Баяндама Қазақ тілін деңгейлік оқыту барысында оқушыларды тілдік қатынасқа үйрету



Дата31.01.2018
өлшемі112,35 Kb.
#37038
Білім және Ғылым Министрлігі

Баяндама

Қазақ тілін деңгейлік оқыту барысында оқушыларды тілдік қатынасқа үйрету

Баяндамашы: қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Абдуллина Лиза Айткалиевна

Жаңаөзен қаласы 2016 жыл

Қазақ тілін деңгейлік оқыту барысында оқушыларды тілдік қатынасқа үйрету

Қазақстан Президентінің дәстүрлі жолдауында мемлекеттік тілге қатысты: « Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп,елімізді жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген,мемлекеттік қазақ тіліне құрметпен және лайықты оқып үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты.Бұл тәуелсіздіктің орасан зор жетістігі.Біздің міндетіміз-2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайыз құрауы тиіс.Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деп нақтылап өткен.Бұл «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» ең басты нәтижесі болмақ»,-деп айтылған.

Қазақ халқының тарихында балаға тіл үйрету әдісіне көңіл бөлу ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннен басталды десек, бүгінгі деңгейге жету жолында басқа бірқатар ғалымдар (Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаев, Ш.Бектуров, К.Сариева, М.Жанпейісова Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Рахметова, А.Рауандина, А.Юсуп т.б.) қазақ тілін оқыту саласының дамып, жетілуіне елеулі үлес қосуда. Осындай ғалымдардың еңбек етуінің арқасында бүгінгі күні тілді оқытудың мемлекеттік тұжырымдамасына, стандартына, типтік бағдарламасына сай белгілі бір жүйеге құрылған, нәтижеге бағытталған, мақсатты жұмыстар атқарылып жатыр. Мұндай сәтте оқу орыс тілінде жүретін Жаңаөзен қаласындағы № 3 орта мектептің қазақ тілі мұғалімдері де биылғы оқу жылын мемлекеттік тілді оқытуды апробациялық оқулықтармен бастады. Білім беру жүйесіне енген тағы бір заманауи жаңалық деп қабылдап, жаңа бағдарлама аясында жұмыс жасаудамыз.

Орыс тілді мектептердегі қазақ тілі пәнінің мақсаты - оқушының әлеуметтік-қоғамдық ортада сөйлесім әрекетінің түрлерін өз қажетіне қарай қолдана алуын қамтамасыз ету болғандықтан,бұл мақсатқа жету үшін жаңа бағыттағы бағдарламаларда білім мазмұнының құрамы мен құрылымы анықталып,әр игерім бойынша білім мазмұны үлкен 3 аяға бөлінген:



  1. Әлеуметтік-тұрмыстық ая;

  2. Әлеуметтік-мәдени ая;

  3. Оқу-еңбек аясы.

Әр ая лексикалық тақырыптардан тұрады.Бұл тақырыптар оқушылардың күнделікті өміріне жақын,олардың әр күн сайын орындайтын әрекеттеріне байланысты таңдалады.Егер әрбір тақырып шынайы өмірмен байланысты болып,табиғи қарым-қатынас тудыра алса,оқушылар қазақ тілін өз әрекеттеріне сай үйренеді.Мысалы,3-сыныпта «Әлеуметтік-мәдени аяға» кіретін «Туған күн» атты тақырыпты өткен кезде оқушылар өздерінің туған күні туралы айтып, қандай сыйлықтар алғанын,оларды кімдер сыйлағанын, сол сыйлықтардың аттарын және түр –түсін сипаттайды.Сондай-ақ оқушылар бір-біріне тілектерін, өз сезімдерін, ойларын жеткізеді.Бұл олардың тілді үйренуге деген қызығушылығын арттырып, біліктілігін дамытады.

Бұл лексикалық тақырыптардың әрқайсысы үш бөлімнен тұрады,яғни олар:



  1. Тілдік бөлім;

  2. Қатысымдық-сөйлесімдік бөлім;

  3. Мәдениетаралық қарым-қатынас бөлімі деп жіктелген.

Тілдік бөлім қазақ тілінің фонетика,лексика,грамматика салаларынан білім беріп, тілдік деректермен,заңдармен және ережелермен таныстырады.Тілді меңгеруде фонетика,лексика,грамматиканың орны ерекше,өйткені онсыз ойды жинақтап сөйлемге айналдыру,байланыстырып жеткізу мүмкін емес.Сондықтан тілдік бөлім толыққанды тілдесімге жетудің құралы ретінде қарастырылады.Бірақ үйреніп отырған тілде шынайы коммуникациялық тілдесімге түскенде ғана сол тілде сөйлеу сауаттылығына қол жеткізіледі.Сол себепті қатысымдық-сөйлесімдік бөлімнің атқарар қызметі зор.Бұл бөлімде сөйлесім әрекетінің бес түрі бойынша меңгерілетін білік-дағдылар,әрекет түрлері айқындалған. Мәдениетаралық қарым-қатынас бөлімінде өтілетін тақырыпқа қатысты қазақ балалар әдебиетінің қарапайым үлгілері (санамақтар,тақпақтар,әндер,жұмбақтар,жаңылтпаштар,ертегілер), қазіргі балалар әдебиетінің үлгілері,мәтіндер берілген

«Қазақ тілі» оқу бағдарламасы бойынша өзге тілде жалпы білім беретін орта мектептерде қазақ тілін меңгертудің бес деңгейі іске асырылады:қарапайым,бастапқы,негізгі,орта және ортадан жоғары деңгейлер.Оны кесте түрінде былай белгілеуге болады:



Қарапайым деңгей.

Бастапқы қарапайым игерім-А1.

А1-1-сынып.

Бастапқы деңгей.

Бастапқы орта игерім-А1.1.

Бастапқы толық игерім-А1.2.

Бастапқы жетік игерім-А1+.


А1.1-2-сынып.

А1.2-3-сынып.

А1+.-4-сынып.


Негізгі деңгей.

Қалыптасу қарсаңындағы бастапқы игерім-А2.1.

Қалыптасу қарсаңындағы толық игерім-А2.1.1.

Қалыптасқан игерім- А2.1.2.


А2.1-5-сынып.

А2.1.1-6-сынып.

А2.1.1-7-сынып.


Орта деңгей.

Қалыптасқан орта игерім- А2.2.

Қалыптасқан толық игерім- А2.+.



А2.2-8-сынып.

А2+-9-сынып.



Ортадан жоғары деңгей.

Тереңдетіле қалыптасқан орта игерім-В1.1.

В1.1-10-сынып.

Тереңдетіле қалыптасқан орта игерім-В1.2.

В1.2-11-сынып.

Қазақ тілі сабағында оқушы қызметін белсендіру негізінде педагогикалық технологиялардың бірі- деңгейлік оқыту технологиясы.

Деңгейлік оқыту технологиясының негізгі мақсаты:

  • Барлық оқушыға стандарт деңгейінде білім беру;

  • Әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейінде оқыту;

  • Балалардың қазақ тілі пәніне қызығушылығын туғызу;

  • Шығармашыл іс-әрекет жасай алатын жеке тұлғаны қалыптастыру.

Тиімділігі мен ерекшелігі:

  • Оқушы білімі анық бағаланады;

  • Белсенділігі артып,қызығушылығы оянады;

  • Ой еңбегі жетіледі;

  • Белгілі бір нәтижеге жеткенін іштей сезеді;

  • Өзіне деген сенімділігі артады;

  • Шығармашылық деңгейге дейін жетуге ұмтылады.

Әдістері:

  • Материалды деңгейлеп беру;

  • Жаттығу әдісі арқылы бірнеше деңгейде жұмыстану;

  • Бірін-бірі тексеру арқылы жұмыстың дұрыстығына көз жеткізу.

Маңыздылығы:

  • Сынып оқушыларын жаппай жұмыс істеуге әкеледі;

  • Бос отырған оқушы болмайды;

  • Әркім өзінің білім деңгейін біліп,оны дамытуға тырысады;

  • Қиындықтарды жеңе білуге дағдыланады;

  • Ізденіс дағдысы қалыптасады.

Қазақ тілі сабағын жаңа деңгейлік жүйеге негізделген оқулықпен оқыту барысында оқытудың кешенді әдістері өзара бірлікте қолданылады. Олар:тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, тілдесім. Бұл сөйлеу әрекеттеріне төмендегідей анықтама беруге болады:

Тыңдалым-дыбысталып жатқан сөйлеуді бір сәтте қабылдау қызметі.Тыңдалым оқушының сөйлеу әрекетінің дамуына стимул бере отырып,оқыту үдерісін дұрыс басқаруды қамтамасыз етеді.Оқушы тыңдалым арқылы жаңа тілдік,сөйлеу және елтанымдық материалдармен танысып,сөйлеу әрекетінің барлық түрлеріне қатысты дағдысы мен шеберлігін дамытады.



Оқылым – мәтіндегі жазылған ақпаратты алуға бағытталады,яғни жаттығуды оқи отырып,тапсырманы түсіну үшін қажет.Сондай-ақ мәтіннің мазмұнын айту үшін,ең алдымен,оны оқу керектігі беллгілі.Жалпы алғанда, оқылым-тілді меңгерудің бір тәсілі,сөздік қорды көбейтудің құралы; оқылым-грамматикалық құрылымдарды есте сақтауға мүмкіндік береді;сол тілде сөйлеуге,айтылымды жетілдіруді қамтамасыз етеді.

Айтылым-қабылдау және сөйлеудің туу үдерісімен байланысты.Барлық адамның сөйлеу ағзалары бірдей болғанымен,артикуляциялық базасы түрліше.Мұнда орфоэпияға көп көңіл бөлген жөн,өйткені қазақ тіліндегі сөздердің барлығы жазылуына қарай айтыла бермейді.

Сөйлесім(тілдесім)-сөйлеу әрекетінің түрі.Тыңдалымға кері үдеріс.Бұл ретте коммуникативтік дағдыға үлкен назар аударылуы керек,яғни қарым-қатынасты бастау,өз серіктесіне қарым-қатынастың жалғасын табу үшін стимул беру.

Жазылым-айтылған мәтіндегі сөздер мен сөйлемдерді сауатты жазуға бағытталады. Жазылым арқылы оқушылардың сөздік қорын көбейтуге болады.Сондай-ақ оқушылар өзінің жеке басына қатысты хат жаза білуге;құжаттарды толтыруға үйренді;ұсынылған тақырып көлеміндегі мәселелер бойынша өз ойын қысқаша жазбаша білдіре алады.

Жаңа апробация оқулықтары бойынша жоғарыдағы бес деңгейлік оқытудан төмендегідей нәтиже болады деп күтілуде.



Деңгей

Күтілетін нәтиже

Қарапайым және бастапқы деңгейде(1-4 сынып)

күнделікті жағдаяттарда қарапайым тілдік дағдыларды пайдаланып қазақ тілінде қатысымға түседі;

Негізгі деңгейде(5-7 сынып)

ауызша және жазбаша ақпараттар алмасуда тілдік бірліктерді дұрыс,орынды,сауатты пайдаланады;

Орта деңгейде(8-9 сынып)

өз ойын әдеби тілде түсінікті әрі еркін жеткізеді;

Ортадан жоғары деңгейде(10-11 сынып)

Қоғамдық ортада,әр түрлі әлеуметтік жағдайларда өз көзқарасын қысқаша тұжырымдап қазақша тілдесімге түседі.

Бастауыш сынып оқушыларының тілдік білік,дағдыларын қалыптастыруда басты рөл атқаратын,басты орында тұратын ұстаным-теория мен практиканың байланыста болуы ұстанымы.Оның мәні-оқушыларға теориялық білім беріп қана қоймай,сол білім,білік,дағдыларын күнделікті жаңарып,өзгеріп жатқан өмірде,кез келген жағдаятта емін-еркін қолдана білуін қамтамасыз ету.Ол үшін күнделікті оқыту үдерісінде теориялық білімді өмірдегі жағдайлармен байланыстырып,практикалық жағына бағыттап отыру керек.

Қазақ тілін оқыту барысында А1 деңгейінде сөздер аз беріледі.Мұғалім лексикалық минимумның шегінен асып кетуге болмайтынын ұмытпағаны жөн.Тілдік аспекті ретінде лексиканы меңгертуде грамматикамен тығыз байланыста жұмыс жасауы қажет.

А2 деңгейінен бастап сөздік қордың көлемі кеңейе түседі.Пәндік нәтиже бойынша әр сыныптың соңында оқушылар:

Сынып

Лексикалық минимум

1-сынып

110-120 лексикалық бірлік

2-сынып

130-210лексикалық бірлік

3-сынып

210-230 лексикалық бірлік

4-сынып

240-280 лексикалық бірлік

Бастауыш білім беру деңгейін, яғни 4-сыныпты аяқтаған оқушылар қарапайым және негізгі деңгей бойынша мынадай көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс: Фонетика бойынша: қазақ тілінің фонемалық және фонетикалық жүйесі туралы; Лексика бойынша: бастауыш сыныпқа ұсынылған лексикалық минимумның 300-400 сөзін; лексикалық бірліктерді мағынасына қарай орынды пайдалануды; Сөз құрамы мен сөзжасам бойынша: сөздердің түбірі мен қосымшаларын айыруды;сөздерге қосымшаларды дұрыс жалғауды; Грамматика бойынша: жалғау (4) түрлерін, жұрнақтарды ауызша/жазбаша тілде қажетіне қарай пайдалануды,сөздің мағынасына қарай сөз таптарын ажырата алуды,сөйлем түрлерін ажыратуды; сөйлемдегі сөздердің байланысын; Орфография бойынша: үндестік заңына бағынатын бейтаныс сөздерді естіп отырып сауатты жазуды білуі тиіс.

Сонымен бірге оқушылардың білім,білік дағдыларына қойылатын талаптар сөйлесім әрекетінің бес түрі бойынша да айқындалады. Айтылым бойынша: - логикалық бірізділікпен әңгіменің сабақтастығын сақтап баяндауды; - 8-9 сөйлем арқылы затты,құбылысты ,іс-әрекетті сипаттауды; - естіген ,оқыған ақпаратты қайта баяндауды; Тыңдалым бойынша: - 10-12 сөйлемне тұратын диалогтағы мұғалімнің,сыныптастарыңның сөзін,шағын ақпараттарды түсінуді, - тыңдаған материал бойынша өз көзқарасын білдіруді; Оқылым бойынша: - шағын мәтінді түсініп оқуды,тақырып,жоспар,сұрақтар құруды,өз пікірін бағалауды,білдіруді; Жазылым бойынша: - естіп отырып сауатты жазуды; - грамматикалық дағдыларды бекітуге арналған тапсырмаларды орындауды; - өз кестесін құруды (күн тәртібі,сабақ кестесі т.б.); - ашықхатқа құттықтау сөздер мен тілектер жазуды; Тілдесім бойынша: -сөйлеу мәдениетін ескере отырып,келісетінін,келіспейтінін,өтінішін қарапайым түрде білдіруді; -таныс тақырыпқа шағын диалог құрастыруды; - өзіне таныс өмірлік жағдаяттарда тілдесуді меңгеруі тиіс.



Жоғарыда айтылып кеткен бағдарлама бойынша аталмыш мектептің қазақ тілі пән мұғалімдері 1-4 сыныптарындағы жаңа оқулық, «Тілашар» кітабы мен әдістемелік кешендері бойынша эксперимент нәтижелері туралы мынадай пікірге тоқталдық:

  • Оқулықтың мазмұны сабақ құрылымына сәйкес.

  • Оқу тақырыптары мен тақырыпшалары бір-бірімен сәйкес келеді.

  • Лексикалық минимум кітапшасында барлық сөздер нақты толық көлемде жүйеленіп берілген.

  • Грамматикалық минимуда ұсынылған тапсырмалар баланың өз ойын жеткізе білуге көбірек негізделген.

  • Оқулық тіл үйрету талаптарына сәйкес.

  • Сөйлесім әрекеті кешенді түрде ұсынылып,оның барлық түрі өзара бірлікте жүзеге асырылған.

  • Оқу тапсырмалары оқушының жас ерекшелігіне сәйкес,жаттығу жұмыстары сөйлесім әрекетінің бес түрін қамтып,оқушының түсінуіне,ұғынуына жеңіл,психофизиологиялық ерекшеліктері ескерілген.Жұптық,топтық жолмен тілдік қатынасты жетілдіруге тиімді.

  • Оқулық оқшылардың тіл дамыту мақсатында ауызекі сөйлеуге,жағдаяттық тапсырмалар,рөлдік және дидактикалық ойындар түрінде сараланып берілген.

  • Тіл ұстарту мақсатында да тапсырманы түрлендіру деңгейі-жоғары,ол білім беруді дара тұлғаға бағдарлау ұстанымына сай іске асырған.

  • Оқушылар кітап бетіндегі суреттерге қарап айтылым бойынша жұмыстанғанды ұнатады.Олардың ой-өрісін дамытуға арналған иллюстрациялық суреттермен жұмыс жасауда оқушы тарапынан өте қатты қызығушылық байқалады.

  • Оқулық пен оқу-әдістемелік кешенінің инновациялығы-оқушылардың түрлі шынайы жағдаяттарда жаңа типтегі міндеттерді өздігінен шешу қабілетін,құзіреттілікке бағытталған тапсырмаларды орындау біліктілігін қалыптастыруға мүмкіндік беруге арналған.

  • Оқулық құрылымының логикалық тұрғыдан алғандағы біртұтастық сипатына келсек,бұл- оқушының оқу және жазудағы сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған.

  • Оқулық тілі деңгейлік талаптарға толық сәйкес.

Сөз соңында айтарым: Қадірменді қонақтар! Құрметті әріптестер! Елдіктің басты нышаны- тіл десек, елдігімізді айқындайтын қасиетті қазақ тілімізді меңгертуде кез- келген ортада еркін сөйлей алатын, өз ойын, пікірін қорғай алатын жеке тұлға қалыптастыруда талмай тер төгіп келе жатқан еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет