Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдысын тексеруге арналған



бет19/20
Дата01.04.2018
өлшемі1,59 Mb.
#39996
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

ТАЗА БҰЛАҚ

Бір бұлақтың басында үш жолаушы бір-біріне кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерден шығып жатыр екен. Айнала қалың ағаш, жапырақтары бұлақтың үстіне төгілген, суы мұздай салқын, шыныдай мөлдір, өте таза бұлақ екен.



Бұлақтың қайнап жатқан көзіне жақын қазандай бір қара тасты қойыпты да, тасқа:

  • Ей, жолаушы болсаң, осы таза бұлақтай бол! – деп жазыпты. Үш жолаушы бұлақтан шөлдері қанғанша су ішеді, тастағы жазуға көздері түседі.

Сонда бір жолаушы тұрып былай дейді:

  • Бұл жазылған ақыл сөз екен. Бұлақ күні-түні тынбай ағып, алыс жерлерге барады. Бара-бара кеңейіп, үлкейеді. Бұған жол-жөнекей кішкене бұлақтар қосылып, сөйте бара, үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мынадай ғибар алуға болады. Сондай адал қызмет қыл, еш уақытта жалқауланып тоқталып қалма, сөйтсең, ақырында сен де үлкейіп, мұратыңа жетесің дегені деп білемін, - дейді.

Сонда екінші жолаушы басын шайқап:

  • Жоқ, мен олай ойламаймын, - дейді. – Бұл жазудың мағынасы сіздің ойлағаныңыздан гөрі тереңірек соқса керек: бұл бұлақ кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанды салқындатып, рақаттандырады. Сусағанның шөлін қандырады. Онысы үшін ешкімнен ақы дәметпейді. Олай болса, мұнан «біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе» деген ақыл болады.

Жолаушыңы үшіншісі – көркем жас жігіт үндемей тұрды. Жолдастары: «Сен не ойлайсың?» - деп сұрайды. Жігіт айтты:

  • Менің ойыма бөтен бір нәрсе келеді. Бұл бұлақтың суы бір орында тыныш тұрып, шөп-шалам түсіп, лай-қоқым болса, бұған адамнан гөрі айуан ынтық болар еді. Бұлақ күні-түні тынбай ағып, тазаланып тұрғаны үшін бұған адам ынтық. Олай болса, бұл жазудың мағынасы мынау: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта. Бұлаққа қарасаң, күн түссе, күннің, шөп түссе, шөптің сәулесін көреміз. Ендеше, көңілің сол сияқты сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені ғой деймін, - депті.

(261 сөз)

ӨТКЕЛ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРЫ

(ертегі)

Ана құндыздың үш баласы бар-тын. Жаздың бір мамыражай кешінде кіші әлжуаздау баласын ертіп, ана құндыз серуендеп, індерінен алыстап кетті. Ал үлкенірек екеуі інде қалған-ды.

Ойда жоқта алдарынан ата жаулары түлкі шыға келгенде, ана құндыз қатты састы.

- Байқап қалды, енді құтқармайды, - деді құндыз сасқалақтап. - Әлжуаз, сен ана бір қалың шіліктің ішіне барып жасырын, ал мен оның бетін басқа жаққа бұрып әкетейін.

Ана құндыз түлкіні өз ізіне түсіріп, бұлталаққа салып қаша жөнелді. Кішкене құндыз шілік ішінде шыдамы жетіп отыра алмай төңіректі байқастап көріп, індеріне қарай заулады. Табанымен от басқандай жанұшырып келеді. Құндыздың өзіне жүгірісі өнбей жатқан секілді. Бір сәт кішкен құндыздың көзі бұтада отырған бозторғайға түсіп:

- Бозторғай, бозторғай, анау өзеннің сол жағалауындағы екі ағайыма тезірек хабар берші. Аналарымыздың өмірі қыл үстінде. Оның соңында түлкі. Ағаларым апамызды құтқаратын бір амал жасасын, -деді. Бозторғай көк аспанға шарықтай көтерілді. Екі ересек құндызға інілерінің сәлемін жеткізді. Әу баста абдырап қалған құндыздар аз-кем ойланып:

- Бозторғай, жақсылығыңды ұмытпаспыз. Жоғарыдан анамызды жылдам байқайсың ғой, інге қарай қашсын. Осыны жеткізбесең, анамыз түлкіні іннің маңына жолатпауға тырысатыны анық. Сөйтіп жүріп түлкіге жем болып қалуы ықтимал. Жалынамыз, осыны анамызға жеткізсең, - деді бала құндыздар.

Бозторғай құрақ ұшып, ана құндызды іздеп кетті. Соңында түлкі, құндыз алда құйындатып келеді екен. Бозторғай төмендей ұшып, оған балаларының сәлемін айтты. Сонда ғана ана құндыз беталысын өзгертіп, індеріне туралай тартты. Бозторғай да жоғарыда жарыса ұшып келе жатты. Ана құндыз өзенге жеткенде таң да атты. Өзеннің бір жағасынан екіншісіне дейін барлық құндыздар жабылып, өткел салып қойыпты. Құндыз солқылдақ, жіңішке жолмен зымырап арғы жағаға шыққанда, тақымдап қалмай келген түлкі қорқақтап, бергі бетте қалып қойды. Жиекте әрлі-берлі сілекейі шұбырып жүрді де, аузына әні-міне түскелі тұрған әзір астан айырылғанына қапаланып, амалы құрып кейін қайтты.

Содан бері құндыздар нағыз көпір құрылысшыларына айналыпты.

Роза Әбілқадырова

(282 сөз)




Қарға баласын «аппағым» дер,

кірпі баласын «жұмсағым» дер

Жер дүниенің патшасы Сүлеймен пайғамбар кірпі мен қарғаға былай деп бұйрық береді:

- Сен, қарға бар! Бір түнде жер дүниені аралап, бір жақсы сайрайтын құс тап. Бұл құсты үйдің ас жағындағы тұрған қапасқа отырғыз. Таң атқанда бұл құс мені сайраған даусымен оятсын!

- Сен, кірпі, барып жердің жүзін тінтіп, маған бір жұмсақ нәрсе тап, бұл нәрсені әкеліп, дәл менің жастығымның үстіне, бетіме таяу қой! Құс сайрағанымен оянып, қапасқа қарай бергенде, бетім бұл нәрсеге тисін, - деді.

Қарға дамыл таппай, көп жерлер аралап, құстардың сайрағанын естиді. Бұған бірде-бір құстың сайрағаны жақпайды. Мұның ойлауынша, бұлбұл, сандуғаш һәм басқа құстар жаман сайрайтын көрінеді. Даусы жақсы құсты таба алмай, қарға сорлы «енді маған өлім келді ғой» деп қайғырды.

Таң мезгілде талып, шаршап қарға ұясына қайтты, «балаларымды бір көріп, амандасып кетейін» деп. Пақыр анасын көріп аш балапандар шиқылдап, қарқылдай бастады. Бұлардың қарқылдағаны қарғаға сондай жақсы, нәзік көрінеді. Бұлардың қасында бұлбұл, сандуған әлдеқайда жаман сайрайтын көрінеді. Қарға сорлы қуанып, балаларын Сүлейменге әкеліп, мұның қапасына отырғызады. Кірпі түні бойы дамыл таппай, жер жүзін кезіп, жұмсақ нәрсе іздейді, іздесе де таба алмайды. Бұл да шалығып, шаршап, үңгіріне қайтып келеді. Пақыр анасын көріп, мұның балалары алдынан шығып, құшақтайды, кірпі де құшақтайды. Кірпіге балаларының денесі сондай жұмсақ көрінеді. Бұл «Жердің үстінде өзімнің балаларымнан жұмсақ нәрсе болмас» деп ойлайды. Көп ойламай, кірпі балаларын Сүлейменнің жастығының үстіне әкеліп қояды.

Таң атты. Қарғаның балалары қарқылдап, шақылдай бастайды. Сүлеймен «бұл не?» деп, қапасқа қарай бергенде, мұның бетіне тікенектер кіріп кетеді. Қараса, қапаста қарғаның балалары отыр, жастығының үстінде кірпінің балалары жатыр.

Сүлеймен ашуланып, қарға мен кірпіні шақырып алып, бұлардың басын кесуге бұйрық қылды. Жазалы болған кірпі мен қарға «дат, тақсыр!» деді. Сүлеймен «дат» берді. Екеуі бастан-аяқ қылғандарын баян етіп еді, ойға түсті. Бұл ойлайды: «Әркімдікі өзінікі-өзіне балдан тәтті, оттан ыстық, күннен жарық һәм мамықтан жұмсақ», - деп, қарға мен кірпіні босатып жіберіпті.



(295 сөз)

ҚҰМЫРСҚАНЫҢ ҚАНАҒАТЫ

Ертеде бір данышпан кісі болыпты. Ол кісі жан-жануарлардың, құрт-құмырсқаның тілін біледі екен. Бір күні әлгі данышпан жолаушылап келе жатыпты. Жарты жолға келгенде ат шалдырып, демалып отырса, кішкентай бір құмырсқаның дән тасып жүргенін көреді. Оны жерден көтеріп алады да, алақанына салып тұрып:



  • Қане, құмырсқа, айтшы, дәнді қайда алып барасың? - деп сұрайды.

  • Илеуіме апарамын, дейді құмырсқа.

Адам сұрайды:

  • Оны қайтесің?

  • Кейінге сақтаймын, дейді құмырсқа

Адам:

  • Көп жинайсың ба? – деп сұрайды

  • Құмырсқа өз шаруасының жайын былайша баяндайды:

  • Жаздай жұмыс істеп, жейтін азығымды жинаймын да, қыстыгүні қапннен қаперсіз тынығып жатамын.

Данышпан құмырсқаны шыр айналдыра қарай бастайды:

  • Басың неге үлкен?

  • Аз сөйлеп, көп ойлаймын.

  • Белің неге қылдырықтай?

  • Қомағай емеспін.

  • Жылына қанша дән жейсің?

  • Бір дән жеймін...

  • Соған қанағат етесің бе?

  • Одан көп жей берсем жер бетіндегі басқа құмырсқалар аш қалмай ма? Қанағат керек қой!

Құмырсқаның ақылына, қанағатына, көрегендігіне сүйсінген данышпан оны сынап көрмек болады. Қорапқа бір дән салады да, құмырсқаны соған қоса қамайды. Сонан соң су тимейтін бір жайлы жерге орналастырады.

  • Бір жылдан кейін келемін. Дәнің бар жейтін, қамсыз жата бер,- дейді данышпан құмырсқаға ескертіп. Осылайша құмырсқаның азықты қалай үнемдейтінін білгісі келеді. Бір жыл өткен соң әлгі данышпан құмырсқағақайта оралады. Өзі қойып кеткен жерден қорапты тауып алады. Құмырсқаның өлі-тірісін білмек болып, қорапты ашады. Қараса, құмырсқа тірі екен.

Қасына қалдырған дәннің жартысын ғана жепті. Бұған таңданған данышпан:

  • Ей құмырсқа, -депті себебін білмек ниетпен. –сен жылына бір дән жеймін деп едің ғой. Мына дәнді неге түгел жемей, жартысын қалдырғансың?

Сондақұмырсқа былай депті:

  • Айтқаның дұрыс, ал сен болсаң мені қорапқа салып, қамап кеттің. Сыртқа шыға алмаймын. Егер сен мені бұл қамаудан босатуды ұмытып кетсең, тағы да бір жыл қамауда жататын едім. Бір дәнді түгел жеп қойсам, аштан өлетін едім. Соны ойлап, қанағат еттім.

Данышпан оның шыдамдылығы мен тастай берік қанағатына қайран қалыпты. Оны қамап кеткенінің қиянат болғанын, азапқа салғанын енді түсініп:

  • Менің істегенім дұрыс болмапты, кешір, - депті де, қамаудан құмырсқаны босатып жіберген екен.

Содан кейін данышпан қанағаттың қасиетін адам баласына үйретіпті.

Ы. Алтынсарин

(313 сөз)






АЛТЫНҒА АЙНАЛҒАН ТАС

ЯКИ АТА-АНАНЫҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІ

Ертеде, қазақтың Сарайшық деген шаһарында Көбеш деген әулие адам болыпты. Өмірден өтер сәтінде он жасар ұлына: «Анаңның білезігіне бір алтын білезік саларсың...» деген аманат өсиет айтып, үзіліпті. Әкесінің соңғы сөзін орындау үшін жетім бала жас болса да алтын білезік іздеуге бел буады. Шешесіне ол сырын айтпайды. «Кәсіп іздеп, мал тауып келейін», - деп рұқсат сұрайды. Анасы ұлын қимаса да, батасын беріпті. Әлгі бала «ақша берем» деген адамға жалданып, күні-түні жұмыс істепті. Бірақ, тапқаны алтын білезік сатып алмақ түгілі, тамағына әрең жетіпті. Күндердің күні жұмыстың ауырлығынан әбден әлсіреп, бір дуалдың түбінде талықсып жатады. Сол кезде біреу келіп, табанынан түртеді. Кірпігін әрең көтерсе, ақ таяқты қарт екен. Баланың орнынан тұруға шамасы келмесе де, қарияның айтқан сөзі құлағында қалады. Әлгі елес: «Әй, ықыласты бала, өзеннің терең жеріне оң қолыңды мал! Саусағыңа ілінген тасты жұдырығыңа түйіп алып шық, өз үйіңе, анаңа жеткенше алақаныңды ашпа, шешеңді көрген сәтте ғана «Шеше, саған сыйлық әкелдім» деп, алақаныңды аш!»- депті.

Он жасар ұл бар қайратын жиып, шаһар шетіндегі өзенге жетіп, қарияның дегенін қаз-қалпында орындайды. Үш күншілік жердегі үйіне жеткенше алақынын ашпайды. Анасына әкеле жатқан сыйлығы есіне түскенде, ұйқысын да, ас-суды да ұмытады.

Сөйтіп, үшінші күні күн шыққан мезетте, бала есігінің алдында қара жолға көзін сүзген анасын да көреді. Күткен сәтінде өлімші үні әрең шығып, ұл: «Шеше, міне саған сыйлық!» деп, алақанын ашып қалады. О,ғажап! Үш түн бойы сұп-суық боп алақанына батқан асықтай тас, алтын білезік болып жарқырап шыға келіпті дейді аңыз. Аңыздың түбі – ақиқат.

Балалар, бұл кереметтің сырын мұсылмандық әдептерден іздесеңдер оңай табасыңдар. Ата-анаң шақырса, ісіңді тастап, лезде жетіп бар, айтқан тапсырмасын дереу орында. Ата-анаңның қасында даусыңды көтеріп сөйлеме, жүзіне қабақ түйіп ақарама. Жолда алдынан кесіп өтпе. Бір жаққа барарада, сапарға шығарда рұқсаты мен ризашылығын ал. Ата-анаң марқұм болғанда үнемі құрметпен еске ал, рухына дұға жасап, құран оқы, қалдырған өсиетін орында, ата-анаңның ескі достарын көзіндей көріп сыйлап, сәлеміңді үзбей жүр. Балалар, бұл қағидалар рухы биік, көңілі таза жандардың қолынан келетін, құлшынып істейтін ісі екенін ұмытпа!

Абай Мауқараұлы



(326 сөз)



Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, филология магистрі Амирханова Сара Бекетқызы Коучинг жоспарының тақырыбы: «Lesson study – сабақты зерттеу әдісі»
attachment -> Сабақ тақырыбы: Химияның негізгі түсініктері мен заңдары Сілтеме
attachment -> Сабақтыңтақырыбы: 3 4
attachment -> Сабақ: Алкандардың қасиеттері. Алкандардың жеке өкілдері және қолданылуы
attachment -> Сабақтың түрі: Аралас сабағы Сабақ уақыты: 90 мин. Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақ Алматы қаласы Алатау ауданы «185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш сынып мұғалімі Курманова Маржан Сеилхановна
attachment -> Сабақтың тақырыбы Сағат саны Мерзімі Оқып-үйренудің негізгі мақсаты
attachment -> Сабақтың мақсаты: оқушыларға алжапқыштың және бас орамалдың сызбасын есептеуді және құрастыруды үйрету


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет