БайғҰтова ақлима мархабатқызы "Қазақ әйелі" концептісінің этномәдени сипаты



бет8/28
Дата06.02.2022
өлшемі0,66 Mb.
#34968
түріДиссертация
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   28
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ


Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, зерттеу нысаны, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдары түйінделіп, зерттеу әдістері, зерттеудің теориялық және практикалық мәні сипатталады.
Бірінші тарау "Ғаламның тілдік бейнесіндегі "қазақ әйелі" концептісі" деп аталады да, оның мазмұны алты тараушада сипатталады. 1.1 Қоғамдық ғылымдар аясындағы "әйел" концептісінің сипатталуы. Адамзат тарихындағы іргелі түсініктердің қатарында "еркек-әйел" оппозициясының аталатыны белгілі. Ертедегі еңбектің жынысқа қарай бөлінісі еркектің асыраушы (аңшы т.б.) ретінде тұрмыста үстемдікке ие болып, абсолютті тұлға ретінде орнығуына жағдай жасады. Ерлердің қызметі табиғатпен бірге әйелді де бағындырды. Ерлер әйелдерді өздерінің жартысы деп танып, оны өздерін толықтыратын екінші "мені" ретінде ғана мойындады, ол ұғым прецедентті мәтіндерде дәйектелді. Философтардың пайымдауынша, осылайша әлеуметтік прогресстің дамуы жыныстық теңсіздікке апарып соқты. Бұл тараушада осыны дәлелдейтін батыс, орыс, қазақ ойшылдарының адамзат тарихындағы іргелі түсініктердің бірі - "еркек-әйел" оппозициясы туралы пікірлері туралы сөз болады. 1.2 "Қазақ әйелі" концептісінің психофизиологиялық негізі. "Қазақ әйелі" концептісінің кілтін ашуда әйел табиғатын, тілін оның психофизиологиялық жақтарымен қарастыру тиімді болмақ. Әрине, бұл аспектіде терең зерттеу қазақ тіл білімінде кенжелеу қалып жатыр.
Арнайы зерттеу жүргізген ғалымдардың пайымдауынша, ми жасушаларының қызметі ана құрсағының өзінде-ақ біздің ойлау жүйеміз бен мінез-құлқымыздың сипатын айқындайтын етіп ұйымдастырылған. Сол себепті о баста дүниеге бала әкелу, ана болу үшін жаратылған нәзік жыныстылар қандай жағдайда да өзінің аналық табиғатынан жырақтай алмайды. Мұның дәлелін көркем мәтіннен де айқын аңғаруға болады: Шешесінен көзін ашпай жатып айрылып, бет­бейнесінің қандай екенін ұмытып қалған кішкене бала мынау қастарынан қалмай ербеңдеп жүрген ебіл­себіл әйелді: "Апа!" дейтінді шығарды. Бауырына басын тығып ұйықтайтынды шығарды. Қараңғы түнде омырауына тұмсығын тығып пысылдап жатқан кішкене сәбидің кекілін сипап, кемсеңдеп жылап шығатын атымен бөтен бейтаныс әйелдің көкірегіне сүт жүгірді (Ә. Кекілбаев. Үркер).
Ал енді еркек ақылдырақ па, әйел ме? Нейробиологтардың зерттеулеріне сәйкес ми салмағы әйелдерде шын мәнінде еркектерден азырақ (ерлердің миының салмағы орта есеппен - 1,4 кг, ал әйелдердегі орташа көрсеткіш - 1,3 кг), бірақ олардың ми иірімдері артығырақ. Сондай-ақ, әйелдердің миы олардың дене салмағының 2,5 пайызына, ал еркектердікі 2 пайызына тең екені, ерлердің миының алдыңғы жағы көлемдірек, әйелдердікінің артқы бөлігі үлкенірек екені және әйелдерде екі жарты шарды байланыстыратын ми бөлігінің тығызырақ екені де анықталған. Арнайы тәжірибе жасаған шетел нейрохирургтары әйел миының екі жартышарындағы сөйлеу және ойлау қабілетін байланыстыратын нейрондардың қоюлығы ерлермен салыстырғанда 23% артық деп көрсетеді. Ал көрнекті психолингвист Н.И. Жинкин осы нейрондардың бала психологиясына, физиологиялық дамуына әсер етуімен бірге оның тілдік белсенділігін жетілдіруге де көп ықпал ететінін дәлелдеген болатын [1, 67-68]. Қойылған сұраққа бір сөзбен ғана қысқа жауап берудің орнына жол­жөнекей болған оқиғаны да, оған деген өзінің көзқарасын да баяндап шығатын әйелдің көпсөзді болуы, ал ер адамдардың сұраққа қысқа да нақты жауап беруі осы ерекшелікке байланысты. Әйел табиғатына тән осындай заңдылықтар, ерекшеліктер қазақ әйеліне де ортақ. Оны тілдік деректермен дәйектеуге болады: - Е,е, көптен бері хабарласпаған болдыңыз ғой. Ағайынысыз ба, жақынысыз ба?
- Жиенімін.
- Жиенімін? Ойбай-ау, бізге де алыс болмадың ғой. Ошақтыға тиген әкемнің інісінің қызы бар деуші еді, сол сіз болып шықтыңыз-ау. Е,е, құда екенсіз ғой. Менің де бір сіңлім ошақтыға тұрмысқа шыққан. - Қымқа орнынан көтеріле берді де, әлдене есіне түсіп, ерніндегі күлкісін тыя қойды. - Кешір, айналайын, -- деді даусын бәсеңдетіп. - Қу тіршілік адамда ес қалдыра ма, ойымнан шығып кетіпті, - ол отыра қалып әлдене деп күбірлеп бетін сипады да қайтып тұрды. - Нағашыңыз армандап жүруші еді, қарындасым мен күйеу баламның иманы үйірусіз кетті деп. Құдай иманын саламат қылсын, өзіңе өмір берсін.
- Рахмет, жеңгей (Д.Исабеков.Тіршілік).
О баста еңбек бөлінісіне байланысты пайда болған ерекшеліктер қазақ әйелінің де табиғатына, болмысына әсер етпей қоймады. Шындығында, әйелдер ерлерге қарағанда, физиологиялық жағынан нәзік, әлсіз, көп сөзге бейім, тым эмоционалды, әсершіл болғанымен, оларда руханилық басым, олар кемшілігін тез түсініп, бастапқы райынан тез қайтады. 1.3 "Қазақ әйелі" концептісін әлеуметтік лингвистика тұрғысынан сипаттау. Қазіргі таңда тілдің әлеуметтік жіктелуі мен қоғамның жыныстық жіктелуінің өзара байланысын, әйел мен ер адамның тілдік және бейтілдік бірліктерді қолдану айырмасын [2] т.б. зерттейтін әлеуметтік лингвистиканың "қазақ әйелі" концептісін сипаттауда рөлі ерекше. Осы мәселелерге бағытталған лингвистикалық еңбектердің арасында гендерлік зерттеулерге айтарлықтай мән берілуде. "Гендер" ұғымын тілдік жағынан сипаттап, оның орыс тіліндегі ерекшеліктерін анықтауға зерттеуші А.В.Кирилина үлес қосты. Қазақ тіл біліміндегі антропоөзектік бағыттағы зерттеулердің арасында тіл мәселелерін гендерлік лингвистика аясында қарастырған еңбектердің қарасы молайғанын атап өткен жөн. Олардың қатарына Б.Хасанұлы, Г.Мамаева, Қ.Жанатаев, Г.Шоқым, М.Ешимовтің т.б. зерттеулерін жатқызуға болады. Ғалым Г.Шоқымның көрсетуінше, лингвомәдениеттанулық бағытта фемининдік және маскулиндік таптаурындардың (стереотип) тілдегі көрінісі, "еркектік" (мужественность) және "әйелдік" (женственность) тұжырымжасам, гендерлік метафоралар қолданысы (еркектік немесе әйелдік мағынасының жынысқа қатыссыз заттар мен құбылыстарға ауыстырылып қолданылуы) және мәдениетаралық қатысым деңгейінде т.б. зерттеулер жүргізілуде [2,23]. 1.3.1 "Қазақ әйелі" концептісінің әлеуметтік сипатын гендерлік стереотиптер арқылы анықтау. Гендерлік зерттеулердің басты назарға алатын мәселелері - қоғамдағы ерлер мен әйелдерге деген қалыптасқан қарым-қатынасты айқындайтын мәдени және әлеуметтік факторларды анықтау, индивидтердің белгілі бір жынысқа жатуына байланысты мінез-құлық ерекшеліктерін, олардың еркекке және әйелге тән негізгі қасиеттерінің стереотиптік сипаттарын ашу. Зерттеуші А.Әмірбекованың пікірінше, "стереотиптер - ақиқат дүние туралы күнделікті қолданыста кеңінен танылған, сол зат не құбылысты, сол ситуация мен әрекетті, тұлға мен әлеуметті (дүниені) танудың санадағы қарапайым бейнесі, яғни дүние туралы таным-түсініктің қайталануынан тұрақталған адам санасындағы алғашқы сигналдар, яғни әрекеттер мен құлықтар шаблоны" [3, 33-34]. Ал И.А.Гусейнова мен М.В.Томская: "Гендерные стереотипы, представляющие собой стандартные, часто упрощенные и обобщенные мнения о представителях обоих полов, складываются и закрепляются в обществе посредством институализации и ритуализации пола" [4, 81] деп атап көрсетеді. Осы тұжырымдарға қарағанда, "қазақ әйелі" концептісін гендерлік стереотиптер арқылы да тануға болады. Мысалы, шығыс әйелдеріне тән стереотип түрі былайша көрініс табады: Ұлы бабамның алғашқы әйелі Бөрте Қоңырат қызы еді. Өзі де ибалы, инабатты әрі асқан сұлу жан еді. Жалпы Қаһан әйел жыныстыларды еркектерден оқшауландырып тұратын мінез - нәзік қылықтары болуды қатты қадағалайтын. Олар ақылды, үлкендердің алдынан кесіп өтпейтін ізгілікті, көреген жан болуы керек дейтін: кейін бұл қасиеттері бүкіл шығыс қыздарының қадетіне қалыптасты (О. Бөкей. Мұзтау). "Әйел", "еркек" концептілерін зерттеу оларға қатысты стереотиптерді анықтаумен бірге аталған стереотиптердің тілдегі көрінісін зерттеу дегенге саяды. Соңғы жылдардағы зерттеулерге сүйене отырып, стереотиптер білім мен бағалауды сақтаудың айрықша формасы және мінез-құлықты бағдарлаушы концептілер болып табылады деп айтуға негіз бар. "Еркек" және "әйел" концептілері барлық мәдениетте кездеседі, оларға әдет-ғұрып, фольклор, мифтік санада, "дүниенің қарапайым ойсуретінде" айтарлықтай орын берілген. Алайда гендердің стереотиптік және аксиологиялық бағасы түрлі мәдениетте бірдей емес. Сондай-ақ әйелдер мен ерлердің әлеуметтік рөлі де бір-бірінен ажыратылады. Оны төмендегі мысалмен дәйектеуге болады: Ең соңынан кірген кішкене денелі қазақ әйелі ауыз үйдегі орыс жұмыскерлері мен орыс әйелдеріне қарап таңырқап тұрып қалыпты. Мойындарына дейін ашық, жалаң бас, еркектермен қатар отырған орыс әйелдері Күнзилаға, тіпті, таң көрінді. Шашын желкесіне қырыққан жас келіншек Елизавета Быкованың барлық еркектерден жоғары отырғаны ерсі де көрініп кетті. Жас әйелдің құлағы көрініп қалса, кесіп алардай тыйым салып қойған мұсылмандық күні әйелдің еркектермен қатар отырып сөйлесуі, даусын еркін шығарып күлуі деген нәрселерді білмейтін еді (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).
Еркектер мен әйелдер өздерінің мінез­құлқын гендерлік стереотиптерге, яғни ерлер мен әйелдердің өзін қалай ұстауы жөніндегі мәдениетте қалыптасып, орныққан көзқарастарға сүйене отырып, түзеді. Оны кесте арқылы шартты түрде былай көрсетуге болады:






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет