Бағдат Оралбайұлы «Тегімізді тануға талпыныс»



бет7/59
Дата26.01.2018
өлшемі11 Mb.
#34026
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   59
Төрт шадиярлар
Мұхаммед өлген соң елді басқаратын халифтыққа (орынбасар) Әбубәкір, Омар, Осман, Ғали кезектесе сайланды. Мемлекет басқару тұрғысынан алып қарағанда бұлар халифтар. Қол астына қараған елдер халифат атанды. Ал, діни тұрғыдан алғанда Мұхаммедтің төрт демеушісі. Бұлар парсы тілінде «Чарияр» делінеді, Чар – төрт, яр – демеуші, медеткер. Осы екі сөз біріге келе «Шадияр» болып өзгертілген. Енді осылардың әр қайсымен қысқаша таныстырайын.

Бірінші Халиф Әбубәкір ас Сыдық – Мұхаммед бақиға көшкен соң сайланған ең бірінші халиф. Ол арабтың Ади деген руынан. Хадиша, Ғали, Зейдтен кейін мұсылман дінін төртінші болып қабылдаған. Әбубәкір намаз кезінде құдайға жалбарынғанда оған көлденеңінен қарап тұрған бөгде кісілердің денелері ұйып, жүректері елжіреп тұрады екен. 622 жылы 26 шілдеде Мұхаммед Меккеден Мәдине қаласына қоныс аударғанда (хижра) қасында үнемі бірге жүрген. Екеуі Тайфи тауының үңгірінде үш күндей бірге түнеген. Мұхаммедті өлтірмекке соңдарынан қуғыншылар қуып жеткенде пайғамбар сасқанынан есектің жабуын бүркеніп, сонадай жерде жата қалыпты. Қуғыншылар «Мұхаммедті көрдің бе?» деп сұраса Әбубәкір әлгі жабудың астын нұсқап: «Мұхаммед сонда жатыр. Нанбасаңдар ашып көріңдер» депті. Мұны мысқылдап тұр деп түсінген қуғыншылар жабуды ашпастан жүріп кетсе керек. Өтірікке баспайтын осындай мінезі үшін пайғамбар оны «сиддих» (қазақша Сыдық, «шыншыл» деген мағынада) деп атаған.

Құранда пайғамбардың Құддис қаласындағы Әл-Ахса мешітінен жеті хат көкке, Алланың дәркейіне (қабылдауына) барғаны айтылады. Бұл оқиғаға басқа адамдар сенбеген соң Әбубәкір куәлікке тартылған.

Ол оқиғаның болғанын растаған соң, басқалар сенген. Өйткені ол Мұхаммедтің серіктерінің (Асхабтарының) ішіндегі ең шыншылы. Өзі Мұхаммедке Айша есімді қызын берген қайын ата. Сол үшін де Мұхаммед 631 жылы мұсылмандардың Мәдинеден Меккеге хажылыққа аттану сапарын осы Әбубәкірге басқартқан. Мұхаммедтің өмірінің аяқ шенінде ауру меңдеп тұра алмай қалғанда, намазға жиналған мұсылмандарға осы Әбубәкір имамдық еткен.

Әбубәкір 572 жылы туып, 634 жылы дүниеден көшкен. Өлерінің алдында болған халифтығының мерзімі екі жыл. Сүйегі Мәдинеде, Мұхаммедпен қатар жерленген.



Екінші Халиф Омар Қаттабұлы. Бұл Мұхаммедтің қас жауы Әбужаһияның туған жиені.

Жұртшылық оны «Ғабділ Омар» деп атаған. Мінезі тура, сөзі мен ісінің арасында алшақтық жоқ. Жақынға тартпай, әділіне жүретін адам екен. Ол Әбубәкір өлген соң 634-644 жылдар аралығында үкімет басында тұрды. Осы 10 жыл ішінде көп жерді жаулап алып, ислам дінін Иракқа, Сирияға, Египетке және Ливия өлкесіне таратты. Мұның тұсында елді басқару, салық салу жүйесін қалыптастырды. Сол үшін оған «Әмір әл мумин» атағы берілді. Мұның мағынасы «хақ дінділердің әміршісі» деген сөз.

Омарды 644 жылы заты парсы, Ғайса дінін жасырып тұтынатын құлы өлтірді. Денесі Мұхаммед пен Әбубәкірдің жанына қойылды.

Үшінші Халиф Осман Аффанұлы. Шыққан тегі Құрайыш тайпасының онейя руынан. Дәулетті байпатша. Мұхаммедтің алғашқы асхабтарының біреуі. Алғашында Мұхаммедтің қызы Рухияға үйленіп, ол өлген соң екінші қызы Күлсімді алған. Пайғамбарға екі дүркін күйеу. Сол үшін оны араб халқы зу-н-нұрайн (Екі шырақ иесі) деп құрметпен атаған.

Осман 644 жылы Омар өлген соң таққа отырды. Содан 12 жыл, яғни 656 жылға дейін ел биледі. Османның негізгі еңбегі төмендегідей: құранның әркімнің қолында жүрген аят, хадистерін түгел жинақтап, кітап етті. Қазіргі құранның негізгі арқауы осы Османдікі.



Төртінші халиф Ғали Әбутәліпұлы. Мұсылман дінін Хадишадан кейін екінші болып қабылдаған. Кәпірлермен өткен алғашқы ұрыстарда ересен ерлік танытып, «Алланың арыстаны» атанған. Шамамен 598 жылы туған.

656 жылы Осман өлген соң Ғали ел тізгінін ұстады. Мұның тұсында парсы мемлекеті түгел бағынды. Алайда, Ғалидың халифтығына наразы болған топтар көтеріліс жасап, Басра қаласын басып алады. Өлген Османмен рулас Мағауияны халиф Омар өз қолымен Шам шәрісіне (Сирия) әкімшілікке тағайындап кеткен еді. Сол Мағауия Османның өліміне Ғалиды кінәлі санап, Сирияны бөліп әкетеді.

656 жылы желтоқсанда болған «түйелі соғыста» Ғали әскери күшпен Басра көтерілісшілерін баса білді. Содан соң өзінің астанасын Мәдинеден Куфа қаласына көшірді. 657 жылғы шілде айында Ғали мен Мағауия әскерлері Евфрат өзенінің оң жағындағы Сиффии деген жерде кездесіп, Мағауия жеңіледі. Бірақ ол мынадай әдіс қолданған, әскерлеріне найзаның ұшына құранның парақтарын байлап алуды бұйырған. Мұны көрген Ғали өз әскерінің қимылын тоқтатады. Бұл екі арада көлденең бітімшілер шығып, Ғали мен Мағауияны татуластырады. Ғалидың бұл ісіне наразы болған 12 мың әскер Куфа түбінде Ғалидың әскерін тастап кетеді. Бұлар сондықтан «хариджиттер» (бөлінушілер) атанған. Ғали ақырында 661 жылы мешітке кіріп келе жатқанда, сол хариджиттің біреуі желкесінен уланған қанжар сұғып өлтіреді. Ғалидың денесі Ирактағы Наджаф қаласында жерленген. Ғалидың жолын қуушылар кейіннен «шииттер» (жікшішілдер) атанды.

Бұлардан кейін де талай халифалар таққа мінді. Бірақ оларды халық шадияр деп танымайды. Себебі, кейінгілер Мұхаммедтің алғашқы серіктері болып, оның алғашқы діни жорықтарына қатысқан жоқ. Төрт шадиярға ортақ сипаттар мынау: бәрі де сайлау арқылы таққа отырды. Әбубәкірден басқасы түгелдей кісі қолынан қаза тапты. Төртеуі де 63 жасында немесе 62-ден 63-ке қараған шағында дүниеден өтті.




Осы жоғарыда аттары жазылған және бізге есімдері беймәлім ата-бабаларымыздың өлшеусіз еңбектерінің арқасында Ислам діні көктеді, өркендеді, өсті. Соның нәтижесінде, бүгінде әлемде 2,0 миллиардқа жуық адам мұсылман дінін тұтынып, өздерінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандырып, қамтамасыз етуге мүмкіншілік алды.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   59




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет