Ұжымдық әдіс (топтық, жұптық) арқылы баланың дербес мүмкіндігі ескеріліп, белсенді іс-әрекет жасауына мүмкіндік туады. Бір мақсатта бірігіп жұмыс істеуіне, қиындықты бірге шешуіне жағдай жасалады. Мұндай жағдайда олар өз ойларын бір-бірімен бөлісе алуға мүмкіндік болады. Балалардың құрастырған мәтіндері мағынасы жағынан да, байланыстылығы жағынан да баланың жеке бір өзі құрастырған мәтінінен анағұрлым тартымды шығатынын байқадық. Мәтін мазмұнын құру, жоспар жасау, мәтін композициясын бірігіп құрастыру, сосын оларды бірігіп талдау, салыстыру оқушының байланыстырып сөйлеу дағдысының қалыптасуына жақсы ықпал етеді. Оқушылардың бір-бірімен селбесіп, бірігіп істеген жұмыстары оларды өзара тілектестікке, ынтымаққа жақындастырады.
Бастауыш сынып оқушыларының ассоциациялық өрісін кеңейту үшін, сөзді бейнелі түрде қолдануды, жұмбақ құрастыруды, метофора құрастыруды үйретуде алгоритмдік әдісті қолданған тиімді екенін байқадық. Оқушыларға өлең, жұмбақ, теңеу құрастыру үшін бір заттың белгілерін келесі бір заттармен ұқсату дәлдікке, көркемдікті тануға көмектеседі. Бұл үшін ең алдымен оны құрастырудың алгоритмі (бағдаржолы) үйретіледі. Мысалы, жұмбақ құрастыру үшін алдымен объект анықталады да, осыған ұқсас басқа объектілер анықталып, қатар қойылады. Мысалы, «компьютер» туралы жұмбақ құрастыру үшін оның ерекше белгілеріне қарап (экраны, пернелері бар), «тағы осындай қандай зат бар» екенін іздейді.
Сабақта эссе жазу әдісін проблемалық сұрақтарға өз ойын жазуға үйретуде қолданған тиімді. «Эссе» арқылы пайымдау мәтінін құру оқушының өз сөзін тудырып, пікірін, көзқарасын, ой қорытындысын жазуға төселдіретінін байқадық. Эссені жаздыру ойдың сауатты түрде анық қалыптасуына, ой логикасының жүйелі сақталуына көмектеседі. Эссе белгілі бір проблемалық сұрақ төңірегінде жеке ұғымдар мен анықтамаларды қолдана отырып, оқушыны ойландыруға мүмкіндік береді, балаға өз ойын жазуда ізденіс тудырады.
Үйретудің интерактивті әдісі сабақта техникалық құралдарды тиімді пайдалану арқылы іске асады. Соңғы кездері қатысымның экрандық, аудио, визуальдық құралдары адам танымына жақсы әсер ететіні дәлелденіп отыр. Дыбыстық сезім арқылы, көру сезімі арқылы, тыңдау арқылы қабылдау мәселесіне қазіргі зерттеушілер үлкен мән беріп отыр. Мысалы: бейнефильм үзіндісінен ойға түйгеніңді жаз (эссе жаз); диктордың оқыған мәтіні бойынша автордың негізгі ойын тауып жаз т.с.с. тапсырмалар оқушының ойды тиянақты етіп, байланыстырып жазуына мүмкіндік ашады.
Өз ойын байланыстырып жазуда іштей жоспар құрудың (үнсіз сөйлеу) маңызы зор. Алғашқыда мәтін құрастырушы оқушының ішкі ойында сөздер толық бейнеленіп тұрмайды. Ол өзінің сөздік қорынан өзіне таныс сөздерді іріктеп, іштей сөйлейді, іштей жоспарлап, жаза бастайды. Сосын жазғанын тексеріп, іштегі ойымен салыстырады. Егер айтайын дегені ішкі ойымен сәйкес келмесе, қатесін жөндейді. Мұндай кезде психолог М.Мұқановтың айтуынша «желінің» пайдасы көп. Мұның себебі «желі» (черновик) қағазға түскен сөздерден миға көру түйсігі арқылы хабар жіберіп, сөйлемнің дұрыс не бұрыс құрастырылғаны жөнінде «қайта оралу» үрдісін қамтамасыз етеді. «Желі» оқушының өз сөзін өзі бақылау дағдысын жетілдіруге мүмкіндік ашады. Мұны біз «желі әдісі» деп алдық. Желіні қолдану әдісі арқылы мәтін құрастыру барысында жіберген қателерін жөндеуге, редакциялауға мүмкіндік алады.
Мәтінді түзету, қалпына келтіру тапсырмасын «Сырлы сандық», «Шатасқан шумақтар» деп аталатын ойын әдісі арқылы ұйымдастыруға болады. Оқушылар берілген тақырып бойынша мәтін құру, бірінші сөйлем бойынша мәтін құру т.б. осы сияқты тапсырмаларды орындау барысында оқушы белгілі бір тақырыпта сөйлемдерді жинақтап, мәтін тұтастығын қалпына келтіруді үйренеді.
Тірек-белгі әдісі оқушының жазу үстіндегі ішкі ойлауын (сөйлеуін) жетілдіруге әсер ететін әдістердің бірі болып табылады.
Дайын модельдер, символдық белгілер, тірек сызбалар мәтін мағынасын, мазмұнын түсініп, жүйелеп айтуға көмектеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |