Ббк 3. (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі



бет5/7
Дата07.09.2022
өлшемі1,44 Mb.
#148943
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
AKaldybaev3

Екінші бөлім
Қаламдастар қорамсағынан



ТАТЫМДЫ ТАЛАП
Рамазан ТОҚТАРОВ.
Әлдихан Қалдыбаевтың балауса балдырғанға арналған «Қос тентек» атты жинағының алғашқы бетінен-ақ біз әуелі өзімізді, өзімізден алыстай бастаған, күмбірлеген былдыр тілді бір әлемді көз алдымызға әкеліп, жас баладай мұңсыз қуанышқа бөленеміз. Ойлап қарасаңыз, осыған жететін не бар? «Шан-шар атайдың шертпегі» балаға да, үлкенге де түсінікті, екеуіне де ғибрат ұқтырар әңгіме. Шаншардың балаларға деген аталық мейірі қандай кіршіксіз таза еді. Оның артық, жалған қимылын, үлкендердің кейбіріне тән тәкаппар, қуақы қылықтарының бірін де аңғармайсың.
Автордың балалар дүниесін жақсы білетіндігі әрбір әңгімесінен айқын сезіліп тұр. Ол бүлдіршін жас кейіпкерлерін өз ыңғайымен жүргізе бермей, қалаған бағытына шығарып сап, соңдарынан қатал тәрбиешідей бағып, бақылап отырады. Бұған «Қос тентек» желісі толық куә. «Қос тентекте» жаман бала, жаман тәрбие де жоқ. Автор ешкімді секпейді. Жалғыз-ақ адамның болашақтағы үлкен ғұмырына өзек болатын жағымды қасиетті іздейді, соған шұқшия үңіледі.
Жинақтағы «Дөңгелек стол», «Бүлдірген тере барғанда» атты әңгімелер көңілде әдемі әсер қалдырады. Бұлар қай жастағы баланың ұғымына болсын, қонымды, қысқа, ұршықтай зырқыраған жеңіл ырғақпен жазылған.
Бірақ, қандай әдемі көрініс болсын, әлде бір мазмұнды ұғындырып жатпаса, әдемілік қасиетінен жұрдай болады, есте де қалмайды. Есте қалмайтын осындай әңгімеге «Бір арқа отынды» жатқызуға болады. Ел аман, жұрт тынышта балтырын итке қапқызған баланың ісі балдырған оқушысының өзін қызықтыра қоймас деп ойлаймыз. Алайда, ішін-ара кездесіп отыратын мұндай кемшіліктер жинакты әлсіретіп тұрған жоқ. Бәрінен де жалған әшекейсіз, сау-атты, таза тіл сүйсіндіреді. Барлық гәптің өзі тілде ғой. Қалдыбаев осы қасиетін ілгері дамытып, алдағы уақытта татымды талабын ұштай берер деп сенеміз.
«Қазақ әдебиеті». 31 шілде, 1964 жыл.
БАУЫРМАЛДЫҚ
Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ.
Әңгіме былай басталған:
«Шаншар атай қызық өзі...»
Несімен қызық? Әрі қарай автор соны дәлелдеуге кіріседі. Қолындағы қаламға көңілшектікпен иек артудан аулақ, бірден осылай сырласа бастаушы еді. Бұл тұста оның сиынары - айқын идеяның мінсіз көркемдікпен қабысуы.
Оқушың - о да бір өзіңнің көңілдесің. Ә дегенде Ә.Қалдыбаев бауырмалдығын сездіріп қалды, оқырман жүрегін барлап, бас-аяғыңды сүзіп шығып, көргенін қағылездікпен көз алдыңа тоса қойып, ашық, жарқын сыршылдығын танытты.
«Шаншар атайдың шертпегі» осы жинақтағы ең жылы әңгіме екен. Бірден байқағанымыз, автор еркін баяндап, оқушысын тезірек үйіріп алуға тырысады. Адамға деген ілтипатын кішкене жүректің дүрсілімен бермекші. Аңғарып қарасақ: өзіміз күнде көріп жүрген әлдебір қуақы қарт бейнесі қағаз бетіне қалықтап көтеріліп келеді. Сығырая жымиған кәрі кездері мейірімге қаныққан. Еңкіш болсадағы, еңсесі биік. Ондай шалдан бәріміз де қашқанбыз. Шертпегіне талай рет қынжыла, қызарақтай тосып ек басымызды. Сонда ол кеңкілдеп, көзінен жас аққанша күлетін. Соны, сол қартты көремін бе деп оқыдым:
«...Атайдың біздің шекемізді тырсылдатуға неге құмар екенін бірде-біріміз білмейтін едік. Тіпті, үлкендер де білмейтін, бір «еріккен» шал дейтін де қоятын. Сол құрғыр шертпектен құтылудың бір-ақжолы бар. Ол үшін дойбы ойнап атайды ұтуың керек...».
Бірде Бекен шалды ұтып, шертпек сырын ашып береді:

  • Шертпегімді беріңіз.

  • Әй, жаман неме, мен сендерден қай бір қолым қышығаннан алып жүр дейсің. Осылар намыстансын таза жүрсін деп алам да». Табиғи қалпы.

Балалар шертпекке ыза боп жүретін. Сөйтсе атай еш жамандық ойламапты. Сондай абзал атайдың қайта-қайта жеңіле бергеніне біртүрлі іші-бауыры елжіреп кетті Бекеннің:
- ...Ата, сіз қазір жеңетін шығарсыз, жүріңіз..
- Сен мені алдаусыратпа. Мен жеңгеніме қуанбаймын. Жеңілгеніме қуанам, - деді атай кеудесін рахаттана бір көтере түсіп». Бұл да табиғи. Неге? Егер Қалдыбаев Шаншар атайды: «Балалар таза жүріңдер, тіл алғыш болыңдар» дегізіп жалаң ақылға салса, сөзсіз ұтылар еді. Мінеки, бірнеше диалог балаусаның мөлдір сезімін де, жаны балауса Шаншар атайдың характерін әр қырынан жайып тастады. Мейлінше қарапайым.
Әлдихан бөбектің ішкі монологін әдемі беруге төселіп келе жатқандығын алғаш «Көк дөңгелегінде»-ақ көрсетіп еді. Ол кез келген әңгімесін қысқа жазады да, көп айтып, көп қамтуға ұмтылады. Жинақылық бар. Әлдихан әңгімелерінде керемет бір шытырман оқиға, шиқан қызыл сюжет жоқ. Тек қана кішкентай адамның характері, кішкентай пайымдау түйсігі. Әңгімедегі әрбір деталь, әрбір сөйлем осы характерді өрбіту, өркендету маңында автордың айтпақ ойымен астасып жатады.
Жинақтағы «Қос тентек» деген бөлімі цикл ме, повесть пе? Белгісіз. Айдар тағылмапты. Кітапшаның тең жарымы соған арналған екен. Өзі ұзақ та, бейберекеттеу. Анда-санда жүрдім-бардым жылт ететін «Терезенің қақпағы», «Өлең жаттау» сияқты тараулары болмаса, терт аяғынан тік басып тұрған жоқ, көркемдік бояуы солғын.
Әдебиеттің қасиетті қақпасына таудай талаппен келген Ә.Қалдыбаев көксеген көкжиегіне сеніммен аяқ басуы үшін бұл салда көбірек ізденгені жөн деп білеміз.


«Жұлдыз» журналы. маусым, 1965 жыл.


СЕНІҢ ТӨЛ ЖАЗУШЫҢ
Бердібек СОҚПАҚБАЕВ.
Менің байқауымша, алғаш бастап жазатындардың көпшілігі әуелгі кезде балалар, жастар баспасөзін жағалайтын тәрізді. Содан бәрі бірдей балалар жазушысы болып қалмайды, әрине. Ес біліп алған соң кейбірі әдебиеттің басқа саласына ауысып, өз жөнін табады, «Тас түскен жеріне ауыр» деп, дәм татқан босағадан табан аудармай, осы салада жемісті еңбек етіп, балалардың төл жазушысы болып қалатындар да бар. Осындай «сөзіне берік» автордың бірі - Әлдихан Қалдыбаев.
Мен ол кезде «Балдырған» журналында қызмет істеуші едім. Аяғын салмақпен басқан, орта бойлы, толық қара торы жігіт әңгіме алып келеді. Қолжазба машинкаға басылмаған, тек тазалау етіп көшірілген. Көлемі шағын. Бір түрлі жеңіл оқылатын еді. Тілі де, оқиғасы да қарапайым. Автор өзінің көрген-білгенін осы осылай деп, алдыға жайып салып отырғандай. Тек қалам ұстаған қолдың әлі тәжірибесіз екені, дірілі басылмай тұрғаны байқалатын. Сын айтсаң, мінезі ауыр жігіт былқ етпей қабылдайды. Мактасаң, және ісіп-кеппейді. «Жарайды, жөндеп әкелейін» дейді де, сыпайы қоштасып, салмақты қалпынан айнымай кете барады.
Сол Әлдихан осы кезде Жамбыл облыстық газетінің бөлім бастығы, салуатты журналист. Балаларға арналған бірнеше әңгімелер жинағының авторы. Оның жаңа жинағы «Жазушы» баспасында оқушыға ұсынылуға әзірленіп жатыр.
Өмірдегіні байқауы, толғанысьі көп автор әдебиеттегі жүрер жол, кешер сапарыың әлі бастапқы шағында жүргенін, қалам ұстаудың мойынға жүктер жауапкершілігін өте жақсы сезінеді. Шабыттың тұлпарына оның қамшыны әлі аямай баса түсер көзі алда.


«Қазақстан пионері». 4сөуір, 1970 жыл.


ҚАДАМЫ ҚҰТТЫ ҚАЛАМГЕР
Машқар ҒҰМАР.
Алпысыншы жылдардың бас кезі болатын. Бір күні «Жазушы» баспасының балалар әдебиеті редакциясына орта бойлы, қара торы жүзді бір жігіт келді. Сейтсек, аты-жөні Әлдихан Калдыбаев, өзі университеттің студенті екен. Бұйымтайы: кішкене балаларға арналған «Көк деңгелек» атты үш-төрт әңгіме әкеліпті. Ондай шағьін шығарманы қолма-қол оқып тастайтын әдетіміз барды. Әлгі әңгіме белім қызметкерлеріне түгелдей ұнады да, келесі жылында «Көк дөңгелек» деген атпен жеке суретті-кітапша болып басылып шықты.
Тырнақалды әңгімесінің бірден жеке кітапша болып басылуы - Әлдиханның балалар әдебиетіндегі қадамы сәтті басталғандығының белгісі. «Көк дөңгелек» атты әңгіменің оқиға
желісі тартымды, тікелей бөбек балалардың күнделікті ойы-ны төңірегінде өрбиді. Соны автор кішкентайлар түсінетіндей өтіп, жатық та әдемі тілмен суреттеп береді. Оқиға бірте-бірте шиеленсіп барып, ең соңында өзінің заңды шешімін табады. Ең басытысы: әңгімеде Серікбек пен Марат есімді екі баланың, әсіресе, алғашқысының жанды бейнесі өшпестей болып оқырманның есінде қалады. Бұл әңгіме кейін де талай рет жалпы жинақтарда басылды.
Кейбір жазушылардың кейін алғашқы шығармаларында шыққан биікке жете алмай тұралап қалатыны кездессе, кейбір қаламгерлердің сол алғашқы еңбектерінің деңгейінен аса алмай әуреге түсетіні тағы бар. Әлдихан осының екеуінен де аман. Әдебиеттегі қадамы құтты болып, ол «Көк дөңгелекпен» тең түсетін, көп жағдайда одан асып та түсетін көптеген шығармалар жазды.
Мектеп жасына дейіні балалар мен төменгі класс оқушыларына арнап өндірте әңгіме жазып жүрген жазушылар саусақпен санағандай аз. Сол аздың бірі де, бірегейі де Әлдихан десем, басқалар ренжи қоймас деп ойлаймын. Астанадан алыстау жүріп, уағыздалуы кемдеу соғып жатқаны болмаса, балалар оның шығармаларын сүйіп оқитыны күмәнсіз. Оқырман ретінде де, жұмыс бабымен де республикалық балалар кітапханасына жиі баруға тура келеді. Шынын айту керек, уағыздауымыз да кемшін, теледидар жарықтықтың «кесірі» де орасан зор, кітапханаларда талай алтын кітаптардың онша кеп оқылмай жаңа күйінде сақталатынын байқап жүрмін. Бірде Әлдиханның «Солдат болу оңай ма?» деген кітабының оқыла-оқыла мұқабасының тозып қалғанын керіп қатты қуанғаным бар.
Әлдихан университетті бітірген соң, жұмысқа Қызылорда облысына жолдама алды. Мектепте ұстаз болып жүргенінде әскерге шақырылды. Ол әскери қызметін Түрікменстанда атқарды. Ауыл балаларының бастан кешкен әр алуан қызықты оқиғаларын жақсы білетін қаламгер енді әскери емірді де ез кезімен керді. Сондықтан оның әдеби еңбектерінде әскери емірді суреттейтін шығармалар да бірталай. Солардың кепшілігі («Мишка - менің досым», «Ата», «Менің ағам солдат», т.б.) тікелей балаларға арналып жазылған. Жазушы әскери өмірдің бала қабылдауына тән романтикалық жағын суреттеумен қатар, ефрейтор Хамидов сияқты аса дерекі, мінезсіз адамдардың кездесетінін де жасырмай ашып айтады. Соған бола кезінде «Мишка - менің досым» атты кітаптың қиындықпен зорға жарық кергенін де айта кеткен жен. Ол кезде әскери командирді сынауға мүлдем рұқсат етпейтін..Жалпы, қаламгер өз шығармаларында балаларды тек қана жақсылыққа тәрбиелейді. Бұл жерде оны тәптіштеп айтып жатудың қажеті де шамалы. Өйткені оқырманын жақсылыққа тәрбиелеу қай жазушыға болса да тән қасиет қой. Алайда, автор өмір шындығын боямалап көрсетуден аулақ. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген сияқты, өмір шындығынан ауытқымауға күш салады. Әлдихан Қалдыбаевтың шығармалары қалың оқырман үшін со-нысымен танымды.


«Қазақ әдебиеті». 29 қыркүйек, 1989 жыл.





ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ЖАНЫ ІЗГІ ДОСЫ
Мақаш ҒҰМАР.
Әңгіме, ертегі, хикаят (повесть), роман секілді көркем шығарма жазатын кісілерді «жазушы» дейтінін балалардың көпшілігі-ақ білетін шығар, әрине. Әдетте қаламгерлер отыра қалып, не болса соны жаза бермейді. Өмірден көрген-білген, өзіне әсер еткен, зердесіне түйген оқиғаларды екшеп, ой елегінен өткізіп барып қана қағаз бетіне түсіре бастайды.
Әр адамның бітімі, түр-түсі, мінез-құлқы әр түрлі болады. Мінез-құлқына сәйкес олардың қимыл-қозғалысы, сез саптауы, өзгелермен қарым-қатынасы және басқадай әрекеттері де бір-біріне ұқсамай, оқшаулана дараланып тұрады. Қай танысыңның аты аталса да, бірден оның өзіне тән өзгешіліктері еске түсіп, бүкіл болмысымен көз алдыңа елестейтіні бар емес пе. Сол әр алуан өзгешеліктер жинақтала келіп, адамның (көркем шығармада кейіпкердің) образын, яғни бейнесін құрайды. Көркем шығармаға қойылатын басты үш шарт бар: бірінші - тартымды оқиға желісі, екінші - кейіпкерлердің есте қалатындай жанды бейнесі, үшінші - айшықты тіл. Әр жазушы өз шығармасынла әл-қадарынша осы үш шарттың орындалуына кеп күш жұмсайды. Меніңше, кішкентайлар мен теменгі сынып оқушыларына, жалпы, балаларға арнап прозалық шығарма жазатындардың ішінде әлгіндей шарттарды орындауға аса шебер қаламгерлердің бірі де, бірегейі Әлдихан Қалдыбаев. Ол әдебиетке өзі университеттегі оқуын тамамдаған 60-жылдардьің бас кезінде келді. Аз уақыт Қызылорда облысындағы бір мектепте ұстаз бола жүріп, әскер қатарына шақырылды. Әскерден қайтқан соң табан аудармай туған облысының орталығы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында журналистік қызмет атқаруға кірісті. Әлі сонда. Соңғы жылдары облыстық газеттің бас редакторы. Ауылда туып-өскен, студенттік әм әскери өмірді басынан кешкен, журналистік қызметіне орай елмен қоян-қолтық араласқан Әлдихан Қалдыбаев - хикаят, әңгіме, ертегілерден құралған ондаған кітаптың авторы. Шығармаларының тілі жатық. Ол қызыл сөзге салынып, беталды ұзақ сонар суреттеуден аулақ. Сөзді өлшеп-пішіп, керегінше ғана қолданады, сөйлемдерін шолақ қайтарып отырады. Мұның оқиға желісінің ширап дамуы үшін, бала-оқырманды жалықтырып алмау үшін маңызы зор.
Автор кейіпкерлерінің бейнесін даралап көрсетуге шебер дедім. Оның шығармаларындағы Шаншар атай, Шәкір, Қамау, Бибіайым, Рахима, Арал, Бауыржан және басқа көптеген кейіпкерлері тек өздеріне тән кескін-келбет, мінез-қүлқымен есте қалады. Барлығы да қазақ балалар әдебиетіндегі өзгелер айтпаған тың, жаңа бейнелер.
Әлдихан қай шығармасында болса да, өз оқырмандарын ізгілікке, мейірімділікке баулиды. Ол құрғақ уағыз айтудан аулақ, әлбетте. Идеясы шығармаларының өн бойынан табиғи түрде, өз-өзінен туындап жатады.
Байқатпай зымырап өтіп жатқан өмір-ай десеңші! Мінеки, күні кешегі жап-жас жігіт, балалардың сүйікті жазушысы Әлдихан Қалдыбаев 60 жасқа келіп те қалыпты. Рас, өткен өмірдің өкінішінен гөрі үзақжасаған қуанышы мол. Әлдихан осы жылғы қазан айының бас кезіндегі алпысына қүр қол келмей, балаларға арналған романын аяқтап, шығармашылық зор табыспен келіпті. «Алпыс» деген биік асудан асқасын да, оның талай тартымды шығарма жазатынына өз басым сенімдімін. Әлдиханды мүшелді жасқа келген мерейтойымен, шығармашылық табысымен қултықтаймыз! Қажымас қайрат, зор денсаулық тілейміз!


«Ұлан» газеті. 21 қыркүйөк, 1999 жыл.


МӨЛДІР СЕЗІМ


Белгілі жазушы-драматург Әлдихан ҚАЛДЫБАЕВ - 50жаста
Кәрім БАЯЛИЕВ,
СССР Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.
Алпысыншы жылдардың басында «Көк дөңгелек» атты суретті кітапшамен ойда жоқта танысқаным бар. Шығармада балалардың жан дүниесі нанымды да шебер суреттелгені сонша, мен өзімнің ұмытылып кеткен балалық шағымның кейбір бедерлі беттерін көз алдыма қайтадан елестеткен едім.
Содан, бірер жыл өткенде сол кітапшаның авторы мен қызмет ететін радиокомитетке жұмысқа орналасуға келгенде, бір-бірімізді тұңғыш рет көріп тұрсақ та, екеуміздің ежелден таныс-біліс жан-дардай шүйіркелесе сыр ақтарысып кеткенімізді де байқамай қалдым. Адам жанының жұмбағы таусылған ба, біреулермен ондаған жылдар бойы бір бөлмеде қызмет атқарсаң да бөтен жандай, тосырқап тұрасың, ал енді біреулерді бір көргеннен-ақ жанына жақын тартасың. Міне, содан бергі ширек ғасырдай уақыт ішінде, тіпті жас айырмашылығымызға да қарамастан, Әлдихан Қалдыбаевпен сырлас, мұңдас жандардай өмір кешіп келеміз.
Екеумізді жақындастыруға Әлдиханның биік адамгершілік қасиеттеріне қоса әдебиет атты әлемде бірге сапар шеккеніміз де себепші болды, әрине.
Жас жазушының балаларға арнап жазған екінші кітабы «Қос тентек» атты жинағын да әдебиет сүйер қауым жылы қабылдады, баспасөзде жарияланған мақалаларда қазақ балалар әдебиеті қаламгерлерінің қатарына жаңа талант иесі қосылғаны атап көрсетілді. «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған рецензияда былай деп жазылды: «Әлдихан Қалдыбаевтың балауса балдырғанға арналған «Қос тентек» атты жинағының алғашқы бетінен-ақ біз әуелі өзімізді, өзімізден алыстай бастаған, күмбірлеген былдыр тілді бір әлемді көз алдымызға әкеліп, жас баладай мұңсыз қуанышқа бөленеміз... Автордың балалар дүниесін жақсы білетіндігі әрбір әңгімесінен айқын сезіліп тұр. Ол бүлдіршін жас кейіпкерлерін өз ыңғайымен жүргізе бермей, қалаған бағытына шығарып сап, соңдарынан қатал тәрбиешідей бағып, бақылап отырады».
Әлдиханның алғашқы аяқ алысынан талантты балалар жазушысын таныған республикамыздың белгілі қаламгерлерінің осындай болжамдарын жас жазушы өзінің кейінгі творчестволық жолында толығынан ақтады.
Ширек ғасырдан астам уақыт Әлдихан балаларға арнап шығармалар жазып келеді. Бұл жылдар ішінде ол жас оқырмандарына он кітап сыйлады. Оның сегізі әңгімелер жинағы да екеуі повесть кітаптары. Қазақстан Жазушылар одағының Балалар мен жастар әдебиеті жөніндегі советі биылғы июль айында өткізілген өзінің кеңейтілген мәжілісін түгелдей Әлдихан Қалдыбаевтың творчествосын талқылауға арнады. Онда пікір айтқан белгілі әдебиетшілер Әлдиханның республикамызда балалар әдебиетін дамытуға қосып келе жатқан елеулі үлесіне лайықты бағаберді.
Осы мәжілісте сөйлеген жазушылар Әлдиханның балалар өмірінен әңгіме жазудың көпке танылған шебері екенін атап айтты. Оның қаламынан туған алпысқа тарта әңгімеде бүгінгі ауыл балалары бейнесінің тұтас бір галереясы жасалған. «Бүлдірген тере барғанда», «Жаңа дос», «Бір арқа отын», «Әліппе», «Су тасушы Әшірбек», «Автобус аялдамасы», «Рахима», «Сабыр ағай» тәрізді әңгімелері жазушының ез кітаптарында ғана емес, балаларға арналған көптеген коллективтік жинақтарда жарық керіп, оқырмандар жүрегіне жылы ұялады. Жазушының әңгімелері алғашқы сөйлемдерінен бастап-ақ оқушыларын баурап алады, аяғына қалай тез жеткеніңді байқамай қаласың, қызықты, бояуы қанық, шебер өрнектеліп өрілген дүниелер.
Ә.Қалдыбаев балаларға арналған шығармалардың тақырыбын таңдауда да білгірлік пен сезімталдық танытып келеді. Осы күні жастарымыздың мінез-құлқында жағымсыз қылықтардың пайда болуы бір жағынан біз олардың бойына халқымызға ежелден тән мейірбандық, қайырымдылық, бауырмалдық, өзара сыйластық, кішіпейілдік секілді асыл қасиеттерді дарыта алмағандығымыздан шығар. Халқымыздың осындай қасиеттерін қанына сіңіріп өскен аға ұрпақтың бейнесін жас ұрпаққа көркем сөз құдіретімен үлгі етіп тарта білмейтіндігімізден болар.
Осы тақырыпта да Әлдихан тың ізденістерге барды. Ол жасаған ауыл қарты Шаншар атайдың бейнесі - қазақтың балалар әдебиетіндегі жаңалық деп қабылданды. Адам психо-логиясын, қарттар қасиетін жетік білетін, олардың тілін алып, ақылын ардақтап, қамқорлығын көріп ескен жазушы Шаншар атайдың бейнесін әңгімеде де, повесте де, пьесада да әсерлі етіп айшықтаған, балалардың сүйікті тұлғасын сомдай білген. Біздің Абай атындағы облыстық драма театрымызда қойылған «Шаншар атай» спектаклі балалар мен жастарға арналған спектакльдердің В.И.Лениннің туғанына 110 жыл толуына орай ұйымдастырған Бүкілодақтық байқау-конкурсында бірінші орынға ие болды.
Әлдиханның балалар әдебиеті ғана емес, жалпы қазақ әдебиетіне елеулі үлес болып қосылған дүниелері - оның солдат өміріне арнап жазып келе жатқан шығармалары, «Ата», «Байнаш - солдат», «Мишка - менің досым», «Менің ағам - солдат», «Көк қозы» әңгімелері, «Солдат болу оңай ма?» повесі жалпы қазақ әдебиетінде сирек жазылып жүрген тақырыпты автордың жетік меңгергенін дәлелдейді, жас ұрпаққа әскери-париоттық тәрбие берудің көркем құралы болып табылады.
Осы жарты ғасырлық ғұмыры ішінде өмірдің сан алуан селді ағыстары Әлдиханның мөлдір сезімін ылайлай алмағанына өз басым таңданам да, сүйсінем де. Ол қай сәтте де ішкі пендешілік есепсіз, амал-айласыз, қулықсыз, сәби көңілмен ағынан жарыла отырғаны. Кейбіреулердің бірер кітап шығармай жатып, кеудесіне нан пісетінін, қоғам алдындағы, қызмет бабындағы негізгі міндеттерін мансұқ етіп, «маған тарихтан орын беріңдер!» деп жар салатынын да көріп жүрміз. Ал Әлдихан болса пәлендей бір іс тындырдым деп міндетсінбей, журналистиканың зейнетінен гөрі бейнеті көп «қара жұмыстарын» шәкірт баладай «ләппай!» деп шапқылап атқарып жүргенін, жұмысқа ерте келіп, қажет болса түннің бір уағына дейін көз майын тауысып, ертең газет бетінде жарияланатын жолдардың әріп қателеріне дейін шұқшия үңілетінін керіп жүрміз. Шағын мақалада біз оның журналистиканың алуан жанрында сіңірген еңбегін айтуға орын таба алмай отырмыз. Ол өз алдына үлкен мәселе.
Әлдиханның оқырманға ұсынар ой-толғаулары әлі де ұшан-теңіз. Қазір «Жалын» баспасы оның келемді жаңа кітаптарын қазақ және орыс тілдерінде көп мың дана етіп басып шығаруға әзірлеуде. Оның сәбидей мөлдір сезімінен қалың оқырманға, әсіресе, біздің болашағымыз - жас қауымға мол рухани қуат беретін талай-талай жаңа шығармалар туатынына біз кәміл сенімдіміз. Ол қазір жазушылық талантының әбден толысқан шағында.
«Еңбөк туы» газеті. 3 қазан, 1989 жыл.
БАЛАЛЫҒЫН ҰМЫТПАҒАН БАЙЫПТЫ ҚАЛАМГЕР
Мәдина КӨБЕЕВА, ақын.
Литвалық ақын Эдуардас Межалайтис: «Қолына қалам алған әрбір қаламгер не жазамын? Қалай жазамын? Не үшін жаза-мын?» - деп өзіне өзі үш сұрақ қоюға тиіс» - дейді. Солай деп құптар болсақ, біздің жамбылдық жазушы-драматургіміз Әлдихан Қалдыбаевта өзінің не жазатынын, қалай жазатынын, не үшін жазатынын ерте айқындаған қаламгер. Оның әр шығармасында балаң балалықтың үні, жастық шақтың жыры, соғыстың сұрапыл ізі, ерте есейген көңілдің сызы және ең бастысы асқақ адамгершіліктің жаныңа қуат берер нұры бар.1939 жылы Шу ауданының Кербұлақ ауылында дүниеге кел-ген Әлдихан Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, 1963 жылы еңбек жолын мұғалім болудан бастайды. Еңбек ете жүріп өзінің балғын балалық шағының көңілде қалған көгілдір суреттерін көрікті оймен қағазға түсіре білген. Өйткені Әлдихан ағаның балалық шағы өзі айтқандай, «көп оқиғаларға толы, суретке бай» болып өткен. Өмірінің үзіктеріндей әр сәт өзінің қилы-қилы қызықтарымен есінде сақталған.
- Балалығым Ұлы Отан соғысына түспа-түс келді. Бұл сұрапылға біздің отбасымыздан екі адам қатысты. Біреуі менің туған ағам Бекет болса, екіншісі нағашы ағайым Әлдижан еді. Бекет ағам өте бір батыл, өжет, қайырымды болып өскен еді. Ол соғысқа өте ерте, әкемнің орнына кеткен. Әкем аурушаңдау болған. Соғысқа алып жатқандарды түгендеп «Смағүлов Қалдыбай» деп шақырса Бекет ағам: «Сіз тұра беріңіз, мен барам» - деп сапқа тұрып кете барған екен, - дейді өткен өмір белестерінің бір сәтін еске түсірген Әлдекең - содан соғысқа кеткен екі ағайымның, біреуі ауылға келіп қайтыс болды, біреуі қайтпай қалды.
Міне, осы оқиғаның бәрі жазушының «Шаншар атай» повесінің желісі болған.
Әлдихан Қалдыбаевтың тұңғыш кітабы «Көк дөңгелек» 1962 жылы жарық көреді. Содан бері талантты жанның жылдармен қанаты да қатайып, қаламы да марқайып, талай-талай таңдай қаққызар шығармаларды тудырды. Атап айтсақ, «Қос тентек» (1964), (Су тасушы Әшірбек» (1969), «Байнаш - солдат» (1969), «Мишка - менің досым» (1973), «Өзен жағасында» (1975), «Солдат болу оңай ма?» (1975), «Менің ағам - солдат» (1980) секілді көптеген дүниелерді дөңгелетіп, оқырмандарына ұсынып, жүрегінен жол таба білді. Ал кейіндері драматургияға құлаш ұрып «Сәлім-Сәлиманы» дүниеге әкеліп, оқырмандарын тағы бір қуантып, көрермендерін таңдандырды. Өзінің қаламы қарышты, тереңнен тербейтін, адамгершіліктің ақ туын биік көтеретін қаламгер екендігін тағы да бір танытты.
Иә, қазіргі таңда Жамбыл қаласында он алты Жазушылар Одағының мүшесі тұрады десек, солардың көш басында келе жатқандардың бірі - Әлдихан Қалдыбаев. Өзінен кейінгі ізбасарлары, жас ақын-жазушыларға ағалық қамқорлығын, жазушылық жанашырлығын танытып жүрген де осы Әлдихан ағай. Міне, осы тұрғыда жазушыны жастардың, мектеп оқушыларының арасынан жиі көруге болады. Оқушыларға ақыл-кеңесін айтып, кейбір шешімін күтер істерге облыстық мәслихаттың депутаты ретінде қолұшын беріп те отырады. Дәл осы мәселені №48 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектеп туралы айтуға болады. Мектептің қазақ мектеп болып қайта құрылуына Әлдихан Қалдыбаев редакторлық ететін «Ақ жол» газетінің үлесі аз болмады десек, оның негізінде жазушының жанашырлығы жатқаны да анық.
Міне, жақында осы аталмыш мектеп ұжымы, оқушылары өздерінің сүйікті жазушылары Әлдихан ағаларымен кездесу өткізді. Оны мектеп директоры Ұлбала Баялішқызы ашып, жазушының өмірбаяны, шығармашылығы, өздерінің мектептеріне қосқан үлесі жайында айтып етті. Кездесу қалалық балалар кітапханасы қызметкерлерімен бірлесе ұйымдастырылып, кітапхана қызметкерлері кешті жүргізіп отырды. Сөз алған кітапхананың бөлім меңгерушісі С.Орманова, мұғалімдер жазушыға шығармашылық табыс тілесе, оқушылар «Шаншар атай», «Көк дөңгелек», «Қисық шыбық» атты шығармаларынан сахналық көрініс көрсетіп, көптеген сұрақтар қойды.
Кездесуде жазушы балаларға жазудың қыр-сырын ақтарыла әңгімелеп, өткен өмір жолына, әсіресе, балалық шақтың жадында қалған бал суреттеріне кеңінен тоқталды. Кездесу қызықты да есте қаларлықтай әсерлі болып өтті. Соңында жазушы-драматург Әлдихан Қалдыбаев оқушыларға қолтаңба берді. Ал мектеп ұжымы болса, ағаларына ескерткіш сыйлықтар тапсырды.


«Жамбыл-Тараз» газеті. 30 мамыр, 1996 жыл.
ТАБИҒИ ТАЛАНТ ИЕСІ
Жорабай МОЛДАҚҰЛОВ, Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің
оқу саласындагы озық қызметкері, әдебиетші.
Әлдихан Қалдыбаев 1939 жылы Жамбыл облысының Шу ауданындағы Кербұлақ ауылында дүниеге келген. Ол орта мектепті бітіргеннен кейін, 1958 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. 1962 жылы сол факультетті бітіруге жақындағанда «Көк дөңгелек» деген суретті кітапшасы жарық көреді. Сол жылы «Қос тентек» атты жинағы баспаға әзірленеді. Жинақ жайлы қазақ-совет балалар жазушылары Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаевтар бір ауыздан қазақ балалар әдебиетіне тағы бір талантты жас қаламдас келді, деп жылы пікір білдірген.
Әлдиханның алғашқы аяқ алысынан талантты балалар жазушысын таныған жоғарыда есімдері аталған қаламгерлердің ешқайсысы да жаңылған жоқ.
Әсіресе, Әлдиханның жазушылық талантының жарық сәулесін көре білген, оның бағасын дұрыс айтқан жазушылардың бірі - Бердібек Соқпақбаев. Ол былай деді: «Менің байқауымша, алғаш бастап жазатындардың көпшілігі әуелгі кезде балалар, жастар баспасөзін жағалайтын тәрізді. Содан бәрі бірдей балалар жазушысы болып қала бермейді, әрине. Ес біліп алған соң, кейбірі әдебиеттің басқа саласына ауысып, өз жолын табады. «Тас түскен жеріне ауыр» - деп, дәм татқан босағадан табан аудармай осы салада жемісті еңбек етіп, балалардың төл жазушысы болып қалатындары да бар. Осындай сөзіне берік автордың бірі - Әлдихан Қалдыбаев».
Әлдихан балалар өмірінен шығарма жаза бастаған кезде Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетіндегі ең мықты балалар жазушысы болатын. Оның «Менің атым Қожа» атты классикалық дүниесі республика балаларының сүйіп оқитын шығармасы. Оны кітап та, кино ленталары арқылы да оқып, көріп әбден мәз-мейрам болғанбыз. Ол - сондай биік сұраныстан әлі де түспеген шығарма.
Осындай керемет кітап жазып, шығармалары еле танылып жүрген үлкен Аға жазушының пікірі бәрімізді қуантты.
Мен Әлдиханмен бірге қатар өмір кешіп келе жатқан адаммын. Сондыктан шығармашылығына қанықпын.
Әлдекеңнің қаламынан әр жылдарда «Шаншар атай», «Қос тентек», «Рахима», «Оқуды аңсаған Арал», «Бауыржан деген бала бар», «Сағындым сені, інім» атты повестерімен бірге көптеген өңгіме, ертегілері дүниеге келді.
«Шаншар атай» - Әлдиханның келемді де қызғылықты, шытырман уақиғаларға толы шығармаларының бірі.
Ол Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Сапарғали Бегалиннің «Сәтжан», Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар», Сәуірбек Бақбергеновтың «Бір кешенің бойында» атты шығармаларының деңгейінде, кей жерінде олардан биік те тұрған туынды.
Повестің сюжеттік желісі Шаншар атайдың кемпірі Әлипаны Шәкір мен Әлденнің көк сиыры сүзіп, өлтіре жаздауынан басталады. Шаншар атай кек сиырдың мүйізін арамен кесіп тастамақ болып, байлатады. Әлден сиырды шалға білдірмей босатып жібереді. Сөйтіп бірінен-бірі туып, туындап отырған уақиғалар өрби береді. Өрби береді.Әлдиханның көк сиырының қимыл-әрекеті ертегілердегі ғажайып дию, перілердей үрей туғыза отырып оқылады. Арасында Тұрсынмен болған күлкілі оқиғалар баяндалып, көк сиырдың сүзегендігімен бірге ақылдылық танытатын шақтарын да әдемі, әсерлі етіп суреттейді.
Долданған көк сиырдың астына түскен Тұрсын ой тоқтатады:
«... осы пәлені жұрт ақылды деуші еді, жалынсам, бір септігі тиер ме екен, қой не де болса, жалынайын».
Тұрсын енді зердесіндегі барша әдемі сөзін айтып жалына бастайды:
- Ананайын көк сиыр! Жәкетай көк сиыр! Құлдық қылайын, көк сиыр! Бұл сөздер маңқа Тұрсынның аузынан қаншалықты мұңлы болып шыққанын түсіндірмесе де болар.
Шаншар атай - үлкен тәрбиеші, ел қамқоры. Ол кейбір ауыл азаматтарына зәбір көрсетіп, сүзетін көк сиырды тәртіпке салмақ болады.
Повестің шарықтау шегі, кулминациясы - Шаншар атайдың Оңтүстік Америкадағы үлкен стадион алаңдарында ел алдында бұқалармен айқасып, ойын көрсететін адамдардай, қолына шапан ұстап, көк сиырмен болған жекпе-жегі. Нанымды, әдемі көрініс: «...ұйықтап кеткен екенмін, деп Рахман ағай қозғалақтап еңсесін көтеріп отырды.
Даланы бірдеме тарсылдатып алып барады. Шошып кеттім.
Киінуге де шамам келмей еңбектей жеттім далаға, бір жерде көк сиыр тұр, бір жерде қолында шапаны бар атай тұр. Екеуі де өкпелері ырсылдап ентігіп тұр. Екеуі де солықтарын баса алмай ентігеді.
Бір уақыт көк сиыр басын шайқап-шайқап атайға қарай тұра ұмтылды. Атай шапанын мүйізіне тоса қойды да жалп дегізіп сиырға құр ауаны сүзгізіп, өткізіп жіберді. Көк сиыр қайта бұрылып еді, атай тағы да сөйтті. Көк сиыр ұмтыла алмай өкпесін соғып тұрып қалды.
Атай жерде жатқан ақтаяғын алып, көк сиырға қарай жүрді. Көк сиыр атайға қарай жүре алмай тайқып шықты. Атай тұра қуып барып, көз ілеспес жылдамдықпен көк сиырдың үстіне қарғып мінді. Мен тіптен де байқай алмадым. Сиырдың арқасына қолы тиген-дей болып еді, үстіне қона кетті.
Көк сиыр меңкімеді, тек енді ұрады-ау, дегендей болып, басын біресе төмен салып, біресе қайқайтып арлы-берлі алып қаша берді. Мен де: «Атай енді ұрады-ақ қой» деп едім, өйтпеді. Қақпалап мініп барып сиырға қосып жіберді де, кері қайтты». (Әлдихан Қалдыбаев, «Автобус аялдамасы», 91-бет).
Міне, көріп отырсыздар, үлкен мама ағашты жұлып алып, ашу шақырып Шаншар атайға тап берген көк сиыр енді сабасына түсіп, тәрбиеге көніп отыр. Өте қызық уақиға. Мұны оқығаннан кейін 3-4 күн көз алдымнан долданған үлкен көк сиыр кетпей қойды.
Бұл жазушының гротескіні орынды қолдануының нәтижесі дейміз. Повестің тақырыбы - соғыс жылдарындағы ауыл өмірі, оның ішінде Шәкір мен Әлдендердің өмір-тіршілігі, қимыл-әрекеттері өте нанымды етіліп беріледі. Әлдихан шығармаларын оқып отырып орыстың атақты сыншысы В.Г.Белинскийдің «... балаларға арнап бүкіл дүниеге, бүкіл табиғатқа жан беріп, меңіреу тасты да, қырдың қылтанағын да, сарқыраған бұлақты да, майда қоңыр желді де сүйіспеншілік тілімен сөйлету керек» деген пікірін дәл басқандай боласың.
Енді Әлдиханды оқып көрейік...
«...Бұл кезде ай арқан бойы көтеріліп қалған болатын. Оның аппақ сүттей сәулесі сонадайдағы Жолдысай, Ноғайбасай, Қиынсай сияқты басаттың адырларынан асып келіп, ауыл үстіне мол шашыраған: күндізгі абыр да сабыр бәсеңсіп, ауыл демалып жатыр. Әншейінде ауыз жаппайтын иттер де тыншыған. Күндіздің өзінде бізге қорқынышты болып көрінетін әңірейген-әңірейген адырлар қазір көлеңкеленіп, қоңыр тартып, мүлгіген ауыл үстіне төне түскендей. Белгісіз үрей әкеледі. Ол ай сәулесімен келіп, біздің бойымызға шым-шым сіңіп жатқан сияқты.
Үлкендер бұл адырларда түрлі жыртқыш аңдар, ұры-қары жүреді дейді. Олары бүлдірген, шие теруді сылтаутарып қаңғып кететін біздерді қорқыту үшін айтатын сөздері болуы керек. Бүлдірген мен шие піскен кезде кім шыдап тұрсын.
Талайбардық, бәрінде аман сау оралып жүрдік.Рас,әр нәрседен секем алып, қашқанымыз да бар. Бірақ ол біздер үшін таусылмас әңгіме емес пе? Жүрегіңді қолыңа алып зулау қандай рақат десеңші! Артта қалып қоятын балаларды білмеймін, алдыңғы топта болатын маған, әйтеуір, сол сатыраған жарыс қызық көрінеді де тұрады. Немесе: «... кезеңге шыға келгенімде ауыл маған ұзақ мерзім көз жазып қалған, сағынып көргендей ыстық боп жарқырап жатты. Әр үй, әр қора: «Балам келе жатыр, балам келе жатыр!», -деп қуанып құшақтарын жайып, өзіне қарай тартатын сияқты. Мен бойым балқып тұрып қалдым.
Өзен жаққа қарадым. Балалар әлі суға келе қоймапты... жайпақтан бір қыз су алып жатыр. Бірден таныдым - Бибіайым. Ылдиға қарай жүгіре жөнелдім».
Міне, Әлдиханның кейіпкерлері өскен ауылының келбеті...Кейіпкерлер дегенде Шаншар атайдай типтік образ жасау әрі оны М.Шолоховтың Дед Щукарындай ерекшелеу - елге әйгілі таланттылық нәтижесі деу керек. Оқушылардан Әлдихан деген жазушыны білесің бе десең, ә, дегенде ойланыңқырап, ал Шан-шар атайды білесің бе десең: «..Е, әлгі шертпек алатын Шаншар атай ма?» дейді.
«Шаншар атайдың шертпегі» атты драмалық шығармасы Әлдекеңнің Бүкілодақтық жасөспірімдер мен балалар сахнасына лайықталған пьесалардың байқауында бірінші орынға ие болған.
Әлдиханның «Қос тентек», «Рахима», «Оқуды аңсаған Арал», «Бауыржан деген бла бар» атты повестері - уақиғаларының қызғылықтылығымен, кейіпкерлерінің мінез-құлықтарының оқшаулығымен ерекшеленетін туындылар.
«Қос тентектегі» қызғаншақ Марат, кішкентай Рахима, «Оқуды аңсаған Аралдағы» - Арал, «Бауыржан деген бала бар» деген повесіндегі ақылды Бауыржан әдемі шыққан образдар. Осы жағын қазақтың белгілі жазушысы Машқар Гумеров байқап, жақсы бағалаған: «Автор кейіпкерлердің бейнесін даралап көрсетуге шебер, оның жоғарыда аттары аталған шығармаларындағы Шаншар атай, Шәкір, Қамау, Бибіайым, Рахима, Арал, Бауыржан сияқты кейіпкерлері өздеріне тән кескін-келбет, мінез-құлқымен есте қалады. Әлдихан қай шығармасында болса да, өз оқырмандарын ізгілікке, мейірімділікке баулиды.
Ол құрғақ уағызды айтудан аулақ, әлбетте. Идеясын шығармаларының өң бойынан табиғи түрде өз-өзінен туындап жатады».
«Шаншар атайда» автор балалар өмірін ауыл өмірімен баланыстыра, біріктіре отырып бір тұтас дүние етіп береді. Әлдекең көлемді повестермен бірге балаларға арнап көп әңгімелер жазған. Оның: «Жаңа дос», «Су тасушы Әшірбек», «Дөңгелек стол», «Әліппе», «Автобуыс аялдамасы», «Ағайдың ауырмағаны жақсы» және басқа да шығармаларында тәрбие мәселесі сөз болады. «Бір арқа отын» деген әңгімесінде бір арқа жусанды босатпай жатқан Жолдыаяқты таспен ұрып, қумақ болғанда, ит Асқардың балтырынан бір қарпып алады. Жазушы әңгіменің түйінін екі-үш-ақ сөйлемнен шешеді: «... Көзін ашып алса, жолдыаяқ артына қарап қойып, бір нәрсені тындырып тастағандай алшаң басып, үйді айналып барады екен. Балтырына үңіліп Асқар отыр. Айжан Асқардың жанына жүгіріп келді.

  • Не болды, Асқар? Қауып алды ма?

  • Қапса қапсын, отынды босатса болды.

«Тыртық сыры» әңгімесінде Ахмет образы жақсы шыққан.Сондай-ақ «Бүлдірген тере барғанда» әңгімесіндеп лирикалық герой - Рахтайдың еліктің лағын ұстап алғандығы, «Қара сиырдағы» сиырдың бұзауына деген мейірімі тамаша беріледі. Әлдихан әскер қатарында жүрген уақытын босқа өткізбеген. Оның солдат кезінде жазған шығармалары болашақ солдаттарға, балаларға арналған тәрбиелік мәні зор шығармалар қатарында.
Осы тақырыптағы оның көлемді шығармаларының ішінде «Сағындым сені, інім» атты повесть басқа шығармаларына қарағанда өзгешелеу хат арқылы баяндалады. Повестелирикалық герой - «Мен» армиядағы жағдайды айтып, ауылдағы інісі Бекенге жазып, солдат өмірін, оның құпия сырларын, солдаттың міндетті атқару жолындағы кездескен уақиғалар қақында тебірене толғана жазады. Өте жеңіл оқылады. Жастарды әскери-патриоттық сезімге тәрбиелейтін жақсы шығарма.
Осындай күрделі шығармаларымен бірге ол солдат өмірінен біраз әңгімелер де жазған. Әлдиханның «Ата» деген әңгімесі де өте жоғары бағаланады. Белгілі жазушы С.Омаров бұл әңгіме жайлы жақсы пікір айтқан. Жалпы алғанда, Әлдиханның қаламынан туған көп әңгімесі - республикалық көлемдегі жарияланған бәйгелердің жеңімпазы. «Балдырған» журналының жыл сайынғы бәйгесін біраз жыл Әлдекеңнің әңгімелері алып жүрді. Оның ішінде «Әліппе», «Ата», «Көк дөңгелек», «Көк қозы», т.б. бар. Әлдихан шығармаларының тілі жатық, ойлы, түбінде мақал, мәтел, нақыл сөздерге айналып кетер сөйлемдер құрай отырып, оларды орынды қолдана біледі. Мысалы, «Солдаттың тұрған бойы сағыныш», «Адамда Отанды қорғаудан асқан борыш болушы ма еді, жоқ, болмайды. Солдат болу - сол әзірліктің басталуы», «Әскер құпиясын сақтау - әскери антқа адал болудың басты белгілерінің бірі.
Әлдиханның жасөспірімдерді тәрбиелеу ісіне белсене араласқаны ескеріліп, оған Қазақ ССР-і Білім министрлігінің «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісі берілген. Оның жазушылық жұмыспен бірге журналистік қызметті қатар атқарып келе жатқанын ел біледі. Ол көп жылдан бері облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарады.
Журналист ретінде оның атқарып жүрген еңбегі ерен. Проблемалық матераилды көп көтереді. Оның «Атланта... Жоқ, Америка сапары» атты жолжазбалары мен ақын-жазушылар, замандастары қақында жазған публицистикалық мақалалары көпшілік көңілінен шығып жүр.
Әлдекеңнің осынау ересен еңбегі еленбей қалған жоқ. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылғы 22 қазандағы Жарлығымен Әлдихан Қалдыбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» қайраткерлік атағына ие болды.
Әлдекеңнің шығармашылық күш-қуаты, қабілеті бойында. Балалар өмірінен әлі де талай шығармалар беретініне кәміл сенеміз. Сөз соңында осы жолдан таймай, талмай еңбек өте беріңіз демекпіз.
БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ БАЛ ДӘМІ
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Бала жанын, оның сәуір аспанындай бірде бұлтты, бірде шуақты құбылғыш көңілінің нәзік күйін тауып, алдарқату қандай қиын болса, олартуралыжүректебірентерлікшығарма жазып, балдырғанның мелт-мөлт еткен тамшыдай пәк сырларын керкемдік әдіспен қағазға түсірудің тауқыметі одан да ауыр.
Егер әдебиетіміздегі алдыңғы толқын ағалардың алғашқы тұсау кесер шығарламарын балаларға арнап жазып, кейін оған қайтып оралмай, ылғи бір балалар еншісіне тиетін нәйеті бір-екі беттік әңгімені немесе 50-60 беттік повесті менсінбегені емес, қайта жүрексінгені деп түсінуіміз керек. Бір кездегі албырт сезімнің әсерімен көзді жұмып кірісіп кеткен «оңайлау» тақырыбының бүгін ақыл тоқтатып, атағы мәшһүр жазушы болған кезінде оның періштелер мекендеген киелі бақ сынды жұмбақ та сырлы әлем екенін мойындап, түсінгені.
Бірақ, осы бір базарлы бақтың лүп-лүп соққан қан тамырын жүрегімен сезіп, біліп отыратын тамыршыдай бағбаны, тыңдағанда құлағыңның құрышын қандьіра сайрайтын құмыр көмейлі өз бұлбұлдары болады.
Белгілі балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаевты, міне, сол өз бағының адал бағбанына баласақ артық емес. Оның алпы-сыншы жылдардың басында университетте оқып жүрген кезінде жазған «Көк дөңгелек» деген шағын әңгіме-кітабынан бастап В.И.Лениннің туғанына 110 жыл толуына байланысты Москва-да өткен жасөспірімдерге арналған пьессалардың байқауында бірінші жүлдеге ие болған «Шаншар атай» комедиясына дейінгі және одан кейінгі шығармаларын жұрт жақсы біледі. Жақында жазушының «Жалын» баспасынан жарық көрген «Автобус аялдамасы» атты кітабы да, міне, осы біз айтып отырған әдебиеттегі «оңай» да қиын, қиын да қызықты тақырып - балалар өмірі жайлы туындыларының көз тартар мәуесі іспетті.
Кітап оқырмандарына өзінің алғашқы беттерін белгілі «Шан-шар атай» повесімен ашады. Ал, Шаншар атай - бәрімізге таныс кәдімгі сақалы қауқиған қара шал. Ол әр ауылда бар. Егер түрі мен тіліне бөлмесек, оны қырғыздардың айылынан, өзбектердің қышлағынан да кездестіреріміз хақ. Иә, оның шарт ете қалатын шікәмшіл мінезі де, жөн сөзге жығыла кететін мәрт қасиеті де, тіпті ауылды бастарына көтеріп асыр салған қара сирақ балаларды көрсе арқасының «ақ сайтаны» қозып, барлығын тоз-тоз қылып тұра қуатын қиқарлығы да... бәр-бәрі таныс көрінеді. Автордың бір жетістігі де, міне, осында болса керек. Бұған мысал ретінде кез келген эпизодты алуға болады.
Кемпірі Әлипаны сүзіп өлтіріп қоя жаздаған Әлденнің көк сиырының мүйізін кесіп тастамақ болып, терісіне сыймай ашу-ланып келген шал сиыр босанып кетіп (дұрысы Әлден сиырына жаны ашып, оны ағытып жібереді) одан бетер шала бүлінеді.
«...Сол қолында шумақталған бір бума арқан, оң қолында кішкентай қол ара Шаншар атай кіріп келеді есіктен. Ашулы, бетіне қаны шауып, қара сұр жүзі түтігіп, аппақ қудай сақал-мұрты едірейіп кетіпті. Онсыз да қызыл көзі қанталап, бәрімізді бір-бір сүзіп етті. Зәрлі сұс өңменімізді тесіп, бір уыс болдық. Дастарханның да берекесі кетіп қалған еді.
- Жәке, төрлетіңіз.
-Төрлеткенде не, ана терің жайылғыр босанып кеткен соң!

  • Апырай, күрмеп, тас қылып-ақ байлап ем. Қолы бар ма, немене?

  • Мойның астыңа келгірдің екі мүйізін тып-типыл ғып қырқып тастағанда көрер әлі! Кешке болсын.

...Шаншар атай табалдырықты аттай бере тағы бір одырайып қарады. Біз жер шұқып, дастарханға үңіле түстік: онда он шақты құрт, жарты кесе май бар еді. Бір түйір де нан жоқ болатын.
Айша, мына балалардың біреуін қазір жібере қойшы үйге. Біздің үйде қаптың түбінде қалған бірер пұт ұн бар сияқты еді. Соның бір табағын бергізіп жіберейін, - деді.
Біз еңкейген басымызды жерден көтеріп алдық.
Шаншар атай үйден шығып кете барды».
Мінеки, Кербұлақ ауылындағы балалар түгіл, үлкендердің өзі мінезінен қаймығып, бетіне тура қарап сөйлей алмайтын Айыр жәкеміздің (Әлденнің апасы осылай атайды) түптеп келгендегі шын болмыс-бітімі мен жан-дүниесінің қандай екенін осы үзіндінің өзі-ақ алдымызға жайып салып тұр емес пе? Ал, мұндай шынайы суреткердің қаламынан ғана туып, кейіпкердің образын жан-жақты сомдауға таптырмайтын сәтті штрихтер повестің өне бойына бірін-бірі үнемі толықтырып отырады.
Иә, соғыс кезіндегі ауыл өмірі көп жазылды. Бірақ, ол қанша жазылса да әлі түрен тісі түспеген тың түбектері көп, таусылмай-тын тақырып, «Шаншар атай» да негізінен осы тақырыпты - соғыс кезіндегі ауыл балаларының өмірін қаузайды. Қаузағанда да ол балалар ұғымынасай шынайы айшықтармен өрнектелген. Мыса-лы, кейбір тыл өмірінен жазылған шығармада балалардың басына бар ауыртпалық атаулыны үйіп-төге беретіні бар. Ал, шындап келгенде, бала қай уақытта да бала ғой. Ойнайды, күледі, мұңаяды. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Сөйте жүріп зерделі, зерек ба-лалар ересектерше аңғарып, ойлана да жүреді. Повестегі Әлден - міне осындай көпшіліктің көңіліне қарап қозғалатын зерек әрі ақылды бала.
Шығарманы оқи отырып, оның Шаншар атай туралы, талай балаларды қан қақсатып жылатқан Қамау және еркетай Марат тура-лы ойынан оның жан дүниесіндегі шарпысқан сезімдер арпалысына қосылып кетесіз. Сөйтіп, Әлденнің әрбір дұрыс қадамына, адал көңіліне сүйсініп отырасыз. Өйткені, ол өмірдегі оқиғаны, сол оқиға шырмауындағы адамдардың қадамдарын өзінше бағалап, өзінше ой қорытады.
Шығармада балалар әдебиетіндегі махаббат тақырыбы да бар. Бірақ, бір қуанарлығы - ол жазушының «Әй, осы бір желіні де ұмыт қалдырмайыншы» деген жасанды ниетінен, жалған сезімінен тумаған. Тек өмірдегі әр баланың басынан өтетін біреуді ұнату, сүю, ғашық болу секілді сезімнің самал желдей желпіген алғашқы лебін қаз-қалпында мөлдіретіп береді.
Повестің бала көңілінің нәзік шегін шертіп (ересек оқырманның да), жанын мұңға бөлейтін жері Шаншар атайдың ауырып жатып, өзінің жарық дүниеден өтерін сезгендей Әлденді үйіне шақыртып алған жері.
«...Атай ентігіп әзер сөйледі:
- Кел. Әлден, кел.
Мен состиып тұрып қалдым, Атайдың жанары солып, көзі-басы кіртиіп қалыпты. Қозғалақтап ұмтылып барып, түрегеліп отырды.
- Әлден, кер биеге мін де, төменгі мұрыннан басын қоя беріп, сонау жоғарғы Айдардың желкесіндегі кезеңнен бір-ақ тарт. Мен көріп отырайын. Сені сол үшін шақырдым.
Жарайды...»
Әлденге атқа шабуды алғаш үйреткен әрі өзі жақсы көретін атасы осылай деп өтінеді. Сондықтан да ол ауыл иттерінен үркіп жығып кете ме деп жүрексінсе де атасының бір кездегі: «Міне, үйрендің. Енді күнде мініп тұрасың. Әрі-беріден соң сен бәйгеге шабатын боласың. Ол керек те. Жеңіс күнгі тойда сен шаппай, кім шабады мұнымен» деген сөзін есіне алып, жүрегінде өжеттік пайда болған бала «шу, жануар» деп кер биеге қамшыны басып жібереді... Бірақ шалдың тілегін орындап қайта оралғанда ол бұ дүниеде жоқ болып шығады. Елдің айтуынша Әлден Шаншар атайдың үйінің тұсынан шауып өтіп бара жатып қолын бұлғағанда «Тәуба. Бар екен ғой...» деп бақилық сапарға жүріп кете барыпты. Былайғы жұртқа білдірмегенімен, жанын жегідей жеген «баласы қашқын» деген сөздің жалған болып шыққанын да ести алмай кетеді, сөйтіп.
Жинаққа, сондай-ақ жазушының «Қос тентек», «Рахима», «Оқуды аңсаан Арал», «Бауыржан деген бала бар», «Сағындым сені, інім» деген повестері мен көптеген әңгімелері, ертегілері, мысалдары енген. «Шаншар атай» повесі сияқты бұл шығармалардың да қай-қайсысының өзіне тән ерекшеліктері, идеясы бар.Тәрбиелік мәні де жоғары. Мысалы, «Рахима» атты повесті оқып отырған сәбилердің балдай тәтті қылығы тура өмірдегідей көз алдыңа келіп, өзіңнен өзің жалғыз отырып та күлесің. Жазушы шеберлігі балалардың қылығына деген бойындағы ынтызар сезімді еріксіз оятып, адамзаттың осынау кішкентай ұрпақтарының тыныс-тіршілігіне басқаша көзбен қарауды үйретеді.
Жазушы Ә.Қалдыбаевтың творчествосына тән тағы бір ерекшелікті айту керек. Ол - аз сөзбен көп нәрсені жеткізуі болып табылады.
Кемеңгер жазушы Л.Толстой «Тіл шеберлігінсіз көркемдік жоқ та, көркемдік жоқ жерде тіл шеберлігі жоқ. Бұл екі арадағы бірлік - мазмұн мен тіл бірлігінің ерекше бір көрінісі болып табы-лады» деген сөзін еске алсақ, Ә.Қалдыбаев шығармаларындағы көркемдіктің бәрі оның нәрлі тілінен туған деп білеміз. Жинақтағы шығармалардың тілі тек осы жазушыға ғана төн. Ол біреуге еліктемейді. Кез келген шығармасына бай, әрі халықтың қарапайым тілін қолданады. Сондықтан да оның шығармалары балаға да, ересекке де қызықты.
Тоқсан ауыз сездің тобыктай түйінін айтсақ, белгілі балалар жазушысы Ә. Қалдыбаевтың оқырмандарына бұрыннан таныс шығармалары топтастырылған «Автобус аялдамасы» атты бұл жинағы әрбір кітапқұмар үшін жоғалып табылған дүниесіндей қастерлі ғой деп ойлаймыз.
ШЫНАЙЫ ДА ШЫРАЙЛЫ ШЫҒАРМАЛАР
Мұрат СЫЗДЫҚ.
Республика оқырмандарына есімі кеңінен мәлім, балалар әдебиетінің төрінен әлдеқашан лайықты орынын алған жазушы Әлдихан Қалдыбаев жайлы көп сөз айтуға болады. Алғашқы кітабы университет қабырғасында оқып жүргенде-ақ жарық көрген уақыттан бергі кезенде оның балалар мен жасөспірімдерге арналған жетпіске жуық әңгіме және ондаған хикаят жазғанын еске алсақ, қаламгердің осынау қомақты қазынасына, өзіндік әлеміне толыққанды талдау жасаудың батпан салмағын бар жан-тәнімізбен сезінуге тура келеді. Ол қолына қалам ұстағалы басқа жанрға көп сырғақтамай, балалар әдебиетінің қызық-шыжығын көріп, қиындығын қайыспай көтеріп келеді. Бір кездері әдебиеттің мәуелі бағына жас жазушы қадаған балғын шыбық бүгінде үлкен дараққа айналды.
Әлдекең туралы қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев бір кездесуде былай деген еді: «Балалар дүниесін әдемі меңгерген және балауса ұрпаққа ғажап әңгіме, ертегі, хикаяттар берген Әлдихан біздің әдебиетімізге қайталанбас жарқын беттер қосты». Бердібек ағадан жазушы туралы естіген осы сөздің қаншалықты шын әрі әділ баға екеніне кейін менің көзім әбден жетті.
Шындығында, Ә. Қалдыбаев қаламынан туған шығармалар өзіндік қолтаңба-бедерімен айшықталады. Жазушының әрбір шығармасынан адамгершіліктің, адалдықтың, парасаттылықтың, кіршіксіз мөлдір сезімнің лебі есіп тұрады.
Әлдиханның бірден өзінше кітапша болып шыққан тырнақ алды туындысы - «Көк дөңгелек» әңгімесі әдебиет сүйер қауымды өлең еткізген. Сол кездегі балалар әдебиетінің алдыңғы сапында жүрген жазушылар таңдай қағып, уәлі сөзін айтқан. Әдебиеттің қасиетті қақпасын шын талантты да талапты жастың келіп қаққанын таныды бәрі. Бірақ тумысынан биязы, сабырлы, артық сөзі жоқ жас жігіт алғашқы табысқа масаттанып, кеуде қағудан бұрын әдебиеттің сырт көзге рахат-молшылығы басым көрінетін, ал, шынтуайтқа келгенде, бұралаң-бұлтарысы, қия-соқпағы басым жолының қиындығын ерте сезген тегі.Өйткені университет қабырғасында «аттың жалы, түйенің қомы», «инемен құдық қазған» қызығы да, қиындығы да басым студенттік шақта тұсау кесері «Көк дөңгелегін» шығарып, балалар әдебиетінің білгірлерін дүр сілкіндірген. Жазушылар одағында талқыланып, қолжазбаны оқып пікір айтқан Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Сайын Мұратбековтерді жазу мәнерінің жаңашылдығы, айқындығы, ба-лалар психологиясындағы көлденең көк атты байқай бермейтін нәзік сезімді тап басатын тапқырлығымен тандандырған «Қос тентек» хикаят-әңгімелер жинағын баспаға тапсырып, аяғын ал-шысынан басқан дипломды жас жазушының астанадан қиналмай қызмет табатынына достары шүбә келтірмегенді. Алайда ел-жұртты, бәрінен бұрын «бала, жазушы боламын десең осында қал» деп ақыл қосатын әдебиетші ағаларын айран-асыр қалдырған Әлдихан жолдамасын қалтасына салып, салт ба-сты, сабау қамшылы өмірді бетке алып, үлкен жолды таңдады - ұстаздық қызметті бастау үшін ауылға аттанды. Осы арадан әскер қатарына алынды.
Жазушымын деп айтуға әлі де қымсынатын, көңілінде жүрген тосын ой, сәулелі сезімді қолы қалт еткенде қағазға түсіруге құмар жігіттің «Қос тентек» атты екінші жинағы ол әскер қатарында жүргенде жарық көрді. «Әлдихан кез келген әңгімесін қысқа жаза-ды да, көп айтып, көп қамтуға ұмтылады. Жинақылық бар. Керемет бір шытырман оқиға, шиқан қызыл сюжет жоқ. Тек қана кішкентай адамның характері, кішкентай пайымдау түйсігі. Әңгімедегі әрбір деталь, әрбір сөйлем осы харектерді өрбіту, өркендету маңында автордың айтпақ ойымен астасып жатады». Бүгіндегі белгілі жазушы, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов осы кітапқа «Жұлдыз» журналында осындай баға берсе, Рамазан Тоқтаров «Қазақ әдебиеті» газетінде былай деген екен. «Автордың бала-лар дүниесін жақсы білетіндігі әрбір әңгімесінен айқын сезіліп тұр. Ол бүлдіршін жас кейіпкерлерін өз ыңғайымен жүргізе бермей, қалаған бағытына шығарып сап, соңдарынан қатал тәрбиешідей бағып, бақылап отырады. Бұған «Қос тентек» желісі толық куә». Сөйтіп әдебиетке таудай талаппен келген жас жазушының бұл екінші кітабы да әдебиетшілер тарапынан жоғары бағаға ие болды. Кез-келген жанның жалына қол артқанын жаратпайтын тарпаң мінезді әдебиет тұлпарды шілдерлеген жас талап осылайша үлкен өріске беттеді.
Осыдан кейін-ақ ол мектеп жасына дейінгі балалар мен төменгі класс оқушыларына арнап өндірте жазды. «Су тасушы Әшірбек», «Байнаш - солдат», «Әзен жағасында» және басқа кітаптары арқылы Әлдихан Қалдыбаев бір кезде өзіне үлкен үміт артқан Б.Соқпақбаев, М.Гумеров сынды балалар әдебиетінің алдыңғы толқын өкілдерінің, сондай-ақ, Р.Нұрғалиев, Ә.Кекілбай, М.Мағауин сияқты өзі құралпы талантты қаламгерлердің сеніміне қылау түсірмей, әркімді сынаққа алатын жылдар баспалдағын абыроймен аттай білді.
Әлдихан Қалдыбаевтың балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларындағы үрдіс өнеге, жаңашылдық дәстүрі - оның балалардың әрқайсысына тән психологиясын әртүрлі бояумен, шеберлікпен жеткізе білуінде. Образ жасауда әрбір кейіпкер үшін тосын әрекет пен тың қаламға еркін барады. Жазушы шығармалары, мейлі ол кішкентай балдырғандардың өмірінен жазылсын - шынайы шындықтың өзі, әрбір сурет, әрбір эпизод оқушысын селкеусіз иландырып, шашау шығармай соңынан ертіп отыратындығымен ерекшеленеді. Бұған қоса Әлдихан Қалдыбаев әңгіме-хикаяттарында еріксіз езуіңе күлкі үйіретін жеңіл, шуақты юмор жеткілікті. Ал мұндай суреткерлік шеберлікті әдемі меңгерген саусақпен санарлықтай қаламгерлердің санатында Әлдекең де бар десек, жазушы шығармасының салмағы қаншалықты арта түсетінін оп-оңай пайымдауға болар.
Тағы да бір ерекше тоқталып өтетін жай, жазушы кейіпкерлерінің жан сұлулығына, адалдықты, мейірімділікті, бауырмалдықты әрқашан жоғары ұстауға жетелейтін сезім байлығын лайламай мөлдіреген қалпында беруге көп ден қояды. Сондықтан да болар, оның шығармаларындағы кейіпкерлердің арасында жатып ішер жалқау, ұр да жық есерсоқ, орынсыз шошаңдап өзінің де, елдің де берекесін алатын жеңілтек желөкпе жоқтың қасы. «Сонда қалай, жазушының шығармаларынан оқушысын тартып әкететін тартымды сюжет, күлкіге қарық қылатын тосын оқиға іздеудің керегі жоқ екен, онда оның несі қызық?» демек болған оқушыға жазушы шеберлігін айқын да анық дәлелдейтін бір-екі шағын мысал айтқанның артықтығы болмас, сірә. «Су тасушы Әшірбек» атты әңгімесінің басты кейіпкерлері - ұжымшар ауылдың балалары Әшірбек пен Тілеген. Әңгіме Тілегеннің атынан баяндалады. Ол - қуақы, аңқылдақ, бірақ сезімтал бала. Өз досы Әшірбек туралы сырын, шынын жеткізеді. Досын таныстырған ол былай дейді: «Егерле Әшірбекті кімде-кім көргісі келсе, ертеңгілік менің атаммен бірге оянуы керек. Қолында жүгені бар Әшірбек сарайға, атына кетіп бара жатады. Құрысын, ол уақытта мен сендерге оны көрсете алмайды екенмін. Сол үшін ұйқымнан қалып жүрейін бе?».
Осының өзінен-ақ екі бала өмірінің біраз қырлары алға тартылады. Автор бұл арада Тілегеннің жалқаулығын «сол үшін ұйқымнан қалып жүрейін бе?» деген бір-ақ сөзбен дәлелдеп тастайды да одан әрі ұжымшар трактористеріне су тасып, көмектесіп жүрген Әшірбектің еңбекқорлығына қызыққан Тілегеннің рухани өсуін, яғни, еңбекке өз еркімен араласатын тұсын нанымды деталь-эпизодтар арқылы шынайы жеткізеді. Әрбір жанрға тән көркемдік компоненттерді шығармаларында шебер пайдалана білетін жазушы оқушыларына жалған өсиет, арзан ақыл айтуға мүлдем әдеттенбеген. Базбір шығарманы оқыған сәтте әсіре ақылсу, ділмарсу көзге ұрмай ма. Ондай шығарма, ең әуелі, үлкен сыншы - оқушысын мезі етеді. Ал, Ә. Қалдыбаев прозасының жаңадан жаза бастағандар ғана емес, баршамыз сабақ алар тұрқы биік тұсы - оқушысын кейіпкерлерінің іс-әрекетіне сендіре білу шеберлігі.

Бұл орайдағы жазушы табыстары талас тудырмайды. Өз басым, оның «Шаншар атай», «Рахима», «Оқуды аңсаған Арал», «Қос тентек» атты хикаяттарын қазақ балалар әдебиетінің ең озық үлгілері қатарына жатқызамын. Бұл шығармалардан адамгершіліктің, бауырмалдықтың, балалар психологиясындағы мөлдіреген таңғы шықтай тазалықтың, олардың өздеріне тән харакетеріндегі ерекшеліктердің артық бояуы жоқ, кәдімгі өмірдің өзінен ойып алынған көркем суреттерін көрген кезде жазушының шеберлігіне тәнті боласыз.
Ауылдың май топырағын тобықтан кешіп жүрген бала кездегі көңіл-санада мәңгі өшпестей жатталып қалған елес-суреттер зейінімізде зерделенген шақта жүрек тұсымыздың шымырлап қоя беретіні бар. Жазушының аталмыш шығармаларында сол ертегідей ғажайып әлемнің көзге таныс, көңілге ыстық суреттері өте көп. Оларды оқыған сайын балалықтың соңымызда қол бұлғап қоштасып қалған сағыныш күндерімен тағы да қауышып, рахат сезімге бөленеміз. «Оқуды аңсаған Арал» хикаяты бір есептен ұлы Толстойдың «Филиппок» деген шағын әңгімесін еске түсіреді. Бірақ мұндағы кейіпкер Аралдың айналадағы ортаға көзқарасы, оның таным-түйсігі арқылы беріледі де кішкентай балдырғанның үлкендерге еліктейтін өзіне тән бала қиялы әртүрлі іс-әрекеттері арқылы әсем еріледі. Ал «Рахима» хикаятының басты кейіпкері - екі жасар сәби Рахима. Әлі жендеп тілі шықпаған, аяғын апыл-ғұпыл басқан нәрестені хикаяттың басты кейіпкері етіп алып, соның теңірегінде қызыкты оқиға құра білу, ең әуелі, жазушыдан бала психологиясының қатпар-қалтарысын тамыршыдай тап басуды және оқушысын жалықтырып алмау үшін әр тарауды мейлінше шебер құруды тілейді. Дайындығы мол жазушы Әлдихан Қалдыбаев мұны жақсы біледі.
Рахима - Бекеннің керші ұжымшарда тұратын әкпесінің қьізы. Апасы қонаққа барған жерінен бір мезгіл балалардың қасында жүрсін деп алып келген жайы бар. Шағын хикаят негізінен кішкентай балалар арасындағы туысқандық, бауырмалдық сезіміне арналған. Бекен, Алтын, Бауыржандардың Рахиманы айналып-толғанып үйірсектеуі, бір-бірінен қызғануы оқушысын жалықтырмай, еріксіз жетелеп отырады. Жазушының Рахиманы туған ауылына шығарып салуын баяндайтын сәті оқырманды бей-жай қалдырмайтын, көңілге қымбат әсер қалдыратын әдемі сурет. Әлдихан Қалдыбаев өзінің шығармаларында тіпті отбасы, ошақ қасындағы көзге үйреншікті жайлардың өзін құлпыртып, жандандырып жіберуде үздік шеберлік танытады. «Рахима» хикаяты - кішкентайлар да, үлкендер де үздігіп оқитын шығарма.
Балалар әдебиетінде көп жылдан бері тынымсыз тер төгіп келе жатқан жазушының шығармашылық лабораториясына үңілген кезде Әлдекеңнің ақсақалды атасының тұлымшақтан сипап, маңдайдан иіскеген мейірімін сезініп өспеген қырқыншы, елуінші жылдардың қадау-қадау ұрпақтары үшін таныс та бейтаныс - ата мен немеренің, балалар мен қарияның арасындағы ара қатынасты көркем тілмен кестелеу дәстүрі басым екенін байқаймыз. «Қос тентек» жинағындағы «Шаншар атайдың шертпегі» атты әңгіме бертін келе көлемі он баспа табаққа жуық хикаятқа айналды. Кейін жазушы өзі ерекше сүйсініп-толғаныспен жазатын тақырыбына қайта айналып соғып, екі бөлімді «Шаншар атай» немесе шертпектен шеке зардап шекпейді» комедиясын жазды. Жамбыл облыстық Абай атындағы драма театрының сахнасында қойылған бұл драмалы шығарма балалар мен жастарға арналған спекталкльдердің Бүкілодақтық байқау-конкурсында бірінші орынға ие болды.
Жазушы шығармашылығындағы өзгеше бір белес болып табылатын «Шаншар атай» хикаяты - өмір туралы, адамдардың өздеріне, айналадағы қым-қуыт та қым-қиғаш оқиғаларға, сол ортадағы орны мен мақсат-мүдделеріне, ертеңгі күнге көзқарасы, адамгершілікжайлы шығарма, хикаят кейіпкерлерінің дүниесіндегі терең психологиялық сезім иірімдері алуан түрлі ойларға жетелейді.
Хабарсыз кеткен баласы Базар туралы сатқын деген жайсыз қауесеттің желдей есіп тұрғанына көремастан, Шаншар қарт ауылдағы кәрі құртаң мен шикі өкпе балаларға басие бола біледі. Хикаятта соғыс жылдарындағы шағын қазақ ауылыныд бүкіл қасірет-шындығы бүкпесіз баяндалады. Базар сатқын емес деген айғақты дәлел айғайлап тұрмаса да оқырман қауым Шаншар қарт сияқты үлкен жүректі адамның перзенті туған жұрт, ата мекен алдында сүйекке таңба салатын «бір шикі жұмыртқаның» санатына қосылмайтынына кәміл сенеді. Жазушы аталмыш хикаятында гитлершілердің түбінде мүрдем кететінін ұрандап, уағыздамай-ақ кейіпкерлерінің қарапайым іс-әрекеттері, арман-мүдделері негізінде шынайы шындықтың шырағданын шалқыта жағып, оны үнемі тың, тосын суреттермен демеп отырады.
Хикаяттың финалында ауыл баласы Әлденнің «Шаншар атай» сияқты қарт болу - алдағы арманым» деуіне еріксіз иланасыз. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт қарттың бойындағы асыл қасиеттердің - адамгершілік пен мейірімділіктің, ізгілік пен адалдықтың келешекте өсер азаматтың бойынан табылатынына шүбә келтірмейсіз.
Бүкілодақтық бәйгеде оза шауып, бірінші жүлде алған «Шаншар атай» комедиясының тақырып ауқымы да, қозғаған мәселесі де өзгеше.Бұл пьесада шиыршық өткен әрекет те, шартты сюжет те жоқ.. Керісінше, мұнда харакетерлер, олардың қақтығысы, сол арқылы көрермендерге айтылар ой бар. Пьесаның кейіпкерлері Шаншар атай, оқушылар Әшірбек, Бекен, Санатбай, бригадир Мұсатай - бүгінгі күн өкілдері - замандастарымыз, олардың ойы мен ісі, әрекеті бізге етене жақын. Жазушы балаларды пайдалы еңбекке бастап, шыншыл болуға, намысын қолдан бермеуге, үлкенді сыйлауға үндейді, алуан түрлі проблемаларды қозғайды. Жіңішке аурудай созылып, осы күндері баспасөз беттерінде жиі шаң беріп қалып жүрген - парақорлық, қоғам мүлкіне қол салушылық сияқты келеңсіз құбылыстарға Шаншар атайдың атынан үкім айтады. Ең бастысы мұның бәрі арзан ақыл, құрғақ насихаттың шеңберінде емес, көргені, ойға түйгені мол қаламгердің бірде байсалды, бірде куақы, бірде шешен тілімен шебер өрнектеледі.
Жалпы жазушының тілі шұрайлы да кестелі, шығармаларында образды сөйлемдер, әдемі сөз тіркестері түнып тұрады. Орнымен пайдаланылған әр сөз жанып, жан бітіп, қимылға түседі.
Жетпісінші жылдардың орта шетінде республика оқырмандарының қолына Әлдихан Қалдыбаевтың «Солдат болу оңай ма?» атты хикаяты тиді. Әскери қызметтің ыстық-суығын кітап-кинодан емес, бастан кешірген жазушы көлемді шығармаға барар алдындағы дайындығы іспетті бірнеше - «Ата», «Мишка - менің досым», «Көк қозы», «Менің ағам - солдат» сияқты әңгімелер жазған болатын. Жаңа хикаятында автор солдат өмірінің қиындығын, олардың моральдық бейнесін, азаматтық белсенділігін суреттейді. Әскер қатарындағы аса бір келеңсіз құбылыс - кеңес жауынгерлерінің «қарт», «жас» болып жікке бөлінуіне жазушы бұдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын жаны сыздай отырып қарсылық білдіріп, жастарды ондай жетесіздіктен бойды аулақ салуға бастаған екен. Кейін бұл дерттің кереметтей асқынып, солдаттардың сорына айналғанын ескерсек, мұның өзі тегінде Әлдихан Қалдыбаев өмірде болып жататын оқиғаларға пайыммен қарайтын, әр құбылыстың тереңіне телміре, тебірене үңілетін, айқын, дәл ой түйіп, әдемі, айшықты бедерлейтін қаламгер екенін анық аңғарамыз. Оның шығармаларынан ғажап байқампаздығы, сұңғыла көрегендігі көрініп тұрады.
Әлдихан Қалдыбаев - тақырыбын тапқан жазушы. Сонау студент кезінде кезіккен Шаншар атасын ол бір сәт те көзінен таса еткен жоқ. Аяулы қарт жөнінде алғаш әңгіме, одан соң хикаят, кейінірек комедия жазуы, тектен-тек емес. Бүгінде «халықтық педагогика» деп білген де, білмеген де шулап жүрген проблеманы Әлдихан әлдеқашан шығармаларының алтын қазығы еткен. Шаншар атай әңгімеде - балалардың ақылшысы, тәрбиешісі, хикаятта соғыс жылдарындағы аядай ауылдың қорғаны, комедияда - қазіргі ауыл айқайшысы, жақсылықтың жаршысы, жамандықтың жауы.
Бүгінде солдат өмірі - қазақ әдебиетіндегі там-тұм көрініс алған тақырып. Бұл ретте Әлдихан Қалдыбаевтың қоржыны қомақты екенін баса айтуға тиіспіз. Жоғарыда аталған әңгімелер, «Сағындым сені, інім», «Солдат болу оңай ма?» хикаяттары -солдаттың сағыныш саздары, олардың күнделікті өмірі, әуелдегі олпы-солпы балаң жігіттің қарулы, қаһарлы азаматқа айналуы туралы әуезді әсем әндер. Жаза білген адам солдаттың таңертең орнынан тұрғаннан кешке жастыққа басын қойғанға дейінгі бірыңғай өмірінің өзінен көп нәрсе тауып, қомақты ой айта алады екен. Әлдихан шығармаларын оқыған адам осындай ой түйіп, жазушының шыншылдығы мен сыршылдығына тәнті болады.
Әлдихан Қалдыбаев - балалар тақырыбына әңгіме жазудың айтулы шебері. Бұл жөнінде қазақ балалар әдебиетінің белгілі өкілі, білгірі Машқар Гумеров пікірін келтірген мақұл деп білеміз. «Мектеп жасына дейінгі балалар мен төменгі класс оқушыларына арнап өндірте әңгіме жазып жүрген қаламгерлер саусақпен санағандай аз. Сол аздың бірі де, бірегейі де Әлдихан десем, асыра айтқандық бола қоймасдеп ойлаймын». Бұған қосыпалар не болсын, өте дәл айтылған.
Әлдихан 1939 жылғы 3 қазанда Жамбыл облысының Шу ауданындағы Кербұлақ ауылында (қазіргі Жамбыл атындағы ұжымшар) туған. Қазақ әдебиетінің тағы бір талантты өкілі -Қарауылбек Қазиев, атақты «Ерке сылқым» күйінің авторы Әбдімомын Желдібаев үшеуі балалықтың бал дәуренін бірге өткізіп, алыс арманға бірге аттанған, яғни астанаға оқу іздеп барған. Студенттік шақтары да бірге өткен. Арман-аңсарлары бір болған. Кейін өмір оларды әр шалғайға бастаған. Әлдихан әскер қатарынан оралғалы бері Жамбылда тұрып, еңбек етіп келеді. Облыстық «Ақ жол» газетінің редакторы. Журналистің ауыр қызметін абыроймен атқара жүріп ол өзі сүйген әдебиетті бір сәт те естен шығарған емес, есесі - біз жоғарыда әңгіме еткен, балалар әдебиетінің алтын қорына қосылған шығармалары. Өмірден көргені, түйгені мол қаламгердің әдебиеттің ең қиын жанры -драматургиядағы қадамы да сәтті. «Қайран Ынтықбай ағай-ай!» комедиясы республикалық теледидардан оқтын-оқтын көрсетіліп тұрады. «Сәлім-Сәлима» драмасы еліміздің бірқатар театрларында жүріп жатыр.
Астанадан жырақта тұратын қаламгерлердің жағдайы қазан қүлағына жақын отырғандардан басқашалау, кітаптары азырақ шығады, әділ бағасын алуы кемшін соғады. Алдайда, таланттың аты талант, оған қашан да, қайда да жол ашық. Әлдихан Қалдыбаев - барлық жазғандары жарық көрген, мақтаудан басқа сөз естіп көрмеген жазушы, өзінің ұлы ұстазы Бердібек Соқпақбаев құсап социалистік реализм әдісінің кеселіне еш шығармасын шалдықтырмаған таза, талғампаз талант.
Айтатын кез әлдеқашан келген, балалар мен жасөпірімдерге арналған он екі кітап, үш пьесаның авторы Әлдихан Қалдыбаев - қазіргі балалар әдебиетіндегі ең ірі тұлға. Оның таңдаулы шығармалары біраз шетел тілдеріне аударылған, алды өзімізде үш рет қайта басылды.


БЕРДІБЕК БЕРГЕН БАТАСЫН
(Әлдиханға)
Есенбай ДҮЙСЕНБАЙ,
республикалық жыр мүшайрасының бас жүлдегері.
Жұмақтай Шуда мекенің,
Жұптарыңызды жазбай көп,
Қарауылбек пен екеуің
Қатар ұштыңдар қаздай боп.
Көргенде алғаш сені мен,
Өзіңнен озған өңге жоқ.
Көркем әдебиетке келіп ең,
«Көк дөңгелекпен» дөңгелеп.
Балпаңдап бара жатасың,
Баладай көңілі кең дала...
Бердібек берген батасын
Беделді қазақ сен ғана!
Ұнатқан елі һәм жиһан,
Ұлылық сөйтіп елеген.
Қалдыбайұлы Әлдихан
Қаламын ерте жебеген.
«Шабыттың оты маздасын», -
деп халқың тілек толғайды.
Балаларға арнап жазғасын,
Қартаю, сірә, болмайды.
Ендеше, дәйім мәңгі екен,
Балдырған дәурен бал тұсың.
«Әлди де әлди» Әлдекем,
Әлікісәллем Алпысың!
ҚАЗІРГІ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ЕҢ ІРІ ТҰЛҒА
Елен ӘЛІМЖАН.
«Айтатын кез әлдеқашан келген, балалар мен жасөспірімдерге арналған он екі кітап, үш пьесаның авторы Әлдихан Қалдыбайұлы - қазіргі балалар әдебиетіндегі ең ірі тұлға».
Биыл ғана «Өнер» баспасынан жарық көрген жазушының 25 баспа табақтық таңдамалыларына жазған алғысөзінде өмірден ерте озған талант Мұрат Сыздық осылай депті.
«Қазіргі балалар әдебиетіндегі ең ірі тұлға». Меніңше, Қалдыбаевтың 40 жылдық шығармашылық еңбегіне берілген басты баға осы. Жазушыға бұдан артық сый болмайды. Бұндай сый көптеген таланттардың маңдайына жазыла да бермеген. Өйткені сан ғасырлық тарихы бар әдебиет әлемінде талай талантты сарбаздар мең сардарлардың салып кеткен жолы бар. Бірақ қазақ балалар әдебиетінің орны бөлек. Ежелгі ертегі-аңыздарды қоспасақ, ол өз сарбаздарын кештеу жасақтап, кенжелеу дамыды. Шын сардарларын да енді-енді атап-түстеп жатқандай.
Мұратта жазушы, балалар әдебиеті деген әлемнің білгірлерінің бірі еді. Сондықтан да оның сөзін, оның үстіне салиқалы баспаның сүзгісінен еткен сезін асыра әспеттеу деуге болмас. Марқұм тірі жүргенде артынан ерген ағасының мерейтойында баяндаманы төгілтіп тұрып өзі жасаған болар еді. Енді, міне, Мұраттың шегелеп айтып, тасқа басып, таңбалап кеткен сол анықтамасын қалың оқырманға таратып, талдап беру міндет бізге қалып отыр.
Ол үшін алдымен қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың сөзіне жүгінбесек әруақ аттағандай болармыз. Ол кісі былай депті: «Балалар дүниесін әдемі игерген және балауса ұрпаққа ғажап әңгіме, ертегі, хикаяттар берген Әлдихан біздің әдебиетімізге жарқын беттер қосты». Мұраттың берген бағасының төркіні бәрі аузына қараған ата жазушының осы бір дуалы сөзіне барып тірелетінін байқау қиын емес.
Бәлкім, балалар әдебиетінің кенжелеу дамығанынан, бәлкім, көптеген жазушылардың онда ұзақ ат шалдырмай желдіріп өткенінен, ал, бәлкім, балаларға арнап жазудың екінің бірінің қолынан келе бермейтінің қиындығынан болар, Әлдекеңнің студент кезінде жазған әңгімелерін, жарық көрген тырнақалдысы «Көк дөңгелекті» оқыған аға буын оған бірден жылы қабақ танытып, қамқор болды. Сөйтіп ол кейін қазақ әдебиетінің кесек тұлғаларына айналған курстастарының ішінде өз соқпағын алдымен салып, сол жолдан бұрылмастан жанрға деген адалдығын танытып келеді.
Әрине, бұл жолда жазушы жеке-дара емес. Бұл күнде қазақ балалар әдебиеті кемшілігінен арылған. Сапарғали Белагин, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев сынды аға прозаиктерді былай қойғанда, мерейтой иесімен қатарлас немесе ізін басқан үлкен шоғыр өсіп жетіліп, бұл жанрда өз ізін салып, өрнегін қалдырып келеді. Альвер Швейцер деген өнер зерттеушісі Иоганн Себастьян Бахтың партитураларын зерт-тегенде «Сол замандағы сазгерлердің партитураларынан еш айырмашылық жоқ. Тек өлшемі молдау, өз сезімін еркінірек ашады» деді. Бахты ұлы композитор еткен де замандастарынан сәл ғана өзгешілігі екен. Демек, Әлдиханды дуалы ауыздарға алдымен іліктіріп отырған да балалар әдебиетінде еңбек етіп жүрген өзге әріптестерінен гөрі оның қаламының сезім өлшемін сәл де болса молдау піше білетіндігі.
Қалдыбаев 40 жылда жеті хикаят, 70 әңгіме, ертегі, мысал, 3 пьеса жазыпты. Көлем жағынан оны он орап кететіндер баршылық. Бірақ Әлдекеңді олардан оздырып тұрған оның әңгімелерінің әдебиет классиктерінің қатарында әлдеқашан мектеп оқулықтарына, түрлі жинақ-христоматияларға кіргізілгендігі. Төл туындыларының жинағы төрт дүркін қайта басылып, орыс, белорус, армян, татар, түркімен тілдеріне аударылуы.
«Мы родом с детства» дейді балалар психологиясының әлем мойындаған маманы А.Экзюпери. «Бәрің де бала болғансыңдар» дер еді қазақ кәриесі. Әлдихан Қалдыбаевтың балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыстың тұсында басталды. Фин соғысы жүріп жатқанда дүниеге келген перзент әлемдік қырғын аяқталғанда 6 жаста екен. Соғыстың сәби сезімін ерте шымшылап, түйсігін ерте түйгілейтінін ескерсек, оның сол 6 жасын-ақ түйгені мол болған.
«Мен махаббатты 3 жасымда сезіндім» деп жауап беріпті жазушы оқырман сұрағына. Құдай-ау, 3 жасында не сезінгенін біліп жүрген неткен ес?! Бұл да болса, болашақ жазушыға берген Алланың сыйы шығар. Бірақ, оқырман білетін ақиқат - оның бір хикаятының бас кейіпкері Рахима атты екі жасар сәби. Екі жасар сәби қарекетін өткінші эпизод етпей, бүтін бір хикаят арнауы –жазушының шынында да балалар әлемінің білгірі екенін дәлелдеді. Қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде екі жасар сәби өмірінен хикаят жазған жазушы, сірә, Әлдихан Қалдыбаев қана шығар. Жазушы адамдар қатынасын екі жасар сәбидің түйсігімен қабылдап, жаңа шығып келе жатқан тілімен суреттейді.
Жалпы ол қандай кезеңді, қандай оқиғаны болмасын, бала көзімен қарап, немесе балаларға арнап жазады. Қазіргі солдат өміріне қалам тартқан санаулы жазушылардың бірі де Әлдекең еді. Ол бұл тақырыпты да мектеп оқушыларына лайықтап игерді.
Сонымен бірге жазушы ертегілер де, мысалдар да жазды. «Нан қиқымы», «Арманына жеткен айбалта», «Қызғалдақ - қуаныш гүлі», «Көлдей көлеңкеге сыймаған екеу», тағы басқа мысалдар оның натуралистік қырын да ашты.
Жазушының «Жаңа дос», «Су тасушы Әшірбек», «Қос тентек», «Оқуды аңсаған Арал», «Бауыржан деген бала бар», тағы басқа толып жатқан әңгіме, хикаяттары, балалардың «ойын баласы» ғана емес екенін, болашақ азаматтардың мінез-құлқы дәл осы кезде қалыптасатынын, Аркадий Гайдарша айтқанда «балалардан былғары сиякты етік те, бәтеңке де тігуге болатынын» аңғартады. Қарапайым да шұрайлы тілмен жазылған бұл шығармаларды үлкендер де қызға оқиды.
Оның кейіпкерлері негізінен 40-50 жылдардың адамдары. Ол жасаған полотналар - сол кездегі ауыл суреттері. Суреткер сомдаған характерлердің ішіндегі ең айшықтысы - Шаншар атай. Бұл бейнені ол «Шаншар атайдың шертпегі» атты әңгімесінде бастап, «Шаншар атай» хикаятында шыңына шығарады да, осы аттас комедияда бояуын түрлендіре түседі. Әдеби қауым «Шаншар атай» хикаятын автордың ғана емес, қазақ балалар әдебиетінің табысы ретінде қабылдады. Ал, Шаншар атай образы – қазақ әдебиетіндегі ең жарқын, қайталанбас образдардың біріне айналды.
Рас, бұрынды-соңды қазақ әдебиетінде ауыл қарттарының талай бейнесі жасалды. Бірақ Шаншар олардың бірде біреуіне ұқсамайды. Зергер суреткер Шаншар бейнесін өзіндік қолтаңбамен өзгеше суреттеген. Сондықтан да шығарма ширек ғасырдан астам уақыт бойы өзіне көлеңке түсірмей, кейінгі толқынның астында көмілмей келеді. Бір көлеңке түсірсе, оған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым - Қожасы» түсірер еді. Өйткені «Менің атым - Қожа» бұрын жазылып, оқырмандарын да бұрын баурап алды. Ал, «Шаншар атай» болса, Бекеңнің осы шығармасының шуағында көктеп шықты. Шын мәнінде Қожа мен Шаншар бір-бірінен мүлдем бөлек, бірақ, қазақ әдебиеті бірдей керексініп отырған бейнелер еді. Сондықтан да «Менің атым - Қожа» киноэкранға шығып, қазақ киносының ең үздік туындыларының біріне айналса, «Шаншар атай» сахнада қойылып, Бүкілодақтық театр фестивалінің бірінші жүлдесіне ие болды.
Шаншар атай - соғыс жылдарында ауылда қалған азғантай қарттарының бірі, ауыл иесі. Бір қарағанда қырсық, бір қарағанда қатал, тіпті қатыгез бе деп қала жаздайсың, ал енді бір қарасаң мейірімді де арманшыл. Оның барлық қырсықтығы да, қаталдығы да, мейірім-шуағы да, арманы да ата дәстүріне лайық ұрпақ тәрбиелеуге арналған. Бүкіл ауыл баласы, соның баласындай. Қазіргі тілмен айтқанда Шаншар бейнесі - энтопедагогиканың нағыз үлгісі. Бір қызығы заманына лайық «пионер», «комсомол», тіпті «бригадир», «бастық» деген ұғымдар бұл шығармада мүлдем жоқ екенін мен енді аңғардым. Біртәуірі әдетте балалар әдебиетіне шекесінен қарайтын сол кездің сыншылары да бұған назар аудармапты. Есесіне бұдан көп кейін атақты Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалаған тарғыл төбет» атты аз халықтардың өз ұрпағын сақтап қалу үшін жанталаса күресіне арналған хикаятын оқығанда менің есіме бірден Әлдекеңнің «Шаншар атайы» түсті. Мәскеуден келіп, бүкілодақтық фестивалға қатысқан спектальдерді көрген комиссия мүшесін де ең алдымен тәнті еткен Шаншар атайдың халықтық құнары болатын.
Сол Шаншар өлер алдында хикаятты баяндаушы Әлден атты баланы шақырып алады да, «Кер биеге мініп шауып келші, көріп жатайын» дейді. Қарт ұрпағының атқа шапқанын көріп жатып, Алланың аманатын тапсырады. Әлден болса, қайтар жолында «Атамайлап» ат қойып келеді. Оқып отырып байқамаппыз, өмірден қарт өткенімен, бала есейіпті. Қарапайым, бірақ қайталанбас сурет. Нағыз қазақ қартының өлімі. Нағыз қазақ жазушысының суреті. Автордың философиясы да, суреткерлігінің өзгелерге ұқсамайтын өрнегі де осында жатыр.
Жазушы шеберлігінің сыры да шығармаларының тілі мен сондағы баяндалар оқиғаларының табиғилығында. Бейнебір өмірдің өзінен ойып алып, кітапқа қондыра салған сияқты. Ал, шын мәнінде, сәл де болса жасандылыққа, мысқал да болса, саясаттың салқынына жол бермей жазу қиынның қиыны. Ол үшін жазушыға ерекше болмыс керек.
Аға қаламдасымның шын болмысын мен биыл оның мектеп оқушыларымен кездесулеріне бірге барғанда ғана танығандай болдым. Лездеме-жиналыстарда ресми сөйлеуге тырысатын редакторым балалардың арасында, шынында да, өз адамыңдай екен. Шын рахаттанып, олармен баладай араласып кетті.
Бірақ, оның өмірінде мұндай сәттер көп болған емес. Өйткені ол еңбек жолын Аралдың ақшағыл құмдарының арасындағы ауыл мектептерінің бірінде бастағанымен, әскери міндетін өтеу парызы мұнда ұзақ байырқылатпады. Оған мектептен кетсе де, шығармашылық еркіндігі бар балалар, әлде әдеби баспа-басылымдарының бірінің пұшпағын илей жүріп, таңдаған тақырыбын игеру мүмкіндігі де бұйырмады. Ол мұндаға дейін күнде шығып, материалдарды комбаинша жұтатын ресми газетте қызмет етіп келеді. Егер жазушының аз жазғаны кемшілігі болса, оның себебін де осыдан іздеу керек. Бірақ, ол - жазушының қоғам өміріндегі белсенділігін танытатын журналистік қызметін адал атқарып келе жатқан қаламгер. Журналист Қалдыбаевтың жазғандары көлемі жағынан жазушы Қалдыбаевтың жазғандарынан, әрине, әлдеқайда көп. Бірақ сөздің қадірін білетін қаламгер уақытында керек болғанымен, күнделікті күнкөрістік проблемаларға арналған очерк, мақалаларының бәрі бір уақыт шаңына көмілетінін сезіп, жинақ етіп бастыруды қажет етпейді.
Есесіне ол «Ақ жолдың» облыс әдебиетшілерінің орталығы болып қала беруіне қатты көңіл бөлді. «Кез келген бөлім меңгерушісін менің орныма редактор қоюға болады» деп желпінер еді кезінде «Еңбек туына» («Ақ жолдың» бұрынғы аты) небір талантты жігіттер мен қыздарды жинаған ағамыз Баттал Жаңабаев. Осындай тәрбие көрген Әлдекең де көптеген жастарға жөн сілтеп, жолға салды, Жарылқасын Аманов, Тынышбай Рахимов, Мұса Рахманбердиев, Мәдина Көбеева, Айша Көпжасарова, Мұрат Сыздық, Толымбек Әлімбек, Доқтырхан Тұрлыбек, Маралтай Ыбыраев, Ғани Ізбасарова және басқа толып жатқан ақын-жазушылар Әлдекең әдебиет бөлімін басқарған немесе жетекшілік еткен жылдары үлкен әдебиетке «Ақ жолдан» жолдама алғандар. Дәл осындай тізімді журналистер арасынан да тізіп шығуға болар еді. Бірақ олардың қатары тіпті көбейіп кетеді. Сондықтан да мен Әлдекеңнің бірір жас үлкен қаламдастары Жақсылық Сәтібеков, Арғынбай Бекбосынов бастап, кейіннен Серік Аббасов сынды інілер қостап, облыс журналистері болып атқарған бір ғана жұмысын айтайын.
Ұлт республикаларына, оның ішінде Қазақстанға да қара күйе жағып, бүкіл халқына «ұлтшыл» деген айып тағып, ел басқарған азаматтарын отыз жеті-отыз сегіздегідей түрмеге тоғытпақ болған Андропов-Горбачев саясаты тұсында бұл қиянатқа қайыспай қарсы шығып, алдымен атойлағандардың бірі «Ақ жолдың» журналистері еді. Олар ұлттық рухы көтеріп, ұлттық намысты жанып, Дінмұханбет Қонаев, Асанбай Асқаров, Қайрат Рысқұлбеков сынды аяулы ұлдарын, солар арқылы бүкіл қазақ халқының арын қолдады.
Желтоқсан оқиғаларының бейне көріністері тұңғыш рет пайдаланылған «Желтоқсан жаңғырықтары», «Асқаровтың ісі» атты телесериалдар Жамбыл телерадио компаниясында жасалды. Бұл бастамаларды артынан бүкіл республика баспасөзі мен жұртшылығы қолдап кетті. Ел басына күн туғанда үлкен істерге бара алатындығын көрсеткен «Ақ жолдың» қаламгерлерінің арасында оның сол кездегі редакторының орынбасары, қазіргі бас редакторы Әлдихан Қалдыбаев та бар еді.
Міне, солай ұзақ жылдар бойы Шерағаң, Шерхан Мұртаза айтатын өз талантының қос қанаты -жазушылық пен журналистиканың ешқайсысын өгейсітпей тең қағып келе жатыр.
«Қазіргі балалар өмірінен роман жазып жүрмін. Бар білгенім мен түйгенімді соған саламын», - дейді ол.
Талантыңның қанаты талмасын, қонар шыңы биік болсын, дейміз оған.


БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ КӨРКЕМ ШЕЖІРЕСІ
Ғабит ТҰЯҚБАЕВ.
Жақында қазақ балалар әдебиетінің саусақпен санарлық ірі екілдерінің бірі, жерлесіміз Әлдихан Қалдыбаевтың «Ата» таңдамалы шығармалар жинағы қолымызға тиді. Жинақ респу-блика Ақпарат және мәдениет министрлігінің жоспары бойынша жарық көрген. Кітап шығару аса қиын болып қалған мына заманда Әлдекең таңдамалысының министрліктің жоспары бойынша жарыққа шығаруында да үлкен қажеттілік болса керекті. Оның бір жағы балаларға арналған шығармалардың қазіргі кезде сая-бырсып қалғандығында жатса, ең бастысы - жазушы қаламынан туған дүниелердің оқырман талабына сай, көркем шығармалар екендігінде.
Сонау студент кезінде шыққан тұңғыш әңгімелер жинағы «Көк дөңгелек» пен алпыстың асқар биігіндегі «Ата» таңдамалы шығармалар жинағының арасы қаламгердің өсу, кемелдену, шеберлік шыңдау жолы болғандай. Осы уақыт аралығында жазушы қаламынан туған жетпіске жуық әңгіме-ертегілер мен ондаған повестер қазақ балалар әдебиетінің қорына қосылған құнды дүниелер болып табылады.
Жазушы мақсаты анық. Ол – келешек ұрпақты өз шығармалары арқылы адалдыққа, еңбек сүйгіштікке, парасаттылыққа, тазалыққа тәрбиелеу. Осы мақсатқа жету жолында қаламгердің өзіне тән өрнегі, айшық бедері бар. Жаны қысылғанда қаңтардағы қарда пимасын шешіп тастап жүгіре беретін Әлдекең, шілденің ми қайнатар ыстығында «табанды қыздырып, балтырды сыздататын» ұзақ жолда жалаң аяқ жүретін шыдамды Шәкір, фляг тола суды ұршықша үйіретін еңбеккеш Әшірбек сынды шыныққан шымыр кейіпкерлеріндей, Ә.Қалдыбаев шығармалары да шымыр. Тілге жеңіл, жүрекке жақын. Ықшам да жинақы. Шым-шытырман оқиға, оқырман жалығатындай бос әңгіме жазушы үшін жат. Аз сөзбен түйінді ойды жеткізуде жазушы шеберлік танытады.
Көз алдымызда өтіп жатқан әр оқиға, әр кейіпкер бізге таныс. Бірі - парталас досың болса, екіншісі - қауын ұрлауға бірге барған жорықтасың, үшіншісі - аяқ асты бүлдіріп алған ісіңді үлкендерден немесе мұғалімдерден жасыруға көмектесетін ауылдас досың. Ал мына көрші үй сен үшін де ыстық. Ол үйде кірген-шыққанын сен қалт жібермей бақылап отыратын бір жан бар. Кейде өз басыңнан өткен оқиғаны автор көріп тұрғандай қуыстанатының да рас. Шығарма шыншылдығы мен шынайылығы дегеніміз осы болса керк.
Қайсыбір шығармасын алып қарасаңыз да, жазушы өз кейіпкерлерінің бойынан адамгершілік қасиет іздейді. Бұл - қаламгердің келесі бір ерекшелігі. Ө.Қалдыбаев шығармаларынан көркем әдебиетте қалыптасып кеткен бір-ақ бояулы «жағымсыз образдарды» табу қиынның-қиыны. «Қос тентектегі» - сотанақ Марат, «Су тасушы Әшірбектегі» - жалқау Тілеген, «Солдат болу оңай мадағы» өктем «старик» - Скоробогатовтардың өздерінде де адам сүйсінерлік қасиеттер бар. Жазушы өз кейіпкерлерін оқырман алдында ақтап алып, оны жағымды жағын да көрсеткенше асығады. Педагогикада бала тәрбиелеу процесіндегі ең басты әдістің бірі –оның адамгершілік сезімін ояту деген ұғым бар. Көркем әдебиетті тәрбие құралы десек, педагог-жазушының өз кейіпкерлерін жамандыққа қимауы заңды да түсінікті.
Әлдихан Қалдыбаев шығармаларындағы ерекше тоқталар образ Шаншар ата. Шаншар ата бірде жамандыққа жаны қас, аңқылдақ ауыл ағасы болса, бірде өз ұрпағының болашағын ой-лар ақылгөй қарт. Ал бірде сырттай қаталдау көрінгенімен жаны жомарт ел қамқоры. Қаламгер өзінің кішкентай оқырмандарына абырой мен атақтың, бедел мен бақ-дәреженің не екендігін Шаншар ата арқылы жеткізуге тырысады.
Сондай-ақ бүгінгі жасөспірімге Балабек пен Шекердің салар ойы да салмақты. Адам сезімін арзандатып жіберген шетел фильмдеріне қарсы тұрар бірден-бір құрал осындай туындылар екендігінде дау жоқ.
Балалар жазушысына қойылатын ең басты педагогикалық талаптың бірі - баланың жас ерекшелігін үнемі есте сақтау. Бұл баланың әр кезеңдегі психологиясын, яғни оның көңіл-күйіндегі, ой сезіміндегі, іс-әрекетіндегі өзгешеліктер мен ерекшеліктерді терең білу деген сөз. Бұл орайда жазушы-психолог өзінің шығармашылық шекарасындағы адамдар психологиясын терең меңгерген. Аяғын тәй-тәй басқан Рахиманың сәбиге тән қылықтары мен бойжеткен Шекердің жүрек лүпілінің сенімді суреттелуі осының айғағы.
Екінші бір дәлел - жазушы шығармасының тілі. Әсерсіз әсірелеулер, ұшы-қиыры жоқ түсініксіз сөйлемдер мен бала ұғымына ауырлау тиетін сөздер жазушы қаламына жат. Жатық та шұрайлы тіл өз оқырмандарына түсінікті. Мына бір үзіндіге көңіл аударайық:
«Мен ауылға қарай желе шоқырақтатып жөнелдім. Өзіміздің үйдің тұсына келе бергенде естідім, Шаншар атайдың үй жағынан шу шығып қалды. Мен таяп қалғанда, ол үйден апам шықты. Өңі бұзылып кетіпті.
- Балам, Айыр жәкем жүріп кетті.
Түсінбей қалдым.

-Қайда?
- Сен үйге кірмей-ақ қой, атаң жан тапсырды. Тағы түсінбедім.
- Кімге? Не тапсырды?
- Байғұс балам-ай, енді не десем екен? Өлді.
Бұдан әрі не болғанымды білмеймін. Шапқан бетіммен келіп, аттан секіріп түсіп, Шаншар атайды бас салып жылаппын». Осы жерде автор сөйлемді «ол үйден апам шығып, атаң өліп қалды»,- деді деп жазса, бұл көркем шығарма үшін қарадүрсін болар еді. Жазушы шеберлігі - диалогты пайдалана отырып, атасының қайтыс болғанын жеткізуінде.
Ә.Қалдыбаев шығармалары толығырақтоқталып, кеңінен пікір айтуды қажет етеді. Біздің бүгінгі мақсатымыз - оған жеңілдеу шолу түрінде болса да пікірімізді білдіру ғана еді.
Қысқасы, өзіңнің балалық шағыңды сағынсаң, Ә.Қалдыбаев шығармаларын қолыңа ал. Одан өзінің де, тай-құлындай бірге өсіп, балалықтың бал дәурен бақытты шағын бірге өткізген құрбы-құрдастарыңды да кездестіресің. Бір сәт мынау күйкі тірліктен алыстап, өзіңнің бақытты балалық шағыңа қайта ораласың.
ТАНЫМЫН БАЛАЛАРДЫҢ ДӨП БАСҚАНДАЙ...


Айша МҰСАХАН, №45 қазақ классикалық гимназиясының 10 сынып оқушысы.
Жамбыл топырағында туып-өскен балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаевтың шығармаларымен өткен жылы мектепте кездесу ұйымдастырылғаннан бері етене таныса бастағанымды жасыра алмаймын. Жазушы - өмірдің айнасы десек, сәбидің жан-дүниесінің әлемін тек балалар жазушысы ғана ұғынып, оқырман жүрегіне жеткізетін болар. Ә Қалдыбаевтың шығармаларын оқып танысқанда, балалығы соғыстан кейінгі жылдарда өткен қазақ жігітінің, тіпті тұтастай қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі көз алдыңа келеді,
Жазушы ауыл адамының жанын терең түсінеді. Тілі де жатық, артық сөзі де жоқ. Қысқа сөйлемдер балалар үшін оқуға да, түсінуге де оңай. Меніңше, осының өзі балалар жазушысына тән қасиет болса керек. Қай әңгімені оқысақ та тиянақты баяндалған оқиғаны көреміз. Ал, сол оқиғаның сыртында қаншама мінез, ізгілік пен адамгершілік бар десеңізші. Бейне бір жазушы: «Өзің көр де түсін» деп тұрғандай. Мысалыға «Бүлдірген тере барғанда» деген әңгімені алайық,
«Бүгін де Сөрелі сайдағы бүлдіргеннің қалың шығатын жеріне келсек, қап-қара боп тұнып тұр екен. Жанымда өзіммен бірге оқитын Рақтай деген жолдасым бар. Екеуміз:
Ойпыр-ай, қалыңын-ай!
Піскен-ақ екен, тегі, - деп таңданысып, аттан асығып-үсігіп түсе бастадық».
Осы абзацта табиғат көрінісін ұзақтан-ұзақ суреттемей-ақ, екі-үш сөйлем арқылы көз алдымызға әкеледі. Өз қиялың шарықтайды. Қызығасың. Бал-балалығыңа басқа тұрғыдан қарайсың. Туған жеріңе деген сағынышың оянады. Бұлар еліктің лағын ұстап алған. Бірақ оның өксіп жылаған нәзік даусына, бұлардан сескенбей қарсы ұмтылған елікке жаны ашып, лақты қоя бере салады. Бұл әңгімені оқыған баланың жүрегінде табиғат еркесіне деген аяныш сезімі оянары сөзсіз, Қысқа әңгіменің оқиғасы әрі қызық, әрі тартымды. Сондыктан да болар, әңгіме «Еліктің лағы» деген атпен 3-сыныптың «Ана тілі» оқулығына енген.
Ә. Қалдыбаевтың «Көк дөңгелек» атты әңгімесі жазушыны бала психологиясының зертетушісі деп айтуға негіз береді. «Серікбек пен Мараттың қызықты ойының бірі дөңгелек қуу» деп басталатын әңгіме соғыстан кейінгі балалардың алаңсыз балалық шағын әдемі бейнелейді. Басқа дүниенің бәрін ұмытып, бір әдемі сиқырлы әлемге кіресің. Даусы қоңырауша сыңғырлаған, сыры жалтырап тұрған Мараттың жап-жаңа дөңгелегін шөп арасынан тауып алған Серікбек оны иемденгісі кеп мойнына киіп ала қояды. Досын жылатып алғанына да қарамайды. Бірақ, өкінішке орай, көк дөңгелек қайтып мойнынан шықпай қалады да, Серікбек бақырып жылай бастайды. Шешесі оны жетектеп, әлгі досының әкесі Әбдірахман ұстаға алып келіп, шығартып алады. Әбдірахман ұста да: «Жаңа ғана Марат осы дөңгелекті іздеп ойбай салып еді, бұзақыны дөңгелектің өзі жетектеп келгенін қарашы», -деп салды. Серікбек үшін бұл үлкен сабақ болды, енді қайтып Маратқа тиіспеуге бел байлады, Бұзақы баланы адам емес, оқиғаның, атап айтқанда, - бұзақылығының өзі тәрбиелеп, жаман әдеттен қашыртады. Қандай тапқырлық десеңізші.
Ә. Қалдыбаевтың екі жасар Рахимасы да, қарт Шаншар атайы да тамаша кейіпкерлер. Рахима сияқты кіп-кішкентай кейіпкерді мен әлі кездестіргенім жоқ. Басқа жазушылар ондай сәбиді тек сырттай ғана суреттеп қойса, Ә.Қалдыбаев оның ойнағанын, қуанғанын, өкпелегені мен қимастық сезімін, қуанышын өте орынды суреттейді. «Рахима Бауыржанға қарай берді де, жылап жіберді. Орнынан тұра салып, есікті кездеді. Құлдыраңдап барады». Бұл Рахиманың жатырқағаны. Ал ол ауылдан аттанарда автормен бірге жүрегің сыздап, сәбиге деген қимастық сезімін оянады.
Жазушы Әлдихан Қалдыбаев оқушылармен кездескенде «Мен феноменмін» деген еді. Шынында да балалық шағының небір әдемі ернектерін жадына сақтап, оларды балаларға жеткізу арқылы тәрбие саласына үлкен еңбек сіңірген жазушыны нағыз педагог десе, еш артыктығы жоқ дер едім. Мен Әлдихан ағаны осы шығармалары үшін аса құрмет тұтамын.


ӨМІР ЖЫРЫ
Кәрім БАЯЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Мен бұл кітаптың алғашқы бетін ашқаным сол екен, одан бас көтере алмадым. Қазақтың қысқаша құрылған қарапайым сөйлемдерін бұлайша ойната, жырлата білген шығармаларды көптен бері кездестірген жоқ едім. Шынын айтсақ, кейбір өздерін «классиктер» қатарына қосып жүрген жазушылардың сала құлаш құрмалас сөйлемдерінің нүктесіне жетіп оқып түсінгенше, малтығып, тұншығып, тынысың тарылып бітетіні бар емес пе. Ал мына кітаптағы небәрі төрт-бес сөзден құралған сөйлемдер көз алдыңызға небір ғажайып суреттерді елестетеді, құлағыңызға ән-күй сазын әкеледі. Кәдімгі, Абай айтқандай, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, бөтен сөзбен былғанбаған сөз сарасы - нағыз поэзия тілі шебер қаланып, өмір жырын өрген.
Аттан құлап, аяғы сынып, айдалада қалған Алданыштың (Әлдештің) көзімен сол заманның келбеті кинолентадай өтіп жатыр, өтіп жатыр. Ашаршылық та, соғыстан кейінгі жылдар да, колхозға ұжымдасқан ел тірлігі де - бәр-бәрі.
Бір сымның бойына тартылып, шебер ширатылған сюжет ә дегеннен-ақ оқырманды жетелеп ала жөнеледі. Бас кейіпкер Алданыш аттан құлағаннан бастап «енді не болар екен?» деп тағатсыздана оқи бересің, оқи бересің. Оқиғалар бірінен бірі туындап өрби береді, өрби береді.
Әуелі Алданыштың өз өмірі еліктіріп әкетеді. Сөзді оның өзіне берейікші:
«Мен шешемді «әкпе», әкемді «жезде» деймін. Оның мәнісі - мені нағашы апам мен жарық дүниеге келмей тұрып өзіне меншіктепті.
Менің шешем Әміржан - апамның үлкен қызы. Мен шешемнің інісі Әлдижан ағам ер жетіп, сіңлісі Бүбісара бойжеткен кезде туыппын. Ағамды әскерге қызмет етуге шақырған, әпкемді болашақ жездемнің әкесі Әжіке атам айттырып келген жылы, яғни 193,9 жылдың наурыз айында туғанмын мен. Баласы мен қызының алысқа аттанып кетіп, жалғыз қалатынын білген апам: «Әміржан аман-есен босанса, ұл болсын, қыз болсын, өз пешенемнен, асырап аламын», - дейді екен. Үлкеннің айтқанына кім қарсы келсін, апамның ұйғарғаны болыпты. Маған апама алданыш болсын деп, Алданыш деген есім беріліпті. Сөйтіп, мен емшектен шығысымен қоржын тамның шығыс жақ басындағы өз жұртымнан батыс жақ басындағы нағашы жұртыма қоныс аударып, «Айшаның баласы» атаныппын. Ізінше Әлдижан ағам әскерге шақырылып, Бүбісара әпкем тұрмысқа шығып кетіпті.
Содан бер мен - апамның бар арманын артқан баласымын. Біз, есебі екі түтін болғанымен, бір үйміз. Апам біздің бәрімізді де - ағам Шәкенді де, қарындастарым Ізбала мен Бағдагүлді де, інім Бекежанды да жақсы көреді. Сөйте тұра апам мені туған баласы санап, ерекшелеп, бөлектеп отырады. Мен сөйтіп кішкентайымнан апама тән болып, тілім әкемді «жезде», шешемді «әпке» деп шыққан».
Енді сол апасының баласы Алданыш тыным таппай ала өкпе боп жүретін Вовамен намысқа тырысып, ат жарыстырамын деп жүріп жығылып жатысы мынау. Қозғалуға шамасы жоқ. Вова үйлеріне хабар беруге кеткен. Өзі өтіп пұшайман болып жатып, апаларын аяп езіліп, егіліп кетеді. Вовадан ести салысымен апалары екі екпесін қолына ұстап ұшып келе жатқан шығар. «Айналайындар-ай, азапқа салдым-ау мен сендерді!» - деген өкініш өзегін өртейді. Амал жоқ, тістеніп шыдау керек. «Мынау мүшкіл халіме енді көз жасым қосылса, апам мен әкпем мүлде шермеңде болып өксіп өкірер».
Апасы бәрібір шыдай алмады. «Қайттік енді, күнім-ау!» - деп, дауыс шығарды.
Екеуінде де өң-түс жоқ, бет-ауыздары пора-пора тер.
Алданыш байқап қалды, әкпесінің де екі көзі білеуленіп қызарып кетіпті. Екеуі де аяғының сынғанын Вовадан естіген сәттен бастап көз жастарына ерік берген.
Әкпесі өзін-өзі қаншама тоқтатып, көз жасын көрсетпейін-ақ дегенімен, ол құрғыры демнің арасында мөлт етіп кірпігіне қонақтай қалады. Әкпесі теріс бұрыла беріп кезін асығыс сүртіп, балаға қайта қараған сәтте бір тал кірпігі бетінің ұшында жабысып тұрды.
Ақырында, екі ана да көз жастары мен еңіреген дауыста-рына ерік береді. Көп отырады, не істерін білмейді, өздерінен басқа ересектер де жоқ, бәрі тіршілік қамымен жан-жаққа кеткен. Қалқабай да алыста. Мына екі ғаріптің баланы орнына қозғауға да, үйге жеткізіп алуға да мұршасы жоқ. Сонымен үйдегі балаларға қарауға әкпесі қайтып кетеді, айдалада апасы екеуі қалып қояды. Түні түскір де суытып қалған, от жағуға тура келеді. Бірақ ол отқа Алданыштың іші де, сырты да жылыр емес. Өне бойын өкініш қысып дірдектетіп өтеді.
Ұйқы деген қайда. Алданыштың көз алдынан өткен өмірі тізбектеліп өтіп жатады, ауыл адамдарының бірінен соң бірі, олардың іс-әрекеттері елестейді. Кейде әбден қалжырап барып қалғып кетсе де ол көріністер түсінде жалғаса береді. Ол тіпті өзінің не ояу жатқанын, не ұйықтап жатқанын біле алмай қалады. Қалай жатса да қалың ойдың шырмауынан шыға алмайды.
Ересектер бірер күннен кейін ғана рыдаун арбамен үйіне жеткізгенімен, ол сол шым-шытырық ойдың шырмауында жата береді. Жақын жерден не дәрігер, не сынықшы табылмайды.
Алданыштың күні енді не болар екен?!
Қойыңызшы, әйтеуір «үһ» деп бір дем шығарғанымда кітаптың 151-ші бетіне бір-ақ келіп кідіріппін. Сонда да тоқтамайтын ба едім, бас кейіпкеріміздің сынған аяғына он төртінші күн дегенде осы арада жан біткеніне айрықша тебіреніп кеткенім.
Сөйтіп, Әлдихан Қалдыбаевтың «Фолиант» баспасынан «Отырар кітапханасы» сериясымен шыққан «Мен - апамның баласымын» атты роман-эссесі оқырманның сезімін сан құбылтады, қилы-қилы қиялға батырады. Адамгершілік, адалдық қайырымдылық, мейірімділік секілді қасиетті үғымдарды жан-жүрегіңізбен қабылдауға әсер етеді.
Романда көптеген адамдардың алуан түрлі образдары сомдалған. Айша мен Әміржанның тек қана мейірбандықтан жаралған тұлғалары өз алдына. Осы екеуінің бейнесін баяндап берудің өзін бір мақаланың көлемі көтере алмас еді.
Қалқабайдан бастап, бір-біріне ұқсамайтын ауыл адамдары, кейбір пендешіліктері болғанымен, сайып келгенде бәрінің жүрегі мейірімге толы. Тіпті жесір кемпірдің қара тайын ұрлаған Көпесбай да үяттан өле жаздайды, тайдың өтеміне биесін жетектетіп жібереді.
Қалқабай - ерекше жаралған жан. Көп артық сөзге жоқ, тек адал еңбекпен күн көруді мұраттұтқан. Балаларға қол жұмсауды, ұрсуды білмейді. Өзінің ойын көз қарасымен-ақ үқтырады. Шіркін, Қалқабайдай сенімді, адал жақындарың көп болса ғой, деп армандайсың. Ол Алданышқа ағынан ақтарыла: «Сенен басқа баланы оқытуға жағдай жоқ, сен оқы. Оқуың жақсы. Сен - менің үміт артқан баламсың», — дейді. Қалқабай - алған бетінен қайтпайтын адам.
Романда бірер рет көрінсе де жарқ ете қалатын Оңғарбай ата да ауылдың дана қарттарының жиынтық бейнесі іспетті. Өзінің оспадарлау баласы Әлібектің кекіліктің жұмыртқасын алып келгеніне қалай ашуланды десеңші. «Бұл жұмыртқалардан шыққан балапандар өріп, кекілік болып, ертелі-кеш беткейде қақылықтап жүрсе, жаман ба еді? Қап. Тобылғылы сай қаңырап бос жататын болды енді!» - деп өкінеді кәрие. Кітаптағы Вова, Әлібек, Мәтен, Базаркүл секілді балалардың іс-әрекет, қылықтарын оқығанда өзің де балалық дәуірге қайта оралғандай боласың, сол кезде балалықпен жіберген кем-кетіктеріңе өкінесің.
Романда кейіпкерлердің бейнесі өздерін қоршаған табиғат, жан-жануарлар әлемімен біртұтас болып ашылған. Жылқылардың, түйенің, аң-құстардың жан-дүниесіне бойлап кетесің.
Осы арада роман жайлы әңгімеден сәл шегініс жасап, авторды мұндай кесек туындыға жеткізген шығармашылық жолына қысқаша шолу жасасақ деймін.
Өткен ғасырлардың сонау алпысыншы жылдарының басында «Көк дөңгелек» атты суретті кітапшамен және «Қос тентек» атты әңгімелер жинағымен ойда жоқта танысқаным бар. Шығармаларда балалардың жан дүниесі нанымды да шебер суреттелгені сонша, мен өзімнің ұмытылып кеткен балалық шағымның кейбір бедерлі беттерін көз алдыма қайтадан елестеткен едім. Мен авторды Алматыда түратын мықты жазушылардың бірі шығар деп ойлағанмын. Өйткені, «Қос тентекте» Алматы маңындағы жерлер аталады.
Содан бірер жыл өткенде әлгі авторымыз Тараз қаласындағы мен қызмет істейтін мекемеге келіп тұр. Өзіміздің жерлесіміз екен. Содан бергі қырық жылдан астам уақыт ішінде бұл ініммен қаламгер, азамат, ағайын ретінде сырлас, мұңдас жандардай өмір кешіп келеміз.
Әсіресе, жас жазушының балаларға арнап жазған екінші кітабы «Қос тентек» атты жинағын әдебиет сүйер қауым жылы қабылдады. Баспасөзде жарияланған мақалаларда қазақ ба-лалар әдебиеті қаламгерлерінің қатарына жаңа талант иесі қосылғаны атап көрсетілді. «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған рецензиясында Рамазан Тоқтаров былай деп жазды: «Әлдихан Қалдыбаевтың балауса балдырғанға арналған «Қос тентек» атты жинағының алғашқы бетінен-ақ біз әуелі өзімізді, өзімізден алыстай бастаған күмбірлеген былдыр тілді бір әлемді көз алдымызға әкеліп, жас баладай мұңсыз қуанышқа бөленеміз... Автордың балалар дүниесін жақсы білетіндігі әрбір әңгімесінен айқын сезіліп тұр. Ол бүлдіршін жас кейіпкерлерін өз ыңғайымен жүргізе бермей, қалаған бағытына шығарып сап, соңдарынан қатал тәрбиешідей бағып, бақылап отырады».
Ал, Сатыбалды Нарымбетов «Жұлдыз» журналында жарияланған мақаласында: «Оқушың - о да бір өзіңнің көңілдесің. Ә дегеннен Ә.Қалдыбаев бауырмалдығын сездіріп қалды, оқырман жүрегін баурап, бас-аяғыңды сүзіп шығып, көргенін қағылездікпен көз алдыңа тоса қойып, ашық жарқын сыршылдығын танытты», -деп жазды.
Әлдиханның алғашқы аяқ алысынан талантты балалар жазушысын таныған республикамыздың белгілі қаламгерлерінің осындай болжамжарын жас жазушы өзінің кейінгі творчестволық жолында толығынан ақтады.
Қырық жылдан астам уақыт Әлдихан балаларға арнап шығармалар жазып келеді, ол жас оқырмандарына он бес кітап сыйлады. Оның ішінде әңгімелер жинақтары да, ровестері де бар. Қазақстан Жазушылар одағының балалар мен жастар әдебиеті жөніндегі кеңесі кезінде өзінің кеңейтілген мәжілісін түгелдей Әлдихан Қалдыбаевтың творчествосын талқылауға арнады. Онда пікір айтқан белгілі әдебиетшілер Әлдиханның республикамызда балалар әдебиетін дамытуға қосып келе жатқан елеулі үлесіне ылайықты баға берді.
Ал, балалар жазушысы болу оңай ма? Осындай сұрақ алдына қойылғанда Максим Горький: «Балаларға арнап сәл жақсырақ жазу керек», - деп жауап қатқан. Бұдан балаларға арнап шығарма жазу кез келген жазушының қолынан келе бермейді деген қорытынды туады. Бір қарағанда, балалар әдебиеті оңай тіршілік құсап көрінетіні бар: сөйлемдері де қарапайым, желісі де күрмеусіз тартылған, ұғынуға жеңіл. Бірақ мұндай қарапайымдылықтың астарында асқан шеберлік, айырықша талант пен сезімталдық жатқанын байқай бермейміз. Өзі бала жанды жазушы ғана балаларды баурап алатын туынды тудыра алады. Шынымызды айтайықшы, біздің бәріміз бірдей сәбилік пәк сезімімізді есейген шағымызда да кіршіксіз мөлдір күйінде сақтай алдық па? Балалық балдәуреннің мөлдір сезімін өмірдің бұралаңдаған, буырқанған ағыстарында ылайлап алмау қиынның қиыны. Мұндай қасиет жұрттың бәріне бірдей дари бермес.
Ал, Әлдиханға бұл қасиеттің молынан дарығанын мынау жаңа кітабы - «Мен - апамның баласымын» атты роман-эссесі барынша айқын дәлелдеп отыр. Алданыш роман оқиғасының даму барысында бір кезде әкесі Қалқабай айтқан «Сен - менің үміт артқан баламсың», дегенін ақтап шығады. Оның апасының баласы ғана болып қалып қоймай, адамның баласы болып қалай қалыптасқаны шығармада асқан шеберлікпен бейнеленген.
Тараздағы Абай атындағы орталықтандырылған кітапханада осы романның тұсаукесеріне арналған оқырмандар жиыны аса қызу дүбірлі кітап мерекесіне айналды. Оған қатысушылар мұндай сүбелі шығарманың соңғы кезде балалар әдебиетінде сиреп бара жатқанын, оның бір себебі - әдебиеттің бұл саласына бұрынғыдай жеткілікті назар аударылмай жүргендігін ауызға алды.. Мәселен, бұрын Республиканың Мемлекеттік сыйлығы балалар әдебиетіне де міндетті түрде бөлінуші еді. Қазір ол ұмытылды. Сондықтан мынау романды Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына үсыну қажет, деген пікірлер айтылды.
Романда жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру мәселелері де аса көркем кестеленген. Сондықтан мектептерде қосымша тәрбие сағатында пайдаланған жөн, бұл үшін кітапты қосымша тиражбен басып шығару керек, делінді.
Ұлттық тәрбие дегеннен шығады, біздің ойымызша, бұл кітап бойынша балаларға арнап көп сериялы фильм түсірсе жөн болар еді. Оған авторды тарту керек, ол - драматургия саласныда да дарынын танытқан жазушы. Мұның өзі жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің көркемдік құралына айналар еді. Қазіргі кезде көрерменді әбден мезі қылған шетелдік шылдыр-былдыр арзанқол балалар фильмдерінен бір мезгіл тынығуға мүмкіндік жасар еді.


ШЫНДЫҚ ТҰНҒАН ШЫҒАРМА
Профессор Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
Қазақтың танымал балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаевтың өткен ғасырдың орта тұсындағы қазақ ауылының тұрмыс болмысын шебер суреттеп жазған романы бас кейіпкер - бала Алданыш - Әлдештің мақтанышқа толы сезіммен айтатын «Мен - апамның баласымын» деген сөзімен аталыпты. Бұл шығарма балаң оқырман арасында ғана қызығушылық туғызбайды, ересек оқырмандар назарын да өзіне ентелете тартады. Бүгінде оқырман атаулының жан дүниесіне еніп, еліктіре алатын шығармалар ғана оқылатын болып жүр ғой. Осы тұрғыдан шығарма табиғатына назар салсақ, роман желісіндегі оқырман санасын баурап алатын ерекше ізденістен туған шеберлік белгісін аңғарамыз.
Жазушы шеберлігінің қарапайым болмысы қайталанбас сәттілік әкелген. Ол, біріншіден, ойға оралмайтын, күтпеген жерден басталып кететін эпизодтық оқиғадан желі тартып кетеді. Шығарма сюжетінің шымырлығы құрылысында қиыннан қиыстырылып берілетін Алданыш - Әлдештің аттан жығылып, аяғының сынуы бүкіл оқиға желісінің өзегіне айналуында жатыр. Өйткені бүкіл ауыл баласы мен сол тұстағы ел өмірінің жанжақты қамтылып, толық көрініс беруі романның композициялық құрылысындағы қайталанбас осы ерекшеліпне келіп тіреле береді. Романда қазақ ауылының, қазақы мінез-құлқының заман ауыртпалығы тудырған шындық желісіне орай өрбіп отыратын рухани болмысындағы құбылыстар жазушы тарапынан асқан білгірлікпен суреттелген. Шығармадағы қарапайым сан алуан кейіпкерлер тағдырының оқиға желісіне қарым-қатысы аттан жығылып, аяғы сынған бала Әлдештің іс-әрекеті арқылы көз алдымыздан өтіп жатады.
Шығарманың сюжеттік желісінде алып бара жатқан күрделілік жоқ. Бүкіл оқиға атаулының бәрі шегініс тәсілімен Әлдештің бастан кешкендерін бала тілімен баяндауы арқылы шыншылдықпен берілуі шығарма құрылысының өзекті арқауына айналған. Оқиға атаулының бәрі де осы түйінді өзектің маңайына үйіріліп, өмір болмысының қатпарлы қабаттары да осы арқылы ашылып көрініс беріп жатады.
Шығарманың композициялық құрылысындағы бұл жай аса сирек ұшырасатын сәттілікке айналған, жазушы шеберлігінің бұлтартпас айғағы. Барлық оқиға желісіндегі өмір белестері аяғы сынған бала әңгімелеуімен берілуі оқырман атаулының назарын өзіне тартып баурап алудың ұрымтал тәсілі болған, шығарманың елеулі ерекшелігі осында жатыр. Бұл тәсіл оқырман атаулыны өзіне тартып, балалық өмірдің балдәурен кезеңін алдыңа жарқырата жайып салады.
Жазушы романындағы қайталанбас кейіпкердің елеулісі - Әлдештің әжесі Айша.
Жас баланың мінез-құлқы мен дүниетанымын қалыптастыруда теңдессіз орны бар әже образының көркем әдебиетте суреттелуі - аса нәзікте күрделі тақырып. Нағашы әжесі Айша қазақы жолмен жиен немересі Алданыш - Әлдешті баурына басады. Әлдештің балалық шағы, ержетіп өсуі мен дүниетанымының біртіндеп қалыптасу жолындағы аналық махаббатынан туындаған әже әрекетін жазушының аса бір білгірлікпен, жаныңа нұр себер әсерлі жылылықпен суреттеуінде терең мән жатыр.
Жаңа буын - жас ұрпақтың рухани жағынан іштей түлеп, толысып өсуіндегі әжелердің орны қазақ әдебиетінде жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың әжесі Зере немесе Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасындағы немереге деген жан дүниесі елжіреп тұратын Ақәжесі арқылы толық көрініс береді емес пе.
Ашығын айтсақ, асыл әже бейнесін жасауда Әлдихан осы екі ұлы қаламгерлерден бір де кем соқпайды.
Қазақ әжелері немерелерін халықтың ұлттық әдет-ғұрыпы мен салт-санасының бесігінде тербей отырып жетілдірген. Сөйте тұра баланың дүниетанымына ұлттық рухты сіңдіріп қалыптастыру жолындағы күнделікті тұрмыстағы әжелер әрекетінің баға жетпес құндылығына назар сала бермейтін керенаулығымыз бар екенін несіне жасырамыз. Бұл романнан бір отбасының осындай бас тәлім тәрбиешісі қызметін өзінің күнделікті қарапайым тірлігі арқылы-ақ табиғи қалпын бұзбай орындап жүрген Айша әжейді, яғни Әлдештің апасын көреміз. Әлдештің әжесі сол тұстағы қазақ ауылының тұрмыстық салт-санасы мен ұлттық әдет-ғұрпының рухани қоймасы десе болғандай. Аяғы сынған немересінің ем-домына байланысты ұғым-танымдары, түс жоруы, бата беруі, ауырған баланы тас бұлауға салуы, өз өмірін өлеңмен өрнектеп, әнмен сыр шертуі, халыктың сөз өнеріне деген құштарлығы мен ел әңгімесін Әлдештің санасына сіңдіруі - бәрі де романда мейлінше қарапайым табиғи қалпымен-ақ оқырман жанын баурап отырады.
Әженің қасіретті тағдыры мен тар жол, тайғақ кешуде өткен шерлі өмір жолындағы небір бұралаң тұстары Әлдешті ойға шомылдырып, санасына қозғау салар жайларына оқырман да ортақтасып, іштей толқып отыратыны бар. Әжесінің соғысқа барлық денсаулығын беріп келіп қаза болған ұлын айдалада отын шауып жүріп көз жасын төге жоқтаған өлеңінде:


Белімді үзіп көтерген шырағым-ау,
Қайтіп қана қайғыңа шыдармын-ау?
Бұрын кетсем өзіңнен деп тілеп ем,
Болмады ол, көз жасын шыладым-ау!
Әкең кеткен артта бар тұяғым деп,
Мен жүр едім арманым, қиялым көп.
Тіріліп кеп сорлы әкең сұрар болса,
Қайтап айтам: «Үзілді қияғың» деп...
Тұлдыр қалдым, тұл қалдым мен қанатсыз,
Жүрем енді аһ ұрып ел санатсыз.
Құдайым-ау, ажалың қайда сенің,
Құбылаға басымды тез қаратқыз,
- деп егіле зарлауы тас жүректі адамды да егілдіргендей отты сезімге орайды...
Өзіне өлім тілеген әжей өмірден үмітсіз емес, ендігі тілегі мен үміттірегі-немересі Әлдеш.Тасбұлауға түсіріп жатқан немересінің жолына мойнына бұршағын салып, өзін құрбандыққа қиған: «Уа, құдіреті күшті Құдайым-ау, байымды, баламды алғаның аз ба еді? Ыдырысты қойшы, Әлдижанды алдың, көндім. Енді Алданышыма көз алартпашы. Мені ал. Әлдижанымды қалдыр дегеніме де көнбеп едің, мен енді өмізді Әлдештің жолына кұрбандыққа шалдым. Мені ал, баладан аулақ! Бар болсаң, сөйт, айналайын-ақ Құдай!» - деп көзінен жасы парлаған әженің-ұрпағын сақтау парызын орындау жолындағы қазақы дүниетанымнан туындайтын ғажап ерлікке пара пар әрекетіне құлай сенеміз. Әрине, мұның сыры жазушының қазақы өмір салтына қаныққан дүниетанымынан туындап жатқан, бала тілін таба жазатын шеберлігінде жатса керек.
Романның эпилогында Айша әженің Әлдешінен туған шөбересі Бауыржан ауырып хал үстінде жатқанда, үй ішінен басқаларды тысқа шығарып жіберіп, құдайдан ақтық тілегін тілеп, бала қалып, өзі бақилық өмірге аттанып кетуі - ұрпағын сақтау жолында өмірін қию, бойындағы рухани бар асылын ұрпағының санасына сіндіріп кетуі - қазақы әжелердің отбасы тәлім-тәрбиесіндегі шешуші тұлға екендігіне жазушы бізді нандыра алады.
Жазушы әжелер туралы бізді терең ойға жетелейді. Құдайға шүкір, бұл іспеттес асыл әжелер сарқыты ауылдық жерде баршылық. Ал, қалаларда ше? Әй, қайдам? Өйткені қаладағы, тіпті, аудан орталықтарындағы оқыған, көзі қарақты, бірақ қазақы салтынан ажырап қалған «цивилизованная» әжелер ше? Олардың ұрпағын сақтау, халқының салт-санасын жас ұрпақ бойына сіңдіру сияқты отбасылық тәлім-тәрбиеде жанкешті тәуекелге бара қоюы екі талай екендігін көріп те жүрміз ғой... Өйткені олардың үлгі тұтар «молдасы» қазіргі күнде рухани жағынан жидіп жатқан Европаның тән құмарының ұшына шыққан ультрамәдениетсымағы емес пе? Бауыржан Момышұлының анасының бесік жырын, әжесінің әлди үнін есітпеген баланың көкірегі соқыр болар деп уайым жегені тектен-тек емес.
Романның өзге кейіпкерлері жөнінде де көп таратып айтуға бо-лар еді, мақала ауқымына сыймайды. Дегенде, жазушы шиеттей балашағасын асыраймын деп арқа еті арша, борбай еті борша болып жүрген Әлдештің анасы Әміржан мен әкесі Қалқабайдың образдарын шымыр да шынайы етіп сомдағанына сүйсінбей тұра алмайсың. Тараздық жазушы Кәрім Баялиев «Ёгемен Қазақстан» газетінде бұл жөнінде тым әдемі жаза келіп, былай деп тамсанды: «Қалқабай - ерекше жаралған жан. Көп артвық сөзге жоқ, тек адал еңбекпен күн көруді мұрат тұтқан. Балаларға қол жұмсауды білмейді. Өзінің ойын көзқарасымен-ақ ұқтырады. Шіркін, Қалқабайдай сезімді, адал жақындарың болса ғой, деп армандайсың».
Балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаевтың «Мен - апамның баласымын» романында бүгінгі аға ұрпақтың өткен ғасырдың бел ортасындағы емірі мен тағдырына ортақ балалық дәурені кең қамтылып суреттелген. Бүгінгі аға ұрпақтың әрбір өкглі осы романды оқуы арқылы өзінің қайталанбас өмір жолындағы балалық бал дәурені қалай өткенін салыстырмалы түрде көз алдынан өткізе алады. Бүгінгі жаңа буын - жас ұрпақ өкілдері, тағдыры қиын сол кезеңнің қайталанбас болмысын, қазақы қалпын, салт-санасын, ауыл балаларының бастан кешкен тұрмыстық қимыл-әрекетін терең сезініп, өмір болмысынан молынан хабардар болмақ. Жазушы романның бас кейіпкері Әлдештің басынан өткерген ғажайып өмір жолын өрнектеу арқылы бүгінгі балғын ұрпаққа рухани азық боларлық мол қуатқа ие, тағлымы мол туын-ды әкелген дүниеге.
БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА ЕСКЕРТКІШ
Бақытяр ӘБІЛДАҰЛЫ, жазушы.
Жақында - сәуір айының 26 күні жолаушылап Ташкентке барғанымызда сонда тұратын қандасымыз, ақын Мекембай Омаровтың Өзбекстандағы қазақ мектептері үшін қазақ әдебиеті және ана тілі оқулықтарына тараздық жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың да шығармаларын классикалық үлгі ретінде енгізгенін естіп, біраз қуанғанымыз бар еді. «Сырт көз - сыншы» дейді ғой. Қасымда қатар, қанаттас жүргендіктен, жазғандарын күнделікті оқып, біліп, көптеген әріптестерінің оны классик деп айтып жүргенін талай естігем, қазақ балалар әдебиеті классиктерінің бірі Бердібек Соқпақбаев Әлдихан Қалдыбаевтың әңгімелері туралы «ғажап» деп тамсана жазса, белгілі жазушы Машқар Ғұмар біздің жерлесімізді «аса шебер қаламгердің бірі де бірегейі» деп бағалағанын оқығанымыз бар. Сондай-ақ Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров, Сансызбай Сарғасқаев, Сатыбалды Нарымбетов сияқты атақты қаламгерлеріміз де Әлдихан Қалдыбаев шығармалары туралы жоғары пікір айтқанын білетінбіз. Өзбекстандағы ақын, жазушылар өкілдерінің бірі Мекембай Омаровтың әлгіндей бағасы да қуантарлық жай еді.
Жақында ғана сол бағамды тағы да таразылап көруге мүмкіндік бергендей Астанадағы «Фолиант» баспасынан Әлдихан Қалдыбаевтың «Мен - апамның баласымын» атты романы жарық көрді. Роман қазақ әдебиетінің ең таңдаулы шығармалары топтастырылып жатқан «Отырар кітапханасы» сериясына еніпті. Ал, бұл сериямен Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша шыққан кітаптар еліміздегі барлық кітапханаларға тегін таратылатындығы тағы белгілі. Осының өзі-ақ талай жайды аңғартса керек.
Жазушы-драматург Әлдихан Қалдыбаевтың романын қолға алғанда ол ташкенттік ақын Мекембай Омаровтың бағасына дәл келе ме, жоқ па деген сауал көкейімізде тұрған еді. Шығарманың басты тақырыбы - балалық шақ. Он төрт-он бес жастағы бозбаланың тағдыр талайы, мінез-құлқы, арман-мақсатының бағыт-бағдары қалай қалыптасатындығы сол балалық шағына да көп байланысты. Балалық шақ жақсы, бақытты болса, жұрт балдәуренге теңейді. Ал ащы да ауыр болса, жас шыбықтай қатая қоймаған бала қисық-қыңыр болып өсуі яки қиыншылықтардан қайысса да морт сынбай, пайымды болып шығуы мүмкін. Балалық дәуренін Ұлы Отан соғысы кезінде күйзелген ел есін енді-енді жинай бастаған кезде басынан өткізген Әлдиханның бұл романын автобиографиялық деуге әбден болады. Жазушы басты кейіпкерінің есімін Алданыш деп атағанымен оны көбінесе Әлдеш деп жазады. Әкесі Қалдыбай - Қалқабай, ол басқа кейіпкерлердің барлығы дерлік өздерінің төл есімдерімен берілген. Бұған қарап романды өмір шындығын сол қалпында өзгертпей жазған натуралистік көшірме деуге мүлдем болмайды. Әдетте кейбір адамдарды фотосуретке немесе кинофильмге түсіргенде фотогенді немесе киногенді деп жатады ғой. Әлдихан Қалдыбаевтың балалық шағы роман оқиғаларында боямасыз-ақ көркем суреттелген. Өмірдің өзі арнайы болашақ жазушы үшін дайындағандай қызғылықты. Рас, сол балалық шақтың кейбір ауыр тұстары, мәселен, бас кейіпкердің сол аяғы санынан морт сынып, бір жыл бойы мектепке бара алмай қалуы өмірдегі нақты Әлдеш үшін, әлбетте, қызғылықты болмағаны анық. Айдаладағы Кербұлақта - екі-үш үйлік шағын ауылда күз айларында мешел адамдай жылжи алмай, үйдің төрт қабырғасы ішінде қамалғандай отыру бас кейіпкердің зерделі болып өсуіне, пайымдылығының орта түсуіне мықты ықпал еткен тосын жағдай екені сөзсіз. Шын-туайтына келгенде, кейіпкері мектепті бір жыл кеш бітіргенімен өмір деген үлкен мектептің көп ауыртпалығын балаң шағында -14 жасында бастан өткеріп, азамат, тұлға ретінде тағдыр қазанында қайнап, шыныққанын да жазушы өте шебер көрсетеді. Тіпті роман әуел бастан сол аяқтың сынуынан жазылуына дейінгі оқиғаларға құрылғандай көрінгенімен, әлі толыспаған бозбаланың осы мерзім ішінде көрген-білгенін, ұққан-түйгенін өзінше пайымдап, өмір мектебінің табалдырығынан сүрінбей өткендігін оқырмандар жүрегіне сыздықтата көркем тілмен, мұңы мен юморы аралас сезімге бөлей табиғи жеткізеді.
Романның «Мен - апамның баласымын» деген атауы-ақ көп жайды аңғартады. Бас кейіпкердің екі ұшты жағдайда шындықты қалай қабылдап, өмірге бейімделуінің драмалық тұстары оның рухани өсуіне де айрықша ықпал етеді. Әлдеш өзінің туған анасын - әкпе, туған әкесін - жезде деп өседі. Жұбайынан да, соғысқа қатысып жарымжан болып оралған жалғыз ұлы Әлдижаннан да айырылған, сондықтан да туған жиенін алданыш көріп, асырап алған нағашы әжесі Айшаның баласы болып саналады. Мұның өзі бір жағынан тағдырдың осындай тәлкегімен жас баланың жалтақ, ынжық, тіпті екі жүзді болып есуіне итермелейтін қолайсыз жағдай ғой. Жұмыс істеп жүрген Пішпекте туберкулез ауруына ұшырағандықтан ұстаханасын амалсыз тастап, қайын жұртының шақыруымен Кербұлаққа көшіп келген Қалқабайды, оның ұлдары мен қыздарын жаңа ауылдастары кірме санап, көзге түрткі етуі де бас кейіпкер жанына жағымды әсер ете қоймайтындығы белгілі. Тіпті, Әміржандай ардақты қыздарының баласы саналатын Алданышты ағасы Шәкенге қоса «қаңғыған күнту» деп ат үстінен жұлып алған оспадар ауыл жігіті Бәкірдің қызғаншақтық қылығы да жүрекке жара салатын жай. Міне.осындай келеңсіз қағыту, қорлау әрекеттері жасынан аңғарымпаз, зерделі Алданышты әкесін - жезде, шешесін - әкпе, нағашы әжесін апа - деп айтқызса да, сезімтал, сергек бала жалғыз ұлынан айырылған әжесін етжүрегімен аяп, өзінің ата-анасын іштей біліп, өмірге бейімделе өседі.
Психологтар арасында адам тағдыры көбіне мінезге байланысты деген қағида бар. Ал, сол мінезді өскен орта, әлбетте, ең алдымен ата-ана, бауырлар, ағайын-туыстар өнегесі, олардың өзара қарым-қатынасы, содан соң сыртқы жағдай, кейде тіпті табиғат қиыншылықтары да қалыптастырады. Бас кейіпкер Алданыштың бесіктен белі шығысымен көргені де, түйгені де көп. Оның жүрек көзі басқа жұрт онша елей бермейтін нәрселерді байқағыш, құлағында айтылған жайларды құйып алатын қалтасы бар. Бұл күндері алпыс деген асудан асқан жазушының жарты ғасырдай бұрын болған оқиғаларды қолымен қойғандай көркем, көрікті, табиғи сөздермен қиюластыра қалағаны тәнті етеді. Әсіресе, жазушының табиғатты, мінген аттары - Көкбайталды, Жамбасторыны, Қарагерді, қара бураны, қарауыз тазы Лашынды бейнелеуі ғажап. Қаламгер өзі өскен Кербұлақтың сай-саласы, қыраттары туралы қарасөзбен кесте тігіп, қыстың, көктемнің, жаздың, күздің жанды көріністерін суреттегенде оқырманның өзі сол жерлерді автормен бірге аралағандай әсер алады. Бұл табиғат мылқау емес, роман кейіпкерлерімен бірге мұңаяды, қайғырады, қуанышы сел болып тасып, кейде ойланады.
Табиғаттың тамыршысындай дөп басып, не жазса да көркем жазатын Әлдихан Қалдыбаевтың әрбір кейіпкерін тип деуге болады.
Мәселен, естияр болған құрбы-құрдастары Вованың, Әлібектің бейнелері олардың іс-әркеттерінен де, тек өздеріне ғана тән сөз саптауларынан да аңқып тұрса, шешесінің перзентсіз бауырына асырауға берген бір жасар қарындасы Рахизаның мінез-құлқы, іс-әрекеттері оқырман жанашырлығын оятады. Немесе Алданыштың романда аты аталмаған нағашы жесір жеңгесінің әлі жігітке жете қоймаған балаң қайнысынан әмеңгерлікті үміт еткен әрекеттері де осы бір қасіретті жанның тағдыры жүрек қылын тербетеді, түсіністік туғызады. Бас кейіпкердің қамқоршыл анасы Әміржан бейнесі де қайталанбас тұлға ретінде жазушының шебер қолынан жұп-жұмыр болып шыққан. Алданыштың Ұлы Отан соғысында шейіт болған ағасы Бекеттің әрекеттері де оның батыл екендігін танытады. Ұстаздар Оршыбектің, Эмма Яковлевнаның мінездері де бір-біріне ұқсамайды. Ауыл адамдарының бірі - тазысының жаңа туған күшіктерін пұлдайтын Атабай төренің, жақындарының, таныстарының малына қол салатын Қамаубай ұрының әрекет-амалдары да өмірге енді қадам басқалы тұрған Алданыштың санасына өшпес іздерін қалдырғандығы шығармадан айқын аңғарылады. Бірінің саудасына күлсең, екіншісінің ұрлығынан жиренесің. Сондай-ақ, Қалқабай үйінің үміт артқан Көкбайталын улап өлтіретін қаскүнем Хамиттің, арақты өлгенше ішетін, тіпті қар астында түнеп қалған Әліпбайдың характерлері де жақсы дараланған.
Романдағы басты кейіпкер Алданыштың әкесі ұстамды, әр сөзін ойлап айтатын Қалқабай ұстаның өз әулетінің, балаларының тағдырлары жөніндегі жан аямас қамқорлығы оқырман жүрегін елжіретеді. Оның сөздері сараң болғанмен, әрекеттері өте орынды, кесек. Теңіз суының дәмін бір тамшысын-ақ татып білуге болады ғой. Жазушының роман эпилогынан бір үзінді:
«Әкемді армансыз адам санағанмын.
Сөйтсем...
Әкем қайтыс болған кезде мен облыс орталығында қызмет істеймін, естісімен құстай ұшып жеттім.
Хабар алған кезде де, жолда да жылай алмадым. Қайтіп жылаймын, әкем менің «жездем» ғой. Жездеге де жылай ма екен?
Қаралы үйге жақындап келеміз.
Бану да, Бекежан да, Күләш келін де көз жастарына ерік берді.
Ата-а!
Атам-ау, атам-ау!
«Мен не деп жылаймын, әке! «Әке» десем, елден үят, «жезде» деуге бүгін тілім келмейді, әке!».
Мен улап-шулап көрісіп жатқандардың ешқайсысына қарамай, түпкі бөлмеге кіріп, бір бүрышқа отыра кетіп, солқылдап жылай бастадым. Сол сол-ақ екен, әкеме деген керемет сөздер кеудеме сыймай, тілімнің ұшына тығылды, бірақ бір де біреуін айта алмадым.
Фәни дүниеден бақи дүниеге аттанып бара жатқан мына алып адамның маған әке екенін өзі де, мен де білеміз, ел де біледі.
Біраз адам менің не деп жылағанымды көрмек болып ентелеп тұр.
Мен естіртіп «әке» дей алмадым, іштей мың мәрте айттым.
Айналайын жаратушым-ау, сені «әке» демей, кімді «әке» дейін?!
Бізді арқа етің арша, борбай етің борша болып жүріп асы-рап, қатарға қосқан, қасиеттім-ау, сені «әке» демей, кімді «әке» дейін?!
Ұрмай, ұрыспай, бір қарасыңмен-ақ шексіз-шетсіз тәлім берген, тереңім-ау, сені «әке» демей, кімді «әке» дейін?!
Өзіңді ұмытып, біздің тілеуімізді тілеп отыратын қамқорым-ау, сені «әке» демей, кімді «әке» дейін?!
«Әлдеш, абайласаңшы», - дейтін ақылдым-ау, сені «әке» демей, кімді «әке» дейін?!
Әкемді ақтық сапарға шығарып салып келіп, жұрт аяғы саябырсыған кезде күйеу бала - Бағдаштың жолдасы Жақсылық айтты:

  • Аға, тура атамның айтқаны болды.

  • Не айтып еді?

  • Өлердің алдында атам: «Қап, қайран балам қор болатын болды-ау! Мен өлемін, Алданыш келеді. Ел-жұрттан ұялып «әкем-ау!» - деп жылай алмайды. «Жезде» - деп айтқысы келмейді, солқылдап жылайды», - деді. Дәл солай болды».

Осы жолдарды оқырманның бей-жәй қабылдамайтыны сөзсіз. Өмірдің шындығын ойып алып көркем берген шеберлік деген осы болар. Шынайы психологизм деген осы болар. Ес біліп, етек жапқалы өз әкесін біле тұра амалсыз «жезде» деп өскен баланың елуді еңсергенде де шындықты дәл атай алмай еңіреген, талай оқырманын да еңіреткен жазушының адамгершілігіне, сөз сараптау жөнінен ұсталығына, кейіпкерінің мінез-құлқын, түр-тұлғасын, бүкіл әрекет болмысын, туған жерінің табиғатын қағаз бетіне сомдап құя салғанына еріксіз елжірейсіз. Романды оқыған үлкен де, кіші де басты кейіпкер Алданыш - Әлдештің өсе келе кең пейіл, зерделі ойшыл адам, мал, жер танығыштығы ерен, Отан деген үлкен ұғымға жетектеп апаратын отбасын, туған ауылын, туған елін жанындай жақсы көретін бауырмалдығы, ең бастысы - адамгершілігі үлкен, шын мәніндегі Адам болатындығын бүкіл ет жүрегімен сезінеді. Романның эстетикалық қуаты да, тәрбиелік мәні де, құндылығы да осында. Бұл даусыз. Қазақ әдебиетіне орны бөлек, бітімі ерек-ше бірегей көркем туынды келді. Ұлы орыс ақыны Александр Пушкин жазғандай, Әлдихан Қалдыбаев өнер алды саналатын көркем сөзбен өзінің балалық шағына, ата-анасына, бауырларына, ауылдастарына, сол кездегі өміріне куә болғандардың барлығына қолдан келмес ескерткіш орнатты.


ӨМІРДІҢ ӨЗІ
Әділ БАЛТА, жазушы.
Балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаевтың басты кейіпкері «Мен - апамның баласымын» деп айғайлап тұрған романы қолыма тигенде, таң қалдым. Бұрын-соңды балалар туралы жазылған романды, шынын айтсам, оқып көрмеппін. Балалар жазушыларының көбі роман жанрына бара бермейді. Неге екені белгісіз. Мәселен, балалар әдибиетінің ауыр жүгін арқалап жүрген Тынымбай Нұрмағамбетов, Шәкен Күмісбай, Қаржаубай Омаров, Құрманбай Толыбай ағалардың ешқайсысы бұл жанрға қалам тартпаған. Атақты Бердібек Соқпақбаев та солай. Повестен әрі аспады.
Ал Әлдихан аға роман жазыпты. Роман болғанда қандай... 15 баспа табақ. «Отырар кітапханасы» сериясымен 2002 жылы жарық көріпті. Редакторы - белгілі ақын Несіпбек Айт. Астанадағы «Регис Ст-Полиграф» баспасында басылған. Қаламгер ағамыздың мұнысы - ерлік, әрине.
Тек бір қарын ашатыны - кітаптың таралымының тым аздығы. 2000-ақ дана. «Республика бойынша миллиондаған баланың қайсысына жетеді?» деп ойлайсың.
Енді романға келейік. Бас кейіпкері - Алданыш дейтін бала. Жетінші сынып оқушысы. Романдағы бар оқиға сол Алданыштың төңірегіне жинақталған.
Алданыштың басқалардан ерекшелігі - намысқойлығы, өз ар-намысы үшін жан беретіні. Өтірікке, екі жүздікке жаны қас. Айта берсек, мысал көп. Ертең оқуға жүрем деп отырғанда аяғын сындырып алып, төсекке таңылады. Оған бірден-бір себепші - жоғарыда айтқан намысқойлығы. Вовамен атпен жарысады. Вова бұдан көш ілгері озып кетеді. Алданыш намысқа тырысып, атқа қамшы салғанда, аты тайып жығылады.
Екінші... Шәкен екеуі өзенге тас домалатып ойнап жатады. Ар жағын автордың өз сөзімен берейік. «Мен қанша тас домалатсам да бірде-біреуі өзеннің өзі тұрмақ маңайына да жолай алмады. Ызам келіп, жан-жақтан жақсы домалайтын тас іздей бастадым. Үлкендігі үйдей қой тастың дәл ернеуінде жатқан бір әдемі домалақ тасқа көзім түсті. итеріп едім, қозғалмады. Қу намыс сақтықты ұмыттырыпты. Тасты екі қолыммен мықтап ұстап, қатты итеріп кеп қалдым... Тас лып етіл домалап кетті. Екпінімді тоқтата алмай мен де ұштым тас басынан. Ылдиға тас та, мен де домалай жөнелдік...» Нәтижесі белгілі, әрине. Алданыштың бет-аузы қызыл-жоса қан болуымен аяқталады.
Шағын мақалада қалың романның бар оқиғасын сүзіп шығу қиын. Әйтсе де мынау оқиғаны айтпай кетуге болмас. Оршыбек ағайлары оқушыларға «метрикенің» көшірмесін әкелуді тапсырады. «Кім әкелмесе, оқудан шығарамын» дейді ол. Алданыштың метрикедегі фамилиясы басқаша. Енді қайтпек? Әлібек оны тығырықтан құтқармақ болады. Өтірік көшірме жазып, «селсоветке» мер бастырып әкеп береді. Алданыш оны жыртып тастайды. «Мен өтірік өмір сүре алмаймын. Өтірік өрге баспайды» дейді ол.
Кітап Алданыштың аяғының жазылуымен, оқуға баруымен аяқталады. Ролмандағы бар оқиға - Алданыштың екі көзі төрт болып, төсекке таңылып жатқандағы болып өткен оқиға. Еске түсірулері...
Жалпы бұл шығарма - балалар әдебиетіне қосылған елеулі жаңалық. Жазушы сезімен айтқанда, «бүл кітап - өмірдің өзі...» Еліміздің Мемлекеттік сыйлығына әбден лайықты шығарма.


НАҒЫЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ
Қаржаубай ОМАРҰЛЫ,
(Қаржау Айтолқын),
Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты.


«Бұл кітап-менің алыста қалған аяулы шағым-балалығымның жаңғырығы. О баста жазғанымдай, бұл кітап - өмірдің өзі».
Мен де бұл кітапты толық оқып шығып, соңғы бетін жапқанымда автордың ойына қосылдым. Маған таныс-бейтаныс ауылды, ондағы алыста оқшау отырған екі-үш үйді көз алдыма елестеттім. Сәл-пәл өзгешілігі болмаса, балалық шақтың бәрі бірдей екен. Бірақ барлық ғажайып дүние осы сәл-пәл өзгешілікте жатыр. Сәл-пәл өзгешілік дегеніміз, ол -тағдыр, ол әр ауылдың, әр үйдің, әр адамның өзгеше өмірі, тіршілігі. Ол да адамдардың ДНК-сы сияқты бір-біріне ұқсамайды. Адамдардың тіршілігі сырттай қарағанда бір-біріне ұқсастау болып керінгенімен, іштей ол бір-біріне еш ұқсамайтын ерекше бірбір әлем.
Белгілі жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың «Мен - апамның баласымын» атты романын оқып шыққанда осындай ойға қаласың. Жазушыға тән бір қасиет адамды табиғаттан бір сәт те бөле-жара қарамайды екен. Қайта табиғат пен адам оның қаламында егіздей қауышып, біртұтас әлем болып сомдалады. Анау Шатыртөбе, Кербұлақтың тау-тасы, Тасқайнардың суы, мына Жайсаң жайлауы, Қиынсай, Нарқызыл жайлауы, айта берсең көп, осының бәрі «Мен - апамның баласымын» кейіпкері Әлдештің жанындай жақсы көретін жерлері.
«Кербұлақгың ұшар басы - Шатыртөбе. Ол, шынында да, алып шатыр тәрізді биік төбе. Оның етегінен тараған майда жыралар құлдаған сайын тереңдеп, табанындағы жылға-жылға су Кербұлаққа барып құяды. Кербұлақтың кең қарын саздарына шықпайтын шөп жоқ». Жазушы туған жер табиғатын суреттегенде шабыттанып кетеді екен. Көзбен көріп, қолмен ұстаған дегендей, бәр-бәрін көз алдыңа елестете алады. Бұл суреткерлік, сонымен бірге туған жер табиғатына деген сүйіспеншілік. Сол сүйіспеншілік табиғатты сұлуландырып, таңғажайып етіп жібереді.
Романның басты кейіпкері Алданыш аттан жығылып, аяғын сыныдырып алып, төсек тартып жатқанда өскен ортасы, ауыл-аймағы, туған жер табиғаты туралы ойлана бастайды. Ортадан бөлініп, оңаша қалған балаға, шынында, ой үйір келеді. Жазушы роман сюжетін құру барысында Әлдештің осы аяғы сынып, оңаша қалып ойлана бастау кезеңін шебер пайдалана білген. Сондықтан да оқиғаның даму барысы, оны жымдастыра баяндау тәсілі табиғи шыққан.
Шындап келгенде, Әлдештің балалықшағы – бақытсыз балалық шақ емес. Ол - өмірді жастайынан боямасыз, табиғи қалпында көрген, айналасындағы адамдардың мінез-құлқын ерте аңғарып, ерте есейген, түсігі, өзіндік пайымы бар, сана-сезімі сергек, зерделі бала. Адамдардың жақсылығын да, жамандығын да аңғарғыш. Тұрмыс тауқыметіне ерте араласқан, әке-шеше тәрбиесін көрген, ауылдың тұрмыс-салтын, тіршілігін ойына түйе білген бала. Осы тұрғыдан алғанда Әлдештің балалық шағы - бақытты балалық шақ. Ал, ештеңе көрмей, білмей, зердесіне ештеңе тоқымай, тым еркетотай, шолжаң, барға мәз, жоққа шыдамайтын, ештеңені пайымдап, парқына бара бермейтін, құр ойын, селтеңге құмар балалар да бар емес пе? Міне, бұлардың балалық шағы нағыз бақытсыз балалық шақ дер едім. Ертеңгі күні нағыз масылдар осылдардың арасынан шықпайды деп кім айта алады.
Демек, жазушы Әлдештің образын ойдағыдай аша білген. Оның кім екенін білу арқылы біз оның өскен ортасын біліп отырмыз. Роман бірінші жақтан баяндалғандықтан шығармадағы үлкенді-кішілі кейіпкерлерді Әлдештің пайымдауы, түсінік-түйсігі арқылы танимыз. Әлдештің әкесі кім? Адал, еңбекқор, үй қамын, бала-шаға қамын ойлаған шаруаторы адам. Анасы ақкөңіл, бала тәрбиесіне, адамдармен қарым-қатынасқа көп көңіл бөлетін адам. Ең бастысы, олар - бала бойына ұлттық тәрбиені сіңірген адамдар. Әлдештің өз әкесін жезде деп, өз анасын әкпе деп атауында көп мән жатыр. Бұл қазақтардың біреудің баласын бауырына салатын әдет-ғұрпын айғақтап тұр. Жарымжан көңілді демейтін ұлттық дәстүр. Романдағы Бекежанның кіндік шешесі - Әселге байланысты эпизод есте қалып қояды. Мұнда қазаққа тән бауырмалдық, ағайындық, абысын-ажындық байланыстар жақсы көрініс тапқан. Әлдештың әкесінің бата беруі ше? Мұхтар төре, Ысқақ төреге бата бергенде жай бере салмайды. Екеуі екі түрлі адам. Мұхтар адал, Ысқақ - зорлықшыл. Бата да адал адамға қонады екен. Дуалы ауыз адам болады екен. Ол - Әлдештің әкесі Қалқабай. Іс-әрекет, ұтымды эпизодтар арқылы, міне, осы кейіпкерлердің, тағы да басқалардың бейнелері есте қалып қояды. Жазушы кейбір қаламгерлердей мынау менің жақсы кейіпкерім, мынау жаман кейіпкерім деп емеурін білдіруден аулақ. Ондайды кей шығармаларды оқып отырғанда аңғарып, күлкің келетіні бар. «Мен - апамның баласымын» кітабында шынайы балалық шақ бар болмысымен көрінген. Кітапта бала тілі, бала ойы, бала іс-әрекеті өз жасына лайықты көрініс тапқан, оның дүние танымы, адамдармен қарым-қатынасы нанымды. Егер бұл кітапты, жалпы балалық шақ туралы шығарманы о баста балаларға тамаша туындылар берген балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев жазбаса, мұндай әсерлене алмас едік деп ойлаймыз. Өйткені балалар шығармасының өз ұстасы, өз зергері болады. Балаларға арнап балалар жазушыларынан басқа жазушылар еш уақытта тұшымды дүние бере алған емес.
Ал бұл кітап бастан-аяқ балаларға арналған шығарма ма? Жоқ. Автор өз кейіпкерлерін, ересек адамдар образын бала көзімен, таным-түйсігі арқылы сомдап, белгілі бір кезеңнің тыныс-тіршілігін кеңінен қамтыған. Ал баладан байқағыш, баладан сезімтал адам жоқ дүниеде. Жазушы шығармасын бірінші жақпен, баланың аты-нан баяндау арқылы үтып тұр.
Осы романды басынан бастап, аяғына дейін оқыған адам бір нәрсені айқын аңғарар еді. Ол Әлдештің - бас кейіпкердің жылқы арасында өсуі. Автор жылқы жайын, малшылар өмірін өте жақсы біледі. Қазақтың ат жаратуы, бәйгеге қосуы, аңшылығы - бәр-бәрі роман беттерінің ажарын ашып-ақ тұр. Оның бәрін тізбелеп жатудың қажеті жоқ, тек оқу керек.
Балалар өмірінен романдар сирек жазылады. Санаулы-ақ шығармалар бар. Міне, «Мен - апамның баласымын» романы солардың қатарына қосылған сүбелі шығарма, үлкен полотно.
ШЫНДЫҚТЫ ШЫРАҚ ЕТКЕН
Болат Үсенбаев, ақын.
Әлдихан Қалдыбаев - қазақ балалар әдебиетінде ойлы да нәрлі, татымды әңгіме, повестерімен оқырмандар құрметіне бөленіп келе жатқан қаламгер. Ол өзінің жаңа шығармасына жас жеткіншектердің өмірге көзқарасын, дүниетанымы мен азамат болып қалыптасуын өзек етіпті. Автордың күрделі жанрдағы алғашқы туындысын автобиографиялық роман десе де болады.
Кез келген жазушы өмірден көргенімен түйгенін жазады. Әсіресе, көгілдір көктемдей қамсыз да мұңсыз, қиял қанатына мінген, ертерек есейсем деп жас жүрегі алып ұшқан бейқам балалық шақтан асқан қызықты не бар? Бұл бір қарағанда ғана. Балалықтың өзіне тән тәтті мұңы, қуанышпен бірге құйттай жүректеріне жүк артып қамығатын шақтары да болады. Біз, ересектер, бала ғой деп соны ескеріп елемейтін сәттеріміз қаншама? Олардың көкіректеріндегі қуаныш пен мұңды біреу жалт еткен жанарынан, сәл емеурінінен түсінсе, біреу түсінбейді.
Балалықтың өткелінен өтпеген пенде бар ма, сірә? Әр адамның тағдыр - талайы өзінше бір әлем. Бірақ оған балалық шағынан ыстық ешнәрсе жоқ. Дарияға талпынған бұлақтай балалық шақ өмір атты жұмбақ ғаламды тануыңа түрткі болып, оң-солыңа бағыт сілтейді. Шыр етіп дүниеге келгеннен үлкен өмірге ара-ласып кеткеніңді өзің де сезбей қаласың. Бала жүрек жаман-жақсыны екшеуге тырысады. Бірде қуанып, бірде қынжыласың. Арайлап атқан таңды, батқан күнді қарсы алып жүріп, уақытпен бірге есейіп, тіршілік дүрмегінде балалығыңның өте шыққанын білмей де қаласың. Тәтті түстегі балалық шақ жадыңда мәңгілікке сақталады. Күні кешегідей бәрі кез алдыңда. Кейіннен қат-қат хикаялары жадыңа сәт сайын тіріліп, қиялыңда ойнақ салып, көлбеңдейді, сарқылмас сағынышқа айналады. Бал дәуреннің сол бір сәулелі сәттері қарымды қаламгер Ә.Қалдыбаевқа еріксіз қалам ұстатқан.
Романда екі кейіпкерлердің кескін-келбеті шоқтықты, нанымды әрі табиғи бейнеленген. Бірі - он төрт, он бес жас шамасындағы бала Алданыш, екіншісі - әкесі бола тұра жездесіне айналған Қалқабай.
Бір шаңырақтың отын өшірмеуге бел байлаған, тағдырдың талқысына мойымауға бекінген ана жиенін бауырына басты. Әкесін жезде, анасын әкпе етті өмір. Ата-анасының жүрегі қанша елжіресе де, Алданыш үшін апасының орны бөлек. Бұл шындықты мойындағысы келмегендіктен емес, жаралы, жарым кеңілге сүйеу болуды кексеген, адам баласын алаламайтын қазақтың туыс пен бауырға деген айрықша мейірімі мен ықыласынан туындайтын жайт. Алданышты Қалқабайдың баласы десе шамданып, бұртиып қалатыны да сондықтан.
Бала балалық жасамай тұра алмайды. Ойын үстінде жазым болып, аттан жығылып аяғын сындырып алды. Оқуға барсам деп алып-ұшқан кеңілі су сепкендей басылды. Осы бір күтпеген оқиға Алданышты ой тұңғиығына шомдырады. Оқуға бара алмай қалған бір жыл оны әжептәуір есейтін жібереді. Алданыштың басынан еткен оқиғалар өмірдің өзінен алынған, автор шығарманы ширақтыру үшін қиялдан жанама іс-әрекеттер, әсірелеу, артық бояу қоспастан бәрі де шынайы болуына күш салған. Біз сондыктан Алданыш басынан кешкен жайларды ежіктеп жатуды басы артық дүние санадық.
Алданыш үлкендердің іс-әрекетіне сын көзімен қарайды. Әр құбылысқа толқиды, тебіренеді, аңғал да адал бала жүрекпен зерделеуге талпынады. Сүйінетін де, күйінетін де, түңілетін де, күрсінетін де кездері мол. Бірақ үмітін үзіп, жігер отын жасытқан емес. Алданыш - ақылды да алғыр бала. Бала болса да жаман-жақсыны салмақтап, өзінше ой қорытып, тұжырым жасап отыра-тын өресінің өрісі кең жас өрен. Ер бала әкеге үйір. Оқиғаның көбі әкесінің айналасында етуі де өте нанымды. Алданыштың апасы, ата-анасы, бауырлары, көрші-келем, достары туралы пайымдау-лары, қилы-қилы ой кешулері, туған өлкенің тау-тасы, әр төбесі, өзен-көлі туралы толғанысы, еңбексүйгіштігі мен малсақтығы, білімқұмарлығы, елге-жерге деген шексіз сүйіспеншілігі әр сәт сайын сүйсіндіріп отырады. Тіпті иті Қарауызға дейін қимасыңа айналады.
Қалқабай - тілеуі ақ, өзгеге қылдай қиянаты жоқ, басы артық әңгімеге бара бермейтін, шаруасына мығым, малға да, жанға да бірдей, қолының епсектігі бар ұста, маңдай терін тірек еткен, болашақ ұрпақ қамын ойлайтын азамат, әке. Өзінің пейілінің кең, жан дүниесінің адал екендігін ісімен де, сөзімен де дәлелдейді. Қалқабай образы арқылы тіршілік қамын күйттеген момын ауылдың болмысын сезінеміз. Соғыстан кейінгі еңсе көтерген жұтаң ауылдың тірегі Қалқабайлар болды ғой деген ойға қаласың. Қалқабай - шаруасын күйттеп қана қоймайды, ұл-қызының саналы азамат болып өсуі, балаларының қамы іштей толғандыратын тұлға. Пәлсапа соғып, көсемсуге жоқ. Бәрін қабағымен ұқтырады. Өмір университетінен алған сабақтарын іс үстінде сіңіріп, балаларын жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жирендіреді. Оның айтары: «Адал бол, кісінің дүниесіне қызықпа, өтірік айтпа, үлкенді сыйла, еріншек, өтірікші болма, жұмыстың кез келгенін үйрен, ең бастысы сабағыңды жақсы оқы». Қалқабай қай жұмыста да әмбебап. Ұсталық па, диірменшілік пе, мал бағу ма, аңшылық па, бәрінің жөн-жосығына жетік. Ағайын-досқа, көрші-көлемге қол ұшын аямайтын мейірбан. Алаяқтар мен ұры-қары, берекесіздерге зілді, қатулы. Ешкімге есесін жібермейді. Әйтсе де жүрегі жұмсақ. Оның бойындағы имандылық пен игі адамгершілік қасиеттер шым-шымдап Алданыштың бойына сіңеді. Жездесі - Алданыштың темірқазығы, идеалы.
«Мен - апамның баласымын» романында психологиялық иірімдер көп. Жазушы балалардың жан дүниесі мен мінез-құлқын жетік біледі. Сондықтан да шығармада мектептегі қызықты қылықтар, ауыл адамдарының әрқилы тағдыры, құлынтайдай тебіскен достарының іс-әрекеттері жүйелі әңгімеленеді. Осының бәрі Алданыштың жүрегіне өшпес із қалдырып, оның қаламгер болсам деген асыл арманына қанат бітіреді.Шығарманың композициялық құрылымы тұтас, тілі жатық, сюжеті балаларға лайық. Бұл романның жас жеткіншектер үшін тәрбиелік, тағылымдылық мәні зор. Ә.Қалдыбаевтың жаңа туындысын шындықты шырақ еткен сүбелі шығарма деп айтуға болады.


ӨТКЕННІҢ ӨЗІНЕН ӨРІЛГЕН
Үшкемпір СӘДІБЕКҰЛЫ, ҚР білім беру ісінің үздігі, зейнеткер-ұстаз.
Жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың «Отырар кітапханасы» сериясымен Астанадағы «Фолиант» баспасынан шыққан «Мен - апамның баласымын» романын, бейнелеп айтқанда, бас алмай оқып шықтым. Алған әсерім - керемет. Бәлкім, бұл шығарма кейіпкерінің көпшілігі, оқиға болған жерлер маған таныс болғандықтан шығар. Бәлкім, шығарма авторы менің алғашқы шәкірттерімнің бірі болуынан...
Мен ұстаздық еңбек жолымды 1954 жылы Шу ауданы Шоқпар теміржол бекетіндегі №30 орталау (кейін орта) мектепте мате-матика мен физика пәнінен дәріс беруден бастағанмын. Сонда алдыңғы қатарлардың бірінде тып-тыныш есебін шығарып отыратын қараторы бала Ыдырысов есімде қалып қойыпты. Кейіндеу, көп жылдардан кейін бір жүздескенде: «Әй, сен басқа фамилияда едің ғой» дегенім бар облыстық газеттің бас редакторының орынбасары Әлдихан Қалдыбаевқа. «Е, Үшеке, оның себеп-салдары көп қой» деген де қойған шәкіртім сонда. Менің ол себеп-салдарда шаруам шамалы, бойымды үлкен мақтаныш сезімі биледі. Кешегі шәкіртің бүгінде ел таныған үлкен азамат болса, неге мақтанбасқа. Сол Әлдихан - бүгінде облыстық газеттің бас редакторы, республикаға танымал жазушы. Жазушы болғанда да балалар жазушысы. Мен өзім өмірімді бала тәрбиесіне арнаған ұстаз болғандықтан ба, балалар жазушьшарын өте жоғары бағалаймын. Балалармен жұмыс істеу, бала жүрегіне жол табу оңай емес. Ал, өмірге бала көзімен қарау, айналадағы тіршілікті бала жүрегімен сезіну, мына өмірге бала көңілмен баға беру, болған оқиғаны бала тілімен баяндау хас шебердің ғана қолынан келсе керек. Сондықтан Әлдиханның әр шығармасын іздеп жүріп оқимын.
...Шығарма. оқиғасы баяндалатын Кербұлақ өңірі таныс екенік оқырманға айттым ғой. Сондықтан романды оқып отырып, өмірімнің қимас шақтары өткен, жастық жалындаған сәттерімнің куәсі болған, автор үшін ғана емес, мен үшін де жер жәннәті саналатын өңірге көңілмен саяхат жасап, сергіп серуендеп қайтқандаймын. Шәкіртім Ыдырысов-Қалдыбаевтың да жанын ұққандаймын.
Шығармадан, ең алдымен, сезінгенім - туған жерге деген махаббат. Автор оны шынайы да шұрайлы тілмен суреттеген. Табиғатқа, оның аң-құсына деген аяушылық аңғарылады. Ауылдың әрбір суреті, үлкендердің ғибарт аларлық сөздері, ата-ана тәрбиесі, отбасылық оқиғалар кім-кімге де сабақ болғандай. Үйелменімен жүйрік ат, құмай тазы, сырттан ит баптауы үлкенге де, кішіге де үлгі демей көріңіз. Ата-ананың балаға қамқорлығы, олардың ата-ана парызын орындауы неге тұрады? Бұл - нағыз өмір мектебі. Адамдардың пейілі, діні мен ділінің тазалығын да осында кездестіреміз. Қарапайым ғана Қалқабайдың Мұхтар төреге берген батасы Алланың тарапынан қабыл болуы баяндалған тұсты толқымай отырып оқу мүмкін емес. Мейлі автор қиялынан тусын, мейлі шындық, бұл оқиға жетпіс жылдан астам «кеңестік» тәрбиемен уланған ұрпаққа ой салса керек. Сондықтан бұл кітапты балаларға ұлттық тәрбие беруде ата-ана да, мұғалімдер де басшылыққа алса, ұтылмайды. Бұл жағынан роман мектептерде оқу құралы ретінде оқытуға да тұрарлық. Әсіресе, қала мектептерінде.
Қазіргі көркем әдебиетте балаларға арналған шығармалар баршылық. Бірақ бәрі де бүгінгі заманға бейімделмеген. Асфальтта өскен балалар, ғылым мен техникаға құштар жастар өмірінен алынған. Заманына қарай ол да керек шығар. Дегенмен, балаға ауыл өмірі туралы, қазақы тәрбие беретін шығарма керек-ақ. Өйткені қала тәрбиесін уақытына қарай балалар өздері-ақ үйреніп алады. Керісінше, қалада ескен баланың далаға көндігуі, қазақи тәрбиені табиғи түрде бойына сіңіруі қиын. Әлдиханның «Мен-апамның баласымыны» осы жүкті көтеріп тұр. Шығармада әсіре суреттеу жоқ, тілі жеңіл. Оқып отырып оқиға ортасына еніп кетесің.
Қазақ кино өнерінде балаларға арналған фильмдерден менің жүрегімнен орын алғаны - «Менің атым - Қожа». Ұлы балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың қазақ балалар әдебиетінің алтын қорынан орын алған осы шығармасын киноға айналдырып көп ұттық. Өйткені бала біткен кітапты шұқшиып көп оқи бермейді. Ал, кино көретіндері сөзсіз.
Әлдихан Қалдыбаевтың мына романы да киноға сұранып-ақ тұр. Тек оқуы ғана емес, тоқуы да терең режиссердің қолына түссе болғаны! Романдағы әрбір оқиға - өмірдің өзінең өрілген шындық. Автор оны өз атынан баяндай отырып шебер жеткізе білгең. Шіркін, киноға түсірілер болса, дәл солай баяуы өзгертілмеген калпында бейнелесе ғой!
КЕРБҰЛАҚ ТОЛҒАУЫ
Рахметілда ҚҰДАБАЙҰЛЫ.
Шулықтар жазушы Әлдихан Қалдыбаевқа тәнті. Бұл оның осы өңірдің түлегі болғанынан ғана емес, тума таланттың жалпақ елге кеңінен танылғандығынан да болар. Шу ауданынан төрт прозашы-жазушы шыққан. Бек Тоғысбаев, Қарауылбек Қазиев, Мұрат Сыздықов және... Әлдекең. Бірақ Әлдекеңнің өлшемі бөлек. Өйткені, тырнақалды шығармасын балаларға арнапты. Содан бері қырық жыл өтсе де сол үрдістен айнымай, талмай, танбай қалам тербеп келеді.
Әдетте біраз жазушылар алғашқыда балалар өмірін шығармаларына өзек етеді де, кейін ересектер тақырыбына көшеді. Бұл шыңдалып шымырланғаннан емес, тоқырап құлдырағандықтан. Өйткені, балалар үшін жазып, олардың жүрегіне жол табу қиынның қиыны екені даусыз. Ол үшін жазушының балалардың тыныс-тіршілігін танып білуімен қатар өзі де жаны таза, мөлдір, бала көңіл болуы шарт. Міне, сондай қасиеттің Әлдихан Қалдыбаевтың бойына дарығаны әлімсақтан белгілі. Сол ерекшелік оны Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев сияқты балалар әдебиетінің аса ірі өкілдерінің қатарына қояды.
Ел мұны білмейді дейсіз бе. Білгенде қандай. Керекдесе, қазіргі ұрпақ алғаш ана тілі кітабының бетін ашқанда Ә. Қалдыбаевтың шығармаларынан алынған үзінділермен тамызықтап болса да танысқан, өсе келе әңгімелері мен хикаяттарының тереңіне бой-лап, жазушымен тілдесіп, оның ой сорабына ілескен. Сондықтан Әлдекең - баршаға танымал.
Әсіресе, оның шулықтарға есімі етене таныс. Әйткенмен, жерлес жазушымен кездесудің сәті түсе бермейді. Сондықтан өткен сәрсенбіде аудан орталығындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған жазушының биыл жарық көрген «Мен - апамның баласымын» атты романының тұсау кесеріне жиналған оқырмандар көп болды. Рәсімнің алғашқы сөзін аудандық «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Ахметжан Қосақов айтты. Ол жазушының шығармалары оқырмандардың айрықша ілтипатына бөленіп отырғанын, өйткені олардың өмірдің жалаң көшірмесі емес, нағыз көркем көрінісі екенін атап көрсетті.
Бір ғажабы, Ә.Қалдыбаев шығармаларының бәрін дерлік қызметтен қол үзбей жүріп жазды. Бұл - ілуде біреудің қолынан келетін шаруа. Біраз жылдардан бері облыстық «Ақ жол» газетін басқарып келеді. Соның өзінде шығармашылық пен қызмет тізгінінің екі ұшын тең ұстап жүр десек, екеуінде де абыройға ие. Ол - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, облыстың Құрметті азаматы.
Мұнан соң Шу ауданының әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев кұттықтау сөз сөйлеп, халық дәстүрі бойынша сыйлы қонақтың иығына зерлі шапан жапты. Құттықтау хат тапсырды. Ол өз сөзінде жас ұрпаққа тәлім-төрбие беруде Ә.Қалдыбайұлының шығармаларының зор рөл атқаратынын атап айтты.
«Шу өңірі» газеті бас редакторының орынбасары, әдебиетші Жақан Қожағұловтың «Мен - апамның баласымын» романына жасаған талдауы оқырмандардың көңілінен шыкты. Өйткені, ол романға нысана болған Кербұлақ аймағын бес саусақтай біледі. Автордың кейіпкерлерінің бәрі - өмірде болған адамдар. Олардың басынан өткен оқиғалар айна-қатесі жоқ шындық. Соны жарты ғасырдан кейін оқырмандарға бір мүлтік жібермей, жаңылыспай айтып беру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Және ол жай баяндау емес, қызғылықты етіп көркем баяндау ғой. Жазушы қай кейіпкері туралы әңгімелесе де, ол өзінің тұлғасымен, ерекшелігімен елестеп, ұмтылмастай болып есте қалады. Тіпті жылқының да, иттің де болмыс мінезі бар. Солардың бәрінің басы қосылғанда бір-бірімен шебер қиюласқан өмір көріністері жан-дүниеңді қозғайды, керемет әсерде қалдырады.
Атап айтарлық жәйт, романда үш-төрт кейіпкердің болмаса, басқаның аты өзгермеген, - деді Ж.Қожағұлов. - Өмірде шын болған адмдар туралы олардың басынан өткен оқиғалар туралы айтқанда жазушы еркін көсіле алмай, қиындыққа душар - болуы мүмкін. Мұнда ондай селкеулік мүлде байқалмайды. Бұл үлкен шеберлікті талап етеді. Автор сондай талаптың биігіне емін-еркін шыға білген.
Мұнан соң сөз алған Әлдихан Қалдыбайұлымен үзеңгілес бірге өскен белгілі композитор Әбдімомын Желдібаев та романға байланысты өз ойларын ортаға салды. Кербұлақтан ұшып, қияға қонған талантты түлектер аз емес. Олардың ішінде жазушылардан басқа композитор да бар. Әбдімомын сөзінің соңында қонақтың құрметіне екі күйін арнады. Кездесуде Ә. Қалдыбаев сөйлеп, оқырмандардың көптеген сұрағына жауап берді.
Жалпы, кездесу салтанатты жағдайда өтіп жатты. Гүлге малынған сахна, оның төріндегі кітаптың мұқабасынан көшірілген сурет жиналғандарға көңіл көзінің көркіндей әсер етті. Әр сөз әдемі әндермен әдіптеліп жатты. Бұл да - шулықтардың музыка мәдениетінің биіктегеніне айғақ.
Бір сәтте ақындар Ахметжан Қосақов, Тампылбай Молдақұловтар кітап авторына арналған өлеңдерін оқыды.
Кеш әсерлі өтті.
АҚ БАСТЫ АЛАТАУ, АЙҚАРАКӨЗ, АУЫЛ-ЖҰРТ
(Жолжазба-очерк)
Болат БЕКЖАН.
Сағыныш прологы
Тараздан шығып, шығысты бетке алып таң қараңғылығымен токтаусыз көсілген жеңіл көлік жер әпшісін куырып келеді.
Күрең күздің дымқыл табы білініп қалғанымен, бүгінгі таң қарсы алдымыздан рауандап ерекше тамылжи атты.
Ғажап. Бейне бір бізді құдырет қошымен қарсы алып жатқандай түу сонау маңдай тұсымыздағы Хан тәңірінің арғы бөктерінен мың-миллион алтын ине кірпіктерімен себездеп, шапағын шашыратып, нұрлы күн көтеріліп келеді.
Зады адам мен табиғат егіз деген ұғым бек рас-ау.
Қала тіршілігінен құмығып, әбден кіреуке тартқан көңілдер желпініс іздейтіндей ме, әйтеуір өзгеше бір сезім, көтеріңкі күй кернейді кеудені.Осынау ғажайып көрініс ұзын жолдың бойындағы көз жетер көкжиек пен көңілдерді қоса дөңгеленткен ұшқыр көлік, бәрі-бәрі қосылып бізді бір әдемі әлемге бастап келе жатқандай.
«Біз» деп отырғанымды әдейі әдеби салдармен қалыптасқан үрдісті бұзып, үлкеннен емес, өзімен бастасам: Ол - осыдан тұп-тура ширек ғасыр бұрын өнер деген ұлы өлкеге үрпие қарап, үрке басып келіп «Шаншар атай» деген спектальдегі ерке де қиқар бала бейнесі - Санатбаймен үмітін үкілеген - мен, яғни, сол кездегі театр әртісі, қазіргі жуналист - Болат Бекжан да, қасымдағы кісі - сол жылдарғы Бүкілодақтық фестивальде лауреат атанып, республика, қала берді одақтың театр әлемін бір дүрілдеткен сол «Шаншар атай» пьесасының авторы, еліміздегі қадау-қадау балалар жазушыларының көш басшысының бірі, көрнекті жазушы-драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, облыстың Құрметті азаматы, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Әлдихан Қалдыбаев.
Ол - бас редактор. Мен - қатардағы қызметкер. Дегенмен, мына ұядай автокөлік салоны бүгін кабинет те, ұзақты күн қым-қуыт бет қатталып, арпалысып жататын компьютер бөлімі де емес. Тар. Дегенмен - еркіндік.
Цирк аттарындай шеңберді шиырлап жүрген сайыпқыран қазақ баласына самалды есіп, сайын дала төсінде еркін бір көсілгенге не жетсін. Осыны үнсіз ұққандай жүргізуші Қанат та еркін көсілген екпінімен қанаттандыра түседі.
Табиғат ананың әр мезгілінің өз бояуы, өз сазы, өз құпиясы болады-ау.
Бірде жалатып қана, енді бірде қоюлай жаққан хас шебер -табиғат суретшінің сары бояулары жалпақ дала тесіне күз суретін оп-оңай-ақ ернектей салыпты.
Сары күздің сағыныш шақыратыны не екен осы?..
...Иә, иә, сағыныш... Дәл сол, сонау бір жетпісінші жылдардың аяғында тап осы ұлы дала жолымен дәл осы ауылдарды бетке алып, бір топ әртіс ішінде жұдырықтай ғана қара бала кетіп бара жатқанды...
Ол - сол кездегі азуы алты қарыс өнердің қара шаңырағы облыстық қазақ драма театрының негізін қалаушылардың бірі, тума талант, тамаша актер марқұм Тұрар Ізбасаров бастаған театрдың бір труппасы болатын.
«Қашанда қаламгердің шығармасы өзінің ғұмырнамасынан алыс кетпейді» деген қағида бекер айтылар ма еді. Біз сол жолы осы Әлдекеңнің «Шаншар атайын» әкеліп, жазушының драмасына арқау болған нағыз кейіпкерлерінің өзімен қауышып, қауқылдасып, ой бөлісіп, ойын көрсетіп қайтқан едік. Әлдекең бізді сонау тұстағы өзінің туып ескен ауылы Шу ауданына қарасты сол кездегі Жамбыл колхозында күтіп алған болатын. Жазушының құшақтары осы даладай салқар ауылдастары, сол кездегі аудан басқарған атпал азаматтар бізді кұшақ жайып, хан көтеріп қарсы алған. Күнді құр қалдырмай әр ауылда ойын алдында кездесулер өткізіп, өздерінің Әлдештеріне, бізге сан түрлі сұрақтар қойып, мауқын басқан, марқайған.
Әдетте әдемі қиялға берілуге осындай ұзақ жол, сәтті сапардан артық оңтайлы уақыт табыла қоймас, сірә. Ғажап - деймін мен іштей. - Өмір деген де қызық-ау. Сен оны алдын-ала ешқашан, еш уақытта жоспарлай да, әдейі тап осылай етейін деп иіп те келтіре алмайсың. Менің сол кездерде тап осылай жиырма бес жыл өткен соң осы өңірге, дәл осы Әлдекеңмен бірге және де әдеби кездесуге келе жатамын деп үш ұйықтасам түсіме кірді ме екен...
Күн көтерілген сайын төңірек дүрбі салғандай айшықтанып бедерлене түсті. Оң қанатымыздан көлбеп, үшар басын мәңгілік мұзарт, ақ, қар басқан айбынды да әйбат Қырғыздың Алатауы қапталдасып қалар емес. Зеңгір көгінде сол ақ қардан үзіліп-үзіліп қалғандай ауық-уық ақ шулан бүлттар ұшырасады. Терезе тұсында Әлдекең тауға ма, әлде өзінің болмысынан аумаған мына кең пішілген адырлы сартап далаға ма көз алмай қарап қалыпты. Әлдекең мен арғы Алатаудың арасы -жомарт күз.
Тау жақ терезеге қараймын. Әлдекең Мәдина әншінің орындауындағы «Айқаракөзге» үйып қалыпты. Сәл түксие қалған қабағы, дөңестеу келген мүрыны, ақ шулан тартқан шашы бәрі-бәрі дәл бір өзі ес біліп, етекжапқалы алыстан сонау Кербұлақтың жондарынан ауық-ауық көз салып, арманына арқау еткен алып Алатаудың мың-миллион мәрте кішірейтіп қойған макеті іспетті.
Қасиетті қара жол қалықтата тербейді.
Мәдинаның қайталанбас нәзік те назды үнімен ән тамылжиды...
...Күндіз естен кетпейсің,
Түнде түстен
Тал бойыңда мінің жоқ,
Жасыл желек.
Айқаракөз жүрмісің,
Сау-сәлемат, қызыл гүлім-ай.
- Әне, анау бел-белес, одан әрі Жайсаң жотасы, оның ар жағында Кербұлақ, - деді Әлдекең ән біте бере сонау жоңғар Алатауларынан сілемдене белініп, батысқа қарай ұзыннан-ұзақ сұлап жатқан қарақожыр қолатты жатаған жоталарды нұсқап.
Бұл кезде жол да солай қарай сәл қиястай түсіпті.
Таяуда ғана мемлекеттік тапсырыспен Астана қаласындағы Отырар кітапханасы сериясы бағдарламасы бойынша жарық көрген «Мен - апамның баласымын» атты романын оқып шығып, іштей ерекше сезімде жүрген болатынмын. Сондықтан маған бұл өңір сол шығарма арқылы алақанымдағыдай айқын да таныс. Қызмет орнында шығармаға деген ризашылығыңды білдіру де ыңғайсыз, әрі ол сенің бастығың болса. Оның есесіне республикамызға белгілі сыншылар, жазушылар бұл туынды жайлы шын бағасын беріп, ризашылық ықыластарын бірінен соң бірі білдіріп те жатқан. Сондықтан менің пікірім аса қажет те емес шығар. Дегенмен, міне, енді сол туынды жайлы маған да Әлдекеңнің өзімен ой бөлісудің орайы бүгін мынадай еркін уақыт, ыңғайлы сәтте келген сияқты.
Әлдекең де, мен де әлі Айқаракөздің сағынышты әуезіне шырмалып, шыға алмай отырғанымызда әңгімені әдемі әзілден бастап жібергім келген.
Сазды серенада
- Мына өзіңіз мейлінше әдемі суреттеген Кербұлақ тауларымен сілемдес жатқан Қордай таулары да сізге бөтен емес-ау шамасы, Әлдеке, - деп қойдым әңгімені екі ұшты сабақтап.
«Онымен не айтпақсың» дегендей Әлдекең маған қарай бар денесімен ыңғайланып отырды.
- Кешегі романыңызда бала махаббатыңыз Базаркүл -
Айқаракөз осы Қордай асуына ұзатылып, сағымға айналып кетеді,бала қиялмен бәсірелеп бәйге етсем деген Бозтайды Әсел апай қалап әкетсе, «тағы да бір бозтай туып берер» деп оқырман көңіл
демдейтін оның енесі Бозбиені де осы Қордайдан төркіндеп келген Бүбісара әкпеңіз мініп кетеді.

Әлдекең «Айқаракөздің» сарынынан өлі шыға алмай, әдемі сезімде отырған күйі сәл жымиып алды да әңгімені әзіл емес, байсалдылыққа бұрды.
- Сен білмейді екенсің «Айқаракөз» әні жігіттің қызға арнаған әні емес, қыздың қызға, яғни, қыздың құрбысына арнаған әні, сағынышы. Мен білетін мұндай қыздың қызға арнғана әні, бәлкім,
қазақта жалғыз-ақ осы болар, - деп бір қойды. Содан соң сәл ойланып отырды да:

- Өзің айтып отырған кітаптағы балалық махаббатты айтсақ, ондай ұшпа сезімді әр жасөспірім бастан кешері заңдылық. Бірақ ол сол Базаркүл ме, басқа ма, көркем шығарма үшін бәрібір. Әйтеуір, шынайы сезімді болса болғаны емес пе? Ад, әлгі Бозтай, Бозбиелер оқиғасының түбінде қазақтың бауырмалдығы, мәрттік, өзге халықтарда кездесе бермейтін кіндік шеше деген сыйлы анаға құрметі, жолы жіңішке жатжұрттық болған қызға деген ізеті, содан барып қыздың төркінге деп туындайтын мәңгі сағынышы жатқан жоқ па?
Нықтап-нықтап айтқан дәлелі менің тура шығармадан түйгендерімнің төбесінен түсті.
Иә, кітап құры босқа жазылмайды. Айтары жоқ адам әдебиет деген құдыретті де киелі істен аулақ жүргені абзал екенін мен де ептеп түсінемін. Ұлы Абай да «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» демей ме. Шығарманы сыдыртып оқып шығу бар да, оның астарына, айтайын деген тустарына үңілу, түсіну бар. Мен де сол Әлдекеңнің аталмыш романының негізгі-негізгі айтпақ ойын, түп тамырын тап басып түсінгеніме іштей марқайып қалғам. Ақыры не бітірем, үн-түнсіз отырам ба, әңгіме керек. Әрі жол қысқарады, ойымды ары қарай сабақтадым:
- Оқырман ретінде «кітап жақсы, ұнады» деп айта салу оңай, әрине. Ал, мен әдебиетші ретінде бұл шығармадан бірнеше бағытта ой түйдім. Бәлкім, сіз автор ретінде келісерсіз, келсіпессіз, қазақтың қай ауылында болмасын кездесіп жататын, оны тіпті сол қазақ өздері елеусіз көретін атасы бөлекті сәл ісі оңға баса «қаңғыған пәленше» деп руымен атап, көпе-кернеу кемсіте салатын ұлттық мінезімен шығарманың өн бойында отаншылдық туындатыпсыз. Туған жерге деген мәңгілік сағынышты керсетіпсіз. Оны тағдыр талайымен өзге ауылда жүрген Қалқабай арқылы беріп, екі ұлы Шәкен мен Алданыш-Әлдештің үнемі іштей құмығып, булығып өсуі арқылы жүрегіне мәңгі өшпестей етіп қалдырыпсыз. Солармен бірге күйініп, солармен бірге күйзеліп отыратын оқырманның да жүрегіне туған жерге деген қасиетті ұғымның құдіретін мықтап тұрып шегелепсіз. Одан ары, дәл осы ойды Кербұлақтағы Атабайдың Ақтазысы күшіктеген үй артындағы жер астынан барып асырап алғаннан бастап Алданыштың, қала берді бір үйдің сенімді серігіне, ең бір қимасына айналған Қарауыз-Лашынның әбден қартайып барап өлер кезінде жоқ болып кетіп, ақыры сол баяғы өзі туған ұясы жарқабақтың астынан елігінің табылуы, қанжардай қатып, Қордайдың Қасық ауылынан шығып, туған жерін аңсап Топарға қарай қашып бара жатқан Құла ат арқылы бейнелепсіз. Және бұл ұлы ұғымды, адамзат баласы ғана емес, жан-жануарда түсінетінін осындай ғажайып ұлттық мінезбен әдемі әрлепсіз, - дедім шын ризашылығымды әрі әдебиетті түсінгіштігімді білдіргім келіп.
Әлдекең бұл оймен келісті ме, келіспеді ме, ол жағын жауапсыз қалдырды. Оның есесіне:
- «Мен - апамның баласымын» - деді ол, сәл үнсіздіктен соң.
- Сондыктан ұлы әжені де ұмытқам жоқ. Жалпы бұл шығармада бәрі-бәрі он ойланып, жүз толғанып барып пішілген. Жазушы деген бәрін сақтап, қаттап отыратын бейне бір қойманың иесі сияқты.
Бәрін есептеп отырады.

Енді мен үнсіз қалдым. Кітапты түгел кез алдыма әкелдім. Шындығында да, солай. Иә, тақырыбы да солай. Шығармадағы Алданыштың апасы Айша - керемет адам. Ол ақтарылған – ақ тілек, тұнып тұрған - мейірім. Бала үшін жанын да қиятын алып ана. Ол романның эпилогында шөбересі үшін ақыры солай да етпеді ме.
Пай-пай-пай... Әдебиет дегеннің құдыреттілігі де, құндылығы да осында болады екен-ау. Тап осы кезде романдағы жалғыз ұлынан айырылып, Алданышты алданыш етіп ақыры бар ғұмырын сонымен сабақтастырып жіберген кейуана Алданыштың Айша апасы бар болмысымен көз алдыма келіп, жүрегімді езе елжіретті. Өзім көрген, қазір өмірде жоқ мәңгі сағынышқа айналған әжелерімді көрдім ол көріністен.
- Әлгі шөбересі Бауыржан ауырғанда бір құдіреттің күшімен ол кісі өліп кетіп, баланың беті бері қарап, тірі қалатын шын болған оқиға ма, - деппін әдебиеттің исі мұрныма бармайтын бала құсап.
Әлдекең күліп жіберді. Сасқанымнан өзім де күліп жатырмын.
- Ол солай болды ма, болмады ма, кітап солай деп тұр ғой, - деп Әлдекең одан сайын насаттана күлді.
Ары қарай мазалағам жоқ. Өз ойыммен өзім болып кеттім. Иә, рас, мүндағы көркем бейнелер бар өз болмысымен, өз мінезімен, өз тұлғасымен дара-дара сомдалған екен. Тек қазақтарда ғана кездесетін үлкендер бауырына басатын бала жайы және оны олар өздерімен бірге бөліп-жарып бір жаққа алып кетпейтіні, қайта ол екі жақтың ой-ақылын тел еміп, жүректі азамат болып өскендерінің талайын көзіміз көріп жүр. Дейтұрғанмен оның да өзіндік көзге көрінбес, ауызбен айтылмас қиындықтары бар. Ол осы романдағы өз әкесін әке дей алмай, анасын ана дей алмай іштен тынып жүретін Алданыш, үлкен кісі Айшаның сезіміне қылаудай кір түспесін деп өз ұлдарын балам дей алмай жүретін «жезде» мен «әкпе», содан соң нағыз қазаққа ғана тән әбжіл де қайсар мінезді Мұхтар бейнесі, шаранасы үшін шырылдап атқа түспекке бар Мәрия, жалғыз әкеге қолқабыс ету үшін оқу да іздемейтін, тіпті солай болу керек сияқгы қалыптасқан қарапайым ғана тіршілікті қанағат ететін шаруа - Шәкен. Бәрі-бәрі жүрегі бар адамды бейжай қалдыра алмайтын тас түйін бейнелер.
«Бүткіл әдебиет әлемінде бар болғаны отыз төрт қана тақырып болады» - дейді екен әдебиет зерттеушілері, Демек, бүкіл дүние-әлем жазушылары оған әр қырынан, әрқайсысы өзіне ғана тән, өзіне ғана берілген талант-тылсымымен келеді. Осының ішінде бір күрделі де күрмеуі қиын тақырып бар. Ол - ұрпақ сабақтастығы. Әлемге әйгілі Эрност Хемигуэй мен адамзаттың Айтматовы атанған өзіміздің Шыңғыс та осы тақырыптың кілтін тауып, шағын шығармаларындағы әдемі детальдармен бере білген болатын. Ой тасқыны қайта мазалады. Буырқанған сұрақтарға өз ойымның жауаптары аздық ететіндей ақыры еркімнен тыс әңгімені қалай бастап кеткенімді өзім де сезбей қалыппын.

  • Әлдеке, сіз ұрпақ сабақтастығы дегенге қалай қарайсыз осы?

  • Әй, сен мені шаршатарсың. Қазір кездесу. Ол жерде де көптеген сұрақтар болады. Онда да кемінде екі сағат сөйлейтін шығармын.

-Әлдеке, мен де ерігіп отырған жоқпын. Мен жуналистпін және ану-мынау емес, облыстық газеттің тілшісімін. Осы отырысымда мен жұмыс істеп отырмын, - дедім барымша байсалды кейіпке еніп.
Әлдекеңнің маған бақырая қараған көздері едәуір тоқтап тұрып қалды. Сонда барып оның: «Ә-ә, мәселенің төркіні мұнда жатыр екен ғой. Сен, қу бала, әңгімені әріден бастап, жазбаққа кіріскен ойың бар екен ғой» дегенін айтпай түсіндім.

  • Әй, сен манадан бері сөйлетіп қойып, суыртпақтап сыр тартып келеді екенсің ә? Ал мен оны білмей көсіліп отырмын. Ойпырмай-ә, әй, Қанат, артық-ауыз бірдемелер айтып қойған жоқпын ба? - деп Әлдекең жүргізушісіне қарап жорта қауіптенген болып рахаттана күлді.

  • Әлдеке, дегенмен?.. - деп енді мен жұмсара бастағам. Осы кезде:

  • Сен осы мені қанша жылдан бері білесің? - деп Әлдекең өзіме тосын сұрақ қойғаны. Мен мүдіргем жоқ.

  • Жиырма бес жыл. Тура осыдан жиырма бес жыл бұрын Шу өңірінде Санатбай болып өзіңізбен бірге келгеннен бері, - дедім әдейі нықтап-нықтап тұрып.

Әлдекең риза болды ғой деймін, мейірлене қарады. Секундтар арасында көз алдынан сол кезеңнің сан суреттері сатырлап-ақ өткен шығар-ау.

  • Ендеше, - деді Әлдекең менің иығыма қолын салып тұрып - менің сен білмейтін сырым жоқ. Оның үстіне қырағы көзді журналиссің, жаза бер, - деді де жайбарақат отыра берді.

  • Жарайды, дедім. Өнер адамы мақтаншақтау келеді ғой. «Ендеше еш сұрақ сұрамай-ақ керсетейін қалай жазу керек екенін» - дедім іштей тас түйін бекініп. Сөйттім де әлгі «ұрпақ сабақтастығы» деген сұрағыма өзім ойша жауап іздеп кеттім. - Әлдеке, - дедім іштей - мен мұны сізден неге тәптіптеш сұрай бердім, білесіз бе? Оны сұратып отырған маған қатты әсер еткен өзіңіздің романыңыздағы айқайлап айтылмай-ақ шығарманың өн бойында жатқан нағашы атаның аты өшпесе екен деп бастауыш мектептерде Алданышты Ыдырысов деп жаздыратын шарасыз қазақи хал. Бұл көп қазақтың басында кездесетін жәйт. Апаның, әкпелердің соны медеу тұтып өз көңілдеріне жұбаныш етуі, өз жеке басы дегеннің қызығын, рахатын ұмытып, ғұмыр бойы ұрпақ үшін деп өмір сүретін қайсар қазақ Қалқабайлардың тірлігі.

Әлдекеңенді магнитофонға өзі арнайы алып шыққан Кенекеңнің (Кенен Әзірбаев) өз орындауындағы үнтаспасын қойғызып қойып ептеп көзін жұмып келеді. Бәлкім, қалың ойда, бәлкім бір сәттыны-стап алмаққа мызғып отыр. Ол жағы маған бегісіз. Маған керегі өз ойымды өзім дәлелдеп шығу. Шынында да, салыстырмалы түрде ойымнан кетпей қойған әлгі бір Хэмингуэйдің әңгімелеріндегі «әкем доктор еді, өзеннің арғы бетіндегі бірнеше күн бойы толғатқан бір әйел бала теріс келіп босана алмай жатыр екен» деп шақырып келіпті. Әкем екеуміз қайықпен бардық. Бір бөлмелі ағаш үйде әйел қиналып жатыр. Жоғарғы сәкіде жатқан индеецер адам бізге бір қарады да жата берді. Әйелінің қиналуынан ол тіпті мүжіліп кеткен сияқты. Жылы су, оны-мұнысын дайындап, әкем операция жасауға кіріскенде ер адам тістеніп бетін арғы қабырғаға беріп аударылып түсті. Пышақтиген сайын шыңғырған, тістене ыңырсыған әйел нәрестенің шар ете қалған үнімен бірге саябыр тапты. «Ұл» деді әкем, баланы жоғары көтеріп, дауыстап. Жоғарғы сәкіден жерге тырс-тырс тамып жатқан қанды көрдім. Байқасам, индеец өз күре тамырын өзі кесіп жіберіпті. Өмірге аман-есен ұрпақ келді» мақсат орындалды, бітті дегені ғой» деген сияқты ой еді ол. Сондай-ақ, теңізде қайықпен адасқан атасы, баласы, немересі. Құтыдағы азғантай ғаңа ауыз суға ортақ болмайын деп бір түнде атасының өзін-өзі теңізге тастауы, екінші түні әкесінің жоқ болып шығуы, бірақ суды мұқият бала оңай табатын жерге ыңғайлап қойып кететіні, таңертең бала жалғыз екенін көріп аң-таң, тек төбесінде шарқ ұрған шағалалар» - деп жағалауға жақын қалғанын білдіруі - бәр-бәрі әлгі ұрпақ сабақтастығы үшін емес пе.
Ал, осылардан «Мен - апамның баласымындағы» ұрпақ үшін жанын жұмбақ жағдайда пида еткен Айша апаның, бір ұрпаққа зар болып жарты ғұмыр іштей өксікпен өткен Мұхтардың, Ысқақ төренің іштей күйзелістерінің, күңіреністерінің, сәбиінен айырылып өмірден баз кешкен жапан даладағы құшнаш кейіптегі Мәрияның - қай-қайсысының басындағы трагедия кем соғады содан? Кем емес. Бірақ, біз оны көре бермейміз.
Әй-әй-әй!.. Қолда бар алтынның қадырін білмейміз-ау кейде. Әйтпесе, татардың мықты ақыны Тоқай: «Әттең ұлтым татар, әйтпесе Пушкинмен болар ем қатар» дер ме еді. Ал, Әлдеке, мейлі сіз жауап беріңіз, бермеңіз мен тура осылай түсіндім, тура осылай жазамын. Осылайша жазушымен іштей ақылдасып отырғанымда:

  • Тоқтатшы - деді кенет Әлдекеңнің өзі. Қанат жылдамдықты бәсеңдетіп жолдың жиегіне келіп тоқтады.

  • Біз уәделі уақыттан сәл ерте келе жатырмыз. Аялдап, тысқа шығып, біраз аяқжазып алайық, - деді Әлдекең.

Дала диалогы
Сәскеге тырмысқан күн шуағына қыздырмасыз қазанның майы еритіндей. Сол қанатымызда жапырақтары ептеп сыйдам тартқанымен, қоңырқай күзбен жарасым тауып, рулы ел, ұялы те-рекке айналған іргелі ауыл мен мұндалайды.

  • Міне, мынау үшінші, төртінші сыныптарда мен оқыған, білім алған Қайнар ауылы. Бұрын Буденный ұжымшары атанған. Одан соң«Көкқайнар» кеңшары болған. Қазір Қайнар аталады. Ауылдың мына оңтүстігін кемерлей Шу өзені ағып жатыр. Су сынып, сәл күннің көзі қыза бастағаннан бүкіл ауыл балалары бейне бір сауыры күнге шағылысып жалт-жұлт еткен ақшабақ балықтардай осы судан шықпайтын едік. Әне, анау ауыл сыртындағы жатаған жоталар Тарылған тауы деп аталады. Арғы Қордай тауларынан тарам-тарам болып келіп бір арнаға жиылып, Жайсаңнан кемерлене ағып келген тау өзені дәл осы екі таудың қылтасына келгенде тарыла түседі. Сондықтан жергілікті жердің жұрт тауды да, өзенді де Тарылған атап кеткен, - дейді Әлдекең сонау ауылдың арғы тұсындағы қолат-қолат қырқалардан көз алмай тұрып.

  • Бәсе, шындығында да, кетеуі кетіп, берекесі қашып тарылған ауылдың өзі, сыртқы сықпытынан-ақ белгілі болушы еді. Бұл ауыл мына едәуір қараң-құраң тірліктерімен-ақ бақуат тұрмыстың жай-ын аңғартқандай екен - дедім тағы қарап тұрмай көрегенсіп.

- Иә, бұл шаруашылық осы өңірдегі шаруасын шашау
шығармай, «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» дегендей, берекелі тіршілік кешіп отырған ауыл, - деп көсіле түсті Әлдекең. Әлдекеңнің біреуге шын ықыласы ауса болды біржолата құлай берілетін әдеті. - Бұл ауыл өзім оқып, балалағымның бір бөлігі еткен жер болғандығынан ғана емес, жалпы облыстық газеттің басын ұстап отырғандықтан әр аудандағы осындай ісі ілгері басқан шаурашылықтардың тәжірибесіне құлақ тігіп отыратынымыз бар ғой. Бұл елді қазір Варшакидзе деген азамат басқарады. Бір қызығы оның аты таза қазақша - Өмірәлі. Тынымсыз тірліктің ұйымдастырушысы да, ұйытқысы да сол жігіт. Шаруашылық негізінен егіншілікпен айналысады.
Бірқатар сауын сиырлары да бар, - деп қояды риза пішінмен.
Былай қарағанда күніне газеттің «майын» ішіп, кабинеттен шығуға мұршасы келмей мұрнынан шаншылып жүретін редакторымның облыс орталығынан бірнеше жүз шақырым шеткері жатқан ең шалғай аудандардың бірі жайлы күнде қоян-қолтық араласып жүргендей әңгіме соққанына қайран қалып мен тұрмын. Онысымен де қоймай:
- Бұл Қордай жері ертеректен-ақ шаруашылық жүргізудің түрлі технологиялық тәсілдерін меңгерген. Қордай ауылының бір шетін алып жатқан шаруашылық Ақбұлым өндірістік бірлестігі аталады. Бірлестік жүгері, бидай, т.б. астықтың асыл тұқымын өндірісімен айналысады. Бұрнағы жылы облыс әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетов осы шаруашылық тәжірибесіне сүйеніп Қазақстан Ауыл шаруашылығы академиясының егіншілік жөніндегі білгір маманы, академик Оразалиннің жетекшілігімен облыстық семинар-кеңес өткізген болатын. Ол жиын мұнда егіншілік мәдениетін едәуір алда екенін көрсеткенді, - деп алды да өндіріс саласына ауысты.
Биыл ғана жаңа технологиямен заман талабына сай жаңаша жұмысқа кіріскен былғары комбинаты жайлы біраз ақпарат беріп өтті.
Өндірістің ілгері-кейінгі тарихынан қаузай отырып, кешегі Кеңес өкіметі тұсындағы сонау соғыс жылдары осы Степной, Талапты ауылдары, маңында кендір өндіретін арнайы зауыт болғанын, ол кезде ол техникалық дақыл ретінде өсірілгенін, оны бау-бау етіп орып арнайы тоспаға тастап, әбден бабына келген соң одан кендір қап, арқан, тағы басқа тұрмысқа қажетті өнімдер өндіргенін, кеңес өкіметінің сол бір орашолактау қарадүрсін іс-әрекеттері бүгінде үлкен дертке айналып, сол дақыл тұқымы келе-келе Қордайдың желімен жылжи-жылжи Шу даласына түсіп, табиғи өзгеріске ұшырап, қоғамдық кесапатқа, марихуанаға айналып кеткенін сыр етті.
Қайта келікке аяқ арттық.
Аудан орталығына қарай жосығантақтайдай тегіс жол жиегіндегі талдарақтардың бітім-болмысы өзгешелеу көрінді. Және бір-екі қатар ғана жолаққа емес, едәуір қанатын жайып, біраз аумақты ала жолдың қос қапталын тоғайға айналдыра орналасқан ағаштар жатағандау көрінген. Задында жазушы деген қызық халық қой өзі. Өзгелерден бөлекшелеу түйсік көзі бола ма, ойламаған жерден біздің ішімізді оқып отырғандай:
- Мына жолдың екі шетіндегі ағаштар кәдуілгі қарағаш емес, жеміс ағаштары. Осыдан 10-15 жыл бұрын осы ауданда жол құрылысы басқармасын басқарған Әлімбаев деген азамат болған. Қазір зейнетте болуы керек. Сол азамат, міне, осы ағаштарды өз бастамасымен отыртқызған екен. Шіркін, мұны жазда көрсең. Алма, өрік, шие, тағы басқа түрлі жемсітер мәуелеген кезде ұзын жолмен ары-бері еткен жолаушылардың көз құрты, - деп риза кейіп танытты.
Нағыз сауапты іс екен-ау, - дедім іштей, қимас, думанды кезеңін артта қалдырып, күз дәуірін бастан кешіп сидым-сидым бұтақтарының әр-әр жерлерінде қалтылдаған сары жапырақтары ұшындағы көгілдір шық тамшылары күн сәулесімен жалт-жұлт етіп тұрған ағаштардан көз алмай отырып.
Иә, бұл негізі кейінгі азаматтар ғибрат алатын да шаруа екен-ау. Бала күнімде «Ұзын жолдың бойына үш жыл қатарынан қауын-қарбыз егіп, жолаушыларға тегін үлестіріп отырған адам бұл фәнидегі бар күнәсінен арылады» деп отыратын қарияларды көрген едім. Міне, мынау соның нағыз өзі емес пе. Кім болсаң да рахмет саған ағасы - деп өзім көрмеген Әлімбаев деген азамат ағаға алғысымды айттым іштей.
Ізгілік романсы
Межелі жерде бізді Қордай ауыл шаурашылық колледжінің директоры Барлыбай Рысбеков күтіп алды да, қырқа-қырқа жоталардың арасынан сидым-сидым теректері кекке шаншылып құстың ұясындай ғана бір шоғыр болып жатқан ауылға қарай бастады. Бұл - ЬІрғайты ауылы. Айналасын көз тіретіп дөңгеленте тау-жоталары қоршаған ауылдың батысынан ғана азғандай жер бейне бір қақпасы іспетті алыс көкжиекті зорға көрсетіп тұр.
Қаладағы атынан ат үркетін кептеген университеттерге бұйыра бермеген арнайы жобада салынған зәулім ғимарат, білім ордасының ат шаптырым акт залы лық толы. Әлдекең екеуміз сахна төрінен орын алдық та, кездесу бірден басталып кетті.
Колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тұрсын Әбдрашева кешті бастап, Әлдекеңнің өмірі, шығармашылығы жайлы аз-кем әңгімелеген соң әдеттегідей жазушының өзі сөз алды. Жазушы ілгері-кейінгі әдебиет жайлы, оның жас жеткіншектерге берері жайлы ой толғады. Әлдекеңнің оқырмандарымен кездесуі бір бұл емес екенін, әңгіменің әуенін сәл-сәл іркіп, алдағы сұрақ-жауапқа сақтап отырғанын, әрине, мен жақсы түсініп отырмын.
Жалпы жазушы келеді дегеннен, колледж оқытушылары мен білімгерлері аса жауапкершілікпен барынша байыпты дайындалған сыңайлы. Бірден сахнаға көтерілген білімгерлер Әлдекеңнің әр шығармаларындағы кейіпкерлері аузына салған балалар бойындағы жаман қылықты әжуә ететін шығармаларын нақышына келтіре орындады. Бәлкім, дайындалған ба алғашқы сұрақ «Алғашқы «Көк дөңгелек» атты кітабыңыз студент кезіңізде жазылыпты. Ол қалай туындады?» - деген сауалдан басталды.
- «Көк дөңгелек» - менің тырнақ алдым. Ол кезде суретті кітапша деген болатын. Мен негізі университетте оқып жүріп екінші, үшінші курстан жаза бастадым. Алғашқы әңгімелерімді «Балдырған» журналына алып барғанмын. Атақты балалар жазушысы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев шығармамды оқып шығып, «Жақсы екен. Сен жазушы боласың» дегені. Енді, сондағы сезімді сөзбен айтып жеткізу, әй, қиын шығар. Көшеге шықтым. Құдай салмасын, адамдардың бәрі аласа, мен ғана биік. Дәл сол жерде жазушы дегенді қолыма ұстата салған сияқтымын. «Жақсы сөз - жарым ырыс» деп жақсы адамның, жақсы ағамның, жақсы жазушының сөзі талпынуыма, бойымда кішкене бір таланттың сәулесі болса, ашуға ұмтылуыма септігін тигізгені анық.
Кешті жүргізуші Тұрсын апай да әдебиетші емес пе, сары майдан қыл суырғандай қып сыпайы ғана сауал өрбітті.

  • Әлдеке, сіз сомдаған Шаншар атайдың балалар тәрбиесінде орны ерекше. Қазір ел қамын, ұрпақ болашағын ойлайтын қарттар неге аз? - дейді күрмеуі қиын сауал тастап.

  • Соғыс жылдары ауыл шыныда да, иесіз қалғандай еді. Сол балалардың, олардың жесір қалған аналарының, тіпті, малдың - бәр-бәрінің сұрауы біздің ауылда. Оспанбек деген қарияда болатын. Бірау науқастанып қалса да, біреу-біреуден жапа шексе де, тіпті, бір малдың аяғы сынып қалса да бәрінің ортасында шарқ ұрып сол қария жүретін.

Қазір заман сәл бөлектеу. Дегенмен жақсы абыз қарттар әр ауылда бар ғой. Тек олардың жақсылығын балаларға үлгі етіп көрсете білу керек, олардың тәрбиесін ала білу керек шығар, -
дейді Әлдекең.

- Біз сізді осы заманның «Шаншар атайы» деп ойлаймыз, - деп көтермелеп те алады жүргізуші.
- Мүмкін, мен балалар жазушысымын ғой. Шын балалар жазушысы - ол әрқашан тәрбиеші, - дейді жазушы.
Тіпті, кейде Тұрсын апай кеш жүргізушісінен гөрі экранда сұхбат жүргізіп отырған тележурналистке көбірек ұқсап кетеді. Онысы да жымдасып жарасым тауып тұр.
- Шығармаңызда, сырқат әкеңізді соғысқа шақырғанда әлі буыны беки қоймаған Бекет ағаңыз әкеңіздің орнына мен барайын дейді. Қазіргі жастардың бойынан осындай отансүйгіштікті көре аласыз ба? - дейді тағы тосын сұрақ тастап.
- Ол кезде кеңестік жүйе қалыптастырған өзінше патриотизм болатын. Қазір басқаша. Жеке мемлекет, егемен елміз. Оның болашағы үшін өте күшті, ол кездегіден де керемет әрі шынайы патриотизм болуы керек. Ол бар және біртін-біртін дамып, қалыптасып келеді, - дейді Әлдекең.
Мұндайда ойдан ой туындап, жүрек түкпірінде бұғып жатқан тылсым сұрақтарға жауап ізделініп, сұраққа сұрақ ұласып кететіні бар емес пе. Осылай жазушы мен оқырмандар арасындағы сұрақ-жауап қыза түсті.
- Ата-аналар қазір балаларын тәрбиелемейді, тек
қаржыландырады деген ұғым бар, осыған келісесіз бе? – дейді бір қыз бала.

- Киім де керек, тамақ та керек, - дейді жазушы. - дегенмен, рухани азық ешқашан ата-ананың да, баланың да қаперінен бір сәт шықпауы тиіс. Әдебиет, кино, сурет, саз - бәрі тәрбие құралы.
Десек те, әдебиетке тең келері жоқ. Оны оқып, өзіңмен өзің ой кешіп, өзіңше түсініп, түйсініп отырғанға не жетеді.
Адамға ауа, су, нан қандай қажет болса, әдебиет те сондай қажет, - дейді жазушы.
Зал ортасынан орта бойлы, қыраулы самайынан, киім киісі, өзін-өзі ұстасынан-ақ ұлағатты ұстаз екенін айтпай танитын қағылез қария көтерілді де өзін Нәзкен Исанов деп таныстырды.
- Әлдеке, біздің ұжымға арнайы ат терлетіп келдіңіз. Үлкен рахмет. Негізінен біздің аудан облыс орталығынан едәуір алыста жатыр. Сондықтан да әдебиет әлемінде не болып жатқанын білеалмай қаламыз. Мына кездесу біздің балаларға үлкен тәрбие қалдырары хақ. Бұл оқу орнында негізінен кәсіби мамандық алушылар оқиды, десек те, бұлардың арасынан да кешегі осындай техникумда оқыған Шыңғыс Айтматов сияқты жазушылардың шықпасына кім кепіл, - дей келіп, - орталықтан шалғай жатсақ та облыста болып жатқан игі істерді сіз басқарып отырған «Ақ жол» газеті арқылы ғана біліп отырамыз. Тараздың 2000 жылдығына орай газет өңіріміздің тарихы жайлы кең көлемде жазып, көзімізді ашқандай болды. Осы үрдіс жалғасын тапса және жастар тәрбиесіне көңіл бөлініп, әсіресе, ауыл жастарына арнайы бет беріліп тұрса, - деген ұсыныс-тілегін білдірді.
Бас редактор ұсынысты құптады.
Бұл кездесуге жақын маңдағы ауылдардан да әдебиет сүйер біраз азаматтар арнайы келгенге ұқсайды. Көрші ауылдан келген Рза Қунақова атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Күләш Нүсіпованың:
- Атыңызды атап, мақтан етіп жүретін аға, мына сіз отырған төр бір жылдары Кенен атаңыз, Бексұлтан Нұржекеев, Марал Ысқақбаевтай қаламдастарыңыз отырған қасиетті жер еді. Енді біздің шақыруымызды қабыл алып келген сізді де сол тізімге қосып мақтанышпен атып отыратын болдық деп, - ағынан жарылған.
Көкрермендерден жазбаша сұрақ қаптап кетті. Оның бәрін дәл осы жазбамызда тәптіштеп айтып беру мүмкін де емес. Бірақ бәрі де керек, көкейкесті сұрақ. Оған сол жерде жауап табылды да. Енді соның бірін бір әрпін де өзгертпей сөзбе сөз келтірсек:
- Қазіргі кезде жастар арасында ауылдық екенін жасыру бой алып тұрғандығы, ауыл жастарының мәртебесінің төмендігінен екендігі ащы шындық екені рас па? Мысалы, бүгінгідей кездесу - таптырмайтын табыс. Себебі, бұл он жылда бір болатын көрініс.
Осының өзі ауыл жастарын елемеушілік емес пе?

Сұмдық сұрақ. Әдебиетші ретінде де, ұлтыма, ұлтымның болашағына жаным ашиды деп ойлайтын азаматтардың кез келгені ұялып, көзімен жер шұқып қалатын-ақ сұрақ. Амал не, ол осылай қойылды. Әлдекең әл-қадірінше жауапқа кірісті.
- Қала мен ауыл арасында айырмашылық бар екені рас.
Ол бола да береді. Мына менің романымда бір деталь бар. Жан-жақтағы ауылдан бастауышты бітіріп келген балаларға Шоқпарда бір мұғалім: «Ауылдың балалары қайбір есеп біледі, бақылау жазғызамын да «2» алғанын 4-сыныпқа, 4,5 - деген баға алғандарын 5-сыныпқа отырғызамын» дейді. Көппен бірге маған
да 2 қойыпты. 5 алған Шоқпардың балаларының есебіне қарасам, менікі дұрыс. Ақыры дәлелдеп шығамын. Міне, көрдіңіздер ме ауыл баласын қорсыну бұрыннан болатын. Бірақ оны түбінен терең ойлап көру керек. Статистикаға сенсек, ұлы адамдардың 80 пайызы ауылдан шыққанын көреміз. Алысқа бармай-ақ Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қараңыздар, нағыз ауылдың түлегі. Облыс әкімі Серк Әбікенұлы Үмбетов ауылда оқып, одан соң дәл осы сіздердің ауылда, дәл осы оқу орнында алғашқы ауыл шаруашылығы мамандығының әліппесін ашқан азамат. Ауыл әлі-ақ өркендейді. Елбасымыз бұл мәселені «Ауыл жылдары» бағдарламасында жан-жақты көтеріп отыр. Ол, сөз жоқ, өркендетеді. Қала жастары да біздің ұландарымыз. Дейтұрсақ та, таза ұлттың үлгісі де, негізі де сендер, ауыл балаларысыңдар.Орысша оқып, амалсыз ұлттық болмыстан сусындап нәр алудан кенже қалған замандастарыңа еліктеудің жөні жоқ, қайта кейін оларға сендер ұлттың құндылықтарын түйсінуіне, түйіндеуіне өз істеріңмен көмек ететін боласыңцар.
Ұстаз Бақыт Айлауова жазушыға деген алғыс сезімін өлеңмен өрсе, ауыл әкімі Зәуре Бүрімбаева Әлдекеңе деген ризалығын «Осындай қарапайымдылығыңыздан танбаңызшы» деп түйіндеді.
Кездесуді колледж кәсіподақ ұйымының төрағасы Қораласбай Әбдірәлиев қорытындылаған соң, әдемі концертке кезек берілген.
Колледж білімгерлері егіз ұл Нұрдәулет, Нұрқасым Райымқұловтар «Үш қоңыр» әнін шалқытты, күй күмбірледі, би қалықтады. Әлдекең сан-қилы сұрақтардан соң арқасынан ауыр жүк түскендей рахаттана тыныстап отыр. Кенет жүргізуші: «Жас ұстаз, әнші Нұрсұлу Қалиеваның орындауында халық әні «Айқаракөз» дегенде күй ырғағымен тербеле қалықтап отырған жүрегім лүп-лүп етіп келіп атқақтай соқсын. Сол баяғы нәзік те назды минорлы ырғақ белгілі бір биіктікке дейін жүрек қылын үзердей шығандай кетеріп алды да ән басталып кетті:
Күндіз естен кетпейсің,
Түнде түстен,.
Тал бойыңда-ау, мінің жоқ, жасыл желек,
Айқаракөз
Жүрмісің, сау-сәламат, қызыл гүлім-ай...
Әлдекеңе қараймын. Үн-түнсіз қашанғы қалыпты қалпы. Тек екі көзі бір нүктеге қадала қалыпты.
Бәсе, бәсе айттым ғой Айқаракөз - Базаркүл осы Қордай жакта. Япырау, тіпті, Нұрсұлу соның қызы болмаса неғылсын?! Бұл тіпті де кездейсоктық есім шығар. Бүгін жол бойы Айқаракөзбен көңілдің сонау алыс түкпіріндегі тәтті сезімдерді қозғаған, енді келіп күтпеген жерден мынандай сәйкестік туындатқан тылсым күштің құдыреті шығар бұл, - дей бердім іштей.
Әлдекең сол күйі үнсіз. Не ойлап отырғаны беймәлім. Ал, мен.. Әнші қызға қарай бердім, қарай бердім...
Ой эпилогы
Бізді қайта Таразға жеткізуге жанын салып бебеу қаққан мотордың үнін де естімеймін. Тағы да өзіммен-өзім. Адам де-ген мұншама жұмбақ болады екен-ау дейді ойым. 25 жылдан бері білетін Әлдекең жайлы тіпті аз біледі екенмін. Іштей ыңғайсыздандым. Себеп:
...Әлдекеңнің мерейтойы қарсаңы болатын. Ұстаз-аға ретінде ешкімге ұқсамайтын жырдан тарту тартқым келген. Ол орындалды да. Алдын ала Әлдекеңнің өзіне оңашада оқып бергем. Ол үн-түнсіз тыңдап болды да, «Жақсы екен. Өте жақсы. Сен тіпті мені әбден зерттеп жүріпсің ғой. Бұл сенің өзіңде болсын, әләзір жария етпейік, кезі келер» деген. Бәлкім, сонда мен оны да тани алмадым ба? - деймін іштей. Басы қалай еді өзі:


Тербетіп тал бесік,
Шу бойы төккендей мейірді.
Кең пішіп, мол кесіп,
Қазақы шекпендей,
Жаратқан пейілді.
Ой тыңдар, зерделі, зейінді,
Жазуға-сызуға бейімді.
Қайсың бар,
Айтыңдар!
Әлдихан ағаның,
Алдынан етпеген,
Бұрынғы, кейінгі.
Сезініп биікті,
Сөз ұғып сияқты
Хас талант мықты адам,
Кімің бар, өнеге тұтпаған,
Ағаны-сүйікті, -дей келіп, жастарға қамқорлығын:
...Өскіннен,
Енді-енді,
Бүр жарып, қылтиған.
Күтеді ризық,
Әр бағбан, әр дихан.
Міне, сол секілді
Үрпиген-кекілді.
Журналист болуға үмтылған
Балғынға Әлдихан-Емтихан.
Болатын балаға-жанашыр,
Шарты да, батыл-ақ.
Ақылмен, шертеді аға сыр.
Балауса жырларын талқылап.
Әттең-ай, талант ед,
Пәленше қайда жүр - «ақымақ»,
Деп бәрін сыртынан
Жүргені, үнемі бақылап.
Әлдекең осындай,
Отырар жауапты, сауапты,
Баржүкті,
Мойнына артып-ап,
- деп жырлаппын. Айтпақшы түйіні қалай еді. Иә, былай еді-ау...
... Әлдеке!
Біз дағы өсерміз,
Өтер күз, қайтар құс.
Кәрібоз атанар
Біздегі бүгінгі,
Өрекпе, Өр талант-Сайтан қыз.
Сол кезде байқармыз.
Біреуміз басты көп шайқармыз,
Біреуміз ақ жолдан тайқармыз.
Дегенмен,
Өткенге бас ұрып,
Жақсыны асырып,
Сабылып, жабылып
Бұл күнді сағынып,
Жыр қылып айтармыз...
- Қанат, тоқта, көпір тұсынан бұрылып бір ыңғайлы жеріне тұра қалшы. Жарықтық Шудың суына жуына кетейік, - деген Әлдекеңнің сөзі ойымды бөліп жіберді. Ерке - Шу, асау - Шу кемерлене толқиды. Әлдекең бізден әудем жерде асыға жөңкіген ағыстан көз алмай тұр. Кенет:
- Болат, біздің Шу сенің Таласыңнан қалай екен? - деп тосын сұрақ тастады. Мен өзеннің көлденеңіне, ұзындығына ары-бері біраз қарап тұрдым да:
- Бірдей, - дедім нық сеніммен.
Әлдекең рахаттана күлді.

- Әй, сәл кіші шығар, - деді тағы да, не дер екен дегендей маған күлімдеп, сынай қарап тұрып.
Мен келіспедім.

  • Жоқ, Әлдеке бірдей, - деп қасырыса түстім.

Әлдекең одан ары еш уәж айтқан жоқ. Өзінің аса қымбат, аса сүйікті Шуын жағалап сәл жүрді де сәл ғана көтеріңкі жарқабақтың үстіне шығып өзенге қайта көз салды. Мен, енді астынан қызыл қошқыл толқындар буырқанып жатқан көпірге көз салдым. Шынында да біздің Таластың көпіріне қарағанда қомақтылау көрінді.

  • Әлдеке, - дедім кенет. Әлдекең ойланып тұрған күйі басын әнтек маған бұрды.

  • Үлкен. Сіздің Шу біздің Таластан үлкендеу екен, - дедім мәмілеге келген үнмен.

- Ә-ә, бәсе, солай де! - деп Әлдекең риясыз күліп қойды.
Иә, Әлдеке Егіз өзен - сіздің Шу мен біздің Талас заңғар шыңдарын мәңгілік мұзарт мекен еткен сонау алып таулардан бастау алып, сайын далаға жан беріп жүйтки ағады. Кезенесі кеп-кен боз даланы нәрлендіреді.
Демек, Әлдеке!
Сіздің өзеннің де, біздің өзеннің де мақсат-мүддесі ұқсас. Әйтеуір, игі мұрат.


Ағысымыз талмасын, Әлдеке!..


Тараз-Қордай-Тараз.


ҰЛТ МӘЙЕГІН БОЙЫНА ЖИҒАН ҮЗДІК ШЫҒАРМА


Жазушы Ә.Қалдыбаевтың
«Мен - апамның баласымын»
атты романының тұсаукесеріне
қатысушылар оған бірауыздан осын-
дай баға берді
Қуаныш ИЕМБЕРДИЕВ, журналист.


Өтпелі кезең әлеуметтік-экономикалық салаларға ғана емес, көркем әдебиетке де өз салқынын тигізді. Соңғы он жылдың көлемінде қоғамдық салмағы бар тұшымды дүниелердің сиреп кеткені жасырын емес. Ілуде бір жарқ етіп, өмірге келген осындай туындылардың қоғамымызда үлкен резонанс туғызып жатқаны да сондықтан болса керек.
Бұрыннан кенжелеңкіреп келе жатқан қазақ балалар әдебиетінде сондай резонанс туғызып отырған жаңа шығармалардың бірі - белгілі балалар жазушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Жамбыл облысыньің Құрметті азаматы, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторьі Әлдихан Қалдыбаевтың «Мен - апамның баласымын» атты романы. Астананың «Фолиант» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен 2000 дана таралыммен жарық көрген бұл кітап оқырмандар тарапынан аса жылы қабылданып отыр.
Жақында Тараз қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапханасында осы ұйым мамандарының ұйымдастыруымен аталмыш кітаптың тұсаукесері болып өтті. Оған қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің мамандарымен қатар мектеп мұғалімдері, оқушылар, жазушылар, журналистер, тіл мамандары қатысты. Сондай-ақ, аталмыш кітапханада Әлдихан Қалдыбаевтың шығармаларынан «Шынайы да шырайлы шығармалар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Тұсаукесер рәсімі алдында облыстық мәслихаттың депутаты Әлмұқан Исақ ұзақ жылдарғы жемісті еңбегі және 50 жасқа толуына байланысты облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталған осы қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапхананың әдістемеші-консультанты Сәбила Хамитқызы Жадановаға Құрмет грамотасын тапсырды.
Бұдан кейін жиналғандар Ә. Қалдыбаевтың жаңа кітабы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
БҰЛ КІТАПТЫ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ОҚУ КЕРЕК
Бақытяр ӘБІЛДАҰЛЫ, жазушы.
- Мен Әлдихан Қалдыбаевпен бірге жұмыс істеп жүргеннен кейін әрі орынбасары болғандықтан жазушының жақсы жақтарын айтсам, кейбіреулер жағымпаздық деп қабылдамасын. Кезінде қылышынан қан тамған кеңес өкіметінің кезінде коммунистік идеология мен әдебиетінің негізгі догмаларына ашық қарсы шыққанмын. Құдайдың шындығын айтуда ешкімнен қорықпаймын. Әлдихан Қалдыбаевты қазір қазақ балалар әдебиетіндегі ірі тұлға деп жүр. Мен айтар едім: ірілердің ішіндегі ірісі, бұл салада оған теңкелетін қазір ешкім жоқ. Егер осы пікірімді жактырмағандар болса, іші күйсе, тұз жаласын.
Әлдихан Қалдыбаевтың бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған жаңа туындысы - «Мен апамның баласымын» романын әлі оқымағандар болса, міндетті түрде оқуға кеңес берер едім. Оқысаңыздар, көресіздер, Әлдихан кейбіреулер сияқты лепірме қызыл сөзге құмар емес, сөздері сондай шұрайлы, көркем.
Мен осы кітап туралы жазған рецензиямда бір ғана үзінді келтірдім. Әлдихан Ұлы Отан соғысы кезінде өзінің әке-шешесі тірі болса да, сол соғыстың рухани зардабын көріп өсті. Оған туған әкесін - жезде, туған анасын әкпе дегізіп өсірген сол соғыстың кесірі. Нағашы атасы ерте қайтыс болып, нағашы ағасы соғыс зардабынан қаза тапқан соң марқұм Ыдырыс атасының мұрагері ретінде тәрбиеленіп, ұрпақ жалғастығы үшін «Ыдырысов» аталып, 6-7 сыныптарға дейін «Ыдырысов» болып келді. Кітапқа Қалдыбай әкесінің атын «Қалқабай» деп көрсетеді, басқа кейіпкерлер өз есімдерімен берілген.
Балалық шақты бейнелейтін М.Горькийдің «Менің университеттерім», С.Мұқановтың «Менің мектептерім» атты романдарын бәріміз де оқып өстік. М.Горкий - орыс әдебиетінің, С.Мұқанов - қазақ әдебиетінің классиктері деп есептеледі. Олардың жазу стилі бөлек те, Әлдихандікі бөлек. Олар да, Әлдихан да балалық шағын жазады. Бірақ Әлдихандікі әлдеқайда көркем. Мен де тарихи тақырыпқа жазамын, Әлдихан да бұл романын тарихи тақырыпқа жазды. Әлдиханның артықшылығы - деректер келтірмейді, бәрін көркем жазады.
Бұл жаңа роман туралы өзімнің пікірімді жақында жарияланған рецензиямда жан-жақты айтқандығымнан ол туралы кең тоқталып жатпаймын. Айтарым, романды оқыңыздар, оның қадір-қасиетіне сонда анық көз жеткізесіздер.


КЕМШІЛІПМІЗ ЕМЕС, ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІПМІЗ
Әлмұқан ИСАҚ,
облыстық телерадионың төрағасы.
- Бәкеңнің айтқаны дұрыс. Кітап туралы пікір айту үшін алдымен оны оқу керек. Абай атындағы орталықтандырылған қалалық кітапханада осындай шараның өтіп жатқаны бір ғанибет. Қазір біздің өмірімізде, қоғамымызда көптеген өзгерістер бар. Сол өзгерістердің бірі, әрі жағымсызы - кітапқа, кітап оқуға деген құмарлықтың бәсеңсуі. Қазіргі жастар да, жастары біразға келіп қалған азаматтар да көркем әдебиетті көп оқымайды.
Шын мәнінде көркем әдебиетті оқу белгілі бір топтың – зиялы қауымның бос уақытын өткізу үшін ғана ермек ететін дүниесі емес. Ол өмірді тану үшін, қоғамның тыныс-тіршілігін жақсы білуі үшін, адамның, түптеп келгенде, өзін өзі тануы үшін аса қажет нәрсе. Біз қазір өркениетті жолға түстік, өркениетті ел боламыз деп жазып жатырмыз, айтып жатырмыз, көрсетіп жатырмыз. Дегенмен, өркениеттілік дегеннің не екенін әлі ешкім тап басып айқындап берген жоқ. Өйткені өркениет туралы түсініктің өзі өте ауқымды дүние. Соның қайсысына көбірек көңіл бөлсек, сол болады. Әрі- берден кейін сол тұста өмір сүрген адамдардың кескін-келбетімен бейнеленсе керек. Осы тұрғыдан алғанда қазақ ұлты, жасыратыны жоқ, өзіміздің ұлттық негізімізден ажырап бара жатқандаймыз. Ал, енді Әлдекеңнің осы кітабын оқығанда алған әсерім әртүрлі. Біріншіден, кітап - панорама сияқты дүние. Онда өмірдің көп са-ласы қамтылған. Бір қарағанда онда сонау 50-ші жылдардағы бір қазақ ауылының бейнесі, сонда тұратын адамдардың психология-сы, тұрмыс-тіршілігі, қарым-қатынасы бейнеленген сияқты болып көрінеді. Шын мәнінде, зер салып қарасаңыз, сол адамдардың әдет-әдебінен, сөйлеген сөздерінен сол заманның күрделі пано-рамасын көруге болады.
Мәселен, мен соның ішінен мынандай біраз мәселелерді бөліп көрсетер едім. Елуінші жылдардың басы. Сталинизм әлі дәуірлеп тұрған кез ғой. Кітаптан адамдардың жүйкесін, адамдардың мінез-құлқын, өмір тіршілігін - бәрін-бәрін албастыдай басып, езіп тұрған сталинизмнің табы сезіліп тұрады. Адамдардың бір-біріне сенбестікпен қарауы, қорқақтығы, бірін-бірі сатып жіберуі, көреалмаушылық сол арқылы бірбіріне жапа шектіруі дәл берілген. Біреуге артық жылқы бітсе, тиісті жерге айта қойып, тартып алғызып жататын. Әлдекеңмен қатарлас болғадықтан ол кезде біз де бала едік. Бәріне де өзіміз куә болғанбыз. Кітапты оқып отырғанда соның бәрі елестегендей болды. Яғни, автор сол кездегі өмір шындығын дәл де шынайы бере білген. Сол үшін де оқырман ретінде Әлдекеңе қатты риза болдым.
Екінші, кітапта біздің ұлттық менталитетіміздің өзіндік ерекшеліктері өте жақсы суреттелген. Оны кітаптың атының өзінен-ақ көруге болады. «Мен - апамның баласымын» деген өзге ұлттарда кездесе қоймайтын ерекшелік, этнографиялық ерекшелік деп айтуға болады.
Тереңдетіп айтатын болсам, жиенін асырап алу, болмаса немересін бала етіп алу, ағайынның баласын бауырына басу өзінен ұрпақ болмағандықтан, немесе соғыстың зардабынан ғана емес, ол ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан біздің ұлттық ерекшелігіміз. Мен өзім де бірнеше немеренің атасымын. Үлкен немерем, жасы 18-19-ға келіп қалды, өзінің әкесін осы күнге дейін әке деп мойындамайды. Бұл басқа ұлттарда бола бермейтін нәрсе.
Иә, жазылмаған ата салтымызда ұлдан тараған немеренің үлкені қашанда атасы мен апасының баласы, атасы мен апасының қызы болып өскен. Өзім де әкемнің жалғыз ұлы болсам да, әжемнің баласы болып өсіп, шешімді 17 жасқа келгенше «шеше» деп айтпай, «жеңеше» дейтінмін. Он жеті жасқа толып, оныншы сыныпты бітіргенімде әжем маған өзі: «Мынау сенің шешең, енді «шеше» деп ата, сен оның жалғыз ұлысың» - деді. Сонда шешем бірінші рет ана ретінде құшақап, бетімнен сүйді. Бұл да біздің ұлттық бір ерекшелігіміз. Оны кемшілік, жөнсіздік деуге болмайды. Өйткені ол - ұлтты сақтау, ұрпақты көбейту, балаға деген қамқорлық. Біз - көшпелі өркениетті бастан кешкен елміз. Біздің қоғамда түрме, жетімдер үйі деген болған емес. Әке-шешесінен айрылған баланы туыстары, тіпті алыс жамағайындары асырап алып, жетім қалдырмуға тырысатын. Мұның бәрі де қатал заманда ұлт жалғастығын сақтап қалу үшін жасалған амал-әрекеттер еді. Осынау ұлттық ерекшелік Әлдекеңнің кітабында өте тамаша көрініс тапқан. Оннан жаңа асқан жас баланың өмірге деген көзқарасының қалыптасуы, қоғамға деген көзқарасының қалыптасуы көп жағдайда әженің көзқарасы, әжесінің тәрбиесі арқылы жүреді. Әрине, әжесі Макаренко да, Крупская да емес, қазақтың қарапайым кемпірі. Бірақ, оның жас баланың әділ, шыншыл, адал, бауырмал болып өсуіне қаншама еңбек сіңіргені көрініп тұрады.
Менің өз басымда бір қорқыныш бар. Осындай тәрбиені көрмеген, осындай кітаптарды оқымаған кейбір жастарымыздың бойында космополиттік көзқарас қалыптасып келе жатыр. Ұлтын білмеу, ұлттық қасиетті бойына сіңіре алмау осыған әкеліп соғуда. Ал, ұлттық қасиетті бойға сіңірудің екі жолы бар: бірі - отбасындағы осындай тәрбиені көру; екіншісі - осындай тәлімі мол кітаптарды оқу.
Мен ұлтымызды бөліп алып, «біз - керемет ұлтпыз» дегелі отырған жоқпын. Бірақ, біздің ерекше ұлттық қасиеттеріміз бар. Ең біріші, ол - үлкендерді сыйлау. Екінші, бауырмал болу. Қазір оны өздерінің жеке мүддесі үшін рулық, тайпалық бірлестікке дейін жіктеп әкетіп жатқан алаяқтар бар. Шындығында бауырмашылдықтың мәні басқада. Жақсылық жасайтын болсаң, ең алдымен туыстарыңа, одан кейін жақындарыңа жаса деген қағида, тіпті, шариғатта да бар.
Міне, осындай ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өспегендерден өз басым толыққанды адам шығады деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алғанда Әлдекеңнің жаңа романының танымдық қасиеті өте мол. Дүние танудың, қоғам танудың, табиғат танудың түрлі жолы бар. Бірі - көркемдік жолмен тану, яғни осындай тағлымды кітаптарды оқу арқылы көзқарасын қалыптастыру. Екіншісі - ғылыми жолмен, сарапшылық жасау, ой қорыту арқылы тану. Бұлардың анауы жақсы, мынауы нашар деп бөліп-жаруға болмайды. Олардың екеуінің де адам өміріндегі мән-маңызы бірдей. Сондыктан да кітапхана қызметкерлері Әлдекеңнің бұл кітабын мектеп жасындағы жастарымызға кеңінен насихаттаулары керек. Осындай кітаптарды көбірек оқытсақ, жастарымыздың ұлтжанды болып өсуіне игі әсер ететін боламыз. Тағы бір айтайын дегенім, Әлдекең күшеншек жазушы емес. Жасынан өз тақырыбын тапқан бақытты жазушы. Тілі өте қарапайым. Баланың дүниеге көзқарасы өз тілімен, өз ой өрісімен беріледі. Өсіп келе жатқан баланың бейнесі оның үлкендермен, қатар құрбыларымен диалогы, қарым-қатынасы және өзінің ішкі монологы толғаныстары арқылы сомдалады.
Мен де ептеп жазатыным бар. Ең алғашқы «Көршілер» деген әңгімемді балалар тақырыбына арнағанмын. Кейін өзім оны қайта-қайта оқып, «жоқ, балалар туралы жазу менің қолымнан келмейді екен» деген тұжырымға келіп, басқа тақырыпқа ойыстым. Осынау қиын тақырыпқа талмай қалам тартып келе жатқан Әлдекеңнің ойында әлі де неше түрлі тамаша тақырыптар бар деп ойлаймын. Соларды жазуға Құдай Сізге қуат берсін. Шығармашылық табыстар тілеймін!
СЫЙЛЫҚҚА ЛАЙЫҚ
Кәрім БАЯЛИЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
- Мен Әлдиханның өзін танымай тұрып, оның «Көк дөңгелек» атты тұңғыш кітабын оқығанмын. Балаларға арналған өзге де кітаптарды оқып жүрміз ғой. Бірақ, әлгі кітап бірден баурап алды. Кітапты оқып отырғанда өзімнің ұмытыла бастаған балалық шағым көз алдыма елестеді. Тілі де шұрайлы екен. Бір тәнті еткені, автор қарапайым тілмен-ақ сырлы, әсерлі нәрселерді бейнелеп бере алдған. Кітапты оқып шыққан соң «Мұны Алматының бір мықты жазушысы жазған шығар» деген ой келген. Сөйтсем, авторы Әлдихан Қалдыбаев осы өзіміздің жамбылдық азамат екен. Күндердің күнінде «әскерден оралдым» деп бізге қызметке келді. Ол кезде мен облыстық радиода жұмыс істейтінмін. Міне, содан бері, қырық жылдан астам уақыт Әлдиханмен қызметтес болып, қаламгер ретінде, азамат ретінде, ағайын ретінде араласып келеміз.
Жуырда Әлдиханның «Мен - апамның баласымын» атты жаңа кітабы қолымызға тиді. Бұл - ерекше дүние. Оның әдеби әсерлілігі өз алдына, қазақ балалары үшін тәрбиелілігі өте зор. Кітап екі мың дана таралыммен жарық көрген екен. Осындай елеулі дүниеге сусап отырған қалың оқырман қауымға бұл жетпейтіні анық. Сондықтан кітаптың қосымша даналарын шығарып, республика көлеміндегі барлық кітапханалар мен оқу орындарына тарату керек. Жай ғана таратып қоймай, бастауыш сыныптарда қосымша сабақ ретінде оқытса, өскелең ұрпақты ұлттық тәрбиеге баулу ісіне қосылған үлкен үлес болары даусыз.
Кезінде М.Горький: «Балалар жазушысы болу оңай ма?» деп сұрағанда жазушы: «Балалар үшін сәл жақсырақ жазу керек» деп жауап берген екен. Әлдиханның жаңа романы осы талапқа толықтай жауап береді.
Осы орайда ойымда жүрген бір пікірді айта кетсем деймін. Қазір елімізде әдебиет саласындағы түрлі сыйлықтар бар. Әлдихан Қалдыбаевтың «Мен - апамның баласымын» атты жаңа кітабын қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік жаңа туынды ретінде сондай беделді сыйлықтардың біріне ұсыну керек. «Алаш» сыйлығына ұсыну биыл кеш көрінеді. Олай болса, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынайық. Меніңше бұл кітап қандай сыйлыққа ұсынсақ та ешкімді жерге қаратпайды. Даналар тек Астана мен Алматыда турады деу, дұрыс емес. Олар бізде де бар. Оны Әлдихан өзінің жаңа кітабымен тағы бір дәлелдеп отыр. Ендеше соларды көтере білейік.
РОМАН МЕНІ КЕРЕМЕТ СЕЗІМГЕ БӨЛЕДІ
Рахметілда ҚҰДАБАЙ
облыстық «Ақ жол» газетінің жауапты хатшысы.
- Мен бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған роман оқиғалары өрбитін Кербұлақ өңірін сан рет аралаған адаммын. Әрине, бүгінгі Кербұлақ романдағы елуінші жылдардағы Кербұлақтан өзгеше. Қазір онда ел жоқ. Дегенмен, ол Кербұлақ Әлдекеңнің кітабы арқылы қайта жаңғырып отыр.
Романды оқып шыққанда керемет сезімге бөлендім. Бас-аяғы тап-тұйнақтай, өзі қысқа, өзі нұсқа жазылған. Көтерген жүгі мол. Әсіресе, автордың табиғатты суреттеуі, тұлпарды сипаттауы керемет. Шығармада романға қойылатын талаптардың бәрі қамтылған. Баланың мінезі, ересектердің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы қарапайымтілмен-ақасқан шеберлікпен беріледі. Оған мысал ретінде екі баланың кекіліктің жұмыртқасын әкелуге баратын эпизодты айтуға болады. Балалардың пионерді, Ленинді айтып анттасуы, «Менің атам балапан болған жұмыртқаны жей береді» деп атасына әкеліп беріп, таяқ жеуі өзінің шынайылылығымен, жеңіл юморымен баурап әкетеді. Оқып отырғанда алыста қалған балғын балалықтың әдемі елестері көз алдыңнан етіп тұрады.
Мен қиялға қанат бітіретін осындай тамаша өлкеде туып, ескен авторды, осындай жазушының шығармасына арқау болған Кербұлақ та бақытты деп ойлаймын. Республикамызда Кербұлаұтай жерлер көп, бірақ, олардың Әлдихан Қалдыбаевтай авторы жоқ. Жаңа роман - ұлттық тәрбиеміздің бар асылын бойына жинаған бірегей шығарма. Еврейлер балаларына: «Сен өскенде ұлы боласың, ғалым боласың, батыр боласың» деп тәрбие береді екен. Жасыратыны Жоқ, біз кейде ұлттық үрдісімізді ұмытып, баламызға «Сен адам болмайсың», «Сен анандайсың», «Сен мұнандайсың» деп жігерін жасытып жатамыз. Ал, романда ондай жоқ. Оқыған бала қанаттанып отырады. Бір айта кетерлігі, кітаптың балаларға ғана емес, үлкендер үшін де тәлімі, берері мол.


ОҚУШЫЛАР РОМАНДЫ АСА ЖЫЛЫ ҚАБЫЛДАДЫ


Күмісбай АСАНҚЫЗЫ,
Қазақ КСР-не еңбек сіңірген ұстаз.
- Мен жарты ғасырдан астам өмірімді ұстаздыққа арнаған қарт педагогпын. Бала тәрбиесін пәрменді жүргізу үшін көп ізденуге тура келетін. Бұл орайда көбінесе көркем әдебиетке жүгінетінбіз. Сондықтан да Әлдихан Қалдыбаевтың шығармашылығымен ерте таныстым. Нақтырақ айтсам, оны студент кезінде жарық көрген алғашқы кітабы - «Көк дөңгелектен» бері білемін. Содан бері Әлдихан үлкен жазушылық жолдан өтті. Балаларға арналған 14 кітапты өмірге әкелді. Шығармалары бастауыш сыныптарға арналған. «Ана тілі» кітабына енді. «Мен - апамның баласымын» кітабы еліміздің ең үздік жазушыларының туындыларын топта-стырып жатқан «Отырар» кітапханасы сериясынан жарық көріп отыр.
Әлдихан шығармашылығының тәрбиелік мәні зор болғандықтан мен кезінде оларды балалардың жүрегіне жеткізуге тырыстым. «Шаншар атай» хикаятын мектеп сахнасына лайықтап, сахналағанымыз әлі есімде. Көптеген әріптестерімнің өз еңбектерінде Әлдихан Қалдыбаевтың шығармаларын кеңінен пайдаланғанын жақсы білемін.
Мен Әлдиханның жаңа кітабын өзінің қиыншылығы да, қызығы да көп жастық шағына арналған нағыз автобиографиялық шығарма деп есептеймін. Кітаптың тілі бай, оқиға желісі тартымды.Автордың тамаша суреткер екенін, Кербұлақтың түнгі аспа-нын суреттеуінен, ай, аспанмен тілдесуінен айқын байқауға болады. Оқырман өзін роман кейіпкерімен қатарласып, Кербұлақта жүргендей сезінеді. Ай, жұлдыздармен тілдесуінің аса әсерлілігі сонша, кейіпкерлермен бірге тебіренесің.
Роман балаларды адамгершілікке, бауырмашылыққа баулиды. Бас кейіпкер Әлдештің: «Апа, апатайым, мен сен үшін өмір сүруім керек» деп тебіренуі, жездесі (әкесі) қайтыс болғанда облыс орталығынан өмірене жетіп, үйге келгенде не «әке» деп, не «жезде» деп жылай алмай, төргі үйге озып, егілуі оқырман-бала жүрегінде ерекше бір тебіреніс, ерекше бір сезімдер туғызары даусыз.
Романда, сондай-ақ, имандылық, әдептілік тәрбиесі де мол орын алған. Аяғы сынып жатқан баланың: «Қап, қара лақтан үлгі алуым керек еді-ау» деп қапа болуы, бір нәрсені бүлдіргенде жездесінің бір қарағаны-ақ жетіп жататыны тәрбиенің нағыз өзі емес пе?
Ал, ел-жұрт Кербұлақтан көшкенде кейбір үлкендердің бір-бір уыс топырақты дорбаға салып алуы, малының бұйдасын бермеуі, сынған аяққа қалтқы салу - халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен хабар береді.
Бір сөзбен айтқанда, «Мен - апамның баласымын» романы - ұлттық тәрбиенің қайнар көзі. Осындай дүниені өмірге әкелген Әлдихан Қалдыбаевты бүгінгі балалар әдебиетінің классигі деуге толық негіз бар. Сондықтан да мен Кәрім Баялиевтің романды Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы пікірін толықтай қолдаймын.
САХНА АЖАРЫ - САПАЛЫ ПЬЕСА
Яхия ШЫНӘСІЛҰЛЫ.
Облысымызда пьеса жазу үрдісі 60 жылдары басталды. Бұл кездегі драма үйірмелері мен «халық театрларының» кең өріс алуы драмалық шығармалардың тууына себепші болды. Олардың репертуарын байытуға жұмылған облысымыздың жазушылары мен ақындары, журналистері мен өнер қайраткерлері алғаш бір актілі, одан кейін күрделірек пьесалар жаза бастады.
70 жылдары өмір айдынына жаңа есімдер шығып, олардың пьесалары халық театрларына көптеп қойыла бастады. Сол кезеңде көзге түсіп, жақсы бағасын алған авторлар - Б.Қилыбаев, Д.Шалқарбаев, Т.Ізбасаров, С.Әлімқұлов сияқты талантты жастар болды. Солардың ішінде, әсіресе, ерекше көзге түсіп, назарға іліккені Базар Қилыбаевтың «Ана тағдыры» атты пьесасы еді. Қазір біздің облыста драма жазумен айналысып жүрген 5-6 драматург бар. Олар өмір құбылысын жан-жақты зерттей отырып, тәрбиелік маңызы бар, мазмұны терең күрделі пьесаларды да дүниеге алып келді. Ондай драмалық шығармалар халық театры ғана емес, Абай атындағы облыстық қазақ драма театрында да қойылып жүр. Демек бір емес, бірнеше пьесалары сахнада табыспен қойылып, көрермендерінен жоғары баға алған пьесалардың авторларын енді кәсіпқой драматург деуімізге әбден қақымыз бар.
Облыстық театрда алғаш қойылған пьесалардың бірі - балалар жазушысы Ә.Қалдыбаевтың «Шаншар атай» комедиясы болды. Автор өзінің алғашқы осы пьесасында-ақ комедия жанрына керекті ерекшеліктер мен шарттарды жақсы білетіндігін байқатты. Әсіресе ол - диалог құруға шебер. Оның повестері мен әңгімелерін немесе ертегі желісінде жазған шығармаларының кез келгенін оқып көрсеңіз оқиғаны баяндаудан гөрі диалог құру жағы басым. Бұл, сөз жоқ, оны драмалық жанрға бет бұруға итермелесе керек. Оның үстіне балалар жазушысы болғандықтан ба, өмірде кездесетін күлкілі жәйттерді дұрыс байқап, өз бүлдіршіндеріне ұсына қоятыны тағы бар. Онсыз жас балғындар Әлдиханның шығармаларына қызықпас еді.
Өмірдегі күлкілі жәйттердің бәрі бірдей комедияға материал бола бермейді. Міне, сондықтан Әлдихан өмірде кездесетін ұсақ-түйек күлкілі жәйттерге бара бермей, адамның адамдық қасиеттеріне нұқсан келтіретін, қоғамымыздың ілгері басуына кедергі жасайтын, сиықсыз кертартпаларды әжуалауға күш салған. Қаламгер өзінің «Шаншар атай» комедиясында аса маңызды мәселелердің бірі - жас ұрпаққа тәрбие беру проблемасын көтереді. Бұл тақырып бұрындары да көтерілген, бүгін де, ертең де көтерілмек. Өйткені, бүл - өшпейтін, өлмейтін мәңгі тақырып. Жаңа ұрпақ дүниеге келуімен жаңа проблема, жаңа мақсат-мүдделер пайда болып отырады. Сондықтан автор бала тәрбиесі жөнінде жаңа проблема көтереді. Ол жастарымызды «Халықтық педагогика» негізінде, ата-баба дәстүрлері рухында тәрбиелеу мәселесі.
Бұл жерде автордың көрегендігін айтпасақ тағы болмайды. Комедия, шын мәнінде, 78-79 жылдары, одақ әлі ыдырамай, коммунистік идеология бәрімізді бір идеяға бағындырып тұрған кезде жазылған. Большевиктік партия «барлық жақсылық ба
лалар үшін, оларды коммунистік рухта тәрбиелеу керек» деп ұрандатса да ұлтымызға тән небір қасиетті дәстүрлерімізден ажырап," әдептілік пен имандылық, тіліміз бен ұлттық сезімімізден жұрдай бола жаздаппыз. Әлдихан, міне, бала тәрбиесіндегі осы кемшілікті көре білген. Сол кездің өзінде астарлай жазып, бала тәрбиесіне басқаша көзбен қарау керектігін ескертіп өтеді. Ол бұл жөніндегі үлкен проблеманы ешбір әсірелеусіз көркем бейнелеу арқылы көрермендеріне ой салады.
Пьесаның негізгі арқауы яғни көтерген проблемасы адалдық, отаншылдық, азаматтық борыш, ұлттық намыс, жастарды кішіпейіл, иманды болуға, еңбексүйгіштікке шақыру. Автор осы айтайын деген ойын шымыр өрнектелген Шаншар атай образы, жасөспірімдердің жанды бейнесі арқылы жүзеге асырады.
Спектакль шағын прологпен басталады. Жеңіл ойналған музы-ка сазы мен жалт-жұлт еткен электр жарығының арасынан көңілді де ойнақы ән айтып, би билеген әртістер тобы шыға келеді. Олар Санатбай (Б.Бекжанов), Бекен (Қ.Оразбаев), Әшірбек (Д.Аюпов), Мұсатай (С.Ысқақов). Осы жерде Шаншар атай -Т.Ізбасаров та өз есегін қырдыңдатып, өрелі сөзбен өзгелерден оқшау көзге түседі.
Пьесада да, спектакльде де жарқын тұлға - Шаншар атай. Ол - өткен ата-бабаларымыздың жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, миына құйып өскен қарт, көпті көрген, көп нәрсені білетін, айтқанынан қайтпайтын турашыл кісі. Әсіресе, жас балалардың үлкенді сыйламай, еңбектен қашып, әке-шешесінің тілін алмай, бетімен кетушілігі қартты қатты күйіндіреді. Шаншардың бұл қасиетін терең түсінген әртіс - Т.Ізбасаров оны көптің қамын ойлайтын, жарқын да ақкөңіл, әділетті де бірбеткей адам етіп көрсетеді.
Өмірден көргені мен түйгені көп еңбек ардагері, жасының 70-тен асқанына қарамастан өз жүрегінің әмірімен жас ұрпаққа қамқорлық жасап, еңбекке, адамгершілікке, адалдыққа, тазалыққа, имандылыққа тәрбиелейді. Жұмыстан қашқан, тентектік жасауға бейім балалардың бәрі атасының шертпегінен сауығып кетеді. Ол жалғыз шертпек емес, балаларға әсер-ететін тәрбиенің неше алуан түрлерін қолданады. Мысалы, 8 сыныпты бітірген Бекен, Әшірбек, Санатбайлармен кездескенде сынай қараса да, балаларға деген ықылас мейірімі төгіліп тұрады. Әсіресе, Әшірбекке Мұсатайдың жасаған қиянатына шыдай алмай қатты толқиды. Ашуы бетіне шығып, кебісін де асыға киіп тұра ұмтылады. Қамқоршы қарттың бұл қылығына қалтқысыз сенесің, сенесің де еріксіз қол соғасың.
Дегенмен, жас әртістердің ойынында әттеген-айлар да баршылық. Әсіресе, Оразбаев пен Аюповтың ойынында ширақтық жоқ, сылбырлығы басым. Мысалы, Шаншар атайға арыз айта келгенде кейіпкерінің ішкі толқуын жеткізе алмайды, сөз мағынасыз, міңгірлеп шығады. Сол сияқты Оразбаев та шиыршық атқан қызықты сәттерін жеткізе алмайды. Спектальдің тағы бір кемшілігі жанры комедия екен деп әртістерің оғаш қимыл жасап, жұртты күлдіруге тырысатыны дер едік. Сол сияқты шағын прологты қайталаудың да қажеті жоқ еді.
Қорыта айтқанда, бала тәрбиесі қазіргі таңда қай кездегіден болса да өткір қойылып отыр. Өйткені, қазіргі кезде еңбектен қашатын да, бас салып кісі тонайтын да, адам өміріне қастандық жасайтын бұзақылар да, маскүнем мен нашақорлық та көбейіп кетті. Міне, сондықтан да Ә.Қалдыбаев бұған қарсы күресті көп болып қолға алуға, пәрменді тәрбиені күшейту арқылы жас урпаққа заманымыздың асқан рухы мен жақсылық атаулының бәрін дарыта беруге шақырады.
Ә.Қалдыбаевтың екінші комедиясы: «Балалардың махаббатында неміз бар?» деп аталады. Автор халқымыздың биік талабына жауап беру үшін өзінің бүл комедиясын бірнеше рет өңдеп түзетулер жасады. Оның алғашқы варианттары - «Өз теңі», «Алдыңнан шығар әр күнің», «Сүйген болсаң, білерсің» деп аталады. Өз шығармасын бұлай 3-4 мәрте қайта өңдеп, өзгерістер енгізулерін Әлдиханның әлсіздігі деп түсінбеу керек. Керісінше, оның еңбекқорлығын, өмір фактілерін қызықты етіп беруде тапқырлық жасап, пайымды өзгерістер енгізуге шебер екендігін көрсетсе керек. Мысалы, бірінші вариантында завод жатақханасының вестюбилі мен политехникалық институттың ректорының қабылдау бөлмесінде өтетін оқиғаларды әдемі қысқартса, одан кейінгі варианттарында екінші, үшінші көріністерді тегіс алып тастайды. Осыған байланысты Шәріп, Нұрила, Мүсілім, ректор, вахтер сияқты басы артық эпизодтық кейіпкерлер сахнадан түсіп қалады. Бұдан Әлдихан ұтпаса, ұтылған жоқ. Себебі бұдан тартыс бәсеңдемейді, қайта заңды қозғалысқа түсіп, өмірлік, көркемдік, әлеуметтік шындық бір-бірімен қабыса, әрекеттері бұрынғыдан да күшейе түседі.
Қаламгер негізінен оқиға желісін махаббат төңірегінде өрбіткенмен, ол кеңес өкіметінің тұсында етек алған жағымпаз-жалтақтарды, дәреже-мансапқорлық пен дүние - құмарлықты аяусыз шенейді әрі көрермендер алдында әшкере етеді. Егер Әлдихан «Шаншар атайда» жұмсақ әзіл, ажуалы күлкілерді көбірек қолданса, бұл комедиясында өткір сатира, зілді сықақ басым. Өз алдымызға ел болып, еркіндік алған дәл осы кезеңце қалтасын қампитуға тырысқан ашкөз жұлқарларды да, бұрын партия басшылығында болып, сол биіктен түскісі келмейтін мансапқорларды да, қара басының қамын ойлап баю жолына түскен адамдарды да естіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан мұндайлармен қарсы күресуге осындай өткір сын бізге керек-ақ.
Ә.Қалдыбаевтың үшінші психологиялық драмасы «Сәлім-Сәлимасы» да облысымыздың театрында үлкен шабытпен қойылды. Оның басты себебі автор өзінің басты екі кейіпкері Сәлима мен Сәлімнің өмірлері арқылы көптің көкірегін кернеп, ойын тербеп жүрген мәселесін батыл көтереді. Мысалы, Сәлиманың атақ-даңққа құмарта құныққаны сонша елпілдеген жеңіл жүріспен некелі тұрмыс құрып, бақытты ана болудан айырылады. Бұл оның өміріне өшпес із қалдырып, қайғы-қасіретке ұшыратады. Сол сияқты Сәлім де әскерде жүрген кезінде жастықтың буымен орыс қызына үйленіп, одан туған ұлы мен қызы қазақ тілін білмей мәңгүрт болып өседі. Автор өмірден адасқан осы екі кейіпкерінің жандүниесіндегі күйзелісті, оның әлеуметтік астарын дәл тауып, көрермендерінің ойы мен сезіміне қатты әсер етеді.
Шындығында да, біз басқа ұлтпен некелесуді достықтың белгісі, интернационализмнің көрінісі деп келдік. Бұл әркімнің өз еркі ғой. Әйтсе де басқа ұлтпен некелескен қазақтың балаларының ұлтсыз, дүбәра болып қана қоймай, оның тілі мен түрінде де, психологиясы мен санасныда да қазақи белгі қалмайтындығын автор әдемі жеткізеді.
«ШАНШАР АТАЙ» пьесасы туралы пікірлерден
Қалихан ЫСҚАҚОВ, жазушы.
Бұл өзі бір тәуір тақырып екен. Тәуірлігі - мектеп балаларының тәрбиесіне, оларды еңбекке баулуға арналған. Бала тәрбиесі болғанда, стандартты педагогиканың параграфы емес, көпті көрген кәриенің немерелерге деген қарым-қатысы, жылы шырайы, жанашыр қолдың мәпесі. Шаншар қарттың балалардың басынан алып жүрген кертұқылы - жаза емес, сабақ Маман БАЙСЕРКЕНОВ,
режиссер, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері.


Пьесаның негізгі арқауы, яғни көтерілген проблемасы -адалдық, азаматтық борыш, жастарды еңбекке баулу. Бұл -автордың айтар ойы мен алдына қойған идеясы. Осы айтылған асыл мұратын автор Шаншар атай образы арқылы жүйелеген. Жасы жетпіс беске келсе де жұмыстан қалмаған қажырлы қарт үлгілі еңбегі арқылы өз ауылының қадірменді ақсақалы болады. Ашық-жарқын, ақ көңіл кәрия ауыл балаларының да сыйлаған аяулы атасы. Еңбектен қашқан, тентектік жасаған, қиянат еткен балалар Шаншар аталарының шертпегінен сауығып кете береді. Атамыздың іс-әрекетіне, қуақы қимылына, тыз етпе ашуына, жаздай жадыраған мінез-құлқына риясыз сенеріз.
Мырзатай СЕРҒАЛИЕВ, филология ғылымдарының кандидаты.
Мұсатай мен Санатбай қарым-қатынасы арқылы бүгінгі күнгі әке мен бала проблемасына қатысты ойлы жайды қозғайды автор. Мұндағы әке - бала мәселесінің шешуіне автор өзіндік бет аңғартады. Қайсыбір шығармаларда бала мінсіз, ақылды, алға бастаушы болып келеді де, әке кейін тартушы жағымсыз болып келетін және бұл трасрарет талай туындыда қайталанатынын қайтерсіз! Ал Әлдихан болса баланы да белгілі дәрежеде қатеге ұрындырады: әке әсерімен Санатбай оқуға ақшаның күшімен, пара беріп түскісі келеді. Кейін ақылды Шаншар қарт, колхоз председателі Сәбит, тағы басқаларының, әсіресе, жолдас балаларының ықыласымен бұл пасық ойынан қайтуы сенімді сипатталады. Мұнда логика бар.
Қарауылбек ҚАЗИЕВ, жазушы.
Әлдихан Қалдыбаевтың «Шаншар атай» пьесасы пісуі жеткен дайын дүние. Жасымыздан бойымызға үйірсек балғын балалық, бойтұмардай қасиеті кемімес қимас ауыл... Сол қараша ауылдың қарапайым адамдары шығармада жіліктің майындай майда сылаумен сипатталады. Әсіресе, бізге, көрермендерге қымбат бір жәй - драма сахнасындағы жасөспірімдердің жанды бейнесі. Театрымыздың сирек қонақтарының бірі - осы балғындармен қауышу - өнер ордасының табыс қырының бірі боларлығы кәміл.
Шымыр өрнектелген Шаншар ата бейнесі қазақ әдебиетіндегі қымбат есімдердің санатына жатады. Оны сахна арқылы сезіну де сирек сый ретіндегі құрмет.
Нина ДАВЫДОВА:
«И невольно вспомнился по контрасту юный зрительный зал на спектакле вовсе не ТЮЗа, а обычного городского драматического театра в Джамбуле, на южной окраине Казахстана. Национальная труппа этого театра поставила для подростков современную пьесу «Дед Шаншар». И речь в ней тоже идет о старике, мудром и добром, о детях, о том, как говарится, «что такое хорошо и что такое плохо». Только поставлен спектакль настолько заинтересо-ванно и с таким истинным желанием вместе со зрителем найти конкретные ответы на волнующие молодую аудиторию вопросы, что зрительный зал горячей волной внимания откликается на каждое слово, на каждую шутку героев, на каждый сюжетный поворот! Такая «обратная связь» дорого стоит. Ибо он есть доказательство необходимости спектакля юному зрителью, свидетельство его точного попадания в сердца».
«БОЛЬШАЯ СОВЕТСКАЯ ЭНЦИКЛОПЕДИЯ» Ежегодник
С 1 января 1982 года в Казахстане работал 31 театр, за год было показано 11.200 спектаклей, посетили 4 млн. Зрителей. 5605 спектакелей были сыграно в гастроли. Многие премьеры театры подготовили к Всесоюзному смотру спектакелей посвященных к XXVI съезду КПСС. По итогам которого удостоен дипломом Мин. Культ. СССР нагреждены спектакли «Ленин 1918 году» А.Кеплера (А.Мамбетов) Казахского академического театр М.Ауезова, «Дни Турбиных» Булгакова (русского драматического театра им.Лермонтова), «Красные соколы» С.Сейфуллина Ка-рагандиский казахский драматическиу театр, «Закон вечности» Н.Думбадзе Севео-казахстанского русского драмтеатра. Дипломом I степени Всесоюзного смотра спектакелей для детей и юншества была отмечена постановка Джамбулского облказдрамтеатра им. Абай «Дед Шаншар» А,Калдыбаева (режТ.Дюсебаев). 23 театра республики приняли участия во Всесоюзном фестивале спектакелей по произведениям отечественной и зарубежной классики.
АШЫҚ АЙТЫЛҒАН АЩЫ ШЫНДЫҚ
Яхия ШЫНӘСІЛҰЛЫ.
Өз алдымызға ел болып, еркіндік қолымызға тигелі өмір де, өнер де басқаша жолмен дамып келеді. Соған орай өнер адамдарының ізденістері де ілгерілей бастады, Әрине, одан бұрынғы кезде де ақын, жазушыларымыздың қаламынан тамаша туындылар туған. Оны біз жоққа шығара алмаймыз. Десек те, қызыл империяның кезінде әдебиет пен өнеріміз бір жақты дамып келді. Әйткені, әдебиет пен өнер партиялық сипатта болады, деген қағида қаламгерлеріміздің қаламын серпілте алмады. Олардың партия саясатынан ауытқуға, оның нұсқаулары мен мақсат-мүдделерін орындамауға қақысы болмады. Партиялық дегеніміз - коммунистік идеялық болды да, оның саясатын жүзеге асыру керек болды. Соның нәтижесінде халқымыз өз тарихы мен мәдениетін жөнді білмей, ұлтымыздың санасы мен рухына үлкен зиянын тигізді.
«Қашанда тәтті өтіріктен ащы шындық артық» демекші, бұл күндері қаламгерлеріміз айта алмай келе жатқан шындықты жария етіп, ашық жазуда белсенділік көрсетіп келеді. Солардың бірі - жазушы Ә.Қалдыбаев жақында ғана «Сәлім-Сәлима» атты психологиялық драма жазып, театрға ұсныды.
Бұдан бұрын Әлдиханның «Шаншар атай» атты комедиясы театрымызда қойылған еді. Ол өзінің алғашқы комедиясында-ақ қоғамымыздағы аса маңызды мәселелердің бірі - жас ұрпаққа тәрбие берудің проблемаларын көтерді. Бұл жерде автордың керегендігін айтпасқа тағы болмайды. Шын мәнінде комедия 1978-79 жылдары коммунистік идеология бәрімізді бір идеяға бағындырып тұрған кезде жазылған еді. Партия: «Барлық жақсылық балалар үшін» деп ұрандатқанымен ұлтымызға тән небір қасиетті дәстүрлерімізден ажырап, әдептілік, имандылықтан, тіліміз бен қазақи психологиямыздан жұрдай бола жаздаппыз. Автор, міне, балалар тәрбиесінде осы кемшіліктерді дер кезінде көре білген. Сол кездің өзінде-ақ астарлай жазып бала тәрбиесіне басқаша көзбен қарауды, халықтық педагогика негізінде ата-баба рухында тәрбиелеу идеясын көтерді. Бұл автордың ойлай да, алдағыны болжай да білетіндігін керсетсе керек.
Енді, міне, биылғы 58-ші маусымның соңында театрымыз Ә.Қалдыбаевтың тағы да бір тамаша пьесасы «Сәлім-Сәлима» атты психологиялық драмасын сахналап, біздің ойымызды тер-беп, көкірегімізді кернеп жүрген мәселелерді басып көтерді. Сондықтан бұл қойылымның маңыздылығын тек өнер өлшемімен есептемей, қоғамдық құбылыс деп қарауымыз керек. Өйткені драмада да, спектакльде де адам тағдыры, халық мүддесі сөз болады. Ең бастысы - ащы шындық бүркемеленбей ашық айтылады.
Драманың негізгі оқиға желісі екі бағытта өрбіп, бірін бірі толықтыру арқылы көптеген мәселелердің түйіні шешіледі. Оның біріншісі - Сәлиманың жасында мансап, даңқ, абырой-атақ қуалап, ақыры одан опық жеп үлкен қайғылы дертке ұшырауы желі болып тартылса, екіншісі - Сәлімнің әскер қатарында жүріп, орыс қызына үйленуіндегі қасіретті драматизм сөз болады. Сондықтан спектальде осы екі оқиға бір-бірімен сабақтастырыла қабыстырылуы шығарманың көркемдік-идеялық мазмұнын тереңдете түседі.
...Музыканың сарынды үнімен шымылдық ашылғанда алдымен парк алаңындағы алынып тасталған ескерткіштің (кімдікі екені белгісіз) қисыны кеткен тұғыры көзге түседі. Бас суретші В.Воложанкиннің тапқыр ой қиялынан туған бұл тұғырда да үлкен мән бар. Сахна кеңістігіндегі осы тұғыр одақтың ыдырап, компартияның билік биігінен кеткендігін көрсетумен бірге шығарманың негізгі кейіпкері Сәлім мен Сәлиманың көңіл-күйлерінен де хабардар етеді. Сондықтан да режиссер М.Бақытжанов бұл көріністі оқиға желісінің дамуы мен характерлер қақтығысының негізгі қазығына айналдырған, кейіпкерлердің ішкі иірімдеріне бойлата отырып әрі тартыс-күрестердің бәрін психологиялық тұрғыда шешкен. Мұны біз құптаймыз.
Алаңға баяу басып, ой құшағына енген Сәлима - М.Әлімбетова шығады. Жүзі сынық, көңіл-қошы жоқ, серуендеуге келмегені байқалып тұр. Ол іштегі қасіретті дертін, шерлі мұңын кімге шағарын білмей, өз өзімен іштей арпалысып отырған кезде көктен түскендей бұрынғы кластасы полковник Сәлім - Қ.Сатқанбаев келіп қалады. Мұны дәл бүгін кездестіремін деп ойлаған жоқ еді. Сәлім жас кезінде Сәлиманы сүйетін, оған сөз де салған. Бірақ, Сәлиманың бетінетүскен шіркеудің кәсін құртып, ашық жауап бере алмаған. Енді, міне, «Ой түбінде жатқан сөз шер толқыса шығады» деп Асан Қайғы бабамыз айтқандай, екі шерлі кездесісімен-ақ өткенін еске алып мұңдаса кетеді.
Сәлима жас кезінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Базарбаевтың көмегімен сатылап қызметі өсті. Бірақ талай қыз-келіншектерді тақырға отырғызған айлалы аупартком хатшысы оны елпілдетіп-желпілдетіп алған соң өзіне кіріптар етеді де, тұзағына түсіреді. Жолы жіңішке әйел баласына қол ұшын беріп, қамқорлық жасаудың орнына опасыздық жасап орға жығады, некелі тұрмыс құрудан, бақытты ана болу мүмкіндігінен айырады. Әсіресе, қызметтен босап, зейнетке шыққан кезде оның ішкі ой толқыны, зарлы үні үдей түседі. Мұның бәрін Сәлима-Майра Сәлім-Қарабайдан жасырмайды. Актриса осылай өз кейіпкерінің бейнесін, мұңлы күйін, психологиясын терең ашып береді. Оның кейде ызалана сөйлеген кездегі ішкі бұлқынысы, кейде көзіне жас ала мұңаятын трагедиялық толғанысы көрермендерге табиғи қалпында жетіп жатады. Әсіресе, бауырына басқан інісінің баласы Қайраттың шектен тыс тентектігінің жанына батуын да актриса барынша нанымды береді. Дегенмен, Майрада кемшілік те бар. Қызметте ысылған, өмірдің ащы-тұщысын көрген Сәлиманы қанша қиындық көргенімен, үнемі жылатып, боркемік күйректікке салдыра берудің қажеті жоқ еді. Сарыуайым, артық сезімге берілушілік образды әлсіретіп, сахналық тұтастықты бұзады, спектакльдің идеясына нұқсан келтіреді.
Қойылымның идеялық мазмұнын тереңдете түсетін кейіпкер полковник Сәлімді Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген әртіс Қ.Сатқанбаев мүсіндейді.Оның өз кейіпкерінің жан-дүниесіне үңіле білгені сонша - оның қимыл-әрекетінен, сөйлеу мәнерінен елін, жерін сүйетін нағыз патриот екенін байқаймыз. Сәлім де, Сәлима да ішкі сырын бүкпей, армияда ұзақ жыл адал қызмететкенін, бірақ полковник дәрежесінен ары өсірмегенін, орыс қызына үйленгенін, бірақ бақытты өмір сүре алмағанын, одан бір ұл, бір қызының барын, бірақ олардың қазақ тілін білмей, мәңгүрт болып өскенін, Сәлиманы еш уақытта ойынан шығармағанын, бірақ ол арман болып қала бергенін - бәрін, бәрін өкіне отырып баяндайды. Актер өмірдің осы соқпақты бұралаңын, әлеуметтік астарын тап басып, өз көрермендерінің ойы мен сезіміне қатты әсер етеді. Шындығында да кеңес өкіметінің тұсында қазақтан қанша білгір, білімді (мысалы Б.Момышұлы) командир болса да полковник дәрежесінен ары өсірген емес. Әсіресе, біз басқа ұлтпен некелесуді достықтың белгісі, интернационализмнің көрінісі деп келдік. Бақсақ, үстем ұлт орыспен некелескен қазақтың балаларының көбі ұлтсыз дүбәра болып қана қоймай, тілі мен түрінде де, тілі мен санасында да қазақи белгі қалмайтынын біз автордың айтайын деген астарлы ойынан байқадық. Мұндай астарлы ой спектакльде шеберлік, спектакльдің құндылығы да осында болса керек. Спектакльде бізді қатты толғандырған тағы бір жөйт - Сәлімнің Қиыр Шығыста қызмет етіп жүрген офицер баласы келіп, әкесін құшақтап, «Мен қазақпын, Қазақстанда қаламын», дегені болды. Дәл осы кезде Сәлім-Қарабайдың қуанышында шек болмады. Себебі өз алдымызға мемлекет болып еліміз, жерімізді қорғайтын жаңа армия жасақталып жатқан кезде қазақ командирлерінің жетіспеуі Сәлімді қатты ойландыратын. Міне, сондықтан да баласы Владимирге дереу Алматыға қорғаныс министріне барып қызмет сұра деп кеңес беретін жері бәрімізді толқытып жіберді. Владимир эпизодтық роль болса да әртіс С.Серікбаев өз кейіпкерінің сахналық міндетін жақсы түсінген. Оның шынайы әрекеті Сәлімнің көркемдік образын толықтырып тұр.
Спектакльде сәтті шыққан бейне жас актер Ж.Әлімбеков мүсіндеген Қайрат болды. Үлкен үміт күттіретін, өзіндік актерлік өрісі бар Жүніс өзі ойнаған ролінің іс-әрекетіне лайықты штрихтер тауып, спектакльдің көркемдік шоқтығын көтере түскен.
Сәлима Қайраттың білім алуына қамқорлық жасағанымен, оның тәрбиесіне, ибалы азамат болып өсуіне көңіл белмеген. Ол ол ма, жеңілтек жолға түскен Сәлима үйіне келген жігіттермен басқа бөлмеге кеткенде бақылаусыз состиып жалғыз қалған жас бала стол үстіндегі шелмектерде қалған сарқынды арақтарды ішіп, уыздай балбыраған денесін уландыра берген. Соның салдарынан Қайрат маскүнем, сотқар әрі мейірімсіз болып өседі. Ол тіптен ана орнына ана болған Сәлимаға да дөрекі сөйлеп, тілін де тигізеді, жас кезінде көргенінің бәрін бетіне басып, көкірегінен де итереді, үйден қуып шығудың әрекетін де жасайды. Оның шектен шыққан бұзақылығы сонша, Сәлимаға болыстың деп Сәлімді ұрып, қолын сындырады. Актер кейіпкерінің бойындағы осы қаталдық пен дөрекілігін ешбір боямай, өлшеммен дәл береді. Оның әрекеті ширақ, шынайы, ең бастысы - табиғи нанымды.
Рольдің жан-жақты әрі терең ашылуы актердің шеберлігі мен талантына, режиссердің белсенділігі мен түпкі ойының тереңдігіне байланысты. Спектакльдегі иі қанбаған, шындауы жетілмеген кейіпкер жас актриса Э.Аққұлиева ойнаған Қайраттың жұбайы Фатима бейнесі болды. Драмада автор айқын, салиқалы образ жасаған. Ал актрисаның мүсіндеуінде Фатиманың сахналық суреті де анық емес, оның жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәнері де кейіпкердің жан-дүниесіне үйлесіп тұрған жоқ. Әсте бұл режиссердің де кемшілігі болса керек. Ол актрисаға дұрыс бағдар, образға лайықты трактовка да бере алмаған. Тергеушіні ойнаған әртіс Т.Жүршиевке де салмақтылық жетіспейді, жеңілтектеу ойнайды. Полковник тап бергенде тұра қашатыны да жарасып тұрған жоқ.Олардың өз кейіпкерлеріне қайта үңіліп, ой жүгірткендері дұрыс болар еді.
Спектакльді дайындауда режиссер М.Бақытжанов ерінбей көп ізденген, авторберген материалды көркемдік шешіммен жарқырата көрсетуге күш салған. Сол сияқты ол театр компоненттерін де орынды пайдалана білген. Мысалы, спектакльдің оқиға желісіне, кейіпкерлерінің көңіл-күйіне байланысты музыка да езгеріп, қойылымы да әрленіп отырады. Бұл музыкасын жазған Е.Ахметовтың да жетістігі.
Спектакльдің аяқталуы да көңілге қонады. Өмірлеріне замана, уақыт салған сызаттан шерлі болған қос мұңлық ежелгі армандарына жетіп, сахнадан қол ұстаса шығып бара жатқаны залда отырғандардың еңсесін кетеріп бір серпілтіп тастайды.
Сез соңында айтарымыз: драманың өзіне тән көркемдік сипатын тауып, қызықты спектакль жасай алған театр ұжымына бұдан былай да табыс биігінен керіне бер, демекпіз.
ЗАМАНА ЗАПЫРАНЫ
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ.
Жамбыл облыстық Абай атындағы драма театры жазушы, «Ақ жол» газетінің редакторы Әлдихан Қалдыбаевтың «Сәлім-Сәлима» атты екі белімді пьесасын сахнаға шығарды. Қойылымның режиссері - Мағзом Бақытжанов, сазын жазған Ермұқан Ахметов.
Драманың негізгі арқауы - замана запыраны, оның ащысы. Кешегі тоталитарлық жүйенің салдары, бүгінгі біздің тыныс-тіршілігіміз. Кезінде қателіктерін тез түзеуге бет бұрмай, өмір бойы ғашық жүректерін сусындатпаған, өздеріне көңілдері толмаса да, уақыт ағысына қарсы тұра алмаған Сәлім мен Сәлиманың өмір қасіреттері шынайы да, шыншылдықпен суреттеледі.
Компартияның номенклатуралық саясаты мен құйтырқы тұйығынан шыға алмай, ғашығына қосылмай қызметтің құлы болған Сәлима қасіреті өмірде болған, оны бәріміз білеміз. «Біріншінің» қолтығына кіріп, бәрінен де безінген, яғни жар сүйіп, бала тәрбиелеуді мансұқ еткендер қаншама?! Немесе шен қуып, бір күнгі рахатпен ғана өмір сүрген, бүгінгі күні өзінің жолын қуып, ұлттық салт-санадан жұрдай болған балаларын ойлап, солар туралы тебіренетін Сәлім сияқтылар арамызда жүр емес пе? Олардың тебіреністері жүрегіңізді тілгілеп, өткен өмір жолымызды көз алдымызға айна-қатесіз елестетеді.
Автор публицист, журналист болғандықтан, бүгінгі өмір ағынын дәл көрсетуді міндет еткен. Бүгінгі басқару жүйесінің де кешегі күндегіден алыстай қоймағанын, сол бір кездері билігін жүргізгендер әлі жайлы орындарда отырғанын айтады. Бүгінгі ұрпақтың болашағын ойламай, «халық үшін» деп арақты еселеп шығарып жатқанымызды маскүнем кейіпкерінің арақты ақтау сөзі арқылы мінейді.
Режиссер мен артистердің шешімі мен шеберліктері кімді болса да бейжай қалдыра алмады. Пьесаның кейіпкерлері алты-ақ кісі. Бірақ олар өміріміздің әр саласының өкілдері. Кешегі - партократ, елінен, Отанынан безіп, ұлттық қасиетін ұмытқан офицер, бар рахатты арақтан табатын маскүнем, енді ғана биліктің дәмін татуға ұмтылған жас, оңы мен солын, тілі мен ділін тани бастаған әскери маман және өкіректеген милиционер. Осылардың әрқайсы өздеріне тән мінезімен айшықталады. Бұл жерде осы бейнелерді сомдаған артистердің шеберлігі туралы ерекше айтқан ләзім. Әсіресе, Сәлима бейнесін шығарған М.Әлімбетованың әрбір қимылы, сөзі нанымды. Артист кейіпкерлеріне бүкіл болмысымен енген. Оның сөзін, зарын естіген сайын Сәлимаға деген аяныш, кешегі озбыр болған «біріншілерге» қарғыс айтасыз, Ал, Т.Дүйсебавтың «Желтоқсан жаңғырығында» Қайрат Рысқұлбековтің бейнесін сахнаға өте сәтті шығарған Ж.Әлімбеков бұл жолы да шеберлігімен танылды. Бірақ орынсыз айқай, кіжіну сәттері де кездесіп қалады. Ол сомдаған кейіпкер маскүнем болғанымен, ақылсыз емес. Шындықты шыжғырып, өмір қасиеттерін түйіп айту оған тән. Сондықтан да сахнада орынсыз кеп жүру, айқаймен Сәлиманы тұқырту оның мінезі бола қоймас. Біздіңше, көп мысқыл, әжуә керек сияқты.
Автор драмалық көріністер арқылы айтар ойдың пісіп, жетілуіне емес, публицистикалықсарынға, көсемсөзге көбірекорын берген. Кешегі мен бүгінгінің барлық өзекті мәселелерін кейіпкерлерінің аузына қақпайлап әкеліп салу бар. Бірақ драматургтің осындай шешімге баруын уақыттың өзі ақтап тұр. Газет сездеріне қарағанда сахна төрінен айтылған әрбір пікір, ой көрерменге ерекше әсер ететіндігін автор алға тартады, заман запыранын актарады.
Жамбыл облыстық Абай атындағы драма театрының басшылығы, оның бас режиссері Асқар Дүйсебавтың соңғы жылдары жергілікті авторларға арқа сүйеп, солардың туындыларын сахнаға шығаруын құптамасқа болмас. Бұған дейін белгілі кино және театр режиссері Тұрар Дүйсебаев, журналист-жазушылар- Жақсылық Сәтібеков, Бақтаяр Әбілдаев, Елен Әлімжанов, мәдениет қызметкері Әлібек Әмзеевтің драмалық шығармаларына көрермендер талай рет қол соққан болатын. Бұл жақсы іс алдағы уақытта да жалғаса береді. Сол жақсы істің жалғасы іспеттес болған Әлдихан Қалдыбаевтың жаңа туындысында заман запыраны шымбайға батса да шыншылдықпен айтылған. Әрине, кейбіреулер сол шындықты естіп, ойға қалудың орнына ашу шақыруы да әбден мүмкін. Бірақ шындыққа тіке қарау, оны мойындау да кісілігіміз екенін ұмытпаған жөн.
«ҚАЙРАН, ЫНТЫҚБАЙ АҒАЙ-АЙ!»
Яхия ШЫНӘСІЛҰЛЫ.
Жақында Қазақ теледидары драматург Ә.Қалдыбаевтың «Балалардың махаббатында неміз бар?» атты сатиралық комедиясын «Қайран, Ынтықбай ағай-ай!» деген атпен көрсетті.
Бүгінгі күннің күрделі шындығын суреттейтін бұл шығарма бұрын «Өз теңі», «Алдыңнан шығар әр күнің», «Сүйген болсаң, білерсің» деген атқа ие болған комедияның өңделген варианты. Автор көп түзетулер жасай отырып, өмір фактілерін көркем образдар арқылы қызықты етіп берген. Оның үстіне тартысы бәсеңдемейді, қайта заңды қозғалысқа түсіп әрекетін күшейте түскен. Міне, сондықтан пьесада нақты нысана, айқын мақсат бар. Ең бастысы, қазіргі заманның қайшылықтарын кейіпкерлер арасындағы тартыстар арқылы бере отырып, көрермендеріне үлкен ой салады.
Автор негізгі оқиға желісін махаббат төңірегінде өрбіткенмен, ол мансапқорлық, жағымпаздық, дәреже, дүниеқұмарлық, бюрократизм, қоғамдық мүддеден өз басының мүддесін жоғары қою сияқты келеңсіз қылықтарды аяусыз сынай отырып, адалдыққа, ар тазалығына, әділ де шыншыл, мейірімді болуға шақырады. Шығарманың тағы бір ұтымдылығы - автор әлеуметтік құбылыстың толғағы жеткен проблемаларынан драманың архитектоникасын құра білген әрі пьесада ытықтыру тәсіліне де ерекше мән берген. Мысалы, Берік пен Тәттігүлдің жас кезіндегі қатынасы, уәдені Тәттігүлдің бұзып, Оспанға күйеуге шығып кетуі негізгі оқиғаны қоюлатып, шиеленісті ширықтыратүседі. Тіптен Зәуренің тағдыры да көрермендерін бей-жай қалдырмайды.
Міне, сондықтан да пьесаның бүкіл сюжеттік желісінде кейіпкерлердің мінезі сан қырынан ашылып отырады. Тілдері де шұрайлы, дараланған. Мұның бәрі Әлдиханның қызықты сюжет құра білгендігін, композициялық құрылымын жүйелі дамыта алғандығын көрсетеді.
Спектакльді қойған Елжас Қасиманов телетеатр мүмкіндіктерін пайдалана отырып, автор ұсынған идея арқауынан ауытқымай, оқиғаны үнемі тартыс үстінде өрбітіп отырады. Соның нәтижесінде режиссер ансамбльдік тұтастық құра алған. Сонымен бірге логикаға сиымды мизансцена жасауы, декорация, музыка сияқты театр компоненттері қойылымның әсерлі де табысты болуына көмегін тигізіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, моральдық-адамгершілк проблемаларды адам жанының иірімдеріне бойлата, терең психологиялық толғанысқа жетелейтін тәрбиелік маңызы бар қызықты спектакль жасай алған.
Спектакльдің негізгі кейіпкерлерінің бірі Тәттігүлді актриса Раушан Дәулетшина ойнайды. Теледидардан алғаш көрінгенде-ақ біз оның тәккаппар да өзімшіл, кербез де сәнқой әйел екенін байқаймыз. Бар мақсаты, ішкі арманы - облыстың дырдай дөкейі Ынтықбаймен жақындасу. Сол үшін оның маскүнем баласына кезінің ағы мен қарасындай жалғыз қызы Зәурені беріп, баю арқылы үлде мен бүлдеге оранып, өмірді шалқып жүріп өткізгісі келеді. Тіптен оның мейірімсіздігі сонша қызы күніге таяқ жеп жылап келіп отырса да бүйрегінің бүлк етпей, қайыра апарып тастап, Ынтекеңнің мадақтауына іліксем болды дейді. Бірақ қыз шешесінің дегеніне көнбейді, оның өз сүйгені бар, сондықтан Тәттігүл - Раушан өз ойын жүзеге асыру үшін қандай сорақы іс болса да тайынбай арпалысуға бар. Мысалы, қызың тілімді алмады деп күйеуі Оспанның бетінен алып, төсіне шабады, долдана шу шығарып, көгере талып түседі, сүтін жерге сауып, аналық ардан безеді, өзі сияқты дүниенің қызығы байлық деп білетін әкпесі Балқия мен өзімшіл бюрократ жездесі Әлімді көмекке шақырады. Бір сөзбен түйіп айтқанда, актрисаның кейде асыра сілтеп жіберетін әрекеті болмаса, өз кейіпкерінің өмірден азып, шыңырау түбіне домалап бара жатқан кейпін шебер мүсіндейді.
Телеспектакльде белгілі актер Сәбит Оразбаев мансапқор Әлімнің рөлінде актриса Шәмшия Балқияның бейнесінде ойнап, олардың бойындағы сорақы әрекеттерін өмірдегідей нанымды да шебер сомдайды. Талай күрделі бейнелерді сахнаға шығарып, көрермендерінен жылы лебіз естіп жүрген Сәбит бұл жолы да ұяты өлген, ары көмілген құлқынқұмарды мәнді бейнеге айналдырады. Актердің мүсіндеуінде Әлім көкті тіреп тұрғандай панданады. Ол өзіне бағынышты адамдарға қырын қарап, көзіне де ілмейді. Сонау тоқыраудан қалған әкімшіл-әміршілдіктен әлі де арыла алмай жүрген өркөкірек, әсіресе актердің өзіне қарсы келген адамға шүйіле қарап, «құртамын да жоямын, орныңнан алып тастаймын» деп блокнотына жармаса кетуі жаныңды түршіктіріп жібереді. Қоғамымыздағы жүріп жатқан қайта құру кезеңіне кесірін тигізетін мұндай бастықтың әлі де бар екендігін, оған күресті үдете түсуге шақыратын бұл спектакльдің маңызы өте зор деп білеміз.
Актриса Шәмшия мүсіндеген Балқия да өмір өзгерсе де бойына сіңген екі әдетін тастай алмай жүрген айлалы зымиян. Ол долдана жылап отырған Тәттігүлді аяғансып, мүләйімсінгенмен отқа май құйып, семьядағы өршіген қақтығысты ушықтыра түседі. Оның іс-әрекеті мен жүріс-тұрысына қалтықсыз сенесің. Спектакльдегі жағымсыз кейіпкерлерге қарама-қарсы қойылған бейне - Оспан. Оны да актер Төребек Аралбаев әділетсіздікке карсы белсене күресуші, принципті мәселеге келгенде бетің бар, жүзің бар демей бетке басып айта алатын жан етіп береді. Ол тіптен өзінің тікелей бастығы Әлімге де жалтақтамай, оның ішкі дүниесі мен мінезіндегі келеңсіз қылықтарды сынап, әшкере етеді.
Өзін партия солдатымын деп есептейтін Оспан - Төребек жағымпаздануды білмейді. Сондықтан да ол -халықтуын жоғары ұстап, ешқандай бүкпе-шігесіз адал істейтін коммунист. Тек актердің өз кейіпкерлерін соншалықты қарапайым етіп көрсетемін деп сылбырлау ойнауы спектакльдің де ырғақты дамуына кері әсерін тигізіп тұр.
Спектакльде актриса Гүлжан Қалыбаева Зәуренің бейнесін бар болмысымен қызықты етіп беруге ұмтылыс жасаған. Жас ак-триса - «Тамаша» ойын-сауығында өзінің актерлік шеберлігімен жұртты тәнті еткен өнерпаз. Ол Зәуренің бейнесін жасауда да аз тер төкпегендігін байқатты. Өйткені Зәуре - екі оттың ортасына түсетін күрделі бейне. Зәуре қарапайым жұмысшы Ерланды сүйеді. Олардың арасында қыл өтпейтін шынайы махаббат бар. Ал, анасы оны белгілі бастықтың баласына бергісі келеді. Ана тілін алмау қандай қиын десеңізші? Бұл имандылыққа да, әдептілікке де жатпайды. Міне, сондықтан да Зәуре - Гүлжан іштей тартысқа, ауыр арпалысқа түседі. Алайда ішкі күйзелісте әділеттілік жеңеді. Ол шешесінің шектен тыс қатігездігіне тойтарыс береді. Оған бойындағы ар тазалығы, махаббатқа адалдығы, білім молдығы көмектеседі. Бірақ, Зәуре - Гүлжан еш уақытта ананың бетінен алмайды, көңіл қалатын ауыр сөз айтпайды, дауысын да көтермейді. Ол тойтарысты шыдаммен түсіндіру арқылы береді. Осы қақтығыста шыңдала түседі. Сондықтан да шығарманың шарықтау шегі - шешенің ақ сүтін таразы басына салатын кезде Зәуре - Гүлжан қатты күйзеліске түсіп, жұрттың жүрегін елжіретіп жібереді.
Спектакль аяқталды. Біз жаңа ғана аяқталған оқиғаның әсерінен шыға алмай, біраз отырып, ойға қалдық. Шындығында да өзекті тақырыпты өмірдің өзінен сұрыптай алған автор шығарманы бұдан бірнеше жыл бұрын жазғанды. Жоғары талапқа сай жазылғандықтан бұл шығарма баспадан шыққан драматургиялық жинаққа да енді. Бір өкініштісі сол, сонау жылдары-ақ облысымыздың Абай атындағы драма театрына ұсынылған бұл драма түрлі сылтаулармен күні бүгінге дейін қойылмай келеді. Театр басшылары бұл пьесаның маңыз-мәнін түсіне қоймады. Оның есесіне кейбір түкке тұрмайтын пьесасымақтар репертуарлық жоспарға еніп, сын көтермейтін дәрежеде қойылды.
Жалпы, театрдың жанынан репертуар алқасын құру керек еді, ол туралы сез де болған. Неге екенін белгісіз театр тарапынан қолдау болмады. Репертуар алқасы сахна өнерін насихаттауда, драмалық шығармаларды талдау, тандау ісінде көп пайда келтірер еді. Оған бізде мүмкіндіктер бар және жеткілікті де. Әдебиет пен өнерді терең түсінетін, бірнеше драмалық шығармаларын дүниеге келтірген Ә.Қалдыбаев, Б.Әбілдаев, Е.Әлімжанов, К.Баялиев, Ж.Сәтібеков сияқты театр жанашырлары республикалық репертуар коллегиясына да, театрға да жақсы дүниелерді (соның ішінде жергілікті авторлардікін де) ұсынып отырар еді. Сөйтіп, репертуар сапасын арттыруға да, театрдың гүлдене түсуіне де үлкен үлестерін қосар еді.
ПАРАСАТ ПЕН ПАРЫҚСЫЗДЫҚ
Мұрат СЫЗДЫҚОВ.
Таяуда қазақ теледидары белгілі балалар жазушысы, драматург Әлдихан Қалдыбаевтың «Балалардың махаббатында неміз бар?» атты сатиралық-комедиясының негізінде «Қайран Ынтықбай ағай-ай!» деген қойылымды көрермендер назарына ұсынды. Жамбылдық драматургтың бұл шығармасы өткен жылы «Өнер» баспасы шығарған «Жаңа жыл алдында» атты пьесалар жинағына енген болатын. Облыстық Абай атындағы драма театры бұл пьесаны түрлі сылтау айтып, репертуарына қабылдамай жүргені. Сөйтіп, ұзақ жылдар тартпада жатып, одан жинаққа енген пьеса ақыр соңында республикалық көгілдір экран арқылы көрермендермен қауышты. Автор негізгі оқиға желісін махаббат төңірегінде өрбіткенімен, оның даму желісі мүлдем басқа арнаға жетелейді. Ең әуелі мұнда жанды өмір суреті, соның ортасынан ойылып алынған адамдардың тағдыры, таным-түйсігі бар. Қоғамнан жеке басының мүддесін жоғары қоятын мансап, дәреже десе, ішкен асын жерге тастай салатын тоғышарлардың өздеріне тән мінез-құлықтары кәдуілгі күнделікті күйкі тіршіліктің жібін есіп жүрген жандардың арасындағы әр бағытқа бағдар алған кезқарастары арқылы жақсы ашып керсетіледі. Өткір әжуа, кейде шуақты юморға құрылған диалогтардың негізінде «Оу, сіздердің бұларыңыз қалай, адамгершілік, имандылық дегенді естен шығарғандарыңыз ба?» деп ділмәрсіп жатпай-ақ көрермен қауымды адалдыққа, мейірімділікке, әділеттілікке шақырады. Түптеп келгенде, кез келген шығармашылық туындылардың негізгі мұраты да, мақсаты да осында жатқан жоқ па? Драматург ықылым заманнан бергі мәлім де беймәлім махаббаттың әрқилы тәсілдерін төптіштеп қазбаламай-ақ жеке детальдар, көріністер, уытты әзіл-қалжыңға, көңілді күлкіге толы, шиыршық атқан пьеса жасаған. Адам характерлерін, жеке образдар жасай білетін автор ақыр соңында (біздіңше, бұл барлық драматургияға тән нәрсе) сол характерлерді қағыстырып, оқиға желісін бір арқауға еріп әкеледі. Ә дегеннен-ақ кегілдір экраннан керінетін Тәттігүл (актриса Р.Дәулетшина) алғашқы сәттен-ақ кербез сұлулығына қоса тәкаппар, менмен әйел екенін аңғартады. Оның бар арман-мақсаты аққудың балапанындай мәпелеп есіріп орырған жалғыз қызы Зәурені облыстағы белгілі басшылардың бірі Ынтықбайдың маскүнем баласына қосу. «Қатын алма, қайын ал» дейтін принципті ұстанатын Тәттігүл өзінің сөзімен айтқанда «әкесі Ынтықбай ағайда бәрі бар, сол жетеді» деп жалғыз қызының тағдырына араласады. Декей бастық арқылы әбден бай-ып, онысыз да жаман емес тұрмысын одан әрі шалқытып, күйеуін жоғарғы қызметке қойып, рахат өмір сүруді кездейді. Айтқан бетінен қайтпайтын еркекірек Тәттігүл айрандай ұйып отырған отбасының шәт-шәлекейін шығарады. Әке мен қыздың бір жаққа шыққанын көргенде ардан безіп, аналық сүтін жерге дейін барады. Оған мұндай ақыл беріп, қолтығына жел бүркіп жүрген Тәттігүлге әкпелігі бар Бақия, яғни Оспанның бастығы Әлімнің бәйбішесі. Егер Оспан мен Тәттігүл Ынтықбай ағамен құда-құдағи болатын болса, шетінен кертіп жейтін байлық та, атақ-дәреже де бұлардың өздерінің қасына қоныс қонатынын қияндағыны болжай білетін сұрқия әйел қармақтың қай кезде қабатынын сіңлісінен де жақсы біледі. Сөйтіп отбасында жалғыз қалған Тәттігүлге көмекке күйеуін де ерте келетіні содан.
Белгілі сахна шебері Сәбит Оразбаев мансапқор Әлімнің образын өте дәл бейнелейді. Қайта құрудың тактикасы мен стратегиясын сол сәтте қабылдай қойған, сырты өзгерсе де, ішкі жандүниесі сол қалпында қалған желқауыз адамдар арамызда әлі де аз емес. Өзінің қол астындағы Оспанның бетіне қарсы келіп, біздің жеке басымызға араласпаңдар деген уәжіне күйіп кететін Әлім жалма-жан қойынындағы керек адамдардың тізімі жазылған дәптерге жармасып, «тап қазір сені сызып тастаймын» деп қоқаң-лоққы көрсетуі, оған Тәттігүлдің шырпыры шығып, «Оны сызғанша мені сызыңыз» деуі биліктің тұтқасын кездейсоқ ұстаған мансапқор төрешіл мен алға қойған мақсатына жету жолында ештеңеден тай-ынбайтын бейшара жанның парқын пайымдатады. Сырт жұртқа қой аузынан шөп алмайтын момын, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, әйелінің айтуынан шығуға дәрменсіз көрінетін Оспан (артаст Төребек Аралбаев) әдепсіздікке, ардан безген имансыздыққа жаны қас. Кемішікті бетке айтатын турашылдығы да бар. Өзін партияның адал солдаты санайтын Оспанның ұғымынша, әркім өз іс-әрекетіне жауап беріп қана қоймай, тағдырының тәлкекке ұшырамауына қарсы күресе білуі керек. Алайда, Оспанның образы тым жалпылама болып кеткен бе деген күдіктің көкейімізде болғаны да рас. Өйткені бетпақ әйелге, Балқия, Әлім сияқты кулық-сұмдығына құрық болмайтын пысықайларға қарсы жалғыз тұратын Оспанның бойында қайрат-жігер аз және оның қайта-қайта «Мен коммунистпін, мен партияға сенемін» деп қайталай беруі тым нанымсыз. Шындап келгенде еліміздің қазіргідей күрделі экономикалық дағдарысқа ұшырап отыруының өзі осындай ондаған, жүздеген коммунистердің жігерсіздігінен туған жоқ па еді. Бәлкім, актер кейіпкерін қарапайым етіп көрсеткісі келген болар. Дегенмен қарапайымдылықтың кейде қарабайырлыққа апарып соғатынын да ұмытпаған жөн шығар. Бұған қоса тағы да айта кететін бір мәселе, Тәттігүл жиі-жиі күйеуінің мойынына галстуктағып, өзіне ұнамаған жағдайда сол галстуктен сүйреп кұмардан шығып жататын көзі де бар. Әрине, ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда дейтін әйелдің мінезін сомдауда бұл сәтті-ақ табылған шешім шығар. Ал, спектакльдің финалында Зәуренің (актриса Г.Қалыбаева) болашақ жары Ерланның мойынына түрлі галстукті өлшеп көре бастауы мүлдем түсініксіз жай. Әлде бұл режиссердің «анасын көр де, қызын ал» деген қағидаға басқаша реңк бергісі келгені ме?
Жалпы, спектальді қойған Елжан Қасиманов автордың түпкі ойына қиянат жасамай, оқиғаны үнемі тартыс үстінде өрбітуге ден қойған. Біздіңше, Зәуре мен оның сүйген жігіті Ерланның кездесетін тұсының қажеті де шамалы сияқты. Өйткені, спектакльдің шырқау шегі екеуінің Тәттігүлдің алдына келуімен аяқталатындықтан көрермен жұртшылық Ерланның жатақханасындағы кездесуге соншалықты ынтызар-ықылас білдірмейтіні аян.
Сөйтіп, қазақ теледидары арқылы жамбылдық драматург Әлдихан Қалдыбаевтың адам жанының, оның психологиясының терең иірімдеріне жетелейтін, адамгершілік проблемаларын ту етіп көтеретін туындысы ұзақ жылдардан кейін тұңғыш рет көрерменімен жүздесіп отыр. Бұл - облыс шығармашылық өміріндегі оңды құбылыс.
«ӘКІМНІҢ ТУҒАН КҮНІ»
Дәулет Төлендіұлы.
Белгілі жазушы, драматург жерлесіміз Әлдихан Қалдыбаевтың «Әкімнің туған күні» атты трагикомедиясы Түркістан театрында сахналанды.
Бүгінгі күннің аса өткір мәселесіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күрес бүкіл халық болып күрескенде ғана нәтижелі болатыны кім-кімге де белгілі. Демек, «жұмыр жердің бір түкпіріне сызаттүссе, ол, сөз жоқ, жүрегінен өтеді» делінетін қаламгерлерді де бүл жағдай бей-жай қалдырмапты. Бәлкім, шығарманың атының да жарнама сұрамай-ақ менмұндалап тұруынан болар, қойылым премьерасына көрермен сыймай кетті.
Шымылдық сырғи ашылып, жарық сахна төріндегі мемлекеттік Елтаңбаға түсті де дыбыс күшейткіштен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған: «...Қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, алаяқтықпен, заңдардың бұзылуымен табанды да қатал күрес жүргізу керек. Осы қиын кезде біздің азаматтардың, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бәрін де істеу керек» деген сөзімен спектакль басталып кетті. Шығарманың сюжеті, әдеби беру тәсілі қарапайым болғанымен, жалпы жұрт үшін ішін бере бермейтін жоғары лауазым иелерінің өмірі Әлдекең шығармасында аса күрделілігімен ерекшеленіпті.
Облысқа жаңа тағайындалған жас әкімнің сол сәтке дөп келген туған күні туындының әдемі арқауына айнала отырып, бүгінгі күннің кейбір жең ұшынан жалғасуда алдына жан салмайтын жексұрын келбетін аса шеберлікпен ашып-ақ тастайды. Мәселе өткір айтылады. Тіпті кейбір көлеңкесінен қорқатьмдар үшін үрейлі де шығар. Бірақ, қалайда кімнің болса да аузынан әйтеуір бір айтылуға тиіс еді бұл. Егер бұл істегі сілкіністі түбі бір тарих талқылайтын болса, қаламгерлер арасынан Қалдыбаев айтты, өнер ордасынан Түркістан театры қаймықпай барды бұған.
Алғашқы көрініс. Бір қарағанда жүзіктің көзінен өтетіндей, ылдым-жылдым жайдарлы жан - аппарат жетекшісі Қасым Хасенович (артист Бағлан Төлендиев) кіріп, әкімді туған күнімен қудтықтайды. Түлкідей бүлаңдаған қызметкерінің мінезінен тіксініп қалған әкім сәл сырт беріп терезеге жақындайды. Кенет, құшақ-құшақ гүлдермен сыртқы есіктен кіріп жатқан адамдарды көріп таң қалады.

  • Бұл не? Қасым Хасенович,- дейді көзі шарасынан шыға.

  • Бұл аудан әкімдері, облыстық департамент, басқарма басшылары, сізді құттықтауға келді,- дейді аппарат жетекшісі қалыпты кейіпте. Одан ары жағымпаздыктың, жылпостықтың жексұрын түрін автор: «Мынау, машина қорабы толы не нәрсе?»,- деп түкке түсінбейтұруымен, аппарат жетекшісінің: «Бұл қала әкімінің сыйы, сізге ешкімнің ойына келмеген осындай сюрприз жасамақ»,- деп әкімнің төбесінен жай түскендей етіп риза болып тұруымен беруі оқиғаны бірден алай-дүлей шиеленістіріп әкетеді. Шығарманың басты кейіпкері облысқа жаңа келген жас әкім Қасқабай Төреқұлович (артист Сырым Әбдразақов) жаны таза, жан-жақты сауатты, оның ішінде заң жағынан да ешкімге есе жібермейтін адал азамат кейпінде берілген.

Тығырыққа тірелген аппарат жетекшісінің қипақтап; «Бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс, бұлай етпесеңіз алақарға боласыз, бұрынғы әкім...», деп қайта-қайта қайталауы, көп нәрсені аңғартса керек. Аппарат жетекшісінен соң кабинетке кіріп келген үш аудан әкімінің бірінің «Мен аудан әкімдерінің төрағасымын», деп әкімді туған күнімен құттықтап, 30 мың доллар ұсынуы оқиғаны тіпті ушықтыра түседі. Әкім қабылдау бөлмесіндегі қызға шұғыл түрде облыс прокурорын шақыруды тапсырады. Сөйтсе, қыз прокурордың осында, қабылдау күтіп отырғанын айтады. Аса көңілді кірген облыс прокуроры (артист Шәкен Амантуров) әкімді туған күнімен құттықтап, төс қалтасынан қомақты конверт шығара бастағанда әкім тіпті не істерін білмейді. Дереу телефонды көтеріп хатшы қызға бірден: «Облыстық ішкі істер басқармасының директоры Нұрхат Асылович қабылдау күтіп отырған жоқ па?» - дейді, енді бәрі түсінікті болып. «Иә, осында», дейді хатшы қыз. Кабинетке еркінси кірген генерал (артист Айдар Наурызбаев) әдемі жымиып келіп, әкімді туған күнімен құттықтап, ол да конверт ұсына береді. Әкім илікпейді. Сыйлығын алудың орнына біріне 30 мың доллар тастап кеткен аудан әкімдерін күдікті ретінде ұстауға келісім беруге, біріне оларды шұғыл түрде қамауға алуға тапсырма береді. Одан ары қарай түрлі қоңырау шалулар, қорқыту-үркіту, әр түрлі қысым жасау сияқты жоғары - төменгі көкелер «күресі» басталып жүре береді. Бәлкім, пара күнделікті өмірде қалыпты жағдайға айналып кеткендіктен пьеса кейіпкері - облыс әкімі Қасқабай Төреқұлович бейнесі тіпті ақылға сыймайтын ақымақ болып көрінуі де мүмкін. Алайда, бұл түбі сабаға түсетін, сазайын тартатын, әділеттілік, адамдық үстемдік құратын автордың түйсігіндегі шындық. Автор шығарманың өн бойында олай болмаған жағдайда ел болып қалуымыз да екіталай дегенді ұқтырады.
- Бұл пьесаны Жамбыл театрының 70 жылдық тойына келген режиссер Ерғали Оразымбетовке берген едім. Ерғали Қазақстанға белгілі, өзіндік айтары бар әрі батыл суреткер. Сондықтан бір қойса, осы қояр дегенмін. Неге екенін, өзгеге түсініксіздеу, тікмінез, шорт кесіп, тіке айтатын адам көрінетін осы Оразымбетовты әйтеуір Құдай маған келгенде салымды қып қойды. Осыдан бірер жыл бұрын Қызылорда облыстық драма театрында бас режиссер болып жүріп, менің «Сәлім - Сәлима» атты пьесамды сахналады, дейді автор.
Театр - ұжымдық өнер. Автордың шығармасын ары қарай сахна тілінде өмір шындығына айналдыратын режиссер, суретші, му-зыкамен көркемдеуші және актерлер.
Пьеса Таразда туған тағы бір талантты режиссер Әскер Құлдановтың қолына түсіпті. Әскерді әріптестерінің таусыл-майтын режиссер дейтінінің осы жолы тағы да куәсі болдық. Қойылымның режиссері Ә.Құлданов спектакльдің өн бойына Елбасының портреті, Елтаңба, Туды мызғымас сенім етіп ала отырып, олар барда нық мемлекет бар, мемлекет барда тәртіп болатынын нығарлап отырады. Осылайша мемлекеттік нышандарды алдыңғы планға шығара отырып, қойылымның аякталуын облыс әкімінің оң қолын көкірегіне қойып тұрып, әнұранды орындауымен бітіруі де өте әсерлі шешім дер едік.
Жеке-жеке әртістердің ойынына тоқталып, уақыт оздырып жатпай-ақ жалпы, Түркістан театры кілең біркелкі, бойлары да, ойлары да биік, көрнекті де тұлғалы таланттар топтасқан театр екенімен таң қалдырғанын айтсақ та жеткілікті болар еді. Бұндай көрініс, әрине, бүгінгі әр театрдың арманы. Қазақ театр өнерінің ертеңін құрайтын кіл жастардан құралған Алматыдағы Атабаев театрына тағы бір тың жаңалық Түркістан театрын қосып қайттық өз көңілімізбен.
- Спектакльдің көркемдік идеясы - сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл пьесаны театрдың қоюдағы мақсаты сахна арқылы бүгінде қоғамдағы кең тараған парақорлық, жемқорлық деген індетті көрерменнің көз алдында әшкерелеу. Айызын қандыра айту. Сол арқылы қоғамға ой салу. Арғы түбі тамырына балта шабу. Театр қоғам дамуындағы кедергілерді көрсетіп, ой салуда, пікір тудыруда, батылдық танытуда қашанда алда аванградттық міндет атқаруы тиіс. Демек, бұл шығарманы алып, сахналауымыз - уақыт талабы, заңды құбылыс, - дейді Түркістан сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі және бас режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚРХалықәртісі, профессор Ерғали Сиябекұлы Оразымбетов.


ӨМІР ШЫНДЫҒЫНЫҢ КӨРКЕМ КӨШІРМЕЛЕРІ




Әлдихан Қалдыбаевтың төрт томдың
таңдамалы шығармаларына алғысөз


Бақытяр Әбілдәұлы, жазушы-тарихшы.


Осы кітап баспаға тапсыру үшін дайындалып жатқан кездетараздық үш жазушы Құдай айдап Өзбекстан астанасы Ташкентке бір жиынға бара қалдық. Сол жиынға келген жүздеген адам ішінен бір кісінің жүзі жылы ұшырап, өзіне тарта берді. Абайлап қарасам, Өзбекстанда туып ескен, сонда тұратын белгілі қазақ ақыны, айтыскер, әдебиетші әрі журналист Мекембай Омаров екен. Онымен Қазақстан мен Өзбекстан тәуелсіздік алып, өз алдына мемлекеттің шаңырағын қайта көтерудің алғашқы жылдарында-ақтанысқан едік. Онда Мекембай Омаров Ташкентте қазақ тілінде шығатын республикалық «Нұрлы жол» газетінде еңбек ететін. Бұдан соң да бірнеше рет кездескен болатынбыз. Бұл жолы да жай сұрасқанымызда әңгіме арнасы өзінің шығармашылығына бұрылғанда қандасымыз Өзбекстандағы қазақ мектептері үшін «Ана тілі» және әдебиет оқулықтарын құрастырып шығарғанын, сол кітаптарға тараздық жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың да шығармаларын енгізіп, оны қазіргі қазақ балалар әдебиетінің классигі ретінде атап көрсеткенін айтып қалды. Басқа қазақ жазушыларын, ақындарын емес, тек Әлдихан Қалдыбаевты ғана атағаны Мекембай Омаровтың менің тараздық екендігімді ескергені болуы керек. Ташкентке бірге барған Әлдихан Қалдыбаев таяу жерде басқа кісілермен әңгімелесіп тұр еді, сөздерін амал-сыз беліп, Мекембай екеуін таныстырдым. «Иә, кітаптарындағысуретіне ұқсас екен» деп күлді күтпеген таныстыруға риза болған ташкенттік бауырымыз...
Осы кездесу мен үшін белгілі жазушымыз Әлдихан Қалдыбаевтың өзін танымаса да жарияланған шығармалары арқылы жақсы білетін қалың оқырман қауым ғана емес, кәнігі кәсіпқой әдебиетшілердің өздері қаншалықты жоғары да әділ бағалайтынын айқын көрсеткен еді. Біздің қазақта «Алтын ердің батқанын иесі емес, ат білер» деген ұлағатты мақал бар. Сол айтқандай, Өзбекстанда түратын Мекембай Омаровтың да қазақ әдебиетінің төл перзенті болғанымен, ол бұл заманда жақын шетелге айналған Өзбекстан қазақтары атынан жазушымыз Әлдихан Қалдыбаевтың шығармаларын басқа елге үлгі-өнеге етіп көрсетуі үлкен ғибрат. Қүдайға шүкір, қазақ әдебиетінде балалар үшін жазған, жазып жүрген айтулы жазушылар, ақындар шағын болса да бір шоғыр. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай ша-бады» демекші, олардың қазақ көркем әдебиеті деген ғажайып ғимаратқа кірпіштей қаланып, әр түрлі реңк, әр беріп тұрғандықтан ешкім де толтыра, алмастыра алмас, тек өздеріне тән орында-ры бар. Сөйтсе де сол шоғырдың ішінде көркем сөздің шебері Әлдихан Қалдыбаевтың жөні бөлек. Мұны балалар әдебиетінің «Сен тұр мен атайын» дейтін хас суреткерлерінің талайы жар салып, бағасын берген. Әлдихан әдебиет деген таңғажайып әлемге алғаш келгенде оның дара дарын екенін бірден танып, ақ батасын бергендіктен ұстаздары іспетті әйгілі Бердібек Соқпақбаев пен Машқар Ғұмардың бағамдары жарамсақтану, жағыну емес, шын жүректен шыққан адал сөздері екендігіне ешкім де күмәнданбайды.
«Алпысыншы жылдардың бас кезі болатын. Бір күні «Жазушы» баспасының балалар әдебиеті редакциясына орта бойлы, қара торы, жылы жүзді бір жігіт келді. Аты-жөні - Әлдихан Қалдыбаев, өзі университеттің студенті екен. Бұйымтайы: кішкене балаларға арналған «Көк дөңгелек» атты үш-төрт беттік әңгіме әкеліпті. Ондай шағын шығарманы табан астында оқып тастайтын әдетіміз барды. Әлгі әңгіме баспа қызметкерлеріне ұнады да, келесі жылы жеке суретті кітапша болып шыкты...
...Меніңше, кішкентайлар мен төменгі сынып оқушыларына, жалпы балаларға арнап прозалық шығарма жазатындардың ішінде... аса шебер қаламгерлердің бірі де, бірегейі де Әлдихан Қалдыбаев» - деп жазыпты белгілі балалар жазушысы Машқар Ғұмар. Ал, балалар әдебиетінің классигі саналатын Бердібек Соқпақбаев: «Балалар дүниесін әдемі меңгерген және балауса ұрпаққа ғажап әңгіме, ертегі, хикаяттар берген Әлдихан біздің әдебиетімізге қайталанбас жарқын беттер қосты» дейді. «Балықшыны балықшы алыстан көреді» дегендей, зер қадірін білетін зергерлердей осы екі жазушының бірі Әлдихан Қалдыбаевтың шығармаларын «ғажап» деп тамсанса, екінші «аса шебер қаламгерлердің бірі де, бірегейі де» деп оған ешкімді де теңгермейді, қарасөзде тыңнан жеке дара оза шыққан балалар жазушысын өрен жүйрік тұлпардай қастерлейді.
Әлдихан Қалдыбаевтың шеберлігін жоғары бағалағандардың арасында қазақ әдебиетін бүгін дүние жүзінің көптеген елдеріне шығармаларымен танытқан Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Сансызбай Сарғасқаев, Сатыбалды Нарымбетов сияқты атақты жазушыларымыз, Рымғали Нұрғалиев сияқты әдебиетші-ғалымдарымыз да жазғандарын, айтқандарын еске алудың өзі-ақ талай жағдайды аңғартады.
«Өнер алды - қызыл тіл» деп білетін халқымыздың осындай өрге озған өрен жүйрік қаламгерлері өзара келісіп қойғандай Әлдихан Қалдыбаевтың шығармашылығын неліктен осыншама бірауыздан әспеттейді, тіпті асқақтата бағалайды? Қазақ оқырман қауымы, әсіресе, сөздің де тәттісін ғана талғап, тек өздері ғана ұнататынын таңдайтын балауса балалар Әлдиханның әңгімелерін, ертегілерін, хикаяттарын, тіпті қалыңдығы кірпіштей дерлік романын неге құныға оқиды, көрермендер сахналаған драмаларын неге соншама күліп те, жылап та қызыға көреді? Әлдихан Қалдыбаевтың қандай суреткерлік сыйқыры бар? Мұндай тылсым тартымдылық тек шынайы өнер құдыретін мықтап меңгерген табиғи шеберде ғана болады.
Көңіл ауаны тез құбылтып, тек өзін қызыктырған нәрсеге ғана кенедей қадалып, сүліктей жабысып, ұнамаған нәрселерін сынаптай сырғыта итере салатын бүлдіршіндер мен өмірдің шексіз құпияларын енді-енді біртіндеп аңғара бастаған жас балалар үшін көркем шығарма жазу өте қиын болғандықтан ғана ақын-жазушылардың көбісінің бұл тақырыпқа қалам тербеуге батылы бара бермейді. Балалар назарын аудара білу үшін жазушыға қызықты етуге тікелей араласатын кейіпкер, балалардың мінез-құлқы, іс-әрекеттері жас оқырмандарды баурап алатындай сүйіндіруі, не күйіндіруі, жирендіруі қажет. Оқиғаны, кейіпкерлерінің әрекет істерін болбыр тіл мен немесе алыстан сермеп, ұзақтан тербеп қызыл сөзбен мылжыңдай созып суреттеу де бүлдіршіндерді жалықтырып жібереді. Ең дұрысы - шығарма тілі түсінікті де айшықты, кейде тапқырлықпен білімге білім қоса, сезім қылын шерте тартып, жетектеп отырғанға не жетсін?! Балалар құрғақ ақылды, ділмарсуды ұнатпайды. Балауса оқырмандарға әдеби кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы ой салу, сөйтіп, солардың өнегесі арқылы санаға сыздықтатпай, тіпті білдірмей отырып, тәрбиелеу әрі әдеби, әрі педагогтік, психологиялық шеберлікті қажет етеді. Міне, бұл шарттардың барлығы да жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың Құдайдың өзі үйіп-төгіп бере салған табиғи дарынымен мен мұндалап тұр.
«Бала тілі - бал» дейді халқымыз. Әлдихан - сол балалардың балдай тәтті тілін де, қылығын да көңілмен танып, жүрек көзімен көре білетін бақытты жазушы, кейіпкерлерінің жүріс-тұрысын, іс-әрекетін, сөйлеген сөздерін өмірдің өзінен табиғатын білдірместен ойып алып, көркемдей өрнектейтін шынайы суреткер. Мәселен, «Рахима» атты хикаятында екі жасқа толар-толмас, тілі әлі жөндеп те шыға қоймаған сәби бейнесін соншалықты қызықты, жан тебірентер жылумен жеткізіп, адамгершілік, туыстық сезімді оқырман жүрегіне көрінбейтін нәзік инемен білдіртпей сала білгеніне еріксіз тәнті боласың. Кітап бетіндегі Рахимамен оқырмандар да қимай қоштасады.
Әлдихан Қалдыбаев жазған жетпістен аса әңгіме, ертегінің бәріндегі екі жас пен он жас арасындағы кейіпкерлердің, тіпті сайып келгенде өмірдегі адамдардың өздерін еріксіз еске түсіретін ертегілік бозторғай мен жыланның, қарақұрттың, Қызғалдақ пен Бәйтеректің образдары да кәнігі суреткердің өліге де жан бітірерліктей шебер қолының таңбасын танытады. Кез келген шығармасы жас оқырман түгілі егделерді де өзіне қызу лебімен тартып, еліктіріп әкетеді.
Әлбетте, Әлдихан шығармаларындағы балалар, ересектермен тұрмыс-тіршілік деген дүниеде біте қайнаса өмір сүреді. Әке-шеше немесе ата мен бала, ағайын-туыс, көрші-қолаң, сыныптас, мектептес, ауылдас жандардың тағдырлас тыныс-тіршілігі, қызығы мен тауқыметі жазушы шығармаларының тың өзегі болып келеді. Осы орайда прозаиктің «Шаншар атай» хикаяты - оның шығармашылық өміріндегі кезеңдік, әрі шекаралық шығарма. Бұлай дейтініміз - балалар мен ересектер өмірінің ғибраттық, тәрбиелік мәндері барынша табиғи ұштасқан, жалғасқан, сондықтан да сан ғасырлық тарихы бар қазақы философияның, халықтық педагогиканың шебер қиюласқан әдеби көріністері дәл осы хикаятта өте нәзік беріледі. Бұлай дейтініміз - дәл осы хикаят балалар әдебиетінің ғана емес, үлкен әдебиеттің де хақ төрінен алшая орын алады. Оның үстіне жазушы дәл осы хикаят негізінде жазған комедия қойылымының тақырыбы барша адамзатқа қымбатты ең асыл қасиеттер үшін күреске құрылғандығында, шығарма кейіпкерлерінің барынша қызықты, шебер де шынайы сомдалуында. Міне, осы комедияны жазу арқылы прозаик Әлдихан Қалдыбаев драматургия саласында да ылдиға салса, төске озар талант екенін тағы танытты. Осы жеңіске қанаттанған драматург «Балалардың махаббатында неміз бар?» комедиясын, «Сәлім-Сәлима» драмасын жазып, сахналатып, хас суреткерде мін болмайтынын республикамыздың көрермендер қауымына және мойындатты. Бұл драмалық шығармалардағы замандас кейіпкерлер характерлерінің қақтығысынан туындаған тағдырлар ешкімді де бейжай қалдырмайды. Драматург қай шығармасында болса да жұрт кейде айта бермейтін, тіпті айта алмайтын қоғам, адам дерттерін көрермендерін ойландырта, толғандыра, кейде күлдіре, кейде еңірете жылата отырып, мінез-құлықтары сан түрлі кейіпкерлерін іс-әрекеті үстінде өте шебер танытады.
Әлдихан Қалдыбаевтың қазақ әдебиетінде бейбіт әскери өмір тақырыбына жазған шығармалары да өте сапалы әрі әлі күнге дейін теңдессіз. Кешегі Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің ерлік өмірі жөнінде қалам тартқан аға буын ақын-жазушылар дәстүрі қазір саябырсып қалғаньі белгілі. Соғыстан көп кейін әскер қатарына шақырылған жігіттердің, әсіресе, тәуелсіз Қазақстан сардарлары мен сарбаздарының Отан қорғауға даярлық тіршілігі туралы көркем шығармалар жоқ десе де болады. Осы олқылықтың орнын толтыруға да алдымен және сәтті қалам сілтеген Әлдихан Қалдыбаевтың «Сағындым сені, інім», «Солдат болу оңай ма?» хикаяттары, «Ата» әңгімесі басқа қаламгерлер тарапынан жалғасын таппағандықтан ба, әзірше бір қолдың саусақтарынан да аз санаулы, бірақ сүбелі, көркем де шебер жазылған шығармалар. Сондықтан да Әлдихан Қалдыбаев сарбаздар өмірін көркем суреттейтін қаламгерлердің де көшбасшысы болып отыр.
Жазушының тағы бір шығармашылық биігі - оның «Мен - апамның баласымын» атты романы. «Жұлдыз» журналында қысқартыла жарияланған және жеке кітап болып шыққан бұл роман оқырмандар да тарапынан жоғары бағалануда. Оны оқыған жаста, жасамыс оқырмандар айызы қанып, жазушы шеберлігінің барған сайын шыңдала түскеніне ризалықтарын білдіруде.
Бұл романды автобиографиялық десе де болады. Оның басты кейіпкері Алданыш бейнесінен автордың балалық шақтағы кезін жазбай тануға болады. Әйтсе де бұл шығарма емір шындығының: сол қалпындағы натуралистік көшірмесі емес. Шын жазушының әр кейіпкері типтік бейнеге көтерілуі тиіс болса, Әлдихан бұл романын бұрынғы хикаяттары мен әңгімелеріндегі, драмаларындағы көркемдік биігін одан әрі асқақтата түспесе, еш төмендетпепті. Сонысы сүйсіндіреді. Атақты француз жазушысы Гюстав Флобердің «Мадам Бовари менің өзім ғой» дегені сияқты, Әлдихан Қалдыбаев та шынайы шебер суреткер болғандықтан, кейіпкерлерін, олардың басынан өткен тағдырлы оқиғаларды өзінің, әке-шешесінің, апасының (әжесінің), бауырларының, жора-жолдастарының, ауылдастарының, әріптестерінің өмірінен алып, соларды эстетикалық тәсілдермен шебер бере біледі.
Әлбетте, қай жазушының болса да басты құралы - көркем тіл. Абай айтқандай, «Өткірдің жүзі, кестенің бізі сала алмайтын өрнектерді» Әлдиханның сөздік қорамсағындағы әр түрлі жебелері нысанасына лайықты суырылып, көздеген жеріне дәл жатады. Шебер жазушы өз оқырманын ретіне қарай әдемі юмор-мен күлдіре де, қыл қобыздың шегіне лайықты ысқышындай сызылтып, көңіл пернелерін дәл басатын сөздер арқылы жылата да, ең бастысы - толғанта, ойланта да біледі. Жазушы, қандай оқырманын болмасын бейжай қалдырмайды.
Мен бұл алғысөзде осы қос томның болашақ оқырмандарына «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды» деген қазақы қағиданы ескере отырып, жарияланған шығармалардың тақырыптарына, шебер сомдалған кейіпкерлер образдарына тоқталып, талдап жатуды артық көрдім. Көзі қарақты оқырмандар, білікті мамандар, хас суреткердің ел мақтаған романын да, хи-каяттарын да, әңгімелерін де, ертегі-мысалдарын да ешкімнің делдалдығынсыз өздері-ақ оқып, қорытынды жасайтынына, риза болатынына сенімдімін.
XX ғасырдың 39-жылы қасиетті Шу бойында өмірге келіп, бұл күндері зейнет демалысындағы жазушы-драматургтің бүкіл өмір жолын шығармаларынан-ақ әбден білуге болады. «Ақынның сыры - жырында» демекші, әр оқырман осы бірегей жазушы-драматург өмірінің өнегелі жолдарына дес қоятыны сөзсіз. Әлдихан Қалдыбаевтың кейбір шетел тілдеріне аударылған шығармалары алдағы уақытта жанашыр қамқоршылардың, шебер аудармашылардың көмегімен талғамы жоғары қабырғалы қалың оқырмандарының қолдарына тисе, дүниежүзіне танылатындығына еш күмән жоқ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет