2. Бастауыш сыныптардағы ойын түрлері
Ә р сабақ үрдісінде қандай ойын қолдануға болатынын сабақтың мақсатына, жас ерекшелігіне сәйкес таңдау керек. Ойындар мынандай бөлімге бөлінеді.
1) Дидактикалық ойындар
2) Қозғалыс ойындары
3) Рөлдік ойындар
4) Грамматикалық ойындар
5) Фонетикалық ойындар
6) Лексикалық ойындар
7) Іскерлік ойындар
8) Интеллектуалдық ойындар
9) Ұлттық ойындар
3. Ойындарды сабақта қолдану әдісі
Ойын-шығармашылық, ойын еңбек. Мысалы: түстерді қайталау сабағында «Ойлан тап, қандай түс» ойынын ойнатамын. Ойынның мақсаты: Түстер туралы ұғымды бекіту. Керекті құралдар: түрлі-түсті жеміс-жидек, көкөністер суреті. Ойынның шарты: отырған ойыншыға шиенің суретін көрсетемін-суреттегі заттың аты мен түсін кім айтады? Келесі суреттің түр түсін ажыратуын сұраймын. Міне, осылай түр мен түсті қайталауға болады. Оқушыларды білімге жетелейтін, пәнге деген қызығушылығын арттыратын әдістің бірі-грамматикалық ойындар. Бұл ойындарды сабақта жиі қолданамын. Ондай ойындар барысында баланың сөйлеу тілі дамиды. Фонетика саласы бойынша жүргізуге болатын ойын түрлері өте көп. Мысалы: «Кім көп біледі?» ойыны.
1. «Б» дыбыстан басталатын сөзге мысал ойла.
2. Білгіштің хаты.
Біз Білгішбектен хат алдық. Ол өзенге барып балық аулапты. Жинаған балықтарының атында «б» дыбысы бар екен. Ол сендерден көмек сұрайды. Қандай балықтар екенін айтып жіберейік. (бекіре, табан, алабұға, камбала) (Дыбыс таңдау» ойыны. Сөйлемдегі сөздер бірдей дыбыстан басталу керек. Мысалы: Оспан орманнан оралып, орындыққа отырды. «Жоғалған әріп» ойыны.
... ор, ... алық,...ота, та... а,... оран.
Тіл білімінің лексика саласын меңгерту, пысықтау мақсатында пайдаланылған бұл ойын түрлері шәкірттердің осы саладан алған білімдерін кеңейтуге, нығайтуға үлкен ықпалын тигізеді. Тіл білімінің лексика саласын өту барысында мына төмендегідей ойын түрлерін өткіземін.
«Кім тапқыр?». Антонимдері бар мақал-мәтелдер жазу. Мысалы:
Ашу-..., ақыл-...
«Жалғасын тап» ойыны. Оқушылар мақал-мәтелдің жалғасын тауып, түсінгендерін ауызша айтады.
1. Отанды сүю... ... ...
2. Досы көпті жау алмайды,
... ... ... ...
«Сөзден сөз тер» Бауырсақ
(Жауабы: Бауыр, бал, су, ара, ар, ауа, қас, бақ ас, қар, сақ, қуыр, рас, сау...)
Ойын кезінде нашар оқушылардың өздері ойынға араласып сабаққа белсене араласады.
Бастауыш мектепте ана тілі және қазақ тілі пәнін оқытудың түпкі мақсаттарының бірі-халқымыздың әдет-ғұрпын, тарихын, тілін, мәдени мұраларын танып-білуге талаптандыру, оларды құрметтеуге тәрбиелеу. Қазақтың ұлттық ойындары елдің өмірімен тығыз байланысты, өйткені олар шаруашылық, экономикалық, әлеуметтік тұрмыстан туындаған. Қазақтың ұлттық ойындары: көкпар, сайыс, теңге алу, қыз қуу, аудармақ, жамбы ату, күрес, білектесу, бәйге, жаяу тартыс т.б. спорттық сипатпен бірге үлкен тәрбиелік маңызға ие. Осындай ойын әлементтерін пайдалана отырып іскерлік, сабақ, дәстүрден тыс сабақ, сайыс сабақ, демонстрациялық сабақтар өткіземін. Халық арасында кең тараған ойынның бірі- «Сақина тастау». «Сақина тастау» ойынын көбінесе, үй тапсырмасын сұрағанда пайдаланамын. Алдымен ойын шартын түсіндіремін, оған азғана енгізулер енгіземін. «Түн» деп бұйрық беру арқылы балаларды «ұйықтатып», сол кезде алақандарының арасына алдын-ала сұрақтар жазылып сақина тәрізді дөңгелектелінген түрлі-түсті қағаз «сақиналарды» салып шығамын. «Күн» дегенде, оқушылар «оянып», мұғалімнің сұрақтарына жауап береді және жауаптар әр түрлі сақиналармен белгіленіп, өздеріне үлестіріледі.
Ақ, қызыл сақиналардың бағасы: 5 (өте жақсы)
Сары, ашық көк ашық жасыл түстерінің бағасы: 4 (жақсы)
Қоңыр, қою, жасыл, қою көк түстерінің бағасы: 3 (нашар)
Қара түстің бағасы: 2 (өте нашар)
Бұдан басқа «Орамал тастау», «Хан қандай?», «Көкпар», «Бәйге», «Асық», «Сиқырлы қоржын», т.б. тәрізді түрлі ұлттық ойындарды сабақ барысында жаңа материалды түсіндіруге, оны қайталап-пысықтауға, бекітіп-қорыту кездерінде жарыс түрінде өткіземін. Сондықтан оны күнделікті сабақ үрдісінде пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор.
Сабақ-мектептегі оқу-тәрбие жұмысының негізгі формасы. Оны шеберлікпен ұйымдастыру арқылы ғана табысқа жетуге болады. Әрбір сабақ –оқу үрдісіндегі шешуші буын және ол оқытуды жетілдіру, қажетті технологиялық түрлендірулер мен мақсатты нәтижеге жетуді ойластырып орталық, сонымен бірге жоғары шеберлікті үнемі қажет ететін, дамудың керектігін талап ететін, даму үрдісіндегі сапалы оқуды іздестіретін үрдіс.
Әрбір сабақтың негізгі-оның заңдылықтары. Бірінші кезекте әрбір ұстаз білімін жан-жақты жетілдіріп отыруы тиіс. Екіншіден, шәкірттің психологиясына айрықша көңіл бөліп, терең зерттеу жүргізіп, оқытудың педагогикасына талдау жасап, оқыту әдістемесін жоспарлап, оны жүзеге асыруға ақыл-ой елегінен өткізіп «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» барып кіріскен жөн.
Төменгі сынып оқушыларына ойын түрлерін қолдану, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, сабаққа белсенді түрде қатысып, түсінбегенін түсінуге мүмкіндік туғызады.Ойын түрлерін мұғалім сыныптан сыныпқа өткен сайын дидактикалық «деректіден дерексізге, жеңілден ауырға, жақыннан алысқа» деген принципті негізге ала отырып, бірте-бірте күрделендіре жүргізуіне болады. Мүмкіншілігіне қарай, әр тақырып бойынша ойын түрлерін қолданып сабақ жүргізу, мұғалімнің шеберлігін шыңдап, сабақтың сапасын арттырады.
Ойынның негізгі мақсаты - баланы қызықтыра отырып білімді меңгерту болса, мұғалімнің міндеті - сол ойын түрлерін пайдалана отырып, оқушыларды өздігінен жұмыс істей білуге, ой белсенділігі мен тіл байлығын арттыра түсуге түрлі дағды мен шеберлікті меңгеруге қол жеткізеді.Оқу үрдісінде ойын түрлерін пайдалану - бағдарламада анықталған білік, білім және дағдыларды қалыптастыру, тиянақтау, бекіту немесе тексеру болып табылады. Сондай - ақ мұғалім ойын түрлерін балалардың жас және психилогиялық ерекшеліктеріне сәйкес түрлендіре отырып, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау және тексеру кезінде, яғни сабақтың кез - келген сәтінде оқыту әдісінің құралы ретінде пайдалануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |