5.3.Нарықтық жүйенің қызмет ету механизмі 1.Нарық мынадай маңызды қызметтер атқарады:
1) Тауар өндірісінің өзін -өзі реттеу қызметі. Бұл мына жағдай арқылы көрінеді: тауарға сұраныс өскенде, өндірушілер өздерінің өндіріс көлемін көбейтіп, бағаны жоғарылатады; нәтижесінде пайда мөлшері қысқара бастайды;
2) Ынталандыру қызметі. Баға төмендегенде, өндірушілер өндіруді азайтады, осымен қатар, олар жаңа техника, технологиялар енгізу, еңбек ұйымдастыруды жетілдіру арқылы шығын көлемін азайту мүмкіндігін іздестіреді;
3) Өндірілген өнім мен еңбек шығындарының қоғамдық маңыздылығын айқындау қызметі. Бірақ бұл қызмет тек тапшылық жоқ өндіріс жағдайында жүзеге аса алады: сатып алушылардың таңдауы бар болғанда, өндірісте монополия болмағанда, бірнеше өндірушілер болып олар өзара бәсекелес болғанда;
4) Реттеу қызметі. Нарық арқылы экономикадағы, өндірістегі және айырбастағы негізгі микро және макропропорциялар белгіленеді;
5) Шаруашылық өмірді демократияландыру, өзін-өзі басқару принциптерін жүзеге асыру қызметі. Нарықтық құралдар әсері мен қоғамдық өндіріс экономикалық жағынан қолайсыз элементтерден арылып отырады және осының арқасында тауар өндірушілер әркелкі түрге, буындарға бөлінеді, яғни дифференциялданады.
Нарық экономикасының қызмет етуі оның белгілі элементтерінің болуын талап етеді. Осылардың жиынтығы нарық жүйесін құрайды. Нарық экономикасының бірінші және өте маңызды элементі - өндірушілер мен тұтынушылар. Бұлар қоғамдық еңбек бөлінісі процесінде қалыптасады: біреулері тауарды өндіреді, екіншілері оны тұтынады. Тұтыну жеке тұтыну және өндірістік тұтыну болып бөлінеді. Жеке тұтынуда тауарлар, өндіріс сферасынан шығып, адамдардың жеке қажеттіліктеріне пайдаланады. Өндірістік тұтыну өндіріс процесін әрі қарай жалғастырып жүргізу болып табылады. Мұнда тауарды басқа өндірушілер әрі қарай өндеуге пайдаланады. Бұл жағдайда өндірушілер мен тұтынушылардың бір-бірімен байланысы әрқайсысының әрекеттерінің нәтижелерін айырбастау арқылы жүріп отырады. Нарық шаруашылығында бұл байланыстар тұрақты болады, мамандануға негізделеді және көтерме нарықтық келісімдер формасында жүреді. Нарық экономикасының екінші элементін өндіріс орындарының корпоративтік басқаруына негізделген, меншіктің жеке немесе аралас формаларымен болжанған экономикалық оңашалану құрайды.