10 -сынып
Мақсаты: Оқушылардың білім деңгейлерін тексеру, сауатты жазу дағдыларын бақылау.
Құнабай баласы емес, Құнанбайға қарсы алысқандардың әкім болып шыққаны Базаралыға анық сеп болғаны даусыз. Күнту болыс болысымен –ақ шетке шапқан «шүйінші» және тамыр-таныс, құдандаға кеткен сәлем хабар айдауда жүрген Базаралыға да жеткен. Арада өткен айлар саны бұл күнде есеп емес. Не болса да «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей. Базаралы жолдағы бар бейнетті басып озып, өктеп келіп жеткен еді.
Ұзақ жолдан үздіккен Базаралы Семей қаласына келгенде, өз үйіне жеткендей боп, бар дүниесі кеңи берді. Қалада бұл кезде күзем жүні мен киіз, тері-терсегімен базаршылай келген ел жолаушысы көп болатын. Тобықтының күзектерінен шыққан түйелі арбалы керуендер Семей қаласының «ар жақ», «бер жақ» атанатын екі жағасындағы қазақ үйлеріне мол-молынан кеп, асықпай, киіз-кепшігін сатып жүр. Базардан ұн, шайын, бұл-бұйымдарын және де асықпай алып жатқан кездері. Осы ретте Жігітек, Бөкенші керуендері жататын үйлердің барлығында бір күнде: «Базаралы аман-сау кепті» деген, шүйінші тілеген хабарлар қаланың ішін кернегендей боп, көпке тегіс тараған.
Қазіргі шақта Базаралы келгелі бір жұмадай болса да, оны қала ішінде қарсы алған көңілдес ағайын күндіз-түн қонақ етеді. Қаумалап, қоршап, мәз-мереке етісіп жүр. Жылап көріскен, құшақ қосып қауышқан, қалың қарындас арасында жырлап көріскен шешен ділмәр да аз емес. (М.Әуезов, 185 сөз)
Достарыңызбен бөлісу: |