Бауыр глюкостатикалық қызмет атқарады. Бауырда гликогеногенез, глюконеогенез, гликогенолиз процесстері жүреді. Бауыр осы процестерге байланысты қанның құрамындағы глюкозаның қалыпты мөлшерін тұрақты етіп ұстап тұрады. Қан құрамында глюкозаның қалыпты мөлшері 3,4 - 5,6ммоль.л
Ішектен қанға түскен глюкоза бауырға тасымалданып, онда гликоген синтездейді. Бауыр гликогені резервті, яғни көмірсулардың артық қорының жиналуы болып табылады. Тағамда көмірсулардың толық болмауы кезінде олар организмде майлар мен белоктардың ыдырауынан түзіледі. Қанда глюкоза мөлшерінің азаюына байланысты бауырда гликогеннің ыдырауы жүріп, қанға глюкозаның шығуы жүреді. Осыған байланысты қандағы глюкозаның салыстырмалы тұрақтылығы сақталып тұрады. Жануарлардың организмінде көмірсулардың ыдырауы оттексіз сүт қышқылына дейін ыдырау жолымен (анаэробтық гликолиз) және көмірсулардың ыдырау өнімдерінің көмір қышқыл газы мен суға дейін тотығуы жолымен жүреді.