ӨСІМДІКТЕРМЕН ИЛЕУ
Жарғақты өсімдікті илегіш заттардың судағы ерітіндісімен өңдеу операциясы өсімдіктермен илеу деп аталады.
1. Өсімдік илегіш материалдар
Өсімдік илегіш заттар өсімдіктердің әртүрлі бөліктерінен – қабық, тамыр, жапырақ, ұрық, ағашынан алынады, таннидтер деп аталады. Илегіш заттары – таннидтері бар өсімдіктің бөліктері өсімдік илегіш материалдар немесе илегіштер деп аталады. Өсімдік илегіш материалдардан алынатын қою сулы сығынды илегіш экстракт деп аталады.
Өсімдік илегіш материалдардың құрамы. Илеу әрқашан илегіш заттардың-таннидтердің судағы ерітіндісінде жүргізіледі, сондықтан таннидтер суда еруі керек. Өсімдік илегіш материалдарды сумен өңдеу кезінде олардан таннидтер (Т) шығарылады (экстрактіленеді).
Өсімдік илегіш материалдардан таннидтермен бірге басқа да суда ерігіш заттар бөлінеді, алайда олар илеуге қабілетсіз (яғни жарғақты балғарыға айналдыра алмайды), таннид еместер деп аталады. Таннид еместер қант, ақуыз, минералды тұздар және басқа да заттардан тұрады. Құрамында қант болғандықтан илегіш материалдан алынған шырынның ашыту қабілеті болады.
Таннид еместерге сонымен бірге бояғыш заттар – ерімейтін немесе ауыр еритін флобафендер жатады. Флобафендер илеудің нәтижесінде былғары ие болатын түске үлкен әсер етеді.
Жоғарыда көрсетілген илегіш материалдардың құрамдық бөлшектерінен басқа құрамында су болады. Илегіш материалдардың қалыпты ылғалдылығы шамамен 11-18 %. Есептеуде 13 % ылғалдылық қалыпты деп есептеледі.
Сонымен, өсімдік илегіш материалдардың құрамдық бөлшектері: таннидтер (Т), таннид еместер (ТЕ), суда ерімейтін заттар және су. Осы көрсетілген заттардың мөлшері құрғақ илегіш материалдардың құрамында әртүрлі болады.
Таннидтер. Таннидтердің үлкен тобына әртүрлі өсімдіктер құрамына енетін және барлығына ортақ қасиет, оның ішінде негізгісі мал терісін илеу қасиеті , оны былғарыға айналдыру қасиеті бар илегіш заттар кіреді. Таннидтер уылдыратын дәмге ие, суда, метил және этил спирттерінде, глицеринде, сірке-этилді эфирде ериді. Петролейнді эфирде, бензинде, күкіртті эфирде, күкіртті көміртегіде, бензолда және хлороформда ерімейді.
Таннидтердің судағы ерітіндісі желатиннің немесе желімнің судағы ерітіндісімен, кальций, мырыш, қалайы, магний тұздарымен тұнба түзеді. Темір тұздарымен таннид көк-қара немесе жасыл-қара бояу (немесе тұнба) береді. Кейбір тұздарды (электролиттерді) судағы ерітіндіге қосқан кезде, таннид бөлінеді, ол өзінің қасиетін жоғалтпайды. Таннидтер - көптеген себептердің әсерінен бұзылатын тұрақсыз заттар. Мысалы, таннидтер судағы ерітіндіде жоғары температураның әсерінен және қышқылдар әсерінен (ерімейтін тұнба түзе отырып) бұзылады. Сонымен қатар олар ерекше фермент - танназу бөлінетін көгерудің (зең) әсерінен бұзылады.
Қышқыл қосқанда таннид ерітіндісінің түсі ашық бола бастайды, сілті қосқанда қоюланады.
Қыздырған кезде таннидтер балқымайды, көмірленеді. Ауа қатысынсыз 180÷200°С дейін қыздырғанда таннидтер пирогаллол немесе пирокатехин түзе отырып ыдырайды.
Таннидтерді осы белгілері арқылы айырады: пирогаллол құрамды, пирокатехин құрамды, аралас. Таннидтердің осындай топтарған бөлінуі тәжірибе жүзінде кең қолданылады.
Қарапайым талдау таннидтердің көмірсутек, сутек және оттектен тұратынын көрсетеді. Химиялық қатынаста таннидтер конденсацияланған көп атомды фенолдар, негізінен пирогаллол, пирокатехин, резорцин және басқалар, олар өзара әртүрлі байланысады. Таннидтер әлсіз қышқылдар болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |