Бала шоқан повестер



Pdf көрінісі
бет16/29
Дата07.02.2022
өлшемі1,6 Mb.
#94641
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   29
Байланысты:
pdf Бала Шоқан Сапарғали Бегалин

ЫСТЫҚКӨЛ САПАРЫ
I
Шоқан Омбыдан аттанар алдында Гасфорт өзі тағы да қабылдап:
Шоқан Шыңғысович, сізді Хоментовский асыға күтуде. Бұл жолғы
экспедиция — əскери үлкен маңызы бар экспедиция. Бірнеше топографтар,
жер шенеушілер болады. Əсіресе қырғыз манабы Боранбай тілегіне
Петербург басшылары үлкен мəн беруде. Атақты Ыстықкөл атырабын,
Қоқан, Хиуа хандықтарының арандату əрекеттеріне соққы беретін түйін де
сол қырғыз жерінде болуы дұрыс. Ал, есіңізде болатын бір нəрсе, өткен
жылы тапсырманы Абакумов қалай қолға алған екен, бақылау істерсің. Ана
дін жатындағы тау қырғыздарының қандай өзгешеліктері бар, оны да
ұмытпа, — деп осындай өз тапсырмаларын тағы да қадағалап шықты.
— Густав Христианович, сіздің ұлы қамқорлық көрсеткен ақыл-
нұсқауыңызға үлкен алғыс айтам. Тапсырмаңызды күш-қуатым жеткенше
орындауға тырысам. Жəне бұл жолғы жүрісіміз де жемісті болады деп
сенем, — деп Шоқан əскери тəртіппен қабылдап сенім көрсетті.
Шоқан тездете жүріп, Семей қаласына жетті. Бұл жолы почта жүретін
қыр жолымен суыт жүрді. Семей қаласына келісімен Шоқанның
іздестіргені Достоевский болды. Өткен жылы кездесе алмай кеткен досына
қалай да жолығып, көптеген сырлар шертпекке ынтығады.
Семейдің əскери казармасының бір бұрышындағы үстелде қағаз тіркеу,
көшірме жұмыстарында отырған досына Шоқан ойда жоқта келді.
Сағыныса көріскен достар ұзақ амандасты. Қатардағы жүдеу əскер киімін
киген арық денелі Федор Михайлович ауыр аңдуыл үстінде де өзінің алған
бетінен қайтпаған. Қайта ашына түскен. Ол өзінің Семей қаласында
отырып, сонау алыстағы достарынан алған жаңа хабарларын Шоқанға
жайып 
салды. 
Шоқан 
да 
езінің 
омбылық 
достарынан 
əкелген
сəлемдемелерін, жаңалығын тегіс ақтарып шықты.
Шоқан Семейге келгенде экспедиция бастығы полковник Жетісуға


барып, экспедицияның жол жабдығын, Қапал, Верный бекінісіндегі əскери
бөлімнен керекті адамдарды іріктеп жатқан-ды. Сондықтан да Шоқан
Семейге көп бөгелген жоқ. Ол тездеп бекет жолымен Қапал бекінісіне
тартты. Өткен жылты жүріп өткен жолы көзіне оттай басылып, əрбір тау,
тас, өзендердің жай-күйі қайта жаңарып ойына түседі. Шоқан бөгетсіз суыт
жүрді. Генерал-губернатордың тапсыруы да, Хоментовскийдің күтіп
жатқаны да оның көз алдына елестейді. Алайда ол осы жолында Аякөзде
болып, Қозы Көрпеш — Баян бейітін қалай да. көруі керек болды.
Шоқан Семейден шыққанда май айының алғашқы бір əсем күндері еді.
Қазақ даласы, əсіресе Арқат, Еңірекей тауларының алабы ғажайып балауса
гүлге бөленген. Өзінің достары Сергей Дуровтың, Григорий Потанинның
өсімдіктер жайынан айтқан тамаша əңгімелері қызықтырып, жол-жөнекей
ол көптеген сақара гүлінен алуан түрлі жапырақтар жинап, айрықша
баптап, арнап алған ыдыстарына салып отырды.
Əсіресе Аякөз маңы, онан өте Қозы Көрпеш — Баян зираттары тұрған
Айтыз, Таңсық өзендерінің бойынан көп жаңа өсімдіктер жинады. Ол
Аякөзден шыққан күннің ертеңіне құмартқан «Қозы Көрпеш» күмбезіне де
жетті. Сонау Арыстан ақыннан естіген, онан кейін əкесі Шыңғыс жинаған
қазақ халқының ғажайып дастанының туған жеріне келді. Ай өзенінің
қабағындағы қырқашықта, сыртын заман іздері айғыздап қожырландырған
жалғыз күмбез сырға бөгіп, мұңға бөленіп тұр. Ол бір кезде əлдеқандай
шеберлердің қолымен соғылып, əсем ескерткіш болған. Қазір көнере көркі
өзгеріп, сұрынан айрылған, Күмбездің сырты көнергенімен, арманда кеткен
арыстай жігіт Қозы мен ару қыз Баян əулеттен əулетке жаңарып жетеді.
Күмбездің ішіне кіріп тамашалаған Шоқанның адам суреттері ойылған
бірнеше сын тастарға көзі түсті. Олардың оң жақ шеттегісінің иығынан
төменгі ұлы денесі бар, басы жоқ. Ал оған таяу қыз киімін киген мұңлы
ару. Оның қасында тізерлей отырған екі əйел адам. Шоқан қарындашпен
осы суреттерді қағазға түсірді.
Осы суретті салып болып Шоқан: «Біздің халқымыздың ертеде сурет
өнеріне шеберлігі болған. Бірақ елімізге мұсылман дінінің əкелген бір
кертартпасы осы сурет өнерін тыйған», — деп жазып қойды.
Шоқанның қасында Семейден ере шыққан серігі бұрын бұл жақта
болмаған казак-орыс азаматы еді. Ол жігіт сыпайы түрде:


— Шоқан Шыңғысович, сіз осынша құнттап, ете ынталана суретке
салып жатқан қандай мұра? — деп сұрап қалды.
— Уа, жігітім, сізге мен бұл ескерткіштің уақиғасын айтайын. Бұл қазақ
халқының ер жігіт, ару қызының арманды өмірі ғой.
— Адам баласының өмір жолы əр қиян алыста өтсе де, арманы кейбір
жағдайларда біріне бірі ұқсас болып, тағдыры бір жайда шендеседі, — деп
Шоқан осындай кезде ойланып қиялға бойлайтын əдетіне салып отырып
қалды. Əлден уақытта жайлана сөз бастап: өзі сонау Арыстан ақыннан
естігенін, əкесінің жинаған қолжазбасынан көргенін айтып берді.
— Шоқан Шыңғысович, сіздің халық сияқты көшпелі анайы елде де,
мұндай керемет аңыз бар екен-ау! — деп жол серігі өзінің дүние танудағы
сауатының аз екенін аңғартты.
— Ғафу етерсіз, жол серігім, əрине, сіздердің ұғымдарыңызда біздің
халқымыз сезімсіз, анайы болып көрінеді ғой. Бірақ сезім жағынан, жыр,
күй, шешендік жатынан ешбір халықтан кем емес. Мен сізге əлгі ғашықтық
жырының тек қысқа қаңқасын ғана айттым. Оны біздің халық жыраулары
бір жұма бойы жырлайды. Оның көп жерінде тыңдаушылар жылап
отырады. Біздің елдің бұл сияқты ұлы дастандары бір бұл ғана емес, бұл
жүзден бірі. Біздің халқымыздың мекені шалқып тұрған əн мен күй, əсем
жыр емес пе! — деп тоқтады.
II
Алдында күтіп отырған Хоментовскийдің тобына жетуге Шоқан асыға
тартты. Май айының балбыраған əсем күндер! Əсіресе қоңыр самал;
көкорайға бөленген Жетісу өлкесінің əсем табиғаты жанын сергіткен
Шоқан үздіксіз жүрді. Ол Қапал бекінісіне келетін күні былтырғы
Гасфорттың бекіттірмек болған «Соркезеңінен» өтті. Əзірше түйіртасына
түрткі түспеген зəулім жартас, баяғы тəкаппар қалпында. Омбыдан
жүрердегі Гасфорттың осы кезеңді бекітуді тапсырғаны есіне түскен
Шоқан қасындағы серігіне:
— Сіз мына екі жағынан зəулім жартас мінбелеп тұрған кезеңнен
өткенде жан-жағыңызға тамашалай қарадыңыз. Бірақ бұл асудың жайынан
хабарсыз шығарсыз. Былтыр Гасфорт мырза осы жерден өткенде, бір үлкен
ойға келген. Мына алдымыздағы Қапал бекінісінің бастығы Абакумовқа:


«Осы кезеңді бекіттіру жобасын жаса, бұл біздің жүріп қайтқан
жолымыздың белгісіне арналсын», — деген еді. Содан былай бұл кезеңді
«Гасфорт бекінісі» деп атауға сөз байлағанбыз, — деді.
— Шоқан Шыңғысович, тауды қопарып, мына кезеңді бекіту
шекарашының кішкене тобының қолынан келе ме? — деп ойына сыйғыза
алмаған серігі қайталап сұрады.
— Ол арасын генерал-губернатор өзі ойлап сыйғызған болар. Біздікі
көзімізбен көргенді айтқан ғой, — деп өзінің ажуасын айтардағы
күлімдеген ажарымен сөзін түйді.
Хоментовскийдің тобына Шоқан Шелек өзенінің бойында келіп
қосылды. Ыстықкөлге қырғыз еліне аттанған бұл экспедицияның ең басты
міндеттері тау қырғызының ішкі-сыртқы тұрмыс жайымен жете танысу,
əдет-ғұрпын зерттеу. Сонымен қатар Боранбай манаптың өтінішін орындап,
орыс патшалығының ел билеу тəртібін ұғындыру. Жəне мына өзімен
іргелес отырған қазақ руларымен көршілестік жағдайға келісім жасау.
Əсіресе сол Бұғы қырғыздарының «Сарбағыс», «Солты» руларының
арасындағы дау-шарларын тыныштандыру болатын. Осы жағдайларға
басшылық етуге ел жайына жетік, тіл мен əдетін жете ұғынатын сұлтан
Шоқан Уəлихановқа Батыс-Сібір өлкесінің генерал-губернаторынан
айрықша уəкілдік берілген.
Шоқан келер алдында Хоментовскийге генерал-губернатор Гасфорттың
«Уəлихановты күтіп, бірте аттаныңдар!» деп жазған хатымен қатар өзі де
Алатау округінің бірнеше ел ағасы ақсақалдарын экспедиция құрамына
қосып ала жүруді тапсырған-ды. Шоқанның осы тапсырмасын орындап
Хоментовский Албан, Дулат, Жалайыр руларының ел ағасы адамдарын
ертіп алып шыққан. Ұлы жүздің аға сұлтаны Тезектің ағасы Тазабек,
Əбілез, Бұлан Сасыбаев, Байғозы Тіленшин, Жайнақ Терімбеков сияқты ел
жайына, əдет-ғұрпына жетік адамдар бар. Сонымен қатар экспедиция
құрамында: жер шенеуші топографтардың бастығы Яновский, тілмаш
Бардашов, шекарашылар отряды бар, жиыны жүз шамалы адам болған.
Шелек бойында бас қосқан экспедиция адамдары бірнеше күн кеңінен
отырып жүріс жолын, алдағы істелетін жұмыстар жайын кеңесіп, соны
жобалады. Осы сияқты жол жобаларын ретке келтіріп Ыстықкөлге бет
алған топ асығыссыз жылжыды. Əсіресе өткен жылы ат үсті жүріп еткен


жерлерге айрықша тоқталып, жер шенеушілер барлық керекті істерін
орындап отырды. Шоқан да өзіне керекті деректерін жазып, жер жайы, ел
жайындағы көптеген аңыздардың ізін тапты.
Экспедицияның бір тоқталған жері Шалкөде жайлауы болды. Бұл
жайлау басы Көгершінді бұлағынан басталып, аяты Кегенге құятын
Шалкөде өзенінің бойы. Екі жағы самырсын қарағайға бөленген аласа
таулар алқабы. Жапырылған шалғын, ортасынан жарып аққан мол сулы
мөлдір өзен. Əсем қоныс. Экспедиция осы өлкеге шатырын тігіп, екі күн
демалыс етті. Шоқан өзен бойын салт атпен аралап, сан алуан кене
мекендердің жұртына кездесті. Əсіресе Шоқанға қызықты болған өзен
бойындағы ертеде салынған бекін орны. Бұл күнде тек іргелерінде құлап,
жал-жал болып үйінді қалған. Бір кездегі сыртқы жаудан қорғанып бекініс
жасаған жер екені айқын. Кім жасады, қай заманда, қалай жасалды, қалай
талқандалды — оған белгі таппады. Осы жерден Сарыжазға қарай көшіп,
Сарыбұлақ бойына келіп қонды. Бұл жерде де Шоқан Бұлан ақсақал мен
Байғозыны ертіп, Шартас алқабына барды. Бұл елдің орны Шартас деп
атайтын себебі, шаһар болған жердегі хандардың, əмірлердің сарайына
ұқсаған, жақпар жалпақ тастардан жасалған үңгір үй бар. Ол үңгірдің кірер
қақпасының екі жағындағы жақтау жалпақ тастың бетінде біріне бірі
қарсыласа салынған екі жолбарыстың суреті тұр. Ал қақпаның маңдайша
көлденең тақтай тасына тоты құстың суретін салған. Үңгірдің іші де
осындай неше түрлі аң, құстардың бейнесін ойып жасаған суреттерге толы.
Шартастың айналасында да бірнеше аңызға өзек боларлық суреттер
тасқа ойып салынған. Үңгіртастың солтүстік-шығысына таман жалпақ-
жалпақ тастар қатарынан созылған. Солардың бірнешеуінде бұғының,
еліктің суреттері ойылып салынған. Үңгірге кіре берісте, оңтүстік-шығысқа
таман, дөңгелек қора сияқты шағын алаң бар екен. Осы алаңның іргелігі
құсаған жалпақ таста астау сияқты ұзынша ойық тұр. Сол өзекше ойықтың
оңтүстік шетінде жұдырық сиятындай тесік бар. Оның сыртында екі
ортасы текшеленіп ойылған екі сым тас тұр. Осылардың бəрін тамашалап
көріп Шоқан жол дəптеріне жазып алды.
— Мына «Жартас» деген əншейін айтылмаған болар. Бұл жерде ерте
заманда бір халық орталық жасап тұрған ғой. Анау қуыстың алдындағы
суреттер қандай шебер ойылған. Өзі өнерлі халық болған, — деп Шоқан
тоқтаған кезде, Байғозы ақсақал өз бастап:


— Шоқан шырағым, біз сіздер сияқты оқып-тоқыған емес, естумен ел
аузынан ұққанды əңгімелей береміз ғой. Осы «Шартас» жайында біздің
елде мынадай бір аңыз айтылады: Мына бізбен көршілес қырғыз елінің
Манас деген батыры — манабы болыпты. Ол кезде қырғыз, қазақ деп
бөлінбейді екен. Қазақтан шыққан Ер Көкше деген батырмен екеуі қол
бастап, ел қорғап осы Алатау маңында қалмақтармен соғысыпты. Сол
Манастың Ер Көкшемен тізе қоса жаумен алысқандағы бір бекінісі осы жер
бопты. Дөңгелек алаңда Манастың құла аты жібек арқанмен арқандаулы
тұрады екен. Сондағы жібек арқанның бір ұшы тесік тасқа байлаулы
болады екен. Ал мына сыртқы екі сəкі тастаты ойықтың бірінде арпа,
бірінде түз, астауда су тұрады деседі. Қырғыз елінде Манасты ұзақ жыр
етіп жырлайды, — деп тоқтады. Шоқан Байғозы қарттың мына əңгімесін
жол дəптеріне — «бұл бір анықтай түсер аңыз екен» деп жазып қойды.
Экспедиция жол бойы жүрген жерлерін топографиялық қағазға түсіріп,
жер, су жайының, өсімдік өзгешеліктерін де үңіле қарастырып, Ыстықкөл
атырабына да келіп жетті. Хат жазып күтіп отырған Боранбай манап
құрметтей қарсы алды. Манапқа алдымен танысып, амандасқан Шоқан:
— Қырғыз халқының дəрежелі манабы, Боранбай мырза, сіздің жазған
қатынас хатыңыз бойынша Сібір өлкесінің ұлық губернатор генералы
Гасфорт мырза арнаулы экспедиция жіберді. Оны біз бастап келдік. Мына
көрші ағайындас еліңіз Албан, Үйсін, Дулаттың қадірлі ақсақалдарын ертіп
келдік. Біз сізге қонақпыз, еліңіздің жайын, өз мүддеңізді іркілмей айта
беріңіз, — деп жатық та есті сөзін сөйледі.
Жап-жас Шоқанның үстінде орыс офицерінің шенді киімі, аузында
аталы қазақ сөзі, аңырып қалған манап:
— Шырағым, өзіңе қарасам — бассың, түріңе қарасам — жассың,
алдымен өз женіңді айтшы, танып алайын, — деп Шоқанға қарады.
— Менің арғы атам — Абылай, бергі атам — Уəлихан. Атым — Шоқан.
Батыс-Сібір өлкесінің мекемесінде қызмет істеймін, — деп аты-жөнін
қысқа түсіндірді. Шоқанның кім екенін ұғынған Боранбай, іркілместен
барлық жайды ашып сөз бастады:
— Біз Алатау қырқасын қоныстаған қырғыз деген елміз. Еліміз бірнеше
руға бөлінеді. Мына біздің руымыз — Бұғы атанады. Бізбен қанаттас


отыратын бір руымыз — Сарыбағыс, оның Орман деген манабын біздің
рудың жігіттері ажалға ұшыратты. Сонан біздің еліміздің іші мазасыз,
атыс-шабыс. Өздеріңізге мəлім, біз екі оттың арасында отырған елміз.
Қанаттас отырған Хиуа, Қоқан хандықтары шапқыншысын жіберіп,
еліміздің бір жағын айдап алып, қол күш істейді. Əсіресе Сарыбатыс
манаптары соларға арқа сүйеп, бізге ылғи күш көрсетеді. Біз осы зорлықтан
құтылсақ екен. Ол үшін мына көршілес қазақ туысқандарымыз Албан,
Дулат елімен бірлесіп, ұлы орыс патшалығының қол астына бағынсақ,
соның қорғауында болсақ дейміз, — деп барлық мүддесін айтып шықты.
Экспедиция бастығы полковник Хоментовскийге тілмашы Бардашов өз
білгенінше айтып отырды. Өзін аса тəртіпті ұстайтын Хоментовский ұғына
тыңдап, бəріне түсінді. Бірақ қырғыз елінің мына сияқты ру аралық
айтыстартысы жайына кіріскен жоқ. Бұл жөніндегі барлық билікті
бастапқы тəртіп бойынша Шоқанға жүктеді. Қырғыз елінің барлық жайын
білетін Ұлы жүз ақсақалдары Байғозы, Жайнақ, Бұландарға, сұлтан
Тазабекке сөз сала отырып Шоқан екі ру қырғыз манаптарының басын
қосып, келісім мəселесін қарады.
Ұзақ кінəласқан қырғыз манаптары көптен шемен болған шерлерін
айтыса отырып, татулыққа бет алды. Сарыбағыс манаптары да өздерінің
руларын Бұғы руларымен ата жолымен ақылдастырып, туысқандық тілін
тапты. Барлық қырғыз рулары болып ұрандасып орыс патшалығының қол
астына қарап, қазақ ағайындарымен тағдырын біріктіруге сөз байласты.
Көптен көнекжара болып шешілмеген түйінді шешіп, қырғыз, қазақ елінің
ағайындығын табуға басшылық еткен Шоқанға қырғыз, қазақ ақсақалдары
үлкен алғыс айтты. Өздерінің өтінішін ескеріп, арнаулы экспедиция
жіберіп, Россия патшалығының кең қолтығына тартып, қамқорлық еткеніне
айрықша алғысты хатын қырғыз манаптары Батыс Сібір өлкесінің
басшыларына жолдады.
Алдымен 
қырғыз 
руларының 
өзара 
алауыз 
айтыс-тартысын
тыныштандырып, енді осы жаңадан Россия қол астына ерікті түрде
бағынуға мойындаған халықтың шаруа жəне ішкі тəртібі жайында бірер
ереже жобасын жасау қажет болды. Осы кезде өзінің ғылыми жұмысын
жүргізе Жетісу өлкесіне, Ыстықкөлге келген Петр Петрович Семенов та
келіп Шоқандарға қосылды. Сүйікті дос атасының келгеніне Шоқан сондай
қуанды. Семенов Шоқаннан да қуанышты ықыласпен қарсы алды. Бұрын
келіп қайтқанында қырғыз руларының арасындағы алауыздығынан ғылыми


зерттеуінің олқы қалған жерлерімен Семенов енді еркін танысатын болды.
Сонымен бірге осы қырғыз елі жайында өзі көзімен көрген кейбір
жолсыздықтарды айтып, бұл ішкі тəртіпке өзінің көптеген ойын қосты.
Экспедицияның жер шенеушілері өздерінің ғылыми істеріне кірісіп,
Ыстықкөлдің оңтүстік, солтүстігін, айналасын барынша топографиялық
картаға түсірді. Шоқан да қырғыз елінің ішін аралап, əдет-ғұрыптарын,
діни сенім жайындағы ертелі-кеш өзгерістерін жазып алды. Əсіресе қырғыз
елінің билік ережелері, ер дауы, жер дауы, ұрлық-зорлық жайларын
барынша қағазға түсірді. Шоқан арқылы қырғыз елінің барлық ішкі
тұрмысы жайынан толық мəлімет алған Петр Петрович Семенов өзінің
мына қырғыз Алатауында, Тянь-Шань қырқасында Шоқанмен кездескеніне
сондай қуанышты болды.
Шоқан анадағы Шартаста Байғозы қарттан естіген Манас батыр
жайындағы əңгімені есіне алып, қырғыз елінің əн, күй, аңыз əңгімелерімен
танысты. Шоқанды таңдандырған бүкіл қырғыз елі болып мақтана
жырлайтын Манас жыры болды. Қырғыздың пернесіз тартылатын
домбырасының (қомыз) өзгешелігін, манасшының дене, бет, көз
құбылыстарын қарындашпен суретке түсіріп алды. Манасшының айтуына
қарағанда бұл жыр атадан балата, атадан ініге қалып үздіксіз ұзақ
жырланады екен. Оны қағазға тегіс түсіруге мүмкін болмады. Тек шығыс
елінің ауыз əдебиетіндегі ұлы шығарма екенін жазып, кейбір шумақтарын
орыс тіліне аударып қойды.
Экспедиция үш айдай қырғыз елінде, Ыстықкөл атырабын тегіс зерттеп,
қағаз бетіне бейнелерін түсіріп алды. Шоқанды ерекше бір қызықтырған
нəрсе Ыстықкөл маңындағы көне қалалардың қалдықтары, арық, канал
жүргізген суландыру жолдары, сол сияқты күмбездеп салынған
ескерткіштері болды. Сонымен қатар Ыстықкөлді мекендейтін құстар, сол
биік тау қиясында өсіп-өніп мекендейтін аң, тіпті құрт-құмырсқаға дейін
зерттеп жазып отырды.
Экспедицияның қарастырғаны бір кездегі жібек жолы атанған Батыс
Қытай елімен қатынас, сондағы Алатау атырабын басып өтетін керуен
жолы болды. Осындай жан-жақты ғылыми да, мемлекеттік тұрғыдан
қарастырылған үлкен істің басы қайырылып, көптеген жаңалық
жинастырылды.


III
Шоқан Ыстықкөл бойында ғылыми жұмыстарын жүргізіп, əрі қырғыз
елінің өзара татулық келісімін ұйымдастырып жатқан кезде, Петербуртта
таты бір ірі мəселе қолға алынды. Ол мəселенің шұғыл көтерілуі, Қытай
мемлекеті мен Россия патшалығының сауда қатынасын қалпына келтіру
жайлы еді. Бұдан бұрын Шəуешек арқылы жүргізіліп тұрған сауда жолы,
Қытай елінің өз ішіндегі келісімсіздіктен тоқталып қалған-ды. Енді Құлжа
қаласы арқылы Шығыс Түркістанға, Батыс Қытай еліне қатынасар тете
сауда жолын ашу ете қажет. Соған келісім жасау үшін ерекше жауапты
уəкіл жіберілу керек. Оған жіберетін уəкілді белгілеу Батыс-Сібір өлкесінің
генерал-губернаторы Гасфортқа тапсырылды. Шығыс елдерінің тілі мен
əдет-ғұрпына жетік, Еуропаша жоғары білімді Шоқан Гасфорттың ойына
алдымен түсті. Қарастыра келгенде Шоқаннан қолайлы уəкілді табуға
қисыны жоқ. Фридрихе сияқты Шоқан күндестері: «Сіз осы бір қазақтың
албырт, жеңілтек баласын өте көтермелеп жібердіңіз. Мына сияқты улы
уəкілдікке ол жігітіңіздің қарымы жете ме?» дегенде:
— Кешірім етіңіздер, мен сіздердің біреуіңізді-ақ уəкіл етіп жіберер
едім, бірақ Уəлихановтың дала елінің ішіндегі абыройы мен білімі сіздерде
жоқ қой. Құр қазақ деп кеміту өркөкіректік болар. Ол тапсырманы
ойдағыдай орындайды деп сенем. — Гасфорт мына чиновниктерінің
күндестік көңіліне осылай сыпайы соққы берді. Бір сеніп алғанда бетінен
қайтпайтын генерал-губернатордың мінезін білетін чиновниктер іштерінен
тынып қала берді.
Ыстықкөл экспедициясының бастығы Хоментовскийге шұғылынан
жеткізілген Гасфорт бұйрығы экспедиция адамдарын тезінен Верный
бекінісіне оралтты. Гасфорттың Шоқанға арнап жазған уəкілдік хаты мен
айрықша тапсырмасы да осы жерде қолына берілді. Қапал бекінісіне келіп
тосып жатқан халықаралық уəкілдіктің адамдарына Шоқан да келіп
қосылды. Уəкілдік тақырыбына берілген нұсқау жол-жобаларымен
уəкілдіктің басқа адамдарымен де айрықша танысып, Шоқан Құлжа
сапарына қамданды.
Шоқандар Ыстықкөлдің оңтүстігіне бет алғанда, бөлініп солтүстік
Алатау алқабын аралауға кеткен Петр Петрович Семенов та Қапалға
оралды. Шоқандардың жаңа тапсырма алғанын естіп, уəкілдік жайымен
танысып, ол ерекше қуанды.


— Шоқан, мынау саған үлкен сенім. Именбей орындау сенің қолыңнан
келеді. Батыл қимылда! — деп көптеген кеңесін беріп, жас досын
өрлендіріп, осы жерде ол Тарбағатайға жүріп кетті.
Құлжа қаласындағы Қытай елінің консулынан «қабылдауға əзірміз»
деген хабарды алысымен Шоқан жол тартты. Өзінің ертеде ойында жүрген
тамаша жерлерді көрді. Əсіресе Қытай мемлекетінің Россиямен
шекарадағы əлденеше бекіністерінен өтті. Олардың шекаралық тəртіптерін,
бекініс құрылыстарын көріп танысып, көне елдің көне жайларынан көп
мəлімет алды. Халықаралық сыпайы тəртіппен қабылдаған Қытай елінің
Құлжадағы əкімдерімен танысты. Өзіне шетелдер министрлігінің берген
нұсқау хатын қолдана отырып, олармен екі елдің достығы жайындағы
үлкен мəселені кеңесті. Сонымен қатар бұрыннан жүргізіліп келген сауда
қатынасы жайлы да жаңа келісім жобасын кеңесті. Батыс Қытай елінің
жұмысына қашғарлық, құлжалық, Шығыс Түркістандағы елдердің беделді
ақсақалдары араласты. Əсіресе сол жақта сауда кəсібімен беделі ескен
татар, ұйғыр адамдарымен өз тілдерінде сөйлесіп, келісім жайын кеңесу
өте орынды болып шықты.
Жергілікті əкімдері қытай адамдары болғанмен, ішкі тəртібі Түркістан
өлкесінің басым жұртшылығы мұсылман қауымының қолында екен.
Байлық, сауда қоры қолында отырған қашғарлық байлар, өзбек, татар
саудагерлері, сауда жолының бұрынғы қалпына келуіне өте ынталы
қимылдады. Оның үстіне екі ұлы елдің аралығында отырған шатын аймақ
халықаралық тыныштықты да аса қуаттады. Осы сияқты тыныштық тілеп
отырған елге Тыныштық достық уəкілдігін алып келген Шоқан халықтың
ерекше қамқоры болып танылды.
Екі елдің келісім шартын, сауда жолының тəртібін келісумен қатар
Құлжа қаласына жаңадан Россия елінің консулын тағайындау туралы
жобасын ұсынды. Осы сияқты мемлекетаралық жауапты жұмыстың
жобасын жасап, соған келісім болғанша Шоқан үш айдай Құлжада болды.
Осы жұмыстарға байланысты Қытай елімен шекара жобасын да қайта
қарап, оның да жаңа межесіне келісті.
Шоқан мемлекеттік осы бір күрделі істің келісімін тауып, елге оралды.
Ол алдымен Верный бекінісіне соқты. Онда да бөгелместен былтырғы
Гасфорт генерал-губернатор бекіттірмек болған «Соркезеңді» асып,
Семейге жетті. Семейге келіп қонақ үйде аз тынығып, аға досы


Достоевскийді іздеді. Бірақ досын кездестіре алмады. Білетіндердің
айтуынша, Достоевский Семейден Барнаулға ауысып кетіпті. Николай І-
патшаның өлімі Россия зиялыларына біраз кеңшілік бергізген. «Əр
басшының өз мархабаты бар» деген емес пе. Александр ІІ-ші патша өзінің
тахытқа отыру құрметіне бірнеше буынды кеңшілік шығарыпты. Соның бір
буынында Николай І-патшаның тұсында жер ауған кінəлыларға еркіндік
бергізген. Солардың көбін айдаудан босатып, ерікті еңбек істеуге кеңшілік
еткен. Сібірге жер ауған саяси кінəлылар сол кеңшілік арқылы орталық
Россияға қайтуға рұқсат алған. Соның себебі ме, əйтеуір, аға досы еріксіз
əскерліктен 
босап, 
Барнаулға 
ерікті 
қызметке 
кетіпті. 
Шоқан
Достоевокийдің бір дос адамын тауып, сол кісі арқылы оған хат жазды.
«Аса, құрметті Федор Михайлович!
Сізге осы хатты жазу үшін қолайлы сəтті пайдаланып қалуға асығып
отырмын. Сіз жүріп кеткеннен кейін, Сіздің шаһарыңызда бір түнедім де,
келесі күні таңертеңгісін жолға шықтым. Сол кеш мен үшін өте көңілсіз
болды. Жаныммен сүйген жəне шапағатын көрген адамдармен айрылысу
маған аса ауыр тиді.
Сізбен бірге Семейде өткізген азды-көпті күндердің көңіліме ізгі əсер
қалдырғаны сондай, қайткенде Сізге таты да барып қайтсам деп армандап
жүрмін. Мен біреуге бағышталған ықыласым мен сезімімді жазуға
шорқақпын, оның керегі де болмас деп ойлаймын. Өйткені менің Сізге
қандай ықыласты екенімді жəне сізді қалай сүйетінімді езіңіз білесіз.
Омбыға келгеннен кейін ең жақсы досым Александр Николаевич
Цуриковпен қоштасып, қамығып қалдым, ол қазір Сізге — Семейге кетіп
бара жатыр. Қайырымды Федор Михайлович, мен Сізден сол мейірбан
адамды қабыл алуыңызды сұраймын. Сіз оны көрген сайын көруге құштар
болып сүйіп кетуіңіз хақ. Омбы деген өзінің өсек-аяңымен жəне тынымсыз
қаскөйлігімен маған əбден жиіркенішті болғаны сондай, тіпті бұдан мүлде
кетсем бе деп жүрмін. Сіз бұған қалай қарайсыз? Жайымды қайткенде
жақсартуым жөнінде кеңес беріңіз, Федор Михайлович. Дуров науқастау.
Сірə, бұл туралы Сізге Цуриков тəптіштеп баяндап бере алады.
Барнаулда терең ақылды, ойшыл... адаммен уақытты қалай өткіздіңіз?
Менің атымнан көзімнің нұры, көңілімнің ынтасы, құпия қызметкер
Василий Петровичке тағзым етіңіз. Ештеңе жазбайды деп Ковригин оған


өкпелі. Расында, жетім адамды ренжіту қиын емес қой. Айтпақшы,
жетімдер туралы, соңғы кешті мен, өзіңіздің кеңесіңіз бойынша, С. қасында
өткіздім. Өзінен сұрап көріңіз, кеш көңілді өтті ғой деймін.
Əзірге хош болыңыз, Федор Михайлович. Көп ұзамай хатты толық жəне
ұзақ етіп жазармын. Сіздің жауабыңызды күтемін. Анна Андреевнаға
Сіздің хатыңызды табыс еттім: оның өте разы болып қалған жайы бар.
Сіздің шын берілген қызметшіңіз Шоқан Уəлиханов».
Шоқан Омбы қаласына жеткенде, Сібірдің салқын кезі басталып
қалған-ды. Екі үлкен жұмысты орнына келтіріп, ғылыми да мемлекеттік
істі басқарып, абыроймен қайтқан Шоқанды достары аса қуана құрметтей
қарсы алды. Өзімшіл менмен Гасфорт өзінің бастауымен ұйымдастырған
жұмысын асыра орындап, сенімін ақтаған Шоқанды мадақтай құрмет етті.
Шоқанның осы жолғы бітіріп қайтқан жұмыстарының ерекше маңызды
екенін Петербургтегі шетелдер министрлігіне мақтана жаздырды. Өзінің
басшылық нұсқаумен болғанын баса айтып, əрбір жол сайын өзін ататып
отырды.
Шоқан алып келген Жетісу, Ыстықкөл аймағының топографиялық
мəліметтерімен танысу мəжілісінде Гасфорт қол астындағы чиновниктерін
қатыстырды. Ондағы ойы да өзінің бітірген бір үлкен ісінің мəдіхын тарату
еді. Мəжіліс ашылып, істеп қайтқан жұмыстардың өзекті жайларынан
хабарлау айтқан Шоқанға өзінің бурыл тартқан шықшыт сақалын бір
сипап, аспандай қараған Гасфорт:
— Осы былтырдан бергі біздің экспедициялар шенеп, танысып қайтқан
өлкеміз қанша шақырым көлемінде болар еді, осыны топшылаған
жоқсыздар ма? — деп паңдана сұрады.
— Густав Христианович, шақырымға шағып жобалауға уақыт та
болмай жатыр. Бірақ былтырдан бергі аралап қайтқан өлкеміз Еуропаның
кішігірім өлкесінен аз бола қоймас, — деп Шоқан жымия жауап берді.
Гасфорттың ойда жоқ сұрақты қойған жағдайын байқап отырған
чиновниктер, əсіресе Карл Казимирович Шоқанның бөгелместен айтқан
тапқыр жауабына разыланып қалысты. Өзара күңкілдесіп «кіші-гірім
мемлекет аумағы» деп жатты. Осы сəтте көңілін мақтан лебі билеп кеткен
Гасфорт:


— Россия патшалығына бір мемлекеттік өлкені елімен, байлығымен
қостым ғой деймін, мырзалар, — деп чиновниктерге паңдана қарады.
— Иə, иə, Густав Христианович, сіздің бұл табысыңыз тек Россия
патшалығы ғана емес, бүкіл Еуропа елінің ғылымына, көлеміне қосқан ұлы
табысыңыз, — десіп шу ете түсті. Əсіресе көтеріле сөйлеген Сібір
казактарының басқармасын меңгеруші сұрқия Ивашкеевич болды. Батыс
Сібір өлкесінің бас мекемесіне қызметке кіргеннен бергі Шоқанның аса
жек көретін чиновнигінің бірі осы Ивашкеевич болатын. Оның өзі бір
парақор, қазына жегіш арам ниеттілігімен қатар нағыз екі жүзді сұрқия
болатын. Біреудің істеген еңбегін өзіне байланып, əулігіп отырған есерсоқ
генерал-губернатордың шашпауын ерекше көтеріп отырғаны, Шоқан
еңбегін жоққа шығарып осы жерде Гасфортқа көрініп қалу еді. Оны Шоқан
алыстан-ақ сезген Баяндамасын аяқтап келіп Шоқан:
— Густав Христианович, менің сізге айтар қосымша бір тілегім —
азды-көпті істеп келген жұмысты өзіңіз бағалап, тиісті орынға жеткізерсіз.
Жаңағы сіздің сұрағыңыз жаңа облыстардың жер көлемінің тиянақты
есебін керек ететін сұрақ болды. Оны біз істей алмағанымыз үшін кешірім
сұраймын. Енді сол жаңадан танысқан еліміздің есебін жасауды мына
Ивашкеевич мырзаға тапсырған дұрыс па деймін. Өйткені бұл кісі алдымен
есепке жүйрік, екінші, сол жаңа облыстар да осы кісінің мекемесіне
бағынышты болады. Ол қыр елінің жайына таныс, осы кісі жүргізгені
орынды деп ойлаймын. Шақырымдап өлшей ме, аршындап өлшей ме,
тұтамдап өлшей ме, оны өзі біледі, — деп тоқтады.
Шоқанның 
қорытынды 
сөзіндегі 
ащы 
кекесінде 
Ивашкеевич
түсінгенмен, Гасфорт абайлаған жоқ:
— Ол орынды, ондай есеп бізге ете керек. Бұл өлкенің əрбір есебі
келешекте дəлді көрсетіліп жазылып тұруы керек, — деп, сөз қорытты.
Шоқанның баяндауы тыңдалып, барлығын дұрыс деп тапқан генерал-
губернатор өзінің қуаттаған пікірін қосып Петербургқа жөнелтті.
Шоқанның ұсынуымен қабылданған Қытай мемлекетімен сауда
келісімі, Құлжа, Шəуешек қалаларында консул тағайындалуы, шекара
жобасы жақсы қабылданды. Петербургтағы шетелдер министрлігі
қадағалай танысып, бұл жобаларды халықаралық келісім дəптеріне ерекше


құрметпен «Тарбағатай келісімі» деген атпен тіркеді.
Жүріп қайтқан жолының есебін атқарып генерал-губернатордың
тапсырмасын жазып беріп, Шоқан достарымен бас қосар, еркіндей
əңгімелесер уақытқа ойысты. Алдымен өзі жолға жүрерде аулына
аттандырған Сергей Дуровтың саулығы қандай, қалай дем алып
қайтқанымен танысты. Сонымен бірге өзі істеп қайтқан жұмысының
жайынан хабарлады.
— Менің бітіре алмағаным, ол өлкенің жерінің қанша шақырым, неше
аршын болатынын есептемеппін. Гасфорт соны сұрағанда қысылып
қалғаным. Бірақ мақтануға жаны құмар Гасфортты желіктіре түсейін деп,
«кіші-гірім бір мемлекет көлеміндей болар» дегенім. Соны айтуым-ақ мұң
екен, байғұсың бөсіп берді. «Россияға бүкіл бір мемлекетті қаратып
бердім» деп жосыды. Гасфорттың осыны айтуы мұң екен, Ивашкеевич
бастаған жағымпаз жаламырлар шуласа жөнелді. Мен бұл жерде
Ивашкеевичті де құр ауыз қалдырғаным жоқ, сөзімнің соңында Гасфортқа
ол жақтың ендігі жер, су, елінің есебін Ивашкеевич мырзаға тапсырған
қолайлы болар. Бұл кісі суын сүт ететін есепдан ғой дедім. Менің айтып
тұрған кекесінді сөзімді Ивашкеевич залым сезгенмен, саудырлақ генерал-
губернатор ұға қойған жоқ. «Дұрыс» деп қабылдады. Ивашкеевич ол есепті
жүргізу үшін аңқау бейуаз елге өзінің қанды тырнақ қара құстарын
тобымен аттандырады ғой. Қанша елді зарлатарын кім білсін. Бірақ
Хоментовский, Абакумовтар, Петр Петрович Семеновтар аман болса, оның
қара құстары бетімен ел тонай алмас, — деп тоқтады.
Шоқанның істеп қайтқан ісі мен мына есеп жөніндегі тапқырлығына
қуанған Дуров:
— Сен сияқты ұл туғызып өсірген мына сахарауи халқыңыз ешкімге
жем болмайды. Мен бұрын да өзіңе айтқан едім. Көкшетау бекінісінде
болып, сіздің жердің қызығын көрдім. Мен сауығып та, сергіп те қайттым.
Рақмет сізге, Шоқан Шыңғысович. Бір сізге емес, халқыңызға рақмет.
Қандай кең пейілді қонақжай ел. Сіздің ауылдың қымызының дəмі
аузымнан өле-өлгенше кете қоймас. Əттең, анау кең даладағы еркін ойлаған
дана қауымға, шіркін-ай, білім сəулесін жеткізсе, талай данышпан аспан
əлеміне қанат қатар еді, — деп, Сергей кеп ойланып отырып қалды.
IV


Шоқан баяндамасын жасап, жинап қайтқан ғылымдық еңбектерін аздап
тəртіпке келтіріп, біраз сергіп алды. Енді сол əкелген еңбектерін толықтыра
түсу үшін Омбы қаласындағы архивті ақтаруға кіріссе, достарының
үйлеріне баруды ұзатып алады. Сондықтан жұмысына алаңсыз отыру үшін
достарымен сəлемдесіп алуға кірісті. Қырдан келген бетінде ат үсті бір
кіріп шыққаны болмаса, ұзақ əңгімелесе алмаған Карл Казимирович,
Екатерина Ивановнаға келіп достық шайға отырды. Қауқалақтай қарсы
алған Карл Казимирович:
— Шоқан Шыңғысович, Елизаветадан кешірім сұрамасаң, сені қатты
жазалайды. Өйткені: «Шоқан келді ме?» — деп күнде сұрайды. Ол
қарындасыңның мінезін білесің ғой, — деп күлдіре сөйледі. Карл
Казимирович өзін тағы қайта жалғап: — Шоқан Шыңғысович, Ивашкеевич
сұрқияны Гасфорт мəжілісіндегі сөзіңде жаман қатырдың-ау. Ол бір
нөсерде үстіне тамшы жұқпайтын соғынды ғой. Бірақ өте сақ бол. Мына
біздің генерал-губернатор Гасфорт мырза бір қызық адам. Ана
Орынбордың генерал-губернаторы Перовскиймен күндес болып алған.
Оның қуған бұзақы адамдарын қызметке алып, төбесіне көтереді. Мынау
Ивашкеевич парақор, қазына жеген қылығы үшін Орынбордан қызметінен
қуылған. Осы біздің мекемеге қызметке отырғалы істеген зұлымдығы адам
айтқысыз. Өзгені былай қойғанда ана Жетісу облысына, Іленің ар
жағындағы елге деген астықты берудегі істеген озбырлығын айтып
Гутковский жыр етті.
Достар Сібір өлкесінің осы бір мекемесіне кіріп алған бір топ қара
жүректер жайлы күйіне сөз етіп отырғанда, Барнаулдан оралған Петр
Петрович Семенов та келе қалды. Достар сағыныса шүйіркелесіп,
жаңалықтармен танысып қарық болды. Шоқанның Құлжа сапарынан үлкен
абыроймен оралғанын естіген Семенов сондай қуанышқа бөленді.
— Шоқан Шыңғысович, сіз Россия мемлекетіне бір үлкен елдің бөгеліп
тұрған қатынасын қалпына келтіргенсіз. Мұны Петербург қауымы өте
жоғары баталар. Құлжа қаласында үш ай бөгелгенде, ғылыми зерттеу
жұмысын да қарастырған боларсыз, — деп Семенов өзінің жұмысына да
Шоқан қолғабысын сұрастыра отырды. Ықыласты достықпен əзілдесе де
отыратын Шоқан: Петр Петрович, қазақтың бір мақалы бар, мен соны
айтсам ренжімессіз. «Құл тапқаны — қожасы үшін» дейді.
Біз қолымыздан келгенше жауапты тапсырманы істеген болып келдік


қой. Оның азды-көпті атақ-абыройы генерал-губернатор Гасфорт мырзаның
атағына байланып жатыр. Ал Құлжа атырабындағы халық жайы, шаруа
жайы, жаратылыс ғажаптарын қарастырып, жазып əкелдім. Ол жақта көне
өмірдің ізі көп қой, қарастыруға уақыт аз болды. Бұл жатын сізге берсем,
жоғарыдағы қазақтың мақалынан басқа менің қолымда не қалады? — деп
күлді. Шоқанның мына қалжыңынан қысылып қалған Семенов:
— Шоқан Шыңғысович, мен сіздің бір түйір де еңбегіңізді өз
қанжығама байламаймын. Жəне сіздің еңбегіңіз «ешбір генерал-
губернатордың олжалауында кетпейді. Бəрі өзіңіздікі болады. Сіз Бүкіл
Россиялық білім қоғамының ғылыми жұмысына кесек жаңалық қосып
отырсыз. Оны біз əлдеқашан жеткізіп, сізді таныстырып қойғанбыз. Сіздің
осы жолғы жинап қайтқан деректеріңізді Петербург ғалымдары асыға
күтулі. Енді жатпай-тұрмай жинап қайтқан еңбектеріңіздің бір данасын
маған беріңіз. Ол өте қажет. Генерал-губернатор Омбыда жағымпаз
чиновниктерінің алдында мақтанып бөсе берсін. Петербург ғалымдары
ешкімнің еңбегін қанжығасына байламайды, — деп осы бір сөзін аса ірі
жігермен құшырлана батыл айтты. Сонан соң сөзін жалғап:
— Карл Казимирович, мен Шоқан Шыңғысовичтің сөзінің қалжың да
болса шындықтан туғанын байқап, өз жауабымды айттым ғой.
Уəлихановтың еңбегін ешкім олжаланбайды. Тек, Шоқан Шыңғысович,
өзінің осы бастаған үлкен болып жатқан Шығыс Түркістан мен Батыс-
Қытай елінің ісін өркендете беруі керек. Мына бүкіл Еуропа еліне жұмбақ
барлық жай-күй, жаратылыс байлығын, салт-санасын, тек, Шоқан
Шыңғысович қана анықтап, барлық сырын ашады. Өйткені Шоқан біздің
Россия ғалымдары үшін шығыстан туған жарық жұлдыз, — деп сөзін
аяқтады.
Достар ұзақ отырып əңгімелесті. Петр Петрович Семенов өзінің осы
жуырда Петербурға жүретін жайын да айтып, Шоқанға бағанағы сөзін тағы
қайталап:
— Шоқан Шыңғысович, мен жуық арада жүріп кетем. Жаңағы менің
сұрағымды тез орындап бер. Егер көшіру жұмысына көмекші керек болса,
менің жүйрік жазатын жəрдемшім бар. Өзіңе қосып берем, — деп аса
қадағалады. Ата досының не үшін осынша тездеткенін əдепті, сабырлы
Шоқан шұқылап сұрамады. Оның үстіне Семенов оны арам оймен
сұрамайтынына сеніп, Шоқан архив жұмысын қоя тұрып, соған кірісуге сөз


берді.
Петр 
Петрович 
Семеновтың 
айтқан 
тапсырмасын 
бұлжытпай
орындаған Шоқан уəделі күнге дайын етті. Шоқанның алып келуін
күтпестен Семенов бір күні таңертең ертесімен Шоқанның пəтеріне өзі
келді. Оның келуінде екі түрлі мəн бар еді. Бірінші, жас жолдасы
тапсырмасын қалай орындады екен. Екінші, Шоқанға оңаша отырып, өзінің
ойындағы бір ұсынысын айтпақ еді. Алдынан қуанышпен қарсы алған жас
досын құшырлана құшақтап:
— Шоқан Шыңғысович, мен сізге анада Петербургқа оқуға бар деп
ұсыныс жасап едім. Оны сіз дұрыс көріп, оқуға уəде беріп едіңіз. Енді бір
жаңа тілегім болғалы тұр. Анау өзің аралап танысқан Жетісу, Ыстықкөл
өлкелері, Қоқан, Хиуа хандықтарымен бір жатынан Шығыс Түркістан
өлкесі Алтышəр мен Қытай мемлекетінің шетімен шектесіп жатыр. Ана
Құлжада өзің келісім жасасып қайтқан Қытай мемлекетінің уəкілдері
Алтышəр уəкілдері, біздің Россия еліне жақындасуға бой тартпайды деп
өзің айтып келдің. Енді сол елмен сауда қатынасын жандандырумен бірге,
елдің жай-күйіне, табиғатына, халқының ішкі сырына мына Еуропа халқы
құмар. Оған христиан дініндегі елдердің уəкілдері аяқ баса алмайды. Ал
біздің Россия ғалымдары мен мемлекетіміз үшін Шығыс Түркістанның
жайы ғылыми жатынан да, саяси жатынан да өте қажет. Ол менің
ұйғаруымда сіздің қолыңыздан келеді. Мен болсам Алатаудың қырқасына
шықтым, арты алқабына аса алғаным жоқ. Сол арғы жақ — дүние жүзіне
жұмбақ болып келген түйінді сіз ғана шешесіз. Осыған баруға қалай қарар
едіңіз? — деп Шоқанға ойлана қарап жауап күтті.
— Петр Петровичтың маған аталық қамқорлықтан басқа айтары бар деп
ойламаймын. Онда оқуды бастай алмаймын ғой, сол жаты болмаса
Алтышəрға баруға қарсы емеспін, — деді. Жас досының ғылым жолына
жалтақтай қарамайтын батыл мінезін байқаған Семенов:
— Иə, Шоқан Шыңғысович, сіздің жігерлі, батыл жаратылысыңызға
менің көзім əбден жеткен. Оқуға əлі уақытың бар. Ал мына бір аса жауапты
жолға бел байласаңыз, бұл ғажайып жаңалық болар еді, — деді.
— Петр Петрович, бұл жөнінде ана Гасфортпен өзіңіз сөйлесіңіз. Егер
ол кісі лайықты көрсе, мен баруға дайынмын. — Шоқан осыны айтқанда:


— Ол жағына мен иемін ғой. Бұл əңгімені Петербургтан бастаймыз.
Гасфортқа өзім əдейілеп сөйлесем, — деді.
Шоқанның қолжазбаларын алып, ерекше қуанды. Көп уақыт еткен жоқ.
Петр Петрович Шоқан үйіне тағы да өзі келіп, жаңалықтарын хабарлады.
— Мен сіздің ана генерал-губернаторыңызға əдейі жолықтым. Əсіресе
өзің туралы пікірімді Алтышəрға жіберу жөнінде айтып айрықша
тапсырдым. 
Сенің 
Алтышəрға 
баруыңа, 
ғылыми 
жұмысыңмен
шұғылдануыңа барлық мүмкіндікті жасайды. Сонымен бірге, мен өз
көзіммен көріп қайтқан ел билеушілер тарапынан істелетін көптеген
əділетсіздік бар екенін ұғындырдым. Оның түпкі тамыры осы өзіне
бағынышты мекеменің чиновниктерінде екенін баса айттым. Əсіресе
шекарашылар, елге шыққан чиновниктердің атарман-шабармандарының
оспадар істерінен бірнеше дəлел келтірдім. Оларға қатты тыйым салуды
ұсындым. Жаңа-жаңа мойынұсынып отырған елді үркітпей, тəртіптілік
істеу керегін айттым. Мен Петербурға тез жетуім керек. Біздің орыс
халқының тіршілігі ауыр. Сол халықты мына қара түнектен құтқармай
тыным таба алмаймыз. Бостандық күні алыс емес, — деп Семенов
Шоқанға мейірлене қарады.
— Петр Петрович, бостандық болары анық па, анау айдаудағы орыс
зиялылары темір құрсаудан босана ма? — деп Семеновқа қуана, жақындай
түсті.
— Шоқан Шыңғысович, бостандық сəулесі көріне бастаған. Мен
Петербургқа тез жетіп өзгеріс дайындығын істесуім керек қой. Шоқан,
менің тапсырмамды орындауға дайындал. Сен соны орындап қайтқанда,
достарыңның еркіндік алған қуанышын бірге тойлаймыз, — деп Шоқанды
бауырына қысты. Достар: «қайта көріскенше амандыққа, саулыққа» деген
жақсы ниеттерін айтып қоштасты.
Шоқан аға досының тапсырмасын орындап, өзінің еңбегіне кірісті.
Алтай, Тарбағатай бойларынан оралған Григорий Потанин де Омбыға
келді. Анада Шоқанмен бірге барып, аз танысып, құмарланып қалған
Григорий, Сергей Дуровпен қайтадан жолығып, кеңірек танысуға асығатын
еді. Шоқаннан алдымен сұрағаны сол Дуров болды. Екі дос бір күнгі
кешкілігін бос етіп, Дуровтың жұпыны пəтеріне келді. Май шаммен
журнал жаңалықтарын ақтарып отырған ақын екі досын қуана қарсы алды.


Шоқанның Ыстықкөл сапарынан, Құлжа келісімінен алып қайтқан
жаңалықтарымен таныса отырып, достар ұзақ əңгімеге кірісті. Бұрын
Шоқан айтуымен жете түсіне алмаған Григорий, Сергеймен өзі
əңгімелескен сайын ынталана, оның ұстанған жолының асыл негізін ұғына
бас иді. Өз арасында:
— Мен енді мына əскери сауытты шешіп, ғылым жолына көшетін
болып бекіндім. Өтініш жазып қызметтен босанам, оқуға барам. Бұл жүріс
менің қолым емес екен, — деп Григорий өзінің ойын айтты. Григорийдің
шешімін қуаттаған екі дос қуана мақұлдады.
Шоқанның осы жолғы еңбегінің маңызын сөз ете отырып, Сергей
Дуров:
— Шоқан Шыңғысович, мен саған мына журналды тауып қойдым. Бұл
біздің атақты жиһанкез Егор Ковалевскийдің Пекинте барып қайтқан, сол
сен барған Құлжада болған, Азияны аралағандағы жинаған, көрген-білгені,
бұл саған өте керек, — деп сырты көнеріңкіреген журналды берді.
Шоқан Ковалевский жайында, оның қасында тілмашы болған
Дабашинский жайында Жетісуда Тезек төреден де, Абакумовтан да естіген-
ді. Бірақ айрықша мəн бермеген еді. Мына досы Дуров ол кісінің еңбегімен
танысуды тапсырды. Өзін Омбыға алғашқы əкесімен бірте оқуға əкелген
Шығыс елдерінің тіліне жетік Дабашинскийдің ол жақта жүріп қайтқанын
Шоқан білмейтін еді. Ол тіпті қуанып кетті.
Шоқан архивке кіріп, бүкіл шығыс елі жайынан жазылған
қолжазбаларды ақтара отырып, Ковалевский жөнінде Николай патшаның
жазалауға жіберген бұйрығымен де танысты. Бір əредікте өзінің қарт досы,
əрі оқытушысы Дабашинскийді көріп амандаса барды. Осы барысында ол
Дабашинскийден Ковалевскиймен Азияны аралағаны жайынан əңгімелер
сұрады.
Аға досы, əрі қазақ баласының сырына жетік, тілі мен түсінігіне таныс
Дабашинский Шоқанға Ковалевскиймен бірге болғандағы көп əңгімелерін
айтты. Ковалевскийдің Африкадан алып келген қара көмірдей күтушісі
жайында бір тамаша жайды сөйледі.
— Мына Батыс елдерінің бай-мырзалары аз елді қорлауға, кемітуге
құмар келеді ғой. Анау Африканың қара түсті адамдарын күні бүтінге дейін


мал есебінде жұмсайды. Тіпті құл тып сатады. Ковалевский Африкаға
барғанда өзіне бір африка жігітін серік етіп ертіп қайтқан болатын. Содан
келген бетінде Ковалевский Семей арқылы Құлжаны басып Пекинге
баратын болды. Осы сапарында мен тілмаш болып ердім. Африкадан алып
қайтқан əлгі күтушісі бірге болды. Сол серігін Петербурда ертіп жүргенде
біреулер:
— Мына қара жігітті құлдануға сатып алдың ба? — деп сұрапты.
Ковалевский:
— Құлдайтын кісіге біз зəру емеспіз ғой. Мына Россияның өзінде де
құлдық өмірде жүргендер аз емес қой, — депті. Соны тыңшылар патшаға
жеткізіп қойыпты. Патша ағзам қаһарына мініп: «Ондай бейпілауыз адамды
жазалап, түрмеге отырғызу керек», — деп бұйрық береді. Ол кезде
Ковалевский Пекинде жүргендіктен бұйрық орындалмай қалады, — деп
тоқтады.
Шоқанның анау архивте кездестірген қағазы осы бұйрық екен. Шоқан
дос ағасына осы қағазды өзі оқығанын айтты. Дабашинский əңгімесін тағы
қайта жалғап:
— Шоқан Шыңғысович, Ковалевский деген адам Африка, Азия елдерін
тегіс аралаған, ол елдердің жайынан тіпті көп білетін адам еді. Өзі мына
петрашевшілдермен пікірлес болды деп кейіннен қатты бақылауға алынды,
оның шығармалары саған өте пайдалы. Тағы бір қызығын айтайын. Біздің
батыс елдерінің ғалымдары қызық адамдар ғой. Олардың мына сіздің қыр
елінің жайынан түк хабары болмайды екен. Карл Риттер деген жиһанкез
ғалым Ковалевскиймен Петербургта кездесіп əңгімелеседі. Əрине, олардың
əңгімесі ғылым жайында болады ғой. Əңгіме үстінде араб елдеріндегі
түйенің жүк жəне əскери көлік екенін айта келіп Риттер: «Түйе хұрма
ағашы жоқ жерде болмайтын хайуан» деп жазған еңбегін көрсетеді. Оған
Ковалевский:
— Ғафу етіңіз, Риттер мырза, түйе деген хайуан қазақ даласында,
Жетісу өлкесінде мыңдап саналады. Жəне сол елдердің көш көлігінің ең
бастысы — түйе, — дейді. Риттер өз сөзін қуаттап:
— Түйе ана мойнымен хұрма ағашы жоқ жерде азықты қайдан алады?
Оның мойны жерге жетпейді, — деп таласады.Таластарының шешімін


Хиуа хандығынан уəкіл болып келіп, Петербурда қонақтап жатқан саудагер
сонау жібек жолы атанатын тарихи керуеннің көлігі түйе болғанын айтып
ұғындырады. Риттер өзінің ұғымының қате екенін сонда ғана мойындайды.
— Мен Петр Петрович Семенов ғалымның айтуымен жəне сол оқуға
берген шығармалары арқылы реттермен танысып, ол кісінің жиһанкездік
ғылымына бас иген едім. Түйе жайындағы күлкі екен. Ана Африкадағы
жирафты көріп, түйе де соның бір науғысы (тұқымы) деп ойлаған ғой, —
деп Шоқан Дабашинский ағайына Риттермен де таныстығы барлығын
айтты.
— Шоқан Шыңғысович, сен бұл адамдардың шығармасын қай кезде
оқып танысып жүрсің? Бұлар ірі ғалымдар ғой. Тек, біле бер, Шоқанжан,
— деп өзі Айғанымның айтқанын естіген, Шоқанның аулындағы бала
кезіндегі ерке атын бір айтып қалды. Шоқан мен Дабашинский екеуі осы
сөзден сөз қозғалып, асыл ана Айғанымды біраз естеріне алды.
Шоқан мен Григорий екеуі Омбы қаласының Ордонансгаузе атанатын
архив қоймасын құныға ақтарды. Анадағы айтқан ойын орындап, Григорий
Потанин қызметтен босанып, біржолата тылым жолына ауысты. Бала
күннен бірге қиялдап, сырлас болған жан досының өзінің жолына түскеніне
қуанған Шоқан Григорийді өз достарымен еркін таныстырды. Жəне ғылым
жолына бар ынтасын, халық қамқорларының пікіріне ұйытты. Григорий
Потаниннің «Жоңғарлық Бұхараның сауда керуені» дейтін шығармасы осы
қыстағы еңбегінен туған еді. Бұл еңбегі тұсында Шоқанның да, Петр
Петрович Семеновтың да көптеген кеңесі болғаны айқын.
Шоқан архивке кіріп ғылыми жұмысына араласқан кезінде, анада бір
таныс арқылы хат жазған аға досы Достоевскийден хат алды. Аға досы
Шоқанның хатын алғанын айтып, өзінің дос ықыласынан ерекше бір жүрек
лебізін жолдапты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет