Жоспар.
Педагогикалық кызметтің компоненттері (Н.В.Кузьмина).
Педагогтың функциялары.
Профессиограмма.
Қызмет - қарым-қатынастардың белсенді түрі. Мысалы, танымдық қызмет барысында ақиқат шындық оқытылады, зерттеледі. Еңбек қызметінде материалдық құндылықтар пайда болады. Өнер қызметінде өнер туындылары жасалады. Қоғамдық қызметте әлеуметтік-құндылықты идеялар насихатталады және таралады. Педагогика ғылым ретінде қызметтің ерекше түрін зерттейді. Ол қызметтің белгілі бір мақсаты бар.
Педагогикалық қызмет – бұл тәрбиешінің тәрбиеленушіге жасайтын тәрбиелік және оқыту ықпалы. Бұл оның тұлғалық, интеллектуалды және дене дамуына бағытталады. Педагогикалық қызмет әлеуметтік қызметтің ерекше түрі болып табылады. Ол адамзаттың мәдениеті мен тәжірибесін жас ұрпаққа беруге, олардың тұлғалық бағытын белгілеуге және қоғамдық өмірде өз орнын анықтауға бағытталған.
Педагогикалық қызметтің компоненттеріне сипаттама.
Педагогикалық қызметтің құрылымдық компоненттері:
Қызметтің мақсаты
Қызметтің субъектісі (мұғалім)
Қызметтің объектісі және субъектісі (оқушы)
Қызметтің мазмұны
Қызметтің әдістері
Қызметтің нәтижесі
Педагогикалық қызметтің мақсаты – тұлғаны жан-жақты және үйлесімді тәрбиелеу.
Педагогикалық қызметтің мазмұны – оқушылардың оқу әрекетін ұйымдастыру үрдісі.
Педагогикалық қызметтің құралдары – ғылыми білім, оқулықтар мен оқу бағдарламалары, әдістемелік құралдар, компьютерлік, графикалық және техникалық құралдар.
Педагогикалық қызметтің әдістері – сөздік, көрнекілік, практикалық әдістер тобы.
Педагогикалық қызметтің нәтижесі – оқушы тұлғасының интеллектуалдық, дене дамуы және оның қоғамда бағалануы.
Н.В.Кузьмина, В.А.Сластенин, А.Н.Щербаков мұғалім қызметінің төмендегідей функцияларын белгілейді:
диагностикалық – оқушылардың мінез-құлық ерекшеліктерін, даму деңгейін, тәрбиелік дәрежесін зерттеу.
болжаушы – тәрбиелік іс-әрекеттің мақсаты, міндеттері, бағыты, нәтижесі және жоспарының белгіленуі.
құрылымдық-жобалау – жоспардың мазмұныны, мүмкін болатын нәтижесін жоболау, құру.
ұйымдастыру – оқушыларды оқу-тәрбие жұмысына енгізу, олардың белсенділігн арттыру және ынталандыру.
ақпаратты-түсіндірмелі – оқу материалдарын түрлі жолдармен ұсыну, оқушылардың дүниетанымдық көзқарастарын қалыптастыру.
коммуникативті- ынталандыру – мұғалімнің жеке бас ерекшеліктері, адамгершілік мәдениеті, рухани байлығы және қарым-қатынас орната білуі.
талдау-бағалау – оқу-тәрбие үрдісінің барысын талдау, нәтижесіне баға беру, кемшіліктері мен ауытқушылықтарын анықтау, түзету, жою.
зерттеу-шығармашылық – оқу-тәрбие үрдісінде түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана білуі, белгілі педагогикалық мәселені зерттеумен айналасуы, оның шығармашылық қасиеттерінің дамытылуы.
Н.В.Кузьмина педагогикалық қызмет құрылымында үш өзара байланысқан компоненттерді ажыратады: конструктивті, ұйымдастырушы және коммуникативті. Педагогикалық қызмет осы функциональды түрлерін нәтижелі жүзеге асыру үшін белгілі қабілеттер қажет.
Конструктивті қызмет. Өз алдына конструктивті-мазмұндық (оқу материалын таңдап алу және оны орналастыру, педагогикалық процесті жоспарлау және құру), конструктивті-оперативті (өзінің және оқушылардың әрекетін жоспарлау), конструктивті-материалдық (педагогикалық процестің оқу-материалдық базасын жобалау).
Ұйымдастырушылық қызмет. Оқушыларды іс-әрекеттің түрлеріне енгізуге және ұжымды тудыруға, біріккен іс-әрекетті ұйымдастыруға бағытталған іс-әрекеттердің жүйесін орындау болып табылады.
Коммуникативтік қызмет педагогтың тәрбиеленушілермен, мектеп педагогтарымен, қоғам өкілдерімен, ата-аналармен педагогикалық қарым-қатынас орнатуға бағытталған.
А.И.Щербаков педагог функциясын нақтылай отырып, педагогикалық қызметтің ұйымдастырушы компонентінің ақпараттық, дамытушы, бағыттаушы, бейімдеуші функцияларын белгілейді. Бұнда зерттеу функциясын ерекше атап өткен жөн. Оның жүзеге асырылуы мұғалімнен педагогикалық құбылыстарға ғылыми тұрғыдан қарауды, эвристикалық ізденіс іскерлігі және ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістерін меңгеруді, жеке және өзге тәжірибені талдауды талап етеді.
Барлық компоненттер кез-келген педагогтың қызметінде айқындалады. Оларды жүзеге асыру педаггтың арнайы іскерліктерін қажет етеді.
Мұғалім педагогикалық қызметтің субъектісі ретінде.
Педагогикалық мамандық қоятын маңызды талаптардың бірі – оның өкілдерінің әлеуметтік және кәсіби позицияларының айқындылығы. Дәл осы позицияларда мұғалім өзін педагогикалық қызметтің субъектісі ретінде танытады.
Педагогтың позициясы – бұл тұлғаның белсенділігінң көзі болып табылатын оның педагогикалық ақиқатқа, педагогикалық қызметке, дүниеге деген интеллектуальды, еріктік және эмоциональды-құндылықты қарым-қатынастар жүйесі. Ол, бір жағынан, қоғам тарапынан қойылатын талаптармен, оның мүмкіншіліктерімен, екінші жағынан, педагогтың ішкі тұлғалық белсенділігімен (қызығушылықтары, мотивтері, мақсаты, құндылықтарға бағытталуы, көзқарасы, идеалдары) анықталады.
Педагог позициясында оның тұлғасы, әлеуметтік бағытталу сипаты, азаматтық мінез-құлқы мен іс-әрекет типі көрінеді.
Педагогтың әлеуметтік позициясының негізі жалпы білім беретін мектепте қалыптасқан пікірлер, көзқарастар, сенімдер, құндылықты бағдарларға негізделеді. Олардың негізінде кәсіби дайындық барысында педагогикалық мамандыққа, педагогикалық қызметтің мақсаты мен құралдарына қатнасы қалыптасады. Мотивациялық-құндылықты қарым-қатынас мұғалім тұлғасының өзегі болып табылатын педагогикалық бағытталуда көрінеді.
Педагогтың әлеуметтік позициясы оның кәсіби позициясын да анықтайды. Педагогтың кәсіби позициясының таңдалуына көп факторлар әсер етеді. Ең маңыздылары – кәсіби белгілеулер (установки), тұлғаның жеке типологиялық ерекшеліктері, темперамент және мінез-құлық.
Л.Б.Ительсон педагогтың позициясының типті рольдік сипаттамасын белгілеген. Педагог мына позицияларда көрінуі мүмкін:
- егер ол қоғамдық нормалар, талаптар, пікірлерді және т.б. ақпаратты тек хабарлап тұрса ғана (мысалы, шыншыл болу керек), онда педагог – информатор;
- егер баланың жүрегіне жол тапқысы келсе, онда педагог – дос ретінде танылады;
- егер ол тәрбиеленушілердің санасына нормалар мен құндылықтарды күштеп енгізетін болса, онда педагог – диктатор;
- егер сендіруді қолданса, онда педагог – кеңесші;
- егер ол тәрбиеленушіге жалынатын, оның алдында кішірейетін, оны тек мақтай беретін болса, онда педагог – сұраушы (проситель);
- егер ол тәрбиеленушілерді қызықты мақсат, перспективалармен жандандыра білсе, онда педагог –шабыт тудырушы (вдохновитель).
Аталған әрбір позиция тәрбиешінің жеке тұлғасына байланысты жағымды не жағымсыз нәтиже беруі мүмкін.
Профессиограмма.
Мұғалімге қойылатын кәсіби талаптардың жиынтығы педагогикалық қызметке кәсіби дайындық терминімен енгізілген. Оның құрамында, бір жағынан, психологиялық, психологиялық-физиологиялық және дене дайындығын, екінші жағынан, ғылыми-теориялық және практикалық қабілеттілігін ажыратады.
Педагогикалық білім берудің мақсатының көрінісі ретіндегі кәсіби дайындықтың мазмұны профессиограммада жинақталған.
Мұғалімдердің кәсіптік деңгейіне арқау болатын кәсіп құрылымын (профессиограммасын) жасаудың мәні жоғары. Онда мыналар көрсетіледі:
мұғалімнің жеке басы, оған тән сапалық қасиеттер мен белгілер.
Мұғалім мемлекеттің, әлеуметтік ортаның идеясын насихаттаушы, өз кәсібіне жан-тәнімен берілген адам, сондықтан мемлекет ісіне адалдық, ұжымшылдық, кәсіптік-педагогтық бағыттар мұғалімнің жеке басының негізгі қасиеттері. Сапалық белгілеріне: мұғалімдік қызметке бейімділік, қабілеттілік, баланы сүю, байқағыштық, орынды талап қою, ұстамджылық, әдептілік, сенім арту, бедел, мақсатты айқындау, ізгілік және т.б. жатады.
Мұғалім қызметінің түрлері: ұстаздық, тәрбиешілік, қоғамдық-саяси, қоғамдық-педагогикалық жұмыстар.
Мұғалімнің мамандық деңгейін көтеруге қойылатын талаптар: кәсіптік білім, білік, дағды, ізденіс, ісіне шығармашылық мән беру, жаңашылдық, білім берудің сапасын жетілдіру.
Мұғалімдердің әдістемелік деңгейін көтеруге байланысты жүргізілетін жұмыстар: тәжірибе алмасу, озат, жаңашыл мұғалімдердің іс-тәжірибесін зерттеу, оны тарату, оқу-тәрбие жұмыстарының нәтижесін, тиімділігн анықтау, мұғалімдердің білімін үздіксіз жетілдіріп отыру, аттестациялау, категорияға бөлу, педагогтық оқуға, басылымбарға қатысу жұмыстары.
Мұғалімдік мамандықтың өзге мамандықтардан ерекшелік белгілері. Ол жоғары аталған төрт белгінің мазмұнын біріктіреді.
Оқу орындарында мұғалімдік мамандыққа дайындау жолдары. Мектеп оқушыларына мұғалімдік мамандық бойынша бағдар беру; педагогикалық оқу орындарында оқып жүрген кезінде мұғалімдік мамандыққа үйрету, мұғалімдік мамандықты меңгеру және өз бетінше мамандық шеберлігін көтеріп отыру жұмыстары.
Студенттердің, мұғалімдердің өз бетінше білімін жетілдірудің мазмұны: болашақ мұғалімдердің ғылыми деңгейін көтеру, арнайы әдістемелік білімін жетілдіру.
Мұғалімдік мамандықтың шебері болудың негізгі белгілері: кәсіби білім, білік, дағды, кәсіби қабілет, педагогикалық әдеп, педагогикалық техника.
Профессиограмма – мұғалім мамандығына тән негізгі қасиеттер мен оған қойылатын кәсіби талаптардың жүйесі. Мұағлімге қойылатын кәсіби талаптар өзара байланысқан үш негізгі кешенге біріктірілген: жалпыазаттық қасиеттер; мұғалім мамандығынығ спецификасын белгілейтін қасиеттер; пән (мамандық) бойынша арнайы білім, білік және дағды. Психологтар профессиограмманы негіздеуде тұлғаның ақыл-ой, сезім, және еріктік қасиеттерін көрсететін педагогикалық қабілеттерді белгілейді. Мысалы, В.А.Крутецкий дидактикалық, академиялық, коммуникативтік қабілеттерімен қатар педагогикалық қиял және зейінді шоғырландыру қабілетін ажыратады.
А.И.Щербаков маңызды педагогикалық қабілеттерге дидактикалық, конструктивті, перцептивті, экспрессивті, коммуникативті және ұйымдастырушылықты жатқызады.
Педагогикалық білім берудің мақсаты - жаңа типті мұғалімнің үздіксіз жалпы және кәсіби дамытылуы. Оған мыналар тән:
- азаматтық жауапкершілік және әлеуметтік бейімделу;
- балаларға деген сүйіспеншілік, оларға жүрек жылуын беруі;
- шынайы зиялылық, рухани мәдениет, басқа адамдармен жұмыс жасауға құштары мен іскерлігі;
- жоғары кәсібилік, ғылыми-педагогикалық ойлаудың инновациялық стилі;
- өздігінен білім алуға қажеттілігі және оған дайындығы;
- денсаулық, психикалық саулық, кәсіби жұмысқа қабілеттілік.
Сегізінші тақырып. Педагогтың кәсіби қабілеттілігі.
Мақсаты: педагогикалық шеберліктің мәнін ашу, оның негізгі компоненттерін белгілеу.
Жоспар.
"Кәсіби қабілеттік" ұғымы.
Педагогикалық іскерлік.
Кәсіби қабілеттілік және педагогикалық шеберлік.
"Кәсіби қабілеттік" ұғымы.
Жеке адамның дербес ерекшеліктерінің бірі – бейімділік. Адамдағы белгілі бір бейімділік оның қабілеттілігіне байланысты. Жеке адамның белгілі іс-әрекет нәтижесін танытатын психикалық қасиетті қабілет деп атайды. Қабілеттің дамуы нышанға байланысты. Нышан – бұл жүйке жүйесіндегі анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктер. Қабілет нақты іс-әрекет барысында дамиды. Іс-әрекеттің нәтижелі болуы өзара байланысты, бірін-бірі толықтыра түсетін бірнеше қабілетке байланысты.
Қабілеттілік – бұл тұлғаның жеке мүмкіншіліктері, оның квалификациясы (білімі, тәжірибесі). Ол белгілі мәселе бойынша шешім қабылдауға жол ашады.
Педагогтың кәсіби қабілеттілігі ұғымы мұғалімнің, тәрбиешенің жеке ерекшеліктері, олардың көмегімен педагогикалық міндеттер нәтижелі шешіміні табуы тиіс. Ол үшін мұғалім педагогикалық теорияны және оны практикада қолдана білуі тиіс. Осылайша, мұғалімнің педагогикалық қабілеттілігі – педагогикалық қызметті жүзеге асырудағы оның теориялық және практикалық дайындығының бірлігі.
Қажетті психологиялық-педагогикалық білімнің мазмұны жоғары кәсіби (педагогикалық) білім берудің мемлекеттік стандартымен белгіленеді және оқу бағдарламаларында нақтыланады. Осы мағынасында педагогикалық жоғары оқу орындарының түлегінің психологиялық-педагогикалық дайындығы педагогиканың әдіснамалық негізі мен категорияларын білуінен (тұлғаның дамуы мен әлеуметтенуінің заңдылықтары, оқыту мен тәрбиенің мәні, мақсаты, технологиясы, баланың, жасөспірімнің, жастардың анатомиялық-физиологиялық және психикалық даму заңдылықтары) көрінеді.
Психологиялық-педагогикалық зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, Ф.Н.Гоноболин, Н.В.Кузьмина, И.В.Стралов, В.А.Сластенин, А.Н.Щербаков және т.б. педагогикалық қабілеттің бірнеше түрін көрсетеді.
Дидактикалық қабілет – мұғалімнің оқушыға оқу материалын жеткізу қабілеті, оқушының білім дәрежесін, іскерлігін, дағдысын дұрыс анықтай білу, өз пәніне қызығушылығын арттыру, таным белсенділігі мен ойын дамыту.
Академиялық қабілет – мұғалім қабілетінің пән саласына (математика, физика, химия, биология, тарих және т.б.) сәйкестігі.
Перцептивті қабілет – оқушының ішкі дүниесін тани білуі. Қабілетті мұғалім оқушылардың сабақ үстіндегі психикалық жағдайын бірлен байқайды.
Сөйлеу (экспрессивті) қабілеті – тіл арқылы өз ойын, ішкі сезімін нақты, түсінікті етіп жеткізе білуі. Бұл мұғалім үшін өте маңызды қабілет ерекшелігі.
Ұйымдастырушылық қабілеті - сабақты тыңдауға, білімді қабылдауға оқушыларды әзірлей білуі, ұжымды дұрыс басқарып ұйымдастыра білуі, оқу-тәрбие үрдістерін дұрыс ұштастыра білуі, оқушыларға басшылық ету,, ата-аналармен жұмыс істей білуі.
Коммуникативті қабілет – оқушылармен қалыпты дұрыс қарым-қатынас жасай білу, педагогикалық әдептілікті жетілдіру.
Конструктивті қабілет – оқу және тәрбие міндеттерін шешудің тиімді жолдарын іздестіру, оқу-тәрбие жұмысынң түрлері мен әдістерінің мазмұныны анықтау, өз ісіне саналық, жауапкершілікпен қарау, педагогикалық тапқырлық таныту.
Қолданбалы қабілет – мұғалім өз мамандығына қатысы жоқ спорт, шахмат, тоғыз құмалақ, дойбы, көркемөнер, бейнелеу өнер туындыларын білетіндігімен оқушыларды қызықтырып, оларға қатынасуы арқылы өз дегеніне жетуге баланы жан-жақты дамыту ісіне үлесін қосуы.
Педагогикалық іскерлік.
Кәсіби қабілеттілік құрылымы педагогтың педагогикалық іскерлігі негізінде ұсынылады. Педагогикалық іскерлік – теориялық білімге негізделген және педагогикалық міндеттерді шешуге бағытталған, бір бөлігі автоматтандырылған (дағды), бірізділікпен жүретін іс-әрекеттердің жиынтығы.
В.А.Сластенин педагогикалық іскерліктерді төрт топқа біріктіреді:
Объективті тәрбие процесінің мазмұнын нақты педагогикалық міндеттерге айналдыру іскерлігі: жаңа білімді меңгеруге дайындығын анықтау үшін тұлға мен ұжымды зерттеу, соның негізінде ұжым, жеке оқушының дамуын жобалау, білімділік, дамытушылық және тәрбиелік міндеттер кешенін белгілеу, оларды нақтылау.
Педагогикалық жүйені құру және іске асыру іскерлігі: оқу-тәрбие міндеттерін жоспарлау, білім беру процесінің мазмұнын іріктеу, оны ұйымдастыру формаларын, әдіс-тәсілдерін, құралдарын дұрыс таңдау.
Тәрбие компоненттері мен факторлары арасындағы өзара байланыстарды анықтау, оларды орнату, жүзеге асыру: қажетті жағдайларды (материалдық, моральдық-психологиялық, ұйымдастыру, гигиеналық және т.б.) тудыру; оқушы тұлғасын белсендендіру, оның іс-әрекетін дамыту, біріккен іс-әрекетті ұйымдастыру және дамыту, мектептің қоғамдық ортамен байланысын қамтамасыз ету, сыртқы әсерлерді реттеу.
Педагогикалық қызметтің нәтижесін есепке алу және бағалау іскерлігі: білім беру процесін және мұғалім әрекетінің нәтижесін талдау және өзін-өзі талдау, жаңа педагогикалық міндеттерді белгілеу.
Мұғалімнің теориялық дайындығының мазмұны.
Ол педагогикалық сананың даму деңгейімен, ойлау іскерлігмен анықталады. Педагог тұлғасында аналитикалық, жобалаушы, болжаушы, рефлексивті іскерліктердің болуын қажет етеді.
Аналитикалық іскерліктер:
- педагогикалық құбылыстарды талдау, яғни оны құрамдас бөліктерге ажырату;
- әрбір бөліктің бөлек және тұтас ұғынылуы;
- педагогикалық теориядан қарастырылатын құбылысқа сәйкес теориялық қағидаларды, қорытындыларды, заңдылықтарды табу;
- педагогикалық құбылысты дұрыс диагностикалау;
- педагогикалық міндетті белгілеу;
- педагогикалық міндетті шешу жолдарын табу.
Жобалаушы іскерліктер:
- оқыту мен тәрбие көлемін нақтылау;
- оларды кезеңді жүзеге асыру тәсілдерін негіздеу;
- білім беру процесіне қатысушылардың қызығушылықтарын, бейімділіктерін, материалдық базаның, жеке тәжірибесі мен тұлғалық кәсіби қасиеттерінің мүмкіншіліктерін есепке ала отырып, іс-әрекеттердің түрлері мен мазмұнын жоспарлау;
- білім беру процесінің формасы мен құрылымын анықтау;
- педагогикалық процестің әрбір кезеңінің мақсат-міндеттерін анықтау;
- оқушылармен жеке жұмысты жоспарлау;
- педагогикалық процестің формаларын, әдіс-тәсілдерін, құралдарын таңдау;
- тәрбие ортасы мен ата-ана, қоғаммен байланыстарының дамуын жоспарлау.
Болжаушы іскерліктер:
- білім берудің мақсат-міндеттерін белгілеу;
- оларға қол жеткізу әдістерін таңдау;
- мүмкін болатын ауытқушылықтарды алдын-ала болжау, оларды жоюдың тәсілдерін таңдау;
- білім беру процесінің құрылымын дайындау;
- білім беру процесіне қатысушылардың шығындану құралдарына, еңбегі мен уақытына баға беру;
- білім беру процесіне қатысушылардың өзара әрекеттесуінің мазмұнын жоспарлау.
Рефлексивті іскерліктер:
- алынған нәтижені үлгімен салыстыру арқылы бақылау;
- сана деңгейінде орындалған іс-әрекеттің мүмкін болатын нәтижелерінің негізіндегі бақылау;
- орындалған іс-әрекеттің дайын нәтижесін талдау негізіндегі бақылау.
Рефлексия – бұл педагогикалық қызмет субъектісінің тек өзін түсінуі не білуі ғана емес, сонымен бірге білім беру процесіне қатысушылардың мұғалімді, оның тұдғалық ерекшеліктерін, эмоциональды реакцияларын және кәсіби қабілеттері мен мүмкіндіктерін қаншалықты білетіндігін және түсінетіндігін анықтау.
Мұғалімдердің практикалық дайындығының мазмұны сыртқы (пәндік) іскерліктерден, яғни бақылауға болатын іс-әрекеттерден көрінеді. Олар ұйымдастырушы және коммунитивті іскерліктер.
Педагогтың ұйымдастырушы қызметі оқушыларды іс-әрекет түрлеріне енгізуді және ұжым әрекетін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Ұйымдастырушы іскерліктерге бейімдеуші, ақпараттық, дамытушы және бағытталушы іскерліктер енеді..
Бейімдеуші (мобилизация) іскерліктер:
- оқушылар зейінін аудару және оқуға деген тұрақты қыығушылығын дамыту;
- білімге қажеттілігін қалыптастыру;
- оқу әрекетін ғылыми тұрғыдан ұйымдастыру тәсілдерін үйрету және оқу дағдысын қалыптастыру;
- қоршаған орта құбылыстарына оқушылардың бойында белсенді, дербес және шығармашылық қатынасын қалыптастыру;
- жазалау және мадақтау әдістер жүйесін орынды қолдану және т.б.
Ақпараттық іскерліктер:
- оқу материалын оқушыларға жеткізу;
- түрлі әдістер көмегімен оқу ақпаратын жеткізу процесін дұрыс құру;
- сұрақ қою;
- ЭЕМ, көрнекілікті ОТҚ-ын шебер қолдану;
- оқушылардың оқу материалын меңгеру деңгейін және сипатын диагностикалау;
Дамытушы іскерліктер:
- сыныптың, жеке оқушының «жақын даму аймағын» (Л.С.Выготский) анықтау;
- оқушылардың танымдық процесстерін, сезімі мен еркін дамыту жағдайларын, проблемді ситуацияларды тудыру;
- танымдық дербестікті, шығармашылық ойлауды ынталандыру;
- дара ерекшеліктерді дамыту жағдайларын тудыру.
Бағыттаушы іскерліктер тәрбиеленушілердің моральдық-құндылықты қатынасын, ғылыми көзқарасын қалыптастыруға; баланың жеке бейімділіктері мен мүмкіншіліктеріне сәйкес оқу әрекетіне, ғылымға, өндіріске, кәсіби іс-әрекетке тұрақты қызығушылығын оятуға; біріккен шығармашылық әрекетті ұйымдастыруға бағытталады.
Коммуникативті іскерліктер – перцептивті іскерліктер, қарым-қатынас (вербальды) іскерліктері, педагогикалық техника іскерлігі мен дадысының жиынтығы.
Педагогикалық қызметті нәтижелі жүзеге асыру үшін мұғалім қолданбалы іскерліктерге ие болуы керек: көркемөнер (ән айту, сурет салу және т.б.); ұйымдастырушылық (басшы, жетекші, лектор және т.б.)
Педагогикалық шеберлік
Педагогикалық шеберлік – мұғалімге оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруда қажетті кәсіби білім, білік және дағдылардың жиынтығы. Педагогикалық шеберліктің негізі жоғары оқу орнында қалыптасады. Педагогикалық шеберліктің мазмұнына
кәсіби педагогикалық білім
педагогикалық тәжірибе
шығармашылық тәжірибе
тұлғалық қасиеттері
кәсіби педагогикалық бағыты енеді.
Педагогикалық шеберлікті меңгеру екі деңгейде жүргізіледі.
Кәсіби педагогикалық қызметке дайындық кезінде алынған білім, білік, дағды.
Кәсіби педагогикалық қызмет барысында алынған білім, білік, дағды.
Педагогикалық шеберліктің нәтижесі ретінде мұғалімнің шығармашылығы, жеке тәжірибесі және оның жариялылығы болып табылады. Педагогикалық шеберліктің маңызды бөлігі ретінде педагогикалық техника қарастырылады. Бұл жеке оқушыға немесе ықпал жасауға арналған әдістемелік құралдардың тиімді және дұрыс қолдану шеберлігі. Оған мұғалімнің сөйлеу техникасы, өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы, киім киісі, эмоциональдық тұрақтылығы, дауыс ырғағы және т.б. қасиеттері жатады.
Мұғалімнің педагогикалық шеберлігі мен кәсіби қабілеттілігінің өзара байланысын А.С.Макаренко толық ашып көрсеткен. Педагогикалық шеберліктің туа біткен ерекшеліктері, қасиеттері арқылы белгіленетінін жоққа шығара отырып, ол оның кәсіби қабілеттілік деңгейіне байланысты екендігін көрсетті.
Оның айтуынша, іскерлікке, педагогикалық квалификацияға негізделетін педагогикалық шеберлік – бұл тәрбие процесін білу, оны құру, қозғалысқа түсіру. Педагогикалық шеберлікті меңгеруге әрбір педагогтың жеке практикалық тәжірибесі мен еңбектенуі нәтижесінде қол жеткізуіне болады.
Тоғызыншы-оныншы тақырып. Педагог тұлғасының даярлығы және кәсіби қалыптасуы. Студенттердің оқу еңбегінің мәдениеті.
Мақсаты: педагогтың жалпыпедагогикалық дайындығы жайында мәлімет беру, кәсіби дайындыққа қойылатын талаптармен таныстыру, педагогикалық мамандықты таңдау мотивтерін белгілеу.
Достарыңызбен бөлісу: |