Бастауыш сыныпта оқытудың БҮгінгі күнгі ерекшеліктері



Дата04.03.2020
өлшемі25,54 Kb.
#59507
Байланысты:
баст сын


БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ОҚЫТУДЫҢ БҮГІНГІ КҮНГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ




Еліміздің білім беру жүйесі қазіргі кезде өзгермелі және өскелең талаптар мен қажеттіліктерді қанағаттандыра отырып, отандық білім саласын әлемдік білім кеңістігіне біріктіруге ұмтылыс жасауда. Бұл білім сапасын жетілдіру және оны жоғары деңгейге көтеруді алға тартады. Осыған сәйкес, ғылыми – зерттеу барысында әлемдік озық тәжірбиелер мен отандық білім жүйесіндегі ерекшеліктер зерделенуде.

Он бес жастағы оқушылардың білім мен білік дағдыларын халықаралық деңгейде бағалау барысында, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қатынасатын елдердің мүшелері  РІSА жобасын жасаған.

Мектепті бітіретін  әрбір оқушы қоғамдағы  өз орнын табу үшін қаншалықты білім мен білікті меңгергенін білу мақсатында құрылған бағалау жобасы үш бағытта жүргізіледі.

-         оқытудағы сауаттылық;

-         математикалық сауаттылық;

-         жаратылыстану ғылымдары бойынша сауаттылық.

Халықаралық практикада білім стандарты білім нәтижелері түрінде берілген білім мақсаттарының жүйесі деп қарастырылып,  «Нәтижеге бағдарланған білім моделіне» көшуге бағыт алады. Онда білім компонентілігі оқушының жеке пәндер бойынша бір - бірінен пәндер алшақтықта емес, кешенді түрде жеке тұлғада білім, білік, дағдыны іс-әрекет білім компонентілігін қабылдауды қамтамасыз етеді.

Оқу сапасын арттыруда білім мақсаттарының күтілетін нәтижеге бағдарлануы жан – жақты білімді, өз мамандығын жетік білетін бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны бастауыш сатыдан бастап дайындауға бағыттайды. Мектептің бастауыш сатыдан  оқушының сапалық және сандық білім деңгейін анықтау арқылы оқу сапасын жетілдіруге мүмкіндік туады.

Сол себепті  мектептің бастауыш сатысында оқыту мазмұнын жаңалау және жаңа әдіс - тәсілдерді пайдалануға байланысты жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.  Жеке тұлғаны рухани тәрбиелеуге, адамның адамгершілік болмысының қалыптасуына баса назар аударылады. Білім мазмұнында жаңа  ақпаратты  болжау қабілеттерін  және қойылған  міндетті шығармашылықпен дамытуға көңіл бөледі. Саралап және даралап оқытуға басым бағыт беріледі. Ақпаратты білімнің  дәстүрлі тәсілдері- ауызша және жазбаша  сөйлеу, компьютерлік құралдармен байытылады.

Бастауыш сатыда мектепке дейінгі біліммен сабақтастықта қарастырылған бағдарлама  мен оқу - әдістемелік кешендер жетілдіріледі. Онда жеке тұлғаны тәрбиелеу  мен дамытудың  табиғи жалғасы ретінде мектепке дейінгі білім мектептің бастауыш сатысында сабақтаса әрі қарай жалғастырылады. Бастауыш саты үздіксіз білімнің барлық кезеңдерімен тығыз  байланыстағы оқыту қызметін қалыптастыруға көмектеседі, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына және жеке мүмкіндігін ашуға, білім алуға, білім алуға жағымды жағдай жасайды.

Сондай-ақ, республика мектептерінде бастауыш сатыдан ағылшын тілі мен информатиканы енгізу мәселелері де кешенді зерттеулерді қажет етеді.

Жалпыға міндетті орта білім стандарттарын (жалпы бастауыш білім) білім нысанасы ретінде білім мазмұны алынған болса, өркениетті елдердің  тәжірбиесінде білім нысанасы ретінде – оқыту нәтижесі алынған. Осыған орай, білім мазмұнын жаңарту  мен оқытудың түрлі формаларын пайдалану және жаңа білім моделіне көшуді іске асыру жұмыстары кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. «Математика» білім саласы бойынша күтілетін нәтижелер білім мазмұнын жетекші  компоненттері және білім, түсіну, қолдану, жоғары, сипаттағы біліктер деп саналатын категориялар арқылы бейнеленген оқу материалдарын меңгеру деңгейлерін ескере отырып, анықталады. Күтілетін нәтижелер барынша маңызды білім, дағдыларды, қатынастарды ғана бейнелеп қоймай, оқушылардың оқу жетістіктерінің біртіндеп дамуын  көрсетеді.

«Математика» оқулықтарының мазмұнында білім беру қызметіне басымдық берілген. Онда бастауыш білім мазмұны екі деңгейге сәйкестендірілген. Бірінші деңгей – мемлекеттік білім стандартының талаптарына сәйкес міндетті, ал екінші деңгей – оқушының шығармашылығын дамытуға берілуі.

Оқулықтағы жаттығулар оқу-танымдық іс-әрекетті тиімді ұйымдастыруға бағдарланған. Жаттығулар ұсынылғанымен, тапсырманы өздері құрастырып, тұжырымдап, орындауға немесе өзгертулер енгізуге, түрлендірулер жасау ұсынылады. Бұл ұстаным оқушының өздігінен ойланып, іс-әрекет жасауына өз білімін дамытуға мүмкіндік беретін алғашқы қадамдар болып табылады.

Қазіргі заман талабына сай, бастауыш сынып оқушыларына арналған жаңа буын электрондық «Математика» оқулықтары мектеп тәжірбиесіне енгізілуде. Оқулық ақпараттық тәсілдерді меңгеруге және оқушылардың өз бетімен білімдерін толықтыруға мүмкіндік береді.

Жаңа білім моделіне көшудің бұрынғы жүйеден айырмашылығы оқушының жетістігінің өлшемдері жасалады.

Оқыту нәтижесі барлық пәндік түйінді жиынтық түрінде беріліп, оқушылар білімін өлшеу, яғни бақылап-бағалау, тақырыптық, тоқсандық, жартыжылдық, жылдық бақылау, тест жұмыстары түрінде көрсетіледі. Оқушыларды  жеке тұлға етіп қалыптастыру үшін оны жан-жақты дамытуда олардың дербес ерекшеліктерін ескеру қажет. Саралап, даралап, оқыту әдістерін жүзеге асыру барысында көрініс табады. Мұнда әртүрлі деңгейде үлестірмелі топшамалар, тест сұрақтары  дайындалады. Бұл оқушы білімін сараптап, оны одан әрі жетілдіруге көмектеседі. Білім деңгейінің жетістіктері дәстүрлі білім, білік, дағдымен қатар оқушылардың іс-әрекет қызметі салыстырмалы, бағалау, интерпретация,  зерделеу, модельдеу, пікірталас т.б. түрінде көрініс табады. Жан-жақты ойлау арқылы жаңа жауаптар мен шешімдер қабылдау арқылы балалар сапалы көркем тәжірибе алады. Олар қай мәселеде болмасын бірқалыпты, жалғыз жауап жоқ екенін түсінеді.

Сонымен қатар, бүгінде жалпы білім беретін мектептерде бастауыш сыныпта оқушылардың танымдық қабілеттерін жан-жақты дамыту мақсатында оқытудың түрлі формаларын пайдалануда. Оқытудың түрлі формаларының бірі – оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру екендігі белгілі.

Жалпы білім беретін мектеп жағдайында оқушылардың өздігінен атқаратын жұмыстарының түрін, мазмұнын, көлемін, оны ұйымдастыру әдістерін байқаудан өткізу негізгі мақсат ретінде қойылды. Өйткені оқушылардың өзіндік жұмыстарының нәтижелі болуы мұғалімнің шебер ұйымдастырған басшылығына байланысты. Сонымен бірге оқушылардың өзіндік жұмысы тек сабақ барысында ғана емес, үй тапсырмасын орындау кезінде де жүзеге асатыны ескерілді.

Бастауыш сыныпта (1-сынып) дүниетану сабағын оқытудың әдістемелік ерекшеліктеріне тоқталайық. 

Дүниетанудан ұйымдастырылатын сабақ түрлерін әр автор әртүрлі қарастырады. Бұл пән бойынша заттық сабақтарды ерекше бөліп, жеке сабақ  типі ретінде көрсетеді. Дүниетанудан заттық сабақтарды жиі ұйымдастыру білім берудің ең тиімді формасы деп есептеледі.

Бастауыш сыныпта оқыту әдістерін қолданғанда негізгі көңіл оқушылардың өздігінен жұмыс істеуін қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді. Оқушылардың табиғаттан бақылағандарын тақырыптың мазмұнымен байланыстыру кезінде де өздігінен жұмысқа сүйенуге тура келеді.

Мысалы, 1 - сыныпта «Күзгі табиғат» тақырыбын оқыту кезінде сабақтың кіріспе бөлімінде -ақ оқушыларға күз табиғатын бейнелейтін суреттер мен карточкалар таратылып беріледі. Мұндағы мақсат – оқушылардың өздігінен табиғатқа жүргізген бақылауларына сүйене отырып, оларға табиғат ерекшелігін ұғындыру және табиғатты онан әрі де бақылауға жұмылдыру. Карточка мазмұндарынан мысал келтірейік:

Алтын сары, қызыл көк,

Алуан – алуан жапырақ.

Бақша іші күлімдеп,

Көз тартады атырап.

(Қ.Шаңғытбаев)

- Бұл қай кезде болады? Өз жеріңнен күздің қандай белгісін байқадың? Бұл бір карточкадағы тапсырма болса, екінші карточкада,

Самал қозғап қалғанда,

Үзіледі сары алма.

Шолып едім бақшаны,

Қауын біткен сап – сары.

(Қ.Баянбаев)

Бұл қай кезде болады?

Өз жеріңде қандай жемістер пісті?

Ағаш жапырақтары қашан түсе бастады, неге?

Шөптерден қандай өзгерісті байқадың?

Таратып берілген карточкалардағы өлеңдердің бірі күзгі ауа райын суреттесе, екіншісі өсімдіктер көрінісін, жеміс-жидектердің күзгі қалпын суреттейді. Ал, сұрақтар мен тапсырмалар оқушылардың күз туралы ұғымдарын жергілікті табиғатпен байланыстыруға бағытталады. Мұндай тапсырмалар арқылы әңгімелесуге дайындық барысында оқушылардың қиялы, бейнелеу, елестеу қабілеттері дамиды, қоршаған ортадан байқағандары мен жаңа тақырып мазмұнын байланыстыру шеберліктері артады.

Бастауыш сыныпта  топсеруен ұйымдастырудың өзіндік ерекшелігі бар. Топсеруенге бірнеше сынып оқушылары қосылып, бірге шығуға болады. Бірақ әр сыныптың топсеруенде атқаратын жұмысы мен бақылайтын нысананың мазмұны әртүрлі. Сынып оқушыларына жеке-жеке тапсырма беріліп, әртүрлі мақсат қойылады. Соған сәйкес оқушылардың зейінін тек өздеріне керекті нысананы бақылауға ғана жұмылдыру міндеті қойылады. Сондықтан да мұғалім сынып бойынша бақылауға тиісті құбылыстарды, не заттарды, жинауға тиісті материалдарды алдын-ала ойластырады.

Бастауыш сыныпта нәтижелі білім беруді жүзеге асыруда практикалық әдісті кеңінен қолдануға тура келеді. Бұл әдісті қолданғанда оқушылар тікелей өздігінен сабақта және үй тапсырмасын орындау кезінде де, топсеруен барысында да пайдаланылды. Сөйтіп, практикалық әдіс оқушылардың сабақта алған теориялық білімін іс жүзіне қолдануды жүзеге асырады. Мысалы, мұғалімнің басшылығымен сабақта сұлба туралы ұғым алып, шағын, үлкен заттардың сұлбасын салып жаттыққан оқушылар кейін топ­серуен кезінде өз жерінің сұлбасын салып үйренеді. Сұлбаның шартты белгілерін орынды жеріне қолдана білу шеберліктері артып қана қоймай, кез келген жердің сұлбасын оқи білуге де жаттығады. Сондықтан да жоғарыда келтіргендей, топсеруен кезінде жүрген жолдарының сұлбасын салу үнемі назарда ұсталады.

Практикалық жұмыстың кейбір түрлері — мектеп үлескісіндегі сабақ арқылы жүзеге асады. Көктемдегі жер өңдеу жұмысымең танысқан оқушылар онда отырғызылған көкөністерді танып, оны күту әдістерін, өніп-өсу ерекшеліктерін біліп, өсімдікке керекті жағдайды өздері қатыса отырып түсінеді. Осы арқылы олар өсімдіктің өсуі жайында ой қорытады, ғылыми ұғым алады. Ұғымға жетудің екі жолы бары белгілі: ол баланың күнделікті өмірден алатын өз тәжірибесі және оқыту арқылы берілетін ғылыми ұғым. Дүниетануды оқыту барысында оқушылардың дүниетанымы кеңейіп, осы екеуінің де байланысы күшейеді.

Бастауыш сыныпта пәндерді оқыту барысында оқушылардың өз бетінше жұмысын ұйымдастыратын қосымша оқу құралдарының мәні зор. Соның бірі оқушыларға сабақ үстінде таратылып берілетін карточкалар. Оларды мазмұнды жағынан бірнеше топқа  бөлуге болады.

1. Оқушылардың табиғаттан күнделікті өмірден байқағандарын оқылатын жаңа тақырыптық мазмұнымен байланыстыруға арналған топшамалар.

2. Оқушылардың пәнге байланысты алған білімін қорытуға, пысықтауға, тексеруге арналған топшамалар.

3. Түрлі жұмбақ, жаңылтпаштар беру арқылы оқушылардың ойлау қабілетін, тапқырлығын, сезімталдығын дамытуға арналған топшамалар.

4. Оқушылардың тілін дамытуға, сөз байлығын молайтуға арналған топшамалар.

5. Көркем әдебиет үлгілерін пайдаланып, оқушылардың эстетикалық талғамын дамытып, сабақты әсерлі өткізуге, оқушылардың дүниетанымдық қызығушылығын арттыруға арналған топшамалар.

Бұдан шығатын қорытынды оқушылар өз бетінше жұмысты әртүрлі жағдайда орындап, қорытындыны да әртүрлі жасағанын көреміз.

Бастауыш сыныптарда көрнекіліктерді ойын түрінде қолданып отырса, бала ойнай отырып, ойлауға, ой - өрісін дамытуға үйренеді екен. Сондай-ақ өзім сабақ беретін 1 сыныбымда топқа бөліп оқытуды ұйымдастырып отырамын.

Осындай жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бастауыш сыныпта оқытудың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты мына төмендегідей ой тұжырымын жасауға мүмкіндік берді:

- Бастауыш сыныпта дүниетану пәнін оқыту арқылы оқушылардың дүниетанымын кеңейтетін ұғымдар беріліп келді. Оқушылар жеке объектілерді ғана емес, табиғи құбылыстарды, заңдылықтарды, қоршаған дүниеде болатын өзгерістерді ұғыну нәтижесінде табиғаттың біртұтастығын, оның бір түрінің өзгерісі екіншісінің өзгеруіне әсер ететінін меңгерді.

- Дүниетану пәнін оқыту арқылы оқушылар тек табиғатты оқып үйренумен шектелмей, адам еңбегі, оның жыл  мезгіліне қарай өзгеретіні және табиғат өзгерістерінің шаруашылық түрлеріне әсері туралы да өздерінің күнделікті бақылағандарын оқулықтағы мәтін мазмұнымен байланыстыра отырып, білім алды.

-  Бастауыш сынып оқушыларына өздігінен атқаратын жұмыстар нәтижесінде берілген ұғым олардың білімнің тиянақты болуына және оқушыларды дамыта оқытуға негіз салды.

- Өздігінен атқаратын жұмыстардың түрі мен мазмұны мұғалімнің қолданған әдісіне байланысты өзгеріп отырды. Соның нәтижесінде оқушылардың білімі ғана қалыптасып қоймай, оқуға ынтасы артып, іскерліктері шыңдала түсті.

Оқушылар алған білімдерін іс жүзінде, әртүрлі тапсырмаларды орындау кезінде қолдануға төселді.

Қазіргі кезде жалпы білім беретін  мектептерде оқытудың түрлі  формаларының пайдалануы оқытудың  әдіс -тәсілдерінің  жаңаруы, бәсекелестікке  қабілеті мол, шығармашылық бағытта  еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін  азаматты тәрбиелеуді көздейді.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.  Қазақстан Республикасының  Білім беру туралы заңы. А., 2007.

2.  Жалпы    білім    беретін    мектептің    бастауыш    сатысындағы    білім мазмұнының тұжырымдамасы.

3.  Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. - А., 1998.

4. Аймағанбетова  Қ.   Бастауыш   сыныптарда  дүниетануды  оқытудың теориялық негізі. 2003.

5. « Бастауыш сынып » республикалық әдістемелік – педагогикалық журнал 2014.



6. Дүниетануды оқыту әдістемесі.  Аймағанбетова  Қ.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет