ҚЫЗЫР АТА КЕЛГЕН КҮН Бірде Қызыр ата дүниенің төрт бұрышын аралап жүріп, Қазақ еліне тап болыпты. Әне ел деп осыны айт. Жері қандай кең-байтақ болса, халқы да сондай дарқан. Шетінен мейірімді. Доспын дегенге құшағы айқара ашық. Ата дән риза болады. Әрине, Қызыр атаның жүрген жері қашан да молшылық. «Тойларың тойға ұлассын. Мейрамдарың көп болсын!» деп бата береді.
Қызыр ата келген күн жыл сайын мейрамға айналыпты. Оны өздерінше «Наурыз» деп атап алса керек.
(69 сөз)
СУ ТОРҒАЙЫ Қыстыгүні қатты аязда таудан аққан өзеннен бу шығып жатады. Екі жағаға көкпеңбек жалтыр мұз қатады. Өзеннің тек ортасы ғана мұзсыз.
Осындай кезде шыр-шыр етіп мұз үстінде жорғалап торғай жүреді. Ол – қайқы құйрық, кішкентай қараторғай. Торғай шолп етіп ағынды суға сүңгіп кетеді. Оның мөлдір судың түбінде жорғалап, тастардың ара-арасын шұқылап жүргенін анық көруге болады.
Бұл қандай ғажап құс! Бұл құсты су торғай дейді. Ол қысы-жазы бірдей жемін су түбінен табады.
(72 сөз)