.
Осындай бір сапардан соң келсем, біздің үйдің мама ағашында үш ат байлаулы тұр екен.
Үйге асығыс кірдім.
Дастархан басында қасында бір мосқал тартқан кісі бар Әбусағат жездем отыр.
Жұрттың бәрі көңілді көрінеді. Әсіресе, апамның қуанышында шек жоқ. Апам қызын аңсап жүреді екен. Қызы да шешесін сағыныпты, "Апамды алып кел", — деп күйеуін жіберіпті. Апам мені алып кетпек болыпты. Оқу кезінде оқушы қайда бармақ? Мәселе осы сұраққа келіп тіреліпті.
– Мектепте оқу жоқ — дедім мен.
– Онда несіне барып жүрсіңдер? — деді апам.
– Қимай барамыз.
– Балаларға қиын болды, — деп әпкем Әбусағат жездеме қарады.
Сөзге әкем араласты:
– Шынында, бұл ауылдың тоз-тозы шықты. Жұрт Шуға көшіп кетті. Көшкендер, әлбетте, балаларын айдалаға тастаған жоқ ала кетті. Күзде мектеп ел көшіп барған жерден ашылатын көрінеді. Бұл бір қызық әңгіме болатын түрі бар. Қайда оқытамыз балаларды?
– Оны кейін көре жатарсыздар. Ақыры қазір оқу жоқ екен ғой, Әлдеш те жүрсін апаммен бірге.
– Мейлі.
Менің әкем мен Әбусағат жездемнің арасындағы осы сөздер мәселенің шешімі еді, Көкқайнарға мен де баратын болдым.
Ертеңіне апам бір атқа, мосқал кісі Сәтбек бір атқа мініп, мен жездеме мінгесіп, жолға шықтық.
Оңтүстікті бетке алып, Жайсаң жотасын көктей өтіп келеміз. Шығыс жағымызда Қордай тауы бұжыр-бұжыр болып тұр, одан әрі оңтүстік-шығыста қырғыз Алатауы мұнартады.
Оң жағымыз ұзын-ұзын сұлап жатқан қырқа-белдер.
Жол ұзақ. Екі аяғым салаңдап талып келеді.
Бұл күйімді жездем сезіп қойды.
– Қой, бала, кішкене дененің құрыс-тырысын жазайық. Шу, жануар!
Жездем торы атты тебінді. Торы ат көсіле жөнелді. Апамдардан әудем жер ұзап кеттік.
– Қалай, Әлдеш, біраз сергіп қалдың ба?
– Ия.
– Енді ән тыңда.
Қаратаудың басынан алдым қайрақ,
Алшаңдатып торы атқа міндім жайдақ.
Жаман қызға мал беріп жалынғанша,
Үкі тағып басыма жүрсем бойдақ.
Жездем мына торы атқа мініп барып, Қаратаудың басынан қайрақ алған екен ғой. Қайрақ тас Қаратауда болады екен ғой. Қаратауы біздің есіктің алдындағы қарабет шығар. Қарабеттің тастары қайрақ болатынын қалай білмегенбіз біз? Торы ат алшаңдап басады екен-ау, жануар. Онда жақсы ат болғаны да мұның.
– Бұл жездем, шынында, жаман қызға мал беріп, жалынып қайтеді, әпкем бар ғой. Бойдақ жүргені несі, әпкеме үйленгелі қашан, соғыстан бұрын үйленген, үш ұлы бар.
Мен жездемнің өлеңіне түсіне алмай, дал болып келемін.
Өлеңнің сөзі жадымда бірден жатталып қалды. Қыздарға айтқанға жақсы екен. Кейін, өскенде айтамын мен бұл өлеңді, амандық болса.
Әпкем апаммен жылап көрісті. Шешесін сағынғаны ма, жоқ Әлдижан ағасын жоқтағаны ма екен, еңіреп жылады.
– Әлдеш, келе ғой, — деп мені құшақтап бетімнен сүйді. Мені көргендердің бәрі:
– Әлдижаннан айнымайды екен, -деп жатыр.
Бұлары — мені Бүбісара әпкемнің туған бауыры етіпкөрсеткісі келген игі ойлары шығар, мүмкін, мен шынымен Әлдижан ағама ұқсайтын болармын, білмеймін.
Тегі мен шешеме ұқсағанмын. Ендеше Әлдижан ағама да ұқсағаным ғой. Бүбісара әпкеме тартқан жерім де жоқ емес, әрине.
Бүбісара әпкемнің дауысын тура менің шешемдікі дерсің. Алла-ай, бірге туған адамдардың түрі тұрмақ даусы да ұқсайды екен ғой!
Осындай әсерлі сәт саябырсыған соң мен ойнайтын бала іздеп жан-жағыма қарадым. Ондай бала тез табылды, жездемнің үйінде Шопан деген жиені жүріп оқиды екен, екеуміз демде ойнап кеттік.
Әпкемнің ауласында бір топ бала ойынның қызығына беріліп жатқанбыз.
Байқамай қалыппыз, қақпадан үстерінде ақ халат, бастарында ақ тақия бар екі әйел кіріп келе жатты. Мен ойымда ештеңе жоқ екеуіне тесіле қарап тұрып қалдым, басқа балалар демнің арасында зым-зия жоқ болыпты.
Екі әйел орыс тілінде бірдеңелерді айтып маған таяй берді. Мен тұрмын сілейіп.
Үйден әпкем шықты. Енді үшеуі сөйлесті орыс тілінде. Жүздерінен көз алмай қарап тұрмын, үшеуі бір нәрсеге келісті.
Әпкем маған бұрылды:
– Әлдеш, мына кісілер қолыңа егеді екен.
– Не егеді?
– Бидай.
– Ол не пәле?!
Пәле ештеңесі жоқ түк те ауырмайды. Қане, жеңіңді тұр.
Әпкем сол қолымның жеңінің түймесін ағытпақ болды.
– Әлдеш, укол салады!
Үйдің бұрышынан басын шығарып бұл сыбырлап тұрған–Шопан.
Жарайсың, досым!
Мен ата кеп жөнелдім.
Шопан екеуміз үйді айнала бездік. Былайырақ ұзаңқыраған соң сұрадым:
– Шопан, қолға бидай екті деген не сұмдық?
– Не, соны да білмейсің бе? Ол — кәдімгі ине тығу. Балаға қызылша шықпасын деп укол салуды егу дейді. Міне, көр, укол салған жерің мынандай шүпірлеген шұңқыр-шұңқыр болып қалады. Алдымен шұңқырлардың орны қып-қызыл бидайдай болып бұртиып-бұртиып, қалай десем екен енді, ия-ия, өнген. Бұртиған бидайлардың аузы жараға айналып барып жарылып, өстіп шұңқыр-шұңқыр болып қалды. Ине салғаны, жоқ иненің ұшымен тырнағаны ештеңе емес, онша көп ауырмайды, өнгені жаман, қышып жаныңды шығарады.
– Құрысын! Енді қайттім?
– Қайтесің, еккізесің. Еккізбейді екенсің, милициямен айдап апарады докторға. Бар, ана екеуі сенің қолыңа екпейінше кетпейді. Қорқақ!
– Өзің қоркақ! Сен мені әрі итеріп, бері жықпақ екенсің ғой. Жоқ Сен өлмеген егуден мен өледі дейсің бе, барамын, еккіземін!
Мені қорқытып мәз болып тұрған Шопан сасып қалды:
– Өй-өй, мынау қайтеді-ей, шынымен өзі барып еккізе ме, мені ағам сүйреп апарып, кұшақтап ұстап тұрған.
– Ал, мен өзім барамын!
Үйдің бұрышынан менің төбем көрінген бойда әпкем қуанып кетті:
– Әлдеш, келе ғой, айналайын! Ел-жұртқа күлкі қылма!
Әпкемнің мына жыларман халінің астарын түсіне қойдым, біз тауда өскенбіз, тағымыз. Ал, мына ауылдың адамдары мәдениетке жақындау. Доктордан қашқаным тағылық емей, немене? Балалар күлетін болды-ау енді!
Мен түк те қаймықпай, тура тартып отырып, докторлардың алдына бір-ақ барып тоқтадым.
Егуге қай қолымды ұсынсам екен? Іссе де, түссе де сол қолым көрсін, оң қолым өзіме керек, мен онымен жазу жазамын, адамдармен амандасамын.
Сол қолымның жеңін түріп жіберіп, қарымды уколға тостым. Докторлардың не жасайтынына қарауға дәтім шыдамай, басымды кері бұрып әкеттім.
Докторларға керегі де менің сол қолым екен. Жалма-жан жейдемнің жеңін жоғары түріп, бұлшық етіме сұйық дәрі жағып, үшкір темірмен тырнап-тырнап жіберді, шыдап бақтым.
– Болды.
– Жақсы бала екен.
Мен укол салған қолымның жеңін түсіре беріп, сілейіп тұрдым да қалдым. Мәс-саған, безгелдек! Сол қол деп уколға ұсынғаным оң қол екен. Жазыла гөр, оң қолым! Сен маған өте керексің. Сенсіз мен қалай күн көремін? Сол қол солақайға болмаса, бізге қатты қайырымға жарамайды. Ертеңгілік тұрғаннан кешкілік жатқанға дейінгі барлық тірлікті атқаратын, жалпылап айтқанда, "жан сақтап" отырған оң қолымды қалай ғана қатерге тіккенмін?! Қызық күліп жібердім.
Ауырсынудың орнына "қуанып" күлгеніме бәрі-аң таң. Апам мендей қайсар, батыр баласы барлығына сүйініштен жарыларман болып тұр.
Доктор еккен укол қып-қызыл болып шүпірлеп өніп, қышып, мен қасып жара қылып, ойдым-ойдым шұңқыр қалдырып барып жазылды.
Шүкір, оң қолым өзіме сол бұрынғысынша қызмет етуде.
Ал, доктор дегендеріңіздің кісіге жақсылық жасайтын адамдар екені жадыма мықтап ұялап қалып еді.
Міне, енді, шіркін, аяғымды докторға бір көрсетсе деген ойым арманға айналып бара жатыр.
Шу алыс, ал, Шоқпарда сыныққа әлі келетін доктор жоқ көнуден басқа амал таусылған.
Жездем ең болмаса мал докторы көрсін деген екен, олардың сыйқы анау болды.
Ендігі үмітіміз – Жетпісбай жылқышы.
Жетпісбай атай жылқы емдеуді бітіріп келгенше бірталай күн өткен.
Келгенін қайтейін, ол да жарытқан оташы болмай шықты. Жылқының бір жері сынса, өзі салып, емдейтін көрінеді. Тайған тобықты, сынған саусақты салатыны бар екен. Былайша айтқанда, жай ғана қолы епсекті адам.
Ол кісі сыздағаны сәл-пәл басылғанымен, ісігі әлі қайта қоймаған, талыстай болып жатқан аяғымның әр жер-әр жерін ұстап көрді. Ауыртып алармын деп жүрексіне ме, жоқ қолы шынымен епті ме, ұстаған жерін ауыртқан жоқ.
– Баланың аяғы сынған екен. Қанша күн болды өзі мұның аттан жығылғанына? — деп апама қарады Жетпісбай атай.
– Он күн болды.
– Бұл батыр нешеде еді?
– Он төртті бітіріп, он беске кетті, наурызда туған.
– Сынық жас санайды. Сынған сүйегі он төрт күн дегенде ілінеді. Енді қозғаудың қажеті жоқ. Құдай қаласа, енді бес күннен соң орнынан тұрады.
– Аузыңа май!
Үйдің іші жарқырап шыға келді. Апамның, жездемнің, әпкемнің жүзін қуаныш кернеді.
– Адам жылқы іспетті. Қой, ешкі мен сиырдың сынығы етті ісітпейді, жазылуы қиын. Жылқы баласының бір жері сынған екен, еті гүп болып ісіп шыға келеді. Ісік кернеп, анау-мынау сынған сүйекті орнына түсіріп жібереді. Ең әдемісі – енді аяқты қимылдатпау. Қалтқы салып таңып қойғандарың ақыл болған.
– Әлдеш, қалтқыны өзі жасап, өзі салып, өзі таңды.
– Онда қолының ебі бар екен ғой балаңның. Онысы тіптен жақсы. Айтқаным айтқан, құдай сәтін салса, енді бір бес күннен кейін орнынан атып тұрады бұл сабаз. Сор ботқаны өстіп үзбей тарта беріңдер. Бір мезгіл жұмыртқаның сарысын жақса да болады. Айша өзіңнің де анау-мынау ем-домың болушы еді ғой, соларыңды жасағын. Түк те жоқ қапа болмаңдар, Алданыш әлі-ақ аттың құлағында ойнайды.
– Айтқаның келсін!
"Жақсы сөз — жарым ырыс". Апам Жетпісбай жылқышыға қатты разы болды.
Біздің үйдің үлкен дастарханы жайылды. Апам мен әпкем дастарханға үйдегі бардың бәрін салыпты, көңілденіп отырып шәй іштік.
Бес күн! Қандай ұзақ еді, таусылмас, сірә! Бес күн шыдау нағыз азаптың өзі. Мен орнымнан осы қазір атып тұрып, асыр салып ойнағым келеді. Көңіл әр саққа алып ұшады, аяқ жібермейді. Ұмтылып тұруға жүрек дауаламайды.
Енді өмір бойы тұра алмаспын, өстіп жатқаным жатқан шығар.
Бәрі қалды. Ойын да, оқу да жоқ маған енді.
Ойбай-ау, бұл не дегенім?! Жоқ болмайды.
Мен – адаммын, әр кез жақсылыққа ұмтылып, болашаққа сеніммен қарап өмір сүруім керек.
Менің аяғым жазылады!
Біздің жетінші кластың балалары оқуға менен басқасы түгел жиналған шығар. Әттең, араларында мен жоқпын.
Әлбетте, мұғалімдер балаларды түгелдейді. Мені, ең алдымен, математик, мектеп оқу ісінің меңгерушісі Оршыбек ағай іздейді.
Оршыбек ағай – өте қатал адам. Есептің бақайшағын шаққан математик. Соғыстан "контужный" болып оралған деседі. Рас шығар, өңі үнемі сарғыш тартып жүреді. Ашуланғанда беті құп-қу болып кетеді. Қаһарына ұшыраған баланы қара жерге қазық қылып қағып жіберуте дайын. Рас-өтірігін қайдам, жұрт екі-үш қабырғасын фашист оғы қақыратып сындырып кеткен, соларын операция жасап алып тастаған, дейді. Мүмкін, солай шығар, сол жағына қарай сәл қисайыңқырап жүреді. Ағайдың сеніміне ие болу қиынның қиыны, ондай бақытқа ие болдың екенсің, айрыла көрме. Ағайға қажеті есепті шемішкедей шағуың, формулаларды жарым түнде оятып сұраса, жаңылмай жатқа соғатындай білуің керек.
Мен – кластағы Оршыбек ағайдың ең жақсы көретін оқушысымын!
Мұндай бақытқа мен бірден ие болғаным жоқ.
"Басы қату болса, — аяғы тату болады" деген бар емес пе, сол рас.
Менің де Оршыбек ағаймен татулығым қатулықтан басталды.
Шоқпар станциясына бесінші класта оқуға мен Көкқайнардан, яғни Бүбісара әпкемнің ауылындағы бастауыш мектепті бітірген соң келгенмін. Класта менен басқа да Шоқпардың жан-жағындағы ауылдардан бастауыш мектеп бітірген оншақты бала бар екен.
Оршыбек ағай "колхозбайларды" ұнатпайтын, турасын айтқанда, жек көретін адам болып шықты. Онысын алғашқы сабақта-ақ білдірді.
– Колхоздың баласы қай оқып жарытқан?! Белгілі, бәрің түк білмейсіңдер. Ертең бақылау аламын. Кімде-кім одан екі алады, төртінші класқа түседі. Есеп шығара алмайтын бала мұнда бір минут та отырмайды, класты босатады. Ондайларды жетелеймін деп жүріп класты кейіндететін жағдайым жоқ. Сонша колхозбай қайдан жиналғансыңдар өзі! -деп апшымызды қуырды.
Колхозбай! Колхозшыдан жұмысшы саналы, озық ойлы дегенді ептеп біліп қалғанбыз ғой, бірақ жұмысшының баласы колхозшының баласынан артық деген сұмдықты естіген емес едім, қатты қапа болдым.
Бақылау алыңызшы, сонда көресіз, Оршыбек ағай! Мәселе колхозда, станцияда, колхозшыда, жұмысшыда емес, адамда. Кім ақылды, сол жақсы оқиды.
Оршыбек ағай айтқанын істеді, ертеңіне есептен бақылау жұмысын алды.
Мен – төртіншіні кілең беске бітірген оқушымын, есепке ерекше жүйрікпін. Осындай бір жарысты аңсап жүретінмін. Талай-талай, өңшең есепті жақсы шығаратын балаларды жинап алып жарыстырар ма еді, деп армандайтынмын. Сонда барлық есепті елден бұрын шығарып, жұртты қайран қалдырса, шіркін, деуші едім.
– Осы күнгі олимпиада деп аталатын жарыс екен ғой сондағы менің көкейімді тесетін.
Жай есепті де, мәселе есепті де әне-міне дегенше қағып тастадым. Жақсылап тұрып тексеріп шықтым, бәрі дұрыс. Енді жаман қағаздан дәптерге көшірсе болады. Сол сәт менің тұсымдағы партада отырған бадырақ көз, бидай өңді, құлағы қалқиған нәзіктеу бала орнынан тұрып барып ағайдың столына дәптерін қойып жатты.
– Жарайсың, Шегірбаев! Бәрі дұрыс па?
– Дұрыс.
– Бара ғой онда, аулаға шығып таза ауа жұт.
"Апыр-ау, дүниеде есепті менен бұрын, дұрыс шығаратын бала да болады екен-ау! Әй, бірақ мен де тез шығардым ғой. Оршыбек ағай қатты шошытқан екен, жүрексініп әуелі жаман қағазға шығардым, асықпай тексердім. Әрі-беріден соң мәселе есепті бұрын яки соң шығаруда емес, дұрыс шығаруда шығар. Менікі –дұрыс".
Мен осы оймен ентелей басып барып дәптерімді столға қоя бергенімде Оршыбек ағай:
– Не, шығара алмадың ба? — деп қадала кетті.
Бұл – маған өмірі қойылып көрмеген сұрақ. Жүрегімді бір өткір нәрсе тіліп өткендей болды.
Ағайға алара қарадым.
– Шамшылын қарай гөр-ей мынаның! Көремін тексергенде әуселеңді. Әй, қойшы, қайбір шығардым дейсің, екі!
Есебімді тексермей, тіптен дәптерімді қолына ұстамай жатып қай айтқаны — бұл ағайдың? Менің есепті дұрыс шығарғаныма сенбейтін не жөні бар? Ештеңе етпейді, әзірше сіздікі — сенімсіздік. Әлі-ақ сенетін, иланатын боласыз.
Мен есікті бетке алдым.
Ағай менің дәптерімді қолына алды.
Келесі күні дәптер үлестірер алдында ағай құшырлана жария етті, айтқаны келіпті, Шоқпардың балаларының бәрі жақсы баға алып, біз, "колхозбайлар", түгел "екі" алыппыз.
Оршыбек ағай “екі" алғандарды бірін қалдырмай, тақта алдына шығарды.
Бәріміз жер болып мөлиіп тұрмыз.
Ағай әй бір көсілді дейсің:
– Қара түрлерін! Топастар! Бұларды төртіншіге емес, үшінші класқа түсірсе болады. Оқу оқымаған қулар ғой бәрі. Өкімет те қызық колхозға мектеп ашып қажеті қанша екен?! Жабу керек бәрін! Олардың барынан не пайда, оқушыларының сыйқы мынау болған соң. Көрдіңдер ме, міне, есепті Шоқпардың балалары бірі қалмай шығарған, ал сендердің біреулерің де шығара алмағансыңдар. Бәріңді қуу керек ауылдарыңа. Қай-қайдағы миғұлаларды кім жолатып жүр өзі бұл мектепке! Қайтіп оқытарсың бұларды? Нервный болып құрыр адам бұларға бірдеңе үйреткенше. Ертең педсоветке саламын, сонда шешіледі тағдырларың. Тағы да айтамын, кеш болмай тұрғанда кетіңдер, кететін жақтарыңа. Бар, отырыңдар орындарыңа!
Біздің мойнымызға су құйылып сүмірейіп келіп отырып жатырмыз орнымызға. Бұл қорлыққа шыдағанша, өлген жақсы! Қой, бұлай болуы мүмкін емес. Мен есепті дұрыс шығарғанмын. Енді неге "екі" аламын?
Кешегі есепті елден бұрын шығарған бала Шегірбаевқа қарадым. Дәл менің тұсымдағы партаның арғы жақ шетінде отыр өзінше болып-толып. Біздің қор болғанымыз оған ұнайтын тәрізді. Біз — бір вариантпыз. Орнымнан атып тұрып барып, әй-шәйға қарамай, Шегірбаевтың дәптеріне қол создым.
Шегірбаев:
Ағай-ағай! — деп зар қағып жатқанда қарап үлгердім, жәй есептің де, мәселе есептің де жауаптары менікіндей екен.
Оршыбек ағай маған дүрсе қоя берді:
– Сен өзің түк білмейтініңмен қоса тәртіпсіз де қу екенсің ғой.
– Ағай, менің есебім дұрыс. Сіз жөнді тексермепсіз.
Оршыбек ағай құдды бір біреу алқымынан ала түскендей тұншығып, қып-қызыл болып кетті. Ізінше қанын ішіне тартып сұрланып алды:
– Әй, сен кім едің олай дейтін? Шық былай тақтаға! Әкеңді көзіңе көрсетейін мен сенің. Әкең кім, қойшы ма, жоқ сиыршы ма?
– Жоқ жұмысшы.
– Сонда қалай! Сен "Кербұлақ" колхозынан емессің бе?
– Иә, "Кербұлақ" колхозынанмын.
– Түсінсем, бұйырмасын.
Оршыбек ағай маған таңдана қарап тұр.
Әкемнің жұмысшы табының өкілі екенін, онда да білдей бір республиканың астанасы — Пішпектің жұмысшысы болғанын түсіндіруге шама менде қайдан болсын?
Шамамның келгені — дәптерімді ашып ұстаған күйі аяғымды ілбіп басып барып, столының үстіне тастай салдым.
– Мұның нең? Немене, саған дәптердің керегі жоқ па?
– Керек. Ағай, менің есептерімнің жауабы тура Шегірбаевтікіндей.
– Қ-қане?
Ағай менің дәптеріме жиіркене бас қойды. Біраз үңіліп тұрды да қолына қызыл қарындашын алып:
– Сен қайбір өзім шығардым дейсің. "Үш". Мә, дәптерің. Бар, отыр, — деп еңкейіп "екіні" сызып, "үш" қойып жатты.
– Жоқ бармаймын, отырмаймын. Мен есепті дұрыс шығардым, "бес" алуым керек.
– Не, сонда сен Шегірбаевқа теңелейін деп пе едің? Ол — төрт жыл бойы кілең "беске" оқып келе жатқан бала.
– Мен де сондай баламын.
– Қарай гөр-ей, мынау бір мықты болды ғой. Бар-бар, отыр орныңа. Сені түсірмеймін төртіншіге, бесіншіде оқи бер. Сол жете ме саған?
– Жоқ, жетпейді. "Бес" қойыңыз.
Оршыбек ағайдың сұры кіре бастады.
– Сен маған ұнап келе жатырсың, бала. Фамилияң кім еді? Ә-ә, Ыдырысов. Жүрегіңнің оты бар бала екенсің сен, Ыдырысов. ‘‘Бес".
Мен өстіп танылып едім бұл мектепке.
Көп ұзамай Оршыбек ағайдың сүйікті оқушысы болып кеттім.
Оршыбек ағай ашулануы қандай жылдам болса, қайтуы да сондай тез адам екен. Ағайдың оқушыларды бағалауда бір-ақ өлшемі бар, ол — есеп. Есеп шығара білген бала — жақсы, шығара алмаған бала — жаман. Бітті.
– Ыдырысов, Оңғарбаев документтеріңде метіркелеріңнің көшірмесі жоқ. Соны ертең әкеліңдер, әйтпесе оқудан шығарамын.
Төбемнен жай түскендей болды.
Метрикада менің фамилиям — Қалқабаев. Енді қайттім?
Оршыбек ағай соны сезіп қалды ма, немене?
Әлібек ыржаң-ыржаң етіп күледі.
Әлібекке не, оның әкесі — Оңғарбай атам, фамилиясы Оңғарбаев.
Әлібек екуміз мектептен кайтып келеміз. Менің ұнжырғам түсіп кеткен.
Әлбетте, Әлібек оның себебін жақсы біледі.
– Әлдеш, сен мұңайма, бір есебін табамыз.
– Ненің?
– Бала, сен өйтіп қуланба. Мен бәрін білемін, сенің фамилияң Ыдырысов емес, Қалқабаев.
– Әлібек, ағатай, мен қайтіп Қалқабаев болып жазыламын? Апам естісе, қайтемін?
– Әлдижан аға өлгенде әрең тірі қалған екен, мынаны естісе, мүлде өледі ғой Айша апам!
– Не істеймін?
– Үндеме. Болды. Біраздан соң біздікіне кел, қатырамыз.
– Қайтіп?
– Келсеңші, көресің.
Межелі уақытта Әлібектің үйіне келдім.
Үйінде өзінен басқа ешкім жоқ екен.
Әлібек қутыңдап қарсы алды:
– Келдің бе, келсең, давай, іске кірісеміз.
– Қандай іс?
– Көресің қазір.
Әлібек сөмкесінен метіркесін суырып алды. Дәптердің екі парағын дайындап қойыпты, соны айқара ашты.
– Ал, кірістік. Тууы туралы куәлік. Нөмірі 126541. Оңғарбаев Әлібек. Тоқта. Бұл жерге Ыдырысов Алданыш деп жазамыз. Туған жылы, айы, күні. Айт, қашан туып едің?
– 1939-шы жылғы 2-ші март.
– Дұрыс.
– Әкесінің аты-жөні. Ия, Есболатов Ыдырыс. Шешесінің аты-жөні. Мақұл. Есболатова Айша. Әлібек өстіп өз метіркесіне қарап отырып, маған өтірік метіркенің көшірмесін жасады.
Мен қорқып кеттім:
– Ойбай, Әлібек, мұның нең?
– Сенің метіркеңнің көшірмесі.
– Жоқ бұл — өтірік.
– Білем. Өтірік. Маған не қыл дейсің? Сені өстіп құтқармаса, ұсталдың. Бәрінен де Айша апамды айтсаңшы!
– Бір ақыл айтшы, Әлібек ағатай.
– Айтсам, мынаны апар сельсоветке. Растатып қолын қойдырып, печатын бастыр. Метіркені сұрамайды, сұраса, үйде, де.
– Жоқ мен ешкімді алдай алмаймын.
– Сөйттің ғой. Онда сен үшін емес, Айша апам үшін өзім барамын. Мен Айша апамды аяймын.
– Мен де. Апамның менен басқа кімі бар үміт артқан?
Мен жылап жібердім.
– Көрдің бе, өлсек те осылай істеуге тура келеді.
Әлібек есіктен шығып бара жатты. Маған амалсыз ілесуден басқа түк қалған жоқ.
Сельсоветтің кеңсесіне Әлібек кіріп кетіп, мен сыртта қалдым.
Жүрегім сулап тұрмын. Денем мұздап дірдектеп барамын. Өтірік деген пәле қандай жаман еді!
Екі езуі екі құлағында Әлібек шығып келе жатты кеңседен. Оң қолын көтерді.
– Ыдырысов, бәрі дұрыс. Сен енді заңды Ыдырысовсың.
– Қойшы, ағатай-ей! Қалай болды?
– Қатырдым. Секретары жоқ, сельсоветтің жалғыз өзі отыр екен. Көшірмені бір шолып шықты да, "Метіркең қайда?" — деді. "Үйде. Әкелейін бе?” — дедім. "Әкел”, — деді. "Қазір", — деп есікке беттедім. “Әй-әй, бала, тоқта”, – деді де сельсовет көшірмені растап қолын қойып, печатын басып берді.
Әлібек менің қолыма метіркенің көшірмесін ұстата салды.
Жалған көшірме қолымды қарып түсті.
– Әлібек, маған мұндай көшірменің қажеті жоқ. Мен метіркенің көшірмесін ортасынан қақ бөліп, лақтырып жібердім.
– Мынау қызық екен ғой! Енді қайтесің, ал, — деп Әлібек күйіп-пісті.
– Қайтемін, өз метіркемнің көшірмесін жасатамын.
– Апаңды қайтесің?
– Апама айтамын болған жайды.
– Өзің біл. Бәрі бітіп еді, құрттың.
– Мен өтірік өмір сүре алмаймын. Өтірік өрге баспайды.
– Әй, данышпаным-ай! Қызықсың!
– Несі қызық? Өтірік айта алмаған да қызық па?
– Қызық. Өмірде бәрі де болуы керек.
– Өтірік болмасын.
– Өзің біл.
Әлібек екеуміздің әңгімеміз осымен тәмам болды. Оршыбек ағай ұмытты ма, білмеймін, метіркенің көшірмесін қайтіп сұраған жоқ.
Мен Ыдырысов болып оқып жүрмін.
Әлібек, әрине, Оңғарбаев.
Білемін, мені алдымен Оршыбек ағай іздейді.
Әлібек айтады:
– Ыдырысовтың аяғы сынып қалыпты, үйінде жатыр, – деп.
Ағай мені қатты аяйды.
Жақсы оқушының мертігіп қалғанына қай мұғалім қиналмасын!
Қап! Қайтейін, Оршыбек ағай, осылай болды. Аяқты сындырып алып отырмын өстіп пұшайман болып.
Неміс тілі сабағы басталғанда нендей әңгіме болатыны да белгілі.
Эмма Яковлевна орындыққа отыра бере көзілдірігін бір түзеп қойып, балалардың фамилиясын оқып түгелдеуге кіріседі де сыпыра тартып отырып, маған жетеді.
– Идрис-соф-ф.
– Аleks іst кгand.
Балалар ду күледі.
Көктемде мен тұмауратып қалғанда неміс тілінен дәл осындай тақырыпта сабақ өтіпті.
Ертеңіне Эмма Яковлевна балаларды түгелдеп, менің фамилиямды атағанда кезекші Мәтен:
– Аleks іst кгand— депті.
Балалар Мәтеннің сабақты өмірмен ұтымды ұштастырғанына разы болып, қыран күлкіге батыпты.
Кезекші болсын-болмасын Мәтен қу тағы сөйдейді.
Балалар тағы күлер ме екен?
Әй, күлмес! Жылдам жазылатын жеңіл ауруға күлді ғой көктемде олар, енді аяғы сынып, қатарынан қалып, қор болып отырған адамды ешкім мазақ ете қоймас. Кем адамды аяйды жұрт қайта.
Батаның үлкені — құдай тілеуіңді берсін! Апам осылай деп отырады. Маған бұл бата талай-талай берілген.Сол баталардың шапағаты қайда?
Аяғым сынғалы бері мен құдайға аз жалынғаным жоқ, бірақ әзірге нәтижесі болмай тұр. Айналайын құдайым-ау, бармысың өзің, бар болсаң, сынған сүйегімді орнына салып, аялы алақаныңмен бір сипап жазып, маңдайымнан сүйіп тұрып: "Бар, жүгір" — деп айтатындай-ақ жалбарындым ғой бір саған. Апам қанша зарлады. Мұның нең, жаратқан ием-ау! Осыдан бар болсаң, тезірек жаза көр аяғымды, тұрғыз да жібер! Мен Шоқпар қайдасың деп, тартып отырайын, өз қатарларыма қосылайын. Ия-ия, алла, сөйтші, мен саған өмір бойы қарыздар болайын, күніге табынып, құлшылық қылайын. Жоқ сен өйте алмайсың, қолыңнан түк те келмейді. Сенде, әуелім, қол бар ма өзі? Қайда-а-ан, қол тұрмақ өзің де жоқсың. Әйтпесе, сен бар болсаң өстер ме едің? Құдай-жаратушы, жарылқаушы деген сөз рас болса, ол ертең оқуға жүремін деп жүрегі алып-ұшып отырған баланың аяғын сындырып, кәріп қылушы ма еді? Сындырған екенсің, ая, тез жаз! Оған сен жоқсың.
Ойбай-ау, мен не сөйлеп кеттім! Айналайын ақ құдай, өзің оңда!
Аяғымды сындырған — мен өзіммін. Әпкемнің айтқан тілін алмаймын деп душар болып отырмын мен бұл пәлеге.
Анасының тілін алған біздің қара лақ құрлы болмадым мен.
Бала анасының тілін алуы керек екен. Қара лақтан үлгі алсамшы, қап!
Біздің ауылдың алдында екі үлкен төбе бар. Бірі — Бозтөбе, екіншісі — Қарабет. Бозтөбе — дұрыс, ал, Қарабет... Айтқың да келмейді, бірақ амал қанша, солай аталады, айтуға мәжбүр боласың.
Бозтөбе — шошайған биік, ауылға қараған бетінде бір де тас жоқ, қалың боз бетеге жамылған төбе.
Қарабет — ауыл жақ бетін ірілі-ұсақты қаптаған қара қой тас басқан, кей тұсында қорым тас сырғыған, әр жер-әр жерінде үйдей-үйдей жартас өңкиіп тұрған төбе. Үлкен жартастардың бірі төбенің бергі етегін ала орналасқан. Үстінен келгенге бұл жартас аяқтың астында жатады, ал, төменнен өрмелеп шығу мүмкін емес, альпинист болмаса, басқа адам аяқ тірей алмайтын тік, беті жалтыр.
Жартастың дәл маңдайында екі-үш уақ жан сиятындай кетік бар. Соған анада біздің жағал ешкінің қара лағы қарғып түсіп, қайтып шыға алмай тұрып қалған. Шіркіннің жан даусы шығып, бақырғаны-ай сондағы! Ернеуге таяп келіп, төмен қарайды, секіру қайда, терең құз. Жоғары қарғып шығу қиын, аяқ тірейтін жер — биік.
Неге екенін қайдам, ешкім қара лақты тас тұтқыннан шығарып алуға әрекет қылған жоқ.
Жағал ешкі кешке дейін егіздің сыңары — өзінен айнымайтын жағал лағымен бірге сол маңайда жайылып жүрді. Анда-санда маңырап келіп жартастың үстіне шығып, лағына үңіліп тыпыршиды. Қу тамақ қиын, біраз тұрады да былайырақ ұзап барып, қайтадан оттап кетеді.
Кеш түсіп, Қарабет қаракөлеңке тарта бастағанда қара лақ маңырауды үдетті. Жағал ешкі безек қағып, жартастың астына түсіп, үстіне шықты. Қара лақ жағы сембей, қақылдап тұр.
Енді жағал ешкі жартастың үстінде бір сәт үнсіз, қимылсыз тұрды. Сөйтті де ернеуге ақырын еппен басып барып, қара лақ тұрған кетікке қарғып түсті. Екеуі алақандай тар кетікке кептеліп қалған еді, қара лақ сонда да енесінің емшегін ембек болып әрекет етіп жатыр.
Жағал ешкі бір бұтын көтеріп, лағына емшегін бір-екі түрткізіп алды да қарғып тас басына шықты. Сен де өстігін дегендей лағына емірене қарады.
Қара лақ жан даусы шығып, маңырап аласұрды, бірақ жартастың басына қарғып шығуға әрекет қылған жоқ.
Жағал ешкі кетікке қайта түсті, қара лақ бауырына жабыспақ болып еді, дәл бүйірінен сүзіп келіп жіберді.
Қапелімде қара лақ жартастан ұшып кете жаздап әрең қалды.
Жағал ешкі жартас үстіне секіріп шықты да артына бұрылып бір маңырады, сөйтті де аяғын ақырын-ақырын басып ұзай берді.
Қара лақ тыпыр қақты. Жоқ жағал ешкі қайырылмады.
Жағдайының қиындағанын қара лақ енді шындап сезді, шегіншектеп тұрып, жартас ернеуіне қарғып шықты.
Қара лақ жүгірген бойы барып енесінің бауырына басын тықты. Жағал ешкінің екінші жағынан келіп жағал лағы жабысты.
Жағал ешкі иіп, рахатқа батып тұр.
Қара лақ ақымақ болмай, анасының тілін бірден алса ғой, тас құрсаудан әлдеқашан кұтылатын еді.
Мен болсам, анам тілін алмай, аяғымды сындырып алып отырысым мынау!
Терезеден маған қара лақ қамалып қалған жартас та, бергі саз да, арғы бөктер де, басат та көрініп тұрады. Ал, менің ой көзім Кербұлақтың басынан аяғына дейін сай-саласын, ой-қырын түк қалдырмай шолып шығады.
Кербұлақ — Шу өлкесіндегі ең әсем таулы өңір.
Далауыздан кіріп, Кербұлақ өзенін өрлеген адам екі жағадан өріп, біртіндеп биіктейтін тау ішіне сұғынып ене береді. Өзен бойындағы сазға келіп тірелетін теріскей жақтағы бірінен соң бірі ауысып отыратын аузы аңқайған жыралар бөктерді көктеп өтіп, басат басына бастайдьі. Басаттан әрі асып түскен адамның алдында атақты Жайсаң жотасы жатады.
Жайсаң жөнінде айтудың реті алда келе жатар, әзірге бір бүйірінде екі көзі жәудіреп мен отырған біздің үй тұрған Кербұлақ өзені, оның қос қапталындағы таулы өңір жөніндегі әңгімені өрбіте түсейін.
Өзеннің теріскей бетіндегі төбелердің тасы сирек, бетін боз бетеге, майда көде басып жатады, күнгей жақ қап қара болып күйіп кеткен қалың қотыр тасты беткейлер. Теріскей беттегі, яғни өзеннің оңтүстігіндегі (Кербұлақ шығыстан батысқа қарай ағатын өзен) төбелердің үстіңгі жағы білем-білем жыралы бөктер, одан әрі ауыздары әңірейген терең сайлы адырлар. Әр сайдың табаны көздей жылтыраған су үзілмейтін өзек, жол бермес қылта, тұтасқан тобылғы, итмұрын, жартастардың астында арасында ащы қалақай жасырынған бүлдірген тұнып тұрады.
Кербұлақтың ұшар басы — Шатыртөбе. Ол, шынында да, алып шатыр тәрізді биік төбе. Оның етегінен тараған майда жыралар құлдаған сайын тереңдеп, табанындағы жылға-жылға су Кербұлаққа барып құяды. Кербұлақтың кең қарын саздарына шықпайтын шөп жоқ. Шалқар шабындықтар көктемде өзен тасығанда судың жайылуына, сөйтіп ылғалдың сақталуына байланысты сан алуан реңкке енеді.
Кербұлақ өзені басын биік мұзарт таудан алмайды, бұлақтан басталады. Үлкен екі тармақ бірі — Нарқызылдан, екіншісі — Шатыртөбеден де жоғары, Соғанды жақтан ағып келіп, Алшынның қорасының аяқ жағында қосылады. Өзен арнасы — мың бұлақ. Кей жерлерде өзен жағасындағы апандай ұралардан құлақ-құлақ су ағып шығады. Соның бәрі Кербұлаққа қосылып, өзен суын ішкенде төбеңнен шығатындай тастай қылады.
Кербұлақ— таудан құлап сарқырап ағатын өзен емес, жер жағдайына қарай иір-иір болып, бір жерде жөңкіп, бір жерде екі жағасын жар тіреп қысылып, бір жерде жайдақ болып ағып, бір жерде қалың қорыс қамысқа кіріп, құла-дала болып жайылып жататын өзен.
Ала жаздай Кербұлақтың саздарына мал тұяғы тимейді. Мал атаулыны Шатыртөбе, Нарқызыл жайлауларына, Жайсаң жотасына шығарып әкетеді. Мен ойлаймын: жазда Кербұлақта мал өзі де тұрмайды, күнгей беті қап қара болып күйіп кеткен қаптаған қалың тас сайлар-тірі жан атаулы тұншығып өлерлік қапырық. Қара тастардан тандыр пеш құсап ыссы леп тарамданып өріп жатады. Кеш түсті болды шыбын-шіркей, маса дегендеріңіз тұтасып, мал тұрмақ адамды буып жібереді.
Жазында Кербұлақ еміп тұрады. Өзенді бойлап отыратын арба жолмен жүрген атты адамның өзі бір-бірін бетпе-бет келгенде болмаса, көре алмайды. Шабындақтағы қалың шөп еркектеп, тұтасып ну боп кетеді.
Колхоз пішеншілері мамырдың ортасында Далауыздан бастап шөпке шалғы салады, содан өзеннің басына сары күзде зорға жетеді. Ат шалғы, ат тырма, ат, өгіз-арбамен өзеннің мол шөбін шауып, жинап тауыса алмайды. Әр саздың шетіне, әр жыраның аузына мая-мая шөп тұрғызылады.
Жазда Кербұлақтың адамдарының бір-біріне жолыққандағы әңгімесінің сарыны былай болып келер еді:
– Шөпшілер қай жерге келіпті?
– Жоламаннан өтіпті.
– Талай жерге келіп қалған екен.
– Ия, Бөкейге таяп қалыпты.
– Енді бірер күнде Қапалға иек артатын болыпты ғой.
Жоламан — ескі қора, Бөкей, Қапал — иесіз қалған жұрттар.
Кербұлақтың әр сайы мен жырасының тұмсығын айнала берсең, күнгей беті — бір мал қорасы. Сайлар мен жыралардың жоғарғы тұмсығы кей жерлерде өзенге тірелермен болып емініп келіп тоқтап қалған, төменгі жағы көкпеңбек саз жағасына етек жайған. Өзен де, оны жағалаған жол да осы тұмсықтарды айналып өтіп, иір-иір болып шұбатылып жатады.
Бұрын Кербұлақтың ұзына бойы ел еді. Екі колхоз – "Кербұлақ" пен "Қарауылтөбе" елі өзеннің күнгей бетіне ешқандай көше тәртібін сақтамай, беткейлердің етегіне ұзыннан-ұзақ бір қатар болып салынған жаппа тамда отыратын. Ауыл-ауыл соларда бас біріктіргендердің атасының атымен аталатын. Ең төменгісі – біздің ауыл – бөкейлер "Кербұлақ" колхозы; одан сәл жоғарғысы, Жалпақсаздың басын ала қапталдағы – қапалдар – "Қарауылтөбе'' колхозы; одан өтіп бір мұрын айналған жердегі – барлыбайлар "Қарауылтөбенің" негізгі ауылы; одан жоғарыда "Кербұлақтың" екі ауылы төрелер мен барлыбайлар еді.
1949 жылдың көктемінде бұл екі колхозды да Шу бойына көшірді де қалың там қаңырап бос қалды. Қазір енді екі су диірмені бар екі ауылдың “Кербұлақ" пен "Қарауылтөбенің" барлыбайларының ғана әрқайсысында екі үйден қалған.
Біздің үй — солардың бірі.
Біз негізінен Бөкей ауылынанбыз. Мұнда мен екінші класка баратын жылы, яғни 1948 жылы көшіп келгенбіз. Жездем сол жылы осындағы диірменге диірменші болған.
Кербұлақтың бойындағы екі диірменді де бұрын Федор ұста ұстап келген. Құйрығын кескен қара атымен екі диірмен арасын тоздырып, белгілі мерзімде шанақтарға бидай толтырып, тартылған ұнды қаптап алып жүреді екен. Бұл тірліктен жалығыпты да "Кербұлақтың" диірменін тастапты.
Диірмен иесіз калған.
Шәкен екеуіміз үй артындағы жырадағы таста ойнап келіп, есік алдына шықсақ Қосай бастық ұзын құла жорғасының үстінде оқтай түп-түзу болып отыр екен.
Жездем тұр сүлесоқ ойланып қалған.
– Қалеке, ойланатын не бар? Уәдем-уәде. Бір пұт ұннан бір кілә қалда – сенікі. – Қосай бастық Шәкен екеумізге қарады. Не, мына балаларға нан керегі жоқ па? Диірменді жүргізші осыдан, бала-шағаң аш болмайды. Ертең жет диірменге. Мен кеттім.
Қосай бастық құла жорғасын китіңдетіп барып сау жорғасына салдырып, ұзай берді.
Жездем Шәкен екеумізге қарады.
Жүдеу түрімізді көрді.
– Балаларым, үйге жүріңдерші, әңгіме бар.
Шәкен де, мен де әңгіменің не туралы екенін бірден ұқтық.
Жездем Қосай бастық аққойлының арғы жағындағы белден асып, қарасы көрінбей кеткенше қарады да тұрды.
Көп нәрсе ойлап үлгерді ол, әрине. Белгілі бір ұйғарымға бекініп те алған шығар.
Әкем үйге бет түзеді, біз соңынан ілестік.
Біз үйге кірген соң бәрімізге өмірлік маңызы бар әңгіме басталды.
Жездем апам мен әпкеме екі-үш ауыз сөзбен Қосай бастықтың ұсынысын, уәдесін айтты да ортаға сұрақ тастады:
– Қайтем, барам ба?
– Өзің біл, — деді әпкем.
– Ия, сөйт, өзің біл, — деді апам.
– Қайтейін, сендер айтыңдаршы, балаларым,-деп жездем бізге Шәкенге, маған, Здәнға, Бағдашқа, ең соңында әпкемнің емшегіне жабысып отырған Бекежанға карады.
Біз де бір-бірімізге қарадық.
Жездемнің диірменші болу-болмауы бізге, анығырақ айтқанда, біздің қарнымызға байланысты екен. Қара сиырдың айран-сүтінен басқаға жарып көрмеген біздің аузымыз ақ нанға тигелі отыр. Мұндай бақыттан кім бас тартқан, бәріміз үнсіз келістік.
– Жарайды, онда барайын, — деді жездем.
Бәріміз қуанып кеттік.
Жездем диірмен ұстаса, біз ақ нанды асап жейміз.
Жездемнің диірменге қай күні, қандай көлікпен кеткені есімде жоқ жарты айдай уақыт өткенде сәлем айтып жіберіпті:
– Балалардың біреуі көк байталмен келсін, кір-коңымды жуғызып қайтамын, - деп.
– Дереу апам, әпкем, Шәкен және мен жинала қалып, "Кім барады" деген сұрақ талқыға салынды.
– Шәкен барсын, – деді апам.
– Қайтарда Шәкен атқа ауыр болады, Алданыш барсын, – деді әпкем.
Апам бірден келісті:
– Барсын.
Шәкен:
– Мен барамын папама, — деп бұртаң ете қалды.
Әкесін Шәкен: "Папа", — дейді. Ол Пішпекте туған, қалалық. Мейлі, ол: "Папа" — десін, мейлі, мен: “Жезде"— дейін, екеуміздің әкеміз — бір-ақ адам. Тіліміз осылай шыққан, солай қалады. Әкемізді екеуміз де жақсы көреміз. Әкеміз жердің түбінде жүріп сәлем айтсыншы, көк байталсыз да жаяу ұшып жетуге дайынбыз.
Пікір таласы ұзаққа созылған жоқ үлкендердің айтқаны болды, жездеме мен баратын болдым.
Шәкен, әрине, ренжіді.
Мен, әлбетте, қуандым.
Сен ренжіме, Шәкен! Сен — менің ағамсың, сыйлаймын. Мен саған барлық кезде кезегімді беремін, ал, әкемізге келгенде сөз басқа. Сен сияқты мен де ертерек әкемнің қажетіне жарасам, деймін. Сен сағынған әкені мен де сағындым. Шіркін, қанатым болса, диірменге күнде ұшып барып, келіп тұрар едім. Қанат жоқ. Қанат болуы үшін ертегідей жын-шайтан болуың керек. Жын-шайтаны құрысын, апам, жездем, әпкем, Шәкен, Ізбала, Бағдагүл, Бекежан болсын, мен болайын. Соғыстан қайтпай қалған Бекет ағам мен қанды жорыққа денсаулығын беріп, құр сүлдерін сүйретіп келіп қайтыс болған Әлдижан ағамды сағынып жүре беремін мен.
Әкемізге көкбайталмен мен барамын.
Міне, енді мен астымда сүліктей көкбайтал, жоғарғы Барлыбайдағы диірменге, әкеме келе жатырмын.
Көкбайтал — мен ес білгелі біздің үйге біткен үшінші жылқы.
Бүкіл "Кербұлақ", "Қарауылтөбе" колхоздарында жылқысы бар үй – некенсаяқ Кәмпеске, ашаршылық соғыс бұл елді әбден тұралатып тастаған. Елдің еңсесі енді-енді көтеріліп келе жатқан. Жұрттың қозысы – тоқты, лағы – шыбыш, бұзауы– тана, құлыны – тай бола бастаған шақ еді бұл.
Төрт түліктің ішінде, әлбетге, қылқұйрықтың жөні бөлек. Аяқ артары жоқтың адымы – қысқа, өрісі – тар, шаруасы алға баспайды.
Осыны жездемнің Шоқпардағы орыс досы Иван жақсы біледі екен. Білгені сол ол бір келгенінде жуас күрең атының шылбырын жездеме ұстатып кетті.
Әңгіме балай болды: Иван ағай атын түнде арқандап қойған саздан жетектеп әкеліп ерттей бастаған да ертоқымын сыпырып алып, жездеме қарап:
– Қалқабай, мен атты саған тастаймын, — деген.
– Неге?
– Сен ал. Мен – теміржолшымын. Біздің ат – поезд. Жездем ат тонын ала қашқан:
– Иван қой! Бұл болмайды.
– Жоқ қоймаймын. Айттым - бітті.
– Мен не берем енді саған?
– Ештеңе берме. Мен саған сатып тұрған жоқпын, беріп тұрмын.
– Біздің қазақ "Еруге — қару" дейді. Бұл — біреуден бірдеңке алған екенсің, есесін қайтар деген сөз.
– Онда ақ ешкіңді бер, Настя сүтін сауады.
– Ал, мұныңа Настя ұрсып жүрмей ме?
– Ұрсады. Орыс әйелі алдымен ұрсады, содан соң түсінеді.
Сәлден соң Иван ағай ақ ешкіні жетектеп жолға түсті.
Ақ ешкі жетекке әбден үйренген мал ғой. Иван ағайдың соңынан қыдың-қыдың басып бара жатты.
Жездем күрең аттың шылбырын ұстап, мәре-сәре күйде тұр.
Күрең ат жуас жылқы екен, Шәкен екеуміз мінгесіп алып, әкеміздің орнына жекеменшіктің сиырын бағуға шықтық жездем қатты қайырым жұмысқа жарамай, ұсталықты қойып, жекеменшіктің сиырын бағатын болған. Лыпып тұрған жуас атпен сиырды қалаған бағытымызға қарай өргізіп, ойлаған уақытымызда иіріп жусатамыз. Шынына келсек, әкеміздің айтқанын жүзеге асырамыз.
Әкеміз бізді күрең атқа мінгізіп тұрып нұсқауын береді:
– Бүгін сиырды Қиынсайға жайып қайтыңдар. Аузынан кіргізіп жіберсеңдер, жетіп жатыр, сиыр ешқайда кете алмайды. Екеуің аттың шылбырынан ұстап жатсаңдар болғаны сай аузында, кешке қарай желіні сыздағандары өздері-ақ ауылды бетке алады, соларды тоқтатып, сәл күтсеңдер, қалғаны да сайдан шуап шығып келе жатады. Түгендеп алыңдар да ауылға айдап келіңдер, бітті, бір күнгі міндеттен құтылдыңдар.
Қиынсай, шынында да, қиын сай. Өзеннен, яғни өзен бойындағы ауылдан жотаға, яғни жотадағы қамба, қырманға аттылы, жаяу-жалпы адам өзді-өз ауылының алдындағы сайлардағы жалғыз аяқ жолмен қатынай береді. Жоғарыда жазғанымдай, өзеннен жотаға тіке шығатын екі-ақ арба жол бар. Сол екі сайдағы — Көпбай, Сабалақ сайларындағы жолмен жүк артқан арбаның жотаға шығуы — мұң, өзенге түсуі — зар. Ылди қарай ешкім емес, өмірдің өзі үйреткен әдіспен өгіздер жармауды мойынға алып, басын кекжитіп көтеріп алып, алдыңғы екі аяғымен жер тіреп ақырын-ақырын алға жылжиды. Ырдуан бөксесіне тіреледі, оған былқ етіп жатқан өгіз жоқ, төрт аяқты санап басып, сай аузына қарай жылжи береді. Пәлесі — арбаның ауғаны мен сынғаны. Мұның екеуі де ылдиға құлдағанда болатын жай-жатқан бір әбігер. Өгіздің арбаны өрге қарай сүйрегені бір керемет. Тіп-тік өрге қарай арбаны пысылдаған мұрыны жерге тиермен болып, тырмыса тартқаны ғажап-ақ. Өз басым өгіздің жолда жүк қалдырғанын көрген емеспін. Арба сынатын, өгіз өлмейтін.
Қиынсай — тек жолын білген жаяу адам ғана жүре алатын сай. Сай басында көлденеңінен көсіліп үлкен сұр тас жатыр. Тастың жоғарғы жағы – жайпақ ал төменгі жағы – жар. Жан-жануар атаулы сұр тасқа келіп маңдайлары тіреліп тұрып қалады. Сайдың екі беті де қаптаған тас. Осы тастардың арасында жіңішке жіптей жалғыз аяқ жол бар, бірақ оны екінің бірі біле бермейді, табанын тауып жүре алмайды. Бір рет ол жолмен жездеммен бірге жүргенім бар, ал қазір жалғыз өзім қарыс жер аттап баса алмаймын.
Шәкен екеуміз күрең атқа мінгесіп алып, әкеміздің айтқанын екі етпей, сиырды Қиынсайға кіргізіп жіберіп жатамыз аузында.
Қиынсайдың табаны қалың кұрақты өзек, жаз бойы суы үзілмейді. Сиыр тіліне оралатын шөп жеткілікті. Сиыр-сыпыра қаптап жүріп отырып жайылатын мал. Шіркіндер жосып, шөпті әр жерден бір орып отырады. Ал, мына Қиынсайда өйте алмайды, көлденең жатқан сұр тас сиыр қанша екпіндеп келсін, тосқауыл. Мұрындары сұр тасқа тиеді де бастарын көтеріп, дегбір қылып жан-жағына қарайды, айнала – тас құрсау. Қу тамақ қиын, бастарын қайтадан жерге салады, енді жайылу дейтін күні бойғы тірлік басталады.
Шәкен екеуміз сай аузындағы қыратта күрең атты ұзын шылбырынан ұстап оттатып отырамыз, жүреміз, жатамыз ойымызға келгенді істейміз.
Күрең ат жұнттай болып семірді, бірақ жуас жануар мінез шығарған жоқ.
Ағам екеуміз жармасып, тырмысып мініп, салбырап, секіріп түсіп жатамыз, былқ етпейді.
Бұл рахат тірлігіміз көпке бармады, шорт үзілді. Себеп күреңнің ат болғаны. Шаруаға күш көлігін ұстатпайтын. Бүкіл елде осылай ма, жоқ біздің ауылдың шолақ белсенділерінің шығарғаны ма, білмеймін, бұл тегі өте бір қаныпезер саясат еді. Ат-айғыр, өгіз жекеменшікте болмауы керек. Мал керек екен, аяғылау қылатын тай-байтал, бір сиыр, азын-аулақ уақ жан ұста. Атқа мінсең, адымың ұзарады, өгіз арба ұстасаң, айта көрме, дереу шаруаң шалқып, байып, колхоз жұмысына мойның жар бермейтін боласың. Ат та, өгіз де – күш көлігі, шаруа адамын тойындырып жібереді. Адам неғұрлым аш жүрсе, соғұрлым тәуелді болып, қара жұмысқа жанын салады.
Шәкен екеуміздің жуас күреңге мінгесіп, жекеменшіктің сиырын бағып жүргеніміз біреулерге ұнамапты, Қосай бастыққа жеткізіпті.
Ертеңгілік құла жорғасын китіңдетіп бастық келе қалды. Есік алдында үзеңгісіне шіреніп тұрып жездемді дауыстап шақырды:
– Уа, Қалеке, Қалқабай!
Жан адамға илігуді білмейтін жездем осы Қосайға жеңіл, үйден атқып шықты.
– Ассалаумағалейкум, Қосеке!
– Уаликумассалам, Қалеке!
– Аттан түсіңіз, басеке!
– Жоқ ұстеке!
– Онда шаруаңызды айтыңыз.
– Шаруам, сізде бір күрең ат бар екен ғой, соны алайын деп келдім.
– Оны кім жеткізіп жүр?
– Қайтесіз оны біліп?
– Бар бір тұғыр.
– Тұғыр ат — күш көлігі. Біз оны арбаға жегеміз.
– Біз оны сиырға мінеміз.
– Ол болмайды. Жекеменшікке күш көлігін ұстауға рұқсат жоқ.
– Е, неге? Рұқсат етпейтін кім?
– Өкімет. Солай. Мен қазір қағаз жазып беремін, соны Рақымбердіге бер де күрең атты жылқыға тастап, бір тай алып қайт.
– Өкімет айтса, амал қайсы, әкел қағазыңды.
Қосай бастық үнемі тастамай, мойнына асып жүретін сөмкесінен бір жапырақ қағаз алып, тізесіне қойып жаза бастады.
Жездем мырс етті:
– Басеке, андағыңды не мен танымаймын, не Рақымберді танымайды, жазып қайтесіз?
– Бұғалтыр таниды, атшотқа керек.
– Не, бұғалтырға да жазасыз ба?
– Жоқ Оған Рақымберді осы қағазды апарып береді.
– Онда әкеліңіз қағазыңызды.
Осымен әңгіме тәмам болды.
Қосай бастық ұзай берді.
Әкеміз тұр ойланып, біз не дер екен деп үрпиісіп қалғанбыз.
Әкеміз бізге қарады.
Жүрегі қарс айырылды:
– Атасына нәлет!
– Кімге айтты?
– Біз сұрай алмаймыз.
– Өзі басқа сөз айтқан жоқ.
Әкеміз сол жүзі түтіккен күйі күрең атқа мінді де ауыл алдындағы өткелге қарай беттеді. Түсінікті, жотадағы жылқылы ауылға кетіп барады, күрең атты тайға айырбастап қайтады.
Ертеңгілік есік пен төрдей күрең атқа мініп кеткен жездем кешкілік домаланған кіп-кішкентай қарагер тайға мініп келді. Қарагер тай тарпаң екен, не болса, содан үркіп елеңдеп тұр. Әлі жөнді бас білмейді. Бар болғаны Рақымберді бұғалық салып ұстап, жездем екеуі екі жақтап ерттепті. Содан соң Рақымберді шылбырын тақымына басып, жездем мініп, тулап мөңкігеніне қарамай, бастырмалатып жарыса шауып, басатқа дейін әкеліп тастапты. Жездем сол бетімен тайдың солығын бастырмаған күйі келіпті.
Қарагер тай нағыз қағынғанның өзі екен, жуасымай әлекке салды. Оған қарап жатқан жездем жоқ. Шәкен екеумізді тарпаң тайға мінгестіріп қойды.
Алдыңда ағаң бары қандай жақсы, қарагер тайдың барлық қорлығын Шәкен көреді. Алда, ерде отырып тізгін ұстайтын сол. Қарагер тай елеңдеп елегізи ме, жалт беріп үрке ме, Шәкен бәріне дайын болып, жанын шүберекке түйіп отырады. Мен артта, Шәкеннің белінен қапсыра құшақтап, одан қолым талса, ердің қасынан қатып ұстап отырамын.
Несі барын кім білген, сиыр Қиынсайға қарай ентелейді де тұрады. Жолай шөптің басын орып шуайды да отырады. Сұр тас бетін қайтармаса, тоқтамас, сірә.
Шәкен екеуміз, шындығында, Шәкен, өйткені тізгін соның қолында ғой, сиырдың ешқайда бұрылмай келетінін білеміз де Қиынсайдың аузына қарай тарта береміз.
Бүгін де сөйттік. Салып ұрып сай аузындағы қайнардың басына келіп, тайдан түсіп жаттық.
Атқа екі адам мінгессе, алдымен артындағысы түседі. Мен ақырын сырғып түстім де шегіншектей бердім. Сол сәт, қалай болғанын көрмей қалыппын, түсем дегенде Шәкеннің аяғы тізгінге оралып қалып, қарагер тай сүйретіп ала жөнелді. Шәкеннің салмағы керген тізгін тайдың басын төмен тұқыртқан. Тай Шәкеннен үркіп қисая сүйреп, артқы аяқтарымен ауаны тепкілеп, әжептеуір жерді айналып, менің дәл алдыма келіп тоқтай қалды. Сірә, шошып кеткен, мені қара тартты. Батылдық, жанашырлық, тағы басқа сезімдердің қайсысына жатқызуды бір алла біледі, мен шап беріп тізгінді ұстай алдым да Шәкеннің аяғын шығара беріп, бақырып жылап бас салдым. Ағам өлді-ау, дедім. Жоқ тірі екен, кірпігін ашты. О, ғажап, көз жоқ ақ шар ақыраяды!
– Шәкен, Шәкен! Аға, аға! А-а...
Мен еңіреп жыладым. Шәкен шалқасынан жатыр. Өңі – құп-қу! Ақ шар ақырын айналып, қарашық орнына келе бастады. Шәкеннің қарлығыңқы дауысы шықты:
– Па-па!..
Мен Шәкенге төніп түсіп, басын көтердім.
Шәкен — былқ-сылқ, басын қайта жерге салдым.
Шәкеннің көзі жайнап, көре бастады.
– Алданыш!
– Шәкен! Аға!
– Алданыш, не болды?
– Құрысын! Сенің аяғың тізгінге оралып қалып, қарагер тай сүйретіп, өлтіріп кете жаздады.
– Су. Су әкелші, Алданыш!
– Қазір. Немен әкелемін?
– Тақияңмен.
Мен тақияммен қайнардан су іліп алып, Шәкеннің аузына тостым.
Шәкен үш-төрт рет ұрттады.
Су шіркінде нендей күш бар, ұрттаған сайын Шәкеннің көзі шайдай ашыла берді.
– Қарагер ит қайда?
Қарагер тайдың бар-жоғы сонда барып есіме түсті, ұшты-күйді жоқ.
Қарагер тай сол кеткеннен шауып отырып жылқылы ауылдан бір-ақ шығыпты. Үлкендердің: "Жылқы – жершіл" деп отыратыны осы ғой, аңызшы, қаршадай тай жер түбі дерлік қашықта қалған үйірін адаспай тауып баруын.
Ертеңіне жездем жылқылы ауылға кетіп еді, көк тай мініп келді.
Көк тай Дәмбай қасқа биенің құлыны екен. Дәмбай қасқа биені жүйрік, деседі жұрт. Қасқа бие екі-үш рет бәйгеден келген соң бүйте берсе, иесін байытып жібереді, деп колхоз меншігіне алынып, бәйгеге емес, үйірге қосылып, құлындап кеткен.
Көк тайдың сүйегі ірі екен, содан болар біз оны көкбайтал деп кеттік.
Біздің жақтың адамдарына көкбайтал деген сөз ыстық болушы еді. Жетісу, Шу, тіптен Құланға дейінгі жерде бәйгенің алдын бермеген шапыраштының көкбайталы деген өрен жүйрік болыпты.
Жездем айтып отырады:
– Шапыраштының бір кедей жігіті орыс көпесіне жалданыпты. Көпестен ақысына арбаға жегіп жүрген биесінің көк құлынын сұрапты. Келесі жылы бие еркек торы құлын туыпты. Жігіт тағы жалданып, торы құлынды да алыпты. Кейін бұл екеуі керемет жүйрік болыпты. Ертоқымы жоқ кедей жігіт торыны тайынан жайдақ мінеді екен. Бұған әбден үйренген жануар кейін үстіне ер салғызбайтын болып, жайдақторы атаныпты. Міне, осы екі тұлпар алдына ат салмаған деседі. Алдымен әпкесі – көкбайтал, іле інісі жайдақ торы өтеді екен сөреден. Қайсысынан қайсысы жүйрік, ешкім білмепті. Ал, екеуі бәйгенің алдын бермепті.
Жездем көкбайтал мен жайдақ торыны көргенін былайша мақтан қылады:
– Пішпекте ұста болып тұрғанда жазында ат сатып мініп, Үңгірлідегі қайын жұртқа келетінмін. Сондай бір жазда осы Жайсаңда үлкен бір той өтті. Бәйгеге қосуға жайдақ торы мен көкбайталды да әкеліпті. Көкбайталды иесі тіл-көзден қорқып, бір өзіне арнап тігілген киіз үйде ұстайды екен. Қызығып көрмек болған елмен бірге саңылаудан мен де сығаладым, тұмшалап тастаған жабу көк байталдың төрт қара тұяғы мен едірейген екі құлағынан басқа түкті көрсетпеді. Көкбайтал астауға салған дарбызды қарш-қарш шайнап тұр.
Ат, кұдай біледі, Шудың кемерінен қоя берілді, сөре Қадірдің қыры болды. Жұрт көкбайталды көреміз деп бәйге аттарымен бірге қозыкөш жерге дейін барды, иесі: "Көз тиеді", — деп көкбайталдың жабуын алмай қойды. Содан желіккен топқа әрі қарай ілесе берсе, сөреге бәйге аттарынан кейін жететін қауіп төнді. Бәріміз аттың басын кері бұрдық Сөреге келіп біраз тұрдық білем, бір кезде Теректінің қырынан бергі жазыққа екі қарайған ағып түсті. Жұрт шу ете қалды: "Жайдақ торы! Көкбайтал!" айтқандай-ақ екеуі демде заулап келіп, сөреден көз қызықтырып өте шықгы.
Дәмбай қасқа биені тай күнінде Қордай жақтағы қарындасынан алған екен. Бергі жағы — Қордай, арғы жағы — Ұзынағаш. Ендеше, біздің көктайдың атақты көкбайталмен туыстығы бар. Бұл да аузымен құс тістеген жүйрік болады.
Әкеміздің айтқаны келетініне Шәкен екеуміз түк те күмәнданбаймыз.
Екеуміз сиыр бағып жүргенде көк тайды көп қинамауға тырысамыз. Әуелі көк тайды бос қоя беріп, сиырды жаяу қайырамыз. Көк тай тез жуасып кетті. Сиырдың ішінде кәдімгі бір үйірінде жүрген сияқты емін-еркін.
Шәкен екеуміз жабысып мініп, сырғып түсіп жатамыз, заты жуас жануардың құлағы қимылдамайды.
Көк тай әлі-ақ жүзіктің көзінен өткендей көкбайтал болады, шабыс шығарады. Бізге енді күрең аттың түкке керегі жоқ, көкбайтал бар. Көкбайталға ешкім де таласып, бізді "қаңғыған күнтусіңдер", — деп кемсітпейді.
Шәкен екеуміз де қуанып жүрміз: көкбайтал — бізді ұшпақка шығаратын пырақ.
Міне, енді мен көкбайталды сипай қамшылап, Барлыбайды бетке алып келе жатырмын.
Көкбайтал ауылдан ұзағанша бүгежектеп жүрісінен жаңыла беріп еді, Айдардың үйінің желкесіндегі белден асып, ауыл көзден таса болған соң жүріс тілеп, сонша жеңіл басты дейсің бір төрт аяғын. Екі құлағын қайшылап, жан-жағына жалт-жұлт көз тастап, лыпып келеді.
Мен бұрын Карауылтөбедегі мектептен әрі асып көрген жоқ едім. Кербұлақ бұл жақта тарлауыт тартып, жол кей тұста өзен ернеуімен өрлейді екен. Мен де, көкбайтал да көрмеген жер.
– Өзенді өрлей бер, Қарауылтөбеден соң төрелер ауылы, одан кейін өзенге сол жақтан үлкен арна келіп қосылады, соны кешіп өтіп, тіке тарта берсең, ат басы диірменге келіп бір-ақ тіреледі.
Үйден, анығырақ айтқанда, әпкемнен алып шыққан осы бағдар-нұсқауды мен бұлжытпай орындадым.
Барлыбай ауылының аяғындағы мұрынды айнала бере көрдім, бір топ тал шетінде оқшау жерде су диірмен тұр.
Мен жақындай бергенде диірменнен әкем шыға келді. Қолында-балға, үсті-басы ұн, шаң-тозаң.
– Ассалаумаликум!
– Уаликумассалам!
Осы екі сөзде әкем екеуміздің бір-бірімізге деген барша әдемі сезімдеріміз тұнып тұрған. Мен әкемді сағынып келдім ғой, оны қалай айта аламын? Ассалаумаликум! Әкем де мені сағынған, оны қалай айта алады? Уаликумассалам!
Жездем Тойлыбай деген кісінің үйінде жүреді екен.
Тойлыбай орта бойлы, мығым денелі, ал әйелі Болдырған кесек адам екен. Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралған ұлдары үйленген, екі кішкентайлары бар бақытты отбасы. Бір үйлі жанның бәрі мені қуана қарсы алды.
– Қалеке, артынан ат алып келген мынандай баласы бар адамда арман жоқ, -деп Тойлыбай қария жездеме разы жүзбен қарады.
– Тойлеке, бұл – кемпірдің баласы.
– Оны қалай түсіндік?
Сөзге Болдырған апай араласты:
– Түсінетін түгі жоқ, Алданыш — Айшаның баласы.
– Е-е, Әлдижанның інісі де. Әлдижан ағаң жақсы жігіт болатын, соған тарт, балам, - деп Тойлыбай атай бір көтеріліп отырды.
Дастархан жинала бергенде Тойлыбай атай:
– Қалеке, қанша қалда жинап едің? — деп сұрады жездемнен.
– Екі пұт.
– Енді соны Әміржанға аман-есен жеткізіп берсең, жөн болар еді.
– Соны айтыңыз!
– Жоқ сен өйтіп қауіп қылма, еңбегің ғой, апар үйіңе.
– Әрине, апарамын.
Қас қарайып, ел орынға отырған кезде жездем диірменнен жарты қаптан төмен ұн алып шығып, көкбайталдың үстіне салды да жақсылап жаймалап жайғастырды. Содан соң көкбайталға өзі мініп, мені жерден іліп алып артына отырғызды.
Көкбайталдың басын ауыл жаққа бұрды.
– Шүу, жануар?
Көкбайтал жарты-ақ күннің ішінде ауылды сағынып қалған ба, қайдам, тізгін керіп келеді.
Төрелер ауылына жақындай бергенде жездем көкбайталдың басын солға, өзенге қарай бұрды.
Демде-ақ ауылдың бас жағындағы жайдақтан өтіп, қара түнек сай аузына кіріп бара жаттық.
– Жезде, қайда бара жатырмыз, жолмен жүрмедік пе?
– Бөктермен жүреміз. Ноғайбай сайымен түсеміз өзенге.
Сайды біраз өрлеп барып, қырға қарай қиялай жүрдік. Сірә, жол бар, оны артта отырған мен көрмеймін, жездем көреді. Жездем көкбайталдың қауқарын жақсы біледі ғой, беткейдің жарым ортасына келгенде түсіп, жетектеп алды. Шырттай қараңғы түлей түн, керемет қорқынышты қия жол зәрем зәр түбіне кетті, бірақ қыңқ деп үн шығарғаным жоқ әкеме осалдығымды көрсетіп не болыпты?!
Белге шыға бергенде көкбайтал діңкесі құрып тұрып қалды. Жездем шылбырдан тартып сүйрегендей қылып әрең шығарды көкбайталды қыр үстіне.
Жездем қайтып көкбайталға мінген жоқ жетектеп алды. Адымы кең адам ғой, аяғын кере басып жүріп келеді.
Тастай қараңғы түн. Ұн үстінде шоқиып отырмын. Басқа амал жоқ Жолды өзің көріп отырмаған соң аттың жүрісі жайсыз болып кетеді екен, қорқып отырмын: көкбайтал сүрінсе, үстінен ұшып кетуім ғажап емес. Қозғалуға дәрмен жоқ, жанымды шүберекке түйіп, жер мен көктің арасында бедерсіз, тиянақсыз кеңістікте қалқып келемін.
Әй, шыдадым-ау.
Ауыл иттері үрді. Бөрінің дауысы маған етене таныс, құлаққа әбден сіңісті. Қашан, қандай жағдайда естімейін мен ауыл иттерін даусынан танимын, жазбай-жаңылмай ажыратамын. Ана үргені ұлығанға ұқсас бірсыдырғы үн – Әлмолданың сары иті, арпылдаған жуан дауыс – біздің Алыпсоқ.
Жылтылдаған жарық та көрінді.
Бұл — біз Ноғайбай сайының аузына шығып қалдық деген сөз, әрі қарай – өзен.
Кербұлақ біздің есіктің алдындағы құйыдан сәл жоғарыда жайылып ағады. Суды кешіп өтетін жайпақ өткелдің ауыл жақ шеті жарлауыттау, сол — шатақ дегенмен, сонау жоғарыдағы көпірге баруға ерінгендер осы жерден өте береді.
Біз де сөйттік.
Жайпақ жағасына келген соң жездем шешінді, киімін бір қолына ұстап, екінші қолымен көкбайталды жетектеп суға түсті. Өзеннің ортан беліне келгенде аяғым су сызды. Ұн не болады? Өзім қорықтым ба, жоқ ұн үшін жаным шырқырады ма, жүрегім аузыма тығылды. Сөйткенше өзен саяз тартып, көңілім орнына түскендей болды. Жарлауыт жағаға жете бере көкбайтал тұра қалды. Жануар өз шамасын біліп тұр. Адам қашан да мал атаулыға өз дегенін істеткен. Жездем де сөйтті, көкбайталды тізгінінен тартып, "Шүу-шүу!" — деп қыштады. Көкбайтал ышқынып қарғып кеп кетті. Мен ұн үстінен ұшып кетіп, суға күмп ете түстім. Судан басымды шығара беріп көргенім: қаптың бір шеті суға тиіп өзен ернеуінде жатыр. Жездем қапты жерден дереу жұлып алып, су болған жеріне жармасты.
– Айналайын құдайым-ау, бар екенсің ғой!
Ұн көп су болмаған екен.
Мен де қуанып кеттім.
Жездем қаптың аузынан ептеп ұстап, ұнды арқасына салып алды.
– Әлдеш, көкбайталға мініп ал. Мен ұнды үйге енді көп бүлдірмей жеткізейін.
Мен дереу үзеңгіге аяғымды салдым.
Құдайдың сайрап жатқан жолы тұрып неге азаптандық біз осынша?
Осы сұрақ менің ойыма қайта-қайта орала берді. Жездемнен сұрауға батпадым.
Көкейімді тескен бұл сұрақтың жауабы үйге келген соң өз өзінен белгілі болды.
– Жоғарғы ауылдардан қалай өттіңдер? -деді әпкем жездеме шай үстінде.
– Бөктермен келдік.
– Дұрыс істегенсіңдер.
– Енді қалай. Бұл ұн – қалда. Ұрлық емес, еңбегім. Мен мұны жалаң аяқ жар, қызыл аяқ қыр кешіп жүріп табамын. Диірмен өте ескі екен, жалғыз өзім өлермен болып жөндеймін, су жетімсіз, тоспа тосамын, сөйтіп күн-түн демей су жетелеп келемін. Жатқан азап, бірақ қайтемін, мына көген көздерге нәпақа керек. Осыны ел түсінсе, жақсы, түсінбесе, қиын.
Әпкем үндемей қалды, біз жездемнің нені мегзеп айтқанын түсінбей, үрпиісіп отырмыз.
Апам түсініпті.
– Әжібектен басқа ел білер не ғыпты?
– Менің жеті қараңғы түнде құдайдың тура жолы тұрғанда сонау бөктерге шығып кеткенім сол Әжібектің кесірі емес пе. Қалданы канша еңбекпен алғанымды Әжібек білмейді дейсіз бе, біледі, сөйте тұра пәле іздейді.
Әжібек – бригадир.
Ұлы Отан соғысы аяқталған жылғы егін орағында біз аштан өліп бара жатқан соң, қырманнан бір атдорба бидай салып алып бара жатқан жездемді Әжібек ұстап алыпты. Қатал адам екен, Шоқпардан милиция шақыртыпты. Милиционер біздің үйге келіп, бес-алты құрттың сынығы жатқан дастархан басында шүпірлеп отырған бізді: апам, жездем, әпкем, Шәкен, мен, Здән, Бағдашты көріп, басын шайқап тұрып айтты дейді:
– Ай, шайтан-бригадир. Смағұловты жазалау керек емес, награда беру керек! Қалай асырайды бұл мына үлкен отбасын? Балалар! Балалар!..
Милиционер басқа ләм-мим деместен бұрылып кете барыпты.
Осымен іс бітіпті.
Бірақ Әжібек бригадирдің ішіне қан қатыпты, "қаңғыған күнтудің", яғни біздің әкеміздің соңына түсіп алыпты, қымс етсе, айдатып жіберуге әзір көрінеді.
Әжібек — төре.
Төре ауылын анадайдан айналып өткеніміз сол екен ғой. Міне, гәп қайда жатыр!
Жездемнің табан ақы, маңдай терімен тапқан екі пұт ұнын өстіп ит қорлықпен жеткізіп едік үйге.
Адамдардың бір-бірін көре алмаушылығы, іштарлық дейтін пәлелерді сезінуімнің басы осы болды тегі.
Көп кешікпей жездем бізді Барлыбай ауылына көшіріп алды. Тойлыбайдың жалғыз бөлмелі ескі тамына кірдік. Бір отбасында сегіз жанбыз, бірақ қысылып-қымтырылып жатқан біз жоқ.
Негізгі әңгіме көкбайтал турасында болғандықтан, енді басқа жайға алаңдамай, тура тарта берейін.
Айналайын көкбайтал, шапыраштының көкбайталы сияқты тұлпар боласың сен әлі-ақ. Сені бәйгеге мен мініп шабамын. Екеуміз құстай ұшып, бәйгеден жеке дара келіп, дүйім жұртты шулатамыз. Сен бәйгеге шауып жүріп құлындай бересің. Өңкей өзің сияқты жүйрік туасың. Сенен де жүйрік, жо-жоқ саған жетеқабыл көк құнан менің бәсірем болады. Көк құнан дөненінде ерен шабыс шығарып, бестісінде әрен жүйрік болады. Мен көк бестімен талай жердің шаңын шаңына қосамын. Көкбайтал, бұл дүниеде сенен асқан жылқы жоқ!
Қыс ортасында көкбайтал ауруға шалдықты. Жездем жылқы жайын білетін адамдарды ертіп келіп, көкбайталды көрсетудей-ақ көрсетті. Көргендер жылқының жамандатқыр, мандам, қыршаңқы сияқты ауруларының атын атайды, көкбайталды олардың бір де біреуіне жатқыза алмайды. Ауруын білген күнде немен емдейді, білмейді.
Көкбайталдың күйі күрт төмендеп бара жатты.
Түс әлетінде қораға кірдім.
Көкбайтал төмен салып тұрған басын әнтек көтеріп маған бұрды да, сол күйі сілейді де қалды. Басын қайтадан әрі бұруға әл-дәрмені жоқ сияқты.
Ішім бір жамандықты сезгендей болды. Еңсемді ауыр мұң басып егіліп, жыларман болып бара жаттым. Аяулы жануарға тесіліп қарадым да қалдым. Көзім боталап, көкбайталдың сұлбасы мұнартып алыстап бара жатты.
Түскі асқа отырып жатқанбыз, әкпем сырттан көңілсіз кірді де есік көзінде сұлқ тұрып қалды. Бәріміз жәудіреп қарап қалғанбыз.
Әпкемнің кірпігі жыпылықтады.
– Құлындарым-ау! — деп аңырап қоя берді.
Бәріміз бір сұмдықтың болғанын сездік.
Әпкем дастархан шетіне отырып, дауыс шығарып жылады:
– Қуарған қу кұдай-ау, мұның нең? Бір жаман қыл-құйрықты да аяғаның ба бізден? Ол жамандатқанның кімді ұшпаққа шығарады, дедің. Шәкен мен Әлдеш ешкімге жалтаң көз болмай, бір мезгіл мініп-түссе, деп едік, алып тынып, жаның жай тапты ма? Бәрінен де Әлдешке қиын болатын болды. Кішкентай құлыным менің, көкбайтал тұлпар болады деп жүр еді, арманы алданды-ау!
Айналайын ақ құдай, атын алсаң, ал, өздерін аман қыл күндерімнің!
Мен көз жасыма ерік бердім.
Көкбайтал!
Мұның нең, ерте өлгенің?! Мен енді саған телміре қарап тұрып қиялға беріле алмаймын. Сен шапыраштының көкбайталы құсап бәйгеге қосыла алмайсың. Сенің елдің есін кетіріп сөреден бірінші болып ағып өткеніңді көре алмадық-ау, қап!
– Көкбайтал!
Жаның жәннатта болсын, жануар!
Міндетті түрде менің бір көкбайталым болады әлі-ақ. Соны мінген сайын сені есіме алып жүремін.
Әр кез жадымдасың сен, көкбайтал!
Менің Бекет ағам да бәсіре жүйрігін көсілтіп шаба алмапты.
Біздің әкеміз атақты темір ұстасы болған, дедім ғой.
Пішпекте лау аттарын тағалайды екен.
Ташкент-Пішпек-Алматы үлкен жолында жүретін бірден-бір көлік — ат, арба болған. Жол бойында жолаушылар түнейтін, аттарын жемдеп, шөптейтін бекеттер болған. Бекеттерде лау аттардың тағаларын ауыстыратын ауысымды ұсталар болады екен. Біздің әкеміз сондай бір бригаданың құрамына еніп, бекет жағалап жүргенде ұлды болып, атын Бекет қойыпты.
Үлкен жолмен кімдер жүрмеген. Бірде ақтар екені, қызылдар екені есінде жоқ Алматыны бетке алып бара жатқан солдаттардың зеңбірек сүйреген биесі тағалауға әкелген кезде туып қалады. Солдаттар не істерін білмей абыржып, жездеме қарайды.
Жездем енесінен айнымайтын күрең қасқа құлынды алып қалады. Жылқы жайын білетін жездем таниды, күрең қасқа бие ақалтекенің өзі екен.
Қасқа құлын Бекеттің бәсіресі болады.
Сиырдың сүтін ішіп, нан жеп өскен қасқа құлын сұмдық сұлу болады. Екі құлағы тікірейіп, екі көзі жайнап, Бекеттің соңынан қалмай ілесіп жүреді екен.
Жездем әпкемді айттыруға жүзіктің көзінен өткендей сұлу қасқа құнанды мініп барады. Қасқа құнанға бөкейдің атқұмар жігіттері қатты қызығыпты. Пішпектен келген жалғыз атты кімге керек, қасқа құнанды тартып алмақ болыпты.
Жездем айтып отырады:
– Кешке дейін Итбайдың қайын атасының үйінде болып, Әміржанмен әрең кездесіп, ертең келемін деп сөз байласып қайтқанмын. Ойымда ештеңе жоқ. Теректінің өзенінен өте бергенмін, қамыстан үш салт атты шыға келіп, маған қарай аттарының басын қоя берді. Апақ-сапақ уақыт, мыналардың бет-әлпеті жаман, қасқа кұнанның тізгінін босаттым.
Қасқа құнан ала келіп жөнелді. Құдай көрсетпесін, құстай ұшты, аспан қайда, жер қайда білмеймін, зулап келемін.
Жолдан қосылғандар да болды, қасқа құнан біріне шалдырмады.
Ұзап кетіп барып басын тартамын ғой дегенмін, бір өзектен өте бере жел қанатты жануар ұзынынан кетті. Опыр-топыр болып біраз жер аунап барып, орнымнан тұрып келіп қарасам, кұнаным оң аяғын асып қалыпты.
Ертеңіне Әміржанға басқа атпен бардым.
Қасқа құнанның аяғы шор болып бітті.
Келер жылы әпкемнің атасы Есболат бай қасқа дөненді үйірге салыпты. Содан Есболат атам бай ретінде тәркіленгенде шор аяқ қасқа айғыр калың жылқымен бірге кете барыпты.
Бекет ағам бәсіре қасқасымен ағызып шабуды талай рет армандады-ау!.. Қасқа құнан озбырлықтың құрбаны болыпты.
Көкбайтал, сен қастандықтың кұрбаны болыпсың...
Көкбайтал өлгеннен көп ұзамай-ақ әр түрлі әңгіме шыға бастады. Оның тоқ етері — көкбайтал аурудан емес, қастандықтан өлген. Пәле Хамиттен болған.
Біздің үйдің үлкендері бұл сөзге сенерін де, сенбесін де білмей, дал болды. Біз, балалар жағы да, мәре-сәре күй кештік.
– Бұл Хамитке не жазып едік, қор қылған кұдай! — деп таусылды апам.
– Қойыңыз, бекер сөз шығар. Біреуді накақтан-нақақ кінәлау — ұят, — деп басу айтты жездем.
Бекер сөз болса екен әйтеуір, — деді әпкем күмәнін тарқата алмай.
Әңгімені бұдан әрі жалғастыруға ешкімнің зауқы соқпады.
Жабулы қазан жабулы күйінде қалып бара жатқан.
Көктем шығып, жер кебе бастаған. Бір топ бала салма таяқ ойнап жүрміз. Бұл ауылдың балалары салма таяқты бұрын ойнап көрмепті, қопал.
Төменгі бөкей ауылының балалары салма таяқтың суын ішкен, шетінен ойыншы. Шәкен екеуміз сол ауыл балаларының қайнаған ортасынан шыққанбыз, жақсы ойнаймыз.
Балалар екі топқа бөлінген.
Қақпа жоқ, мәре бар. Бірінші топ допты жоғарғы Дәмбайдың, екінші топ төменгі Шойбектің үйіне дейін қуып баруымыз керек. Ішінде Шәкен екеуміз бар топ допты Дәмбайдың үйінің тұсына екі рет айдап апарып, үшінші жолғыны да еңсеріп қалғанбыз, шатақ шықты.
Мен қатты ұрған доп Өсердің ішіне қадалып тиді. Өсер ішін ұстап еңкейіп тұрып қалды.
Өсер, не болды, доп қатты тиді ме?
Мен осылай деп Өсерге жақындай бердім. Өсер әй-шәйға қарамай, бойын жаза беріп, таяғымен қара санымнан салып кеп қалды.
Көзімнен от жарқ ете түсті.
Ой, мұның нең?
Сенің ағаң менің әкемді ұрған, мен сені ұрамын!
Мен қарап тұрады деп пе едің, мә!
Таяғыммен Өсердің жон арқасынан осып жібердім.
Өсер шыңғырып отыра кетті. Ызақор екен, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты.
Ой, әкеңнің... қаңғыған күнту! Сендер бүйте берсеңдер, біз қаңғытып жібереміз. Әне, Хамит ағам көкбайталдарыңа у беріп өлтірді. Біз сендерді ұрып өлтіреміз. Ал, балалар, ұрыңдар мына екеуін!
Не деп тұр мына шірік?! Көкбайталды Хамит өлтірді, деп кім айтып жүр саған?
Жалт қарадым, Тойлыбай атай шап беріп Өсердің жағасынан ұстай алды.
Кім айтушы еді, Хамит ағамның өзі айтқан. "Қалқабай диірменшінің Бекет деген бандит баласы Батырхан ағамды ұрған, көкбайталына у беріп өлтіріп, ағамның кегін қайтардым", — деген.
Ағаң да, өзің де құрыңдар! Барыңдар үйлеріңе!
Тойлыбай атай бізді ойнатпай, таратып жіберді.
Шәкен екеуміз үйге салымыз суға кетіп, өте көңілсіз кірдік.
Біздің қас-қабағымыздан бәрін білетін апам:
Неменеге ренжідіңдер, не болды? — деді.
Ештеңе, — деді Шәкен.
Неменеге жасырасың, бәрі болды.
Мен болған жайды тәптіштеп айтып шықтым.
Әй, айналайындар-ай! — деп күрсінді апам.
Бәсе! Өзім де содан секем алушы едім. Ол оңбағанға не жаздық? Ағасының кегі деген не сұмдық! — деп күйіп пісті әпкем.
Мен қазір барып көрсетемін оған әлде қашан бас сүйегі қурап қалған адамның кегін қалай алғанды.
Жездем орнынан тұрды.
Апам мен әпкем жездемнің айтқанын жақтырмады:
Қалқабай, қойшы, құрысын, соны.
Ия, сөйт. Тағы бір пәлесіне қалып жүрерсің.
Жарайды, тимеймін, бірақ анықтамаса болмайды енді бұл әңгіменің рас-өтірігін. Өйтпесе, ондай ақымақ басынып кетеді.
Өзің біл. Біздікі — "Балаға жолама пәлесі жұғады" деген сыңайлы сөз.
Бұларыңыз дұрыс.
Жездем сыртқа беттеді.
Шәкен екеуміз ілесе шықтық.
Жездем тіке Хамиттің үйіне қарай тартты.
Біз ілесуге жүрексініп тұрып қалдық.
Екеуміз енді үйге кірмей, екі көзіміз Хамиттің үй жағында, есіктің алдында тұрмыз.
Жездем Хамиттің үйінен лезде-ақ шықты.
Біз зып беріп үйге қойып кеттік.
Шаруасы тез бітіп, жездем біздің ізімізше үйге кіріп келді. Жүзі қап-қара болып түтігіп кетіпті, ашуы әлі басылмаған.
Ешкім батып мән-жайды сұрай алмады. Бәріміз тым-тырыс отырып қалғанбыз.
Болған әңгімені жездемнің өзі айтты:
Көкбайталдың ажалы, шынында да, Хамиттен болыпты. "Батырхан ағамның кегі кеткен балаңда, сол үшін өлтірдім ол тулағыңды, ал, қайтесің?!" — деп қасқайып қарап отыр. "Ауыл итінің құйрығы қайқы", деген осы. Не істеймін? Парша-паршасын шығарайын деп едім, бала-шағасын аядым. Барлыбайдың қарияларына айтамын, бір шара қолдансын. Өйтпейді екен, сөз басқа.
Кешке қарай Тойлыбай қарияның үйінде ауыл ақсақалдарының жиыны өтті. Жездем барған жоқ.
Бір қауым уақыт өткен соң біздің үйге Тойлыбай атай бастаған, араларында Хамит бар, үш қария келіп кірді.
Жайғасып отыра бере Тойлыбай атай сөз бастады:
– Қалеке, не, қапа болып отырсың ба? Біздің де шекеміздің қызғаны шамалы, жер болып отырмыз. Не істейміз бұл Хамитке? Айттық иттігін бетіне бастық. Кінәсін мойындаттық. Сен ашуыңды бассын, деп алдыңа алып келдік. Ат-шапан айыбымыз бар. Кеш Хамитті!
Біздің жақтан бірінші болып апам сөйледі:
– Тойлеке, бұл сұмдық қой! Баяғыда Қалқабайдың баласы мен Хамиттің ағасы шекісіп қалады, Хамит соған жауығады. Жандарың жәннатта болғыр Батырхан мен Бекеттің сүйегін сырқыратып не көрінді бұл Хамитке? Мен білемін, бұл әңгіменің астарында басқа нәрсе жатыр. Құлағымыз керең емес, естиміз, кейбіреуге Қалқабайдың диірмен ұстағаны ұнамайтын көрінеді. Қалқабайдың жазығы ауру өкпесін сүйретіп, жалаң аяқ жар, қызыл аяқ қыр кешіп жүріп су жетелеп, ескі диірмендеріңді жүргізіп, ұндарыңды тартып беріп отырғаны ма? Көкейлерінді тесетіні бір пұт ұннан алатын бір кілә қалда шығар. Айналайындар, диірмендеріңді де, қалдаларыңды да өздерің алыңдар, малымыздан да, жанымыздан да аулақ жүріңдер. Жоқ Қалқабайды жалғыз үй күнту деп басынғыларың келіп жүр ме? Ол өзін ешкімге басындырмайды. Біздің тәк-тәгімізбен басылды. Әйтпесе не боларын бір құдайдың өзі білетін еді.
Әңгімеге әпкем араласты:
– Басынғысы келсе, айтсын, Хамит. Ол — осы елдің ұлы болса, мен — қызымын. Байымнан да, балаларымнан да аулақ жүрсін бұл ел. Ата-ау, көкбайтал балаларымның бетіне қарап отырған бес тасы еді, қалай ғана көзі қиды мына Хамиттің. Әсіресе, Әлдеш: "Бұл өрен жүйрік болады, бәйгеге шабамын", — деп асты-үстіне түсуші еді көкбайталдың. Балалардың арманын аяққа басты бұл Хамит.
Тойлыбай атай қамығып кетті:
– Апыр-ау, не деймін енді сендерге? Хамит не айтады? Жаңа айтқыздық айтатынын, енді жоламайды бұл сендерге. Тойлыбай атам жездеме қарады. — Қалеке, менің торы байталымды ал айыбына. Құдай бар, шын сөзім, қазір өзім жетектеп әкеліп беремін.
Тойлеке, пейіліңізге рахмет! Жан аман болса, аяқ артатын бір тулақ табылар. Мына Хамит аулақ жүрсін ендігі әрі, әйтпесе, білесіздер ғой Қалқабайдың кім екенін, жоқ Хамит білмеуші ме еді? — деп Хамитке қадала қарады.
– Мені құдай ұрып... — деді Хамит мұрнының астынан.
– Мұны құдай ұрды. Пұшайман болып отыр. “Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш" — деген. Кеш Хамитті, Қалеке! Біз қайтайық.
– Кешпегенде қайда барамын? Осы елдің ішінде отырған соң сыйлау керек үлкенін. Тойлеке, сөзіңізге құлдық. Қойдық бұл әңгімені осымен. Асықпаңыздар, шай ішіңіздер.
Әпкем шай жасауға кірісті.
Шәкен екеуміз далаға беттедік.
Есік алдына шыққан соң екеуміз өзді-өз ойымызбен тұрып қалдық.
Қастандық деген қандай жаман еді! Жүзіктің көзінен өткендей сұлу, қайран көкбайтал, қастандықтың құрбаны болғаның-ай, қап! Пәленің бір ұштығы біздің жалғыз үй күнту екенімізге барып тірелуін қарашы! Біз осы неге өз елімізге көшпейміз? Өз туысқардарымыздың арасында тұрсақ көкбайталға ешкім қастандық жасамаған болар еді. Менімен төбелескен бала: "Ал, балалар, ұрыңдар мына екеуін" — деп Шәкен екеумізге ешкімді айтақтамас болар еді. Туған жерге көшейік те, біз өз үйірімізге қосылайық! Бұл елдің қастандықтарын да, диірменін де, қызғанып жүрген қалдасын да өздеріне қалдырайық!
Үйден Тойлыбай атайлар шықты. Дабырлап сөйлесіп барады.
– Қалқабайда нең бар-ей? Өле алмай жүрсің бе, ол кезінде бүкіл Пішпекті аяғынан тік тұрғызған адам.
– Ойбай, оның ашуы жаман!
– Екі қолымен, еңбегімен шиеттей жан, шикі өкпелерді асырап отырған азаматқа қиянат жасағаны несі?
– Екі қолы алтын оның. Қалқабай болмасыншы, ескі диірменнен түк те қалмайды. Қалда тұрмақ қаңқасын таба алмай қаламыз диірменнің.
– Бәсе, десеңші, Қалқабай бір уыс қалда алса да еңбегімен алады.
– Мұның бәрін несіне айтасыңдар маған? Мен: "Қойдым", — дедім ғой, қойдым. Сол Қалқабайды алдымен күндейтін өздеріңсіңдер. Ұнымызды тегін тартпайды, қалда алады, әбден семірді, дегендеріңді талай естігенмін мен. Енді келіп бәрің сүттен ақ судан таза бола қалыпсыңдар.
Кісілер ұзай берді, сөздері естілуден қалды.
Үлкендер табысты.
Біз, балалар, қайтеміз?
Мына әңгімеден кейін, есі бар болса, Өсер енді тиіспес, тиіссе, көреміз.
Байқамаппыз, жездем шығыпты далаға, дәл жанымызда тұр.
– Тұрсыңдар ма, балаларым, — деп жан-жағына қарады. — Білемін не ойлап тұрғандарыңды. Құдай қаласа, биыл жазда көшеміз Шуға, күнтуларға. Сендерді үйірлеріңе қоспасам, болмайды екен. Өзім көрген құқайды сендер көрмеулерің керек екен деген ой түйдім мен бүгінгі әңгімеден.
Біз әкемізге ештеңе дей алмадық.
Іштей қуанып тұрмыз: біз өз туысқандарымызға барып қосыламыз. Сонда ешкім де бізді "қаңғыған күнту" — деп кемсіте алмайды.
Осыдан бір апта өткенде мынандай бір оқиға болды.
Барлыбай ауылының балаларының мектепке қатынап оқуы — қиямет-қайым.
Мектеп пен ауыл арасы — алыс. Жолда төрелердің ауылы, Сауранбайдың үйі бар. Қарауылтөбе ауылын аралап өтеміз, мектеп ауылдың төменгі жақ шетінде. Ауылдың бәрінде ит бар, ал, иттің бәрі балаларға бір үріп қалуға о бастан әуес, тап беретіндері де жоқ емес. Жалғыз жүрген баланы талаудан тайынбайтын ит те бар. Әсіресе, төрелер мен Қарауылтөбе ауылдарының дәл ортасындағы сай аузында жалғыз үй отыратын Сауранбайдың сары иті — аты шыққан қабаған. Сауранбай ақсақалды да, оның сары итін де көрген бала жоқ Атай — ауру, сары ит көрінбейтін жерде шынжырмен байлаулы тұрады.
Сауранбай атай асқан ағаш ұстасы екен, Қарауылтөбедегі диірменді сол кісі салыпты. Диірмен де, оған су жинайтын тоспа да Сауранбай атай есімімен аталады. Тоспаны да Сауранбай ақсақал соғысқа кетіп, біреуі оралмай, екеуі елге аман-есен келген ұлдарымен бірге тұрғызыпты.
Сауранбай атайдың диірмені мен тоспасының игілігін ел көріп отыр, ал, біз, балалар сары итінің қорлығын көріп жүрміз.
Біз Сауранбай атайдың үйінің тұсына жақындағанда сары иттің арсылдағаны естілетін. Оның осы зәрлі даусынан, дақпыртынан жан-иманымыз қалмай қорқамыз.
Ауылдың бүкіл балалары топтанып жүреміз. Өйтпеске лаж жоқ жол ұзақ елсіз жер, қорқыныш көп, ит деген пәле және бар. Топ бала бір-бірімізге абаймыз, итке жабылып қарсы тұрамыз.
Барлыбай ауылының бүкіл баласы таңғы елең-алаңда Сауранбайдың үйінің тұсына таяп қалғанбыз, сары иттің ызаланып үргені естілді. Күндегідей бір орнында емес, жүгіріп келе жатып үретін сияқты.
Базаркүлдің үрейлі даусы шықты:
– Ойбай, сары ит бос екен?
– Барлық бала кейін қарай бұрылып, қашып кеп бердік. Сол сәт тоқымдай жерде жалтырап жатқан мұзға тайып ұшып түстім. Тұра бере көрдім, сары ит заулап келіп қалыпты. "Жатқан адамды ит қаппайды" дегенді естігенім бар еді, сол ойыма сап етіп түсе кетті, қозғалмай жата бердім. Сары ит аққан бетімен аяқ жағыма келіп тұра қалды. Ізінше иіскеп көрмек болды ма, тістемек болды ма, бұғыныңқырап басын төмен салмаққа айналды. Жаным мұрнымның ұшына келді. Іле кеудемде бір өжеттік тұтанды: бастан тебейін жақсылап тұрып. Сары ит тіміскілеп, мұрны жиырылып оң аяғыма таяи берді, қатты серпіп тептім. Сары ит "қаңқ" етіп ата жөнелмек болып еді, тепкім оңбай тиген екен, омақаса кұлады. Мен тұра беріп жер сипадым, қолыма жұдырықтай-жұдырықтай екі тас түсті, біреуімен сары итті жіберіп ұрдым. Әбиір болғанда тас жығылған орнынан тұрып, түзеліп жатқан сары иттің дәл құлақ шекесіне тиді. Сары ит тәлтіректеп барып оңалып, алды-артына қарамай зытты.
Анадай жерге барып иіріліп тұрған балалар лап қойды.
Алдымен Шәкен жетті.
– Алданыш, не болды?
– Көрген жоқсың ба?
– Көрдім.
– Көрсең, сол болды.
– Өсер ішегін тартып таңданды:
– Өлә-ә-ө, мына Алданыш нағыз батыр екен-ей! Алданыш, не істедің сен сары итке? Ол енді өлсе жоламайды бізге.
– Не істейін, сары ит – ит, мен — адаммын. Адамды ешқандай айуан жеңе алмайды.
Осыдан кейін біз Сауранбайдың сары итінен де, өзен бойындағы ауылдардың өзге иттерінен де қорықпайтын болдық.
Балалар менің: "Адамды ешқандай айуан жеңе алмайды" деген сөзімді көпке дейін ауыздарынан тастамай айтып жүрді.
Мұны естісімен Әлібек дереу менің данышпандығымды бір дәрежеге арттырып қойды.
Біздің екінші класта сабақ бітіп, аулада басқа кластардың балаларын күтіп жүргенмін, қасыма Өсер келді.
– Алданыш, кел, дос болайық, -деді әй-шәй жоқ.
– Неге?
– Сен дос болуға тұратын бала екенсің.
– Солай ма?
– Солай.
– Әкеңнің кегін қайтесің?
– Ой, қойшы соны. Ол бір болмаған әңгіме болды. Сен де, мен де ұмытайық оны. Дос болсақ ұмытамыз.
– Онда мақұл. Әкел қолды.
Өсер екеуміз қол алысып дос болдық.
Өсер екеуміздің достығымыз осы әңгіме күйінде қалып қойды. Оған себеп: көп уақыт өтпей тау елін ойға, Шу бойына көшіру басталды. Өсердің үйі де көшіп кетті.
Мен ол көш жайлы әңгіме ауанымен жоғарыда жаздым ғой, ендігі сөз ескі диірмен турасында болсын.
Кербұлақта бізді енді "қаңғыған күнту" деп кемсітетін адам жоқ, ескі жұртта, ескі диірменді айналдырып, емін-еркін өмір сүріп жатырмыз.
Менің балалығымның ең бір есте қаларлық оқиғалары осы ескі диірменге байланысты.
Бір кезде “Кербұлақ" пен “Қарауылтөбе" колхоздарындағы ұсталық өнерге тиесілі нысандардың бәрі орыс ұсталардың қолында болыпты.
Екі колхоздың да ұста дүкендері мен диірмендерін Иван мен Федор кезек-кезек ұстайды екен.
Пішпектен жездем көшіп келіп, алдымен "Кербұлақтың" ұста дүкенін, одан соң диірменін ұстаған соң Иван басқа жаққа көшіп кетіп қалған.
Енді Федор да кетіп, "Қарауылтөбенің" диірменін Костя ағай ұстайды.
"Кербұлақтың" диірменін Қордай жақтан Ыдырыс деген ұста келіп шауыпты. Бұл — кәдімгі кішігірім су диірмені.
Екі ернеуіне тал отырғызылған арықпен ағып келген су науаға түсіп, диірмен пәрегінің төбесінен құйылып айналдырады. Пәрек ұзын бөренеге орнатылған. Бөрененің диірменнің ішіндегі бөлігіне қырық аяқ деп аталатын тіс-тіс үлкен ағаш дөңгелек бекітілген. Қырық аяқ бөренемен бірге айналып, тістеріне тістестіріліп орнатылған алты аяқты айналдырады. Алты аяқтың ортасындағы темір өзектің басы диірменнің тасына оны шыр айналдыратын болып бекітілген. Жоғарыға орнатылған шанақтан диірменнің екі тасының арасына түскен бидай тартылып ұнға айналады. Диірменнің кұрылысы осындай оңай сияқты, бірақ жүруі өте қиын.
Диірменнің пәрегі мен діңгегі бір кездегі ағаш бөрене қалпынан әлдеқашан айырылған, көкпеңбек беріш болып қатып қалған. Диірменнің барлық жері — ескі. Шатырдың қамысы қап-қара болып шіріген, қабырғаларының кірпіштерінің арасы — арса-арса. Бәрі диірменнің тасының айналуы әсерінен дірілдеп тұрады.
Шіріген қырық аяқ немесе алты аяқ сынсын, темір өзек үзілсін, бәрін жездем өзі жөндейді. Диірменнің тасын шекігенін айтсаңшы, шіркін! Жездемнің айтуынша, диірменнің тасын шеку — өте қиын шаруа. Тастың беті — өзінше бір өрнек. Оның ығын тауып, жадысын жатқызып шекімесе, ұн оңды тартылмайды.
Жездем көзілдірігін тағып, өзі жасаған тас шекитін арнаулы балғасын қолына алып, тізерлеп диірменнің тасын шекіп отырғанда құдды намазға ұйыған адамға ұқсар еді. Ол кезде жан адамға бұрылу, ешкіммен тілдесу деген болмайтын, бар есілдерті диірменнің тасына ауатын. Тасты шекіп болып, шүберекпен сүртіп тастап, барлық жерін асықпай масаттанып қарап отырар еді. Біткен іске разы, рахат сезімге бөленетін.
Диірменге жоғарғы тоспадан су жетелеп келу — жатқан бір азап. Түнде арық жағалап барып тоспаның көмейін ашқан кездер есіме түссе, құйқам шымырлайды. Тастай қараңғы түнде жездем қолшам ұстап алда ақырын адымдап отырады. Артында қалып қоймастың қамын жеп қалбалақтап мен келе жатамын. Қолшамның жарымаған жарығы жездемнің аяғының астын ғана көрсетуге жетеді. Ұзындығы бір құлашқа жетер-жетпес әлсіз сәуле жан-жаққа сынып шашыраған болады. Тұтасқан қою қараңғылық қолшамнан шыққан жарықты жалмап жұтады. Бірақ сол өлімші жарықтың өзінде үлкен медеу бар.
Әрине, біз арық жағасының әр тұтамының бедерін жақсы білеміз, ешқандай қолшамсыз-ақ жүре береміз. Бірақ жарықтың аты — жарық. Ол, ең алдымен, осы маңда түнде көп жүретін ит-құсқа айбар. Содан соң мына ескі жұрт — қаптаған қалың жыланның ордасы, солардан сақтану үшін керек бұл жарық.
Үлкендер жыланнан қорқа ма, жоқ па, қайдам, ал, менің үрейім ұшады. Сербұлақтағы сол ескі жұрттағыдай қалың жыланды мен ешқашан, еш жерден көрген емеспін. Айыр тілін сумаңдатқан қара щұбар жылан ескі үйлердің қуыс- қуысында өріп жүретін.
Кербұлақтың ең үлкен жыланы диірменде болатын. Ұзындығы сала құлаш, жуандығы білектей, ақ айдары бар қара шұбар жылан диірменді мекеніне айналдырған. Оны жездем: "Диірменнің киесі" — дейтін. Жездем алғаш диірмен ішіне кіргенде дәл ортада дөп-дөңгелек болып иіріліп жатыр екен. Өлтірейін деп оқталса, көңілі бір нәрседен секем алыпты. "Қой, бұл тектен-тек жатқан жоқ шығар, осы диірменнің киесі болмасын" — деп ойлапты.
Диірмен жеті казынаның бірі, оның ішінде кеудесінде жаны барды өлтіруге болмайды. Жездем жыланды сыпырғышпен жасқап, далаға шығарып жібермек болған екен, ол қорқып ықпапты, жәйімен өрмелеп шатырға шығып кетіпті.
Сол жылан сол жерде ертеңіне де, келесі күні де жатады. Жездемді көрген соң ақырын жылжып кете береді.
Ақ айдары бар қара шұбар жыланды енді бәріміз көретін болдық. Қамыс шатыр мен қабырғаның қиылысқан жерінде немесе шанақтың алдыңғы жағындағы қуысқа таяу жүреді. Ол барлық уақытта иіріліп жатады. Оның басқа аталастарындай басын көтеріп, тілін сумаңдатып айбат шеккенін ешкім көрген емес.
Жылан біздің үйдің адамдарына бірте-бірте үйреніп алды да қорыққанды қойды. Әрі-беріден кейін ешкім тимейтін болған соң еркінсіп, көрінген жерде жата беретінді шығарды. Қанша айтқанмен, түсі суық пәле емес пе, көрген сайын жүрегім тітіркенетін. Ал, жездем болса, бір күндері оны: "Ақбас, қайдасың?" — деп іздейтінді шығарды. Диірменге кіріп келген сәтте жездем: "Ақбас!" — деп дауыстайды. Ақбас ысылдаған дыбыс береді. "Жат-жат", — дейді жездем. Жылан әрлі-берлі ирелеңдейді. Түсі суық зәрлі неменің қуанғаны болар мұнысы.
Диірменге бөтен адам кірсе, ақбас зым-зия болып көрінбей кетеді.
Диірменнің ішінде үлкен қара шұбар жылан барын жұрттың бәрі біледі. Бірақ оны бір де біреуі көрген емес. Диірменге кірген адамның бәрі қара шұбар жыланнан қаймығады. Көктем келіп, жылан інінен шықты болды, диірмен ашық-шашық тұра береді.
Осыншама қалың жыланның ішінде жүргенімізбен, біздің үйдің ішінің бір де біреуін жылан шаққан емес. Біз, үлкенді-кішілі бәріміз, керемет сақ болып алғанбыз. Көрінген тал, шөп түбі, кез-келген тастың астында жатқан жыланды анадайдан біліп қоюшы едік. Аяқты сақтанып басу өмір заңымызға айналған.
Мен талай рет шағуға шақ қалған жыланнан аман құтылып кетіп жүрдім, әсіресе, бір дәуімен кездескенім естен кетпес, сірә. Тоспаның күнгей жағындағы қалың шөп арасында келе жатқанмын, жалаң аяқ жалаң баспын ғой баяғы. Аяғымды тікен кірмесе екен, жылан шағып алмаса екен деген сақтықпен басамын. Тегі адам — тәуекелшіл, бір бекінген екен, тікен шүпірлеп, жылан жыбырлап жатсын, алған бетінен қайтпайды. Мен де сөйттім, арғы қырға шыққанша тоқтамасқа бекіндім. Қанша сақтанбақ болайын дегеніммен, дәл алдымда, қол созым жерде оқтай басын қақшитып, айыр тілін сумаңдатып тікірейіп тұрған дәу қара шұбар жыланды кеш көрдім. Шоттай басын маған қарай қатты сермеді. Жалт беріп үлгердім, жыланның басы қара саныма сәл тимей жанап өтті. Ол қайта жиырылғанша мен айналайын екі аяғыма ерік берген едім, анадай жерге ыршып түсіп, безе жөнелдім.
Үйге келісімен бұл жайды айтып едім, жездем:
– Ия, тоспада сондай бір сойқан жылан бар екен, кеше мен де көрдім. Құдай сақтапты, ол пәле шаққан адамын тірі қалдырмас, көзін кұртпаса, болмас, — деді.
Шырттай қараңғы түн. Жездем екеуміз тоспа басында тұрмыз.
Аяғымыздың астында сұр қорғасындай тұнып тоспа суы жатыр.
Жездем шамды маған ұстатты да тоспаның көмейін ашуға кірісті.
Бұл — шлюзі жоқ қарабайыр тоспа. Оның көмейі түбінде. Көмейді ашу үшін адам шешініп, тастай суға түседі. Сөйтеді де алдымен көмейге салған шымдарды сыртқа шығарады, содан соң құбырға тыққан тасты бір жағына қарай жылжытады. Тоспадағы су ашылған көмейден атқып шығып, арық арнасына түседі. Көмей кұбыры арықтағы суды бір қалыпта ұстайды.
Жездем үстіндегі киімін шешіп жатыр.
– Әлдеш, ары қарап тұр.
Айтқанын істедім.
– Әлдеш, енді бері қарасаң да болады.
Сөйттім, жездем жаққа қарадым.
Жездем су ішінде кұнжыңдап тоспаның көмейін ашып жатыр. Осыдан енді күзгі жаңбыр басталып, өзен суы молайғанша жездемнің тірлігі — осы.
– Жезде, су суық шығар. Осы тоспа тосуды қойсаңыз қайтеді?
– Әй, балам-ай, менің Қалқабай ұста деген атым бар. Тау еліне ұн керек. Тоспа тосылмай, диірмен тоқтап қалса, жұрт шуламай ма? Жоқ елдің сөзіне қалғанша үсіп өлейін!
Мен ол кезде жездемнің бұл сөзінің түбіне терең бойлай алмадым.
Қазір осы жолдарды жазып отырғанда ұққандаймын көп нөрсені.
Менің әкем — өмірдегі өз орнының бағасын білген адам. Өзінің кәсібіне адал. Ұсталық өнерде өз өрнегі бар. Айталық осы тау елінің — малшылардың көп қорлық көретіні — таға. Таудың тасы аттың тұяғын демде жеп жіберетін.Тағасыз ат бетімен басқандай күйге еніп, қор болып қалар еді. Ат тағалау ілуде біреудің қолынан келеді. Менің әкеме ат тағалау жөнінен пара-пар келетін адам жоқ. Әкемнің өзі жасап алған кішкентай емшек төсі, балғасы, кемпірауызы бар. Не бір мінезі шайпау, бұрын тағаланып көрмеген аттар әкем ашуланып, ‘Тәйт!'’ — дегенде қалш-қалш етіп дірілдеп тұрар еді. Әкем күзде тағалап берген аттың тағасын иесі көктемде келіп өзіне суыртады екен. Бұл екі арада таға босаған деген атымен болмайды. Осыны талайлардың таңданып айтып отырғанын өз құлағыммен сан рет естіп, кеудемді керемет қуаныш кернеген.
Бір колхоздың барлық техникасы – арбасы, шөп машинасы, тырмасы, соқасы бәрі-бәрі біздің әкеміздің алтын қолы арқасында зыр қағып тұратын. Енді, міне, ескі диірмен тауда қалғандарға, жаздай Жайсаңда болатын егіншілерге, өзендегі шөпшілерге ұн тартып беруге жарап тұр.
Кербұлақта жұртта қалып қойған, сондай-ақ мал баққан елдің үзбей оқып жүрген балаларының бірі — менмін. Балалардың көбі біреудің үйінде жүріп оқуға шыдамай, оқуды тастап кеткен. Мен болсам, кісі есігінде жүріп оқудың қиындығына шыдап бақтым. Сондағы мені сүйреген күш әкемнің менің жақсы оқып, жақсы азамат болатыныма берік сенімі, үлкен үміті. Көнбістігім де көмектесті, әрине. Апам мен әпкем менің мұныма таңданып отырады. Мені кімнің үйіне қоймасын, жұғымды едім. Сол үйдің адамдарының айтқанын істеп, бергенін жеп жүре беретінмін.
Мен он жылдың төртеуінде ғана өз үйімде жүріп оқыппын, ал, алты жыл кісі есігінде өтті.
Үшінші класта екі ай Жақып төренің үйінде жүрдім. Шуға көшіп түскен көрші "Кербұлақ" пен "Қарауыл- төбе" колхоздарының дәл ортасына айдалаға салынған бастауыш мектепке балалар шұбырып жаяу қатынаймыз.
Біз бір класта оқитын "Кербұлақ" балалары — Әлібек, Амантай үшеуміз үнемі бірге жүреміз. Әлібекті ептеп те болса, білесіңдер, ал Амантай — колхоз басқармасының төрағасы Толықбайдың баласы. Әкесі – бастық Амантай еркетотай, арсын-күрсін.
Әлібек екеуміз — оқу озатымыз. Екеуміздің оқтын-оқтын өзімізше білім жарыстыратынымыз бар. Ондағымыз — тақпақ айтысамыз, дәптердегі бағаларымызды салыстырамыз.
Қазан айының соңғы күндерінің бірінде мектептен қайтқан жолда арық жағасында отырып, қазақ тілі дәптеріндегі бағаларды салыстыра бастадық. Соның алдында ғана менің үй жұмысыма "төрт" қойылған, бұл жай қабырғама қатты батқан. Әлібек "төртті" көрген бойда қуанып кетті:
– Сен қалдың — "төрт", менікі — "бес!"
Қаным бетіме шапты.
– "Төртті" қойған Бейсебек ағай емес, балдызы. Ол мұғалім емес, баға қоюды білмейді.
– Мұғалім болмаса, неге оқытады бізді? Баға қоюды білмесе, неге маған "бес", саған "төрт" қояды?
– Ит біліп пе?
Бастауыш мектептің директоры да, мұғалімі де Бейсебек ағайдың бір өзі. Ағай анда-санда жолаушылап кеткенде бізді әйелі оқыта беретін, кейінгі кездері балдызы оқытатынды шығарған. Ол, шынында, ешқандай мұғалім емес, орталау мектепті бітірген қыз. Өзі жатқан бір шақар, класс қолына тиісімен шырт-шырт етіп, бәрімізді бір шыбықпен айдайтын. Аузы қаймақтай ұрысқақ қыз — Күлпән әпкей аты-жөні жоқ тақылдап ұрсып мазамызды алатын.
Бейсебек ағай — Амантайлардың туысқаны. Амантай сабақтан гөрі Бейсебек ағайдың үйінде көбірек жүреді.
Күлпән әпкей екінші сабаққа өрттей болып қызарып кірді. Столына жақындай бере:
– Ыдырысов, тақтаға шық! — деп шәңк ете қалды.
Ойымда ештеңе жоқ тақтаға шықтым.
– Сен сұмырай мені мұғалім емес, ит депсің. Соның рас па?
– Рас.
– Не? Ойбай-ау, мына шошқа не дейді?! Атаңа нәлет, қайталап айтшы, рас деші?
– Рас!
– Сен білесің бе мұғалімді лағнеттеген баланы не істейтінін?
– Сіз мұғалім емессіз.
– Енді кіммін?
–Бейсебек ағайдың балдызысыз, Амантай албастының өсегін тыңдайтын әшейін біреусіз.
–Мен-мұғаліммін. Мұғалімге тіл тигізген бала соттайды. Мен соттатамын, түрмеде шірітемін. Қу құдай, шұнақ құдай, мынау бала ма, жоқ пәле ме?
Бейсебектің балдызының жан дауысы шығып, еңіріп жылап, мені бұрын құлағым естіп көрмеген сөздермен қарғап-сілей бастады.
Балалар үрпиіп отыр, менде де ес қалмады.
Бейсебек ағайдың әйелі кішкентай балаларын шұбыртып ертіп келді. Борша-борша жылап тұрған сіңлісін көріп түрі бұзылып кетті.
– Құдайым-ау, не болды сонша шыңғырып сен қызға?
– Әкпе-ау,мына жетпегір мені «оңбаған ит»-депті. Соттатамын мен мұны. Әкпе келіңіз, екеулеп сүйреп апарып сарайға қамап қояйық та милиция шақыртайық!
Мен есікті бетке алып ата жөнелдім.
– Ертең жездем келсін, осыдан қара жердің қойнына кіріп кетсең де тауып алып соттатамыз.
– Балалар, Амантай, қуыңдар, ұстаңдар!
Үрейім ұшты.
Далаға атқып шығып бездім.
Ешқандай бала қуған жоқ
Амантай қуғанда болатын еді. Қорқақ өсекші, жағымпаз немеде маған тап беретін қауқар қайдан болсын?!
Күлпән әпкей!.. Құрысын!..
Ертерек тауға тартуым, өз үйіме жетуім керек! “Өлмегенге өлі балық жолығады"– деген сөз рас екен, көшенің басына кіре бергенімде Атабек бригадир жолыға кетті.
– Оу, батыр, оқу қайда?
Мен үндемей, жерге қарадым.
– Жарайды. Түсінікті, үйіңді сағынғансың ғой. Онда дайындал. Әне күні маған Қалекең: "Алданыш мейрамға келем десе, ат бергін", — деп еді, соның орайы келіп тұр. Ертең Мәтіғүл тауға жүреді екен, ат берейін, соған ілесіп ауылыңа барсаң болады. Қайтесің, барасың ба? — деді бригадир.
Адамның көктен сұрағаны жерден табылады екен ғой, өлердей қуанып кеттім:
– Барамын!
– Онда Мәтіғұл атаңа барып, келісіп қой, мен де айтармын. Кететін кезіңде сарайға бар да Кенбай торыны ұстап мін.
Мәтіғұл атай, шынында да, тауға жүрмек екен, мені ерте кетуге қуана келісті.
Ертеңіне Мәтіғұл атай Кенбай торыны сарайдан өзі жетектеп келіп, менің көрпе-жастығымды қыр арқасына жаймалап салып, белінен жіппен бір тартып, мені қолтығымнан алып көтеріп үстіне дік дегізіп бір-ақ отырғызды.
– Қалқабайды койшы, сені жөндеп апармасам, қыздан ұят, — деп қойды атай.
Мұнысы — менің әкемді күйеусінгені, шешемді қарындасым деп жақын тартқаны.
Тегі, менің әкеммен бұл сыйқымда қалжыңдаспайтын адам жоқ. Әкем жабылып қалжыңдап жатқандардың бір де біреуіне бой бермейді, бәріне сөз тауып қалжыңмен қатырып жауап қайтарады. Мәтіғұл атай құсап сыртынан қалжыңдап жататындар қаншама.
Жаман — бір үйге, жақсы — бүкіл елге күйеу.
Мәтіғұл атай екеуміз ауыл сыртына шығып, Кербұлақты бетке алдық.
Тауға баратын жол теміржолды жағалап отырады.
Былай ұзай бере Мәтіғұл атай мені торы тайына мінгізіп, өзі торы атқа мінді. Торы аттың китің жорғасы бар, мүмкін, соған қызықты, мүмкін, мені торы тайға жеңіл болады деді. Мейлі ғой, үлкендердің айтқаны — бізге заң.
Мәтіғұл атай торы атгы жорғалатып, мен торы тайды дік-дік желгізіп кәдімгідей суыт жүріп келеміз. Кемер бекетінен өте бергенімізде бізді ауыр жүк поезы қуып жетті. Паровоз біздің тұсымызға таяй бергенде торы ат жалт беріп үркіп, ала қашты. Машинистерге ойын керек болды білем, паровозды қатты өкіртіп, пысылдатып бу жіберді. Аппақ бу бізге қарай шуда жіпше шұбатылып лап қойғанда торы ат жатып кеп мөңкіді. Мәтіғұл атай торы аттың омырауынан қамшымен тартып-тартып жіберді.
Торы тай былқ еткен жоқ.
Мәтіғұл атай торы атка ұрсып келеді:
– Қартайғанша есі кірмеген сорлы. Сонша тулағаны несі-ей! Апыр-ау, дардай ат та өстеді екен-ау! Сонша есі кеткенше елірді-ау! Енді үркіп көрші, әкеңді көзіңе көрсетейін!
Мәтіғұл атай торы атқа біраз кіжініп алып, торы тайын аспанда тамақтауға көшті:
Қарашы,мына қаршадай тайды. Бұл – теміржол бойының малы. Поездан қорқу, үрку дегенді білмейді. Торы тай – нағыз мал!
Торы жорға Мәтіғұл атайдың қаһарынан корықты ма, жоқ үйренейін деді ме, поезд жақындағанда тықыршып еліргені болмаса, үркіп ала қашқанды қойды, қайта китің жорғасын үдете түсті. Ал, торы тайдың оған ілесерлік жорғасы жоқ жайсыз, ірі желісі бар. Екі қара саным талып, басым зіркілдейді. Мейлі, бәріне көнемін, тек ауылға жетсем болды. Түрмеден құтылдым, сотталмайтын болдым, оқу қалды. Оқу керек! Бірақ Бейсебек ағайдың балдызының ес-түсі жоқ бет-жүзін қайтып көргім, жаман сөзін естігім келмейді. Бейсебек ағай бұл жайды естігенде не деді екен? Мен — мектептің маңдай алды оқушысымын. Ағайдан ұят болды! Абайламай сөйлеп, арандап қалғаным-ай, қап!
Маған енді қайтар жол жоқ!
Далауыздағы Бекен қойшының үйіне бесін әлетінде жеттік.
Мәтіғұл атай торы атты мама ағашқа байлап жатыр.
Мен де торы тайдан түсе бердім, сол сәт Кербұлақгың басындағы Шатыртөбеге көзім түсіп кетті.
Біздің үй Шатыртөбеден сәл төменіректе, Барлыбайда. Біздің үйдің адамдары не істеп жатыр екен? Жүрегім тоқтап, тұла бойым ұйып сала берді. Мен Шатыртөбені көріп тұрып, оның етегіндегі үйіме жетпей тынбайтындығымды сездім.
– Ата, мен кете берейінші ауылға.
– Қой, ұят болады. Үй ішің айтпай ма, Мәтіғұлдың баланы жалғыз жібергені несі? — деп.
– Айтпайды. Айтса, атайға өзім көнбей кеттім, деймін.
– Айшаны сағынғансың-ау.
– Сағындым.
– Онда бара ғой. Тоқташы, адасып жүрмейсің бе, әйтеуір?
– Ой, ата, бұл Кербұлақ қой. Туған жер!
– Ия, дұрыс айтасың, Алданыш, адам туған жерінде адаспайды.
Атай мені торы жорғаға бағанағыдай екі қолтығымнан көтеріп мінгізді.
– Ал, жолың болсын! Апаңа, жездеңе, әпкеңе сәлем дегін.
Торы жорғаны тебініп алып-ұшып келемін. Үйге тезірек жетуден басқаның бәрі ұмыт болған.
Мұрыннан шыға келгенімде менің көзіме алғашқы болып көрінгендер Здән мен Бағдаш болды. Здән үйге жүгіріп кіріп кетіп еді, үй іші тайлы-таяғымен топырлап есік алдына шықты. Бәрі шүпірлеп келіп, мені аттан түсіріп алды.
– Түу, балам-ай, құр сүлдерің қалыпты ғой!
– Сонша азғаны-ай!
– Бүйткен оқуы құрысын!
Азып-тозғаным рас, бірақ оқу құрымасын! Мен қанша қорлық көрейін, оқуды тастамаймын. Оқудан қалу — қатарыңнан қалу.
– Мен оқимын!
Мен жылап жібердім.
– Оқисың. Енді Шуда емес, Көкқайнарда оқисың. Біраз ес жиып алшы, содан соң Бүбісара әпкеңнің үйіне апарып тастаймын, сонда оқисың. Әбусағат бажа — селсебет, қай уақта апарсам да алдыртады оқуға.
Қуанып кеттім: мен енді Бейсебек ағайдың балдызының алдын көрмеймін. Бейсебек ағай, кешіріңіз! Тұра тұрыңыз, мен сізден несіне кешірім сұраймын? Сіз мұғалім емес балдызыңызға неге оқытасыз бізді? Оныңыз Амантайдың өтірік өсегіне бола мені аямай жәбірлемеді ме. Балдызыңыз мені кәдімгі бір іздері, сұрары жоқ бала құсатып бейшара қылғысы келді. Жоқ, мен — бір топ жанның бетіне қараған бес тасымын. Мені бұлар ешкімнің жәбіріне бермейді.
Апа, жезде, әпке, мені ертерек апара көріңдер оқуға.
Күз — қарбалас шаруаның кезі.
Жездем диірменді әпкеме ұстатып, өзі ұста дүкенін істетіпті.
Күзгі жауын-шашын өзен суын молықтырған, тоспаның көмейі ашық. Диірмен жақсы жүріп тұр. Сонда да диірменнен адам үзілмейді. Қыс қамын ойлағандар — олар.
Әпкем кезекті қатаң сақтайды екен. Сөйтсе, ұнын дереу тартқызғысы келгендер жездемнен жәрдем сұрайтын көрінеді. Сондай біреуге жездем айтыпты деген мына бір сөз ел арасына тарап кетіпті.
– Мен диірменші емес,
Әміржан — диірменші.
Соқ Байбағыс, соқ Жігітпісің, темірмен егес,
Ұсталыққа үйір болшы.
Бер, қолғабыс, соқ
Менің жездем ақын емес, көңілдегі сөзін айтқан.
Өлең сөз кұдіретті болады-ау, тегі, осыдан кейін диірменге келгендер ұста дүкеніне қарай жүгірмейтін болыпты.
Арықтағы су деңгейі сәл төмендеді болды әпкем арық жағалап келуге Шәкен екеуміздің қайсымыз көзіне бұрын түссек, сонымызды жұмсайды. Арық бойында құлақ көп еді, соның бірін болмаса, бірін су жырып кетіп, арықтағы су әлсіреп, диірмен тоқтап қалатын. Сондайда қолға кетпенді ала салып, талай-талай арық жағалай жүгірдік қой, шіркін!
Диірменді жүргізуге үй-ішімізбен жабылатынбыз. Еңбек өтеледі, бір пұт ұннан бір килограмм қалда аламыз.
Осы қалда кейбіреудің қабырғасына батыпты. Біздің қарнымыз тойып нан жегеніміз көре алмастардың көзін қызартқан.
Күндіз диірменге колхоз басқармасының төрағасы Толықбай ағай келіп кеткен.
Кешкі ас үстінде жездем:
– Бастық диірменді алатын болды, — деді.
Аспаннан жай түскендей болды.
Апам жұлып алғандай:
Неге, құдай-ау?! Балалар жеп отырған нанынан айырылатын болыпты-ау! — деді.
Әпкем әңгімені одан да тереңдете түсті:
– Енді қайтып күн көреміз?
Жездем мұның бәрін әлдеқашан ойлап, бекіп алған екен, жайбарақат рай танытты:
– Диірмен — колхоздікі. Не істеймін десе де бастықтың еркі. Екі диірменді де Костя ұстайтын болыпты. Мен қорықшы болатын болдым. Астыма ат береді, Кербұлақтың басын бөтен малдан қоримын.
Жездемнің теңдессіз ұсталығы арқасында зыр қағып тұрған диірмен Костя атайға өтті.
Өз үйіміздей болып кеткен ескі диірменге біздің үйдің адамдары бас сұғуды қойды.
Костя атайдың отбасы да біздікіндей көп балалы екен. Балалары біздермен жасты. Ваня Шәкенмен, Слава менімен, Вова Здәнмен, Лена Бағдашпен құрдас. Костя атай мен Маруся апай қазақшаны басын жарып, көзін шығарып сөйлейді, ал, балалары бізді жаңылдырады.
Сөйтіп Барлыбайда үш үй бармыз енді.
Ескі диірмен бұрынғыша ұн тартуға жарап тұр.
Менің көңілімді сұрап Құстүтін нағашыларым келіпті.
Нағашы — Құстүтін ағаларым, Шындаркүл жеңгем мен Рахиза.
Құстүтін — менің нағашы атам Ыдырыстың туған інісі, Шындаркүл — оның әйелі, Рахиза — екеуінің қызы, егер, шынына келсек, ол менің туған қарындасым. Рахизаны емшектен шығар-шықпай жатып нағашыларым бауырына басқан.
Нағашымды мен "аға" — деймін. Мен Құстүтін ағаның жеңгесі — апамның баласымын ғой, Шындаркүл — жеңгем.
Екеуінде бала жоқ Бір ұл, бір қыздары болған екен, ерте шетінеп кетіпті.
Алдыңғы жылы, Рахиза емшектегі кез, әпкем колхоздың қойын саууға қойлы ауылға, яғни нағашымның ауылына барған. Әпкем қой сауғанда балаға қарайды, деп мені жанына ертіп алған.
Әпкем саулық қойларды қосақтап ұзыннан ұзақ тізіп қойып, басынан түсіп аяғынан шыққанша ештеңеге қарайлауға мұршасы келмей, бір тынбай сауады. Мен Рахизаны ойнатамын, жыласа, жұбатамын.
Тамыз айы басталғанда қой сауу тоқтатылды.
Біз қайтуға жиналдық. Кенеттен мынадай әңгімеге тап болдық:
– Әміржан, Рахизаны бізге тастап кет!
– Сөйт, әке қыз!
Әпкеме ағасы мен жеңгесінің мына сөздері ауыр тиді, ештеңе дей алмай, есеңгіреп қалды.
– Әлгі кісі не дер екен?
Әлгі кісі — әкем.
– Қалекең ештеңе демейді. Бекежанды берем, деп жүріп, оны қимады. Енді Рахизаны бергеніңе қарсы болмас.
Рахиза Шындаркүл жеңгемнің алдында екі көзі жайнап бізге қарай талпынып отыр. Үкінің балапанындай сүйкімді. Қалай қиып тастаймыз? Әпкем бермес!
– Алданыш, жүр, кеттік!
Біреу төбеме суық су құйып жібергендей, жүрегім дір ете қалды.
– Әпке!..
Мен жыладым ба, Рахиза жылады ма?!
Мен үнсіз жыладым. Рахиза шыңғырып жылады.
Біздің тастап кетіп бара жатқанымызды кішкентай жүрегі сезді-ау!..
Әпкем артына қайырылып қарамады, шамасы тез ұзап кеткісі келеді-ау, аяғын жылдам-жылдам басады.
Мен де сөйттім, адымымды керіп бастым.
Рахизаның шыңғырған даусы көпке дейін естіліп тұрды.
Жолда әпкем екеуіміз бір-бірімізге жақ ашқанымыз жоқ.
Білемін, әпкем керемет қатты қиналып келеді.
Баласыз екі мұңлық — ағасы мен жеңгесінің бауырын жылытқысы келді, әрине, әпкемнің. Апам мен жездем мұнысын қош көре ме?..
Үйге келсек, бізден басқалар түгел дастархан басында отыр екен.
Бекежан бірден Рахизаны жоқтады:
– Рахиза қайда? Келе ме?
Әпкем шарт кетті, Бекежанның кұйрығынан шапалағымен осып-осып жіберді.
– Құртымдай болып алып бауырмалын қарай гөр-ей мұның! Саған керек бауыр маған да керек. Келмейді Рахиза. Мен оны нағашы атаң мен нағашы апаңа беріп кеттім. Ол енді солардың қызы. Екі сорлыны аясаң етті!
Әпкем Рахизаны ағасы мен жеңгесіне беріп кеткенін осылай хабарлады. Өзінің де іші удай ашитынын, бірақ осылай істеу керек екендігін астарлап білдірді.
Бекежан, әрине, түкті де түсінген жоқ құры әшейін құйрығының ауырғанына жылап отыр.
Үлкендер, әлбетте, бәрін түсінді. Ешқайсысы ләм-мим деген жоқ.
Рахиза өстіп нағашы атасы мен нағашы апасының қызы болған.
Екі жылдан бері Рахизаны көргенім — бүгін.
Рахиза бөтен болып кетіпті, апасының бауырына тығыла береді.
Здән мен Бағдаш, Бекежан ойнамақ болып жақындап еді, бір үйде жалғыз өзі өсіп келе жатқан тақыс екен, аттонын ала қашып шыңғырып жылады.
Мұнысы бірге туған бауырларын көкіректерінен итергендей болды. Жүрекке батады.
Біздің үйдің үлкендері Рахизаны жақсы көретіндіктерін білдіре алмай, жасқаншақтай берді.
Жездем:
– Шалдың қызы, келші бері! — деп еді, Рахиза қанатын жайып жездеме емес, атасына ұмтылды.
Жездем бір түрлі мұңайғандай болып қалды.
Нағашы атамыз бен нағашы апамыз Рахизаны керемет жақсы көреді екен, “қыңқ" етсе, асты-үстіне түсіп айналып-толғанып, жік-жапар болады.
– Құдайдың бере салғаны!
– Айналдық сенен, атасынан айнымайды!
Бәрін біліп отырмын. Рахизаны екеуіне құдай емес, әпкем берген. Рахиза Құстүтін нағашымнан емес, әкемнен айнымайды. Егер Рахиза шешесіне тартса ғана атасына тартар еді, жоқ әкесіне тартқан аққұба.
Өз бауырымыз өзімізге жат болыпты. Қайтеміз, көнеміз. Өйткені Рахизаны бұған душар еткен оның ең жақын адамы – анасы. Ана өкіміне ешкім араша бола алмайды.
Біздің нағашы атамызды жұрт: "Жалмауыз", — дейді. Бұл — "Жалмауыз кемпір" дейтіндегі жексұрын "жалмауыз" емес, нағашымыздың ер мінезіне, "аспандағыны алмап, жердегіні жалмап" жіберетін әбжілдігіне құрдастары сүйсініп таңған ат.
Нағашымның ерлігі жөнінде елден естіген бір әңгіме бар еді, осындай көңілді отырғанда сол жайлы өзінен сұрағым келіп кетті.
– Аға, соғыста сіздің тұтқынға түсіп, Германияға айдалып кете жаздағаныңыз бар екен ғой. Сол рас па?
– Рас. Ол сендер қызығатын әңгіме емес.
– Сонда да айтыңызшы.
– Несін айтамын, әртпөдгөтөпкенің кезінде есімнен танып құлап қалыппын. Көзімді ашсам, маған еңгезердей бір неміс төніп тұр екен, алдына салып айдай жөнелді. Тұтқын болдым.
Содан көп өтпей өң тұтқындарды поезға салды. Еміс- еміс ұққаным — Кермәнға апарады екен. "Құдай өзің жар бола көр!" — деуден басқа қолдан келер түк жоқ пәндә болып кете бардық.
Жүк вагонда келеміз. Ортадағы есік алдында аптаматын көлденең ұстап күзетші неміс отыр.
Мен күзетшіге таяу орналасқанмын, бір уақытта қарасам, немісім қалғып отыр.
Құдайдың бергені — осы!
Немісті аптамат-саптаматымен қапсыра құшақтап көтеріп алдым да есіктен сыртқа қарай бір-ақ атылдым. Пойыз биік жерде келе жатыр екен, жерге топ етіп түсісімен ылди қарай аунай жөнелдік. Сайдың табанына жеткен бойда атып тұрып, неміске қарасам, рас-өтірігін қайдам, сұлық жатыр. Аптаматын ала салып, екі-үш өшірет бергім келіп бір тұрдым да, "әй, қойшы, иттің қанын жүктемей-ақ қояйын" деп зып беріп қалың орманға кіріп кете бардым.
Жездемнің нағашыммен ептеген қалжыңы бар, сонысына басты:
Қайран жалмауыз-ай!
Мен таңданып отырмын, нағыз көзсіз ерлік қой!
Енді ұққандай болдым, нағашымды ел осындай ерліктері үшін "Жалмауыз" — дейді екен ғой.
Нағашыларым көңілді аттанды.
Рахизаның бізге бөтен болып кеткеніне қуанады.
Біздің үйдің үлкендері Рахизаның жатбауыр болғанын жақтырған жоқ, бірақ оларын білдірмеуге тырысты.
Өз басым Рахизаны қатты аядым. Айналайын қарындасым, атаң мен апаңның қуанышы болыпсың, ал, өзің бақытты болар ма екенсің? Сенің бақытың біз — бауырларың, әпкелерің ғой. Бізді ұмытпа, іздейтін бол! Біз сені ұмытпаймыз, сен әркез әрқайсымыздың жүрегіміздесің.
– Ассалаумағалейкум, батыр! Бұл не жатыс екі аяқты созып тастап!
Ертеңіне түс әлетінде үйге Төлеуіш аға өстіп сөйлеп кірді.
Төлеуіш аға — Құстүтін нағашымның інісі, сұңғақ бойлы әдемі жігіт. Өгіз арба айдайды. Екі өгіз жеккен үлкен ырдуан арбамен таудағы малшыларды бір жерден екінші жерге көшіріп жүреді. Сондай бір сапарға кетіп бара жатып менің көңілімді сұрауға әдейі бұрылыпты.
Бұл кісі мені жақын тартып тұрады. Онысы — мені "бөкейсінгені".
– Шәкен – күнту, жиен, Алданыш – бөкей, інім, — дейтіні бар.
Мұндай сөзді есту мені қайта күнту ете түседі. Мен шынымен бөкей болайыншы, Төлеуіш аға да, басқа да менің кім екенімді кәдімгі бір біреу сұрап жатқандай тергеп айтпас еді. Мейлі, айта берсін. Жұрт не десе, о десін, мен –күнтумін.
Шай ішіліп, дастархан жиналған соң Төлеуіш аға екеуміз оңаша қалдық.
– Алданыш, ішің пысып жатыр ма? Онда мен саған бір өлең оқып берейін, — деді Төлеуіш аға.
– Оқыңыз.
– Оқиын. "Қырсық"
Қырсықтың түрі – басы жаман екен,
Қолы жоқ аяғы жоқ адам екен.
Ойлайтыны қастандық пәлекеттің,
Жасайтыны жамандық надан екен.

Сол қырсық: "Ақыл айтам, тыңда”, -деді,


"Мойныңды еш шаруаға бұрма", -деді.
"Тырайып төсегіңде ұйықта да жат,
Өмірі түске дейін тұрма", -деді.

"Жаныңды тыныш көздеп жатқын", - деді,


"Әмісе оңай дүние тапқын", - деді.
"Біреуден жақсы нәрсе көре қалсаң,
Алдап ал, болмаса ұрлап қаққын", -деді.

"Насыбай ат, темекі тартқын", -деді,


"Күнәға шаш етектен батқын",- деді.
"Жалғыз атың бар болса, аямағын,
Тойып ішер араққа сатқын", -деді.

"Еңкейіп жерден тал шөп алма", -деді,


"Той-жиыннан өлсең де қалма", -деді.
"Алдыңда жайнап тұрған мол тамақты,
Түк қоймастан сыпырып жалма", -деді.

–Аға, оқымай-ақ қойыңызшы!


– Неге?
– Жаман екен.
– Не жаман, өлең бе, қырсық па?
– Қырсық.
–Өт-те дұрыс айтасың, қырсық – жаман. Қырсық адамды жаман бол, деп үгіттейді. Содан аулақ болу үшін осы өлеңді білу керек. Мен осы өлең қолыма түскелі бері басқаша өмір сүре бастадым, қырсықтың айтқандарын жасамауға тырысамын. Бұл өлеңді түсінген адам сөйтеді. Жалпы мен айтар едім, өлең сөзді көп оқы, жатта. Мә, мен саған мына бір дәптерді беріп кетейін, оқып қой, қайтарда аламын.
– Жарайды.
Әркім бір ұстап сырты кірлеген ескі дәптер екен. Сыртындағы "Күнту Сауытбек ақын" деген жазу көзіме оттай басылды.
– Немене қадала қалдың, ішің қу ә! — деді Төлеуіш аға.
Мен үндемедім. Шынын айтсам, күнту Сауытбек ақын мені ыстық лебімен тартады. Ол — біздің туысқанымыз. Жездем күнтуден шыққан Жидебай шешен мен Сауытбек ақын жөнінде талай әңгіме айтқан.
Төлеуіш аға кете салысымен дәптерге үңілдім.
"Сауытбек Ұсаұлы — Ашаның алты салының бірі. Руы – күнту.
Күнтуден қара сөзде алдына жан салмаған Жидебай шешен де шыққан. Ол да Ашаның алты салының біреуі болған.
"Жидебай айтыпты", "Сауытбектің әні, өлеңі" деген сөз көп. Төменде соның бірі ғана әңгімеленеді.
Сауытбек кедей жігіт екен, ақындығымен аты шығыпты.
Өнері жер жарып тұрған жігіт Шудағы аз ғана қыпшақтың Өтелбай дегенінің қызы Ақбөпеге ғашық болады. Сауытбекті Ақбөпе де сүйеді. Қалыңмал беріп алуға тігерге тұяғы жоқ Сауытбек Ақбөпені алып қашпақ болып сөз байласады. Сөйтіп жүргенде қапы қалады. Ақбөпені әкесі жылап-сықтағанына қарамай, қордайдың жанысы Тантай байға ұзатып жібереді.
Бұл хабарды кеш естіген Сауытбек салтанатты топты Ұланның тұмсығына дейін қуып барып, аты болдырып, айдалада аңырап қалады.
Амалы таусылып, сағы сынған ақын сол маңдағы Аралтөбе деген жерде отырған ақша елінің Күдері деген бай адамының үйінде беделді ру басылары Сәлімбай мен Сақпантайға шағынып, ''Ақбөпе" дастанын жылап отырып жырлайды.

АҚБӨПЕ



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет