Бастауыш сыныпта қызықты математика сабағы арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту жолдары



Дата26.08.2017
өлшемі91,21 Kb.
#28284


ӘОК 378.545:159.928

Бастауыш сыныпта қызықты математика сабағы арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту жолдары

Сағымбекова П., Шаханова А.

Тараз мемлекеттік педагогикалық иституты, Тараз қ.

Қазіргі күні Қазақстан Республикасында білім берудің жаңа мемлекеттік стандартына сәйкес мектептегі оқыту мен тәрбиелеу мазмұны түбегейлі өзгеріп, бірінші кезекке бұрынғыдай оқушыны пәндік білім, білік және дағдылардың белгілі бір жиынтығымен қаруландыру емес, оның оқу-танымдық іс-әрекетін дұрыс және тиімді ұйымдастыру негізінде жеке тұлғасын тәрбиелеу мақсаты қойылып отыр [1].

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050», т.б. Қазақстан халқына арналған Жолдауларында, ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Жас мемлекетіміздің болашағы - бүгінгі мектеп оқушылары. Оларға бірдей талап қойып, олардың табиғи қабілетгерін, нақты мүмкіндіктерін анықтап, соған негіздеп оқыту - бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін өз бағдарламаларына негіз етеді [2].

Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған басты міндеттерінің бірі - оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіру. Жаңашыл мұғалімдер лекция, семинар, практикум, конференция, іскер ойын сияқты әдістерді дәстүрге енгізіп отыр. Мұның өзі оқытушы мен оқушының бірыңғай мақсатын – өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тәрбиелеудегі еңбегін ортақ арнаға тоғыстырады.

Бүкіл дүниежүзілік білім кеңістігіне кіру мақсатында қазіргі кезде Қазақстанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар жүргізіледі. Елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, жас өспірімдердің шығармашылық потенциалын дамытуды, мұғалім іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды талап етеді.

Қазақстан Республикасы азаматтарының жаңа әлеуметтік-экономикалық мінез-құлқын қалыптастыру тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасы этникалық-мәдени білім беру тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңы, т.б. тарихи маңызы зор құжаттардың талабына сай жаңа қоғамға лайықты саналы, үйлесімді жетілген жеке тұлғаны қалыптастыру бүгінгі мектеп алдында тұрған негізгі міндет. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» - деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды [3,4].

Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекеттің ғылыми педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда П.М. Эрдниевтің дидактикалық бірліктерді шоғырландыру технолоғиясы, Д.Б. Эльконин мен В.В. Давыдовтың дамыта оқыту технологиясы, Ш.А. Амонашвилидің ізгілікті тұлғалық теориясы, В.Ф. Шаталовтың оқу материалдарының белгі және сызба үлгілері негізінде қарқынды оқыту технологиясы және басқа да технологиялар кеңінен қолданыс табуда. Осыған байланысты мектептің бастауыш оқыту сатысындағы оқу-тәрбие жұмыстарын жан-жақты талдап, халықтық тәлім-тәрбиенің озық үлгілерімен сабақтастырып қайта қарап шығу бүгінгі күн талабының өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.

Оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына тәрбиенің әсері туралы К.Д.Ушинский, Н.К.Крупская және т.б. педагогтардың еңбектерінде қарастырылса, ал жеке тұлғаны дамыту мәселелері Л.С.Выготскийдің, Л.В.Занковтың, Д.Б.Эльконинның еңбектерінде қарастырылды. В.М.Коротов, Н.И.Болдырев, О.С.Богданова, В.И.Петрова және т.б. ғалымдар тәрбие жұмыстарын жүйелеп, зерттеп педагогикалық тұрғыдан эксперимент жұмыстарын жүргізіп, зерттеулер нәтижесінде көптеген көлемді еңбектер жазды.

Білімді өз бетімен және шығармашылық тұрғыда игерудің әр түрлі аспектілерін көптеген ғалымдар экперимент түрінде, сондай-ақ теориялық тұрғыдан да зерттеді. Оқыту барысындағы шығармашылық қызметтің маңызы туралы мәселелер белгілі педагогтардың еңбектерінде сипатталып жазылған. Неғұрлым елеулі нәтижелер М.А.Даниловтың, Б.Т.Есиповтың, М.И.Махмутовтың, П.М.Эрдниевтің және тагы басқа ғалымдардың еңбектерінде сипатталып жазылған.

Баланың сыныптан тыс жұмыстар арқылы математикаға қызығушылықтарын, шығармашылық қабілеттерін арттыруға үлес қосқан ғалымдар А.М.Пышкало, В.П.Труднев, М.А.Бантова, Т.Қ.Оспанов, Ә.Бидосов, Б.Қосанов, ал математика сабақтарында тарихи материалдарды қолдану туралы Г.И.Глейзер, А.А.Свечников, А.Көбесов, М.Ө.Исқақов, С.Елубаев, С.Елубаева болды.

Ұлттық менталитеті жетілген, бүгінгі қоғамдық қатынастарға еркін араласа алатын, логикалық ойлау қабілеті жоғары, бәсекеге қабілетті тұлға дайындауда - бастауыш сыныптарда стандартты емес, шығармашылық жаттығулар орындаудың, қызықты математика сабақтарын жүргізудің маңызы зор [5].

Бастауыш сыныптарда математикадан жүргізілетін қызықты математика сабақтарының негізгі мақсаты - әрбір баланың бойындағы табиғи қасиеттерін ашып, қарқынды дамып бара жатқан қоғамда өмір сүруге бейімделген жеке тұлғаны қалыптастыру; олардың практикалық дағдылары мен білімдерін тереңдете түсу; логикалық ойлауын, тапқырлығын, математикалық қырағылығын дамыту; неғұрлым қабілетті және дарынды балаларды таныта білу, олардың ой-өрісінің әрі қарай дамуына көмектесу, математикаға қызығушылығын арттыру; тәртіпке, ұйымшылдыққа, табандылыққа, еңбекке, ұжымдыққа, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу. Дарынды, білімді жастар ғана егемен елдің экономикасын жетілдіріп, еліміздің ертеңін ойлай алады. Сондықтан да уақыт талабы оқушыларға сапалы білім берумен бірге олардың өзіндік жұмыс жасау қабілетін жетілдіруді, ақыл-ой белсенділігін дамытуды міндет етіп қойып отыр.

Қызықты математика сабақтары бастауыш сынып оқушыларының сабақ үстіндегі алган білімдерін жетілдіре отырып, шығармашылықпен практикалық жұмыс жасау қабілеттерін дамытады. Қызықты математика сабағы-балалардың қызығушылығы мен ынталарын дамытып, еңбектің түрлерін меңгеруге және өз беттерінше жұмыс жасауға жол ашады.

Ойын-балалардың негізгі іс-әрекетінің бір түрі. Балалар білімді ойын арқылы да ала алады және үлкендерден үйренеді. Баланың жас ерекшелігіне, зейініне сай, әдейілеп ұйымдастырылған қызықты ұлттық, математикалық ойындар, қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру баланың ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез-құлқын, ерік-жігерін қалыптастырады және де сабаққа деген қызығушылығын арттырады.

Оқу материалдарын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырса ғана оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады. Сондықтан да мұғалім балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауға тиіс, бұған оқу үрдісін жүйелі ұйымдастыру, сабақта бала логикасын дұрыс дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады.

Оқушыларға өз бетінше жасаған ой операцияларының дұрыс-бұрыстығын тексерткізу, оларды бір мәселенің өзін түрлі жолдармен шешуге үнемі бағыттап отыру, ойлауды қажет ететін мысалдар құрастырту, қызықты есептер шығарту, логикалық қызықты жаттығулар орындату, сиқырлы шаршылар, лабиринттер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, санамақтар, деформацияланған жаттығулар, құрастыру мәселелерімен байланысты және т.б жаттығулар орындату яғни, математикадан сыныптан тыс жүргізілетін қызықты математика сабақтары- баланың математикаға қызығушылығын арттырудың тиімді жолы.



Математиканы жақсы білуге, есептеу мәдениетін арттыруға көмектесетін

жұмыстардың бірі сыныптан тыс қызықты математика сабақтарындағы ауызша есептеулер болып табылады. Жаттығуларды ауызша орындау оқушылардың математикалық түсініктердің, анықтамалардың, түрлендірулердің мәнін анық түсініп, пәнді неғұрлым сапалы меңгеріп алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол жаттығулар оқушылардың байыптылығын, тапқыштығын, шапшаңдығын, инициативасын арттыруға жәрдемдеседі. Сондықтан да оқушыларды ауызша есептеулердің көптеген тәсілдерін тез және саналы түрде орындауға жаттықтыру маңызды.

Бастауыш сыныпта математикадан жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар алуан түрлі. Бұл сыныптан тыс математикалық сабақтар, математикалық бұрыштар, математика кештері немесе ертеңгіліктері, математика үйірмелері, конкурстар, олимпиадалар болып табылады.

Оқушы назарын аударатын, ойына түрткі болатын математика туралы қызғылықты материалдар, әр түрлі қызықты тартымды есептер, математикалық софизмдер, саяхат сабақтар мен ойындар сабақ үстінде өзінің орнын табуы керек. Мұндай есептер оқушылардың математикаға деген ынта ықыласын арттырып, есептерді өздігінен шешуге итермелейді, логикалық ой-өрісін дамытады[6].

Оқушылардың зейінін есеп шығаруға аударғанда, алға қоятын мақсат тек қана есепті шығарып оның жауабын табу ғана емес, кез келген есепті шығара алу дағдысын қалыптастыру болуы керек [7,8].

Сыныптан тыс жүргізілген қызықты математика сабақтарының нәтижесінде математикалық кештер өткізіледі. Математикалық кеш - сыныптан тыс жұмыстардың көбін қамтитын жұмыс түрі. Сондықтан ол ойластырылып, жоспарлы түрде өткізіледі. Кеш мазмұны түрліше болады. Онда тақпақ, хабар, монтаж, сөз жұмбақ, есеп, қысқаша әзіл қойылым, интермедия, фокустар және т.б. болуы мүмкін [9].

Бүгінгі күні мемлекетіміздің өркениетке жету жолындағы өр талабына тұғыр боларлықтай ұрпақ оқытуды, тәрбиелеу ісін жаңа сапалық өзгерістер деңгейіне көтеруді талап етіп отыр. Мектеп кұрылымында болып жатқан өзгерістер, білім беру мақсаттарының алмасуы, оның дамытушылық сипаттарының бекітілуі, көпнұсқалық оқытуға көшу сияқты мәселелер орындаушылардан шығармашылық бастамалық, жұмыстың жоғары сапасын және кәсібилікті талап етеді.

Мұғалімнің негізгі мақсаты- математика және сыныптан тыс жүргізілетін қызықты математика сабақтарында математикалық ойлауды қалыптастыру арқылы оқушыны өздігінен оқытуға үйрету. Ол үшін оқушылар білім негіздерін мұғалімнің басшылығымен іздестіре отырып, өздері жаңадан «жаңалық» ашулары керек. Оқу процесі осылай ұйымдастырылған жағдайда оқушылардың ойлау қабілеті кеңейіп, оқушылардың сабаққа деген ынтасы артады.



Жеке тұлғаны үйлесімді дамытуда, олардың шығармашылық, белсенділік қабілеттері мен ізденістерін жетілдіруде қызықты математика сабағының маңызы аса зор. Мұғалімнің оқушыларға математика негіздерінен білім беруі, басқа ғылым салаларымен ұштастыруы, өзінің пәнге деген қызығушылығын өз оқушыларының бойына сіңіре білуі қажет.
Пайдаланылган әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыга міндетті білім беру стандарты.-Астана, 24 қаңтар 2014 жыл.

2. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан жолы -2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ».- «Егемен Қазақстан», 2014, 18 қаңтар.

3. «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы».-«Егемен Қазақстан», 2010, 7 желтоқсан.

4. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, - «Егемен Қазақстан», 29.10.2011 ж.

5. Қосанов Б.М., Сағымбекова П. Тлеубаева Э.Ы., Математика курсындағы шығармашылық жаттығулар: орындау технологиясы. -Тараз 2014. -274 бет



6. Сағымбекова П., Тортаева А.С., Тлеубаева Э.Ы. Бастауыш мектепте

математиканы оқытудың теориясы мен технологиясы: практикалық және зертханалық сабақтар.-Тараз, 2010.- 208 бет

7. Сағымбекова П., Тортаева А.С., Тлеубаева Э.Ы. Бастауыш сынып оқушыларын есеп шығаруға даярлау әдістемесі. -Тараз, 2017. -85 бет

8. Сағымбекова П.С., Тлеубаева Э.Ы., Тортаева А.С. Бастауыш сыныптардың математика сабақтарына дайындалу мен оны жоспарлаудың әдістемесі. - Тараз, 2013. -331 бет



9. Сағымбекова П.С., Тлеубаева Э.Ы., Тортаева А.С. Бастауыш мектепте математиканы оқыту әдістемесі. –Тараз, 2015.-235 бет

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет