Балалар әдебиетінің БӘйтерегі. Бердібек Соқпақбаевтың туғанына – 90 жыл. Мақсаты



Дата31.12.2019
өлшемі53 Kb.
#54034
Тақырыбы: БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ БӘЙТЕРЕГІ.

Бердібек Соқпақбаевтың туғанына – 90 жыл.


Мақсаты:

1. Оқушыларға жазушы өмірі мен шығармашылығымен таныстыра отырып, әлемге танылған әйгілі шығармасы туралы білімдерін толықтыру;

2. Оқушылардың ой-өрісін, қызығушылығын ояту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру;

3. Оқушыларды тәртіптілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Көркем шығармаларды оқуға деген қызығушылығын ояту.



Түрі: Әдеби кеш.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, «Менің атым Қожа»фильм таспасы, «Менің атым - Қожа» фильмінен алынған суреттер.
Жоспары:

  1. Алғы сөз.

  2. «Бәйтерек» өлеңі – А.Зүбайділдә.

  3. «Сен білесің бе?» анимациялық фильм.

  4. Жазушының өмірбаяны - Д.Туғанбаев.

  5. «Бердібек атаға арнау» өлеңі – Д.Қуат.

  6. «Менің атым Қожа» повесті туралы –Е. Нысанбаев.

  7. «Қожаның тентектігі» шағын көріністер – 5 сынып оқушылары.

  8. «Менің атым Қожа» фильмінен үзінді: «Жабық кеңес».

  9. Қорыту.

- Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдығына орай өткізіліп отырған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдеби кешімізге хош келдіңіздер!

(Бердібек Соқпақбаев туралы слайд көрсетіліп тұрады.)

Бүгінгі кешімізді өткізудегі негізгі мақсатымыз: Оқушыларға жазушы өмірі мен шығармашылығымен таныстыра отырып, әлемге танылған әйгілі шығармасы туралы білімдерін толықтыру.

Балаларға арнап шығарма жазу, сол арқылы кішкентай оқырмандардың құрметіне бөлену, ерекше таланттылықты қажет етеді. Міне, біздің қазақ балалар әдебиеті де осындай дарындарға кенде емес. Біз Ыбырайатамыздан бастап, Мұзафар Әлімбаев, Сапарғали Бегалин, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин т.б. көптеген балалар жазушыларын білеміз. Солардың ішінде шоқтығы биік, бірегей таланттардың бірі – Бердібек Соқпақбаев. Оның шығармаларын оқыған кез келген бала өмірбаянымен де танысып шығады. Себебі жазушының шығармаларының басты кейіпкері өзі болып табылады. Балалық шағына деген сағынышын өз шығармаларына арқау еткен.

Бейсебай Кіріспайұлының «Бәйтерек» өлеңі.


Бала шақты кестелеген тілі нық, 
Бір болса егер-осы болар ірілік: 
Ұландары отызыншы жылдардың 
Қайта келер көз алдыңа тіріліп. 

«Бастан кешкен» шындық шымыр екшеліп, 


Кітап болып бізге жетті естелік. 
«Чемпионнан» Бекең өзі баптаған 
Талай мықты жатты құлап, сескеніп. 

Аспантаудан ақ бұлақтар атқылап, 


Экранда – туған өлке, бақ, қырат... 
Қолын бұлғап Жанар, Жантас, Сұлтанға 
Келеді әне Қара Қожа шапқылап! 

Кейіпкермен бірге тұрып, жүресің, 


Бірге жасап, бірге жылап, күлесің. 
«Сөз қадірін білген шебер екен!» деп, 
Өз қадірін Бекеңнің де білесің. 

Ту етіпті тектілікті бұл ағай, 


Пір еткені қара шалың- Ұлы Абай! 
Тік қалпында мәңгі жасай береді 
Бәйтерегі Берді-ағаның құламай! 

- Бердібек Соқпақбаевтің өміріне келетін болсақ, оның балалақ шағы ауыр жағдайда өтті. Жоқшылық, жетімдік сияқты ауыр жайттарды басынан өткерді. Осы туралы шағын анимациялық фильмді ұсынамыз:

«Сен білесің бе?» анимациялық фильм.



- Жазушының балалаық шағынан біраз мәлімет алдық, енді өмірі мен шығармашылығы туралы Д.Туғанбаев баяндап береді.

Жазушының өмірбаяны - Д.Туғанбаев.

БЕРДІБЕК  СОҚПАҚБАЕВ  1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған. Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Балалардың бал мінезін ішкі дүниесімен жақсы сезіне білген жазушы әрбір шығармасында өзі туып өскен Нарынқол таулы өңір табиғатының жанды суреттерін оқырманға үлкен шеберлікпен жеткізе білген. Б.Соқпақбаевтың әңгіме, повесть, романдары және пьесаларында балғын шаққа батыл саяхаттар жасап, таңдандырып, тамсантып, бал дәурен әсерлерінің қаймағын бұзбай, ақиқаттан алшақтамай, балаға тән қиялдап, өмірдің өз болмысын тебірене толғайды. Оқысаң еріксіз езу тарттырып, кейде күрсінтіп терең ойға жетелейді. Лезде кейіпкерлермен етене араласып, олар өзің күнде көріп жүрген адамдардай Беркен, Қожа секілді кейіпкерлерімен жадыңда жатталып қалады...


- Бердібек Соқпақбаев өзінің шығармашылық өмірін балаларға арнап өлең жазудан бастаған. Жазушының таланты 14-15 жасында-ақ ел аузына іліге бастады. Алғашқы кітабы 1950 жылы «Пионер» журналында «Бұлақ» атты өлеңдер жинағымен жарық көреді. Кейін Қ.Аманжолов: «Қаламыңды енді прозадан сынап көрші»- деп жанашырлықпен жол көрсетеді. Содан барып жазушылыққа шындап ден қойып, «Бақыт жолы», «Жолда», «Менің атым Қожа», т.б. шығармаларын дүниеге әкеледі. Жазушының көзі тірісінде 20-дан астам кітабы жарық көреді. Шығармларының ішіндегі бала жүрегіне жол тапқан үздік туындысы «Менің атым Қожа» повесті болды. Осы шығарма туралы біраз қызық мәліметті тыңдап алайық.

«Менің атым Қожа» повесті туралы –Е. Нысанбаев.

Бердібек Соқпақбаев «Менің атым Қожа» повестін басуда алғашында өз елінен қолдау таба алмайды. «Кеңестік тәрбиеге қайшы. Біздің оқушылар Қожаның сотқар қылығына еліктеп,тәрбиеден аттап кетеді. Мұғалімнің сөмкесіне бақа салған оқушы ертең қандай азамат болады?» - деген сөздер желдей есті. Бірақ оған мойымаған жазушы шығармасын Мәскеуде шығатын «Детская литература» баспасына апарып береді.Сөйтіп бірінші «Менің атым Қожа» кітабы орыс тілінде басылып шығады. Екінші болып француздар өз тілдеріне аударады. Одан бірден 30 шақты тілге аударылып, бүкіл әлемге танылады. Содан кейін ғана өз еліміз Б.Соқпақбаевті мойындайды. Кітап 1957қазақ тілінде жарық көріп, 1963 жылы «Қазақ фильм» киностудиясы осы повесті көркемфильм етіп шығарады.Бүл киноны 28 елдің балалары тамашалады. Биыл «Менің атым Қожа» фильміне 51 жыл толып отыр.

(Слайдта көрсетіліп тұрады)

Былтыр 2013 жылы осы фильмнің 50 жылдық мерейтойы Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында аталып өтті. Өз сөзімді «Менің атым Қожа» фильмінің режиссері Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар Қарсақбаевтің сөзімен аяқтағым келеді. «Менің атым Қожа» — таза классикалық туынды. Ерекшелігі де осында. Қанша көрсең де жалықпайсың. Қайта-қайта тыңдай бергің келетін әсем әуен сияқты. Әкеміздің осы ғажап туындысы әлі де өміршең. Мұны сіздердің балаларыңыз, немерелеріңіз тамашалайтын болады. Бұл өйткені — таза шедевр.

- Ендігі кезекте «Бердібек атаға арнау» өлеңін тыңдайық.

«Бердібек атаға арнау» өлеңі – Д.Қуат.



Кім білмейді «Менің атым Қожаны»,

Аңғал, тентек, зейінді сол баланы.

Сан мәрте рет оқып шықтық қайтадан,

Соқпақбаев салған жолды саралы.

Балалықтың Қожа деген үлгісі,

Әр нәрсені келіп тұрар білгісі.

Таза көңіл, пейілімен баурады,

Ұнатты оны үлкені де, кішісі.

Біз де қазір сол Қожадай баламыз,

Кейде сондай тентек болып қаламыз.

Білімді боп, өнерлі боп жүрейік,

Ақ пейілді, ашық болсын санамыз.

Балалыққа саяхаттап барамыз,

Әдебиетке толы кітапханамыз.

Естелігін мәңгілікке қалдырған,

Соқпақбаев дара тұлға, атамыз.

-«Менің атым Қожа» шығармасындағы басты қейіпкер Қожа. Ол әрине тентек, сотқар, бұзық бала. Осы қылықтары алғашында оны жағымсыз етіп көрсетеді. Міне осындай Қожа туралы бірнеше көріністер тамашалайық.

Қожаның тентектігі» шағын көріністер – 5 сынып оқушылары.



  1. Жантасты сабап кетуі.

  2. Сөмкеге бақа салуы.

  3. Темекі шегуі.

- Біз Қожаның тентектік іс-әрекеттерінің бірерін ғана тамашаладық. Бірақ жазушының басты мақсаты бұзық Қожаны көрсету емес. Керісінше өзінің ерсі қылықтарының дұрыс еместігін мойындап қана қоймай, олармен күресуге тырысатын саналы баланы көрсету. Енді Қожаның жақсы жақтарын да көрейік.

«Менің атым Қожа» фильмінен үзінді: «Жабық кеңес».



-Қожа көпке дейін түзеле алмай жүреді. Қанша уәде беріп, ант етсе де келеңсіздікке киліге береді. Ол тек үлкендер оның бойынан жақсы қасиеттерді көретінін, оған сенім артатынын түсінгенде ғана түзелу жолына түседі.

Майқанова: «Түбі адам болатын бала».

Ахметов; «Оты бар бала»

Анасы: «Маған сенің адам болғаның керек»- деген сөздер шешуші болады.

Ақыры осы үлкендердің сенімін ақтауға біржола бел буады.

«Менің атым Қожа» фильмінен үзінді: «Қалай да сенімдеріңді ақтаймын».



- Міне осы сөздерде шығарманың тәрбиелік мәнң жатыр. Мәселе баланың тентектігінде емес, өзіне деген жауапкершілігінде.

Біз бүгінгі кешімізде балалар әдебиетінің бәйтерегі Б.Соқпақбаев атамыздың өмірі мен балаларға арнап жазған шығармаларына шолу жасап өттік. Б.Соқпақбаев бүгінде тірі болғанда 90 жасқа келер еді. Біз де бүгінгі кешімізбен тамаша жазушының әруағына тағзым еттік деп санаймыз.

Қабырғалы қаламгердің шығармаларына деген қызығушылықтарыңды аз да болса оята білсек, біз мақсатымызға жеттік деп санаймыз. Жазушымен одан ары таныстықты оның шығармаларын өз беттеріңше оқу арқылы тереңдете аласыңдар.

Кешімізге келгендеріңізге көп рахмет. \

Сау саламатта болыңыздар!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет