Бейнеу ауданының 2015-2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Бейнеу селосы 2014 жыл Мазмұны



Дата18.02.2018
өлшемі319,06 Kb.
#37977
2014 жылғы 14 қазандағы №161 аудандық әкімдіктің қаулысына қосымша

Бейнеу ауданының 2015-2019 жылдарға арналған

әлеуметтік-экономикалық даму болжамы

Бейнеу селосы 2014 жыл

Мазмұны:

Кіріспе



  1. 2012-2013жылдардағы аудан экономикасының даму деңгейі




  1. Ауданның 2015-2019 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму үрдістері мен басымдықтары




    1. Экономикалық тұрақтылықты және дамуды қамтамасыз ету




    1. Әлеуметтік саланы дамыту және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту




    1. Өңірлерді дамыту




    1. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру




  1. 2015 – 2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы




  1. 2015-2017 жылдарға арналған бюджеттік параметрлердің болжамы




  1. Бюджеттік инвестициялық саясаттың басым бағыттары


Кіріспе
Бейнеу ауданының 2014-2018 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына және «Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу ережесін бекіту туралы» 2009 жылғы 27 тамыздағы №1251 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес жасақталды.

Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы алдағы 5 жылдағы ауданның даму болжамын, үрдістерін, басымдықтарын, нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін, 2015-2017 жылдарға арналған аудандық бюджеттің параметрлерін, даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамалары мен басым жергiлiктi бюджеттiк инвестициялардың тiзбесiн қамтиды.

Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы ауданды дамыту бағдарламасын, сондай-ақ алдағы 3 жылға арналған аудандық бюджетті жасақтауға негіз болып табылады.
1. 2012-2013 жылдардағы ауданэкономикасының даму деңгейі
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларына, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына, Маңғыстау облысының аумақтарды дамыту бағдарламасына, ауданның 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасына және қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес жүргізіліп келеді.

Облыс көлемінде аудандар мен қалалардың 2013 жылғы рейтингтерінің қорытындысымен Бейнеу ауданы әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша 1 орында, ал әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы бойынша 3 орында болды.

Құрылыста негізінен жеке тұрғын үйлер салу біршама төмендеді, 2012 жылы 67,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2013 жылы 61,0 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы салынды.

Негізгі капиталға инвестиция көлемі 2012 жылы 20,4 млрд.теңге болса, 2013 жылы 53,7 млрд.теңгені құрап, 2,5 есеге өсті.

2012-2013 жылдары аудан көлемінде негізгі азық-түлік өнімдері бағаларының және коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне жол берілген жоқ.

Ауданда 01.01.2014ж. жағдайына 2241 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Кәсіпкерлік нысандарының аудан бюджетіне аударған төлемдері өткен жылы 1143,2 млн.теңгені құрады, бұл барлық кірістердің 55,0% болып табылады.

Өткен жылы аудан бюджеті 5,5 млрд. теңге көлемінде бекітіліп, жыл ішінде 827,2 млн. теңгеге немесе 14,9% көбейіп, 6,3 млрд. теңгені құрады. Оның 77% ағымдағы бюджет, 23% даму бюджеті.

Жыл ішінде 3,2 млрд.теңге салықтар мен алымдар жиналды, оның 28,8% республикалық бюджетке, 9,7% облыстық бюджетке, 61,5% аудандық бюджетке түсті.

Меншікті кірістер бойынша жоспар 102% орындалды. Салық төлеушілердің бюджет алдындағы берешегі 567,2 млн.теңге болды, оның 95,4% немесе 541,3 млн.теңгесі АСКОМ компаниясының берешегі.

Аудандық бюджеттің кірістері 106,6%, шығындары 100% орындалды. Бюджет қаржысының 62,6% білім беруге, 5,7% әлеуметтік қорғауға, 2,8% мәдениет пен спортқа, 20,6% тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, көлік пен коммуникацияны дамытуға, 3,3% мемлекеттік қызмет пен қорғанысқа, 5,0% басқадай шығындарға жұмсалды.

Бюджеттік мекемелер «Қазынашылық-Клиент» электрондық түрде құжат қабылдау ақпараттық жүйесіне қосылды.

Астық терминалы Әзірбайжанға22,6 мың тонна, Иранға 44 мың тонна, Грузияға 4,7 мың тонна бидай экспорттап, 12,7 мың тонна ұн мен 5 мың тонна жем өндірді. Бұл алдыңғы жылғы өндірілген ұннан 20%, жемнен 30% көп. Терминалда ауданның 188 тұрғыны жұмыс істейді.

Жыл ішінде ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 1,1 млрд. теңгеге жетті. «Сервистік дайындау орталығының» мал сою пункті 19,9 тонна ет пен ет өнімдерін өндірді. Жылыжай кешені 20,1 тонна өнім шығарса, құтыдағы 15 мың литр «Қарағайлы» суы дайындалды.

246 шаруа қожалығы бюджетке 3,6 млн. теңгенің салығын төледі. Қазір қолда 3245 бас сиыр, 83677 бас қой мен ешкі, 7838 бас жылқы, 11608 бас түйе бар. Егін шаруашылығымен айналысатын екі шаруа қожалығына 493,2 мың теңге субсидия берілді.

Барлық ауылдарда «Бейнеуветсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ветеринариялық пункттері ашылды, оларға республикалық бюджет қаржысы есебінен кеңселік жиhаздар, арнайы ветеринариялық дезинфекция жасауға арналған УАЗ автокөлігі, 10 Нива автокөлігі, медициналық, биологиялық қалдықтарды жоятын пеш алынып берілді. Эпизоотиялық шараларға республикалық бюджеттен 32,1 млн. теңге бөлінді. Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары жүргізілді. Республикалық бюджет қаржысына аудандық «Ветеринарлық лаборатория» ғимаратының құрылысы жүргізілуде.

Қаратүлей, Қызыластау жерлерінде 6 тонналық су қоймасымен қамтылған дала өртінен қорғау, орман шаруашылығын бақылау пункті құрылды. Бейнеу орман шаруашылығы мекемесіне өрт сөндіру автокөлігі алынып берілді.

«Маңғыстау облысының микрокредиттік орталығы» ЖШС арқылы 19 кәсіпкер 40,7 млн. теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 29 кәсіпкер 77,1 млн. теңге, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша бір кәсіпкер 15,0 млн. теңге несие алып, барлығы 122 жұмыс орны ашылды. 156 тұрғынға «Даму» қоры арқылы арнайы сертификаттар берілді.

Ауыл шаруашылығы мақсатына және жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелеріне түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 6 шаруа қожалығының иелігіндегі 5700 га. жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылуда, ал мемлекеттік тіркеуден өтпеген жеке тұрғын үй салу үшін берілген 2,5 га. жер учаскесі анықталып, шаралар алу үшін тиісті орындарға жолданды.

«КазАзот» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Шағырлы-Шөмішті» кен орнындағы 260 орындық вахталық қалашықтың, 100 шақырымдық автожолдың, 4 агрегаты бар компрессор стансасының құрылысын аяқтады.

«Меербуш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Құлжан» кен орнынан көмірқышқыл шикізатын өндіру жұмыстарын бастады. «Қазақтүрікмұнай» серіктестігі «Сазтөбе» кенорнынан жұмысшыларға арналған 30 орындық вахталық қалашығының құрылысын салды.

Шекара әскері екі қабатты 12 пәтерлі төрт тұрғын үй, су айдау, жылу беру стансаларын пайдалануға берді.

Төрт пәтерлі 14 коммуналдық тұрғын үй пайдалануға беріліп, онда 56 отбасы қоныстандырылды.

Төрт пәтерлі 12 коммуналдық тұрғын үй құрылысының, селодағы газ құбырын тарту жұмыстары мен Қалнияз көшесіндегі жарықтандыру жүйесін күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық сметалық құжаттары дайындалды, 900 орындық орта мектептің құрылысыныңжобалық сметалық құжаттары дайындалды.

Аудандық орталық аурухана ғимаратына, бұрынғы туберкулез ауруханасынан босаған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары, аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Демеушілер қаржысына «НұрОтан» партиясының аудандық филиалының ғимараты салынды, аудандық «Рауан» газетінің редакциясы жаңа ғимаратқа көшірілді.

«Шапағат» қайырымдылық қоры 25 орындық балабақша ғимараты мен Теннис кортын ауданның коммуналдық меншігіне тегін берді, жаңадан салынған ғимаратын дарынды балаларға қосымша білім беретін «Дарын» орталығының пайдалануына берді.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы жаңа оқу жылынан бастап «Жарық» жекеменшік қосымша білім беру орталығы жұмысын бастады. 5,5 км. орта және 5,3 км. төменгі қысымды газ құбыры мен 13 км. электр желісі тартылып, 1,86 км. су құбырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«КЕГОК» акционерлік қоғамы 220/110/10 кВ қосалқы стансасын пайдалануға берді.

Майлин көшесінің автомобиль жолына күрделі жөндеу, Д.Тәжиев көшесінің автомобиль жолына күрделі және кеңейту жұмыстары жүргізілді.

«Бейнеу-Маңғышлақ» жолаушылар поезды жүргізіле басталды.

Жекеменшік балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңы іске қосылды.

Емдеу орындарына құны 14,8 млн. теңге тұратын ультрадыбыстық зерттеу аппараты, 7,6 млн. теңгенің медициналық құрал-жабдықтары мен 3 жедел жәрдем автокөлігі алынып берілді. Қатаң науқастарға жедел медициналық көмек көрсететін санитарлық авиация қызметін бастады.

Аудандық аурухана жанынан жастарға медициналық-психологиялық кеңес беретін «Жастар денсаулық орталығы» ашылды.

Пір Ата мешітіне дейінгі 5,2 км. су құбыры күрделі жөндеуден өтті,

намазханаға дербес жылу жүйесі жүргізілді. «Байқұл қажы» мешітінің

айналасы қоршалды.

Көшелерге 9,2 км. жаяу жүргіншілер жолы салынып, 774 дана селоішілік жарық шамдар ауыстырылды. Қалааралық тегін сөйлесу қызметі мен жаңа кабелдік телеарна бағдарламасы қосылды.



  1. Ауданның 2015-2019 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму үрдістері мен басымдықтары


2.1. Экономикалық тұрақтылықты және дамуды қамтамасыз ету
Еліміздің және облыстың экономикасындағы айрықша үлесті мұнай-газ

өндіруші сектор алатындықтан, мұнайдың әлемдік бағасы конъюктурасының жақсы жаққа қарай өзгеруі ел экономикасының өсуіне ықпал етпек. Дағдарысқа қарсы белсенді жүргізіліп отырған шаралар, елімізде жүзеге асырылып отырған үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламалары бірге тұтастай алғанда өрлеуді жеделдетуге септігін тигізеді.

Маңғыстау облысының 2019 жылға дейінгі аумақтық дамуСтратегиясына сәйкес Бейнеу ауданы облыстың солтүстік-батыс аумағының (Боранқұл, Каспий қайраңының аймағы) мұнай-газ секторына қызмет көрсету бойынша сервистік-өндірістік орталығы ретінде, стратегиялық көлік-логистикалық және индустриалдық торабы ретінде айқындалған. Аудан экономикасын жандандыру және дамыту үшін ауданның географиялық орналасу тиімділігін пайдалана отырып, оны әртараптандыру және бәсекелестік артықшылығын арттыруға айрықша назар аударылатын болады. Республикалық деңгейдегі ірі инвестициялық жобалар, атап айтқанда Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ магистралды газ құбыры, Бейнеу-Жезқазған темір жолының құрылысы, Атырау-Бейнеу-Ақтау автомобиль жолын қайта жарақтандыру жұмыстары жүзеге асатын және әрі қарай пайдалануға берілген кезеңдерде аудан экономикасын жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді. Ұзақ мерзімді кезеңде Бейнеу ауданы Жезқазған-Бейнеу теміржолын іске қосқан кезде аудан орталығы «Солтүстік-Оңтүстік» және «Батыс-Шығыс» транзиттік дәлізінің ірі көлік-логистикалық орталық болу мүмкіндігі зор аймақ ретінде қарастырылған.

«Жезқазған-Бейнеу» темір жол бағытының мақсаты – еліміздің орталық аймағында өндірілген тауарларды Еуропа мен Парсы шығанағына шығару. Бұл жоба қос бағытқа апаратын жолды 1,2 мың шақырымға анағұрлым қысқартады. Жаңа жол шалғайдағы Ұлытау, Ырғыз, Арал, Шалқар, Байғанин және Бейнеу аудандарын жалғап, халықтың қозғалысын анағұрлым жақсартады. Соның нәтижесінде жаңадан 13 станция мен 30 разъезд бой көтереді. Құрылысқа 11 мың адам тартылатын болады. Аталған шойын жол арқылы жылына 21,3 миллион тонна жүк тасымалданады. Жолдың ұзындығы – 988 шақырым. Қазіргі таңға Бейнеу-Жезқазған темір жолының ұзындығы 471 км. болатын, құны 153,3 млрд.теңге тұратын Бейнеу-Шалқар бөлігінің құрылысы жүргізілуде. Оның 142,9 км. аудан аумағымен өтеді, жоба бойынша 2 үлкен станция, 4 разъезд, Бейнеу селосында жаңа темір жол вокзалы және теміржолшылар қалашығы салынады. Атырау-Ақтау автомобиль жолының Бейнеу-Ақтау бөлігін қайта жарақтандыру жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар, алдағы жылдары «Шағырлы-Шөмішті» кен орнын игеру және табиғи газ өндіру жұмыстары басталады. Бұл өндірілетін газ қазір құрылысы басталып кеткен Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбыры арқылы еліміздің оңтүстік аймақтарына және шетелге шығарылатын болады. Болашақта аудан аумағында газ өңдейтін ірі химиялық кешен салу «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының даму жоспарында бар.

Бұл жобалар аудан халқын жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлік нысандары

мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемін арттыруға, бюджетке түсетін түсімдердің өсуіне оң әсер ететін болады.

Экономикалық саясаттың орта мерзімді кезеңге арналған мақсаты экономикалық тұрақтылықты және орнықты экономикалық өсуді жоспарланған деңгейде қамтамасыз ету болады.

Қаржылық қызметтерді дамытудың негізгі мақсаты – халыққа және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, халықтың барлық жігіне бағытталған қаржылық қолдауды ұсынудың икемді жүйесін құру болып табылады.

Негізгі міндеттер:



  1. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының аясында шағын

кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу және мемлекеттік қолдау практикасын одан әрі дамыту;

  1. қаржы институттары арқылы (оның ішінде, «ҚазАгро» және т.б.) ауыл

шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді және ауыл халқын кредиттеу практикасын дамыту;

  1. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының аясында, шағын кредит

ұйымдары желісін дамыту және халықты шағын кредиттеу практикасын кеңейту.

Аудан халқына әр түрлі шағын кредит ұйымдары арқылы шағын кредиттер беру, халықтың мейлінше әлеуметтік қорғалмаған жігін жұмыспен қамтуды және олардың табыстарын арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Алдағы жылдары ішкі рыногтағы бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляциялық үдерісті тежеу бойынша кешенді шараларды іске асыру жалғасады. Тұтыну бағаларының индексі 2015-2017 жылдары 103-104%, 2018-2019 жылдары 104-105% деңгейінде болжалдануда.

Сондай-ақ, табиғи монополиялар субъектілері тарифтерінің өсуі реттелетін қызметтерге арналған тарифтердің инфляциясына шекті салыммен шектелетін болады. Кедендік-тарифтік реттеу тетіктерін қолдану жалғасады.

Азық-түлік рыногындағы бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы облыстарынан негізгі азық-түлік өнімдерін жеткізу, жергілікті ауыл шаруашығы өнімдері мен тауарларын өндірушілерге жағдай жасаушаралары жалғастырылатын болады.

Азық-түлік қауіпсіздігін арттыру мақсатында, өзіндік ауыл шаруашылығын өнімдерін шығаруды, тамшылатып суаруды кеңейтудің, жылыжайлар мен көкөніс қоймаларын салудың айырықша маңызы бар.

Мұнай өнімдері, азық-түлік тауарларына арналған бөлшек сауда бағаларының рыногындағы жағдайға тұрақты негізде мониторинг өткізіледі. Монополияға қарсы заңнаманың бұзылу фактісі анықталған жағдайда монополияға қарсы ден қою шаралары қабылданады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына арналған бөлшек бағаның шекті мәні мен бөлшек бағаның шекті жол берілген көлемін белгілеу бойынша жұмыс жалғасын табады.

Осы іс-шараларды іске асыру инфляция деңгейін жоспарланған дәлізде сақтауды қамтамасыз етеді.

Бюджет-салық саясатында негізгі міндет – аудандық бюджет кірістерін арттыру, салық салу базасын кеңейту және жаңа резервтер іздеу.

Соңғы жылдары бюджетке салық төлеуші ірі мұнай-газ компанияларының жұмыстарының тоқтатылуы, олардың 614,1 млн.теңге көлеміндегі бережақтарының түспеуі және орнына келген «ҚазМұнайТеңіз» акционерлік қоғамының тиісті салықтарды төлеуден бас тартуы себепті кірістер көлемі азайып кетті, сәйкесінше жоғары тұрған бюджеттерден алынатын субвенция көлемі артты. Бұл мәселе жоғары тұрған органдардың алдында бірнеше рет қойылғанмен, әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ.

Бюджетке төлемдерді арттыру бағытында Бейнеу-Жезқазған темір жолы құрылысын жүргізуші «Теміржол жөндеу»акционерлік қоғамының, Бейнеу-Ақтау автожолын күрделі жөндеуші «Атырау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «Алсим Аларко» компаниясының, әскери қалашық құрылысын жүргізіп жатырған «БИК құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, мұнай өндіруші «Табынай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігініңаудандағы филиалдарын тіркеу шаралары алынып, олардан бюджетке қосымша салықтар түсті, алдағы жылдары жұмыс көлемі ұлғаю есебінен бұл компаниялардан түсетін салық мөлшері артады деп болжанып отыр. Алдағы уақытта да жаңа салық төлеушілерді тіркеу жұмыстары жалғастырылатын болады.

Сонымен қатар, ауданда жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар жергілікті кәсіпкерлік нысандарының дамуына, олардың қызмет аясының кеңуіне және табыстарының көбеюіне өз септігін тигізеді. Яғни, аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарынан түсетін салықтар үлесі де көбейетін болады.

2014 жылы аудан бюджеті 7,9 млрд. теңге көлемінде бекітіліп, есепті кезеңде 1,1 млрд. теңгеге немесе 13,8% көбейіп, 9 млрд. теңгені құрады. Оның 58,8% ағымдағы бюджет, 41,2% даму бюджеті. Биылғы бюджет өткен жылғыдан 2,7 млрд. теңгеге немесе 42,8% көп.

9 айда 2,7 млрд. теңге салықтар мен алымдар жиналды, оның 19,8% республикалық бюджетке, 6,1% облыстық бюджетке, 74,1% аудандық бюджетке түсті.

Меншікті кірістер бойынша жоспар 117,2%орындалды. Салық төлеушілердің бюджет алдындағы берешегі 614,1 млн. теңге болды, оның 87,4%немесе 541,3 млн. теңгесі АСКОМ компаниясының бұрынғы жылдардан қалған берешегі.

Аудандық бюджеттің кірістері 107%, шығындары 100% орындалды. Бюджет қаржысының 51,6% білім беруге, 3% әлеуметтік қорғауға, 3% мәдениет пен спортқа, 36,1% тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, көлік пен коммуникацияны дамытуға, 0,3% мемлекеттік қызмет пен қорғанысқа, 6,0% басқадай шығындарға қаралған.

Салық-бюджет саясаты орта мерзімді кезеңде мемлекеттік саясаттың әзірленген шараларын тиімді іске асыруға және экономиканың теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Салық саясатының шаралары орта мерзімді кезеңде мыналарға:

экономиканың шикізаттық емес секторын, ең алдымен экономиканың нақты секторлары кәсіпорындарының инновациялық қызметін дамытуға ынталандыруға;

қолайлы инвестициялық ахуал жасауға және ішкі, сондай-ақ сыртқы жеке инвестицияларды ынталандыруға;

бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға;

мемлекеттік функциялар мен міндеттемелердің толық көлемде орындалуын қаржылық қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Экономиканың одан әрі өсуін қамтамасыз ету мақсатында бюджет саясатыорта мерзімді кезеңде мыналарға:

халықтың әл-ауқатын арттыруға;

инфрақұрылымды дамытуға;

әлеуметтік сала объектілерін дамыту бағытталатын болады.

Бұл ретте, экономиканың өсуін ынталандыру макроэкономикалық тұрақтылыққа залал келтірместен жүзеге асырылуы тиіс.Бюджет саясаты экономикаға оң ықпал ететін бюджет қаражатының оңтайлы шаралары мен көлемін айқындауға, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге негізделетін болады.




    1. Әлеуметтік саланы дамыту және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту

Мемлекет басшысының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары 2012 жылғы 23 шілдедегі №961 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді.

Орта мерзімді кезеңде әлеуметтік жаңғырту мына бес бағыт:

1) әлеуметтік заңнаманы жаңарту;

2) әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді моделін қалыптастыру;

3) өмір сүру сапасының қазақстандық стандарты;

4) әлеуметтік жаңғыртудың ақпараттық-мәдени құрамдас бөлігі;

5) әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесі бойынша жүзеге асырылатын болады.

Мемлекет басшысының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі тиісті іс-шаралар жоспары қабылданып, жұмыстар жүргізіліп келеді.

Білім беру жүйесін дамытудың мақсаты – білім берудің сапасын, қолжетімділігін, тартымдылығын жақсарту және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру болып табылады.
2.2.1. Білім беру
Орта мерзімді кезеңде білім беру саласындағы негізгі бағыттар 2011 – 2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білім беруін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының және 2010 – 2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасының стратегиялық міндеттерін іске асыруға бағытталады.

Мектепке дейінгі білім беру саласында мектепке дейінгі ұйымдардың желісін кеңейтуге және мектепке дейінгі тәрбие беру сапасын арттыруға, барлық деңгейде білім беру сапасын арттыруға айырықша назар бөлінбек. Осы міндет бірінші кезекте педагогтардың еңбекақысын жетілдіру және педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлаудың жаңа моделін енгізу жолымен шешіледі.

2015-2017 жылдары ауданда жалпы қуаттылығы 360 орын болатын 3 балабақша, Бейнеу селосындағы 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бейнеу селосында Манашы шағын ауданында 900 орындық мектеп салу жоспарланған.

Қазақстандық білім беру мен әлемдік педагогикалық білім берудің үздік дәстүрін біріктіретін, оқу-тәрбие бағдарламаларын әзірлеу, енгізу және сынақтан өткізу бойынша бастау алаңдары болып табылатын «Назарбаев зияткерлік мектептері» жанындағы педагогикалық шеберлік орталығында мұғалімдердің біліктілігін арттыру жалғасатын болады. 2014 жылы бұл бағдарлама бойынша ауданда 127 мұғалім білімін жетілдірді. Сондай-ақ, педагогтардың біліктілігін арттыру облыстық мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтының базасында да жүзеге асырылмақ.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кәсіптік-техникалық білім берудің алдыңғы қатарлы мекемелерінің желісі дамитын болады. Жастарды индустрияландыру бағдарламасына қатысу мен техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандыру және тарту үшін Бейнеу кәсіптік-техникалық лицейінің 400 орындық оқу ғимараты мен 200 орындық жатақханасын салу алдағы жылдарға жоспарланған.

2.2.2. Денсаулық сақтау
Халықтың денсаулығы экономикалық дамуға тікелей ықпал етеді және оны қамтамасыз ету мен жақсарту стратегиялық мемлекеттік міндет болып табылады. 2017 жылға дейінгі кезеңде денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдылық профилактикалық медицина мен денсаулық сақтаудың әлеуметтік бағыттылығын едәуір күшейту болады. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жалғасады.

Денсаулық сақтауда алдын алу іс-шаралары, скринингтік зерттеулер күшейтіледі, негізгі әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау, емдеу және сауықтыру жетілдіріледі.Жоғарыда аталған шаралар сәби, ана және жалпы өлім-жітімнің төмендеуіне ықпал ететін болады.

Әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыруды төмендету мақсатында, мына іс-шараларды іске асыру: туберкулезбен ауыратындарды туберкулезге карсы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, азаматтарды аудан шегінен тыс жерлерге тегін және жеңілдікпен жүруді қамтамасыз ету, ересек тұрғындардың кейбір санаттарына медициналық алдын ала қарау жүргізу, ересектерде В және С гепатиттерін жұққызу қаупі бар топтарға скрининг жүргізу жалғасады.

Онкологиямен ауыру және өлім-жітімді төмендету аса маңызды мәселе болып табылады. Осы мәселенің кешенді шешімінің тетігі онкологиялық қызмет көрсетудің барлық кезеңінде сапаны, қол жетімділікті және тиімділікті жақсартуға бағытталған 2012 – 2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасын іске асыру болып табылады.

Азаматтар мен мемлекеттік өз денсаулығын қорғауға ынтымақтас жауапкершілік қағидатын іске асыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қалыптастыруға, денсаулық сақтау орталықтары мен спорттық нысандар желісін кеңейтуге айырықша назар бөлінбек.

Сондай-ақ, медициналық қызмет көрсетудің жоғары сапасын, денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін және қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін:

денсаулық сақтау саласында ұйымдастыруды басқаруды және қаржыландыруды жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жалғастырылады;

денсаулық сақтау жүйесінің электрондық құжат айналымы енгізіліп, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесі құрылады;

денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, денсаулық сақтау объектілеріне күрделі жөндеу жүргізіледі;

жалпы практикалық дәрігерлер мен денсаулық сақтау менедежерлерінің біліктілігі арттырылып, кадрлар қайта даярланады;

тегін және жеңілдікпен берілетін рецепті бойынша дәрі-дәрмек беруді жүзеге асыратын ауылдық елді мекендердегі фармацевтикалық қызмет ұйымдарының саны арттырылады.

2.2.3. Мәдениет және спорт.
Қазіргі замандағы адамның қалыптасуына және дамуына әсерін тигізетін әлеуметтік-мәдени саланы жаңғырту әлеуметтік жаңғыртудың басты бағыттарының бірі болып табылады.

Мәдениет саласының одан әрі дамуы мынадай басым бағыттарды:

мәдениет және өнер саласын әйгілеу, осы саланың даму динамикасына шамаластыра отырып халықтың мәдени мекемелерге келу деңгейін көтеруді;

әрбір селода, ауылда бұқаралық іс-шараларды өткізу арқылы халықтың қоғамдық, әлеуметтік өмірін дамытуды;

тарихи-мәдени мұраны сақтауды және дамытуды;

еңбекке, адал кәсіптік табысқа деген оң қатынастарды қалыптастыратын әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театрлық қойылымдар, телебағдарламалар) үлесін арттыруды;

халыққа мәдени қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысын жандандыру, мәдени қызметкерлердің кәсібилігін арттыру;

мәдени нысандарды жаңарту және кеңейту;

жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы халықтың мәдени құндылықтарға қолжетімділігін кеңейтуді (кітапханалардың кітап қорын толықтыру және қорды электрондық каталогқа көшіру, ақпараттық жүйелер құру) көздестірмек.

Ауданда кәсіби театрлық-концерттік ұжымдардың Қазақстан және алыс шетелдер бойынша гастрольдерін өткізу; жас таланттарды анықтап, олардың халықаралықконкурстарға қатысуын қамтамасыз ету («Маңғыстау жұлдыздары» аудандар мен қалалардың халық шығармашылығы облыстық фестивалі); халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқаулар, конкурстар және фестивальдер өткізу («Жас өркен» шығармашылық фестивалі, «Жас таланттар» облыстық байқауы, М.Өскінбаев атындағы республикалық конкурс және тағы басқалар).

Бұқаралық спортты дамыту бағытында көлемді шаралар өткізу жоспарланған. Қазақша күрес, шығыс жекпе-жегі, дзюдо, бокс спорт залдарын ашу, спорт алаңдарын көбейту, мекемелердің спортзалдарын кеңінен пайдалану арқылы халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасалады.
2.2.4. Жұмыспен қамту
Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу мемлекеттің негізгі әлеуметтік басымдылығының біріне жатады. Лайықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету - халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, дамудың және адами ресурстардың әлеуетін іске асырудың маңызды шарты, қоғамдық байлық пен өмір сүру сапасы өсуінің басты құралы.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында оқыту, қайта оқыту және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, бизнес дағдыларына оқыту және шағын кредиттер ұсыну арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту, еңбек ресурстарының ұтқырлығын қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті орташа немесе жоғары ауылдық елді мекендерде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жолымен халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қаржыландырылады.

Жаңадан 2306 уақытша және тұрақты жұмыс орны ашылып, оған 956 адам орналастырылды, 351 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, 86 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 166 жас маман уақытша жұмысқа қабылданып, оның 17- і тұрақты жұмысқа орналасты.

"Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасы бойынша99адам дәнекерлеуші, от жағушы, аспаз мамандықтары бойынша оқыды.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 2 кәсіпкер 30,8 млн. теңгенің несиесін алса, микрокредиттік ұйымдар арқылы 38 тұрғын 137,8 млн. теңгенің несиесін алып, барлығы 63 жұмыс орны ашылды. 100 тұрғынға «Даму» қоры арқылы арнайы сертификаттар берілді.

9 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған қатысқан 33 ұйым тарапынан 371 бос жұмыс орны ұсынылып, 177 адам жұмысқа қабылданды. Жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, 9 адам жұмысқа орналасты.

Осындай шаралардың нәтижесінде ауданда алдағы орта мерзімде ресми жұмыссыздық деңгейі 0,3-0,5% деңгейінде сақталады деп болжанып отыр.
2.2.5. Әлеуметтік қамтамасыз ету
Орта мерзімді кезеңде әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы негізгі бағыт - әлеуметтік қорғауды қажет ететін азаматтар санаттарына ғана бағытталған атаулы пен тиімділікке негізделген әлеуметтік қорғау жүйесін құру болып табылады. Базалық әлеуметтік төлемақыларды көтеру, зейнетақы төлемдерін жүйелі ұлғайту, халықты әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейту халықтың әлеуметтік әлсіз санаттарын әлеуметтік қолдаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметімен 2015 жылға қарай базалық зейнеткерлік төлемақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс шамасынан 60% деңгейіне дейін жеткізу, ал мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін 2010 жылғы деңгейге қарағанда кемінде 1,2 есе ұлғайту жоспарланып отыр.Бұдан басқа, 2015 жылға қарай атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің шекті деңгейі ең төменгі күнкөріс шамасынан 60% деңгейіне дейін көтеріледі.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халықтық үлесі 2015 жылға қарай 10% жоғары болмауы керек.

2.2.6. Халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту
Халықтың өмір сүруінің қолайлы жағдайын қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту шаралары алдағы уақытта жалғасатын болады.

2014 жылғы 9 айда 56153 шаршы метр болатын 434 жекеменшік тұрғын үй салынды, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12637 шаршы метрге немесе 29% көп. Бейнеуде төрт пәтерлі 7 коммуналдық тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Боранқұлда бір коммуналдық тұрғын үйдің жобалық сметалық құжаттары жасақталуда.

2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділігін 2020 жылға қарай 75% дейін арттыру жоспарлануда. Бұл бағдарлама аясында қазір Ақжігіт, Сыңғырлау селоларында селоішілік су құбырларын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы жылдары Бейнеу селосында су құбырларын тарту және су тазарту қондырғысын құру жұмыстары жүреді.

Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың бағдарламасын іске асыру ресурсты жинақтаушы технологияларды пайдаланумен, пайдалану шығындарын төмендету, инвестициялық әлеуетті дамыту және жеке капиталды тартумен тұрғын үй қорын ұстауға қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.

Қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, «Қол жетімді тұрғын үй – 2020» 2012 жылғы 21 маусымдағы №821Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген бағдарламасыәзірленді.

Бағдарлама аясында мына негізгі бағыттар бойынша:

жергілікті атқарушы органдардың кезекте тұрған адамдары үшін жалдамалы коммуналдық тұрғын үйлер салу;

жеке тұрғын үйлер салуға қолайлы жағдайлар туғызу;

инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілмек.

2.3. Өңірлерді дамыту
Өңірлік саясат елді жаңғыртудың міндеттерін өңірлерді дамытудың міндеттерімен біріктіруге және олардың нәтижелерін әрбір адамға барынша жақындатуға арналған. Өңірлік саясат әр түрлі үлгідегі аумақтардың дамуын мемлекеттік қолдауды білдіреді. Тиімді және оңтайлы аумақтық жайластыру және өңірлерді абаттандыру маңызды мемлекеттік міндет болып табылады.

Әрбір ауыл мен қаланы тазалықтың, көркеюдің, тәртіптің үлгісіне айналдыру үшін шаралар қабылданатын болады. Өңірлік саясатты дамытудың негізгі аспектісі өңірлерде адамдардың өмір сүру сапасын және әл-ауқатын арттыру болып қала береді.

Жаңа өңірлік саясат – Болжамды схеманы тиімді іске асыруға арналған қаржы құралы 2011 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдаған «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы болып табылады.

Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты өңірлер үшін ең маңызды инфрақұрылымдарды дамыту бойынша бастамаларды, адами капиталды, инновациялық мүмкіндіктерді іске асыруды және қоршаған ортаның жағдайын жақсартуды, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау болып табылады.

Өңірлерді дамытудың орта мерзімді кезеңге арналған негізгі бағыттары:

әлеуметтік салада - әлеуметтік нысандарды салуды оптимистік демографиялық болжамы және даму перспективасы бар елді мекендерде жүзеге асыру;

индустриялық саясатта – барлық қажетті факторлардың (ресурстардың, кадрлардың және т.б.) бар болуын ескере отырып, кәсіпорындарды ұтымды орналастыруға жәрдемдесу;

бюджеттік саясатта – тиімсіз шығындарды қысқарта отырып ресурстарды перспективалы, тез өсіп келе жатқан өңірлерді дамытуға шоғырландыру болып табылады.


2.4. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және мемлекеттік

қызмет көрсету сапасын арттыру
2012-2020 жылдарға арналған мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың пайымын және негізгі бағыттарын анықтау және мемлекеттік басқару саласында реформалар өткізудің кешенділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту тұжырымдамасын және «Мемлекеттік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау жоспарланған.

Тұжырымдаманың мақсаты тиімді мемлекет қағидаттарын енгізуге бағытталған мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа моделін құру болып табылады.

Жергілікті өзін-өзін басқаруды дамыту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсарту мәселелеріне айырықша назар бөлінетін болады.

Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасы мемлекеттiк қызметшiлердің жұмыс тиiмдiлiгiнiң басты көрсеткiшi болады, басқаша айтқанда, мемлекеттiк қызмет мемлекеттiк қызметтердi тұтынушы ретiнде халыққа бағдарланатын болады.

Осыған байланысты, ақпараттық технологияларды қолдану қажеттiгi арта түседі, бұл халыққа және бизнеске қызметтер көрсету кезінде мемлекеттік органның функцияларын оңтайландыру және автоматтандыруға, әкiмшiлiк кедергiлердi және халық пен бизнестің мемлекеттік органдармен тікелей байланысын азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ, «Электрондық үкімет» порталында көрсетiлетiн электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету санының ұлғаюы да мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттырудың басты құралдарының бiрi болып табылады, осыған орай мемлекеттік органдардың әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтер көрсетуі электрондық форматқа ауыстырылатын болады.

Қазіргі таңда электрондық қызметтерге халықтың, бизнес-құрылымдардың және мемлекеттік органдардың 11 мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға мүмкіндік алды, алдағы уақытта мұндай қызметтер саны артатын болады.

Мемлекеттік қызметтер көрсетудің бекiтiлген стандарттары мен регламенттерiнiң сақталуына бақылау орнату тиiмдi шара болуы тиіс.

Бұдан басқа, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасы мен қол жетімділігіне қанағаттану деңгейін анықтауға бағытталған көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау үшін (мемлекеттік қызметтерді тікелей алу кезінде сауалнамалық пікіртерім жүргізу және әлеуметтік пікіртерім арқылы) халықпен кері байланыс тұрақты негізде орнатылатын болады.
3. 2015 – 2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы
Экономиканың әртүрлі салалардағы өсуі, инфляция деңгейі, түсімдерді ұлғайту және халықты жұмыспен қамту бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының нысаналы индикаторлары 2011-2015 жылдарға арналған Бейнеу ауданын дамыту бағдарламасында анықталған.

2015-2019 жылдары өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі негізінен мұнай

мен табиғи газ өндірудің артуы есебінен көбейеді деп болжанып отыр. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлемінің индексі 2015 жылы – 99,5%, 2016 жылы – 102,9%, 2017 жылы – 104,1%, 2018 жылы – 105,1%, 2019 жылы – 106,6% құрайды.

Өңдеу өнеркәсібінде өнімдердің (жұмыстардың, қызметтердің) нақты көлем индексі өткен жылға болжам бойынша 2015 жылы – 101,1%, 2016 жылы – 102,2%, 2017 жылы – 103,1%, 2018 жылы – 104,5%, 2019 жылы – 106,0% құрайды.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің нақты өзгеруі болжам бойынша 2015 жылы 106,4%, 2016 жылы – 107,2%, 2017 жылы – 110%, 2018 жылы111%, 2019 жылы – 112% құрайды. Мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығы өнімінің үлесін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.

Құрылыстағы өсу қарқыны өткен жылға қарағанда 2015 жылы – 103,9%, 2016 жылы – 102,2%, 2017 жылы – 104,3%, 2018 жылы – 103%, 2019 жылы 103,2% деңгейінде болады деп күтілуде.

Сауда саласындағы нақты көлем индексі 2015 жылы – 104,6%, 2016 жылы – 106,1%, 2017 жылы – 107,0%, 2018 жылы – 108,3%, 2019 жылы – 109,7% құрайды.

Халықты жұмыспен қамту стратегиясын, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру экономикада жұмыспен қамтылғандарды өсіруге, жұмыссыздықты төмендетуге ықпал етпек. Экономикада жұмыспен қамтылғандардың саны 2015жылы – 26,5 мың адамға дейін, 2019 жылы – 28 мың адамға дейін өседі. Ашық еңбек рыногында жұмыссыздық деңгейі 2019 жылы – 4,5% дейін төмендейді. Нақты еңбекақы 2015-2019 жылдары 106,6-110,5% деңгейінде болады.




4. 2015 – 2017 жылдарға арналған бюджеттік параметрлер болжамы
4.1. Аудандық бюджеттің кірістерінің болжамы
2015-2017 жылдарға арналған аудандық бюджеттің кірістері орташа алғанда 9,1% өсіммен, 2015 жылы 2,6 млрд.теңге, 2016 жылы 2,9 млрд.теңге, 2017 жылы 3,1 млрд.теңге мөлшерінде болжанып отыр. Жалпы сипаттағы трансферттер бөлу көзделген.

Бюджет кірістерінің негізгі бөлігін жеке табыс салығы, әлеуметтік салық және меншікке салынатын салықтар құрайды. Алдағы кезеңде салық салу базасын кеңейту, жаңа салық төлеушілер тіркеу және бережақтарды жою шаралары арқылы аудандық бюджет кірістерін арттыру жоспарланып отыр.


4.2. 2015-2017 жылдарға арналған бюджет шығыстарының басымдықтары
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларындағы қойылған міндеттерін есепке ала отырып, 2015 – 2017 жылдарға арналған бюджет шығыстарының негізгі басымдықтары мыналар болып табылады:

1. Халықты жұмыспен қамтуды арттыру

Халықты тұрақты және өнімді жұмыспен қамту ықпалдастығы арқылы халықтың табысын арттыру үшін «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын іске асыру толық көлемде жалғасады. Аталған бағдарлама шеңберінде оқыту, қайта оқыту және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, бизнес-дағдыларға үйрену арқылы ауылда кәсіпкерлікті дамыту және шағын кредиттер беру, сонымен қатар еңбек ресурстарының ұтқырлығын қамтамасыз ету шаралары қаржыландырылады.



2. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету

Халықты, бірінші кезекте жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысын дамыту жаңа бағыт алады.

2014 жылдың 9 айында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша 2128970,4 мың теңге қаржы жұмсалды. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 1565405,1 мың теңге, облытық бюджет есебінен 440168,0 мың теңге.

3. Өңірлерді дамыту

Елді мекендердің инфрақұрылымдарын дамыту мен абаттандыру үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржыландыру жалғасатын болады.



4. Адами капиталдың сапалы дамуы

Әлеуметтік саланы одан әрі жаңғырту мақсатында бірінші кезекте Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың


«Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының, Қазақстан Республикасында білім беруді дамыту бағдарламасының, «Балапан» бағдарламасының іс-шараларын қаржыландыру жүзеге асырылатын болады.

Әлеуметтік инфрақұрылымды, балабақшаларды, мектептерді, ауруханаларды, емханаларды одан әрі дамыту жалғасады.

Сондай-ақ, дене шынықтыру мен спорттың материалдық-техникалық базасын дамыту бойынша шаралар қаржыландырылатын болады.

5. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту

Аталған бағыт аясында тұрғын үй қорын жақсартуға, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге, су бұру және сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға бағытталған 2011–2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, 2011 – 2020 жылдарға «Ақ Бұлақ» бағдарламаларын іске асыру басымдық болады.

Бұдан басқа, одан әрі электрондық форматқа көшу арқылы халыққа мемлекеттік қызметтердің сапалылығы мен қол жетімділігін арттыру бойынша шаралар қаржыландырылатын болады.

6. Индустриялық-инновациялық даму

Экономиканы одан әрі жаңғырту және әртараптандырудың басты құралы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру болып қала береді.

Экономиканың аграрлық секторын әртараптандыру үшін 2014 жылға дейін аграрлық өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бағдарламаны іске асыру жалғасады. Бағдарлама аясында етті мал шаруашылығын, жем өнеркәсібін және отарлы мал шаруашылығын дамыту бойынша жобаларды іске асыруды қаржыландыруға фермерлерге кеңейтілген мүмкіндік беру бойынша шаралар қолданылады.

Аудандық бюджет қаражатын жұмсаудың басым бағыттарына білім беру, денсаулық сақтау, сумен қамтамасыз ету, газдандыру, табиғатты қорғау шаралары, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік қамтамасыз ету объектілері, мәдениет және спорт салаларындағы жобалар жатқызылған.



5. Бюджеттік инвестициялық саясаттың басым бағыттары
Алдағы кезеңге арналған бюджеттік инвестициялық саясат стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге бағытталатын болады.

Орта мерзімді перспективада мемлекеттің бюджеттік инвестицияларының басым бағыттары болып:



1. Әлеуметтік саланы жаңғырту

Білім беру саласында мектепке дейінгі ұйымдардың желісін кеңейту, жаңа мектептер салу жұмыстары жалғастырылады.



2. Халықтың өмір сүру жағдайларын жақсарту, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, тұрғын үй салу, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйесін дамыту арқылы жақсарту.

Осы бағыт аясында бірінші кезекте 2011 – 2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ», 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, «Қолжетімді тұрғын үй 2020» бағдарламалары іске асырылады.




Қысқартулар және аббревиатуралардың мағыналары:
млрд – миллиард

млн – миллион



км – километр

ЖШС – Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Каталог: media -> uploads
uploads -> Конкурс туралы хабарландыруы Барлық конкурс қатысушыларына арналған ортақ біліктілік талаптар
uploads -> Сабақ "Тұрақты дамуға көмектесу" Орталығы" Қоғамдық қоры "Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы"
uploads -> Сабақ "Тұрақты дамуға көмектесу" Орталығы" Қоғамдық қоры "Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы"
uploads -> Балалардың құқықтарын қорғау 2013 «Маңғыстау облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасы»
uploads -> Форт-Шевченко қаласын дамытудың 2013- 2015 жылдарға арналған кешенді жоспары
uploads -> Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің және бағынышты мекемелердің қызметі бойынша тиімділік талдауы
uploads -> 23. орталық азиядағы тұРАҚты даму "Тұрақты дамуға көмектесу" Орталығы" Қоғамдық қоры
uploads -> Конференция жұмысына 179 елден, оның ішінде Қазақстаннан және әр түрлі қоғамдық ұйымдардан өкілдер қатысты. Онда басты негізгі 5 құжат қабылданды, соның бастыларының бірі «ххі ғасырдың Күн тәртібі» деп аталады
uploads -> Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту жүйесі басшыларының, мамандарының және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы
uploads -> Сабақ "Тұрақты дамуға көмектесу" Орталығы" Қоғамдық қоры "Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы"


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет