Jump up ↑ Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2
Jump up ↑ “Қазақ Энциклопедиясы”, II-том
Jump up ↑ Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
Jump up ↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
Jump up ↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
Сарыұлы Ақтамберді (1675 - 1768)
Сарыұлы Ақтамберді (1675 - 1768) атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы жүздің Ошақты руынан. Әкесі Сары мен шешесі Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар.
Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Ақтанберді «дұшпаннан көрген қорлығым, сары су болды жүрекке. Он жетіде құрсанып, қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, жеткіз деп, құдай, тілекке» деп, өзі айтқандай, он жеті жасында ақ қолына қару алып, ел қорғауға аттанады.
Жыраудың ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар санатына қосылған кезде атақты «Ақтабан шұбырындының» куәгері болады.
Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт азаттық күресін ұйымдастырушылардың және жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі ретінде танылады.
Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды ата мекеніне біржола орнықтыру жолында Ақтанберді айтарлықтай роль атқарады. Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді.
Ақтанберді шығармалары негізінен нақылдық толғаныстар түрінде болп келеді. Олар көшпелі қазақтардың ой арманымен, мақсат мүддесімен астасып жатады. Жыраудың «Түйе мойнын тұз кесер», «Күлдір күлдір кісінетіп», «Жылқыдан асқан мал бар ма?» тәріздес әйгілі толғауларынан қазақ халқының мінез құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көз қарастары анық аңғарылады. Мал атаулының, оның ішінде жылқы түлігінің көшпелілер өміріндегі орыны жайында өз тұстастары арасында дәл Ақтанбердідей толғаған ақын жоқ. Ол жылқыны тіршілік көзі, жігіттің көркі деп есептейді. Әсіресе, батырдың жан серігі, жауға мінер тұлпары ретінде мадақтайды.
Ақтанберді жырларындағы негізгі сарын ерлікке үндеу, жауға қарсы күреске жігерлендіру. Ол жау табанында қалған жерлерді азат етуді аңсайды, бүкіл қазақ болып бірігіп атқа қонуды, жоңғарларға күйрете соққы беруді армандайды. «Балпаң балпаң кім баспас», «Жауға шаптым», «От басар орыны отаудай» секілді біраз жырларында жұртшылықты ата жаумен айқасқа шақырады. Ел қорғау жолында өлген ерде арман жоқ деп білді.
Аласапыран кезеңде туып, шайқас алаңында шыңдалып өскен Ақтанберді жырлары қазақтардың он сегізінші ғасырдағы жаугершілікке толы өмірінің шынайы суреттерін алға тартады.
Күлдiр де күлдiр кiсiнетiп,
Күреңдi мiнер ме екемiз,
Күдерiден бау тағып,
Ақ кiреуке киер ме екемiз!
Жағасы алтын, жеңi жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екемiз!
Ор қояндай жүгiнтiп,
Аш күзендей бүгiлтiп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап мiнер ме екемiз!
Сол шұбарға мiнген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екемiз.
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екемiз!
Тобыршықты әндiген
Толтыра тартар ма екемiз!
Тобылғы түбi құралай,
Бытыратып атар ма екемiз!
Жарлауға бiткен жапырақ –
Жамылсақ тоңар ма екемiз.
Жазыққа бiткен бүлдiрген –
Сұғынсақ тояр ма екемiз!
Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мiнiп,
Қоныс та қарар ма екемiз!
Ел жазылып жайлауда
Жақсылар кеңес құрғанда
Мұртымыз өрге шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екемiз!
Ақтамберді Сарыұлы (1675-1768) – жырау, қолбасы, қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі, дипломат.
Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. «Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелеген. Қысқа, нақыл, шешен сөздердің шебері.
Ол 1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болған. 1738-1752 жылдары қазақ-қалмақ арасында болған қанды қақтығыстардың барлығына дерлік қатысқан. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау болған. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған.
Ақтамберді жырау өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды. Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен ханым ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» және тағы да басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы.
Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап-мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады.
Ақтамберді толғаулары мен жырлары С.Мұқановтың «Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер», «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырдағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілген.
Сыпыра жырау
Сыпыра жырау (туған - өлген жылдары белгісіз) – Дешті Қыпшақтың әйгілі жыршыларының бірі, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, барабы, құрдақ, қырым татарларына ортақ тұлға. Оның жырлары бізде өз атымен жетпеген, толғаулары «Құбығұл», «Едіге би», «Тоқтамыс ханның хикаяты» аңыз-әңгімелер мен «Ер Тарғын», «Едіге батыр» эпикалық жырларында сақталған. Қазақ зерттеушілері Сыпыра жырауды ноғайлы дәуірінен жеткен көптеген эпикалық жырлардың бірден-бір авторы санайды. Қазақ аңыздары мен батырлар жырында жырау ел бірлігін көздеген дана ретінде суреттеледі, бірде 120, бірде 180 жасаған, көпті көрген тәжірибелі қарт кейпінде көрінеді. Ауыз әдебиеті дәстүрі біздің заманымызға Сыпыра жыраудың қиын кезеңде өзінен ақыл-кеңес сұраған Алтын Орданың сол кездегі билеушілеріне арнаған бірнеше толғау-монологын жеткізді. Бұл толғау-монологтарда жырау билеушінің өзін, оның ата-бабалары мен төңірегіндегілерді сипаттап, қалыптасқан жағдайға баға берген, болашақты болжап, содан кейін ақыл-кеңесін айтқан. Оның қиын жағдайда өзінен көмек сұрап, хандармен жауласқан батырларды бітістіру мақсатында жырлаған толғаулары белгілі. Бұл толғаулар Сыпыра жыраудың негізінен мәңгілік жыршы және бітістіруші болғандығын дәлелдейді. Сыпыраның Едіге туралы эпоста бейнеленген Тоқтамыс ханға арнаған өлеңі оның толғауының классикалық үлгісі болып табылады. Арнау жырда Сыпыра жырау алдымен өзін таныстырған соң өзінің Тоқтамыстың сегіз атасын, соның ішінде Шыңғыс ханды да көріп-білгенін айтады, олардың әрқайсысына тиісінше мінездеме береді. Содан кейін Едігенің Тоқтамыстан қашуы кездейсоқ емес екендігін, оның Темірмен одақ құрып, қайта келіп соғыс ашуы мүмкін екендігін жырлайды. Сонымен бірге жырау Тоқтамыстың күйзеліске ұшыраған ұлысы мен тұтқынға түскен қыздары мен әйелдерінің тағдырын әдемі суреттейді. «Ер Тарғын» жырында Сыпыра жырау туралы «өз өмірінде толғау айтып, тоғыз ханды түзеткен кісі» делінген, ал «Телағыс» жырында ол ноғайлы ішіндегі өзара қырқысты өршітпей, ел арасындағы беделімен тегеуірінді жырымен жауласушы жақтарды бітістіріп отырған тұлға ретінде көрінеді. Ноғай халқында кездесетін «Тоқтамыс ханның хикаяты» атты аңызда Сыпыра жыраудың атынан қара сөзбен аралас айтылатын жырлар өзінің табиғи сипаты жағынан жыраудың «Мен қартыңмын, қартыңмын» атты толғауына ұқсас келеді. «Қырымның қырық батырын» жырлаған әйгілі Мұрын жырау өзін Сыпыра жыраудың ұрпағы санаған. Сыпыра жырау шығармашылығы көптеген түркі халықтары әдебиетінде көркем үлгі ретінде орын алды. Мысалы, ол ноғайлықтарға ? Сыбыра йырау, башқұрттарға ? Сыбрй йырысы, татар барабиндіктерге ? Сафардау, қырымдарға ? Сыпара жырау ретінде белгілі. Ал қарақалпақтар Сыпыраны өздерінің ең үлкен эпосшы жыраулар мектебінің негізін салушы санайды. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том «Тарихи тұлғалар» кітабы
Сыпыра жырау қанша жыл өмір сүрген?
Астана. 20 тамыз. BAQ.KZ – Шамамен ХIV ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген Сыпыра жыраудың нақ қанша жыл өмір сүргендігін тарихшылардың өздері де нақ басып айта алмайды. Өйткені жыраудың өмірбаянын былай қойғанда, біздің заманға оның шығармашылығы да жеткен жоқ деуге болады. Барының өзі тым аз, жай үзінділер ғана. Рас, Сыпыра ойдан шығарылмаған, ноғайлы-қазақ даласында жасаған ұлы тұлғалардың бірі. Ол Тоқтамыс хан мен Едіге тұсында өмір сүріп, ханның кеңесшісі, сарайды жыршы қызметтерін атқарған деген деректер бар.
Сыпыра көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған жандардың бірі болған деседі. Оның мұндай абыройлы болуына әсер еткен ең басты себеп – аузының дуалылығы және хан-қара демей бетке айтып тастауы. Аңыздарға сенсек, жыраудың шығармалары сансыз болған. Кейбір әдебиетшілер айтуынша, ол «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Ер Қосай», «Ер Көкше» сынды ноғайлы циклындағы жырларды атсалысқан эпик жырау болған.
Сыпыра жырау – қазақ пен ноғай, қарақалпақ пен башқұрт, барабы, құрдақ, қырым татарларына бірдей ортақ әдеби тұлға. Мәселен, қазақтар оны «Сыпыра», «Сып жырау» (Шоқан) деп атаса, ноғайлар «Сыбыра жырау», қарақалпақтар «Сопбасылы Сыпыра жырау», башқұрттар «Сыбырырай жыршы», барабы татарлары «Сафардау», құрдақ татарлары «Сұрғантайұлы Сыпыра», ал Қырым татарлары «Сыпыра жырау» деп атап кеткен. Демек, Сыпыра жайында бір пікір айтпастан бұрын оның өзге түркі тілдес ұлттардың әдебиетінде кезігетін келбетіне ерекше зер салып, салыстырғанымыз жөн. Жалпы, қай ұлттың аңызына қарасаңыз да, Сыпыра халық басына күн туып, іс түскенде түбегейлі ой айтатын дана қария кейпінде бейнеленеді.
Сыпыраның есімі аталатын «Тоқтамыс жырын» алғаш бастырған П.М.Мелиоранский өзінің алғы сөзінде жыраудың қыпшақ даласының көп хандарын көрген көне ақыл иесі екендігін айтады. Тоқтамыс ордасында ол 1393 жылы ең соңғы толғауын айтқан еді деп жазады. Бұл мәліметті негізге алсақ, Сыпыра 1213-1393 жылдар арасында өмір сүрген болып шығады.
Атақты жырау жайында «Құбағұл», «Едіге би», Тоқтамыс ханның хикаяты» сынды халық әңгімелерінде және «Ер Тарғын», «Едіге батыр», т.б. батырлар жырында айтылған. «Едіге» жырын 1841 жылы Жұмағұл ақыннан жазып алған Шоқан аталмыш шығарманы ХIV ғасырдың ақыры мен ХV ғасырдың басында туған дегенді айтады. Сондай-ақ, осыған ұқсас деректер Греков пен Якубовскидің еңбектерінде де бар. Олар өз шығармаларында «Едігенің Тоқтамыс ханнан ең соңғы рет қол үзуі 1391 жылдан аз кейін болды. Тоқтамыс ханның тарих сахнасынан біржолата кетуі 1405 жылдың қаңтар айында еді» деп келтірген. Демек, Сыпыра жырау Едігенің замандасы деген дерекке сүйенсек, жырау расында да ХIV ғасырда дүниеге келген болып шығады. Ал, оның қанша жыл өмір сүргендігі жайында бірнеше дерек бар.
Әңгімелердің бірінде Сыпыра 120 жыл өмір сүрсе, екіншісінде 180 жасында қайтыс болған дейді. Тағы бір аңызда оның жасын тіпті 390-да деп көрсеткен. Әрине, үшінші нұсқасында тым асыра көрсетіліп жіберілген шығар. Алайда, жыраудың бірнеше ханның көзін көріп, оларға ақылшы болғанын ескерсек, бірінші және екінші нұсқаларын шындыққа жақын жорамал деуімізге болады.
Барабы татарларының әңгімесінде Сыпыра жайында былай айтылады:
Ханым, ием, төрем,
Мен де білбес иш иган,
Сен де білбес иш иган,
Канлаулай бажы қашқайган,
Күндіздей тіжі сарғайған,
Азулар тіжі божаған,
Юз жигирма яшаған,
Білсе, білмесе бу ішкі,
Сафардау білер бу ішкі,-дейді. Ал, қырым татарлары болса:
Уч иуз токсан яшаган,
Атқа мінер алы жоқ.
Арбага мінер амал жоқ.
Уч иуз токсан яшаган,
Оның бойы шошаган,
Тішілерін інжі салып,
Ши ибекпен қоршаған.
Атқа мінер амал жоқ.
Арбага мінер алы жоқ, - деп суреттейді. Ноғайлар аңызында жырауға байланысты мынадай жолдар бар:
Юз де сексен ясаган,
Азу тиси босаган.
Сыбыра атлы, сып топли
Бизим элде қарт – жырау, -
Сүйін аяқ ат мінген,
Судай болат байланған,
Сусар бөріклі, сұп тұтлы,
Юз де сексен ясаган,
Атанден ақ ат қоқын асаған,
Сыпыра деген жырау бар,
Құбаулдың асылын
Ол білмесе, кім білер?!-деп қария жырауды бейнелейді.
Сыпыраны суреттейтін жолдар қазақтың «Ер Тарғыны» мен «Едіге батыр» жырларында да кезігеді. Әйгілі «Ер Тарғын» жырында ол «Жүзден асқан жасында басынан тоғыз ханды өткізіп, толғау айтып тоғыз ханды түзеткен қарт» болып суреттелсе, «Едіге» жырында Сыпыра көптеген хандарды бастан өткізген, 180 жастағы «сұм аяқ, сұпа бөрікті» сұңғыла қария:
Аузында отыз тісі жоқ,
Адам көрер түсі жоқ,
Сұм аяқ, сұпа бөрікті,
Сыпыра сынды сұм жырау
Жібекпен жағын тарттырып,
Салтанатқа үлде мен бүлде арттырып,
Алып бір келші деп еді...
Сыпыраның бізге жеткен мұрасының тым аз екендігін айттық. Оның бізге дейін келген кейбір шығармалары эпостық жырлардың ішінде, аңыздарда кезігеді. Осындай аңыздардың бірінде жырау өзі туралы былай дейді:
Мен қартыңмын қартыңмын,
Не көрмеген қартыңмын.
Бастыққа бастық, Бастық хан,
Оны көрген кәріңмін.
Одан соңғы Кедей хан
Оны көрген кәріңмін.
Онан соңғы Ала хан,
Оны көрген кәріңмін.
Онан соңғы Қара хан,
Оны көрген кәріңмін.
Құлағы шұнақ Хазар хан,
Оны көрген кәріңмін.
Он екі тұтам оқ атқан,
Онан соңғы ер Шыңғыс,
Оны да көрген кәріңмін.
Мұнарасы қырық құлаш
Өзден сұлтан Жәнібек
Оны көрген кәріңмін.
Ұлы бабам Домбауыл,
Соны көрген кәріңмін.
Жүз сексенге келгенде,
Сонша хандар өткенде,
Жас та болсаң Тоқым хан
Сені көрген кәріңмін,- дейді ол Тоқтамыс ханға.
Осынау өлең жолдары расында да Сыпыра жыраудың өз аузынан шыққан болса оның жасының жүзден әлдеқайда асқандығына күмәніміз жоқ.
Аңызды ертегімен шатастырғанның жөні жоқ, әр аңыздың түбінде бір шындықтың жатқаны ақиқат. Сыпыра жыраудың дәл қанша жыл өмір сүргендігін енді ешкім анықтай алмайтын шығар, алайда, қазақ тарихында ол өте ұзақ өмір сүрген данагөй қариялардың бірі болып қала бермек.
Бәлкім бүгінгі асырадіншілдер «сүйегі қурап қалған аталарыңның жасын қайтпексіңдер» дейтін шығар. Десе дей берсін. Сыпыра сынды әрбір тұлға қазақ тарихының бір бөлшегі, тарихымыздың айнасы. Осы тұлғаларымызды тану арқылы біз өзіміздің тегімізді танимыз. Сол данагөй қарияларға қарап бүгінгі шалдар бой түзесе дейміз. Тарихи тұлғаларымыз жайындағы әрбір мәлімет, әрбір дерек біз үшін құнды.
Серғали Балажан, BAQ.KZ
Достарыңызбен бөлісу: |