Қобыланды батырдың жорыққа аттануы
…Жиылған жұртпен қоштасып,
Қобыланды сынды батырың
33
Тайбурыл атқа мінеді,
Беліне семсер іледі.
Ақ сауытын бөктеріп,
Дүйсенбі күні сәскеде
Қараспан тауын бөктерлеп,
Кешегі кеткен қияттың
Қобыландыдай батырың
Соңынан желіп жөнелді.
…Қобыланды сынды батырдың
Көңілі бітіп Бурылға:
«Шырағым, Бурыл, шүу!» - деді,
Құбылып Бурыл гуледі…
…Жетемін деген Қобыланның
Жоқ еді тіпті есінде.
Бұлаңдаған Бурылмен
Артық туған Қобыланды
Аңқытып жетті бесінде.
…Қобыланды гулеп жөнелді
Көп қиятқа қарамай,
Қалың қият - көп қосын,
Бәрі қалды артында
Бірі еруге жарамай.
Сонда Бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді,
Көлденең жатқан көктасты
Тіктеп тиген тұяғы
Сазбалшықтай иледі.
Аманбайдың ақ тікен,
Асып Бурыл жөнелді,
Қарсы келген қабақтан,
Қарғи басып жөнелді.
Сеңгір-сеңгір таулардан
Секірте басып жөнелді.
Ол төбе мен бұл төбе,
Бауыры шұбар Күлтөбе,
Онан да өтіп жөнелді.
Қамыстының қазды көл,
Қоғалының қулы көл,
Шегендінің желді көл,
Шабақтының шаңды көл,
Қызғыштының Қыздыкөл,
Құмыра, Қотан, Қоскөлден,
Айналасы бес көлден,
Бәрінен өтіп жөнелді,
Күдерінің белінен,
34
Бесінде өтті дөңінен.
Барлы, барлы, барлы тау,
Басы биік қарлы тау,
Хан жайлаған Қаратау,
Би жайлаған Алатау,
Онан да өтіп жол шекті-ау.
Бір шауып, бір желеді,
Құбылып ойнап жер басып,
Дөңгеленіп келеді.
Садақтың бауы сартылдап,
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Кешке таман Тайбурыл
Жын қаққанға ұқсады,
Құлан менен құлжаның,
Ұзатпай алдын тосады,
Көл жағалай отырған,
Көкқұтан мен қарабай
Көтеріліп ұшқанша,
Белінен басып асады.
Дуадақ пен жек қалды,
Әлде өтірік, әлде шын
Ақ қарабас, лашын,
Өлген құсты жеп қалды.
Ебелек ұшпас елсізден,
Көбелек ұшпас көлсізден,
Құла мидай шөлдерден,
Адам жүрмес жерлерден,
Батпақ, лай көлдерден,
Асқар-асқар белдерден
Жалғыз шауып жол шекті.
Достарыңызбен бөлісу: |