Бағдарламасы Халықаралық дербес құқығы Заңтану мамандығына 050301 Семей 2012ж Мазмұны



бет23/26
Дата15.09.2017
өлшемі5,2 Mb.
#33460
түріБағдарламасы
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26

3. Азаматтық істерді қарау кезінде соттар басқа мемлекеттегі азаматтарға хабарлармалар беруге, куәлардан түсініктеме алу қиыншылықтарымен кездеседі. Сот мұндай әрекеттерді шетелде жүзеге асыра алмайды, себебі оның құзыреті Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледі. Бұл мәселені шешу үшін соттар сот тапсырмаларын беру арқылы шетел мемлекетінің сотынан көмек сұрайды. Көп жағдайда, мұндай тапсырмалар орындалады. Мұндай тапсырманы орындамау халықаралық достастық және қадірлеушілік қағидасын орындамау ретінде танылады.

Бір мемлекет соттарының екінші мемлекет соттарына қатынасу тәртібі әртүрлі реттеледі. Кейбір мемлекеттерде шетел мемлекетінің сотына тікелей қатынасу арқылы со тапсырмалары орындалады. Екіншілерде дипломатиялық байланыстар арқылы қатынасу тәртібі жүзеге асады. Көптеген Еуропа мемлекеттерінде осындай дипломатиялық тәртіп орнаған.

Осы саладағы халықаралық шарттар көбінесе халықаралық жария құқығымен қабылданған көпжақты конвенциялар. Оларға: 1954 жылдың 1 наурызындағы «Азаматтық процесс сұрақтары бойынша» Конвенция; 1965 жылдың 15 қарашасындағы «Азаматтық және сауда істері бойынша сот және соттан тыс құжаттарды шетелде тапсыру туралы» Конвенция; 1970 жылдың 18 наурызындағы «Азаматтық және сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді жинау туралы» Конвенция жатады.

1954 жылғы «Азаматтық процесс сұрақтары бойынша» Конвенциямен азаматтық және сауда істері бойынша сот және соттан тыс құжаттарды шетелде тапсыру тәртібінің жалпы сұрақтары реттеледі. Конвенцияда жария тәртіп бойынша оны орындаудан бас тарту көзделген. Конвенция сонымен қатар, дәлелдемелерді жинау тәртібін де көздейді.

1965 жылғы «Азаматтық және сауда істері бойынша сот және соттан тыс құжаттарды шетелде тапсыру туралы» Конвенцияға Еуропалық мемлекеттер мен АҚШ қатынасады. Конвенцияда мүше-мемлекеттердің сот органдары арасында қарапайымдандырылған тәртіп көзделеді. Бұл Конвенция бойынша әрбір мемлекет тапсырманы орындайтын органдарды көздеу керек болды. Мемлекет шетел мемлекетінің аумағында тапсырманы орындау үшін бір нысанды парақтағы өтініш-хатын беру керек болатын. Ол не ағылшын не француз тілінде болуға міндетті.

1970 жылдың 18 наурызындағы «Азаматтық және сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді жинау туралы» Конвенция 1972 жылдың 7 қазанында күшіне енді. Конвенцияның қатысушылары ретінде Батыс және Шығыс Еуропа, Азия және АҚШ мемлекеттері табылады. Қазақстан бұл Конвенцияның мүшесі емес, бірақ оны қабылдау көптеген мәселелерді шешуге көмек көрсетер еді.

Конвенцияның негізгі мақсаты - сауда және азаматтық істер бойынша шетелде дәлелдемелерді жинау жүйесін жақсарту табылады. Конвенцияның 1-бабында былай делінген: «кез келген келісуші-тарап екінші тарапқа оның өндірісіндегі азаматтық және сауда ісі бойынша дәлеледемелерді жинау жөнінде қолдаухатпен қатынасуға құқығы бар». Конвенцияның 3-бабында қолдаухатта қандай реквизиттер көзделуі тиістігі көрсетілген: дәлелдемелерді жинауға қатынасатын уәкілетті сот органы немесе өзге орган, мекен-жайы, қандай дәлелдемелер көрсетіледі. Қолдаухат хат жіберілетін мемлекет тілінде әзірленеді.

Дипломатиялық және консулдық өкілдер оларды агент ретінде тағайындаған мемлекеттің нақты анықталған келісімі болғанда дәлелдемелерді жинауға қатыса алады.

Латын Америка мемлекеттерінде өзінің құқықтық көмек көрсету жөнінде конвенциялары бар. Мұндай конвенцияларға: 1975 жылғы «Сот тапсырмалары және шетелде куәлардан түсініктемелер алу туралы» Панама Конвенциясы, 1972 жылғы «Құқықтық көмек туралы» Конвенция жатады.

Қазақстандық соттар және әділет органдарының мекемелері шетел мемлекеттерінінің осындай органдарымен белсенді құқықтық байланысты ұстанады.

Осыған қатысты, Қазақстанның құқықтық көмек көрсету шарттарында тапсырмаларды орындауға қатысты сұрақтар қаралған. Егер құжат қабылдаушыға түсініксіз тілде жазылса, онда ол оны қабылдамай оған түсінікті тілде жазып беруді талап етуге құқылы. Бірақ, қабылдаушы аталған талаптардың барлығы орындалса, оны қабылдап алудан бас тартуға құқығы жоқ.

Егер құжатта тапсыру мекен-жайы толық болмаса, онда Қазақстанның сот және өзге мекемелері бұл мекен-жайды анықтауға барлық шараларды қолдануға міндетті.

Егер жеке тапсырманы орындау жөнінде өтініш Қазақстанның сот мекемесіне немесе нотариатына түсіп ол оны орындауға өкілетсіз болса, онда ол оны қайтармай бұл тапсырманы орындауға өкілетті органға аударуға мііндетті.

Қазақстан Республикасында сот тапсырмаларын орындау тәртібі ішкі заңанамада көзделген. ҚР АІЖК-нің 423-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының соттары өздеріне Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында көзделген тәртіппен берілген жеке іс жүргізу іс-әрекеттерін жасау (хабарламалар мен басқа да құжаттар тапсыру, тараптардан, куәлардан түсініктемелер алу, жергілікті жерде сараптама және тексеріс жүргізу және т.б.) туралы шетелдік соттардың тапсырмаларын орындайды, бұған: тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының егемендігіне қайшы келетін немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін; тапсырманы орындау сот құзыретіне кірмейтін жағдайлар қосылмайды. Шетелдік соттардың жеке іс жүргізу іс-әрекеттерін орындау туралы тапсырмаларын атқару, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, заңда белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Қазақстан Республикасының соттары жекелеген іс жүргізу іс-әрекеттерін орындау туралы шетелдік соттарға тапсырмалар мен өтініш жасауы мүмкін.

Қазақстан Республикасы соттарының шетелдік соттарымен қарым-қатынас жасау тәртібі Қазақстан Республикасының заңында және халықаралық шарттарында белгіленеді. Мұндай екіжақты шартқа мысалы, Қазақстан мен Монғолия арасындағы 1993 жылдың 22 қазанындағы келісім-шартты жатқызуға болады.

Қазақстан мен Украина арасындағы 1994 жылдың 20 қаңтарындағы консулдық келісім-шарттың 22-бабында консулдық лауазымды адамның құқықтары көзделген, мәселен, оның сот және соттық емес құжаттарды өзінің заңды тұлғаларына және әділет органдарына беру құқығы.

Тапсырмалардың барлығы ол орындалатын мемлекеттің заңы негізінде орындалады. Қазақстанда ол Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу кодексі негізінде орындалады.

Сонымен, шетел мемлекеттерінің соттарына қарым-қатынас жасаудың келесі түрлері бар: а) шетел мемлекетінің сотына тікелей қарым-қатынас жасау; б) шетел мемлекетінің сотына дипломатиялық байланыс арқылы қарым-қатынас жасау; в) мемлекеттің келісімі негізінде кейбір іс жүргізу әрекеттерін басқа мемлекеттердің соттарымен арнайы тағайындалған уәкілдері арқылы жүзеге асыру (АҚШ пен Ұлыбританияда кеңінен тараған).


4. Қазақстан аумағында шетел мемлекеттерінің сот шешімдері танылады және орындалады. Бұл тәртіп ұлттық және халықаралық келісім-шарттармен реттеледі. Ұлттық заң қатарына - Қазақстан Республикасының 1999 жылдың 13 шілдесіндегі №411-I Заңымен қабылданған «Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі» жатады. ҚР АІЖК-нің 424-426 баптарымен бұл тәртіп белгіленген.

Егер Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында өзара түсіністік негізінде бұл көзделген болса, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдері Қазақстан Республикасында танылады және орындалады.

Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін танудың және орындаудың шарттары мен тәртібі заңда белгіленеді. Шетелдік соттың немесе төрелік соттың шешімі шешім заңды күшіне енген кезден бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындауға берілуі мүмкін. Дәлелді себептермен өткізіліп алынған мерзімді АІЖК-нің 128-бабында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының соты қалпына келтіруі мүмкін.

Егер төрелiктiң шешiмi онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, төрелiктiң шешiмi пайдасына шығарылған тарап (өндiрiп алушы) осы бапта көзделген ережелер бойынша төреліктің шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы арызбен дауды төрелiк қарайтын жердегi сотқа жүгiнуге құқылы. Атқару парағын беру туралы арызға төрелiктiң тиiстi түрде расталған түпнұсқа шешiмi немесе соның тиiстi түрде расталған көшiрмесi, сондай-ақ төрелiктің түпнұсқа келiсiмi немесе оның тиiстi түрде расталған көшiрмесi қоса берiледi. Егер төрелiктің шешiмi немесе келiсiмi шетел тiлiнде жазылса, тарап осы құжаттың мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi тиiстi түрде расталған аудармасын табыс етуге тиiс. Атқару парағын беру туралы арыз төрелiктiң шешімiн ерiктi түрде атқаруға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешіктiрiлмей берiлуi мүмкiн. Белгiленген мерзiмiн өткiзiп алған не оған қажеттi құжаттар қоса тiркелмей берiлген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай керi қайтарады, бұл туралы ұйғарым шығарылады.

Егер, сот аталған мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арызды беру мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес күн iшiнде жеке-дара қарайды.

Өндiрiп алушының төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы түскен арызы, сондай-ақ оның соттың отырысында қаралу орны мен уақыты туралы сот борышкердi хабардар етедi. Оның арызын қарау орны мен уақыты туралы өндiрiп алушы да хабардар етiледi. Егер борышкерден сот отырысына келуi мүмкiн болмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы ұсыныс түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.

Сот төрелiктің шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде төрелiктiң шешiмiн мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес. Сот арызды қарау нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Атқару парағын беру туралы соттың ұйғарымы дереу орындалуға тиiс.

Сот төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы АІЖК-нің 236-бабының ережелерi бойынша берiледi. Төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған соттың ұйғарымына АІЖК-де сот актiлерiне шағым жасау үшiн көзделген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн

Атқару парағын беруден бас тарту ҚР АІЖК-нің 425-3 бабында көзделген. Егер, сот: 1) бұл тарап: сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз не әрекетке қабiлетi шектеулi деп немесе төрелiк келiсiмдi тараптар оны бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыз деп тануының; оған төрешiнiң тағайындалғаны туралы немесе төрелiк iс қарау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiнiң немесе сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өз түсiндiрмелерiн бере алмағанының;
төрелiктiң шешiмi төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғанының не төрелiк келiсiмнiң шегінен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың төрелiк соттың ведомстволық қарауында еместiгiнiң дәлелдемелерiн сотқа табыс етсе, төрелiктің шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Егер төрелiк келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi төрелiктiң шешiмiн осындай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмнен бөлiп шығаруға болатын болса, онда төрелiктің төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмi бар сол бөлігінiң ғана күшi жойылуы мүмкiн; төрелiк құрам немесе төрелiк iс қарау рәсiмi тараптардың келiсiмiне және төрелiктiң регламентiне сәйкес келмегенiнiң дәлелдемесiн сотқа табыс етсе; 2) сот төрелiктiң шешiмi Қазақстан Республикасының жариялылық тәртiбiне қайшы келетiнiн немесе төрелiктiң шешiмi шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк iс қараудың нысанасы бола алмайтынын анықтаса, төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

Шетелдік соттардың өз сипаты бойынша орындауды талап етпейтін мынадай шешімдері: 1) соты шешім шығарған мемлекет азаматтарының ғана жеке мәртебесін қозғайтын; 2) егер неке бұзу кезінде ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрған болса, қазақстандық және шетелдік азаматтар арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы; 3) егер некенің бұзылуы кезінде ерлі-зайыптылардың екеуі де Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрған болса, қазақстандық азаматтар арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы шешімдері Қазақстан Республикасында танылады.

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалған, Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарына немесе шетелдік азаматтарға қатысты шет мемлекеттердің заңдары бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдары белгіленген нысанмен берген, жасаған немесе куәландырған құжаттарды Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, консулдық жариялау болған жағдайда қабылдайды.

Шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін реттейтін халықаралық құқықтық актілер саны да жеткілікті. Мәселен, 1954 жылдың 1 наурызындағы «Азаматтық процесс сұрақтары бойынша» Гаага Конвенциясының 18-бабында сот шығындарын төлеу бойынша келісуші-мемлекеттердің міндеті көзделген. Шетелдік соттардың шешімдері осы Гаага Конвенциясына қосылған жағдайда ғана осы актіде көзделген тәртіп бойынша орындалады. Көбінесе шешімдерді орындау жөнінде өтініш дипломатиялық тәртіп бойынша Сыртқы істер министрлігіне тапсырылады. Конвенцияның 19-бабында шетел сотының шешімін орындау кезінде ұлттық органдардың құзыреті басым болады делінген. Сот міндеттеріне шетел сотының шешімдерін маңызы бойынша қарау жатпайды, яғни ол оның күдіктілігін тудырмау керек. Бірақ, ол оның нақты дұрыстығын анықтауға міндетті, яғни оның көшірмесі тиісінше куәландырылды ма, тиісінше аударылды ма? – деген сұрақтарды тексеру керек. Құжатты куәландыруды өтініш берген мемлекеттің жоғарғы лауазымды адамы жүзеге асыру тиіс.

1958 жылдың 10 маусымындағы «Шетелдік төрелік соттардың шешімдерін тану мен орындау туралы» БҰҰ-ның Конвенциясының 3-бабына сәйкес әрбір келісуші-мемлекет төрелік сот шешімдерін орындағанда, шешім шығарылған елдің іс жүргізу нормаларына сәйкес жүзеге асыру тиіс делінген.

Конвенцияның 4-бабында арызданушы тарап тиісінше куәландырылған шешімнің тұпнұсқасын немесе көшірмесін және осылай куәландырылған екі тарап арасындағы келісімді жіберуге міндетті делінген. Осы құжаттарды ресми аударуды қолдаухатты жіберуші тарап жүзеге асырады.

Барлық аталған шешімге қатысты талаптар және ұлттық заңда көзделген талаптар орындалмаса, шешімді орындаушы мемлекеттің соты оны танып орындаудан бас тартуға құқылы. Мәселен, егер шешім шығарылған тарап арбитрдың тағайындалуы жөнінде тиісінше хабардар болмаса немесе төрелік келісімнің шарттарына жатпайтын дау бойынша шешім шығарылса т.б.

Шетелдік төрелік соттардың шешімдерін тану және орындау өзге де конвенциялармен реттеледі. Мәселен, 1966 жылғы «Азаматтық және сауда істері бойынша шетелдік шешімдерді тану және орындау туралы» Гаага Конвенциясы; 1968 жылғы «Азаматтық және сауда істері бойынша шешімдер юрисдикциясы және орындалуы туралы» Еуропалық Экономикалық Қоғамдастық елдерінің Конвенциясы.

ТМД көлемінде «Шаруашылық қызметті жүзеге асырумен байланысты дауларды шешу тәртібі туралы» Келісім қарауды талап етеді. Бұл келісімге қол қоя отырып, қатысушы-мемлекеттер өзара түсіністік негізінде сот органдарының күшіне енген шешімдерін танып орындауға міндеттеме алады. Сот шешімін орындау үшін мүдделі тарап қолдаухатқа келесі құжаттарды қосымша ретінде тіркеу тиіс: а) қолдаухат қозғалған шешімнің куәландырылған көшірмесі; б) егер шешімнің мазмұнынан оны күшіне енуі анық болмаса, шешім күшіне енген жөнінде құжат; в) процесс жөнінде екінші тарапты хабар ету құжаттары; г) атқару парағы.

Келісімде оны орындау тәртібімен қатар, одан бас тарту жағдайлары да көзделген. Мәселен, Келісімде шетелдік сот шешімін орындаудан бас тартудың негіздері көрсетілген: а) өкілетсіз сот шешім шығарса; б) екінші тарапты сот процесі жөнінде хабардар етпесе; в) талап мерзімі үш жыл өткеннен кейін, шешімді мәжбүрлеп орындауға ұсынбағанда.



Дәріс 14: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОММЕРЦИЯЛЫҚ АРБИТРАЖ
1. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОММЕРЦИЯЛЫҚ АРБИТРАЖДЫҢ ТҮСІНІГІ МЕН МАҢЫЗЫ

2. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОММЕРЦИЯЛЫҚ АРБИТРАЖДЫҢ ҚЫЗМЕТІН РЕТТЕЙТІН МАҢЫЗДЫ АКТІЛЕРДІҢ МАЗМҰНЫ

3. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУМАҒЫНДА ШЕТЕЛ КОММЕРЦИЯЛЫҚ АРБИТРАЖЫНЫҢ ШЕШІМДЕРІН ТАНУ МЕН ОРЫНДАУ

Дәріс мақсаты: Халықаралық коммерциялық арбитраж сұрақтарын талдау.

Дәріс міндеттері: 1. Халықаралық коммерциялық арбитраждың түсінігі мен маңызын ашу.

2. Халықаралық коммерциялық арбитраждың қызметін реттейтін маңызды актілердің мазмұнын ашу.

3. Қазақстан Республикасының аумағында шетел коммерциялық арбитражының шешімдерін тану мен орындау сұрағын қарастыру.

Пайдаланылатын әдебиеттер:


  1. Дмитриева Г.К. Международный коммерческий арбитраж. М., 1997.

  2. Доронина Н.Г. Споры, связанные с исполнением обязательства по экспорту / Комментарий арбитражной практика. М., 1991. №21.

  3. Лунц Л.А., Марышева Н.И. Курс международного частного права. В трех томах. Раздел «Международный гражданский процесс». М., 1976.

  4. Нысанбекова Л.Б. Халықаралық жеке құқық. Негізгі институттар: Оқу құралы. – Алматы: Жеті-жарғы, 2006.

  5. Шильманов К. Арбитраж во внешнеэкономической деятельности / Панорама, 1994. №224.


1. Халықаралық сауда экономикалық, ғылыми-техникалық шарттарды орындау барысында тараптардың арасында даулар пайда болады. Бұл даулар көбінесе шартта көрсетілген міндеттерді орындамауға байланысты туындайды.

Сыртқы сауда тәжірибесі көрсеткендей бұл даулардың көпшілігі тараптардың өзара келісімдері арқылы шешіледі. Егерде даулар тараптардың өзара келісімдері арқылы шешілмесе, онда дау үшінші немесе арбитраж соттың қарауына беріледі.

Халықаралық сыртқы саудада пайда болатын даулар екі түрге бөлінеді. Ол бірнеше мемлекет арасында пайда болатын даулар, яғни үкіметаралық экономикалық келісімдер орындалмағаннан туындайтын даулар. Бұл даулар келіссөздер аркылы немесе үшінші мемлекеттің делдалдық қатысуымен шешіледі. Сондай-ақ аралық немесе халықаралық соттарда шешіледі. Екінші шаруашылық жүргізетін субъектілердің арасындағы туындайтын даулар. Олар аралық соттарда егер келісімге ескертпе болған жағдайда каралады. Ал егер ескертпе болмаған жағдайда немесе екі тарап келіскен жағдайда дауларды жалпы соттарда яғни мемлекеттік соттарда, жауапкердің немесе мүліктің тұрған жері бойынша, сондай-ақ басқа соттылығы бойынша қарастырады.

Бұл жерде тағы бір айтатын жәйт ол халықаралық арбитраж және мемлекеттік арбитраж - әр түрлі ұғымды анықтайды. Халықаралық коммерциялық арбитраж ол халықаралық сыртқы саудада келіссөздерден туындайтын дауларды қарайды. Ал мемлекеттік арбитраж ол мемлекеттің ішіндегі субъектілердің арасындағы дауларды қарайтын сот. Халықаралық коммерциялық арбитраж дегеніміз - ол түрлі мемлекеттерден шыққан тараптардың немесе шетелдік элементі бар тараптардың арасындағы дауды тараптардың өздері тағайындаған бейтарап арбитрлардың немесе арбитрдің шешу тәсілі. Оның шешімі міндетгі күшіне ие болады.

Халықаралық коммерциялық арбитраждың жалпы мемлекеттік соттан айырмашылығы:


  1. Халықаралық коммерциялық арбитражды тараптар өздері тағайындайды.

  2. Халықаралық коммерциялық, арбитражда дау жабық түрде жүргізіледі, ал мемлекеттік сотта дау ашық және жабық түрде де жүргізіледі.

  3. Халықаралық коммерциялық, арбитражда даулар қысқа мерзімде шешіледі, ал мемлекеттік сотта көптеген процедуралардан өту керек.

  4. Халықаралық коммерциялық арбитраж дауды өздерінің жеке ережелерімен және тараптардың келіскен материалдық құқықтарымен шешеді, ал мемлекеттік сот өз елінің материалдық құқығына жүгінеді.

Арбитраждың тағы бір ерекшелігі оған шағым талап қоюға болмайды. Арбитраждың шешімі міндетті күшке ие және соңғы шешім болып табылады, оған шағым жасалмайды. Дауды шешу үшін үшінші сотқа беру кезінде арбитраждық келісім керек. Арбитраждық келісім тараптардың арасында нақты құқықтық, қатынасқа байланысты өзара туындаған немесе туындауы мүмкін белгілі бір немесе барлық дауды оның шарттың немесе керісінше сипатына қарамастан арбитражға беру туралы келісім. Арбитраж туралы шарттар қойылған келісім арбитраждық ескеру деп аталады. Ескеруде тараптар дау туындаған кезде қандай арбитражға жүгінетінің және қандай тәртіппен қарайтынын көрсетеді. Арбитраждық келісімнің ерекшелігі ол тараптар үшін міндетті және сол көрсеткен арбитражға ғана жүгінеді. Халықаралық сыртқы сауда тәжірибесінде арбитраждық келісімінің заңды күші туралы сұрақтар туындайды. Мысалы: Францияда сотқа қарсылық білдіре алатын, сотта істі кысқартуға келісім беретін арбитраждық келісімдер танылады. Сондай-ақ шетел арбитражының шешімін орындау үшін оның орындалуы тиісті жердің Азаматтық сот өкілінің үкімі қажет.

Жалпы, арбитраждық келісім өзіндік автономиялық заңды күші бар келісім. Яғни, бұл дегеніміз арбитраждық келісімінің растығы жасалған шарттың растауына байланысты емес.

1958 жылғы «Шетел арбитражының шешімін тану және орындау туралы» Нью-Йорк конвенциясы және 1961 жылғы «Сыртқы сауда арбитражы туралы» Еуропалық конвенцияға сәйкес арбитраждық келісім жазбаша жасалған ескерту, сондай-ақ, тараптардың арасында хат, телеграмма арқылы жасалған келісім болып табылады.
2. Халықаралық тәжірибеде коммерциялық арбитраждың екі түрі бар:

1) уақытша аd һос; 2) тұрақты (институционалды).

Аd һос - шарттан туындаған дауды шешу үшін арнайы құрылған арбитраж.

Тұрақты - белгілі бір арбитраждық мекемемен байланысты, яғни тұрақты жұмыс істейтін арбитраж.

Тұрақты арбитраж өзінің ережесімен жұмыс жасайды және өзінің тәртібі мен процедуралары бар. Оның ерекшелігі, ол өзін құрған органның іс жүргізу тәртібін қолданады. Қазіргі кездегі белгілі тұрақты арбитраждар: Лондондағы төрелік сот, Париждегі халықаралық сауда палатасының халықаралық коммерциялық арбитраж соты, Стокгольмдегі сауда палатасының арбитраж институты. Ал Қазақстан Республикасында сыртқы саудалық дауды шешетін Жоғарғы Сотының шаруашылық істері жөніндегі коллегия және ҚР Министрлер Кабинетінің каулысына сәйкес 1993 жылғы 5 казанда құрылған ҚР Сауда өндірістік палатасы құрамындағы Арбитраж комиссиясы құрылған. Алайда, заманның өзгеруіне байланысты, 2004 жылғы 28 желтоқсанда «Халықаралық коммерциялық арбитраж» туралы Заң қабылданды, осыған сәйкес Халықаралық коммерциялық арбитраж соты құрыдды, бірақ бұл сот әлі жұмысын бастаған жоқ.

Уақытша арбитраждық сот нақты істерді қарау үшін тараптардың өздері құратын сот. Тараптар істі шешудің тәртібін де өздері таңдайды. Жалпы уақытша арбитраждың қызмет жасайтын үш регламенті белгіленген:



  1. 1986 жылы қабылданған Еуропаға арналған БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссияның арбитраждық ережесі;

  2. 1966 жылы қабылданған Азия мен Африкаға арналған ЭКАДВ БҰҰ-ның экономикалық комиссиясының халықаралық коммерциялық арбитражының ережесі;

  3. 1976 жылы кабылданған халықаралық сауда құқығына байланысты БҰҰ комиссиясының арбитраждық регламенті ЮНСИТРАЛ.

Уақытша арбитраждық сот нақты дауды шешкен соң өз жұмысын тоқтатады.
3. Арбитражға жүгіну туралы тараптардың арасында жасалған шартта істі қараудың тәртібі, арбитраждық келісімнің міндеттілігі және оған шағым жасалуға жатпайтындығы көрсетіледі. Бірақ, осыған қарамастан халықаралық сауда тәжірибесінде арбитраждық келісімді орындамау жағдайлары кездеседі. Осыған байланысты 1923 жылы Арбитаждық келісім туралы Хаттама және 1927 жылы Арбитраждык келісімді мәжбүрлеп орындату туралы Женева конвенциясы қабылданды. Қазіргі таңда бұл Хаттама мен Конвенцияның заңды күші жоқ. Олардың орнына 1958 жылы 10 маусымда Нью-Йоркте шетел арбитраж шешімдерін тану және орындау туралы Конвенция қабылданды. Бұл конвенцияның маңыздылығы, шетел арбитраж шешімдерін орындамауының кепілі бодды. Айтылып кеткендей бұл конвенция жеке және заңды тұлғаларға да қолданылады. Конвенция белгілі бір мемлекетте ішкі шешім болып табылмайтын арбитраждық шешімдерге де қолданылады, демек конвенция тек аумақтық емес сонымен қатар, ұлттық критерий бойынша да қолданылады. Конвенцияның үшінші бөлімінде осы Конвенцияға қосылған мемлекеттер арбитраждық шешімді міндетті түрде таниды және өз аумағындағы іс жүргізу заңдары сәйкес болу керек делінген.

Ал Конвенцияның бесінші бөлімінде қандай жағдайларда шешімнің орындалуына қарсылық білдіретіндігі көрсетілген:



  1. шешім шығарған жердің заңы бойынша тараптың біреуі әрекетке қабілетсіз болса және шешімнің заңсыз болуы;

  2. арбитраждық талқылау туралы мүдделі тұлғаларға хабарламауы;

  3. арбитраждық келісімдегі шартқа қатысты емес немесе арбитраждық ескертуге сәйкес келмейтін дауларға байланысты шығарылған шешімдері;

  4. арбитраждың орналасқан жерінің заңы бойынша арбитраж органының немесе арбитраж іс жүргізуінің тараптардың келісімімен сәйкес келмеуі:

  5. тараптар үшін шешім түпкілікті болып табылмауы;

  6. шешім мәжбүрлі түрде орындалатын жердің заңы даудың объектісі арбитраждың іс жүргізу объектісіне жатпауы;

  7. шешімді тану және орындау сол мемлекеттің көпшілік құқығына қайшы келуі.

Осы Конвенцияға қосылған мемлекеттер арбитраждық шешімді тану мен орындауға байланысты басқа екі жақты және көп жақты конвенцияларды қолдана алады.

1961 жылы 21 сәуірде Сыртқы сауда арбитражы туралы Еуропалық конвенция қабылданды. Конвенцияның 6-бабында тараптардың уақытша және тұракты арбитраждарға жүгіну құқығы керсетілген. Сондай-ақ, конвенция уақытша арбитражды құрудың тәртібін көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы 1995 жылы 4 казанда 1958 жылғы «Шетел арбитражының шешімін тану және орындау туралы» Нью-Йорк конвенциясына және 1961 жылғы «Сыртқы сауда арбитражы туралы» Еуропалық конвенцияға қосылды. Қазіргі таңда ҚР шетел сотының және арбитраждық шешімдері тану мен орындалуын қамтамасыз ететін өзіндік жүйе кұруда. 1992 жылы 2 наурызда Киев қаласында ТМД мемлекетерінің арасында бірінші рет шаруашылық қызметке байланысты дауларды караудың тәртібі туралы көп жақты келісімге отырды. ҚР Жоғарғы Соты бұл келісімді 1992 жылы 2 шілдеде бекітті. Бұл келісімге байланысты осы келісімге отырған мемлекеттің шаруашылықпен айналысатын субъектілері сотка, арбитраждық сотқа, үшінші сотқа немесе басқа да органдарға жүгіне алады және арбитраж шешімдерін таниды және орындайды.

Екінші көп жақты келісім ТМД мемлекеттері қатысқан 1993 жылы 22 қаңтарда қабылданған азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынасқа байланысты құқықтық көмек көрсету туралы Конвенция. ҚР Жоғарғы Соты бұл конвенцияны 1993 жылы 31 наурызда бекітті.

Бұл келісімге байланысты конвенцияға қатыскан мемлекеттердің азаматтары екінші мемлекеттің аумағында болса немесе заңды тұлға сол мемлекеттің аумағында құрылса, онда сол мемлекеттің жеке және заңды тұлғалары ие құқықтар мен міндеттерді атқарады; азаматтық істер бойынша сот шешімдерін тану мен орындау кезінде бір-біріне құқықтық көмек көрсетеді; сот шешімдерін орындау сол мемлекеттін іс жүргізу заңымен реттеледі. Шетел арбитражының шешімдерін тану мен орындауға байланысты шаруашылық қызметтің өсуіне байланысты 1992 жылы 27 наурызда Қазақстан Республикасы мен Ресейдің арасында екі жақты келісім жасалды. Шаруашылық субъектілерінің арасындағы дауды караудың тәртібін мемлекетаралық келісімге сәйкес шешеді.


  1. Каталог: ebook -> umkd
    umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
    umkd -> Қазақстан Республикасының
    umkd -> Қазақстан Республикасының
    umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
    umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
    umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
    umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
    umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
    umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
    umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


    Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет