Балалар әдебиетінің бір бәйтерегі жапон халқында «Үш жасар баланың жаны жүзге дейін өзгермейді»



Дата11.01.2017
өлшемі110,32 Kb.
#7264
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ БІР БӘЙТЕРЕГІ

Жапон халқында «Үш жасар баланың жаны жүзге дейін өзгермейді», - деген нақыл сөз бар. Шамасы, балалықшақ әсерінің адам бойынан ғұмыр бойы арылмай бір сәтте әр қырынан ойға оралып, жаныңды бәйтерек тұспалдаған сөз. Расында, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Оған дау бар ма? Демек, баланы, болашақ тұтқанды, сырттай иеленіп, қана болмай, жас басынан өсер тәрбиесі мен таным тәрбиесін ұштастыра, зер сала қарауымыз керек. Мүбәрак Жаманбалинов - баланы байлық тұтқан, оның қуанышын бақыт көрген балажан ақын. Алғашқы творчестволық жолынан күні бүгінге дейін де берік қалам иесі. Арман ақынды алдаған жоқ. Өз алдынғы бір әулет болып құралған қазақ әдебиетінде Мүбәрак Жаманбалиновтай жыры баламен бауырласып, етенелесіп кететін ақын сирек. Ол, бұл ретте Өтебай Тұрманжанов, Мұзафар Әлімбаев, Жақан Смақов, Жәнібек Кәрбозин, Әнуарбек Дүйсенбиев, Қадыр Мырзалиев, Қастек Баянбаев, Адырбек Сопыбековтердің қатарында. Тіпті бірыңғай балаларға жазған (жазатын) аталған топтың ішінде де өз жыр-жиһазымен оқшаулау орынға ие.

Ақын Мүбәрак Жаманбалинов творчествосының бір мінезі, ол өмір көрінісін көркем өрнектеумен бірге, оны бала психологиясына бейімдеу, бала қабылдауына лайықтауды, образды оқушыға арналған тәлімдік оймен өсемдеуді ұмытпай, үнемі қатар алып, бірге орындап отырады. Ол елеусіз көріністен елеулі ой туғызатын, қарапайым іс-әрекеттен философиялық ой сабақтайтын, оның өзін балғын бөбекке қарапайым айта білетін өнерпаз. Сәби еңбектеп барады. Кей үйде де қайталана беретін табиғи құбылыс. Соны ақын:

Жылжыды ол ептеп,

Барады еңбектеп.

Атам мәз:

Бөбекке,

Бұл да зор еңбек, - деп көркемдік сапасымен жеткізеді. Қандай ойнақы, ырғақты құрылып тұрған өлең. Еңбек - айтуға оңай болғанымен, балаға ұғындыруы қиын, балалар әдебиетінде қиналыспен игеріліп келе жатқан тақырып. Сол қиын тақырыптың қисының ақын қалай келтіріп, кілтін қалай табады.

Балалар өлеңінің танымдық сипаты мол болуға керек. Айту оңай болғанымен, орындалуы қиын талап. Сәл ірі айтсаң, өлеңді есейтіп жібереді, сәл сыбырлап айтсаң, балаға жетпей қалады. Мүбәрак ақын қиын мәселенің күрмеуін өзінше шешіпті. Ол табиғат құбылыстарын жырлағанда суреттей отырып суыртпақтап ой айтады. Ол аң, құс, жан-жануарлар жайында өлең жазғанда, танымдық сипатты тәрбиелік оймен бір қосып ұжымдастырып жібереді. Және бір табысы – бірін - бірі байытар, бірін - бірі тән ретінде аша түсер екі құбылысты өзара шеңдестіріп, салыстырып бейнелейді. Табиғаты бір болғанымен, орындалуы әр басқа үш өлеңді мысалға тартамыз:

Папам менің ойланып,

Боямақ боп қақпаны.

Ақтарды да қойманы,

Бір құты сыр таппады.

Жап-жасыл ғып қояды,

Бүкіл орман, даланы

Соншама мол бояуды

Көктем қайдан алады?

(«Көктем қайдан алады?»). Өлеңде қақпа бояуы мен дала бояуы сабақтастырылып, балақай папасы мен көктем келбеті салыстырылып отыр. Қақпа - нақты зат, дала - кең байтақ, табиғат көрінісі. Әкесі қақпа боярлық бір құты сыр таппады, ал кең дала көктемде құлпырып шыға келеді. Ақын жалпы, нақты затты айту арқылы жалпы кұбылысты назарлап, бейнелеп отыр. Екінші өлең -«Күнбағыс».

Бақшаның сәні де,



Көркі де - күнбағыс.

Күн ұзын бәрі де,

Қарайды күнге алыс.



Ұқыптап тараған,

Әдемі кекілді.

Ұстазға қараған,

Шәкірттер секілді. Қапелімде ойға орала қоюы қиын екі құбылыс ұштастырылған. Күнге қараған күнбағыс, ұстазға қараған шәкірт. Бірін - бірі аша түсерлік ұқсас құбылыстар. Өлеңде танымдық сипат (күнбағыстың күндіз күнге қарап өсетіні) та ұмыт қалмаған. Ұқсас құбылыстардың ұқсастырылуы, салыстырылуы арқылы жазылған «Күнбағыс» сырт баяндауға құрылса, «Көктем қайдан алады?», өлеңіңде бала мінезі, сәби тілі, танданысы да қамтылған. Әлденеше көркемдік шарт жарыса орындалып, бір өлеңде жараса, жымдаса табысып жаста, шеберлік кепілі демеске әлің қайсы? Ақында:

Сенің атың - балапан,

Оның аты балақан.

Балапандар шоқуда,

Балақандар оқуда, -

деген өлең бар. Осы өлеңнен бірнеше ерекшелік көзге қатар шалынады. Біріншіден, бұл ықшам өлең, шымыр шумақ. Соған қарамастан, ой аяқталған кәдімгі өлең. Екіншіден,

сөз үнемдеудің тәуір үлгісі. «Балапан», «Балақан» екі реттен қайталанған. «Сенің атың», «Оның аты» - бұл да қайталау дерлік. Үшіншіден, техникалық жағынан сапалы орындалған өлең. «Сенің атың», «Оның аты» ішкі ұйқасты шымырландыра түссе «балақан», «балапан» «шоқуда», «оқуда» сыртқы ұйқасты шегендеп ұстап тұр. Төртіншіден, тәрбиелік ой екі құбылыс шеңдестіріле өте ұғымды жеткізілген. Шынында, балапан тіршілігі - шоқуда, балақан міндеті - оқу ғой. Шеберлік сын дерлік шендестіру, ұқсастыру арқылы жазылған өлеңдердің танымдық сипаты жоғары, тәрбиелік ойы табиғи өріледі. Сондықтан, ондай өлеңдерді ақын даралайтын ерекшеліктің бірінен санау орынды.

Жаманбалиновтың отыз жылдық творчествосында, оның жемісін көркейтіп, көшсе кеңінен танытқан бір сала - сатира. Ақын творчествосында оның екі түрі берік орныққан: бірі - юморлық, сатиралық өлеңдерде, екіншісі мысал өлеңдер, Мүбәрак ақынның сатиралық өлеңдері қысқа да нұсқа, ойлы да орамды, бала кейіпкер мінезіне, іс - әрекетіне құрылатындықтан күлкілі, тәрбиелік ойымен күрделі, өлеңді ойнақыландырып жеткізер ақындық тәсіл әрі тың, әрі қарапайым. Ақын ол өлеңдерінде:

«Тіл алғыш бол!», - деп інісін,

Жүреді Сойтал үйретіп.

Інісі жүр оны күн ұзын,

Қол шанамен сүйретіп, -

(«Үйретті») дегендей қарапайым бала мінезіне, іс - әрекетіне құрудан сатираның күрделі формасына дейін сатылай өскен. Жоғарыда келтірілген өлең бір қақпай дерлік қарапайым ғана. Ал, «Марат пен сауысқан» өлеңі одан гөрі күрделірек. Өзге ақындар бір көріністі суреттеп алар еді де, бала кейіпкерді соған тели салатын. Ол да бір форма, бір тәсіл. Ал, Мүкең ше? Ол керісінше, алдымен Марат жайында айтып алады:

- Балалар,

Сауысқанды қараңдар,

Марат диктант жазғанда,

Дәл осылай алаңдар! -деп баяндайды. Бір қарағанда, өлең осы шумақпен де аяқталып тұр. Бірақ, оны місе тұтар ақын көрінбейді.



Сүйектен сөз өткендей

Қызарақтап тұр Марат.

Сауысқан мазақ еткендей,

Бір шоқиды, бір қарап. Марат пен сауысқан іс-әрекетін өлеңнің басында емес, соңында шендестіру өлеңді өткірлей түскен. Әсерлілеу әр берген, драматизмді асқындырьш, күлкіні әшкерелеуге ұластырып әкеткен. Соңғы «бір қарап» өлеңнің композициялық шешіміне де айналған. Ақында «Тапқыш», «Мықты» т.б. көптеген шуақты күлкі мен суарылған сәтті сатиралық өлендер бар. Ол өлеңдерде де ақынның ұстаздьгқ тәжірибесі көмекке келіп жатады.

М. Жаманбалиновтың «Мақтаншақ», «Өзі кінәлі», «Қартөбеде», «Есербек», «Қоңырау кетті үзіп», «Екі сумка» өлеңдерін сатиралық балладаға жатқызуға болады. Бұл өлеңдер бала іс - әрекетіне құрылуымен, оны лайықты, қуатты күлкі нәріне суарылған тілмен бейнелеуімен балалар әдебиетінің шынайы табысына айналған шығармалар деп санар едік.

М. Жаманбалинов балалар сатирасында жолы болған талант.



Ақын творчествосында - ертегінің алар орны айрықша. Ол балаларға көптеген қызықты ертегі жазып қуантқан суреткер. Балалар әдебиетіне фольклордан келген ертегі қызықты жанр үлгісі. Ұлы ақын А.С. Пушкин әрбір ертегіні поэмаға балаған ғой. Қазақ балалар әдебиетінде көптеген ертегі үлгілері бар. Ол ертегілер жазылу мәнері, тәсілі жөнінен қызықты тәжірибелерді еске салады. Мүкең - бұл ретте ауыз әдебиетіне шәкірт. Ол ертегінің фольклорлық дәстүрін, образдық сыр - сыйпатын жақсы үйреніп, жете меңгерген ақын. Ол жазған ертегілерге зер салсаңыз, ауыз әдебиеті үлгісінің ізімен жырлаудан, фольклорлық дәстүр негізінде өз бетінше қызық оқиғалы ертегі жазуға дейін жеткенін көресіз. Нақты факті жөнінде сөйлер болсақ, «Түйе жылдан қалай құр қалды?» ертегісі халық аңызының ізімен жазылған, ақын прозалық нұсқада өмір сүріп келе жатқан аңызды балаға лайықты тілмен поэзияға айналдырды. Ауыз әдебиеті үлгісінен үйренудің оны творчестволықпен игерудің бұл да бір қарапайым жолы. Ол осы қарапайым үйреністен фольклорлық дәстүрде ірі жинақтау арқылы өз жанынан күрделі ертегі - поэма жазуға дейін қарқындай өсті. Оның жарқын мысалы - «Күж жалмауыз бен Білек Батыр» ертегі - поэмасы. Қазақ балалар поэзиясында ертегі- поэманың «Құмырсқалар, аралар - қиыспас дос, құдалар» секілді классикалық үлгісін жасаған ақын марқұм Өтебай Тұрманжанов болса, одан кейінгі асыл нұсқа деп біз Мүбәрак ақынның «Күж жалмауыз бен Білек батыр» ертегісін айта аламыз. Оқиға күрделілігі, образ сомдығы, қосөрім сюжет, қилы - қилы тартысты «Күж жалмауыз бен Білек батыр» - қазақ балалар әдебиетіндегі сирек құбылысқа бағаларлық жауһар туынды.

Қалайық - қаламайық әңгіме Мүбәрак Жаманбалиновтың поэмаларына қарай ойысты. Қазақ балалар әдебиетінде поэма атануға лайықты шығармалар саны едәуір. Әйтсе де, тікелей балаға арнап жазу жөнінен Ө. Тұрманжанов, Ж. Кәрібозин, М. Жаманбалинов, А. Сопыбеков поэмаларының жөні бір бөлек. Мүкең - бүлдіршіндерге ертегі - поэмамен бірге, өмір шындығына негізделген «Батыр ұстаз», «Ақын бала», «Жақсы ата» секілді оқиғасы шымыр өрілген, тікелей балалар психологиясына негізделген реалистік поэмалардың авторы. Жинақтап айтсақ, бұл үш поэманың өзіндік ерекшелігі, сипаттары бар. Олар ақын кейіпкерінің бар өмірін қамтып жатпайды. Өмірлік кешудің қызықты, драмалы бір сәтіне назар аударады. Сол бір сәтті балаға бояу көркін келістіре жырлап берсем жеткілікті деп қарайды. Содан соң оқиғаны баяндау үстінде де оқушысын бір сәтке де ұмытпайды. Оқушысын оқиғаға қатыстырып, араластырып отырады. Лирикалық герой өмірінің әр кезеңін бейнелеген соң оқушысымен бір сырласып, бір танысқа айналдырып отырады. Әлгі ерекшеліктерінің үстіне ақын бала тәрбиесі жайындағы ойларын да орайын тауып араластыра айтып өтуді ұмытпайды. Поэма - эпикалық жанр. Ақын оқушыға жалықтырмас үшін шығарманың ырғағын құбылтып, ойнақыландырып, характерлі баяндайды. Мысалы, «Ақын бала» поэмасында авторлық баяндау 7- 8 буынмен өрілсе, кейіпкер толғанысы кілт өзгеріліп, 11 буынмен беріледі. Осы ерекшеліктердің қайсысы да автордың балалар психологиясын жіті бағумен бірге жанр айғағы.



Қарап отырсақ, М. Жаманбалинов балалар әдебиетінің шағын жанрынан поэма секілді үлкен жанрына дейін өсе қалыптасады. Оның ішінде біз әңгімелеп үлгермеген жаңылтпаш, жұмбақтар бар. Бар жанр үлгісін бір мақалада тауыса әңгімелеу мүмкін де, шарт та емес. Ең бастысы, Жаманбалинов қай жанрда жазбасын, қаламына, оқушысына әр дәйім адал қарап, ұдайы жеміс берумен келе жатқан ақын.

Әңгіменің қыл - қысқасы, Мүбәрак Жаманбалинов - балалар әдебиетінің зәулім бір бәйтерегі. Оның қаламынан шыққан шығармалар қазақ балалар әдебиетінің табысына айналарына да сеніміміз кәміл. Ол бүгін де ерке Ертіс жағасында, әрі кейіпкер, әрі оқушы достарының арасында жыр баптау үстінде.

Құлбек Ергөбеков,

әдебиет сыншысы, Қазақстан

Жазушылар Одағының мүшесі.

«Қазақ әдебиеті» газеті 1994 жыл.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет