Ұрықтың қалыптасуы мен дамуы Ұрықтану нәтижесінде ұрықтанған жұмыртқа клеткасында хромосоманың диплоидты жиынтығы қалпына келеді. Жұмыртқа клеткалары овуляциядан кейін шамамен, 24 сағат ұрықтануға қабілетті болса, ал сперматозоидтардың ұрықтандыру қабілеті 48 сағатқа ғана сақталады. Ұрықтану механизмінде әлі көп нәрсе түсініксіз болып отыр. Жұмыртқа клеткасының ядролық материалын көптеген сперматозоидтардың ішінде тек біреуінің ғана енуі, жұмыртқа клеткасының плазмалық мембранасының электрлі қасиеттерінің өзгерісімен байланысты деп жорамалдайды. Жұмыртқа клеткасының метаболизмінің сперматозоидтармен активтенуі жайлы сұраққа жауап беретін екі болжам бар. Бір зерттеушілер сперматозоидтың клетка бетіндегі сыртқы рецепторлармен байланысы мембрана арқылы, жұмыртқа клеткасының ішіне түсетін және инозитолтрифосфат пен кальций иондарын активтендіретін сигнал болып табылады деп есептейді. Басқалары болса, сперматозоидтарда арнайы инициациялайтын фактор бар деп тұжырымдайды.
Ұрықтанған жұмыртқа клеткасы зиготаға бастама береді, зиготадан организмдердің дамуын зигогенез деп атайды. Соңғы жылдары жасалған тәжірбиелік жұмыстар, сүтқоректілердің жұмыртқа клеткаларының ұрықтануы, адамдарды қоса, шыны түтікте де мүмкін екендігін және шыны түтікте дамыған ұрықтар әрі қарай дами алатынын, әйел адамның жатырына имплантациялауға болатындығын көрсетті. Қазіргі кезде «шыны түтіктік» балалардың дүниеге келуі туралы көптеген мәліметтер бар. Онымен қоса адамның жұмыртқа клеткасын сперматозоидтар ғана емес, сонымен қатар сперматидтер де үрықтандыра алатындығы дәлелденді. Ақырында, сүтқоректілердің жұмыртқа клеткаларын (жасанды түрде ядролары алынып тасталған) олардың соматикалық клеткаларының ядроларымен ұрықтандыруы да мүмкін.
Зигогенезден басқа көптеген жануарлардың организмдері табиғи жағдайда партеногенез жолымен (грекше parthenos-қыздық және genesis- дүниеге келу) көбейе алады. Партеногенездің облигатты және факультативті түрлерін ажыратады. Облигатты партеногенез организмдердің ұрықтанбаған жүмыртқа клеткасынан көбеюі. Мұндай партеногенез 90-нан аса жануар түрлерінің, кейбір омыртқалыларды қоса, көбею тәсілі болып табылады. Облигатты партеногенездің мысалы ретінде тек аналық даралардан құралған кавказдық жартас кесірткесінің көбеюін алуға болады. Факультативтік партеногенездің мэні сол, ол керісінше, жұмыртқа клеткаларының ұрықтанбай-ақ та, ұрықтанғаннан кейін де дами алатындығы. Факультативті партеногенез өз кезегінде аналық және аталық болады. Аналық партеногенез араларда, құмырсқаларда, коловраткаларда жиі, оларда ұрықтанбаған жұмыртқа клеткаларынан аталықтар дамиды. Аталық партеногенез кейбір изогамды балдырларда кездеседі.
Өсімдіктерде ұрықтың ұрықтанбаған жұмыртқа клеткасынан дамитындығы жайлы мәліметтер де белгілі. Жоғарыда аталып өткендей, бұл құбылыс апомикс деген атауға ие. Ол көптеген жабықтұқымды өсімдіктерде, оның ішінде қолдан өсірілетін қызылша, мақта, зығыр, темекі және т.б. жиі кездесед.
Табиғи партеногенезбен қатар жасанды (индуцирленген) деген атқа ие партеногенезді ажыратады, ол жұмыртқа клеткасын белсенділеуге және нәтижесінде ұрықтанбаған жұмыртқалардың дамуына әкелетін жұмыртқа клеткаларын физикалық және химиялық факторлардың көмегімен тітіркендіру арқылы жүзеге асады. Жасанды партеногенезді көптеген систематикалық топтарға жататын жануарлардан-тікентерілілерден, құрттардан, моллюскалардан және кейбір сүтқоректілерден байқаған.