Ббк 3. (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі



бет1/7
Дата07.09.2022
өлшемі1,44 Mb.
#148943
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
AKaldybaev3



Әлдихан Қалдыбаев


Көңіл көмбесі
Әдеби мақалалар, эсселер

«Сенім» Тараз-2009



ББК 83.3 (5 Қаз)
Қ 25
Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі.
Тараз, Сенім, 2009. - 272 бет.
ІSВN 9965-548-71-4

Жазушы-драматург Әлдихан Қалдыбаевтың бұл кітабына өзінің әріптестері, өнер адамдары жайындағы ойлары, қаламдастарының өзі жайлы жазғандары іріктеліп енгізілген.


Көргені көп, түйгені мол қаламгер айтарын жазуға шебер-ақ. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей болып жазылған, тәлімі мол әдеби мақалалар мен зерттеулерден үлкеннің де, кішінің де үйренері көп.
УДК 82.09 ББК 83.3 (5 Қаз)
Қ 4603020000
00 (05) - 09
ISBN 9965-548-71-4
© Қалдыбаев.Ә., 2009

Бірінші бөлім



Өз қоржынымнан













КӨҢІЛІМІЗДІҢ КӨГІНДЕСІҢ, ЖАМБЫЛ АТА!
Жамбыл - ақындықтың шыңына шыққан шайыр, жыр алыбы. Жәкең жырлары бір жарым ғасыр тыңдаушысын да, оқушысын да тамсандырып, таңдандырып келеді, әлі де солай бола береді.
Жамбыл - қанша оқысаң да тауыса алмайтын қазына, азаймайтын ақыл, өшпейтін өнеге-өсиет. Ол - халқымыздың аса бай ауыз әдебиетінің үлкен арналы дариясы.
Жамбыл - халқымыздың ұлы перзенті.
Адам ұлылыққа халқына қалтқысыз қызмет көрсетуі арқылы жетеді.
Ақиық ақын мұны жақсы білген, білген де былай деген:
- Менің тамырларым - туған халқым, менің бұтақтарым - жырларым, менің жапырақтарым - ұл-қыздарым. Мен - бар болғаны жүз жылдық терекпін, қартайғанда тапқан жарқын күнімді, халқымның бақытын, ұл-қыздарымның бақытын жырлаймын.
Жамбыл өлеңмен ерте жолдас болған. Он жасында «Шағым» деген өлең шығарып, келешекте от ауызды, орақтілді ақын болатынын аңғартқан.
Оқымаймын молдадан,
Не оқытпақ ол маған?
Бала келсе сабаққа,
Жем дәметкен дорбадан.
Ақ сәлдесін төңкеріп,
Көзін жұмып теңселіп,
Күн ұзынға боздаған.
«Дін - апиын» делінген коммунистік идеология тұсында жер-көкке сыйғызбай мақталған, бүкіл молда атаулыны аямай сынаған делінген бұл өлең, әлбетте, бала Жамбылдың белгілі бір молдаға көзқарасы еді.
Құлынында көкірегінен осындай өлең өрген балаға атақты Сүйінбай ақын былай деп батасын береді: «Балам, өлеңің жүректің түкпірінен жарып шығатын болсын. Жырларың жекелеген адамдарға ғана емес, бүкіл халыққа жағатын болсын. Сенің өлеңдерің адамдарға ақиқат пен әділдікті айтатын болсын. Жырларың ел ішіне кең жайылып, ауыздан-ауызға таралып жүрсін. Сенің өлеңдерің өзіңнің айналаңда болып жатқан оқиғалар жөнінде болсын. Басқалардың әбден жауыр қылып, таптап кеткен жеңіл жолын іздеуші болма».
Жамбыл - ұлы ұстазының осы өсиетінің үдесінен шыққан ақын. Бата дарыған, болашағына арналып айтылған осы асқақ, аяулы ойды өмір бойы ұстанып өткен адам ол.
Айырылдым арманымнан, қайран Бұрым,
Айдай ең толықсыған шапақ нұрың.
Алдандым, аяғымды шалыс бастым,
Білмедім жан ашымас аға сырын.
Бір-ақ ауыз өлең. Осында өмірдің ащы шындығы жатыр, ғашықтардың зары бар, ру намысын жыртып, жас жүректі қан жылатқан би ағайын бар.
Өзі ақын, өзі айдай сүлу қыз Бұрымды Жамбыл алып қашады.
Сарыбай би екі ел татулығын желеу етіп, Жамбылдың махаббатын аяққа басады.
Мен Жәкеңнің екі шағын өлеңін оқырмандар есіне неге салып отырмын? Мұндағы айтпағым - ақын өлеңдеріне өмір шындығы өзек болған. Жамбылдың бір де бір өлеңі «жоқ, барды, ертегіні термек үшін» жазылмаған. Бұл - Жамбыл шығармашылығының ең басты, ерекше қасиеті.
Жамбыл - алдына қара салмаған айтыскер ақын, ғұлама шежірелі жыршы.
Жамбылдың көркемдік палитрасы өте бай,
Ол өлеңнің жыр түрін жетік меңгерген, оны жаңа, Жамбыл белесіне көтерген. Оның жырлары көлемді, халықтың дана сөздеріне, мақалдары мен мәтелдеріне мейлінше бай.
«Көрұғлы», «Манастың» бір тарауы, «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» дастандарын жырлаған. Соңғы екеуін Сүйінбай да жырлаған. Бірақ екеуінікі екі түрлі. Бұл - бір тақырыпты бірнеше ақын жырлай беретін шығыстық үлгі көрінісі.
Жәкеңнің ел тарихының елеулі оқиғаларын кең қамтитын ұзақ жырлары өте көп.
Жыр - қазақтың батырлық эпосына тән өлеңдік үлгі. Өлеңнің бұл түрін Жәкең жақсы меңгерген, әркез ұстанған. ¥лы ақын төгіп жырлағанда ұйқас түйдек-түйдегімен ағылған, ой маржандары келісім тауып төгілген. Қазақтың кәдімгі он бір буынды қара өлеңін де қаға беріс қалдырмаған. Дәл осы өлең түрінде әр сөзді орны-мен қолданған, шеберліктің үлгісін көрсеткен.
Жамбылды жаттау керек. Абайдың «Мақсатым - тіл ұстартып, өнер шашпақ» дегенін Жамбыл да мұрат тұтқан дерсің. Тілімізді қазіргі мүшкіл халінен құтқаруға Жамбыл жырларының қосар үлесі -өлшеусіз.Ұлы Жамбыл - ұлы Махамбет пен ұлы Абай тәрізді өлеңмен бірге ән, күй де щығарған, кәдімгі қазақ мақтан тұтатын «сегіз қырлы, бір сырлы», «Жігітке аздық ететін жеті өнерге» жетік талант
Жамбылды оқу керек. Алып ақынның мол әдеби мұрасын игеріп, көркемдік тәсілдерін меңгеріп, тілінің байлығына қанығу керек. Түйіп айтқанда, Жамбылды тану керек.
Шашасына шаң жуытпаған ақиық ақынды тану - ұлтының, оның өлеңін, өнерін тану.
Жамбылды қазақ қана емес, бүкіл әлем таныған, білген. Қызыл империя тұсының өзінде Жамбыл Қазақстанның баламасы ретінде жер-жаһанға мәшһүр болған.
Бұл ретте қазақ халқының, әдебиетінің досы, белгілі орыс жазушысы Леонид Соболевтің мына бір сөзін келтірген жөн болар.
- Жамбыл түсінде де өлең шығаратын болуы керек, бұл ғажап екен! Мен үш күнде Жамбыл университетінен өттім, Жамбыл «тайниктерінің» көзін аштым. Жамбыл өнері - импровизация өнері, өзі сол өнердің, поэзияның данасы екен, бұл расында жаны тірі, бізге керініп тұрған Гомер екен, мұны көрген кісіде арман жоқ.
Жамбылмен үш күн бірге болғанда Л.Соболев осындай ой түйеді. Ал, біз Жамбылмен өмір бақи біргеміз. Жамбыл - біздің абыз ақсақалымыз, ұлы тауымыз,
Жамбылтану - ешуақыт үзілмейтін, халқымызбен бірге жасайтын ілім, өнеге.
Бұл өркенді істі өрге бастыруда «Жамбыл» журналының көп іс тындыруы керектігі айтпаса да түсінікті. Журналдың шығармашыл ұжымына бұл тұрғыда Тараздың жоғары, орта оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, мұғалімдері көп көмек бергені жөн болар еді. Мен соңғы кездері өткізілген ғылыми-теориялық конференцияларда оқылған ғалымдардың сөздерінің кітаптық нұсқаларына редактор болып, облыстағы ғылыми күштің жеткілікті әрі әлеуетті екендігіне әбден көз жеткіздім. Бірақ, өкініштісі, олардың бір де біреуі Жамбыл жөнінде жұмған аузын ашпапты. Бұл - үлкен олқылық. Конференциялар тақырыптары басқа дерсіздер, иә, солайы солай, алайда оларда әдебиеттің бұрынғы, кейінгі, қазіргі өкілдерінің шығармашылық қырларына талдау жасалынған, ал, Жамбыл ауызға алынбаған.
Жамбылдың өзі, оның айналысы, ақындық мектебі, ізін қуған шәкірттері - толып жатқан тақырып. Осылардың бәрін ғалымдардан артық кім ашып көрсетпек.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет