Бағдарламасы «Дене шынықтыру және спорт түрлерінің физиологиясы»



бет3/10
Дата28.12.2019
өлшемі336,53 Kb.
#55226
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
fb714dfe-0d18-11e6-b19f-f6d299da70eeУМКД Физиология Физ ВОспитания


Бақылау сұрақтары:

1. Бұлшық ет жұмысы кезіндегі кимыл жаттығуларының әсерінен қан айналым, қан, тыныс алу, биоэнергетика, зәр шығару, эндокринді жүйелердің өзгеру ерекшеліктері қандай?



2 Қимылдарды басқарудың рефлекторлық механизмдерін түсіндіріңіз

3. Қимыл дағдыларының қалыптасу кезеңдері сипаттама беріңіз

3. Қимыл дағдысының соматикалық және вегетативтік құрылымын атаңыз?
Дәріс №3
Тақырыбы:Бұлшық ет қызметіне, қоршаған ортаның әртүрлі жағдайларына бейімделу және ағзаның қызметтік қорлары

Мақсаты: Студенттерді қоршаған ортаның әртүрлі жағдайларына бейімделу механизмдерімен таныстыру

Негізгі сұрақтар:



1.Қоршаған ортаның әртүрлі жағдайларына бейімделу туралы түсінік. Бейімделудін түрлері. Бейімделудің жеке түрлері. Ұзак бейімделу және кұрылымды жүйелі іздің қалыптасуы. Гипоталамусты-гипофизді-бүйрек үсті жүйенің жедел бейімделу кезіндегі стресс-реакциядағы маңызы. Дизбейімделу, бейімделудің жоғалуы және бейімделудің бағасы туралы түсінік.

2.Дене жүктемелеріне бейімделудің механизмдері. Бейімделу кезіндегі ағза қызметінің өзгеруі. Ағзаның қызметтік қорлары және олардың жіктелуі. Дене жүктемелеріне жедел және ұзақ уакыт бейімделуі және ағзаның қызметтік қорларының іске қосылуы. Бейімделудің негізгі кызметті тиімділігі, үнемдеу, іске қосу, қорлардың мүмкіндіктерін жоғарлату, қалпына келтіру, тұрақтылық, қызметтердің сенімділігі. Бейімделу өзгерістерінің қайтымдылығы.

3.Дене жүктемелерінде жедел және ұзақ уақыт бейімделудің сапасын және тиімділігін физиологиялык бағалаудың ұстанымдары.
1. Бейімделу туралы түсінік. Тірі организм сыртқы ортаның құбылмалы өзгерістеріне үнемі бейімделуі арқылы дамиды және жоғары сатыға көтеріледі.

Бейімделу (адаптация) – қоршаған ортаның құбылмалы әр түрлі жағдайларында организмнің икемделуі. Ол жасушалық, мүшелік, жүйелік және организмдік деңгейлерде өтеді, сөйтіп туа болған немесе жүре болатын икемделу әрекетінің барлық түрін көрсетеді. Ортаның көптеген жағдайлары организмнің мұндай қасиеттеріне адекватты (барабар) немесе адекватты емес (барабар емес) келеді. Организмнің барабар тітіркендіргіштерге бейімделу қабілеті ұзақ мерзімді эволюциялық даму сатысында қалыптасқан. Ал барабар емес тітіркендіргіштер көбінесе организм мен ортаның теңестірілу қасиетін жояды.

Табиғи және өндірістік жаңаша жағдайларда, организмге жағымсыз әсер ететін қоршаған ортаның қолайсыз факторлары жиі кездеседі. Бұларға физикалық-химиялық, орасан, ақпараттық, семантикалық және биологиялық экстремалдық факторлар жатады.

Организм барлық жағдайларға бар мүмкіндігінше өзінің құрылымдық және функционалдық жүйелері арқылы бейімделіп отырады. Оның табиғи ортадағы әр түрлі маусымдық жағдайларына икемделу құбылысын акклиматизация деп атайды (акклиматизация туралы толығымен 7-тарауда баяндалады). Ол бейімделудің жекеленген түрі болып саналады.

Бейімделудің түрлері. Қазір бейімделудің әр алуан түрлері болғанымен, көпшілік мақұлдаған арнайы классификациялық топтары жоқ. Бейімделуді мерзіміне қарай ұзақ мерзімдік және қысқа мерзімдік деп жіктейді. Қысқа мерзімдік бейімделуді икемделудің «авариялық сатысы» ретінде қарайды. Мұнда бейімделудің бастапқы кезінде, жүйке жүйесінің орталық бөлімдерінің функционалдық күйі барынша өзгеріп, организмнің әсерленгіштігін өсіруге мүмкіндік жасалады. Ұзақ мерзімдік бейімделу организмнің икемделу қабілеті, мінез құлық пен жалпы әрекетін жоғарғы сапада қамтамасыз етеді. Бұл оның гипоксияға, суыққа, тамақтың тапшылығына бұрын байқалмайтын төзімділігін тудырады.

Жеке организм деңгейінде бейімделудің келесідей түрлерін ажыратады: туа болған және жүре болған, жеке (даралық) және қауымды (түрлік), жалпы және маманданған, арнайы және бейарнайы, ішкі және сыртқы, шартты және шартсыз, қалыпты және төтенше, морфологиялық және физиологиялық, соматикалық және психикалық т.с.с.

Сыртқы ортаның құбылмалы өзгерістеріне дені сау адамның бейімделуі арнайы физиологиялық реакциялар арқылы жүзеге асырылады.

Физиологиялық бейімделу деп функционалдық жүйе, мүше, ұлпа белсенділігі мен өзара байланысын реттеуші механизмдердің орнықты деңгейін айтады. Мұның мәні жаңа орта жағдайларында организмнің сақталуына, дамуына, қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін әрекеттердің қайта құрылуына келіп тіреледі. Сонымен бірге қоршаған ортаның өзгермелі жағдайларында адамның ұзақ өмір сүруі, жұмысқа қабілеттілігінің сақталуы, ұрпақ жаңғыртуы бейімделудің көрнекті белгілері болып саналады.

Морфологиялық бейімделудің негізін жасушалық бейімделу түзеді. Жасушалық бейімделу деп тіршілігін сақтап қалу үшін әр түрлі қоршаған орта жағдайларына жасушаның икемделуін айтады. Ол организмдік бейімделудің бастапқы кезеңі болып саналады. Жасушалық бейімделуді шамамен генотипті және фенотипті деп екіге жіктейді. Генотипті (тектүр) бейімделу шыдамды, берік жасушаларды іріктеу нәтижесінде пайда болады. Ал фенотипті (белгітүр) бейімделу зиянды факторларға қарсы қорғаныш реакциясы ретінде туады. Ол тітіркендіргіштердің қарқыны мен мерзіміне байланысты болады. Сондықтан бейімделудің ұзақтығы және жасушаның төзімділігі өзгеріп отырады.

Организмнің фенотипті бейімделуін даралық бейімделу деп те атайды. Ол ортаның белгілі факторларына бұрын болмаған тұрақтылықты және алдында шешімі қиын мақсаттарды жаңаша шешу мүмкіндігін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Мұнда ең әуелі осы нақтылы факторға жауапты функционалдық жүйелер жұмылдырылады, соңынан жалпы бейарнайы стреске қарсы жүйелер іске қосылады. Даралық бейімделу түрлік икемделудің құамына кіріп, оның дамуына әсер етеді. Бұл популяциялық бейімделу. Популяциялық-түрлік бейімделу тұқым қуалаушылық арқылы жеке организмдерге беріледі.

Жалпы бейімделу организмнің екі түрлі реакциясына байланысты болады. Біріншісінде, әсер етуші факторларды түйсіну үшін физиологиялық реакция белсендіріледі, ал екінші түрінде оның факторлар әсерімен кездесуден организм қашқақтайды. Өйткені организмнің функционалдық күйіне, жағдайына байланысты бейімделетін факторлар жағымды немесе жағымсыз реакциялартудыруы ықтимал. Сондықтан көбінесе бейімделудің мәнін толық ұғыну оның пайда болатын жағдайларын айқындауды талап етеді.

Адамдарға төтенше факторлар әсер еткенде екі түрлі реакциябайқалады. Біреуі барабар жауап беру болса, екіншісі – абыржу реакциясы. Барабар реакция организмнің арнайы жауаптары арқылы төтенше факторлардың әсерін әлсіретіп немесе жойып, оның қажетті іс-әрекетін сақтауға бағытталады. Мұндай жағдайда адам байыпты, мақсатты мінез көрсетеді. Оған көтеріңкі сезім күйі (эмоция) әсер етеді. Организм реакциясының бұл түрінде талдағыштардың сезімталдығы өзгереді, зейін шоғырланады, қысқа мерзімдік және оперативті зерде жақсарады, іс-қимылдар дәйекті жоспармен атқарылады. Адамды қырағылық, қосымша сақтық пайда болады.

Абыржу реакциясы кезінде талдағыштардың түйсіну табалдырығы көтеріледі, зейін шашырайды, зерденің көлемі азайып, адамның жұмысқа қабілеттілігі төмендейді. Абыржу реакциясының активті және пассивті түрлері бар. Активті түрін үрей билеген адамның мінезінен байқауға болады. Ол пайда болған жағдайдан қашу әрекетінен басталады. Алайда бұл мінездік көрініс қисынсыз, орашолақ түсініксіз жағдайда байланысы жоқ қимылдардан тұрады. Адамның эмоциялық күйі тасып, еліктеу және илану қасиеттері жоғарылайды. Ал абыржу реакциясының селқос түрінде, керісінше, белсенді қимыл тыйылады. Адам дағдарып, еркінен айрылып, есінен танады. Ықпал еткен фактор әсерінен мелшиіп, қаша алмайды. Бүкіл талдағыштардың сезімталдығы өте төмендейді.

Әдетте, төтенше факторларға жауаптың түрі оларды тудыратын себептердің сипатына байланысты. Осы себептерді жағдайға байланысты сыртқы, ішкі және әлеуметтік деп жіктейді. Сыртқы себептер әсер етуші факторлардың күші, қарқыны, мерзімі, ырғағы, қасиеттеріне байланысты болады. Сонымен бірге іс-әрекетті ұйымдастыру сатысы, яғни жұмыс орны, мекені адамның техникамен қарым-қатынасы ықпал жасайды. Ал әр түрлі реакция тудыратын ішкі себептерге адам психикасының ерекшеліктері, мінез-құлқы және организмнің хал-ахуалы жатады.

Әлеуметтік себептердің ішінде іс-әрекеттің мақсатын, адамдардың өзара қатынасын және талаптарын атауға болады. Осы себептердің салдарынан организмнің қалыпты жағдайы өзгеріп, негізгі әрекеттері зор күш салу арқылы қамтамасыз етіледі. Сондықтан оның физиологиялық қосалқы қоры тез азаяды, тіпті кейде сарқылады немесе процеске өтеміс (компенсациялық) механизмдердің тиімсіз түрлері жұмылдырылады.

Алайда организм сыртқы және ішкі ортаның әр түрлі факторларымен өзара әрекетінде осы белсендіру немесе тосқауылдау механизмдерін барлық деңгейде қатар қолданады. Сөйтіп ол өзінің бірнеше кезеңнен өтетін бейімделу процесін қамтамасыз етеді.

Бейімделу кезеңдері

Бейімделу нақтылы физиологиялық механизмдермен байланысты бірнеше кезеңдерден тұрады. Бейімделудің 1-кезеңі бастапқы кезең тітіркендіргіштер әсер еткен алғашқы сәттен басталады. Мұнда әр түрлі бағытталған құрама реакция байқалады. Бірінші құрама реакция бағдарлау рефлексіне байланысты. Бұл рефлекс пайда болғанда, осыған дейінгі іс-әрекетті тежейді. Жалпы тежеуші реакция күшті тітіркендіргіштің бәріне жауап ретінде туады.

Екінші құрама реакция – қозу түрінде жүзеге асырылады. Мұнда жүйкелік трофикалық ықпалдар белсендіріледі және мүшелердің қызметі күшейеді. Бұл әсерленістерді симпатикалық адреналдық жүйемен бірге орталық жүйке жүйесі атқарады. Алайда бейімделудің бастапқы кезеңінде, олар өзара үйлесімсіз болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл кезеңге организмнің эмоциялық өзгерістері де қатысады.

Бейімделістің келесі сатысы – 2-кезең өтпелі кезең. Мұнда орталық жүйке жүйесінің қозғыштығы төмендейді, гормондардың белсенділігі азаяды. Ол кезде организмнің икемделу механизмдері ұлпаларда тереңдей түседі.

Бейімделудің 3-кезеңі тиянақты кезең – организмнің және оның мүшелері мен жүйелерінің жаңа жағдайларға мұқият икемделу сәтін көрсетеді. Олардың қызметі үйлесімді келеді. Организмнің бейарнайы төзімділігі көтеріледі және әркелкі арнайы бейімделудің механизмдері дамиды. Бұл кезең физиологиялық процестерді үнемді атқарады және энергия шығынын азайтады.

Бейімделудің бұл кезеңін ұдайы өзгермейтін тұрақты жағдай деп қарастыруға болмайды. Организмде оның ауытқулары, өзгерістері жиі болуы ықтимал. Өйткені оған әр алуан қосымша жанама факторлар ықпал еткенде, ол өзінің тіршілік күйінің шығыны мен қайта қалыптасуына байланысты туатын гомеостаздың жаңа деңгейін үнемі сақтауға тиіс. Сондықтан бүкіл физиологиялық функциялар зор күш салу арқылы жүзеге асырылады. Ол организмнің энергия шығынын ұлғайтады, иммундық және гормондық қосалқы қорын азайтып, аяғында бейімделудің бұзылуына – дизадаптацияға әкеліп соғады.

Дизадаптация кезеңі организмнің функционалдық қоры сарқылуы немесе нейрогуморалдық және зат алмасудың өзара байланысы бұзылуы нәтижесінен пайда болады. Бұл жағдайда бейімделудің бастапқы кезеңі сияқты іс-әрекеттің тұрақты көрсеткіштерінің ауытқулары пайда болады. Олар үйреншікті тітіркендіргіштер шамадан тыс немесе кездейсоқ факторлар көп уақыт әсер еткенде туады.

Организм бейімделу тудырушы әсерлер болмаған жағдайда, соның салдарынан пайда болған морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктерден біртіндеп арылады. Алайда оның жойылған икемделу реакциялары сол бейімдеуші факторлар тағы да әсер етсе, қайтадан қалыптасуы мүмкін. Мұны қайта бейімделу (реадаптация) деп атайды.


2.Бейімделу механизмдері

Адам экологиясының негізгі мақсаты организмнің бейімделу процесін қамтамасыз ететін физиологиялық механизмін зерттей отырып, икемделу әрекетін жетілдіру болып саналады. Мұның басты міндеті адамның денсаулығын сақтау, оны жақсарту және аурудың алдын алуда өте тиімді жүйелер жасау.

Организмнің икемделуі негізін жүйкелік және гуморалдық механизмдер құрайды. Денеге күшті, өте күшті, орасан және төтенше тітіркендіргіштер оқыс әсер еткенде, оларды қабылдап, өңдейтін негізгі жүйке құрылымдарында стрестік жағдай пайда болады.

Қоршаған ортаның құбылмалы өзгерістеріне икемделуді жүзеге асыратын бейімделудің жалпы физиологиялық механизмдері физиологиялық жүйелер арқылы атқарылады. Ол қозғағыш және жағдайлық тітіркендіргішті бағалаудан басталып, шешім қабылдау мен болашақ нәтижені алдын ала болжауды қалыптастырады. Содан кейін іс-қимыл нәтижесін салыстырғыш (акцептор) аппарат іске қосылады. Физиологиялық жүйе лимбия, торлы құрылым және ми қыртысының белгілі аймақтарын қамтиды.

Бейімделу кезінде ақиқатты бейнелеу негізгі шартты рефлекстер арқылы жасалады. Ол әсіресе бейімделудің сақтық және ишаралық мәнін айқын бейнелейді.

Жоғарыда айтылғандай, әрбір бейімделу, әсіресе төтенше жағдайларда, зор энергия шығынымен тіршіліктің маңызды жүйелерін реттеуші механизмдердің күш салуын талап етеді. Бұл бейімделудің алғашқы сәттерінде өтеміс (компенсациялық) механизмнің белсендірілуі арқылы жүзеге асырылады.

Жалпы өтеміс механизмдер ортаның төтенше факторларынан туатын алғашқы рефлекстік реакция. Ол организмдегі әрекеттер биологиялық маңызы бойынша организмнің қосалқы амалдарының негізгі бөлімі болып саналады. Олар өте жылжымалы, организмнің апаттан шығу жағдайларын қамтамсыз ететін, жедел пайда болатын физиологиялық амалдар. Сондықтан бұл тиімді өтеміс механизмдер барабар емес жағдайларға бейімделудің тиянақты кезеңі дамығанша ұстап тұрады.

Организмнің бейімделу механизмдері ішінде эндокриндік жүйенің мәні өте зор. Мұны тұңғыш анықтаған канадалық ғалым Г. Сельенің (1935) айтуынша, бейімделудің негізін гипоталамус-гипофиз адренокортикалық жүйенің белсенділігі құрайды. Мұны организмнің стресс жағдайларында байқауға болады. Стресс – ортаның күші мен қасиеті әр түрлі факторларына жауап ретінде туатын организмнің арнайы емес реакциясының жиынтығы. Бұл күйдің биологиялық мәні – ортаның жаңаша жағдайларына икемдеуші механизмдерінің іс-әрекетін көтеру. Икемделу реакциялары неғұрлым жоғары болса, соғұрлым организм қоршаған ортаның төтенше жағдайларына төзімді келеді және жылдам бейімделеді.

Г.Селье организмнің төзімділік қасиетінде жетекші мәні бар негізгі жүйелік әсерленіс тек аденогипофиз және бүйрекүсті безінің гормондарының белсенділігі деп санады. Алайда ол стресс кезінде гормондардың рөлін ерекше дәріптегенімен, кейінгі еңбектерінде бейімделуге басқа механизмдердің де қатысатындығын теріске шығарған жоқ. Расында, тітіркендіргіштердің әсері вегетативтік жүйке арқылы әркелкі ұлпаларға, оның ішінде бүйрекүсті безінің милы қабатына жететіндігі дәлелденді. Сөйтіп соңғыларда адреналин мен норадреналинді жұмылдыратындығы анықталды. Ал басқа жүйке жолдары гипофиздің сыртқы бөлігінде вазопрессинді белсендіріп, қан тамырлары жүйесі мен бүйрекке ықпал жасайды.

Семей қаласының климаттық жағдайына бейімделуін зерттеу барысында вегетативті жүйке жүйесінің функционалдық күйі зерттелінген 81,4% шетелдік студенттердің симпатикалық және

Сонымен қатар стрессорлық факторлардың әсерінен гипофиздің алдыңғы бөлігінде кортикотропинмен бірге соматотропин және гонадотропин гормондарының түзілуі жеделдейді. Қазіргі кезде бұл құбылыстар гипоталамустың «босатушы (рилизинг) факторлары» арқылы жүзеге асырылатындығы күмәнсіз сипатталды. Ол әрине, өзінің ықпалын мидың басқа құрылымдарымен (лимбия жүйесі, орталық ми) бірігіп іске асырады.

Организмнің стрессорлық реакцияларына бүйрекүсті безінің тағы бір гормоны – альдостерон қатысады. Ол өзінің әрекетін ренинангиотензин жүйесі арқылы жүзеге асырады. Сондықтан бұл реакция кезінде симпатикалық-адреналдық жүйемен байланысты қан айналысы мен су-тұз гомеостазына қатысты бүйрек қызметінің көрсеткіштері өзгереді.

Организмде күйзеліс кезінде жаңа жағдайларға икемделудің жалпылама реакциялары байқалады. Мұндай стереотипті жауаптардың жиынтығын Г.Селье бейімделудің жалпы синдромы деп атады. Ол 3 сатыдан өтеді: абыржу, төзімділік (резистенттілік) және түгесілу (әлсіреу). Абыржу сатысы естен тану (шок) және оған қарсы кезеңдерден тұрады. Бұл кезеңде орталық жүйке жүйесінде шалық пайда болады, жабырқау, гипотония, гипотермия, мембрананың өткізгіш қасиеті мен зат алмасу нашарлайды. Естен тануға қарсы кезең қарама-қарсы көріністермен сипатталады.

Төзімділік (резистенттілік) – әркелкі зиянды факторлар әсер еткендегі организмнің орнықты күйін көрсетеді, яғни оларға төтеп беру қасиеті. Бұл оның реактивтілік қасиетін қалыптастырады Реактивтілік организмнің төзімділік механизмінің жалпы атын көрсетеді. Ал төзімділік – реактивтіліктің қорғаныс және икемделу ісі екендігін айқындайды. Бұл сатыда бүйрекүсті безінің қыртысты қабаты белсендіріліп, кортикостероидтар көп түзіледі.

Төзімділіктің арнайы және бейарнайы түрлерін жіктейді. Арнайы төзімділік қоршаған ортаның тек белгілі факторларында ғана байқалады. Ол кейбір жұқпалы аурулардан немесе жасанды иммунитет қалыптастырудан кейін пайда болады. Сонымен бірге ортаның белгілі бір факторларына (биік таулы жерде, суыққа, күшті жүктемелерге және т.б.) бейімделу кезінде туады.

Шетелдік студенттердің жергілікті мекені мен Семей қаласында желтоқсан айына тән ауаның орташа температура айырмашылығы 28 0С сипатталатын суықтық факторлар иммундық жүйенің нақты өзгерістерін тудырған.

Кейбір тітіркендіргіштер әсер еткенде пайда болатын бейімделу мен жоғары төзімділік басқа да факторларға қарсы байқалады. Мұны айқас төзімділік деп атайды. Алайда кейбір жағдайларда, керісінше, жоғары төзімділікпен қатар, басқа тітіркендіргіштерге айқас өте сезімталдық болуы ықтимал. Бұл айқас сенсибилизация деп аталады. Ол организмнің иммундық қасиеті арқылы ішкі және сыртқы антигендерге әсіресезімталдығын сипаттайды. Өйткені арнайы төзімділік механизмі негізінен иммунитет арқылы жүзеге асырылады.

Организмнің бейарнайы төзімділігі деп оның табиғаты әр алуан көптеген факторлардың төтенше әсерлеріне тұрақтылығын айтады. Бұл ғарышкер, ұшқыш, сүңгушілердің орасан жүктемелері кезінде байқалады. Бұл төзімділіктің шығу механизмі өте күрделі, толық анықталған жоқ. Алайда организмнің зиянды әсерлерге жауаптары, ол іс жүзінде асырылатын деңгейіне қарамастан, біртұтас жүйенің жауабы түрінде қалыптасады. Ол басқа мүшелер мен ұлпаларға өз ықпалын жүйке және эндокриндік жүйелер арқылы жеткізеді. Әсіресе Л.А.Орбели бұған симпатикалық жүйкенің қатысатындығын, оның бейімделу-нәрлендіру (адаптациялық-трофикалық) ықпалын жеткілікті дәлелдеді.

Ал А.Д.Сперанский улы және уыттық (токсин) заттарға, жарақаттарға организмнің төзімділігі әр түрлі жүйкелер арқылы қалыптасатындығын, олай болмаған жағдайда дистрофиялар пайда болатындығын көрсетеді.

Жалпы сенсибилизация немесе резистенция кезінде алдағы жаңаша тіршілік жағдайларының сипатына қарай адам мен жануарлар организмінің морфологиялық қалпын қалыптастыруда нейрогуморалдық реттеуші жүйе жетекші болып саналады.

Организмнің бейімделуге даярлығы, оның бірнеше рет икемделу кезінде немесе арнайы жаттықтыру арқасында бейімделген механизм қасиеттеріне байланысты. Осыған орай, қоршаған ортаға бейімделу қабілетіне сәйкес адамдарды екі топқа бөледі. Бірінші тобын спринтрлер («шапшаңдар») деп атайды. Олар қоршаған ортаның қауырт қысқа мерзімді құбылыстарына оңай және тез бейімделеді. Ал стайерлер («шыдамдылар») деп аталатын екінші топ өкілдері организм әрекеттерін өзгерте алатын, ұзақ уақыт әсер ететін факторлар әсеріне жақсы бейімделеді. Олардың бейімделуі тиянақты және тұрақты болып келеді.

Негізінде организмнің бейімделуге даярлығын және оны нәтижелі жүзеге асырылуын, яғни бейарнайы төзімділігін нығайтатын көптеген маңызды факторлар бар. Олардың қатарына ұтымды дұрыс тамақтану, белгілі режим, бейімдегіш дәрі-дәрмектер (адаптогендер), дене шынықтыру және жаттықтыру, биологиялық ырғақтар жатады.

Пәкістандық студенттердегі иммунологиялық ауытқулар кезінде пантогематоген және аралия адаптогендерін қабылдау иммунитет жүйесінің функционалдық белсенділігінің жоғарылауын қамтамасыз еткен. Адаптогендерді қолдану барысындағы иммундық жүйе күйінің жағымды өзгерістері атап айтқанда олардың вегетативті жүйке жүйесіне және энергетикалық алмасуға ықпал етумен байланысты болған.

Пантогематогенді бастапқы парасимпатикотония фонында қолдану иммунологиялық көрсеткіштерге жақсы ықпал етсе, ал аралия тұнбасы – бастапқы симпатикотония фонында сондай ықпал жасаған.

Сондықтан бейімделуге толық даярлық генотиптік және фенотиптік факторларға негізделіп, бейімдеуші және гомеостатикалық механизмдер арқылы қалыптасып жетіледі.

3. Дене жүктемелерінде жедел және ұзақ уақыт бейімделудің сапасын және тиімділігін физиологиялык бағалаудың ұстанымдары. Бейімделудің белгілері

Әрбір организмнің бейімделуінің өзіндік мөлшерлік және саналық айырмашылықтары болады. Бұлардың арасалмағы бейімделудің өлшемі болып саналады. Организмнің бейімделу өлшемі ретінде белгілі ырғақ пен тіршілік нормасы есептеледі.

Организмнің бейімделу әрекетінің ырғағы оның ішкі күйіне, белсенділік дәрежесіне және тіршілік қарқынына, сыртқы факторлардың сипатына байланысты өзгеріп отырады. Осыған орай, организмнің белсенділік шамасына сәйкес тіршіліктің үш түрлі: дағдылы, төмендеген және жоғарылаған нормасын жіктейді.

В.П.Казначеев бейімделудің төрт белгісін ажыратады:

1. Термодинамикалық белгілер – барабар және барабар емес жағдайларға биологиялық жүйелердің қолайлы деңгейін тұрақты ұстауға бағытталған;

2. Кибернетикалық (меңгерімдік) белгілер – әр түрлі жағдайларда өздігінен реттеуші жүйелердің функционалдық деңгейде өзін сақтау процесі;

3. Биологиялық белгілер – бейімделу кезінде биологиялық жүйелердің түрлік, қауымдастық, биоценоздық қасиеттерді сақтап және дамытып үдемелі эволюцияны қамтамасыз етуі;

4. Физиологиялық белгілер – ортаның құбылмалы жағдайларында біртұтас организмді, оның гомеостатикалық жүйелерінің функционалдық күйін қолдап, денсаулығын, жұмысқа қабілеттілігін, ұзақ өмірін қамтамсыз ету процесі.

Н.А.Агаджанянның ұсынысы бойынша, бейімделудің белгілеріне ұлпалардағы газ алмасуына жауапты физиологиялық функциялардың тұрақтылығы, оттегіні максималды пайдалану шамасы, физиологиялық жүйелердің өзгеріссіз белсенділік пен өзара реакция деңгейінің тиянақтылығы, дене және ой еңбегіне жұмысқа қабілеттілігінің толық қайта жасалуы, олардың қосымша факторларға төзімділігі, хронология ауытқуларына орнықтылығы, организмнің иммундық белсенділігін қалпына келтіру, ұрпақ жаңғырту қасиеттері жатады.

Күнделікті тіршілік жағдайларында, дене жүктемелерінің әсер етуі кезінде организм мүшелері мен ұлпаларында үнемі қоректік заттар мен су тапшылығы, оттегі жетіспеушілігі, температуралық ауытқулар, газдардың парциалдық қысымының өзгерістері байқалады. Осы өзгерістер және оларды реттеуші жүйелер қалыпты физиологиялық механизмдер арқылы организмнің бейімделуінің негізін жасайды.



Бақылау сұрақтары:

1. Қоршаған ортаның әртүрлі жағдайларына бейімделу дегеніміз не? Бейімделудін түрлері қандай?



2Дене жүктемелеріне бейімделудің механизмдерін түсіндіріңіз

3.Дене жүктемелерінде жедел және ұзақ уақыт бейімделудің сапасын және тиімділігін физиологиялык бағалаудың ұстанымдарын атаңыз?
Дәріс №4
Тақырыбы:Дене жаттығуларының энергетикалық сипаттамасы. аэробты және анаэробты өнімділік. дене жаттығуларының физиологиялық жіктелуі және сипаттамасы.

Мақсаты: Студенттерді дене жаттығуларының энергетикалық сипаттамасымен таныстыру

Негізгі сұрақтар:



1.Дене жаттығуларының энергетикалық сииаттамасы. АҮФ-ң қайта түзілуінің анаэробты және аэробты жолдары. Анаэробты және аэробты өнімділік. В. С. Фарфель бойынша спорт түрлерінің жіктелуі.

2.Әртүрлі салыстырмалы тізбекті козғалыстардың сипатгамасы: максималді, субмаксималді, үлкен және бірқалыпты шығыны, оттсгі сұранысы, оттсгіні пайдалануы және оттегі қарыздылығы, негізгі куат көздері, вегетативті жүйелер жұмысының сипаттамасы, шаршаудың негізгі механизмдері және жұмыс қабілеттілігін шектеу факторлары.

3.Таптаурынды тізбекті емес қозғалыстардың жалпы сипаттамасы. Күшті және жылдамдықты - күшті жаттығулардың сипаттамасы. Күштену кезіндегі ағзада болатын өзгерістер. Жарылыс күштері. Кейіптер және статикалық күштенулер. Статикалық күшгенудің сыналуы. Нысанды жаттығулар. Балмен бағаланатын қозғалыстардың сипаттамасы. Жайтты қимылдардың сипаттамасы (спорттық ойындар және жекпе-жек қимылдар).

1. Дене жаттығуларының энергетикалық сииаттамасы Дене жаттығуларын жалпы физиологиялық жіктеу

Дене жаттығуларын жалпы физиологиялық жіктеу сәйкесінше жаттығуларды жүзеге асыратын бұлшық ет белсенділігінің үш негізгі сипаттамасына негізделе жүргізіледі:



  1. Қызметтегі белсенді (активті) бұлшық ет салмағы көлемі;

  2. Бұлшық ет жиырылуы типтері;

  3. Жиырылудың күші немесе қуаттылығы;

Белсенді бұлшық ет салмағы көлеміне байланысты дене жаттығуларының жіктелуі. Белсенді бұлшық ет салмағы көлеміне байланысты барлық дене жаттығулары жергілікті (локалды), аймақтық және ауқымды (глобалды) деп бөлінеді.

Жергілікті жаттығуларға дененің барлық бұлшық ет салмағының үштен бір бөлігінің (1/3) қатысуымен жүзеге асырылатын жаттығулар жатады. Мысалы, садақ, пистолет ату, белгілі бір гимнастикалық жаттығулар.

Аймақтық жаттығуларға дененің барлық бұлшық ет салмағының 1/3-ден 1/2-ге дейін қатысуымен орындалатын жаттығулар жатады. Мысалы, тек иық белдеуі мен қол бұлшық еттерімен, кеуде бұлшық еттерімен орындалатын гимнастикалық жаттығулар.

Ауқымды жаттығуларға барлық бұлшық ет салмағының жартысынан аса бөлігінің белсенді қатысуымен орындалатын жаттығулар жатады. Мысалы, жүгіру, ескек есу, велосипед тебу. Көптеген спорттық жаттығулар осы ауқымды жаттығулар тобына кіреді.

Бұлшық ет жиырылуы типтеріне байланысты дене жаттығуларының жіктелуі. Жаттығуды орындауға қатысатын негізгі бұлшық еттердің жиырылу түрлеріне байланысты барлық дене жаттығулары статикалық және динамикалық болып бөлінеді.

Статикалық (қозғалмайтын) жаттығуларға мысалы, гимнасттардағы буынға тұрғанда, атқыштарда ату сәтіндегі басып жату кезіндегі белгілі қалыпты сақтау жатады.

Динамикалық (жылжымалы) жаттығуларға көптеген дене жаттығулары жатады. Мысалы, жүру, жүгіру, жүзу және т.б. қозғалыстардың барлық түрлері.

Бұлшық ет жиырылуының күші немесе қуаттылығына байланысты дене жаттығуларының жіктелуі. Дене жаттығуларын жетекші бұлшық ет топтарының жиырылу күші бойынша жіктеуде бұлшық ет жиырылуындағы екі тәуелділікті («күш-жылдамдық» және «күш-ұзақтық») ескерген жөн. «Күш-жылдамдық» тәуелділігіне сәйкес динамикалық жиырылу кезінде пайда болған күш бұлшық еттің қысқару жылдамдығына (орын ауыстырылған дене бөлімдерінің қозғалыс жылдамдығына) кері пропорционалды, яғни неғұрлым бұл жылдамдық артқан сайын күштің көрінуі көместеу болып келеді. Бұл тәуелділікті басқадай былайша түсіндіруге болады: неғұрлым сыртқы күш (кедергі, салмақ) артқан сайын соғұрлым қысқару (қозғалыс) жылдамдығы төмен және көрінген күш жоғары болады, керісінше неғұрлым сыртқы жүктеме аз болған сайын соғұрлым қозғалыс жылдамдығы жоғары және бұлшық ет күші төменірек болады. Бұлшық еттің жиырылуына байланысты күштің тууы оның қуаттылығын анықтайды.

Бұлшық еттің «күш-ұзақтық» тәуелділігі бойынша неғұрлым күш (немесе қуаттылық) артқан сайын соғұрлым шекті ұзақтық қысқа болып келеді. Бұл локалды (жергілікті) және аймақтық статикалық пен динамикалық жұмыстармен бірге ауқымды жұмыстарға да тән.

Бұлшық ет жиырылуының күші мен қуаттылығы және олармен байланысты жұмыстың шекті ұзақтығы бойынша барлық дене жаттығуларын 3 топқа бөлуге болады: күштік, жылдамдықты-күштік (қуаттылық) және төзімділік жаттығулары.

Күштік жаттығуларға көп сыртқы кедергінің әсер етуімен бірге аз қозғалыс жылдамдығы кезінде статикалық немесе динамикалық режимде көрінетін негізгі бұлшық еттердің максималды (немесе дерлік максималдыға таяу) ширығуымен сипатталатын жаттығулар жатады. Күштік жаттығуларға «күш-жылдамдық» қисық сызығының сол жақ бөлігі сәйкес келеді. Күштің максималды көрінуімен жаттығулардың шекті ұзақтығы бірнеше секундпен есептелінеді.

Күшкүштік жаттығулардың табысты орындалуын анықтайтын негізгі қозғалыс сапасы болып табылады.

Жылдамдықты-күштік жаттығуларға жетекші бұлшық еттер бір мезгілде салыстырмалы жоғары жиырылу күші мен жылдамдықты, яғни, жоғары қуаттылықты көрсететін динамикалық жаттығулар жатады. Бұлшық еттік жиырылудың максималды қуаттылығы жүктеме әсер етпеген бұлшық еттер үшін максималдыдан 30% жуық қысқару жылдамдығы кезінде бұлшық еттердің максималды белсендірілуі жағдайында көрінеді. «Күш-жылдамдық» қисық сызығында жылдамдықты-күштік жаттығулар максималды жылдамдықтан 50-60% дейін ортаңғы орындарды алады. Бұлшық еттердің максималды қуаттылығын максималды (статикалық) күштің 30-50% құрайтын сыртқы кедергінің (жүк) әсер етуі кезінде дамытады. Бұлшық ет жиырылуы қуаттылығы жоғары жаттығулардың шекті ұзақтығы бұлшық ет жиырылуы қуаттылығына (жүктеме) кері тәуелділікте 3-5 секундтан 1-2 минутқа дейінгі диапазонда болады.

Қуат жылдамдықты-күштік жаттығуларда маңызда рөл атқарады.

Төзімділікке байланысты жаттығуларды орындау кезінде жетекші бұлшық еттердің жиырылу күші мен жылдамдығы өте жоғары болмаса да, бірақ оларды бірнеше минуттан бірнеше сағаттарға дейін (бұлшық ет жиырылу күші немесе қуаттылығынан кері тәуелділікте) ұзақ уақыт барысында ұстап тұруға немесе қайталауға қабілетті болып келеді. Төзімділік – осы топ жаттығулары үшін жетекші дене сапасы болып табылады.

Дене жаттығуларының энергетикалық сипаттамасы. Энергетикалық құндылық жаттығулардың маңызды сипаттамасы болып табылады. Дене жаттығуларының энергетикалық құндылығын анықтау үшін 2 көрсеткіш қолданылады:

1. Энергетикалық қуаттылық;

2. Жалпы энергетикалық шығын.

Энергетикалық қуаттылық жаттығуды орындау кезіндегі уақыт бірлігіне орташа шығындалған энергия мөлшері. Олар көбінесе физикалық бірліктермен: ватт, ккал/мин, килоДж/мин, сонымен қатар «физиологиялық» бірліктермен: оттегі пайдалану жылдамдығы (мл О2/мин) немесе МЕТ (метаболикалық эквивалент, яғни толық жатқан қалыптағы дене салмағының 1кг-на 1 минуттағы пайдаланған оттегі мөлшері, 1 МЕТ=3,5 мл О2 кг/мин) өлшенеді.

Жалпы энергетикалық шығын жаттығудың барлығын тұтасымен орындау кезінде шығындалған энергия мөлшері. Жалпы энергетикалық шығын (жаттығудың жалпы энергетикалық құндылығы) жаттығуды орындау уақытына орташа энергетикалық қуаттың өндірілуі ретінде анықталуы мүмкін.

Спорттық жаттығуларды физиологиялық жіктеу

Барлық спорттық жаттығуларды екі үлкен топқа бөлуге болады. Бірінші топ жаттығуларына жетекші физиологиялық жүйелер қызметінің белсенуі мен күш, жылдамдық немесе төзімділік сияқты қозғалыс сапаларының көрінуін талап ететін өте үлкен дене жүктемелері тән. Мұндай жаттығуларға жеңіл атлетиканың барлық түрлері, жүзу, шаңғы мен коньки тебу спорты, ескек есу, спорттық ойындар, жекпе-жек және т.б. жатады. Ал екінші топқа автомотоспорт, желкен, шана, желкерме, ат, авиапланер және дельтапланер ісі сияқты техникалық жаттығулар жатады. Бірінші топтағы жаттығулардың көпшілігін орындау кезінде кеңістікте спортшының орын ауыстыруы негізінен ішкі (бұлшық еттік) күштердің есебінен іске асырылады. Ал техникалық жаттығуларды орындау кезінде спортшының орын ауыстыруына сыртқы (бұлшық еттік емес) күштер ең басты ықпал жасайды. Мысалы, автоспортта – машина двигателі, шана, желкерме спортында – тартылыс күштері, желкен, авиапланер және дельтапланер ісі спортында – ауа ағымы күштері әсер етеді. Техникалық жаттығуларда үлкен табыстарға жету техникалық құралдарға (ат спортында – аттың жаратылуына, сапасына) және оны меңгеру дәрежесіне өте көп байланысты. Бұл спорттық жаттығулар спортшыларда арнайы психофизиологиялық зейін, реакция жылдамдығы, қозғалыстың нақты координациясы т.б. сияқты қызметтердің жоғары дамуын талап етеді. Сонымен бірге техникалық спорт түрлері жаттығулары ережеге сәйкес энергетикалық және бұлшық ет жүйесіне, вегетативтік қамтамасыз етілу жүйесіне және де күш, қуат және төзімділік сияқты дене сапаларына шекті талаптар қоймайды.



Бірінші топ жаттығуларын жалпы қозғалыс (кинематикалық) сипаттамасына, яғни уақытпен өту сипатына байланысты циклдік (тізбекті) және ациклдік (тізбекті емес) деп жіктейді (сызбанұсқада көрсетілген).






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет