Байтанаева-молдалиева д. А., Байменова с. С



Дата15.09.2017
өлшемі89,74 Kb.
#33217
ӘОЖ 378 (075·8):811·512·122
ОРЫС ТОПТАРЫНДА «ҰСТАЗ МАМАНДЫҒЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖҮРГІЗІЛЕТІН ТІЛ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ
БАЙТАНАЕВА-МОЛДАЛИЕВА Д.А., БАЙМЕНОВА С.С.
Мақалада мемлекеттік тілді жоғары оқу орындарының орыс топтарында жүргізу әдістері сөз етіледі. Өзге ұлт өкілдерінің тілін дамыту жұмысы мәтін негізінде жүргізіледі. Мәтінді игеру барысында тіл дамыту жұмыстарының барлық түрлері қамтылады. Яғни, лексикалық, грамматикалық, тілдесім жұмыстары іске асырылады. Бұл жұмыс түрлері мақалада «Ұстаз мамандығы» мәтіні бойынша берілген.

Кілт сөздер: мемлекеттік тіл, қарым-қатынас, мамандық, қалыптастыру, жауапкершілік, тіл дамыту, кәсіби біліктілік.


Бүгінде жоғары оқу орындарының орыс топтарында оқитын өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Орыс топтарында қазақ тілін оқытудың негізгі мақсаты – студенттерді қоршаған ортамен қазақша қарым-қатынас жасауға үйрету ғана емес, сонымен бірге оларға келешек мамандықтары бойынша тілдерін дамытып, әдебиеттерді еркін пайдалануды үйрету. Жоғары оқу орнын бітірген студенттер келешекте өздері істейтін жұмыс орнында мамандық бойынша терминдерді еркін пайдаланып, түрлі іс қағаздарын жаза алатындай, мәжілістерде сөйлей алатындай, баяндамашыға сұрақ беріп, ойын еркін айта алатындай дәрежеге жетуі керек, түрлі мәліметтер беріп, жылдық есеп жазу, жиналысты алып бару, не болмаса өзі сияқты мамандармен кездесіп, қызмет мәселелерін шешу, жалпы мамандық бойынша еркін тілдік қарым-қатынасқа түсе алуы керек.

Бұл мақсатты іске асыруда мамандық бойынша алынған мәтіндермен жұмыс істеудің маңызы зор. Мақаламызда педагогикалық институтта оқитын келешек ұстаздарды өз мамандығы бойынша қазақ тілінде еркін сөйлеуге үйрету жұмысына мысал ретінде «Ұстаз мамандығы» тақырыбындағы мәтінмен жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарын көрсетпекпіз. Мамандық бойынша алынған мәтінмен келесі жұмыс түрлері жүргізілуі мүмкін: [1].

1. Мәтінді оқып, мазмұнын түсіну

Ұстаз мамандығы

Адамзат көп ғасырлық тарихында өте мол тәжірибе жинады. Мұғалім жас ұрпақта білімді ғана емес, ғылыми-материалистік дүниетанымды, азаматтық ұстанымды қалыптастырады, рухани-адамгершілік тұрғысында тәрбиелейді.

Мұғалім мамандығы – біздің елімізде ең көп тараған мамандықтың бірі. Мамандықтың бұқаралығы оның маңыздылығын көрсетеді, дегенмен әрбір мұғалімнен педагогикалық кәсіптің, қоғамдық кәсіптің мәртебесін көтеру жөнінде айрықша қамқорлықты қажет етеді.

Мұғалім – бұл болашаққа ұмтылған адам. Оның қызметі адамды қалыптастыруға, солардың алдағы жағдайдың өзгеруіне қарай белсенділігін арттыруға бағытталған. Л.Н. Толстой: «Болашаққа жарамды адамды тәрбиелеу үшін, оларды тамаша жетілген азамат етіп тәрбиелеу қажет – тек сонда ғана тәрбиеленуші өз ортасында өмір сүретін ұрпақтың лайықты мүшесі бола алады» деген.

Мұғалім ең күрделі үдерістерді – жеке адамды қалыптастыру процесін басқарады. Бұл процестің күрделілігі тәрбиеленушінің жеке өзінің үнемі өзгеріп тұратындығына байланысты. Бір өзенді екі рет кешіп өтпейтіндігі сияқты, оқушыға әр уақытта бір өлшеммен қарауға болмайды. Мұғалім қызметінің ерекшелігі сол, көптеген мамандықтар секілді педагогтың қолында өлшеуіш немесе басқалай приборлар жоқ. Оның ең басты жұмысы – оқыту мен тәрбиелеу барысында пайда болған қарым-қатынасты басқару. Мұғалім көптеген нақты жағдайда қысқа уақыттың ішінде ең дұрыс педагогикалық шешімді таба білуі тиіс, ал мұның өзі әрқашан күрделі. Қоғам мұғалімге ерекше жауапкершілік жүктейді. Мұғалім баланың білімін, әдетін, мұратын және өмірлік мақсатын қалыптастырады. (Ол кім? Бұл не? энциклопедиясы).

2. Сөздік жұмысын жүргізу

адамзат – человечество

мол тәжірибе – большой опыт

дүниетаным – мировозрение

азаматтық ұстаным – гражданская позиция

бұқаралық – массовый

белсенділігін арттыру – развивать активность

қалыптастыру – формирование

өлшем – мера

жауапкершілік – ответственность



3. Келесі сұрақтарға жауап беру арқылы мәтіннің мазмұнын түсіндіру

1. Мұғалім жас ұрпақ бойында нені қалыптастырады?

2. Мұғалім мамандығы қандай мамандық?

3. Мұғалім қандай адам?

4. Мұғалім қандай үдерісті басқарады?

5. Мұғалім қызметінің ерекшелігі неде?

6. Мұғалімнің ең басты жұмысы неде?

7. Мұғалімнің қоғам алдындағы жауапкершілігі?



4. Мәтін негізінде грамматикалық материалды қайталау [2].

Қарсылықты салалас құрмалас сөйлем

а) Қарсылықты салалас туралы түсінік беру


Қарсылықты салалас құрмалас

Жасалу жолы

Мысалы

Қарсылық мәнді жалғаулық шылаулары арқылы байланысады

Алайда, ал, бірақ, дегенмен, әйтсе де, сонда да жалғаулық шылаулары

Ернар киноға кетті, бірақ билет жоқ екен.

ә) Салалас құрмалас сөйлемнің түрлерін анықтау




1. Мамандықтың бұқаралығы оның маңыздылығын көрсетеді, дегенмен әрбір мұғалімнен педагогикалық кәсіптің, қоғамдық кәсіптің мәртебесін көтеру жөнінде айрықша қамқорлықты қажет етеді.




2. Қоғам мұғалімге ерекше жауапкершілік жүктейді, сондықтан мұғалім баланың білімін, әдетін, мұратын және өмірлік мақсатын қалыптастырады.




3. Мұғалім жас ұрпақта азаматтық ұстанымды қалыптастырады әрі рухани-адамгершілік тұрғысында тәрбиелейді.




4. Мұғалім көптеген нақты жағдайда қысқа уақыттың ішінде ең дұрыс педагогикалық шешімді таба білуі тиіс, әйтсе де мұның өзі әрқашан күрделі.





5. Педагог имиджі дегеніміз не? Бұл сұрақ бойынша келесі мәтін мазмұны негізінде пікірталас ұйымдастыру.

Педагог имиджі

Қазіргі заманда педагогтің кәсіби іс-әрекетінің табысты болуы көбінесе имиджге байланысты. ХХІ ғасыр педагогі имиджіне тоқталатын болсақ, имидж – ағылшын тілінен аударғанда «бейне», «кейіп» деген мағына береді. Имидж – сіздің бойыңыздағы талантыңыздың жарқырап ашылуы, өзіңіз туралы жақсы пікір қалыптастыру жолы. Әлемдік өркениеттің стандарттарын ұсынатын американдық психологтардың пікірінше, тамаша табыс феномені – адамның имиджі мен оның карьерасымен тікелей сабақтас.

Тартымды имидж:


  • Айналасындағы адамдардың көңілін аулау кепілі;

  • Кез келген жұмыста жетістікке жетудің негізгі шарты.

Имидж құрылымы:

  • сыртқы бейне;

  • қарым-қатынасты пайдалану құралы;

  • ішкі «мен» сезімінің кәсібіне сәйкестігі;

  • мимика;

  • дауыс күші мен тембрі;

  • киім кию мәнері;

  • қимыл;

  • мәнер;

  • мәнерлі сөйлеу;

  • келісімге бару;

  • стиль мен киім түсінің психологиялық әсерін білу;

  • тұрған тұрысқа, мимикаға және мәнерге көңіл бөлу;

  • шыдамдылық.

Жалпы имидждің құрамына төменде көрсетілген элементтерді жатқызуға болады:

  • қызметтік қарым-қатынас этикеті;

  • шаш үлгісінің үйлесімділігі;

  • өзіне сәйкес стильді анықтайтын элементтер: киім, аяқ киім, аксессуарлар;

  • тіл табыса білу қабілеті, ауызша және жазбаша тілдесу, дауыс ерекшелігі.

Сонымен, педагогтің имиджі:

  • жеке және тұлғалық қасиеттер;

  • коммуникативтік қасиеттер;

  • кәсіби іс-әрекеттің және мінез-құлықтың ерекшеліктері.

Жаңа қоғам педагог имиджіне жаңа талаптар қояды, бірақ ұстаздың бойында өзгермейтін мына қасиеттер бар:

  • балаларды жақсы көру;

  • мейірімділік;

  • шынайылық;

  • тілдесе алу икемділігі.

6. Мәтінге байланысты келесі сөздік жұмысын игерту: [3].

кәсіби іс-әрекет – профессиональные действия

пікір қалыптастыру – формирование мнений

әлемдік өркениет – мировая цивилизация

жетістік – достижения

негізгі шарты – основные условия

қарым-қатынас – взаимоотношения

қызметтік қарым-қатынас – служебные взаимоотношения

тұлғалық қасиеттер – личностные качества

коммуникативтік қасиеттер – коммунивкативные качества

қоғам – общество

талап – требования



Келесі сұрақтарға жауап беріңіз:

1. Имидж деген сөз нені білдіреді?

2. Имидж немен сабақтас?

3. Имидждің түрлері

4. Имидждің құрылымы

5. Имидждің құрамына не жатады?

6. Ұстаздың бойында өзгермейтін қасиетке не жатады?

7. «Менің имиджім» тақырыбында ой бөлісу

«Педагогикалық шеберлік» тақырыбында келесі сұрақтар негізінде әңгіме құрастыру:

1. Педагогикалық шеберлік дегеніміз не?

2. Педагогикалық шеберлікке не жатады?

3. Педагогтің кәсіби дамуының негізі неде?

4. Қандай педагог өз ісінің шебері атанады?

Мәтін бойынша жүргізілетін тіл дамыту жұмыстары білім туралы мақал-мәтелдерді, ұстаз жайында тақпақтар, ән айтумен жалғастырылуы мүмкін.

Тіл дамыту сабақтарының мақсаты: өзге ұлт студенттеріне қазақ тілін қатынас құралы ретінде үйрету; мәтін негізінде сөздік қорын молайту; мамандық бойынша терминдерді меңгерту; сұраққа жауап беруге жаттықтыру; қазақша дұрыс сөйлеу әуезділігін жетілдіру; мамандық бойынша қатысымдық құзыретін кеңейту [4].

Мамандыққа байланысты мәтіндерді негізге алып, студенттердің мамандық бойынша тілін дамыту арқылы олардың қазақ тілінен кәсіби біліктілігін арттыруға жол ашамыз.

Жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін өз пәнін сүйген қазақ тілі мамандары өзге ұлт өкілдеріне осы пәнді меңгертуде өздерінің бар білімін, шеберлігін ортаға салып, түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оны оңай жолмен игеруге жол ашса, студенттердің тілге деген құрметін арттырып, жоғарыда айтылған мақсаттарға жетеміз деп ойлаймыз.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Байтанаева-Молдалиева Д.Ә. Мемлекеттік тілді мамандыққа сай меңгерту. – Шымкент, 2003. – 122 б.

2. Байтанаева-Молдалиева Д.Ә., Байменова С.С. Қазақ тілі сабақтары. – Шымкент, 2014. – 175б.

3. Бектаев Қ. Қазақша-орысша сөздік. – Шымкент, 1995. – 415б.

4. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. – Алматы, 2000. – 208 б.
БАЙТАНАЕВА-МОЛДАЛИЕВА Д.А., БАЙМЕНОВА С.С. РАЗВИТИЕ РЕЧИ ПО ТЕМЕ «ПРОФЕССИЯ ПЕДАГОГА» СО СТУДЕНТАМИ РУССКОЯЗЫЧНЫХ ГРУПП

В статье рассматриваются методы преподавания государственного языка в русскоязычных группах вуза. Развитие речи в такой аудитории осуществляется на основе текстов. В процессе освоения текста используются все виды развития речи.

Ключевые слова: государственный язык, взаимоотношение, профессия, формирование, ответственность, развитие речи, профессиональная квалификация.


BAYTANAYEVA-MOLDALYEVA D.A., BAYMENJVA C.C. LESSONS DEVELOPING SPEECH FOCUSED AT THE ME «TEACHER’S PROFESSION» FOR THE RUSSIAN SPEAKING STUDENTS

In the article the methods of teaching of official language are examined in the Russian audiences of institution of higher learning. Development of speech of representatives of other nationalities comes true on the basis of texts.

Keywords: official language, interrelation, profession, forming, responsibility, development of speech, professional qualification.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет