«Бала тілін дамыту жолдары»
Шолпанбаева Ғ.Ә., Байменова Б.Ж.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қостанай қаласы
Халық даналығында былай деп айтылған: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Біздің Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев әр азаматқа өз тілінде сөйлеуге, салт – дәстүрін сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан біздің республикамызда тұратын әр халықтың мемелекеттік тілді үйренуге ынтасы зор. «2030 бағдарламасына» сәйкес әр қазақстандықтар мемлекеттік тілде сөйлеуге міндетті.
Кез келген халықтың ұлттық қазынасы тіл болып табылады.Әрбір халықтың тілінде оның ұлттық дәстүрінің, сана-сезімінің, ойлау тәсілінің, мінез- құлқы белгілері көрініс табады. Ал тілді, тіл мәдениетін игеру баланың сәби шағынан іске аса бастайтын, біртіндеп жетілетін үрдіс. Олай болса, баланың тілін дамыту жұмысы отбасынан, балабақшадан бастап жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Балабақшада қазақ тілін оқытудың қай түрін алсақ та, ол оқыту, үйрету үрдісінің бүкіл жүйесін қамтиды.
Балалардың ақыл-ойына, қабілеттерінің дамуына жетудің бірден – бір жолы – өзара тілдік қарым-қатынас. Әр баланың табиғи қабілетін ескере отырып, балаға көмекші әрі сүйемелдеуші болып, әрдайым жанында достық қарым-қатынаста болсақ, оқыту мазмұнын жаңғыртуға, әрі тиімді әдіс-тәсілдерді кеңірек қолдануға еркін жол ашады. Мектепке дейінгі балаларға қазақ тілді үйретудің басты шарттары топта жағымды психологиялық климат, мейірімді орта, қазақ тілінде тілдесудің қуану сияқты факторлар өз себін тигізеді. Қазақ тілін үйретуде балалардың қорларын байыту, молайту, сөздіктерінің белсенділігін арттыру, күнделікті өмірде қолдана білуіне бағыт беру, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтырып, тіл мәдениетін жетілдіру, сөйлем құрап, сөйлесу тәжірибесін ұдайы ұйымдастыру – балалардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін ұғынып, тілінің жетілуіне ұстаздық әсер көрсетудің маңызы зор. Тіл тағдырына терең қарап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудегі талап, міндеттер балабақшамызда жақсы іске асырылуда.
Өз жұмысымда балабақша ұжымының алдына қойған мақсатымен ұштастырамын. Жаңа технологияны, әдіс - тәсілдерді тиімді қолдану білім сапасын көтереді.Ең басты мақсатым: жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, балаларға сапалы да терең білім беру, олардың ойлау дағдылары мен есте сақтау қабілеттерін жетілдіре отырып, қазақ тілінде еркін сөйлеу дәрежесін көтеру.
Ең тиімді әдістерінің бірі «Ойлап табу теориясының шешімінің міндеттері» әдістемесі. Бұл әдістеме бойынша баланың шығармашылық қиялын, ойын, тілін дамыту үшін бала көп сөйлеу керек, ойын толық айтуы тиіс. Қысқаша осы әдіске тоқталып кетейін.
ОТТШМ – балалардың логикалық және абстракты ойлау қабілетін, қиялын дамытып қана қоймайды, оларды зейін қоюға үйретеді.
Балалармен жұмыс жасаудағы осы технологияның негізгі құралы педагогикалық ізденіс болып табылады. Мектепке дейінгі балалармен оқу – тәрбиелік іс- әрекетті дұрыс ұйымдастыру қажет, қазақ тілі сабағында ОТТШМ технологиясы бойынша әр түрлі әдіс – тәсілдерді қолданамыз.
ОТТШМ - ұраны - «Ойдағының бәрін айтуға болады», сондықтан балалар өздері ойлап тауып, өз ойларын жасқанбай айтып, жеткізуге тырысады.
ОТТШМ технологиясы бойынша «Ой шабуылы» әдісінің тиімді әдістердің бірі болып табылады. Бұл әдіс әр түрлі қызметте кеңінен тараған. Яғни, ол балаларға өз пікірлерін айтуға, оны дәлелдеуге, балаларды басқа біреуді тыңдай білуге, басқа адамға баға беруге үйретеді.
Балаларға әр түрлі тақырыптар береміз.
Мысалы: “Ой шабуылы”.
«Егерде ... , не болады?»
« ... жаңбыр толастамай жауады».
«... адамдар құстар сияқты ұшып үйренеді».
«... иттер адамдар сияқты сөйлей бастайды».
«... барлық ертегі кейіпкерлері тіріледі».
«... су құбырының шүмегінен апельсин шырыны ағады». Балалар еркін ойлап, осы сұрақтарға жауап береді.
«Ой шабуылының» жемісі психологиялық және талдау белсенділігіне
байланысты болады. Егерде бала сұрақ қойса, оған тез жауап бермейміз.
Керісінше, оның ол туралы не ойлап тұрғанын сұраймыз. Оған талқылауға немесе баланың жетекші сұраққа жауапты өзінің тапқанын сұраймыз. Егер бала сұрақ қоймаса, онда қарама – қайшы әдісті қолданамыз.
Жауап табу мақсатында, баланы жағдаятқа қоямыз. Бұл ауызша ойын.
Мысалы,«Жақсы–жаман». Мысалы, «жаңбыр – жақсы немесе - жаман»
Мақсаты: Қандай да болсын объектінің, жағдаяттың жақсы, жаман жақтарын табу, ненің зиян, ненің кедергі екендігін, ненің қажет екендігін білу.
Ойын:«Керісінше»(доппен ойнайды).
Мұғалім балаға допты лақтырып, сөз айтады, ал бала мағынасына қарай қарама – қарсы сөзбен жетекшіге допты қайтарады (жақсы – жаман, құру – бұзу, кіру – шығу...,).
Мұғалім балалардан керісінше сөйлеуді сұрайды. Мен “кішкентай” деймін, балалар “жоқ, үлкен” – деп жауап қайтарады. (Жуан – жіңішке, қара – ақ, кәрі – жас, жеңіл – ауыр, жылы - ..., ұзын - ...).
Ойын: «Хайуанаттар үйі»
Үлкен ақ қағаз бетінде әр түрлі пішінді көп терезелері бар үйдің суреті бар. Балалар бұл үйде қандай аңдар тұратынын айтады, суретін салады. Оларға ат қояды. Содан кейін балалар бір күні осы үйде болған бір жағдай туралы әңгіме құрайды.
Сабағымда әр тақырыптарға байланысты сызба-схемаларды қолданамын. Сол
сызбаларға қарап, балалар әңгіме құрастыруды тез үйренеді. Мұғалім өз балаларының қабылдау қабілетін, жас шамасын ескере отырып, сызбаны өзі жасап алуына да болады.
Әр сабақ сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар, түрлі суреттер , кестелер, сабақты көркемдеп отырса, балалардың сөздік қоры біршама толығады деп сенімдімін. ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры болғандықтан адамзатқа компьютерлік сауаттылық қажет. Қазіргі заман талабы – жаңа ақпараттық және оқытудың жаңа технологияларын меңгеру. Қазіргі кезде сабақта ақпараттық технологияларды бәріміз кеңінен қолданамыз. Қазақ әдебиетінің классигі, ұлы атамыз Абай Құнанбайұлы: «Шәкірттерің жақсы оқу үшін, оның оқуға деген ынтасы және қызығушылығы зор болу керек», - деген. Расында да, тек ғана жігерлі, әр нәрсені үнемі білгісі келген, шыдамдылығын көрсеткен адам ғана мақсатына жетеді. Қазақ тілі пәнін оқытуда да ақпараттық технологияларды қолданудың мүмкіндіктері өте мол. Осындай ақпарат құралдарын пайдалана отырып,балалардың білімін, дағдыларын, ойлау қабілеттерін, шығармашылық ізденісін бақылау арқылы біршама нәтижеге жеттім.
1.Қазақ тілі сабағында қолданылған аудиокітаптар балалардың қызығушылығын арттырады, зейін тыңдауға, қазақ тіліндегі тән дыбыстарды айтуға қалыптастырады.
2. «Сөйлетін кітаптар» арқылы кітап бетіндегі сабаққа қажетті сөздерді, шағын сөйлемдерді қайталап айту, сұраққа дұрыс жауап беруге баулиды.
3.Үнтаспаны пайдалану арқылы аңдардың, құстардың, табиғат құбылыстарын т.б. дыбыстарды ажырата білуге мүмкіндік бар.
4. «Музыка немесе дыбыстармен жұмыс» мәзірінен арнайы әуендерді ойнату арқылы сабақты түрлендіруге, балаларды түрлі байқауларға дайындауда көп көмегін тигізеді.
Сонымен қатар қазақ тіліне үйреткенде балалардың жас ерекшелігін ескеру әдіс-тәсілдерді таңдаумен сай келеді, сабақ өткізгенде бірінші орынға ойын және ойын түрлері қойылады.
Адам мәдениеті ойын арқылы дамиды, демек балалық шақтан бастап, қартайған кезге дейін адамды ойын жетелеп отырады.
Ал бүгінгідей, динамика ғасырында, оқу процесінде ойын алдыңғы орында, яғни, ойын технологиясы арқылы баланың оқу ынтасын арттыру жеңіл болмақ.Ойын дегеніміз не? Ойындар, жаттығулар баланың логикалық ойлау қабілетін дамытып, бақылауға, зейін қоюға, білуге құмарлығын арттырады.
Ойын арқылы балалар қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Сенсорикалық, дидактикалық, дамыту ойындарын көп қолданамын.Адам тәжірибесіндегі кең тараған дамыту ойының қызметі: ойынға тарту, рахат беру, демалдыру, қызығушылығын тудыру.
Қазақ тілін үйретуде көркем және халық ауыз әдебиетін қолданудың маңызы зор. Осы арқылы балалардың ойлау, дұрыс сөйлеу қабілеттерін дамыту, сөздік қорын молайту, сөйлем құрап өз ойларын жеткізе білуге, қазақ тіліне тән ерекше дыбыстарды дұрыс айтуға, өлең, тақпақ, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, ертегілерді рольдермен орындауға, қазақ халқының дәстүрімен таныстыру арқылы, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, балаларды тіл үйренуге, халық мәдениетін зерттеуге, адамгершілікке баулиды.Тіл үйренуде ең басты міндет –балалардың сөйлеу тілін жетілдіру.Сөздік қорды дамытуға бағытталған әдістердің жалпы міндеті- Сөздің мағынасын дұрыс түсініп, оны өз сөзінде дұрыс қолдану. Сол әдістердің бірі:Түсіндіру әдіс - жаңа сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді түсіндіруде қолданады.Сабақ сайын үйретілетін жаңа сөздер бойынша, яғни сөздік жұмысында іске асады.
Көрнекілік әдіс – Сабақ сайын жүргізілетін әдіс. Басқа тілді үйретуде ең нәтижелі және жиі қолданылады. Балаларға түрлі суреттер мен заттарды, ойыншықтарды көрсету арқылы сөздерді үйретуге болады. Көрнекілік тақырыпқа сай, көзге тартымды яғни эсттетикалық жағынан жақсы , әртүрлі түстен болуы керек .
Мысалы:«Ұлттық киімдер» тақырыбын өткен кезде киімдердің суретін көрсету арқылы немесе кәдімгі киімдерді көрсету арқылы жүзеге асып отырады. Ы. Алтынсарин Натуральды әдіс туралы былай деген: «Балаға айтып түсіндіргеннен гөрі, қолымен ұстап, көзімен көріп, мұрнымен иіскеп түсіндірген сабақ ұғымды» деген.
Мысалы: «Алма» сөзін алманы көрсету, немесе дәмін татқызып арқылы ұғындырамыз. Бұл әдіс – «Жеміс-жидектер», «Оқу құралдары», «Ойыншықтар», «Тағамдар» , тақырыптарында жүзеге асады.
Менің балаларға қазақ тілін жетік меңгертуде тәжірибемнің көрсеткіші бойынша бірнеше тиімді әдіс-тәсілдерді атап өттім: Баланың ерекше бір өзіне тән қасиетті – бапылдап сөйлеуден жалықпау. Осы ерекше қасиетін пайдалана отырып, орыс тілді отбасы болсын, балабақшасы болсын, жемістер-көкөністер тақырыптарын қозғаса, баланы осы тақырыптарға сай қазақ тілінде сөйлетіп үйрету оқыту үрдісін әлдеқайда жеңілдетеді. Мысалы бала ата-анасымен дүкенге барады, азық-түліктерді сатып алады, соның ішінде жемістер мен көкөністерде бар, сол туралы орысша әңгімелеп береді. Ал мұғалім орыс тілінде айтып берген әңгімесін қазақ тілінде айтып беруді сұрайды: Бала дүкеннен сатып алған жемістердің, көкөністердің атауын қазақ тілінде еске түсіріп атап шығады. Дәл осылай басқа тақырыптарды да қозғауға болады: мысалы: Кеше күн қандай болды? Бүгін күн қандай? Бала орыс тілінде айтқан шағын сөйлемдерін қазақшаға келтіріп айтады. Диалогтық сөйлеу балалардың анық және мәнерлі сөйлеуін қамтамасыз етеді. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі ойынмен ұштасып келеді. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Сондықтын сабақтарда сюжетті мазмұнды ойынды пайдалануға болады.
Мысалы, жемістер – көкөністер тақырыбына байланысты «Дүкен» ойынын ойнауға болады.Үстел үстіне жемістердің муляждарын «сатуға» қойып, ойнау. Бала дүкенге кіріп амандасады, қазақша айтуға тырысады. Маған алма беріңізші. Қандай алма аласыз? (түстерді ажырата білу). Мынау ащы, тәтті деген сөздер сөйлемде қолданылады.
Орыс тілді балаларды қазақ тілінде сөйлеуге үйрету барысында біздің мекемеде «Болашақ» үйірмесі жұмыс істейді. Бұл үйірмеге өзге ұлт өкілдерінің балалары қатысады. Үйірменің мақсаты: халық ауыз әдебиеті арқылы балалардың тілдерін дамыту, мемлекеттік тілге деген қызығушылықтарын арттыру.
«Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте– деп ақын жырлағандай, өз ана тілімізді жетік меңгеру, ана тілінде таза сөйлеуге үйрету, халқымызда ғасырлар бойы қалыптасып, сақталып келе жатқан наным-сенімдерін, дәстүрін, әдет-ғұрыптарын өсіп келе жатқан, жас ұрпақтың бойына сіңіру барысында, мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда үлкен нәтиже береді. Халық байлығының асыл қазынасы – рухани тіл. Оны меңгеру бесік тәрбиесінен, ана әлдиінен бастап, балабақшада ары қарай жүзеге аспақ. Қазақта «Сүтпен сіңген сүйекпен кетеді» деген мақал бар. Демек, біз балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршін бойына қазақ тілінің қасиетін сүттей сіңіре білсек, еңбегіміздің ертеңі алда деген сөз.
“Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі”,- демекші, қазіргі таңда елдің болашақ азаматтарын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі-мемлекетіміздің басты саясатының бірі. Мұғалім өз білім-білігін, оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруы және жаңа педагогикалық технологияны меңгеруі тиіс.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткендей, Қазақстанның болашағы қазақ тілінің дамуына, тағдырына тікелей байланысты. Сондықтан да мемлекеттік тілдің оқытылу жағдайына көп көңіл бөлініп отыр. Бұл үдерісті де тәуелсіздіктің жемісі деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |