Байпақов Шаймұрза Жаңайұлы



Дата25.12.2016
өлшемі2.23 Mb.

Облыстық оқу – әдістемелік және қосымша білім беру орталығы



Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады.  Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген  сүйіспеншіліктен басталады. 

Н.Ә.Назарбаев
Байпақов Шаймұрза Жаңайұлы

ОТБАСЫ. БАЛА ТӘРБИЕСІ

АЛҒЫСӨЗ


Адамның жеке басының қалыптасуы, оның ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады.

Отбасы - жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігі мен басқа адамдармен қарым қатынасын, мәдениеттілікті қалыптастыруда негіз, баспалдақ болып, ұрпақтан-ұрпаққа тәрбие көзі болып, жалғасын тапқан ең қымбат үрдіс, табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Сондықтан, туған үйдің жылуы – адамның көкірегінде жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.

Отбасы - басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі ата-ананың, немесе баланың міндетін атқарып қоймай, бірімен-бірі береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік тәрбиелі ұл мен қыз өсірген отбасына айналары сөзсіз.

Ата мен ана –тәрбиенің өнегесі. «Ата - асқар тау, Ана - бауырдағы бұлақ,  Бала жағасындағы құрақ» деп, ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаласың.  Саялы көлеңке, қорған-ықта бал татыған бұлақтан мейірі қанып өскен құрақ қалай жайқалмайды, көгеріп, көкке ұмтылмасын! Балапан, балғын шақтағы бала міне, осылай ержетуі тиіс.

Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі.  «Отбасы - шағын мемлекет» дейміз. Ал сол шағын мемлекеттер шайқалып, бұзылса, мемлекеттің де қуаты азаяры сөзсіз. Егеменді еліміздің ертеңі – отбасылардағы ұл мен қыздың тәрбиесі мен білімінде жатыр. Бұған ел болып, мемлекет болып үлкен мән берілуде. Қазақстан Республикасында 2006 жыл – «Отбасы жылы» болып жарияланды. Елбасының арнайы Жарлығымен қыркүйек айының екінші аптасы – Отбасы күні болып тарихқа енді.

Білім беру ұйымдары арасында бұл жылдары мектеп педагогтары отбасыларының аудандық, облыстық байқаулары ұйымдастырылып, 2014 жылғы байқауда ауданымыздың Тұщықұдық ауылының С.Жаңғабылов атындағы орта мектеп мұғалімі Қондыбай Шалабаев облыстан бас жүлдені иеленді.

Маңғыстау ауданының тумасы, облысымыздың құрметті азаматы, ұстаз, өнер қайраткері 12 бала, 46 немере, 41 шөбере тәрбиелеп отырған отағасы Орын Құлсариев «Мерейлі отбасы-2015» республикалық байқауынан бас жүлдені иеленді.

Бұл айтылғандардың бәрі де отбасымызды сақтау, балаларымызға бақытты балалық шақ сыйлау боп табылады.

Бұл жинақта Маңғыстау ауданының тұрғыны Аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Шаймұрза Байпақов ағамыздың отбасы, бала тәрбиесі туралы түйгені, оқығандары көпшілікке ұсынылып отыр. Ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, жұртшылықтың арасында өзіндік ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен көрініп жүрген ағамызға игілікті қызметі үшін алғысымыз шексіз.




Құрметпен,
Маңғыстау аудандық

білім бөлімі басшысы С.Қалиева






ОТБАСЫ. БАЛА ТӘРБИЕСІ
Әрбір ұлттың жүріп өткен жолы, қалыптасқан салт – дәстүрі мен ұзын – сонар тарихы болады. Ізгілік пен ізеттіліктің, адамгершілік пен адалдықтың, имандылық пен инабаттылықтың арқасында сақталған салт-дәстүр ұлтымызды сақтаудың бірден-бір сәулесі болмақ. Кешегі көшпелі ел мәдениетіне, әдебиетіне, салт – дәстүріне, тіліне, ділі мен дініне қиянат жасалғанына көне тарих куә. Алайда халқымыз ары мен абыройын сақтап, салт – дәстүрді шариғатпен үйлестіріп, өзгеге үлгі – өнеге боларлық өмір қалыптастыра білді. Тәлім мен тәрбиені, әдеп пен әдет – ғұрыпты өмірлеріне қазық етті. Соның негізінде ділі мен тілін жоймаған иманды ұрпақ қалыптасты.

Ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы жайлы сөз қозғағанда, әдеп пен ар сөздеріне тоқталмай кете алмаймыз. Әдеп, ар – қастерлі сөздер. Осы ретте данышпан дана Абай бабамыздың:

«Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге» дейтін өлеңі еске еріксіз түседі. «Әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала сорлы бала», «жігіттің құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы», «мал сақтама, ар сақта», «жарлы болсаң да, арлы бол» деген мақал – мәтелдерден қазақ халқының ар мен әдепті жоғары бағалағанын аңғарамыз.

Қартайғанда қазыналы сөз айтар қарияның қандай бедел мен атаққа ие болғаны туралы мына бір тұжырым көңіл аударарлық. Кеңестік кезеңде, «Құдай жоқ» деген «тәлім – тәрбие» тұсында өмір сүрсе де, ат айналып қазығын тапқандай, бүгінде ақыл айтар жасқа келіп, маңдайын сәждеге қойған Шерхан Мұртаза былай дейді «Дүйім жұрт сөзін тыңдап, пікіріне құлақ асқанды абыз дейді. Ауыл – аймаққа әмірі жүретінді ақсақал дейді. Ал елдік қалыптастыра алмай, ауыл – аймақ күйбеңінің шырғалаңында жүргенді шал дейді». «Бүгінде шалдар көп, бірақ ақсақалдар аз» дейтін сөздің жаны бар. Ал иманның негізінде ұлттық сана қалыптастырып, бұқараны ізгілікке бастаған кешегі Бұқар жыраулар өз өмірінде өзгеге өнеге қалдыра білді.

Мен де зейнеткерлікке шыққан соң, өзімнің бала тәрбиесі жөніндегі білгендерімді, оқығандарымды, естігендерімді қағазға түсіріп, көпшілікпен ой бөліскім келді. Әрине, менікі қарапайым қатардағы қазақтың отбасындағы бала тәрбиесіне байланысты ой – толғамдар ғана, кемшін тұстары да болуы мүмкін. Сондықтан ой қозғау, жастарға сәулелі сана беруге ұмтылған осы талпыныс оқыған адамның бір кәдесіне жарар деп сенемін.

Ата- анаға көз қуаныш -

Алдына алған еркесі.

Көңіліне көп жұбаныш,

Гүлденіп ой өлкесі, - деп, кемеңгер Абай ақын өлеңмен өрнектегендей, перзент сүю – адамзат тарихымен бірге жасалып келе жатқан ең бір хикметті құбылыс, әр ата – ананың жан қалауы. Өйткені, бала – өмірдің сәні, отбасының шаттығы, Құдайтағаланың берген сыйы, аманаты. Шал ақынның «Босағасын алтыннан соқсаң-дағы, Перзент сүймей, адамның мейірі қанбас» деуі де осыдан шығар.

Зарығып күткен перзент дүниеге келгендегі Мұқағали ақынның тебірінісі әрбір жанның ұрпақ сүйгенде бастан кешетін сырлы сезіміндей:

Ия, Алла, көрдім бе, көрмедім бе?!

Ия, Тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!

Шырылдаған үніңнен айналайын,

Шынымен өмірге келгенің бе?!

Қызым болсаң – қырымда құралайсың,

Ұлым болсаң – ұлы бір мұрадайсың.

Естисің бе, есі жоқ, ей дүние,

Менен неге сүйінші сұрамайсың?!

Шындығында, баланың шыр етіп дүниеге келуі – зор қуаныш. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауаптылықпен қараған. Бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан. Өйткені, «ұрпағымен мың жасайтынын» жақсы білген.

Ия, жаңа туылған сәби тап – таза, ақ парақ секілді. Оған не жазылатыны, қалай жазылатыны ата – анасына байланысты. Сол себепті ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де ең өзекті тақырып.

«Тәрбиә» - арабтың сөзі. «Көктеу, өсіру, жетілдіру» деген мағынаны білдіреді. Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінің алғы сөзінде адамның басқа жаратылыстардан бөлек екенін, тәрбиені қажетсінетінін былай деп білдірген екен «Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, зағип, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен, жүгіріп кетеді. Ал адам баласы – туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз. Өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Мінеки, адам баласы осылай өте әлсіз болып туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды».

Тәрбие кешенді түрде жан – жақты қолға алынуы тиіс. Алайда тәрбиенің өзегін қайдан алу керек? Кемел тәрбиені қайдан табамыз? Қала берді, тәрбие берудегі мақсатымыз не болуы тиіс? Тәрбиеден не күтеміз?

Бұл мәселеге аталмыш еңбегінде М.Жұмабаев төмендегідей жауап айтады. «Тәрбиеден мақсұт – адамды, Һәм, сол адамның ұлтын, асса, барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбірі бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару». Демек, баланы тәрбиелеудегі мақсат – оны жан – жақты кемелдендіріп, қоғамға пайдасы тиетін адамзат етіп қалыптастыру. Осы орайда, Ислам дінінің кемел тәрбиеге қосар үлесі зор. Ал Исламдағы тәрбие негіздерімен танысуға руханият дамып келе жатқан бүгінгі күні толық мүмкіндік туып отыр. Исламда бала тәрбиесі жігіттің өзіне қалыңдық таңдау сәтінен – ақ басталады. Өйткені, болашақ ананың ары бар, ақылы бар, ұятты, көргенді болуы ұрпақ тәрбиесіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Шығыс халықтарында айтылатын «Бала қымбат болса, баланың тәрбиесі одан да қымбат» деген нақыл сөздің мәні терең. Өйткені, тәрбиелі ұрпақ – ата – ананың мақтанышы, елдің ертеңі. Кез-келген халықтың болашағы, оның өміршеңдігі рухани қайнардан сусындаған, ұлттық рухы кемел, жақсы тәрбиеленген ұрпақтың қолында. Егер ұлт өз болашағын аманат етіп тапсыратын текті, саналы ұрпақ өсіре алмаса, оның келешегі бұлыңғыр тартпақ. Сөз жоқ, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттың келешегіне ата – ана жауапты. Сондай – ақ, баланың тар ойлы, жетесіз болып өсуіне, парықсыз қылық танытуына тәрбиешінің кінәләнғаны тегін емес. Тіпті, «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген Иран елінің мәтелі де осыдан туған. Сол себепті, ұрпағының өзінен оза туғанын қалаған мұсылман халықтары бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Бүкіл салт – санасы, әдет – ғұрпы, ертегі, аңыздары, мақал – мәтелдері, жыр – термелері, ойын – сауығы, жұмбақтары мен жаңылтпаштары барлығы да айналып келіп тәрбиеге тірелген.


ОтАУ ТІГУ
«Отан – отбасынан басталады». Ата – бабамыз осылайша атан түйенің белін қайыстырар алапат ойды жалғыз ауыз сөзге сыйдырыпты. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген қағиданы ана сүтімен бойға дарытқан қазақ үшін ары жанынан жоғары тұрған. Сол себепті де, жарық дүниеге шыр етіп келген сәбидің күні ертең – ақ ержетіп отбасын құрайтынын ескеріп, ерте қам жасапты. Арлы да көргенді жұртпен араласуды, қыз алып, қыз берісуді ойлаған. Қазақтың «бел құда», «бесік құда» болатын ежелгі дәстүрі осыдан бастау алған. Бұдан «он үште отау иесі» деген аталы сөздің де бекер айтылмағанын байқаймыз. Қазақтың баласы мен қызының отау тігуіне қатысты айтылған даналық сөздерін, сан ғасыр сұрыпталып бізге жеткен әдет – ғұрыптарын, дәстүрлерін, салт – жоралғыларын жиып – теріп қарастырсақ, кешегі көшпелі жұрттың өмір салтынан тұтастай ислам пәлсапасы айқындала түсер еді.

Үйленуді әрі ғибадат, әрі сүннет деп ұғу керек. Сондықтан да ата – ананың мұсылмандық міндеттерінің бірі – мұсылман үмбеті деген атқа лайық иманды перзент тәрбиелеу. Шаңырақ көтеретін екі жас алдарына осындай асыл мақсат қойса, болашақта отбасынан басталатын отаны берік болады.

Бас – аяғын терең ойластырып, ыстық сезім мен нұрлы ақылды басшы етіп тігілген отау баянды, сол отауда жарық дүние есігін ашқан ұрпақ та қайырлы болмақ. Жар таңдағанда ең әуелі көрікке емес. көргенді жерден шыққанына көңіл бөлген абзал. Ата – бабамыз да ұрпағына:

Жал – құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз.

Қалың малы арзан деп,

Жаманнан қатын алмаңыз.

Айтқанымды тексермей,

Алды – артыңды тектемей,

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас.

Ақылымды ескермей,

Жаманнан қатын алсаңыз,

Топқа түсер ұл тумас...

Жаманнан – жақсы туса да,

Жақсыдан – жаман туса да,

Тартпай қоймас негізге. (Бұқар жырау)-деп, көргенді жердің қызын алуды танытудай танытып кеткен. Парасатты отбасын құру – болашақ ошақ иесі мен отағасына да сын.

Халқымыз ертеректе ер жігіттерді былайша сынаған екен. «Күйеу жігіт білім – білігі бар, шаруашылыққа икемді, епті болуға тиіс. Ата – бабаларымыз «Пайғамбардың сүннетін өтей алсаң, үйлен», - дейді екен. Ол үшін жігітті ат үстінен аударысу, жамбы ату, садақ тарту, шауып бара жатып шұқанаққа салынған затты ілу, күрестіру, отын жарғызу, мал бақтыру, диқаншылық, қонақ күту, той –томалақты өткеру, өлең айту, мал сою, пышақ қайрау, шалғы, кетпен шыңдау, т.б. сияқты сынақтардан өткізген. Сөйтіп, өз беттерімен жандарын бағып, үй болып кете алатындарына көздерін жеткізген. Ұстанымдық жағынан, бүгінгі таңда да дәл аталғандардай болмаса да, сол сипаттас шарттар қажеттілігі артпаса, кеміген жоқ.

Дінімізде де иманды, ибалы жар таңдау – ең әуелгі міндеттердің бірі. Отау құруды ойлаған жастар бір-бірін тануы, білуі керек. Үй сатып аларда, көршілерге де мән бересің ғой. Егер көршілер жаман болса, қаншалықты арзан және ыңғайлы болса да, ол үйді сатып алғың келмейді. Өйткені, мінезі, тәртібі ауыр көршімен бірге тұру-азап. Сол сияқты дос, жолдас болатын адамды сынап-білуің, үйренуің, ләзім. Кез-келген адаммен жолдас болмайсың. Үйлену де сол сияқты. Кісі үйленер алдында жеті өлшеп, бір кессе, дұрысы - сол.

Мына сөздерді есте ұстаған дұрыс:

- «Ах-уһ» -деп барлық нәрсеге наразы бола беретін;

- Істеген ісін міндет ететін;

- Бөтен еркектерге көз қырымен болса да, нәпсі қоздырып қарайтын;

- Көшеде сәнденіп, үйде парасатсыздықпен киінетін;

- Саған бой ұсынбайтын, тәкаппар, дөрекі қыздарды жұбайлыққа таңдама.

Үйлену оңай, үй болу қиын. Жаратылысы басқа, бөлек-бөлек ортада өскен екі адамды көз алдыңа келтір. Бөгде ортаға сіңіп кету, олардың заңы мен тәртібін қабылдау оңай емес. Сондықтан үйленген жастардан өзара сүйіспеншілік, мейірімділік пен жанқиярлықты талап етіледі.

Жақсы қолбасшы – дауылды теңізде кемесін суға батырмай жүргізе алған қолбасшы. Бір-біріне бағынып, сөзге тоқтап, сыйластық болған жерде баянды бақыт болады.

Хазірет Пайғамбарымыздың «Кімде - кім әйелінің жүзіне күлімсіреп қараса, оған он сауап жазылады. Сүйсе, жиырма сауап, құшақтаса, отыз сауап, қосылса үш жүз сауап жазылады....» деген хадисі де тұрмыс құрғандар үшін есте жүретін жолдар.
ӘКЕ-АСҚАР ТАУ
Әке - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі - ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мадақтайды. 

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен.

Үйде еркек - әрі қожайын, әрі оқытушы, әрі отбасы. Хазірет Омар (р.а) халифа болып тұрған кезінде бір кісі келіп баласының қылықтарына көңілі толмайтынын айтады. Сөз тыңдамай, қит етсе өзіне қарсы келетінін сөз етеді. Халифа баланы шақыртып, бұның себебін сұрайды. Баласы «Уа, мұсылмандардың әміршісі, әкенің бала алдында ешқандай міндеті жоқ па?» деп сұрайды. «Әрине, бар» деген халифа Омар ол міндеттерді:


  • «Әке ең алдымен болашақ ұрпағына ары таза, мінез – құлқы жақсы ана таңдауы керек (яғни сондай әйелді жар етуі қажет). Сосын баласына жақсы ат қоюы керек, оған Құран Кәрімді үйретуі қажет деп тізбектейді.

Мұны естіген бала «Ендеше, әкем бұлардың ешбірін де орындаған емес. Маған ана ретінде таңдаған әйелі мәжуси (отқа табынушы), қойған аты «тасбақа» деген мағынаны білдіреді. Ал Құраннан бір әріп те үйреткен емес» дейді.

Сонда хазірет Омар баланың әкесіне қарап «Негізінде сенің үстіңнен балаң шағым жасауы қажет екен. Баланың алдындағы парызыңды орындамасаң, бала да әкенің алдындағы өз міндетін орындамасы анық» деп кінәнің әкеде екенін түсіндірген екен. Ал ағайын ұлымызға өзіміз үлгі болып, өнеге көрсетсек, қызымызды ақылмен ұстай білсек, ұрпақ алдындағы парызымыздың өтелгені, өзіміздің де бақытты қарттығымыздың кепілдігі емес пе?!

Таңертең үйден шыққанда және кешке үйге кіргенде жүзің жарқын болсын. Қаншалық қапа болсаң да, есіктен күлімсіреп кіруге әрекет ет. Үсті-басыңның шаңын қағып кіргенің сияқты, көңіліңнің шаңын табалдырықта тазалап ал. Көшенің шаңы көшеде қалсын, оны үйіңе алып кірме, біреуге білдірме. Лұқпан әкім «Ақылды адам отбасында пәк бала сияқты, тысқарыда байсалды болады» деп айтқан екен.

Отбасындағы ұл тәрбиесінде әкенің орны ерекше. Үй ішіндегі сүйіспеншілік пен сыйластық бала тәрбиесіне оң әсер етеді. Әке-шешесінің бір-біріне деген ілтипатын, құрметін, тазалығын, ықыласын көріп өскен балаға олардың айтқан ақылдары жұғысты болады.

Сондықтан да әкенің балалары алдындағы жауапкершілігі өте жоғары. Алдымен олардың өздері өнегелі болуға тиіс. Отбасының басшысы бола отырып, әкенің арақ ішуі, темекі тартуы, жағымсыз сөздерді айтуы - өте үлкен қате. Мұндай әке отбасын жаманшылықтардан қалай сақтайды?! Оларға қай бетімен «темекі тартпа, арақ ішпе» деп айта алады.

Әкенің балаға тәрбие беру жақтары, шынын айту керек, соңғы кездері әлсіреп кетті. Жұмысты сылтау қылып, мектептегі ата-аналар жиналысына да қатыспайды. Баланың оқуына, тәртібіне жете көңіл бөлмейді. Бәріне анасы жүгіріп жүреді. Дегенмен, баласының болашағын ойлаған әкелер, бала тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, жақсы азамат болып шығуына ат салысып еңбектенулері керек.

Қазіргі қоғамдағы бала тәрбиесіндегі шешімі өте күрделі мәселелердің бірі - бұл компьютер әлемі. Үстіміздегі жылы жаңа оқу жылының басталуына байланысты Шетпедегі Нұн Жұбаев атындағы мектепте болған жиында осы ойымды түйіндеп -

О, баста Қазақ едік түйе мінген,

Әлемді кезіп едік түйеменен.

Бұл күнде, жаһандану жайпап келеді,

Әлемді компьютермен иеленген, - деп, қазіргі қоғамды компьютерсіз елестете алмайтынымызды, онсыз аяқ баса алмайтынымызды айта келіп, әрбір азаматтың оны меңгеру үшін өте білімді болуы қажет екенін қысқаша айтып өткенмін. Бірақ, әрбір жасанды заттың бір жағында пайдасы болса, екінші жағынан зиянды жағы болады. Сол сияқты компьютер әлемінің ақпарат майданында көл-көсір пайдасы болғанымен, адамзат ұрпағына тигізер алапат зияны да бар. Ең үлкен зиян - ол адамның денсаулығын құртуы.

Соңғы кездері дүние жүзінің ғалымдары компьютерді көп пайдаланған адамдардың үшінші ұрпағының басым көпшілігі белсіздікке ұшырайтындығы, соның салдарынан адамзаттың даму демографиясының күрт кететіндігін айтып, байбалам салуда. Егер де осыншама алапат зияны болмайтын болса, сол компьютердің атасы болып саналатын, 1976 жылы студент кезінде қасындағы жолдасымен бірігіп жасап, өткен ғасырдың 90 жылдардың басында дүниеге компьютерді алып келген, қазіргі кезде дүние жүзіндегі ең бай адамдардың бірі болып саналатын Б. Гейтцтің өзі туған баласын компьютердің алдында тәулігіне 20 минут отыруға рұқсат етеді екен.

Мұны түсініп жатқан ата-аналар көп емес. Керісінше «бала тыныш болса болды» деген желеумен, күні-түні бақылаусыз, есепсіз компьютердің алдында отыруларына рұқсат ете береді. Қаншама бала жасына жетпей айықпас дертке шалдығып, орны толмас өкінішке ұрынып жатыр? Осы айтылған күрделі мәселені өз деңгейінде шешу - әрбір отбасындағы әкенің басты міндеті болып табылады.

Әкенің екінші бір міндеті - мүмкіндігіне қарай, бос уақыттарында патриоттық негізде тәрбие болып табылатын, балаларға рух беретін, адалдыққа, тектілікке, ерлікке, қайсарлыққы, батырлыққа бастайтын бұрынғы өткен ақын-жыраулардың, би-шешендердің әңгімелерін, толғауларын, қиссаларын, ең болмаса, солардан үзінділер айтып отырса абзал болады.

Мысалы, орта жүздің атақты биі Қаз дауысты Қазыбек 14 жасында қалмақ еліне жүз кісіден тұратын қазақ елінің атқосшысы болып барып, қалмақ ханы Қоңтажыға елшіліктің басшылары батып айтпағанына ызаланып, ханға қарысып тұрып былай депті:


  • Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Дұшпаны басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызын жатқа құл-күң ғып отыра алмайтын елміз,- деп Қазыбек одан әрі белгілі толғауын тақпақтап кетеді

  • Сен темір болсаң, біз көмірміз, еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз, танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға келмесең, шабысқалы келгенбіз, сен қабылан болсаң, мен арыстан - алысқалы келгенбіз, жаңа үйреткен жас тұлпар - жарысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз, бітім берсең жөніңді айт, бермесең тұратын жеріңді айт!- депті...

Сөйтіп, тұтқындағы қазақтың ұл-қыздарын, айдалған малдарын түгелдей Қазыбек босатып алып қайтыпты.

Немесе, Қашаубай жыраудың:

Балдай тәтті болмаңыз,

Жоғаларсың жұтылып.

Удай ащы болмаңыз,

Тастар сені түкіріп.

Халық қазанын қайнаттым

Қолымның кәне қарасы?

Ел үшін азап көп көрдім,

Етімнің кәне жарасы.

Мінезінен белгілі,

Жақсы-жаман арасы, - деген толғаулары кез-келген балаға еңсесін көтертіп, рух беретіні сөзсіз. Қолдан келсе, баланы үнемі жақсы сөзбен тәрбиелеген жақсы. Жақсы сөз – жарым ырыс.

Тәрбие барысында сөзге абай болған жөн. Себебі, әрбір жаман сөздің бала жанына дақ түсіретіні ақиқат. Жаман сөздің қатарына қорлау, масқаралау, ұрсу, боқтау, қарғап-сілеуді жатқызуға болады.

Жаман сөз баланың психологиясына және тұлғалық қалыптасуына кері әсер ететінін қазіргі мамандар да бірауыздан құптайды. Балаға ұрса берсе, кейін оның бұл сөздерге еті үйреніп қалатындығы соншалық, ондай сөздерден ләззат алатындай дәрежеде психологиялық ауытқушылықтардың қалыптасатынын айтады, «сені тастап кетемін», «саған әке болмаймын», «сені жек көремін», «басқа бір бала асырап аламын», «өлтіріп тынатын болдың ғой» т.б. сияқты сөздер баланың бойында сенімсіздік, қараусыз қаламын деген үрей, өзін қор санау сияқты комплекстердің қалыптасуына жол ашатынын айтады. Балаға «сен жамансың, ақымақсың, қолыңнан түк келмейді» дей берсе, бала соған сеніп, солай қабылдап қалады. Оның орнына «сен жақсысың, сүйкімдісің, ақылдысың» деу керек. Сонда ол жақсы, еңбекқор, пысық, сүйкімді болып сені ренжітпей риза ету үшін барын салады» дейді.


АНА-БҰЛАҚ
Қоғамның қуат тірегі – отбасы. Сол отбасының бекем болуы әйел адамдарға байланысты. Алайда, әйелдер құқығы әр елде әртүрлі. Арабтар қате басқан қадамы үшін қыздарын тірідей жерге көмді. Үнділерде әйелдер мүлік қатарында қаралып, ерлерінің жеке меншігі саналды. Сати заңы бойынша өлген ерімен бірге әйелі де өртенген. Мұндай өлім қасиетті, еріне шын берілу тұрғысында саналғанымен, кімнің өлгісі келеді? Сөйтсе де оларды күштеп өртеп отырған. Оның үстіне жесір қалған әйелдерге тұрмыс құруға тиым салу заңы тағы болды. Осындай тағылық заң тек ХІХ ғасырдың ортасында ғана күшін жойды.

Жапонияда әйелдерге көпшілік табынатын орындарда табынуға тиым салынған. Қытайда шіркеуге әйелдерді кіргізбеген. Рим заңы бойынша әйел еріне басыбайлы болып, өзіне тиісті дүние-мүлікке де ие бола алмаған. Сол секілді өзіне бала да асырап ала алмаған. 

Қазақ қоғамындағы әйелдердің орны жайлы әңгімелегенде, Орта Азияны мекендеген басқа халықтардың әйелдерімен салыстырғанда, қазақ қыздары мен әйелдерінің анағұрлым еркін болғанын айтқан жөн. Олар жүздерін жамылғылармен бүркемей, ашық жүрген. «Бетіңді жаппа, бетіңді баспа - жаман ырым» дегенді естіп өсті. Халқымыз бетін жасырғаннан қауіптенген.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейтін қазақ қыз балаларының тәрбиесіне аса үлкен назар аударды. Қыз баланың тәрбиесіне ең бірінші АНАСЫ жауапты болған. Түйгені көп шеше қызын болашақ үлкен өмірге дайындайды, кәмелетке толғанға дейін бойжеткен болашақ отбасы өмірінің басты міндеттерінен сабақ алады. Ол - ерінің адал жары, ана болу, отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындық тәрбиесінен өтеді. Қазақ қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Бойжеткен үйлену тойының ертеңінде бүкіл ру, әулет, ауылға келін болып саналады. Ал сол келіннің әр ісі, қаракеті, сөйлеген сөзі - өзінің анасының берген тәрбиесінің көлеңкесі, келін келген жеріне сыйсыз боп, мінезі шәлкес болса, ұяты шешесіне келеді, себебі ол өз үйінде анасының істегенін жаңа ортаға салады, қыз – өз шешесінің көшірмесі, көргенін істейді. Жақсы келін жақсы анадан шығады, жақсы келін күйеуінің үйінің берекесін кетірмейді, берекесін келтіреді. Өзі аттаған босағасының, рудың адамы санатына қосылып кетеді.  Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, тіріде өзін, өлгенде аруағын құрметтеу - жақсы келіннің әдептілігі мен тәрбиелілігінің айғағы. Тұрмыстағы көргені мен түйгені, ақылдылығы, парасатты келінді есейе келе, ауыл-үй құлақ салып ақылдасатын ана дәрежесіне көтереді. 
Ал дауысы бір рет қатты шыққан келіннің ары қарай ата мен ененің алдында, өзінің күйеуінің алдында, баласы мен қызының алдында беделі түседі. «Шөлмек сынса, қалпына келмес», құрағанмен, сызат көкейде қалады. Құдалар сыйласқандарымен, үйдегі берекетсіздіктен бір-бірінен алшақ жүреді, алыстан сыйласады. Себебі, олардың «үкілеген» қызының бүгінде бір рулы елді «уфілетіп» отырған келін болғанын айта алмай іштерінен тынады. Отбасы шайқалады. Сондықтан қазақ «Шешесіне қарап қызын ал» деген.  Отбасындағы реніш баланың тәрбиесін бұзады. Ұл жалтақ, қорқақ, жасқаншақ, қыз шешесіндей өктем, мінезсіз, шайпау боп өсе бастайды. «Көргенсіз келін» атанып, анасының абыройын төгеді, сүйекке таңба салады, әкесінің қадірі кетеді, ағайынның арасы ажырап, қоғамға тәрбиесіз ұл мен қыз кіреді. Сөйтіп, тәрбиесіздік келе-келе елімізді бұзады. Зиянды қылықтар, қоғамға жат әрекеттердің елде белең алуы міне, осындай анадан қалыптасады.

Өзіміз ұнатып тыңдайтын, ақын, сазгер, әнші қызымыз Роза Әлқожаның мына бір сұхбаты көпшіліктің назарында жүр. Бір қайтара оқып, керегіне пайдаланса, кім-кімге де өнеге болары сөзсіз.



... Нағашы апам ерте қайтып, шешемнің жеңгесі бізге әже орнына әже болды. Өзі әйелдің асылы еді. 28 жасында жесір қалып, алты баланы бір өзі жетілдірді. Неше жыл мұғалім болды. Осы апамыздан сұрамаймын ба?

  • Апа, неге осы ҚАЗАҚТЫҢ келіндері орамалсыз жүрмеуі керек?

  • Е, жарығым! Әйел орамалын тақпаса – арын ұмытады. Күйеуінің барын ұмытады. Шашы – тамаққа түседі, өзіне келген қонақтың назары түседі.

  • Ал сәлем салмаса ше?

  • Сәлем салмаса – өзін сыйлайтын қайын ата, ене, қайын аға, қайын әпкеден, абысыннан айырылады. Тегін батадан қағылады.

  • Келін міндетті түрде униформа (орамал, халат, ұзындау көйлек) киіп, келін болып шауып жүруі керек пе?

  • Қыз қалыптан әйел болуға көндіретін ол – Сәлемі. Жат жұрттың алдындағы әдебі! ҚЫЗ күнін қиып, қыдыруын тиған – қатын болады. Қатын болған келіннің – қазаны отқа жақын болады. Құрсағын кеңітіп, бала тапқан – кең болады. Алпыс екі тамырын иіткен – АНА болады. Басқа салғаннан ой түйіп, тағдырына бас игенге Құдай өзі пана болады. Үлкеннен көргенін бойына сіңіріп, өзі де сол әулетке сіңген келін – дана болады.

  • Ой, қазір жастарды емес, үлкендерді тәрбиелеу керек сияқты ғой?!

  • Бүркіт көзіне көрінгенді алмайды. Көңіліне жаққанды алады. Ақылды атаның баласы ерегіспей, тектілігіне салады. Көргеніңе көз жұм да, көңілдегіңді істе?

  • Бәрін бір келін байғұсқа жүктейді, Қазақ?!

  • Е, балам! Жақсы келін ата – енесін бағады. Ата – анасы ұнатқанды отағасы жылатпайды. Кемінде алты бала тапқанның не айтса да сөзінің құнары болады. Қамысқа қарайтын «шырағы» болады. Аз бала тапқанның тыпыршып айтар «кетем» деген ұраны болады. Аз бала тапқанның шөлдетпейтін бұлағы болады. Әйел – Келін болмаса, керім болмайды. Ене бола алмаса, әдепті келін және болмайды.

  • Бәрі әйелге байланысты емес қой?! Ер азамат та жәрдем беруі қажет емес пе?

  • Дұрыс! АЗАМАТ таппаса, ақшада береке болмайды! Дүние тапқанымен, баққаны көше болса екі дүниеде өзі сорлайды! Еркегі үйіне қонбайтын үйдің – қызы етегін жаппайды, еркіндік сақтайды. Қылық сақтап қымсынбайды. Айналасын жинайын деп ұмтылмайды. Ұлы – ұсақтау, бәдік болады. Қатындардың тірлігіне қанық болады. Әйелі ашынып жүреді, бір ысып, бір суып, басылып жүреді. Көршімен әңгімешіл болады. Үйі бықсып, шашылып жатады. Ондай әйелден әдеп сақтар жар, салиқалы АНА шықпайды.

Еркекті ерітетін де – Әйел, жерітетін де – Әйел. Беделін – биік қып, абыройын кемітетін де – Әйел!!! Әйел жұмсақ болмаса, еркек далаға қашады. Далада көп былыққа араласады. Араласқан соң тапа – тал түсте сөз таппай сасады. Әр нәрсені сылтау ғып, өтірік ғайбат шашады. Әйелі жақсының ағайыны айналасында жүреді. Ұрпағы ізетті болады.

  • Болды, болды. Бәрін әйелге әкеп тірейді екенсіз ғой?! – деп күліп шығып кеттім....


БОЛАШАҚ ПЕРЗЕНТКЕ АНА ТАҢДАУ
Міне, мұсылмандықта дүниеге келген баланың тәрбиесі, шаңырақ құрылмай тұрып ойластыру қажеттігі осыдан. Ислам отау құрмаған бозбала мен бойжеткенге ана, әрі әке ретінде қарап, болашақ бала тәрбиесіне қаншалықты үлес қосатынына баса назар аударады. Демек, қыз бен жігіт қол ұстасып, жанұялық өмірге қадам баспай тұрып, бір-бірінің бойынан осындай қасиеттерді іздестіру керек. Себебі, ұрпақ тәрбиесі ер мен әйелдің үйленуге шешім қабылдаған сәтінен бастау алады.

Қазіргі кезде көптеген жастар осы бір өміршең мәселеге атүсті қарайды. Тіпті, көшеде, кафеде, клубта кездескен кез-келген біреумен асығыс жанұя құрып кете барады. Отбасы мәселесіне жан-жақты қарап, тәжірибесі бар кісілердің пікіріне құлақ асқан жөн. Кейде сезімге беріліп үйленуден бақыт күткен жанұя оба жайпап, ойраны шыққан тамұққа айналуы мүмкін. Діндар деген кейбір кісілердің өзі осы мәселеге келгенде орашолақтық танытып, кейбір жайттарды ескермей, шалыс басып жатады. Ондайда жанұяның берекесі қашып, ырың-жырыңнан көз ашпайды. Ұрыс-керіс те үзілмейді. Өйткені, отағасының діндарлығы әйеліне, ал әйелінікі еріне ұнамай ырду-дырду күй кешеді. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар тіл табыса алмай, екеуі екі бөлек әлемде өмір сүреді.

Күйеуі діндар, әйелі діннен хабарсыз (немесе керісінше) жанұяда екі түрлі кітап, екі түрлі газет оқылады, екі түрлі әңгіме айтылады. Әйелі бір нәрсені қаласа, оны күйеуі жақтырмайды. Әйелі діни заңдылықтарды, иманды, тәрбиені айтса, күйеуі оны жанжалға айналдырады. Мұндай сүреңсіз өмірді өмір деуге келе ме, келмей ме, төрелігін сіз айтыңыз.

Бала жатырға түскенге дейінгі оның болашақ тәрбиесіне қатысы маңызды қадамдардың бірі- ұрық тазалығы. Бұл жайында педагог ғалым С. Ғаббасов өз ойын былай білдіреді: «Отбасын құруға дайындалу кезеңінде, екінші бір көңіл аударатын үлкен мәселе, бұл осы уақытқа дейін ескерілмей де, тіпті айтылмай да келген ұрық тазалығы жайындағы түсінік. Адамзат қауымы бүкіл саналы тіршілігінде – өзі өсіріп отырған өсімдіктің дәнінің сорттылығын жетілдірумен болса, ал үй хайуанаттарының тұқымын асылдандыруды ойлап, арып-шаршай жүріп, өз ұрпағының келешегін мүлдем естен шығарып алғандығына не деуге болады? Тіпті, ол өзінің ұрпақтарын асылдандырмақ түгілі, ұрығының тазалығын сақтауға да тырыспайтындығын қалай түсінеміз?



(С.Ғаббасов, Халық педагогикасының негіздері, 59-бет, Алматы, 1995 жыл).

Некесіз қосылудың зардабын айтып тауыса алмайтынымыз ақиқат. Атам қазақ өңі түгіл түсінде де көрмеген бұл әрекеттің тәуелсіз еліміз үшін зияны шаш етектен. Алайда, бұл ретте жүректі ауыртпай-ақ солтүстіктегі көршіміздің жағдайын саралап отырып-ақ, зерделеп көрсек, жеткілікті шығар деп ой түйдім. Осы тақырыпқа қалам тербеген Ресейдің ұлтжанды тілшісі адам жаны түршігерліктей мынадай деректі алға тарта отырып: «Бізде үлгілі отбасылардың қатарында саналатын, бірнеше бала сүйіп отырған әйелдердің 98 пайызы некеге дейін (күйеуінен бұрын) жыныстық қатынаста болғаны анықталған. Әрине, олардың денінде генетикалық мәселелер орын алмағанмен, жалпы жағдай көңіл қуантарлық емес. Өткен жылы дүниеге келген әрбір мың баланың 53-і шала туылса, 174-і генетикалық ауруларға ұшыраған. Ең ірі қалаларымыз Мәскеу мен Санкт-Петербургтағы мектеп оқушыларының тек 3,5-4 пайызы ғана психикалық және физикалық ауытқулардан аман. Бұл тұтас ұлттың жойылуына әкеліп соқпай ма? Кезінде ешкімнің қолы жете қоймайтын орыс қызы бүгінде көрінгеннің (әсіресе шетелдіктердің) қолжаулығына айналды», деп жаны күйе шырылдайды.

Мақала авторы егер Ресей батыстық үлгідегі сексуалдық төңкеріс жолынан айнымайтын болса, кезінде әлемде империя құрған римдіктер, ацтектер және басқа да халықтар әлем картасынан жоғалып кететінен ескертеді. Өйткені, олар әбден масайрап, жөн-жосықсыз жыныстық қатынасқа түсіп, пәктік сияқты құнды қасиеттерінен айырылып қалған болатын. Ол өзінің зерттеу жұмысында қызықты жәйттерге куә болады. Ресейде бала туу жағынан алда тұрған Шешенстан, Қарашай-Черкес, Қабардин-Балқар т.б. ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрпын берік ұстанатын республикаларда мұндай түйткілді мәселелердің өте аз екеніне назар аударады. Себебі, олардың мұсылман халықтары екенін іштей сезген болар, сірә....

Еркек пен әйел - дүниеде ең құрметті және ақылды жаратылыс. Бұл екі жаратылыс әрдайым бір-біріне мұқтаж. Олар бөлек жасау үшін емес, бірге өмір сүру үшін жаратылған. Мұны қадірлемей, бойдақ өмір сүру – үлкен қателік. Өткен шариаттардың ешбірінде еркек пен әйелдің бойдақ өмір сүруіне үндейтін ешбір әмір немесе өсиет жоқ. Бірақ еркек пен әйелдің жұптасуы тек шариат некесімен ғана болуы керек. Екеуінің де пікірі, көзқарасы және сезімдері үйлесімді келсін. Сонда олар өзара сүйікті болады, жүрек дәнекерліктері мықты байланады.

Бірге өмір сүруге Аллаһтың шариатымен ұйғарым берген ер-әйелдің бір-бірінен ажырасуы да, әлбетте, заңды болуы және анық бір себепке сүйенуі керек. Олай болмаған жағдайда, олардың ажырасуы - қылмыс.

Қазіргі жастар болашақ келіннің қас-көзіне, тұлғасына, реңіне, сұлулығына, әдемі күлкісіне, сәнденіп жүрісіне, өлең айтуына, билеуіне, оқу орнына, дипломына көбірек қарайды. Әкесінің байлығына қызығып үйленуге әрекет етіп жатқандар да көп. Бірақ дәулетті әйелге үйленіп бақытты болғандар аз. Керісінше, қарапайым қызға үйленіп, бақытты өмір кешіріп жатқандар аз емес...

Бай әйелге үйлену көбінесе, оның қызметшісіне айналу сияқты көріксіз нәтижеге душар етуі мүмкін. Бірақ тағдырдың қалауымен бай, бірақ кішіпейіл бір қызға үйленуге тура келсе, оны қайтармауың керек. Сондықтан да о баста дәнек таза болса, өзі адал және пәк болса, ондай анадан көбінесе өмірге ең салауатты нәрестелер келеді. Және олар тәрбиеге бейімделген, айтқанды тез қабылдайтын болады. Себебі, олардың о бастан жүректері таза болып келеді.

Тоқсан ауыз сөздің түйіні:

«Алған жары жігіттің жақсы болса, ат үстінен дүбір етер. Алған жары жаман болса, үйге кіріп, сыбыр етер» деген аталарымыздың сөзін түсінер ақылды ұл мен қызымыз болғай!!!
Мүбәрәк күйеу бала
Ертеде Мәрв қаласының қазысы бойжеткен қызына жар іздепті. Хабар елден – елге тарап, құда түсушілердің саны күннен – күнге артса керек. Бірақ, неге екенін, айттырушылардың ешқайсысына қазының көңілі толмапты. Сөйтіп жүргенде, бір күні түс көріпті. Түсінде қызының теңі есігінде жүрген Мүбәрәк деген құл екендігі аян болыпты. Түсті қатарынан бірнеше рет көрген соң, құлын лажсыз ары – бері сынапты. Сенімді, салиқалы екеніне көз жеткізгеннен кейін қызын ешкімнің қарсылығына қарамастан, құл да болса соған некелеуді ұйғарыпты.

Арада бір айдан аса уақыт өтеді. Бір күні қазы қызының хал – жағдайын біліп қайтайын деп, жас жұбайлардың үйіне барыпты. Оңаша әңгіме барысында қыз күйеуінің өте жақсы кісі екенін, алайда, осы уақытқа дейін қасына әлі жақындамағанын білдіреді. Қазы дереу күйеу баласын шақыртып, істің мәнісін сұрайды. Жігіттің жауабын естігенде, қазының еріксіз көңілі босапты. Қызын нағыз өзі арман еткен жігітке қосқанына көзі жетіп, АллаҺқа мың мәрте шүкіршілік етіпті. Атасының сауалына күйеу баласы «Қаланың атақты биі болғандықтан, сізге келіп – кетушілердің көп екендігі белгілі. Сыйлықтар мен сый – сияпаттар да әкеліп жатады. Сол сый – сияпаттардан қызыңыз аңдаусызда ауыз тимеді ме екен деген ой келді. «Харам ас жесең, оның әсерінен қырық күн өтпейінше, толықтай арылмайсың» дегенді хадистерден оқып едім. Сол үшін қымбатты жұбайымды алдымен қырық күн өз маңдай теріммен тапқан адал табыспен асырағанды жөн көрдім. Сонда ғана АллаҺ тағаланың нәсіп етер ұрпағы ертең иманды, көргенді болар деп үміт еткен едім» деп жауап берген екен. Кейіннен осы шаңырақта дүниеге келген АбдуллаҺ ибн Мүбәрәк өскенде беделді ғалым, әрі әулие кісі болыпты.

Бір ескерте кетерлігі, біз бұл жерде ерлі – зайыптылар осылай міндетті түрде қырық күн тазару керек деген ой айтудан аулақпыз. Өйткені, бұл шариғат белгілеген нәрсе емес. Тек бұрынғы тақуа мұсылмандардың қайырлы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы барған қадамдары ғана. Бәлкім, осы ғибратты әңгімелер біздің де бала тәрбиесіне деген жауапкершілігімізді арттырар.


Хикая
Өткен замандарда бір әміршінің ұлы үйленгісі келіпті. Сөйтіп, ол ұстазынан қандай қызға үйлену керектігін сұрайды.


  • Келін болам деген қыздарды сына. Діндар және бойұсынатынын әйелдікке таңда, - депті ұстазы оған.

Әміршінің ұлы әйелдікке таңдаған қыздарды былай сынайды. Оларлы теңіз жағасына алып келіп, барлығының қолына бір-бір алтын теңге ұстатады. Сосын оларға алтын теңгелерді теңізге лақтыруды бұйырады. Олардың бірі еш ойланбастан алтын теңгені теңізге лақтырып жібереді де, қалғандары ойланып, дүдамал күй кешіп барып лақтырады. Ал кейбіреулері әмірші ұлының бұйрығына бойұсынбайды. Сонда жігіт бұйрыққа ойланбай бойұсынған қызға үйленуді ұйғарыпты.

Сабырлық пен жұмсақтық
«Балаларға жақсы қарап, оларды қинамай, бәріне теңдей қарап ата-анасының алдындағы міндеттерін дұрыс орындаулары үшін көмектесіңдер. Оларға мейіріммен, қайырымдылықпен қарап, ата-анасына қарсы шығудан сақтандырыңдар. Балаларға осылай қарау оларды мойынсұнушылыққа тәртіптілікке үйретіп, қарсы шығып, бағынбауларының алдын алады» деп түсіндіреді.

Сабырлық
Ертеде бір жігіт екі нәрсені арман етіпті. Біріншісі – сұлу қызға үйлену де, екіншісі - дүниедегі оқу атаулыны тамам ету. Сөйтіп, ару қызға үйленеді де, келесі жылы оған өзінің екінші арманын айтып, рұқсат сұрап, дүниедегі бар оқуды тамамдауға жол жүріп кетеді.

Бірінші күн жол жүріп, сол кездегі бір үлкен шаһарға келіп, он шақты жыл оқып, «енді бәрін тауыстым ғой» деп үйіне қайтады. Үйіне келе жатып, жолда қой бағып отырған қарияға жолығады.

- Ассалаумағалейкүм,- деп сәлем береді.

- Уағалайкүмсәләм, балам, қайдан келесің?-

- Он шақты жылдан бері бар оқуды бітіріп, үйге қайтып келе жатырмын.

- Е, балам оқу оқып, білім алғаның дұрыс, бірақ сол оқудың бас-аяғы не екен, білдің бе?

Жігіт оқудың бас-аяғын айта алмай тұрып қалады.

- Балам, оқудың бас-аяғын біле алмадың ғой, менің мына қойымды бір жыл бақсаң, саған оқудың бас-аяғын айтайын.

«Үйге барғанда тағы да біреу сұрай қалса, не демекпін?» деп, жігіт ойланып қалады. Сонымен, жігіт бір жыл қой бағып, келесі жылы:

- Ата, рұқсат болса, үйге қайтайын, оқудың бас-аяғын айтыңыз,- дейді.

- Айтайын, балам, «оқудың бас-аяғы –«сабырлық», әрқашан есіңде болсын. Жігіт «оқудың бас-аяғы-сабырлық» деп қайталай, «осы сөз үшін бір жыл қой бақтым-ау» деп ренжіп жүріп кетеді.

Тағы да бірнеше күн жол жүріп, түнде үйіне келеді. Ақырын ғана әйнектен сығаласа, май шам жанып тұр, әйелі жалғыз емес сияқты. «Е, мен кеткен соң әйелім біреуге тиген екен» деп ойлайды да, есікті ақырын ғана ашып, «бұлардың екеуін де көзіме күйік қылмай жоқ қылайын» деп босағада жатқан балтаны алып көтере бергенде, бағанағы қарияның айтқан «сабырлық» деген сөзі ойына түсіп кетеді де, таң атқан соң көрейін деп, ауыз үйге барып, жатып қалады.

Таңертең әйелі бас салады. «Қашан келдің, бізді неге оятпадың? Әкең келді, сәлем бер» деп, баласын шақырады.

Сөйтсе, әйелінің жанындағы өзі оқуға кеткенде іште қалған баласы екен.Оқудың бас-аяғы сабырлық екенін жігіт сонда ғана біледі.





Сүйіспеншілік, табыс және байлық
Бір әйел үйінен сыртқа шыға бергені сол екен, есігінің алдынан нұрлы жүзді үш қарияны көреді. Қариялардың жүздерінен шаршап – шалдыққандары белгілі еді. Қарындары да ашқан шығар деген оймен әйел:

- Сіздерді жыға танымадым, дегенмен, шаршаған сияқтысыздар. Үйге кіріп тынығып алыңыздар. Сіздерге ыстық тамақ әзірлейін, - дейді.

Қариялар:


  • Отағасы үйде ме? – деп сұрады.

  • Жоқ, әлі жұмыстан келген жоқ.

  • Е, олай болса, отағасы келсін, сосын кірерміз, - дейді қариялар.

Күйеуі жұмыстан оралған соң, әйелі болған жайды баяндап береді.

Күйеуі: - Қонақ – үйдің құты емес пе? Дереу шақырып кел, ас ішіп, әлденіп алсын, - дейді ашық – жарқын көңілмен.

Күйеуінің құптағанын көріп, әйел жүгіріп сыртқа шықты. Қариялар әлі отыр екен.

- Отағасы келді, сіздерді үйге шақырып жатыр, - дейді әйел қуана.Сонда қариялардың бірі орнынан тұрып:

- Біз үшеуміз үйге бірге кірмейміз. Мына жанымдағы қарияның аты - Байлық. Ал мына кісі – Табыс. Менің атым – Сүйіспеншілік. Барып, күйеуіңмен ақылдас, қайсымызды шақыратындарыңды сосын айтарсыңдар, - дейді.

Әйел қарияның айтқанын күйеуіне жеткізеді. Сонда күйеуі:



  • Қандай тамаша! Байлықты шақырайық, үйіміз байлыққа толсын – дейді. Ал әйелі болса:

  • Неге табысты шақырмасқа? Ісіміз оңға бассын, - дейді қарсылық білдіріп. Сол кезде бір шетте ата – анасының әңгімесін тыңдап тұрған бүлдіршін қыз:

  • Сүйіспеншілікті шақырсақ болмай ма? Сонда үйіміз сүйіспеншілікке, сыйластыққа бөленер, - дейді. Қызының сөзіне бір сәт ойланып қалған әкесі:

  • Қызымыз дұрыс айтады. Әуелі, Сүйіспеншілікті шақыр. Ол біздің қонағымыз болсын, - дейді. Мұндай шешімге сүйсінген әйел асығыс басып сыртқа шығады. Шығуын шыққанымен, шешімдерін айтуға қысылыңқырап, бәсеңдеу үнмен:

  • Кешіріңіздер, біз Сүйіспеншілікті шақыруды дұрыс көрдік, - дейді.Сол сәтте қариялар да орындарынан тұрып, үйге кіруге қамданады.

Әйел:

  • Мен Сүйіспеншілікті шақырдым. Сіздер үшеуіңіз бірге үйге кірмейміз деп едіңіздер ғой, - дейді түсінбеген кейіппен. Сонда Сүйіспеншілік атты қария күлімсіреген жүзбен былай дейді:

  • Егер сендер Табысты немесе Байлықты шақырғандарыңда қалған екеуміз сыртта қалар едік. Алайда, сендер бірінші мені шақырдыңдар. Ал мен қайда барсам да Табыс пен Байлық менімен еріп жүреді.

Ия, сүйіспеншілік шаңыраққа енсе, байлық та, табыс та қоса енеді. Әрі табыс пен байлық тек қана материалдық нәрселермен өлшенбейді ғой? Олай болса, таңдау сізде.

Имам Ағзам және бал
Бір бала балды көп жей береді екен. Балаға бұл әдетін қойдыра алмаған әке – шешесі жағдайды айтып, баланы Имам Ағзам Әбу Ханифаға ертіп әкеліпті.

Имам баланы өзіне қырық күннен кейін әкелуді тапсырады.Айтылған қырық күн өткенде, имам бар болғаны балаға «Балды енді көп жеме, жарай ма?» деп ескертеді. Бір қызығы бала содан бастап, бал жеуін сап тыйыпты.

Кейіннен баланың ата – анасы:

- Не себепті кеңесіңізді қырық күннен кейін бердіңіз? – деп, таңырқағанда, имам:

- Баланы әкелген күні өзім бал жеген едім. Егер өзім жасаған істі басқаға жасама десем, насихатымның әсері болмас еді. Балдың әсері ағзамнан толық кеткенше қырық күн күтуіме тура келді. Содан кейін ғана насихат айтуды жөн көрдім, - деп түсіндірген екен.
Бала – жағадағы ҚҰРАҚ
Кей ғұламалар баланы «туған күннен бастап тәрбиелеу қажет» деп жатады. Шын мәнінде, бұл да жеткіліксіз. Нәрестені анасының бойына біткеннен бастап тәрбиелеу қажет. Осы кезден бастап, болашақ перзенттің анасының күнделікті көңіл-күйі өте жоғарғы деңгейде болу керек. Мүмкіндігінше, маңдайы жазық, қабағы ашыңқы, ешқандай уайым-қайғысыз шаттық күйде болғаны жақсы. Жақсы ортада, таза ауада, сұлу табиғатта күншуағы мол әдемі жерлерде болуы, іштегі өсіп келе жатқан нәрестеге көп әсер етеді. Анасының құрсағындағы өсіп келе жатқан нәрестенің төрт айдан кейін, есту мүшелері дамып сыртқы дыбыстарды ести бастайды. Міне, осы кезден бастап нәрестенің анасы, бос уақыттарында көңілді әуендерді айтып, жақсы сөздерді айтып жүргені нәрестеге оң әсер береді. Ешуақыта дауыс көтеруге, жекуге, айқайлауға, шыңғыруға, жағымсыз сөздерді айтуға болмайды. Мұндай жағдайда іштегі нәресте шошып, тырысып, бұғып қалады. Соның салдарынан болашаққа қорқақ, жасқаншақ, жалтақ нәрестелер келіп жатады.

Дүниеге келген нәрестенің алғашқы сәттен бастап тәрбиесі - оның тамақтануы болып есептеледі. Дүниеге келген нәрестенің ең басты, ең негізгі және жалғыз тамағы - ол анасының сүті. Анасының уызы мен сүтін еміп өскен баланың денсаулығы өте мықты болады. Ондай бала денсаулыққа зиянын тигізетін улы заттарға қарсы тұра алатын иммунитеті мықты адам болып шығады. Анасының емізу мерзімі кем дегенде екі жыл.

Американың ғалымдары 1980 жылдан бастап, 30 жыл бойы зерттеп, ананың сүтін ешқашан да жасауға болмайтынын және оны ештеңе алмастыра алмайтынын анықтады. Және ананың баласын емізу мерзімі 2 жылдан кем болмауын анықтап, «жаңалық» ашқандай болды.

Ал бұл «жаңалықтарының» бұдан 1400 жылдай бұрын, мұсылмандардың қасиетті кітабы «Құранның» Бақара сүресінің 233 аятында «Аналар балаларын толық екі жыл емізеді» деп жазылғанды көріп таң қалыпты.

Өкінішке орай, соңғы кездері кейбір жас аналар нәрестелерін жасанды сүтпен шөлмек ыдыс арқылы емізіп жатады. Қазіргі жастардың қит етсе, шөлмек сияқты шытынап тұратындары соның әсері ме деп те ойлайсың.

Дүниеге келген нәресте алғашқы күннен бастап сөйлей бастайды. Сіз таңданбаңыз. Оның жылағаны - сөйлегені. Нәресте тілі шыққанша, екі жағдайда жылайды. Біріншісі – қарны ашқанда, екіншісі- денесіне бір нәрсе батқанда немесе ыңғайсыз жатқанда. Және бұл кездерде нәрестенің көзінен жас шықпайды. Баланың тілі шыға бастағаннан кейін онымен үлкен адамша сөйлесіп, барлық уақытта, сөйлеу мәдениетін, сөйлеу әдептерін үйретіп отырған жөн. Балалардың көрмеген, білмеген заттарын таныстырғанда, аттарын атап қана қоймай, оның неден тұратынын, не үшін қажет екенін, маңызын, мәнін, балама сөздерін түсіндіріп отырған абзал болады.

Жалпы баламен сөйлескенде, өте сақ, абайлап сөйлесу керек. Лұқпан әкімнен «ненің арты өкінішті» деп сұрағанда, данышпан «Ойланбаған, асығыстықтың соңы» деп жауап берген екен. Сол айтқандай, баланың әке-шешесі ойланбай, асығыстықпен қате сөйлесе, баланың мінезінің теріс бағытқа өзгеруіне әсер етуі де мүмкін.

«Ол әлі кішкентай, ештеңе түсінбейді» деп ойлайды көп ата-ана. Сөйтіп, балаларының алдында көршілері, мұғалімдері, туыстары, таныстары туралы неше түрлі жаман әңгімелер айтып отыра береді. Бірақ бала әңгіменің мәнін түсінбеуі мүмкін, үлкендердің айналасы туралы айтылған «қызықты» әңгімелері мен пікірлерін есінде жақсы сақтап қалады. Содан соң, көпшілік жиналғанда немесе қонаққа барғанда, магнитофон жазбасы сияқты, сөзбе-сөз, тіпті ата-анасының дауыс ырғағын да салып, қайталап айтады.

«Музыкадан сабағың қалай болып жатыр?» деп әжесі немересінен сұрайды. «Бәрі жақсы, бірақ сольфеджиодан беретін апай 4-тен артық баға қоймайды. Мүмкін ақша дәмететін шығар». Бұл -ұстазын «парақор» деп кінәлаған ата-анасының әңгімесінен қалыптасқан баласының пікірі.

1-сыныпта оқитын екі ұл бала ұрысып қалады: «Менің сенімен ойнағым келмейді. Себебі, сен менің машинамды сындырып қойдың. Сен де тура өзіңнің әкең сияқты жолы болмайтын бақытсыз адамсың». Бұл - ата-анасының көршісі туралы айтқан әңгімесінен баланың санасында бекіп қалған көзқарасы.

Көпшілік ортасында осындай ілікпе сөздерді естіген ата-аналар балалары үшін қысылып, қызарып, оларды басқа бөлмеге апарып, өздерінше «тәрбие жұмыстарын» жүргізеді. Ал бала соншалықты не айтып қойғанын түсінбей қалады, себебі, ол тек қана ата-аналарынан естігенін қайталады ғой. Бірақ бұл ештеңе емес. Одан да сорақысы, баланың санасында «шындықты айтуға болмайды екен» деген ой қалыптасады, өйткені, соңынан әкесі, не анасы міндетті түрде жазалайды. Бұдан соң бала өтірік айтып, екіжүзді болуды үйренетіні – таңқаларлық жайт емес. Бұған оларды жоғарыда көз жеткізгеніміздей, ата-анасының өзі үйретеді.

Баланың көзінше оның тәрбиесіне қатысты ұсақ-түйек айқайға да жол берілмеуі керек. Егер бұл жөнінде ата-аналарының арасында келіспеушілік туындап жатса, онда баласы үйде жоқ кезде немесе басқа бөлмеде айқайламай, тыныш отырып, шешу керек. Балалардың алдында көршілерді, отбасы мүшелерін, достарды, әріптестерді жамандау дұрыс емес. Ең қауіптісі, баланың санасында отбасының «біреуге қарсы немесе бәріне қарсы достығы» туралы көзқарас қалыптасады.

Өйткені, бала үнемі айналасындағылардың «бәрі жаман екендігі» туралы пікірлерді естиді, содан ең жақсысы тек «біз ғанамыз» деп ойлайды. Әлбетте, кейін баланың өз достарының, мұғалімдерінің, тіпті айналасындағылармен арасындағы қарым-қатынасында қиындықтар міндетті түрде туындайды. Ешқашан, ешуақытта балаларыңыздың алдында мұғалімдері жайлы әңгімені талқыламаңыз. Асып кетуге болмайтын арнаулы шекаралар бар. Өзіңіз ойланып көріңізші, мұғалім туралы «парақор», «жарымес», «топас», «ештеңе білмейтін», «алжып кеткен» деген сөздерді естіген баланың ұстазына көзқарасы қандай болады? Егер бала өз ұстазын сыйламаса, онда сізге оқудан белгілі бір нәтиже күтудің де қажеті жоқ. Еш уақытта балаңыздың алдында «сен жақсысың, ақылдысың, ал сенің мұғалімің жаман» демеңіз. Балалардың алдында талқыға салынбайтын тақырыптар қатарында саясат та бар.

Ең тиімді әдіс – өз балаңызды анағұрлым ересек кезінде естіген ақпараттарын талдауға, біреудің көзқарастарын шынайы өмірмен салыстырып отыруға дағдыландырыңыз.

Шымкенттік, Ұлы Отан соғысы ардагері, ширек ғасырдан астам уақыт сот саласы қызметкері болған Айтжан Бекназаров ақсақалдың газетке жазған мақаласынан мына сөздерді де назарларыңызға ұсынамын:

«Қазіргі біздің жастарымыз батысқа еліктеп кетті. Қазақтың ұлы дәстүрін ұмыта бастады. Шынын айту керек, біздің халқымыз соңғы жылдары өзінің мәдениетін, ділін жоғалтып алды. Әр жақтан жұлмалап алған мәдениет мәдениет бола ма? Тәрбие нашарлап кеткен. Кезінде бізді дін арқылы тәрбиеледі. Бала кезде асық ойнадық, қойдың терісін орап, доп тептік. Ойын арасында келіспей қалсақ, «құдай ұрсын», «нан ұрсын» деп, шынымызды айтатынбыз. Қазір олай айтатын бала жоқ. Айтқан күнде де жалған айтады. Тәрбиенің кері кетуі бірінші кезекте әке-шешеге байланысты болып тұр. Балалардың компьютер мен телевизордан басқа көретіні жоқ. Қазіргінің баласы кітап оқымайды. «Батырлар жыры» дегенге тіпті қарамайды да. Көшеде кетіп бара жатсаң, шөбереңдей қыздар иығымен соғып кете беретін болған. «Мынау қария ғой» деп ұялу, кешірім сұрау, үлкенді сыйлау жоқ. Бәрі сондай демеймін, арасында тәрбие көрген жастар да баршылық.

Бір күні аялдамаға барсам, өрімдей бір жас қыз тұр. Шашы беліне дейін жетеді. Өзі бір сұлу қыз. «Әй қалқам, көрікті қыз екенсің, шашың да ұзын екен. Шырағым, шашыңды жалбыратпай өріп қойсаң, көркіңе көрік қосады ғой, мұның не?» дедім. Қыз ұялып қалды. Сөйтті де дереу сол жерде шашын өре бастады. Риза болып қалдым. Міне, көрдіңіз бе, үнемі осылай ақыл айтып жүрсең, тәрбиелесең, жөн сілтеп, жол көрсетсең, түзетілмейтін адам жоқ. Бар гәп әке-шешенің, ата-әженің тәрбиесіне байланысты. Есі бар бала болса, айтқан ақылдан нәтиже шығармай қоймайды».

«Балаң жаман болса, дәрменің кетеді» деген бар. Күш-қуатымыз бен әл-дәрменіміз балаларымыздың ыстық ықыласы, махаббатымен берік те қуатты болғай!!!


Балаға деген сүйіспеншілік
Бала тәрбиесіндегі аса маңызды жайттардың бірі – балаға деген сүйіспеншілік. Сондықтан, бұны сәбилік кезеңге қатысты тақырыптардың ішінде қарастыруды жөн санап отырмын. Себебі, ата – анасы мен жақындарының сүйіспеншілігіне бөленіп өскен бала қырдың гүліндей жайқалып өседі. Сүйіспеншілік – баланың өсіп – жетілуінде рухани азық. Баланың физиологиялық пен психологиялық дамуында ол күннің шуағы іспеттес. Баланың бойында психологиялық ауытқулардың пайда болуы- сүйіспеншілік пен мейірімнен мақұрым өсуі, қатыгездік пен қаталдыққа ұшырауы себеп болады. Сүйіспеншілік пен мейірімнің аясында тәрбиеленген балада төзімділік пен қатар жігерлі ой –сана қалыптасады. Ал сәби шағынан дөрекілік көріп өскен бала болашақта жүйке-жүйесінің ауруларына ұшырауы да мүмкін. Сүйіспеншілікке бөленбеген бала томаға – тұйықтанып, айналасындағылармен араласа алмай, оқшаулана береді. Демек, бала таза ауаға қаншалықты мұқтаж болса, сүйіспеншілікке де соншалықты зәру.

Бірақ сүйіспеншілік мәселесінде де шектен шықпау қажет. Баланы барлық нәрседен артық қойып, тіпті АллаҺ тағалаға деген сүйіспеншілігімізге көлеңке түсірерлік дәрежеде құлай сүю де өз кезегінде астамшылдық. Әуелі, бізді адам етіп жаратқан, бойымызға мейірім шуағын сыйлаған Жаратқан Иені жақсы көріп, шүкіршілігімізді білдіреміз. Ал өмірдің сәні болған балаларға «Жаратқанның аманаты» деп қарай білген жөн. Аманатқа қиянат жасамайық!





Қайырлы ұрпақ қайтсе туады?
Сәбиттің жігіт кезі еді. Бірде ол арықта ағып келе жатқан қып – қызыл алманы көреді. Іле қолына алып қызықтап тұрып, шыдамай бір тістейді. Артынша «Бұл ісім дұрыс болды ма өзі? Мүмкін, бұл алманың иесі бар шығар? Байқамай, біреудің ақысын жеп қоймадым ба?» деп күдіктеніп, өзен бойымен жоғары қарай өрлеп, алманың иесін іздеуге шығады. Әлден уақытта алдынан бір бау кезігеді. Жеген алмасы осы баудан шығар деп ойлаған Сәбит баудың иесіне барып жолығып, мүмкін болса, кешіруін өтінеді. Бағбан үш жыл өзіне қызмет етсе ғана кешіретіндігін айтады. Амал жоқ, келіседі. Жігіт үш жыл өткен соң, кетуге рұқсат сұрайды. Бағбан оған «Тағы бір шартымды орында, менің бір қызым бар. Көзі көрмейді, құлағы естімейді, қол – аяғы сал, өзі мылқау. Соған үйленесің» дейді. Жігіт ойланып-ойланып, тағы да келісімін береді. Бірақ жігіт қызды көргенде, таңғалады. Өйткені, қыздың еш кемістігі жоқ сап – сау, әрі сұлу еді. Бағбаннан мұның мәнісін сұрайды. Сонда бағбан «Қызым ұят нәрселерге қарамайтын, сол үшін оны «соқыр» дедім, ал «керең» деуімнің мәні – қызым балағат сөздерді естіген емес. Харам нәрсеге қол созған емес, харам жерге аяқ басқан емес, сол себепті оның «қол – аяғын сал» дедім. Аузынан ғайбат сөз шықпағандықтан, оны «мылқау» дедім. Қызымды сен сияқты кісі ақысын жемейтін, тақуа, иман жүзді жігітке берсем деген арманым бар еді. Бір көргенде – ақ сенің адал екеніңді байқадым. Сонда да сынап көргім келді. Бұдан былай ерлі – зайыпты болып, бірге тату – тәтті өмір сүріп, бақытты болыңдар!» - деп ақ батасын берді.

Міне, осындай пәк, текті отбасында әлемге әйгілі ғалым имам ағзам Әбу Ханифа дүниеге келген.


Балаға өтірік айтпау
Сахаба аналарымыздың бірі Ләйла (р.а) күндердің күнінде дәм – тұз тартып Мәдинаға хижрет етеді. Қасында ұлы АбдуллаҺ бар болатын. Пайғамбарымыздың үйінде отырған кезінде сыртта ойнап жүрген ұлын шақырып:

  • Балам, келе қойшы, саған бір нәрсе берейін? – дейді.

Пайғамбарымыз дереу одан:

  • Ұлыңызға не бермексіз? – деп сұрады.

  • Құрма берейін деп едім, - деп жауап қатты әйел. Сонда АллаҺ елшісі (саллаллаҺу аләйҺи уә сәлләм):

  • Егер балаға «бір нәрсе берем» деп шақырып, еш нәрсе бермесеңіз, амал дәптеріңізге «өтірік айтты» деп жазылар еді, - деп ескертті.


Бала тәрбиесінде ойынның рөлі
Баланың дамуы мен мінез – құлқының қалыптасуында сүйіспеншіліктен кейінгі рухани азық – ойын. Ойынсыз өткен балалық шақ сүйіспеншілік көрмей өсумен тең.

Бала үшін ойын – өмірді танытатын құрал іспеттес. Ойын барысында неше түрлі қиындақтарға ұшырасқан бала, сол қиындықтарды жеңуге тырысу арқылы өмірге бейімделеді. Әлеуметтік қарым – қатынасты, қоғамдық іс – әрекетті ойын арқылы (үйшік-үйшік, дәрігерлік т.б. ойындар) үйренеді. Қиял күші шарықтап, ойын қимылдары арқылы баланың бұлшық еттері күшейеді.

Бала достарымен бірге ойнау барысында тек уақытын көңілді өткізіп қана қоймай, сонымен қатар, сөздік қоры, ойлау өрісі кеңейіп, жылдам жауап беру, тез шешім қабылдау, т.б. қабілеттері жетіле түседі.

Баланы қуанышқа кеңелту үшін көп ойыншық алудың қажеті жоқ. Бұл қайта баланы қанағатсыздыққа жетелейді. Үйіп-төгіп ойыншық алудың орнына «балаңызбен бірге ойнау» ол үшін балалықтың бақытты шағының бірі екенінде сөз жоқ.


Әке естелігі

Ұлымның ең жақсы көретін ойыншығы «құрастырмақ» болатын. Бөлшектерімен әртүрлі нәрселерді құрастырғанды ұнататын. Қолым тиген кезде мен де қасына отырып, бірге ойнайтынмын. Тағы қандай нәрселер жасауға болатынын үйретуге тырысатынмын. Екеуміз бірге отырып ат, түйе, робот, т.б. нәрселерді құрастыратынбыз. Бір күні осылай ойынның қызығына беріліп отырған сәтте ұлым:

- Әке, мен сізден нені қатты жақсы көремін, білесіз бе? – деді. Ойламаған жерден қойылған сұраққа тосырқап қалғанымды көргенде, балам өз-өзіне сенімді түрде:

- Менімен бірге ойнаған кездеріңізді! – деген еді.



(Жантен Кая)

Үлкен от майда шырпылардан шығады
Бір күні хазірет Омар (р.а) ойнап жүрген балаларды көреді. Алайда, бір баланың ойынға қатыспай, шетте тұрғанын байқайды. Қасына барып:

- Балақай, сен неге ойнамайсың? – деп сұрайды. Бала болса:

- Уа, мұсылмандардың әміршісі! АллаҺ тағала «Адамдар мен жындарды тек қана мені танып, маған құлшылық етсін деп жараттым» дейді. Біз ойнау үшін жаратылған жоқпыз ғой?! деп, ересектерше жауап қайтарады.

Хазірет Омар (р.а) балаға: «Жасың әлі кіші емес пе?», - дегенде, ол:

- Уа, мұсылмандардың әміршісі! Мен үйде анамның от жаққанда, әуелі кішкентай шырпыларды тұтататынын байқадым, - деп жауап береді.

Хазірет Омардың көңілін толқытып, көзіне жас алдырған бұл бала – ғалым сахаба АбдуллаҺ ибн Зүбәйрдің (р.а) ұлы болатын.


Маған да азан оқышы
Далада бір топ бүлдіршін ойынның қызығына түсіп жатқан. Араларында Махзура да бар еді. Кішкентай Махзура азан шақырғандай даусын созып, өз қылығына өзі тырқылдап күліп тұрған. Тура сол сәтте балалардың қасынан пайғамбарымыз (саллаллаҺу аләйҺи уә сәлләм) өтіп бара жатты. Махзураның оқыған азанын естіп, кішкентай баланың жанына барып күлімсіреген күйі:

  • Қанекей, маған азан оқып берші! – деді.

Сонда барып ісінің дұрыс емес екенін байқаған бала, ұялғанынан төмен қарады. «Қазір Пайғамбар маған ренжісе не істеймін?» деп ойлады ішінен.

Бірақ бойын тез жинады. Өйткені, сүйікті Пайғамбары өзінен азан оқуын сұрап тұр ғой! Тамағын бір кенеп алды да, бар өнерін салып, азанды нақышына келтіріп оқып шықты. Бірнеше қатесі бар еді. Пайғамбарымыз жаңылысқан жерлерін түзетті. Сосын арқасынан қағып:



  • Ой, бәрекелді, жарайсың! АллаҺ берекетін берсін! – деді.

Махзура таң – тамаша! Ұрсуын күтіп тұрғанда, қайта мақтау естіді! Бұған қоса батасын алды! Пайғамбарымыздан бата алу жұрттың бәрінің арманы болатын. Балақайдың кіп – кішкентай жүрегі қуаныштан жарылып кетердей дүрсілдеп қоя берді. Махзура балалық шақтың осы қымбат сәтін ешқашан ұмытпады. Үлкейгенде, Мәдина қаласында ұзақ уақыт муаззин (азан шақырушы) қызметін атқарды.

АллаҺ тағаланың адамзатқа кемеңгер тәрбиеші етіп жіберген елшісі Мұхаммед пайғамбар (саллаллаҺу аләйҺи уә сәлләм) балалардың жағымсыз қылықтарына еш уақытта ашу шақырмайтын. Жасаған қателігінің жібін жатқызып, жақсылыққа қарай жетелей түсетін. Іс- әрекетінің қасында әрдайым дұғасы ілесе жүретін.



Бала мен алма ағашы
Ерте, ерте, ертеде үлкен алма ағашы болыпты. Бір кішкентай бала күн сайын сол ағашқа келіп, ойнағанды жақсы көріпті. Ағаштың басына шығып, алмасын жеп, көлеңкесінде ұйықтайтын. Ағашты жақсы көретін, ағаш та онымен ойнағанды ұнататын. Уақыт өте берді... Кішкентай бала өскеннен кейін бұрынғыдай ағаштың қасында ойнамайтын болды.

Бірде бала алма ағашының қасына келді. Жүзі мұңды еді. Ағаш балаға «Менімен бірге ойнашы» деп тіл қатты. Бала «Мен енді бала емеспін. Енді сенің айналаңда ойнамаймын, ойыншықпен ойнағым келеді. Ойыншық сатып алу үшін маған ақша керек» деп жауап берді.



  • Кешір, менің ақшам жоқ. Бірақ, алмаларымды сатсаң, ақша табасың,- деді ағаш. Бала өте қобалжулы еді. Ол ағаштың жемісін үзіп алып, қуанышы қойнына сыймай кете барды. Сол кеткеннен көпке дейін қайта оралмады. Алма ағашы мұңайып, жабырқаулы күй кешті.

... Бала ержетіп, үлкен азамат болғанда ғана келді. Ағаш оны қуана қарсы алып «Менімен ойнашы» деп өтініш жасады. Ал ол болса «Менің ойнайтын уақытым жоқ. Отбасымды асырау үшін жұмыс істеуім керек. Бізге баспана қажет. Сен маған көмектесе аласың ба? - деді.

- Кешір, менің саған берер үйім жоқ. Бірақ үй салу үшін бұтақтарымды шауып алсаң болады. Сөйтіп, әлгі азамат ағаштың бұтақтарын шауып алып, төбесі көкке жетіп, кете барды. Ағаш оның қуаныштан бал-бұл жайнаған жүзін көріп, шаттыққа бөленді. Бірақ, ол көпке дейін келмей қойды. Алма ағашы тағы да жалғыздықтан мұңайып, күрсінумен болды.

Бірде күннің ыстық күнінде әлгі (егде тартқан) кісі келді. Оны көрген алма ағашы тағы да көңілденіп «Менімен ойнашы!» деп тіл қатты. Әлгі кісі «Мен қартайып барамын. Желкенді қайықпен суда жүзіп, демалғым келеді. Сен маған қайық бере аласың ба?» деп сұрады. - Қайық жасауға менің діңгегімді ал. Сонда алыс шалғайға жүзіп, бақытыңа қол жеткізерсің, - деді. Осылайша, әлгі кісі қайық жасау үшін ағаштың діңгегін кесіп алды. Ол желкенді қайықпен саяхатқа аттанып, одан көп уақыт бойы оралмады.

Жылдар өтіп, әлгі (қарт) кісі қайтып келді.

- Кешір, жарқыным. Менің енді саған берер ештеңем де, тіпті бір алмам да жоқ, - деді.

Сонда қарт «Ештеңе етпейді. Менің енді алма жеуге жарайтын тісім де қалмады» деп жауап қатты. «Енді, сен шығып отыратын діңгегім де жоқ. «Мен енді қартайдым, діңгекке міне алмаймын», - деді қарт. Сонда ағаш көз жасын көл ғып « Мен шынымен де саған ештеңе бере алмаймын... шіріп бара жатқан тамырымнан басқа ештеңем да қалмады» деді.

Қарт кісі оған «Маған қазір көп нәрсе керек емес. Тек тынығып, бой жазатын қолайлы жер ғана қажет. Қаншама жылдардан бері әбден титықтадым» деп жауап берді. «Жақсы! Ағаштың ескі томары демалуға өте ыңғайлы. Отыр, жаныма тізе бүгіп, тынығып ал». Қарт емін – еркін жайғасқанда, ағаштың қуанғаннан көз жасы жерге тамып, күлімсірей берді...

Бұл хикаяның біздің баршамызға қатысы бар. Ағаш біздің ата – анамыздың бейнесін береді. Біз кішкентай кезімізде әкеміз бен анамызға еркелеп ойнағанды жақсы көретінбіз. Есейіп, ержеткенде біз оларды тастап кетеміз... Ата – анамызға олардан бірдеңе керек болғанда, яғни басымызға іс түскенде ғана келеміз. Қандай жағдай боламасын, ата – ана перзентін әрдайым күтеді және ол үшін қолдарынан келгеннің бәрін де жасауға тырысады.

Бәлкім, сіз «бұл бала ағашқа қатыгездік танытты» деген ойда қалған шығарсыз. Бірақ, бұл хикая біздің баршамыздың әке – шешемізге деген қарым – қатынасымыздың ап – айқын көрінісі емес пе? Біз оларға «Осылай болуы тиіс» деп қана қараймыз да, ата – ананың бізге жасап жатқан жақсылықтарын бағалай алмаймыз.
Әкемді құшақтар едім
Анасының қолынан ұстап келе жатқан кішкентай қыз кенеттен тоқтай қалды. Жаңбыр тамшыларымен суланған көзілдірігін шешіп, әкесінің велосипедінің артына мінгесіп алған өзіне тетелес кішкентай қызға телміре қарап тұрды. Велосипедтің артында отырған әлгі қыз құлап қалмайын деп әкесінің белінен қатты құшақтап алыпты. Таңғы ызғар суықтан қызарған бетін әкесінің арқасына төсеп келеді. Әкесі қайта – қайта басын бұрып, қызына бір нәрселерді айтып бара жатыр. Қыз болса ішек – сілесі қата күледі. Велосипедтің соңынан телміре қарап тұрған қызына анасы:


  • Үйдегі ойыншықтарың жетпейтіндей, велосипедке телміріп тұрғаның не? – деп дүрсе қоя берді. Жарайды, қаласаң әкеңе айтармыз, саған да алып берсін.

Қыз бәсең дауыспен:

  • Велосипедке емес, қызға қарап тұрмын. Әкесі артында отырған қызымен әңгімелесіп бара жатыр...

Анасы қызының сөзін елеген де жоқ. Қымбат теріден тігілген бас киімін түзетіп жатып:

- Достарың осындай жаңбырлы күнде мектепке жаяу келеді. Әкең болса, жұмысқа асықса да саған уақытын бөліп, көлігімен мектепке дейін әкеліп тастайды,- дейді.

Қыз әлі велосипедтен көзін ала алмады. Шешесі одан сайын ашуланып: -Қаласаң, әкең де сені мектепке велосипедпен апарып жүрсін. Сонда тіпті жарасып кетер еді! – деді мысқылдап.

Бүлдіршін қыз жанарынан аққан көз жасын анасына көрсетпеуге тырысып:

- Онда жақсы болар еді, - деді күбірлеп, - Мен де әкемді құшақтап отырар едім.

Гүл өскіні топырақты, суды, күн сәулесін, ауаны қаншалықты қажет етсе, бала да сүйіспеншілікті, мейірімді соншалықты қажет етеді. Сіз балаңызбен қыдырып, ойнатып жүрсіз бе, еркелете біліңіз!


Балалардың арасын алаламау
Бала тәрбиесіне қатысты мәселелердің бірі – жанұядағы балаларды ата – ананың алаламауы. Өзін жанұяда артық адам секілді сезінуі баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Осының салдарынан баланың бойында қызғаныш, дұшпандылық, бойкүйездік, ата – анасын сыйламау деген сияқты бірқатар жағымсыз мінездер қалыптаса бастайды. Кейде бала өзін қор санап, өзіне деген сенімін жоғалтады.Осы тұрғыда мына бір оқиға да ерекше мәнді.

Нұғман ибн Бәширдің (р.а) әкесі, яғни, Бәшир «екеуі де Бәдір соғысына қатысқан мұсылмандар) бір күні:



  • Уа, АллаҺтың елшісі, өзге балаларым да бар. Бірақ, Нұғманым бір

төбе. Рұқсат етіңіз, дүние мүлкімнің біраз бөлігін Нұғманға бергім келеді, - дегенінде, Пайғамбарымыз:

  • Өзге ұлдарыңа да сол мөлшерде бердің бе? – деп сұрады. Бәшир:

  • Жоқ, - деді. АллаҺ елшісі басқаларына да ескерткісі келгендей көтеріңкі дауыспен:

  • АллаҺтан қорқыңдар, балаларыңа әділ қараңдар! – деді.

Артынша Бәширге бұрылып:

  • Сен бар балаларыңның өзіңе бірдей құрмет көрсетуін қалайсың

ба? – деп сұрады.

  • Ия, қалаймын – деді ол.

  • Олай болса, бұлай жасаушы болма – деген еді.

Бұдан шығатын қорытынды, біз де балаларымыздың тек біреуіне ғана көңіл бөлмей, бәріне тең дәрежеде қарауымыз керек. Біз олардың біреуін ғана өзгелерінен артық көрсек, басқаларының жанын жаралаған боламыз. Әділетсіздікті сезінгеннен кейін олардың әкесіне деген құрметі сұйыла бастайды.
Жақсы көру мен қорқыту
Кейбір зерттеушілер мен тәрбиешілер бала тәрбиесінің жемістілігі баланы жақсы көру, әрі тәрбие ісіне толық көңіл бөлуде деген (Песталози, Толстой, Бакуле). Бала тәрбиесінде әрине, ең негізгі ұстаным ол -сүйіспеншілік. Бірақ мамандар жақсы көруде де артық кетпей, тепе-теңдікті сақтау қажеттігін айтады. Өйткені, бала өзін мектепте басқаша, үйде басқаша ұстайды. Бала үшін жанұя мен мектеп, мұғалім мен ата-ананың орны бірдей емес. Жанұяда балаға көрсетілген шектен тыс сүйіспеншіліктің мектептегі жүйе мен тәртіпті бұзатынына назар аудару қажет.
Аяншақ ата-аналар мен әлжуаз балалар
1956 жылы Мұхтар Әуезовке еріп, Талдықорған облысына бардым. Біз Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған Нұрмолда Алдабергенов басқарған ауылда болдық. Содан Текеліні басып, «Төлектің төлі» деген жайлауға бет алдық. Орта жолда «Газ-69-ымыз» жүрмей қалды. Ар жағына атқа қондық. Кер айғырға мінген Мұқаң қаққан қазықтай қалт етпей, сары желдіреп келеді. Бір белден асқанда, үлкен кісі мені шақырып алды да:

- Қарағым, мына менің Ернарымды атқа шауып үйретші, - деді.

Былтыр Жамбыл облысына апарып, атқа мінгізіп көріп едім. Желіске көндігіп қайтқан. Аттың басын жібермей, аңдағайсың.

- Мақұл,-дедім. Айтуын айтсам да, ойға қалдым:

«Қалада өскен қаршадай баласы атқа қалай шаба алады? Бұ кісі неге сонша тәуекелге барады? Жазатайым болады демей ма екен?» Ернарды бөліп алып, жазық алаңқайда құйғыта жөнелдім. Баланың аты бала ғой, барын салып, борбайлатып барады екен, тізгінімді тарта қойдым. Мен райдан қайтқан соң, ол да шабысын бәсеңдетті. Кешінде қойшылар ауылында отырып, «қалай болды?» демепті. «Көрсін, үйренсін» депті.

Ернар кейін аттан құлап, жазым бола жаздады. Сонда әкесінің:



  • Сенің әкең бала кезінде аттан сексен рет ұшқан. Аттан құлаған ауыр емес. Ернар, бүйттім деп, анаңа айтушы болма. Ендігәрі елге шығармай қояды,-деп жұбатқаны әлі есімде.

Сөйтсем, ұлы педагог ата-бабасының ежелгі кәсібіне баласының көндіккенін қалаған екен. Сынға салмай, баласының ысылмайтынын Мұқаң білген ғой.

Бұл – үйрету өнегесі. Әр ата-анаға ғибрат алар жөн-жосық осы болса керек. Бұл - бұл ма, тәуекелге бел байлап, жалғыз ұлын Отан соғысында қан майданға жіберген Долорес Ибарруидің ерлігін кандай өлшеммен бағаларсың? Ер ана есіл ұлына қаншалық сенген! Өйткені, ұлының ұятқа қалдырмасына, өзі берген ұлағат тәрбиесіне сенген. Шынында, шын батыр боп шыққан жоқ па оның ұлы?!

Мен әскер қатарында жеті жарым жыл офицерлік қызметте болған адаммын. Талай солдатты қолымнан өткіздім, тәлім бердім. Бірінші кездескен адамның қандай отбасында өскенін айыру маған қиынға түспейтін еді. Бала кезінде барынша әр түрлі іске араласқан балаң жігіт аз да болса тәжірибесіне сүйеніп, тың жағдайда тосылмай қиыннан қынын тауып кететін. Әміріңді екі етпей, аяғына дейін тындырып шығар еді.

«Күнім, айымды» көп естіген, үлбірек тәрбиеден өзгені көрмеген бала сәл-сәл қиындық кездессе болды, солқылдап майысып, мойып қалатын.

От тұтата алмаған, ат жеге алмаған, балта қайрауды білмеген болбырлардың біразын көрдім. Солардың өз ата-анасына реніштен басқа ештеңе айтпағанын да білемін.

Осыдан екі-үш жыл бұрын елдес бір адамның баласы он бірінші сыныпты бітіріп, Қазақтың дене тәрбиесі институтына оқуға тапсыруға келді. Оқушы кезінің өзінде бірінші разряд алған бала бокстан да, өзгесінен де – сыннан жақсы өтті. Не керек, жүзуге келгенде, малтығып, жалпы бағасын кемітіп алып, конкурстан өтпей қалды. Себеп? Себебі ерке Ертістің жағасында өскен баланы ата-анасы, «ойбай, суға кетіп қаласың! Өзенге он метр жақын барма!» деп үркіткен. Содан бала суға жоламаған. Бұған не дерсіз? Қайран ата-ана ұлының бағын байлаған...

Ол ол ма, Нұра бойында тұратын бір кісі Темеш деген ұлына «Өзенге жолаушы болма» деп тыйым салған. 2-сынып оқып жүрген кезінде «Ескі көпір» атанатын жалғыз бөрене үстімен өзге балалар өткенде, әлгі бала тайып жығылып, суға кеткен. Қайран әке, қасіретке батып, бармағын тістеп қала берген.

Біреу үйренгенді, біреу үйренбей ме?! Бес жасында Ертісті бесігіндей көретін балаларға суға түсуге,жүзуге тыйым салуды өз басым қып-қызыл қиянат көремін.

Әлжуаз балалар – аяншақ, аналардың әлпештеген бозымдары. Әрине, бұл әкеге де қатысты. «Ағашқа өрмелеме, аяғыңнан айырыласың», «Тауға құмартпа, табаның тасырқайды», «Шатырға шықпа, жұлыныңды үзесің», «Суға түспе, кетесің» деп ойбайлайтын әке-шеше аз кездеспейді. Осындай байбаламшыл тәрбие балаға не береді?

Қорғаншақ, жасқаншақ, жасық, тұйыққа тірелгіш қырсыздар сондай тәрбиеден де. Француз білімпазы Жан Жак Руссо «Балаға болма десең – шалдуар, болашақ ойшыл қайтіп баулынар!» деген екен.

Тірлік-теңіз. Ал теңізде малту үшін әркім өз білгеніне, жүзгіштігіне сенсе болар. «Өмір сүру үшін өмірден үйрену керек!» дейтін қағида ешуақытта ескірмек емес! Балаңды бәйек болып, ауладан ұзатпай бағарсың. Ол өсер, ержетер. Бірақ, балаңа су кешетін де күн жетер. Бәйтерек басына өрмелейтін де кезі келер... сонда қайтеді?

Парасатты ата-ана осыны ойлар болар. Бұл, әрине, баланы бетімен қоя бер деген сөз емес.

Тұрмыс-тірлікте нендей-нендей әрекет кездессе, қандай-қандай қажеттілік бар болса, соның орайы келгеніне жас мөлшеріне сәйкес сәби кезінен баланы баули беру парыз ғой.

Қазықты қалай қағады? Байлаудың түрлері қандай? Жіпті қалай еседі? Шегені қалай қайырады? Атты қалай ерттейді? Электр өтекті қалай жөндейді?... Осының бәрі күндердің бір күнінде баланың алдынан шықпай қоя ма?

- Әй, тәйірі, өмір деген біздің ұрпақтай емес, сендерге енді оңайырақ болады,- деп жасөспірімдерді емексіте бермеген жөн. Оңайға емес, қиынға үйретейік ұрпақты. Халықтан асқан ұстаз жоқ. «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Өнерді үйрен де, жирен» деп халық тегін айтпаған.

Баламыз өмірге керектің бәрін, ең жеңіл-желпі дегеннен бастап, игілерінен үйрене берсін! Сонда олар ертең сынға түскенде, ата-анасына алғысын ғана арнайды. «Үйренсін» деу оңай. Әуелі өз қолыңнан келсін, балаға ұсынар үлгің болсын. Сонда ұрпағың уағызсыз-ақ, өзі үйренеді. Қорыта айтқанда, ата-ананың аяншақтығы баланың сорына айналады, бағын байлайды.Балаңды өзің жөнге салмасаң, кейін өмір тезге салады. Күнге күйгізбей, желге сүйгізбей, қымтап-шымқаған бала қырсыз, ынжық, икемсіз болып өседі, Бұдан туатын түйін:

Ақ балтырын түрініп,

Палуан жігіт тойда ойнар.

Бар қайратын жиып ап,

Шашақты найза қолға алып,

Батыр жігіт жауда ойнар.

Дастарханын кең салып,

Жомарт жігіт күнде ойнар.

Баданасын кие алмай,

Жауға батыл тие алмай,

Ынжық сорлы үйде ойнар,- дегендей, ұлымыз «Ұлан дала ұрпағы» деген атқа лайықты, қайрат – күші, ерік - жігері мол еліміздің тұтқасы болсын. Қорғаншық, жасық болмағай!!!


Ас - адамның арқауы
Балаларға тамақ жеудің мынадай әдептерін көрсеткен: тамақтан бұрын және кейін қол жуу, тамақты «бисмилләһпен» бастау, дұғамен бітіру, оң қолмен жеу, өзінің алдынан жеу, тамақты жатып жемеу, қолды тіреп отырмау, суды үш мәрте бөліп ішу, кесенің сынған жерінен су ішпеу, ыдыстардың бетін ашық қалдырмау, тамақты қатты ыстық күйінде жемеу, т.б.

Бала тәрбиесі үшін дастарқан басы да - өзінше бір мектеп. Демек, осы сәтті пайдаланып, баланың көкірегін ашатын, санасында сабақ болып мәңгі қалатын баянды оқиғаларды айта отырып, әдептілікке, имандылыққа баулуға болады.

Баланың қоректенуі өте маңызды. Себебі, алдыңғы бөлімдерде де айтылғандай, дененің өсіп –жетілуі, ойлау қабілетінің дамуы дұрыс қоректенуге байланысты. «Ас - адамның арқауы» деп айтылғандай, жас ұрпақтыңда денінің саулығы дұрыс қоректенуге байланысты. Сондықтан хазірет Омар халифа (р.а.) болып тұрған кезінде сәбиге дүниеге келген сәтінен бастап қазынадан ақша бөлген.



Спорт және дене шынықтыру
Денсаулық – адам бақытының негізгі бөлігі. Халқымыз «Он екі мүшең сау болса, жарлымын деме» деп, денсаулықтың адам өміріндегі орнын ескертеді. Жастары әлсіз, денсаулығы нашар, зиянды әдеттерге әуес, жалқау, тәрбиесіз болса – мемлекеттің соры. Ондай мемлекет қашан да қорғансыз.

«Педагогика» кітабының кіріспесінде ақын Мағжан Жұмабаев тәрбие турасында:

«Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, һәм құлық тәрбиесі. Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егер де ол жөпшенді ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын көріністерді елемейтін, мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын дұрыс ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса, міне, осындай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. «Балам адам болсын» деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын. Бала аурулы, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші жазалы.

«Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген Иран елінің мәтелі – шындығында дұрыс мәтел.

Тән сұлулығы – жан сұлулығы. Баланың жан-жақты дамуы тәрбие түрлерінің нақты үлесіне байланысты. Ал дене тәрбиесі баланың бойында тәндік және рухани жетілудің өзара байланысын қалыптастыруға әсер етеді. Әрі баланың денесін шынықтыру – оны болашақ өмірге дайындаудың бір жолы. Осы себептен Пайғамбарымыз балаға садақ тарту, атқа шабу, жүзу, жүру және жүгіру, күресу секілді дене шынықтыру түрлерін үйретуді насихаттаған. Адамның сергек, көңілді, жұмыс істеу қабілетінің жоғары болуына дене шынықтыру мен спорттың әсері мол екені баршаға мәлім. Дене шынықтыру мен спорт адам бойында жігерлілік, батылдық, тапқырлық, тәртіп пен ұжымдық қасиеттерді шыңдайды.

Дене жаттығуымен ұдайы айналысатын адамның жүрегі жақсы жұмыс істейді. Ағзаның оттегімен қамтамасыз етілуі жақсарады. Бұл қандағы эритроциттер мен гемоглобиннің санын көбейтеді.

Адамның бойында 600 бұлшық ет бар. Бұл қуатты аппарат тұрақты түрде жатықтыруды талап етеді. Бұлшық еттерді жаттықтырған сайын ми жұмысы жақсарып, жүйке импульстерінің тасымалдау қызметі артады.Дене шынықтыру мен спорт адамның қимыл-қозғалысына, сүйекке, буынға, дәнекерлеуші мүшелерге өзіндік пайдасын тигізеді. Сүйекті ірілендіріп, салмағын арттырып, оның мықтылығын күшейтіп, кальциймен байытатындығы ғылыми түрде дәлелденген.

Енді Пайғамбарымыздың бала тәрбиесінде ата-аналарға айтқан өсиеттеріне құлақ аса отырып, хадистерінде аталған дене шынықтыру түрлеріне тоқтала кетейік.


Жүзу
Шын мәнінде, дене шынықтырудың ең тамаша құралдарының бірі су болып табылады. Өсіп келе жатқан жас буынның денесіне судың және малтыған кездегі қимыл-қозғалыстың пайдасы айтарлықтай. Кішкене кезінен суда малтып өскен баланың денсаулығы мықты, дене бітімі шымыр, күшті, мінезі өткір, табанды болып келеді. Судың жүрек, қан тамырына, жүйке жүйесіне, буындарға тыныс алу жолдарына, денедегі зат алмасуға әсері мол. Жүзу арқылы ағзаны жақсы шынықтыруға, суықтан туындайтын түрлі ауруларға және инфекциялық ауруларға (грипп, ангина, ревматизм және т.б.) төзімділік сияқты қасиеттерді арттыруға болады. Суға жай сүңгіп шыққанның өзі денені әжептәуір сергітіп тастайды. Ал жүзген кезде дененің барлық мүшесіне, жүйкеге салмақ түсіп, айтарлықтай әсер етеді. Физиологтар суда малтуды «тыныс алу гимнастикасы» деп атаған. Су бетіндегі ұсақ иондар тыныс жолдары арқылы денеге еніп, өкпе, жүрек сияқты органдардың атқаратын жұмысын жеңілдетеді. Балалардың арқа, бел, омыртқа жотасы қисайып кеткенде, не құдыс жауырын, еңкіш болғанда, суда жүзу теңдесі жоқ емдеу әдісі болып табылады. Себебі, жүзу барысында бұлшық еттердің бәрі де қимылдайды.

Көптеген ата-ананың көңілінде «Баланы жүзуге неше жастан бастап үйрету керек?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалға, бала жүзуді неғұрлым ертерек бастаса, соғұрлым денсаулығына пайдалы деп жауап беруге болады.


Суға сүңгудің пайдасы
Қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы патша үкіметі тұсында түрмеге жабылды. Ол бір күні түрмеден қашып, өзен жағасымен келе жатқанында, артынан қуғыншылар келіп қалыпты. Қуғыншыларды көрген Құрманғазы жағада өсіп тұрған қамысты сындырып алып, аузына салыпты да, су астына сүңгіп барып, жата қалыпты. Аузындағы қамыстың бір ұшын судың бетіне шығарып қойып, өзен түбінде демалмай жата берген.

Қуғыншылар Құрманғазының ізін таба алмай кейін қайтады. Сөйтіп, кемеңгер композитор тапқырлығы мен суға сүңги білгендігінің арқасында аман-есен жаудан құтылып, еліне жеткен екен.


Атқа міну
Баланың денесін шынықтыратын жаттығудың келесі түрі – атқа міну. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) атқа мініп шабуды да балаларға үйретуді насихаттайды. Тіпті, оны көңілді сейілтетін жаттығу ретінде күндегі жаттығулардың арасына қосуды айтқан. Ат және түйе жарыстарын өткізіп тұруға шақырған.

Кейбір хадистерде ардақты елшінің өзінің тікелей осындай жарыстарға қатысқандығы айтылады. Бұл жайлы Әнәс (р.а.): «Пайғамбарымыздың Абда атты түйесінен ешқандай түйе оза алмайтын. Бірде бір бәдәуи келіп, Пайғамбарымызбен жарысып, озып кетті. Бұл мұсылмандарға ауыр тиді. Пайғамбарымыз оларды жұбату үшін «Әрбір шарықтауға Аллаһ тағала бір құлдырау береді» деген екен.

Аталарымыз да баланы жастайынан атқа мінуге дағдыландырып отырған. Бұл сол кездегі өмірдің ең қажеттілігі еді. Ат әрі көлік, әрі, ердің қанаты болатын. Өйткені, талай батырлар ат үстінде елін қорғады. Сондықтан, қазақтың батырлары мен қатар арғымақтары да жырға арқау болған. Иә, баланың денсаулығы мен дене тәрбиесінде атқа мінудің көптеген пайдалары бар екені белгілі.

Қазіргі таңда дәрігерлер көптеген жүйке ауруларына қатысты ем ретінде атқа мінуді қолданып келеді. Сонымен қатар, атқа міну баланың денесінің шымыр боп өсуіне, әрі бойына батырлық рухын сіңіруде де өзіндік орны бар екенін ұмытпаған жөн.


Күрес
Баланың денесін шынықтыру үшін қажетті спорт түріне күресті де жатқызуға болады. Оны да Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ата-аналарға хадистерінде айтып, өсиеттеген.

Мұхаммед ибн Әби Алиден жеткен мүрсәл бір хадисте хазірет Хасан мен Хұсейіннің (р.а.) Пайғамбарымыздың алдында күресетіндіктері айтылады. Сонда Пайғамбарымыз Хасанға жақтасатын көрінеді. Оның себебін сұрағандарға «Хұсейінге Жәбірейіл көмектесуде, мен болсам, Хасанға көмектескенді ұнатамын» деп жауап берген екен.

Ибн Хишамның жеткізуінде Пайғамбарымыздың өзі де күрескен. Сол кездегі Меккенің атақты балуаны Руқәнә ибн Әбди Язид мұсылман болу үшін мұғжиза ретінде Пайғамбарымыздың өзімен күресіп, жауырынын жерге тигізуін талап етеді. Айласы мен күшіне сенген Руқәнәні Пайғамбарымыз алып ұрып, таң қалдырады.
Садақ тарту
Садақ тартуға жаттығудың баланың денесіне көптеген пайдасы бар. Баланың бұлшық еттері жетіледі. Қырағылыққа үйренеді. Бұны Пайғамбарымыз бір хадисінде былай баяндайды: «Оқ атып жарысыңдар, денелерің қатайсын, жалаң аяқ жүріңдер». Құранда Аллаһ тағала қуат ретінде атап айтқан садақ атуды үйренуді Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) атқа шабудан да жоғары бағалаған.
Жүру және жүгіру
Дене шынықтыру жаттығуларының нәтижесінде, әдетте, адамның дене құрылысы да жақсарып, сұлуланып, келбетті болып келеді және түрлі жаттығуларды көп күш салмай, еркін, табиғи, әдемі, сұлу жасау қабілеттілігі дамиды. Денешынығу жаттығулары баланың денсаулығын нығайтып, денесінің өсуіне ықпал етеді және оларды өмірге аса қажетті күштілік, жылдамдық, төзімділік, шапшаңдық, тәртіптілік, ұқыптылық, жігерлілік, батырлық, табандылық, шешімділік және т.б. қасиеттерге тәрбиелейді. Сонымен қатар, жолдастық сезім, тапсырған іске жауаптылық, намысты қорғау сезімі өршіп нығаяды.

Осы орайда Қазақстанның халық жазушысы, балалар әдебиетінің көрнекті қайраткері Мұзафар Әлімбаев ағамыздың даналық пайымдауларынан бір үзінді келтіруді дұрыс көріп отырмын.


БАЛАМДЫ ҚАЙТА ТӘРБИЕЛЕУГЕ

МҮМКІНШІЛІГІМ БОЛСА...


  • Сұқ саусағымды кезеп ұрсудың орнына - саусақтарымен сурет салуды үйретер едім.

  • Қателерін түзетуді азайтып, оған деген жақындығымды арттырар едім.

  • Тек көзіммен қадағалап, сағат шектеуін доғарар едім.

  • Көп көңіл бөліп, мейірімімді молайтар едім.

  • Бірге серуенге шығып, батпырауық ұшырар едім.

  • Қаталдық танытудың орнына онымен бірге асыр салып ойнар едім.

  • Қырда бірге қыдырып, түнде жұлдыздарды тамашалар едім.

  • Аз ұрсып, көп құшақтар едім.

(Диана Луманс)
Кемшіліктерін бетке баспау
Мұсылман тәрбиешілер басқаларды жөнге салуда мынадай жолдарды ұстану керектігін айтады:

Алдымен жаманның жаман екенін үйрету;

Жақсы істер атқарса - мақтау;

Басқа адамдардан мысал бере отырып, жаман істерден жирендіру;

Дұрыс емес іс жасаса, әуелі көрмеген сынай таныту, екінші рет жасаса, ешкімге білдірмеу, егер тағы да осы қылығын қайталайтын болса, жұрттың алдында масқара болатынын айтып, ескерту;

Жіберген қателіктерін әрдайым есіне салып нұқымау;

Жасырын жасаған нәрселеріне тыйым салу;

Жаман қылық жасауда табандап тұрып алса, ол мінезінен бас тартқызу үшін тиісті шара қолдану.


ТӨМЕНДЕГІ ДАНАЛЫҚ СӨЗДЕРДІҢ АСТАРЫН ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ ТҮСІНДІРУГЕ ТЫРЫС


  • Арсыздың көзінде де жас болады. Көз жасына алданып қалма.

  • Адамның кім екендігі саудада білінеді.

  • Білгенге бір ишара жеткілікті.

  • Көрпеңе қарап көсіл, тапқаныңа қарап қаракет қыл.

  • Басыңа келген әрбір қиыншылыққа өзің себепші боласың.

  • Тіліңді тыйсаң, басың тыныш.

  • Ешкімді төмен көрме.

  • Балаңа көп сөйлесең, беті қатады, көп ұрсаң, еті қатады, тергей берсең, тентек болады.

  • Тілін сақтай алған басын сақтайды.

  • Шын дос қаралы күнде білінеді.

  • Өлгеннен соң атақ-даңқ, мансап, мәртебе, барлығы бітеді.

  • Ерте тұрған алданбайды. Күн шығып келе жатқандағы ұйқы адамның ризаған қырқады.

  • Алдымен ойла, кейін сөйле. Ойыңа келген сөзді дереу айтпа.

  • Басында қиналған, соңында рақат табады.

  • Өзіңе лайық көрмеген нәрсені басқаға лайық көрме.

  • Үй алма, көрші ал.

  • Сұлу жүзден қырық күнде жалығуың мүмкін, бірақ сұлу мінез-құлықтан қырық жылда да жалықпайсың.

  • Әркімнің малы өзіне құнды.

  • Қазанның аузын жауып қой. Сырыңды әшкере етпе.

  • Бетіңе қарап күлгеннің бәрі дос бола бермейді.

  • Есебі тура болғанның әрдайым жүзі жарық.

  • Ашумен тұрған зиянмен отырады.

  • Адам «Кім болдым?» деп емес, «Кім боламын?» деп қайғыруы керек.

  • Жақсылыққа-жақсылық, әр адамның ісі, жамандыққа – жақсылық, ер адамның ісі.

  • Ешкімнің өкініші біреуде болмайды.

  • Адамның кім екендігі досынан белгілі.

  • Біреуге ор қазсаң, бойыңа лайықты етіп қаз, өйткені, ол жерге ақырында өзің түсесің.

  • Сыпайы кісімен сыпайы мәміле қыл. Ешкімге дөрекілік істеме.

  • Ниет жақсы болса, нәтиже де жақсы болады.

  • Ғалым адамның алдында тіліңді тый.

  • Өтірікшінің анты көп болады. Көп ант ішкенге сенбе.

  • Алғанды қайтару керек, не алмау керек.

  • Ақымаққа сырыңды айтсаң, бәлеге қаласың.

  • Дүниені өзгерту үшін өзімізді өзгертуіміз керек.

  • Туған тілді туған жердей қорғау керек.

  • Халық өз тілінен айырылған кезде, әрекетінен де айырылады.

  • Ашуын женген кісі ең күшті адам.

ЕСІҢІЗГЕ САҚТАҢЫЗ!

  • Балаңыз үйге келгенде, өте жақсы қарсы алыңыз. Дүниедегі ең жақсы жерге келгенін сезінсін.

  • Жұбайыңызды өте жақсы қарсы алыңыз. Дүниедегі ең жақсы адамды таңдағанын сезінсін.

  • Анаңызды өте жақсы қарсы алыңыз. Босанған кездегі қиыншылығының рахатқа алмасқандығын сезінсін.

  • Әкеңізді өте жақсы қарсы алыңыз. Өмір бойы басқа балаларға қарап қызықпасын.

  • Әріптестеріңді өте жақсы қарсы ал. Дүниедегі ең жақсы адаммен, ең жақсы жұмысты бірге атқарып жүргенін сезінсін.

  • Қонағыңды өте жақсы қарсы ал. Оған жайған дастарханыңыздан да үлкен бата аласыз.

  • Бай адамды өте жақсы қарсы ал. Сіздің көңіліңізді көргенде, өзінің көңілінің кедейлігін көріп ойлансын.


«ӘЛЕМДІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЙ-САНА» КІТАБЫНАН


  • Бала сұхбаттасу қағидаларынан хабардар болуы лазым. Оған көп сөйлеудің тәрбиесіздікке жататынын және олай жаман балалар істейтінін әрі олай жасаған бала «бәдік» атанатынын білсін.

  • Рас, немесе, өтірік айтса да бала жастайынан ант суын ішіп сөйлеуге үйреніп қалмасын. Сөзді бірінші бастамасын, қойылған сұраққа жауап берсін. Сұхбаттасушы өзінен үлкен болса, оны тыңдасын. Себебі, сөйлеуші адамның сөзімен ортақтасып, «әдепсіз бала» атанғаннан гөрі тыңдаушы болған абзал.

  • Әдепті бала өзінен үлкендерге орын береді, пайдасыз сөздерден тыйылады, басқаны сөкпейді, оған лағынет айтпайды.

  • Баланы бос әңгімені жақсы көретін адамдармен араластырмау қажет. Расында, баланы жаман мінездің мұхитына түсіп кетуінен сақтау, тәрбиенің мәні саналады.

  • Егер, мұғалім баланы нұқып немесе соғып қалса, бала дереу айқай-шу көтермесін немесе басқадан қамқорлық күтпесін, қайта сабыр қылсын.

  • Балаға дәрістен соң, шаршағанын басу үшін жақсы ойындарға рұқсат беріледі. Алайда, діңкесі құрығанша онымен әуес болуы дұрыс емес. Мұндай ауыртпалық жас жүректі өлтіреді, талғамды өшіреді, өмірден түңілуіне ұйытқы болады. Әйтпесе, балақай сәті келген уақытта тәлім-тәрбиеден қашып кетуі үшін айла іздестіру мәжбүрінде қалуы ғажап емес.

  • Сол сияқты балақай әкеге, мұғалімге, өзінен жасы үлкен адамға, тәрбиешіге бойұсынуы, оларды құрметтеуді, олардың алдында кез келген ойынды доғару керек екенін білуі тиіс.


ҚАНАТТЫ СӨЗДЕР

  • Адамның өз перзенттеріне қалдыратын ең асыл мұрасы – бұл жақсы тәрбие.




  • Әкені құрметтеу – айрықша парыз. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну. Оның алдында күнаһар болу – Алла алдында күнаһар болу»

Мұхаммед Пайғамбар


  • Ата-ананың ақылы - қазулы қара жолмен тең

Ж.Баласағұни


  • Баланың міні – Ата-ананың міні.




  • «Ата-ананың қабылдап қасиетін, ардақтай біл, атқарып өсиетін»



  • «Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақтарды тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз»

Әл-Фараби



  • «Шын бақ – ата-ананың махаббаты мен балалардың таза жүрегінде»

Ш.Құдайбердіұлы



  • Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, ұстаздан болады.

А.Құнанбаев

ҚЫМБАТТЫ ОҚЫРМАН!
Алланың қалауымен космостық жылдамдықпен өтіп жатқан мынау қоғамда, жас кезімізде отбасына оның ішінде бала тәрбиесіне жете мән бермей, көңіл бөлмей, «уақытымыз жетпейді» дегенді сылтау қылып, тиісті дәрежеде бағыт – бағдар бермей, ертең қартайғанда, жоғарыда айтылған алма ағашындай бұтақсыз, жапырақсыз қалып қойып жүрмейік.

Әртүрлі басылымдардан көшіріліп жазылған жоғарыдағы тұжырымдар мен әңгімелердің сіздің отбасыңыздағы бала тәрбиесіне азғантай болса да септігі тиеті болса, мен үшін үлкен сауап!

Сонымен қатар, бос уақыттарда логикалық ой дамыту мақсатында, қолдан құрастырылған екі сөз жұмбақты ұсынып отырмын.

Мұндай танымдық жаттығулар мен ойындар, логикалық есептер көп-ақ. Бірақ біз ата-аналар оларды оқымаймыз. Мектепте оқиды дейміз. Егер отбасында жоғарыдай жұмбақтарды бірлесе шешіп, көрген, естіген әңгімелерді, киноларды, телебағдарларды талқыласақ, нұр үстіне нұр болар еді. Балалары бен келін-қыздарының ортасында мәре-сәре болып отырған қарттықа жеткізсін баршамызды!

ОҢЫНАН ОҚЫСА ДА, СОЛЫНАН ОҚЫСА ДА МӘНІ ӨЗГЕРМЕЙТІН БЕС ӘРІПТЕН

ТҰРАТЫН СӨЗ ЖҰМБАҒЫ
Жоғарғы _________ деген жерде отырған _________ деген ақсақалдың екі баласы бар екен. Үлкені өте ___________ екен. Оның аты __________. Екіншісі _________екен. Оның аты ______ екен. Заты ____________ болған соң, __________ болсын деп, бір _________ сатып алыпты. Оны бағу үшін бір _________ іздеп тауыпты. Қыста жылы болады деп, оны __________ есебінде пайдаланыпты, жаздың күні оның алдынан ___________ салып, соған қойыпты. Алғаны мүше жылда _________ болса және күніне кем дегенде екі ________ ақ берсе екен деп тілепті.

Күзету есебінде бір «алты емшек» сатып алып, оған ________ салыпты. Оны салу үшін көптеген _______ іздеп тауыпты. Оны орналастыру үшін Шетпенің базарынан _________ сатып алыпты.

Алғаны ақ беру үшін күйлі болу қажет. Өзі _________ болмау үшін, не __________екенін біле отырып, мезгілмен _______ салып отыруды ұмытпауға тиіс.

Үлкен келіні қалада өскен, мал шаруашылығына өте ________ екен, тіпті «ақпа құлақ» __________деуге болады. Мұрындықты алғаш көргенде неге _______ деп ойлады, адам _______ болмаса, солай ойлай ма?

Сонысына қарамастан _______ деген сөзге құмар екен. Олай айтпасаң, әртүрлі ________ шығарады екен.

Кейде _______ болмай отыр деп жатып алады екен. Сол жатқаннан ________ шығармай кешке дейін жатады екен. Кейде осындай _________ білінбесін деп, ерте тұратын кезі де болады.

Кейде ______ қысылам деп, таң атқанша жата береді. Кейде күйеуіне менімен ______ дейді. Бата жасағанда _________ дұрыс емес дейді. Күйеуі үндемей құтылады. _______ бол деген қағиданы қатты ұстанады. Әйелі одан сайын ________ басып келеді деп ойлайды.

Кейде көңілденген кезде «шыбын болмасын» деп, қағазға өсімдіктен жасалған ______ жағып, іліп қояды. Күйеуі моншақ алып берсе _______ келтіреді деп тақпайды.

Бейсенбіде садақа берсе, қайнысына ___________ сенікі, сен __________дейді. Қайнысы тілін алса, оны _______ сыйлаймын деп ойлап қояды. ___________ саяқ қонақ келсе, қуанып қалады. Көңілді кезде күйеуін жұмсағанды жақсы көреді.

Су киімдерді ________ деп қояды. Ақыл аз болса, ______ үлкен болғаннан не пайда? Жақтырмайтын қонақ келсе, «алты емшекке» _____ дейді. Көліктері болса, қи-қоқыс салу үшін қораға ________ дейді. Көктем кезінде жабайы өскен көсік, көк жуа, қоян тобық сияқты жабайы көкөністерді сүйсініп жейді. Оның _____ жетілгеніне қарамайды. Ашқарақтанып жейді. Менің ______ осы деп қарамайды.


Ескерту: Сөз жұмбақ болған соң кейбір сөйлемдегі анықтауыштар жазылмады немесе балама сөздермен алмастырылды.

ҮШ ӘРІПТЕН ТҰРАТЫН, СОҒАН ҚАРАМАСТАН ҮШ ТҮРЛІ МАҒЫНА БЕРЕТІН

ҚАЗАҚТЫҢ 10 СӨЗІН ТАБЫҢЫЗ
1._______________ 2.______________ а)_______________ а)______________

ә)_______________ ә)______________

б)_______________ б)______________

3._______________ 4.______________ а)_______________ а)______________

ә)_______________ ә)______________

б)_______________ б)______________

5._______________ 6.______________ а)_______________ а)______________

ә)_______________ ә)______________

б)_______________ б)______________

7._______________ 8.______________ а)_______________ а)______________

ә)_______________ ә)______________

б)_______________ б)______________

9)_______________ 10)_____________

а)_______________ а)______________

ә)_______________ ә)______________

б)_______________ б)______________



Пайдаланылған әдебиеттер

1.С.Ғаббасов «Халық педагогикасының негіздері»


2.М. Жұмабаев «Педагогика»
3.«Әлемдік педагогикалық ой сана» кітабы
4.«Ел аузынан» жинағы
5.«Исламдағы бала тәрбиесі» кітабы
6.«Мұсылманның әйел алдындағы міндеті» кітабы
7.Н. Қазыбек «Хадистер» жинағы аудармасы
8.«Отбасы және Денсаулық» журналы.


МАЗМҰНЫ

Алғы сөз. 4-6 бет

Отбасы. Бала тәрбиесі. 7-10 бет

Отау тігу. 11-14 бет

Әке-асқар тау. 15-20 бет

Ана – бұлақ. 21-24 бет

Болашақ перзентке ана таңдау. 25-28 бет

Мүбәрәк күйеу бала. 29-30 бет

Хикая. Сабырлық пен жұмсақтық. 31 бет

Сабырлық. 32 бет

Сүйіспеншілік, табыс және байлық. 33-34 бет

Имам ағзам және бал. 35бет

Бала –жайқалған құрақ. 36-40 бет

Балаға деген сүйіспеншілік. 41бет

Қайырлы ұрпақ қайтсе туады? 42-43 бет

Балаға өтірік айтпау.

Бала тәрбиесінде ойынның ролі. 44 бет

Әке естелігі. 45 бет

Үлкен от майда шырпылардан шығады.

Маған да азан оқышы. 46-47 бет

Бала мен алма ағашы. 48-49 бет

Әкемді құшақтар едім. 50 бет

Балалардың арасын алаламау. 51-52 бет

Жақсы көру мен қорқыту.

Аяншақ ата-аналар мен әлжуаз балалар. 53-57 бет

Ас адамның арқауы.

Спорт және дене шынықтыру. 58-59 бет

Жүзу. 60 бет

Суға сүңгудің пайдасы. 61 бет

Атқа міну. 62 бет

Күрес. 63 бет

Садақ тарту. Жүру және жүгіру. 64 бет

Баламды қайта тәрбиелеуге мүмкіншілігім болса..

Кемшіліктерін бетке баспау. 65 бет

Даналық сөздер. 66-67 бет

Есіңізге сақтаңыз!

«Әлемдік педагогикалық ой-сана» кітабынан. 68-69 бет

Қанатты сөздер. 70 бет



Сөзжұмбақтар. 71-75 бет


Каталог: uploads -> docfiles
docfiles -> Жалпы білім беретін ұйымдар оқушылары арасында аймақтық Әбіш оқуларының байқауын дайындау және өткізу ережесі
docfiles -> Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы
docfiles -> Маңғыстау облысының білім басқармасының 26. 12. 2015ж. №4 алқа шешімімен бекітілді
docfiles -> Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сайлауалды Бес институционалдық реформасы «100 нақты қадам»
docfiles -> Білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар туралы ақпарат Маңғыстау облысының білім басқармасы Маңғыстау облысының «Маңғыстау облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015жылдарға арналған іс-шаралар жоспары
docfiles -> Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы баяндама


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет