«Жаман тымақ» поэмасы(1929). Ж.Аймауытовтың поэмасы М.Жұмабаевтң «Жүсіп хан», «Өтірік ертек» поэмаларына қарағанда шағын көлемді. Мағжан поэмаларындағыдай ұзын-сонар кіріспе жоқ. Балаларды шығарма оқиғасына дайындау ыңғайы да байқалмайды. Кейіпкер сипаттамасы да көп берілмейді. Жеті, сегіз буын аралас жыр өлшемімен жазылған.
Жаман тымақты кедейдің жалғыз сиырын ауылнай алып қояды. «Сорлы кедей қалбаңдап, жаман тымақ жалбаңдап» ақсақалға барады, одан қайыр болмаған соң болысқа келеді, болыс ұрса жөнелген соң молдаға жолығады.
Кітап ұстап молдасы
Қазандай боп сәлдесі
Ол да отырды кедейге:
«Бер деп айтса, бересің!»
Байдан несиеге он сом сұрайды. «Ортан қолдай бес бұзау жыл шығарып бересің?» деген соң начальникке жолықпақ болып кеңсеге келеді.
Кеңседе төре тұр еді.
«Тымақшаңды» көреді.
«Малақай!» - деп бақ етті,
Тымақ бастан топ етті.
Мне, осыдан бастап жаман тымақ хикаясы басталады. Көп қағаздың арасында жатқан тымақты бір күні тілмаш тысқа лақтырады. Көшеде жүрген бір ақ ит тістеп алып кетеді де, ат қора түбіне тастайды.
Өткен түні қорадан
Ат жоғалған түн екен.
Қазақ-орыс иесі
Атын іздеп жүр екен.
Тымақ тапты, кенелді,
Кеңсеге алып жөнелді.
Жаман тымақ бүрісіп,
Құлақтары құрысып,
Шәрке, телпек серік боп,
Жатты шкафта құнысып(397).
Арада айлар, жыл өтеді. Шкаф ашылып, тымақ та, телпек те, шәрке де бостандыққа шығады. Билік өзгерген. Өзін тысқа лақтырған тілмаш та, шкафқа тастаған қазақ-орыс та қуғынға түскен. Бұл өзгеріске жаман тымақ әжептәуір желпінеді. Бір қазаққа селбесіп еліне қайтады. «Жаман тымақ қаладан келіпті» деген хабар жедел тарайды. Тымақ біткен жиылып қалады. Түлкі тымақ, сәлде, күрең тымақ, көнетоздау көк тымақ, боқша асынған сұр тымақ бірі қонаққа шақырып, екіншілері бата бермек болып жік-жапар болады. Жаман тымақ иесін табады.
Поэмада елдегі өзгерістер ғана емес, ел мінезі де жақсы көрінген.
Достарыңызбен бөлісу: |